ДОС
9
Көлемінің кеңдігі төрт-бес шақырымдық, аяққа құйған астай дөңгелене
біткен бұл көлдің теріскейін жиектей біткен дөңес жота бар. Оның қырқа
жолында, əлдене заманнан қалған көп зират бар. Зираттың батыс жақ
жиегінде, биік оба. Обаның қасында Дос дейтін адамның басына тас
қойылған. Тасқа араб əрпімен жазылған сөздерге қарағанда: Уақ руынан
шыққан Дос. 1862 жылы, 55 жасында опат болған. Көл, тегі, «Дос» боп сол
кісінің ныспымен аталып кеткен болу керек. Бірақ ол адамның кім
болғанын, ұрпақтарының қайда екенін ешкім білмейді.
Қара топырақты қыртысының қалыңдығы жарты кезден асатын бұл
өлкенің ескі шөбі көктем кезінде өртенеді де, ел барғанша қалың өртең кегі
шығады.
Ауыл жайлауға көшкен кезде, Достың дөңіне шығып жан жағыңа көз
салсаң, ұшы-қиырына көз жетпейтін ,таусыз, ормансыз далада, өртеңде
өскен шалғың көктем күндері ол арада дамылсыз есетін майда-қоңыр
самалмен теңселе қимылдайды да тұрады. Бұл қимыл жұмсақ желдің
лебімен ақырын ғана бүлкілдеп жатқан ұшан-теңіздің бетіндегі қимылға
ұқсайды. Тек қана айырмасы, теңіздің реңі күндіз біркелкі — сұрғылт... ал,
өртеңнің реңі — шығар, и батар күннің сəулесі шалған кезде толқыған
теңіздің беті сияқты, немесе тотының қанатындай əлденеше түрлі бояумен
құлпырып тұрады...
Шіркін, Дос өлкесінің сол бір көркі-ай!..
Достың көлі дөңгелене біткен дедік қой. Осы дөңгелек көлдің күнгей
жақ жарымы жалтыр жəне жалтырдың түбі, аттың тұяғы батпайтын құм-
қайраң. Қайраңның, мөлдірлігі сондай — бетінде жүзген үйрек сүңгіп
кетсе, су астында қайда бара жатқандығы көрініп тұрады... Суға бақыр не
асық тастасаң, сиырдың таңдайындай иректелген судың түбінде, өз
көлемінен əлденеше рет зорайып барып жатады...
Көлдің батыс жағына созыла біткен сайдың аты — «Кеңшалғын». Олай
дейтіні, сайда көктем кезінде су жатады да, шілдеге қарай сарқылады. Сол
кезде суда өскен «өлең» атты шалғын, су суалған кезде, аттың бауырынан
келердей биік боп өседі жəне өзі семіз түйенің шудасындай қалың болады.
Қырат жердің бозы тапшылау жылы, тұрғын ел Кеңшалғынның шөбін
шапса, бір сайдың бойынан əлденеше мая үйіледі. Балалар үшін
Кеңшалғынның екі қымбаты бар: бірі — жуасы, екіншісі— жидегі.
Шөппен жарыса көктеп, майдың аяқ кезінде пісетін жуаның түбі —
кішігірім сарымсақтай, сабағының жуандығы саусақтай, биіктігі кезге
жақын болады. Піскен кезде, сабағының басы қоңырланады да, бұлтиған
бүршік атады... Сол кезде жесе, оның қышқылтым дəмі қандай тамаша, исі
тамаша!.. Бақша егуді білмейтін ол кездің ауылы, сарымсақ орнына жуаны
қолданып ыстық асына (ет, сорпа, кеспеге) турап жейді. Құмарлар пісірмей
де жейді.
Жидек июль айларында ғана піседі. Күн көрмей қалың, шалғынның
арасында өскен оның үлкендігі бармақтың басындай, түсі бозғылт, ал,
дəмі?.. Дəмі, мен білетін тəттіліктің бəрінен де тəтті оның!.. Ауыл
адамдары жидекті шелектеп жинап, жегеннен артылғанын қайнатады да,
тақтайға жəйіп кептіреді. Оның аты — «қақ». Ауқатты адамдардың бірен-
саранында болмаса, ол кездегі ауылда қант та, заводтан шыққан басқа тəтті
де болмайды. Ауылдың тəттісі «қақ» пен қайнатқан сүттен қойылтып
жасаған балқаймақ.
Кеңшалғынның қалың өлеңі көлдің теріскей жақ жартысын жиектей
шыққан қалың өлең шөппен ұштасады да, тереңге қарай ұсақ майқы
құрақпен араласып, одан əрі қу қамыспен тұтасып кетеді...
Қайраң жақтың суы — тік: барса бала түгіл үлкен кісіні қамысына
маңайлатпайтын терең. Балалар ол қамысқа жүзіп барып жетеді...
Жетпегенде ше: қамыстың түбінде сүттен ақ, қанттан тəтті сүйрік
жатады... Қант, кəмпит сияқты тəттіні байдың баласы ғана болмаса,
кедейдің баласы айында, аптасында болатын базардың тұсында ғана
татады. Со кездегі ауылда, қант татыған сүйрікті жемей, тəттішіл бала
қалай шыдар!..
