ҚОМАҒАЙДЫҢ КЕСІРІ
Мақан менің, атымды «Қарашұнақ» қойды. Артынан білсем, Қарашұнақ
деген кісі Торсанның не заманғы жылқышысы екен. Мен оны қартайған
кезінде көрдім, денесі кішкентай ғана, тығыршықтай семізше, шоқша
сақал, домаланған қара кісі екен.
Мақанның маған қойған бұл аты дəл келетін еді. Себебі, — еркін ауада
жүрген соң, еркін майлы тамақты ішкен соң, жан қиналар жұмыс болмаған
соң, мен де бұлтиып семіріп алып, күні-түні жел қағатын далада
жүргендіктен қарайып кеттім. Маған енді дүниедегі ең зор бақыт
жылқышылық сияқтанды.
Менің ол жылқыдан өлмей кететін ойым жоқ еді, «кесір шалғанда
кежеге де тіс сынады» дегендей, бір кесір алдымнан көлденең, тұра қалды...
Қыстың аяғына қарай жылқы Достың Жаманшұбар жақ бетіне шықты.
Сол күндердің біреуінде:
— Шырағым, мен Жаманшұбарға барып қайтайын, — деді Мақан. —
Үсті-басым да кірлеңкіреді жəне жұмыстарым да бар еді, бірер күнсіз
келмеспін, бүгін кісі жіберермін, сол екеуің жылқыға ие бола тұрарсыңдар.
— Жарайды, — дедім мен. Өйткені ол кезде жылқының күндізгі
қарауына да, түнгі бағынына да үйреніп алғам. Жəне со бір күндері шуақ
боп тұрған.
— Кісі кешке дейін келер, — деді Мақан аттанарында, — алда-жалда
кешігіңкіреп келсе, жылқыны өзің қарай тұрасың.
— Кəне, екеуміз бірге аттанайық, — деді маған. — Мен саған жуастау
қарулы жылқы ұстап мінгізіп кетейін.
Жылқыға ертіп барған Мақан өзіме таныс жуас айғырды ұстап берді де,
мен оны жылқының Жаманшұбар жақ шетіне шығарып салғаннан кейін:
— Шырағым, сен тебіннің жағдайына үйреніп болдың ғой, — деді
Мақан — жылқының жайын да білесің жəне қасқырдың да биыл
торыңқырай бергенін көріп жүрсің. Одан қорықпайтын болдың ғой, қазір.
Егер мен жіберген кісі кешігіп, зəуі-сайтан жылқыға қасқыр шаба қалса,
сен балалық қып қорықпа! Қасқыр итіңнің кейде бала-шаға, қатын-
қалаштан қорықпайтыны болады. Егер жылқыны тартып жеуге айналса,
есіңде болсың оның жалғыз қорқатыны — от!
— Одан қалай қорқады? — деп сұрадым мен көңіліме қауіп туа бастап.
— Тамызыққа деп əкелген ағаштың біреуінің бір жақ басын қидың
қожына көміп қой, тұтанып жатсын. Егер, қасқыр кеп, сені баласынатын
болса, оған сол шаланы қолыңа ала ұмтыл, ол сонда қашады.
Мақан кете барды. Мен қалып қойдым. О байғұстың маған əлгі қауіпті
айтпай-ақ кеткені жақсы еді, айтқан соң тағы да төңірегімдегі əр сайдан кеп
жылқыны қасқыр аңдып тұрғандай сезім пайда болды. Ендігі тілегім —
Мақанның жіберетін кісісінің келуі. Егер ол кешігіп келсе не істерімді
білмей сасудамын.
Мақан жіберген кісі күн батпай келіп қалды. Алыста қарайып келе
жатқан салттының алдынан мен шауып шықтым. Тани кеттім, өзіміздің
Жаманшұбардағы Əйтілестің Бекені.
Қосқа келгеннен кейін Бекеннің барлық ынтасын сап көргені, кигізге
орап тастаған ет болды. Бұл кезде, қыстыгүні сойылған семіз байталдың еті
азайып, оған бір ту қойдың семіз, құйрықты істəгі кеп қосылған.
Семіз еттерді көргеннен кейін көңілі көншігендей болған Бекен
мұртынан бір күліп алды да:
— Тұртайдың үйі барғанда ас татырмайтын еді, жаудай шабайын
бəлемді, сал етті бақыр толғанша! — деді.
Мақан екеуміз тоятын еттің мөлшері белгілі. Асылған бақырға мен етті
сол мөлшермен ғана жəне аса майлысын емес, сылалауын салып
жатқанымда:
— Өй, сен қызық бала екенсің ғой, — деді Бекен, — бұ немене, салып
жатқаның? Мен осында етке тоюға келмей, неге келді деп отырсың? Бері
əкел пышақты, өзім салам!
