БАЛУАН ШОЛАҚ
Біз елге беттеп келе жатқанда, Марьевка
40
дейтін қалада «Ылиын»
41
атты
базары боп жатыр екен.
Жаздың ортасында болатын базарға халық аса көп жиналыпты. Біздің
елден де Əлти, Сəпі, Көшке сияқты байлар келіпті.
Біз Ылиынға келген күннің ертеңіне, Көшебе Сибанның базаршылары
бас қосып кеңесе отырды, сондағы сөзі: «Осы базарда жүр — деген Балуан
Шолақты қонаққа шақырудың жабдығы. Сөздеріне құлақ салсам, Балуан
Шолақ дейтін адам — менің бұған дейін көрген адамдарымның бəрінен де
басқа.
Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап əкетеді,
етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау
атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді, аттың үстінде «шайтандай» ойнайды,
зəулім қорғандардан мысықтай қарғиды, денесіне оқ өтпейді, қылыш
кеспейді, ағаш үйдің қабырғасын басымен сүзіп құлатады, дария көлдерден
үйректей жүзіп өтеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне
бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып, киінеді, қыздың
қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен
күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешең қасарысқан адамына мейірімсіз,
досына қоң етін кесіп берсе «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің
əншісі, саусақ біткеннің домбырашысы жəне сырнайшысы, жүрген жері
ойын-сауық...
— «Жігіт сегіз қырлы болсын» деуші еді, — деп қайран қалысты мына
мақтауларды естіген жұрт, — рас болса, мұның қыры бір «сегіз» емес,
əлденеше сегіз боп кетті ғой...
Біреулер:
— Соның өкіметке қылмысты боп қашып жүр деген, қонаққа шақырып
пəлесіне қалармыз, — деп қашқалақтап еді, көпшілік:
— Не болар дейсің, пəле боп? Бəрімізді тізіп айдар деймісің? Жəне
қашып жүргені де өтірік соның. Қашса базарға келе ме? Базар басталғалы
жұрттың көзі өзгеде емес, сонда. Жұрт көргенде, өкімет көрмей жүр
деймісің, оны? Шақырайық, бір күн де болса мəжілістес болайық, — деді.
Көпшіліктің, аузы шақыруға біріккеннен кейін:
— Қонағасына не соямыз? — деп ақылдасып еді:
— Нөкері көп көрінеді ғой, қасында, — десті əркімдер, — кем болса
қырық-елу кісі серігімен келеді, ол. Мұнда да бір қыдыру жан бармыз, бие
сою керек...
— Əуелі хабарлану керек, — десті біреу, — келетін болса ғана
шығынданайық.
— Неге келмейді. Дəмнен үлкен бе? — деді екінші.
— Келуі келер, — деді үшінші, — сонда да беделді, сөз білетін, жол
білетін жігіттерді жұмсау керек.
Жұмсаған жігіттер іңірде оралды.
— Келетін болды, — деген хабар əкелісті, олар.
Ту бие сойыла бастады. Жұрт қонақты күту жабдығына кірісті. От
айнала жиналған жұрт Балуан Шолақтың кісілігі, қайраты, өнері туралы
толып жатқан қызық əңгімелер айтады. Соларды естіген сайын оны көруге
менің құмарым арта түседі...
Сырнай дауысы естілді бір кезде!.. Көпшілік құлақ түрісе қалды... Со
жақтан түйдектелген көп салтты шауып келеді!.. Міне, жақындап қалды
салттылар!.. Сырнай дауысы даланы жаңғырықтыра, көтеріле шықты...
Қосылып айтқан əндер естілді... өзгенің не екені маған мəлім емес, ал,
менде шапқан салттылар, үні сұңқылдаған сырнай, оған қосылған əн
жақындаған сайын ес қалатын емес... Міне, келді де олар!.. Бізге жете кілт
тоқтай қалысты... Күтіп тұрғандар қарсы жүрісті... Салттылар аттан түсе
бастады...
— Балуан Шолақ қайсы екен? — деп сыбырлаған біреуге:
— Көзің жоқ немемісің, өзің, — деді екінші — көрмей тұрмысың? Түр-
тұлғасынан-ақ белгілі емес пе? Сол сияқты кім бар осында?
Бұлай сипаттаушы кісі, Балуан Шолақты көргенімде асырып айтқан
сияқтанады: жауырыны кең, төсі жалпақ болғанмен, дене құрылысы асып
кеткен ірі емес, ортадан аз-ақ биік екен бұл топта одан биік те, денелі де
кісілер бар?.. Кескіні бір сыдырғы көркем екен: имектеу зор мұрынды,
қалың қабақты, қою қасты, үлкен қара көзді, атжақты, қою, ұзын қара сары
мұртты, дөңгелектеу қою қара сақалды...
Ерекше көзге түсетін киім-кешегі екен: сыртына желбегей салған, ақ
ботаның түбітінен тоқыған шекпен, астары батсайы, өңіріне жалпақтығы
төрт елі қып құндыз ұстаған, басында батсайымен тыстаған жекей ақ бұйра
тымақ, ішкі қара барқыт қамзолының беліне жалпақ қып қызыл жібек
белбеу байлаған да, бір жақ ұшын шашақтандырып оң жақ мықынынан
төмен түсіріп жіберген, бұтында көк шұға шалбар, аяғында көк сауырлап,
кестелеп, күмістеп тіккен қосай етік... Бұл сияқты киінген кісіні мен өмірде
көрген емен.