Пышақты қолына алған Бекен жылқы етінің де, қой етінің де қайдағы
майы туырылған семіз мүшелерінен кесіп ап, жарты қойдың еті сиярлық
үлкен мыс бақырға ұра берді. Ішімнен: «Апырау, бұның бəрін өзі жер ме
екен үйіне əкетер ме екен?» деп ойлаймын, өйткені мына салған еті, менің
құлағым естігені болмаса, көзім көрмеген тажалдар болмаса, жай адам
тауысар ет емес. Бекен:
— Ал, бала, мен жылқыны біраз қарап келейін, сен етті пісіріп қой, —
деп кете барды.
Бақырға толтыра салынған ет қайнап ісінгеннен кейін симай, быртиып
жоғары көтеріліп кетті. Со бетімен қайната берсең, еттің асты піскенмен,
беті піспейтін болды. Батырыстырып салсаң, көп уақыт қайнайды. Бекен
маған «қарным ашыңқырап келді, тез пісіріп қой», — деп кеткен.
Бекеннің ренжірін біле тура, бақырға симаған етті мен алып қойдым.
Сиған ет еркін қайнап, жидіңкіреп піскен кезде, Бекен де келді. Бақырда
қайнаған етке ожауды салып көрген ол:
— Əй, ана мүшесі қайда, мына мүшесі қайда? — деп мен бақырдан алып
қойған еттерді іздей бастады.
Оған мен болған жайды айта кеп, алып қойған етті көрсетіп ем:
— Өзің бір оңбаған бала екенсің ғой, — деді Бекен ренжіп, — «байдың
асын байғұс қызғанады» деген рас екен ғой. Сен шатаспа өйтіп! Мына
піскен етті түсір де, шала піскен етті сорпаға қайта сал!
— Оны тауыса аласың ба? — деп ем.
— Тауысқан тауыспағанда не ақың бар, — деді ол жекіп, — ас деген соң
ас!
Бақырдағы етті түсіріп боп, шала піскен етті сала қоймап ем:
— Кеңсірігіңді бұзып жіберейін бе? — деді Бекен маған жұдырығын
оқтанып. Жаман, шірік неме, немене істеп отырғаның?
Бекен түрегелді де, шала піскен етті бақырға өзі салды.
Ағаш табақта буы бұрқыраған еттің үстіне тұздық құйып, екеуміз ортаға
алдық. Мен турап беріп отырмын, Бекен жеп отыр. Уысын толтыра асаған
майды, ол сабырмен шайнамай, бүркітше қылғиды... Ол қылғып отыр... мен
кесіп беріп отырмын!..
Біреу етке қақалып қалғанда, қасында отырған кісі — «мынау
қақалмайтын еді, не болды бұған?» десе, екінші біреу отырып — «е, ет
үлкен болса, өңеш құдай деймісің?» деген екен. Сол айтқандай Бекен
қанша қомағайланып қылғығанмен, мол май оның жүрегін лезде қайтарып
тастады. Майды əуелі уыстап асаған ол, артынан жапырақтап жеуге кірісіп,
ақыры:
— Болар Дүние емес екен мынауың, тойып қалдым, — деп шегінді.
Піскен еттің тең жарасы да желінбей қалды.
— Бақырдағы етті қайтеміз? — дедім мен қуланып.
— Е, таңертең жейміз де, — деді, маңдайы тершіген Бекен кекіре
сөйлеп.
— Құрт ішпейсің бе? — дедім мен күліп.
— Оңбаған-ау, мені мазақ қылғың кеп отыр ма? — деп Бекен қуланған
кескінмен жұдырығын түйді.
Ол кешке жылқы күзетіне аттанып кетті.
— Мен де барайын ба? — деп ем:
— Сен не аласың? — деді Бекен. — Жат та ұйықта, таңертең ертерек
тұрып, етті де, көжені де қыздыр.
Мен ұйқтап қалдым... Өкірген бір дауысқа шошып түрегеп далаға жүгіре
шықсам, есіктің алдында ат тұр, аттың үстінде, денесі жерге қарай
салбыраған біреу, өкіріп құсып тұр!..
Тани кеттім, Бекен!.. бір қолымен атының тізгініне зорға ие боп тұр...
Өкіріп кеп қалғанда, аузынан атқыған құсық, сонадай барып түседі!..
Аяп кеттім де, Бекенді аттан демеп түсірдім... Қарға жүресінен отырып
ап, екі қолын күртікке тіреп, тағы да біраз құсқан ол, бір кезде сүлдері
құрығандай сүйретіліп əрең, тұрды да:
— Мені енді қосқа кіргіз, бала! — деді.
Мен оны қосқа кіргізіп, Мақанның орнына жатқыздым.
— Ауырдым, бала, — деді ол біраздан кейін. — Етті тегі шикі пісіріп
бердің білем!..
Не дейін оған, тек қана айтқаным:
— Жылқыны қайтеміз?
— Сен күзет — деді ол...
Мен таңертең жылқы күзетінен келсем, Бекенім əлі ауырып жатыр.
Аһлап-уһлегенде жаны шығып бара жатқан кісідей!.. Мен:
— Түндегі астың қалғанын жылытайын ба? — десем, Бекен жауап
берудің.орнына басын шайқайды...
— Беке, асқа қалай қарайсыз? — деп ем:
— Жылытсаң, жылыт. Ішіп көрейін — деді ол.
Аузы айтқанмен, тамаққа жайы жоқ екен. Асқа беттей алмаған ол,
ыңқылдаған қалпымен жатып қалды. Ымырт жабыла мен жылқының
күзетіне кеттім.
Түнде жылқыға қасқыр тиді. Оның, белгісі — жылқының шұрқырасып
кісіней қалуы. Со жаққа тұра шаптым...
Мен беттеп шауып кел жатқан жақтағы жылқы тобы менен бе,
қасқырдан ба, — дүркірей қашысты... Алдымда қарайған бірдеме көрінеді...
Жетіп келсем, бір жылқы тыпырлап, шыңғырып жатыр, үлкендігі тайшадай
қасқыр оның алқымына жабысып жатыр, енді бір қасқыр жылқының
шабын жарып ішіне қарай кіріп кетіпті!..
«Қасқыр əуелі жылқыны шаптан жарады да, — деген Мақан — ең
алдымен ыстықтай өкпе-бауырын суырып жейді, сонда жылқы шыңғырып
жатады...»
Мына екі қасқырдың біреуі де сөйтіп жатқанын біле қойдым... Зəрем
ұшып, бойым қалтырап кетті... Сонда да қару қылғым кеп бар дауысыммен
айғай сап, үріккен атымды шаужайлап тебініп, қарыма ілген құрықшамды
көтеріп ем, жылқының алқымына жабысқан қасқыр басын жұлып алды да,
маған қарап ырылдады...
Мені баласынып басынғанын біле қойдым... Не істеу керек?.. Есіме
Мақанның «от алып ұмтыл» деген сөзі түсті... Бірақ қайда ол от?.. От
жағатын жерде өліктей сұлап Бекен жатыр!..
«Бекеннен жəрдем болмас па екен» деген оймен, шауып қосқа келсем,
бүгін аздап ішкен асын тағы да құсып, құдайына жазып жатыр екен...
Қозғалар дəрмені жоқ!..
Мен қайта шауып барсам, жарған биенің пəрə-пəрəсін шығарып
тойынған қасқырлар кетіп қапты...
Ертеңіне таңертең келген Мақанды қарсы алып, осы жайларды айтып
ем, мінезі момын Мақан:
— Əй, шырағым-ай, мал менікі болса неғылайын, көп жылқыдан бір
жылқы садақа дер едім де, қояр едім. Малға іші тар ит болушы еді Тұртай.
Бір тайының таңын қасқыр тартса, əкесі өлгендей кейитін еді. Жылқыны
биыл аман-ақ алып келе жатыр едік бұндай боп қалған екен!... Ертең өзі де
келетін еді, бұл бір пəле болды, саған! — деді.
Мақанның айтқаны келді: ертеңінде қатынасқан Тұртай бір биесін
қасқыр жегенін білгеннен кейін:
Айтсам болмайсың, маңдайында бес елі қырсық жүрген осындай немені
жылқыға жолатпайық дегенде: «Жетім бала ғой, сауабы тиер» деп мүсіркеп,
болмаған сенсің. Міне, енді түбіме жеткіздің де тындың! — деп, Мақанды
біраз жерлеп, ұрсып алды да, момын Мақан қарсы жауап қайтара қоймаған
соң:
— Жоғалт, енді иттің күшігің көзіме көрсетпей! — деді Тұртай, —
Бекенмен қайтарып жібер!..
Биені қасқыр жегенге өзін кінəлі көрді ме, не момындығы ма, Мақан
Тұртайға «қалдырсақ қайтеді» деген сөзді айта алмады.
«Ауруынан» жазылып болмаған Бекенді де Тұртайдың қоста
қалдырғысы келмеді.
— Осында майды жеп, жеті атаң аштан өлген неме ме едің? — деп
Тұртай оған да біраз ұрсып алды да, — сүйретіліп жатып алмай, қайт
үйіңе! — деді.
Қостың қасында жуырда тезек əкелген итшана жататын, соны
Жаманшұбардағы иесіне жіберетін жылқыға жекті де, ауру Бекенді шанаға,
мені аттың басына мінгізіп:
— Менде жазық жоқ, қош болыңдар! — деп Мақан жөнелтіп салды...
|