Балуанның мінезі ақжарқын, сөзшең, ойыншы кісі екен. Амандықтан
бастап-ақ ол біздің топты жатсынбай, ежелден таныс адамдарынша
араласып, шүйіркелесіп кетті. Сөзді аздап мұрнынан сөйлейтін кісі екен.
— «Қызмет қыл да міндет қыл» деген, — деді ол, қарсы алған топпен
біраз кеңесіп, қымызға қанғаннан кейін — ойын көрем деп шақырдыңдар
ғой мені, бастайық сол ойынды. Көпшілік мақұлдай кетті. Əуелде күш
көрсетпек болған ол:
— Кəне, маған ең ауыр аттарыңды əкеліңдер! — деп, зор денелі бір атты
алғызды да, астына кіре беріп, төсін иығына келтіре, көтере жөнелді...
— Кəне, ең балуан деген жігіт кел де, мені алқымымнан қыс! — деді —
ол, атты иығынан түсіргеннен кейін.
«Түйе балуан» атанған, денесі Балуан Шолақтан əлдеқайда зор, Кəлен
деген жігіт:
— Мен қысып көрейін — деп алқымынан алды,
— Қатты қыс! — деді Балуан Шолақ.
— Болдың ба қысып? — деп сұрады ол Кəленнен.
— Болдым, — деді Кəлен.
Со кезде, Балуан Шолақ мойынын бұрып кеп қалғанда, Кəленнің қолы
алқымнан ытып шығып кетті...
Адам қайран қаларлық тағы да біраз күштер көрсеткеннен кейін:
— Тіл-аузымыз тасқа, — дестік көпшілік — ертегідегі батырлар
болмаса, бұл заманда көрмеген күшіміз, бұл. Енді тыныста, өзге ойыныңды
содан кейін баста.
Ет жегеннен кейін, көпшілік Балуан Шолақтан əн айтуын өтінді. Ол
іркілген жоқ. Тек қана сұрағаны:
— Сырнаймен бе, домбырамен бе?
— Естіп жүрген домбыра ғой! — десті көпшілік— таңсық сырнайға
қосыл.
— Болады,— деді Балуан Шолақ.
Сырнайды ол басқа бір жігітке ойнатты да, өзі қосылды. «Ияйяһ» деген
əнінен бастады ол. Бұл əнді ол жұртқа белгілі «Бұл күнде қырық тоғызда
менің жасым» деген өлеңмен айтты. Өлеңді ол мұрнынан келтіре, екпіндей
айтады екен. Дауысы қоңыр, бірақ əдемі екен.
— Батырыңның айтысы-ай! — деп сүйсінді тыңдағандар.
Тағы бірнеше əннен кейін жұрт оған атақты «Ғалиясын» айтқызды. Бұл
əнді ол ырғала, теңселе шырқайды екен жəне Ғалиясы алдында
отырғандай, күлімсіреген, еркелеген кескінмен айтады екен.
— Міне, əн! — деп қайран қалысты жұрт...
Балуан Шолақпен мəжіліс құрған жұрт күн шыға тарқасты. Қошеметпен
аттанған Балуан Шолақтың тобы кең даланы басына көтере, сырнайлата,
əндете жөнелді...
— Жігіт осындай болсың — десті, артында қарап тұрғандар.
«Қанша дұшпан қамалап тұрсадағы,
Сырдың суы келмейді жұлығымнан!» —
деп өзі айтқандай, өлмей кісіге кеудесін бастыратын жігіт емес қой,
мынау!.. Дүнияға күліп кеп, күліп кетуге жаралған жігіт қой, бұл!.. Ұл туса,
осындай тусын да.
Кешікпей базар тарады! Жұрт мекен-мекеніне бытырасты. Біз де елге
беттедік.
Базардан тарағанша да, тарағаннан кейін де көпшіліктің, олардың ішінде
менің серіктерім: Мəшік пен Таспайдың аузынан Балуан Шолақ түскен
жоқ. Бір сөздің ретінде, Мəшік маған:
— Көп жерді көрдің, бала. «Көре-көре көсем болады» дегендей, «ел
аралаған сыншы, тоғай аралаған үйші» дегендей, өстіп жүріп кісі боп
кетуің мүмкін — деп отырып, Ақан сері мен Балуан Шолақты еске алды да,
екеуінің қылықтарын айта кеп:
— Ақын бола қалсаң, кімге еліктер едің? — деп сұрады, менен.
Бəтеңнің алдында əдеп сақтап үйренген мен, сұрауына жауап бере
қоймап ем:
— Ақан серіге ме? — деді ол.
Мен басымды шайқадым.
— Балуан Шолаққа ма? — деп сұрады ол.
Мен күлімсіреп төмен қарадым.
— Ə, соған еліктегің келеді ғой, — деді Мəшік. — Елікте, шырағым!
Еліктейтін кісі, ол. Сондай қайғыға қарсы тұра алатын жігіт болуға,
жігіттің гүлі — жігіт болуға тырыс!..
|