Достың тəтті сүйрікті қамысына бола шөптесін тайыз жағынан жетейін
десе, қамыс арасы қалың балдыр, балдыр арасы өткір арадай қалың қияқ,
егер бала оған түссе, тілімденген денесі ілезде тұтасқан кигіз қотыр болып
кетеді. Сондықтан бала терең барса да, қамысқа жалтыр жақтан жетуге
тырысады. Жəне жетпей қоймайды да!..
Қамысқа малтып жеткен бала судың түбіне сүңгіп кетеді де, қамыс
түбіндегі қорыстау сазға сұғына өскен сүйрікті түбінен шыжымдай
тартады, олай тартпаса, үзіп алады.
Суға сүңгіген бала, сүйрікті бір демде суырып ала алмайды. Оған
бірнеше дем, бірнеше сүңгу керек...
Бала сүйрікке жабысқанда, қамыстың арасында жүзген сүлік те баланың
денесіне жабысады. Су түбінен сүйрік суыруды арман еткен бала сүлік
талпақ тұмсығын денесіне отыра, қанын қылқылдатып сорып жатқанын
сезбейді де.
Сүйрік суырылып болғанша, сүліктің кейбіреуі баланың қанына тойып
боп, домалап түсіп те қалады. Тоймағандары, құшағын толтыра сүйрік ап,
жағаға жарқын жүзбен малтып шыққан баланың денесінде жабысып бірге
жүреді. Денесінде сүлік жүргенін көрген жүрексіз бала жан даусы шығып,
жанын қоярға жер таппай бақырса, жүректі бала қанға тойғанда тұрқы
қысқарып, денесі жуандап быртия қалған сүлікті, жабысып тұрған жерінен
жұлып алады да, басынан бір қолымен ұстап тұрып, бір қолының
саусағымен сүлікті соза, денесін сығады. Сонда түсі өзгеріп те болмаған
қызыл қаң сүліктің құйрығынан жіңішкелігі жіптей ғана боп, шырылдап
кеп атылады...
Көл баланың көңілін сүйрігімен ғана тартпайды. Оның бетінде құстың
балапанын аулау қандай қызық!..
Достың өз бойына құс аз ұялайды. Қамыс арасына оралған салынды
болмаса, онда ұя салынарлық орын жоқ. Салындыға да құс ұяны аз салады.
Көлдің суы терең болғандықтан, жел тұрса-ақ толқын жүреді де,
салындыны жылжыта береді, жылжыған салынды құсты ұясынан
адастырады. Кейде толқын ұйысқан салындыны ыдыратып жіберіп, ұя
бұзылады да, жұмыртқа суға кетеді.
Содан запы шегетін құстарға Достың маңында ұя салуға аса қолайлы
орын бар, ол — Дос деңінің күнгей жақ бауырына созыла біткен «Білипан»
томары. Томардың айналасы — адам да, мал да жүре алмайтын қорысты
саз. Сазбен кең жəне жалпақ сақиналанған өзектің ортасында, биіктігі
кісінің бойындай қалың найза томар өседі. Томардың төбесіне түйенің
өркешіне біткен ұзын шудадай боп, «күңшəш» аталатын шөп шығады, өзі
қияқты болады: байқап ұстамасаң, қолыңды өткір пышақтай тіліп түседі.
Етік кимеген аяқ жараланып шығады.
Құстар ұясын осы Білипан томарының ішкерірек қалыңына салады.
Сондай қиын жерге салынғанмен, балалар ол ұяға барудың да əдісін
табады: сирағы мен қолын қияққа тілдірмеу үшін олар аяғына жас
қоғажайдан етік қолдарына жас қоғажайдан биялай киеді. Сөйтіп томардан-
томарға секіріп, олар Білипан ішін кезеді де кетеді.
Əлі есімде: Білипаннан құстың, əсіресе шағаланың жұмыртқасын
қалталап емес, етектеп шығарамыз. Бірақ соның бірі де ауылға келмейді,
жасырып алып барған шелекке, не бақырға асып тойғанша жейміз де, одан
қалғанын асық қып атып, рəсуа қыламыз.
Біз қанша көп алғанмен Білипанның жұмыртқасы таусылмайды. Қайдан
таусылсын: оның өнбойында кеміне пəлен мың томар бар шығар... Əр
томарға пəлен ұядан... Соларға салынған жұмыртқаның бəрін кім
тауысады!..
Сонша көп томардан орын таппай ма, əлде балалардан, не ұядан,
жұмыртқа шағып ішетін жыртқыш құстардан қорқа ма, — кейбір үйрек
ұясын боздағы қалың көденің арасына сап, балапандарын сонда шайқап
өргізеді.
Қаз бен аққу, ұяларын Білипанның бала жете алмайтын тереңіне салады.
Ол жердің аты — «Мыя». Мыя — томардың орта кезінде. Ортада томар
сирейді де, арасына жасылдау бір жұмсақ балдыр өседі. Балдыр —
былқылдақ; бассаң, қайқайып төмен түсіп, асты шұрылдай бастайды. Ол
арада кідірсең, жұқалығы кигіздей ғана жасыл балдырдың беті жыртылады
да, астындағы қоймалжың қорыс адамды тарта жөнеледі. Қорыстың
тереңдігі сондай, кей жеріне бойлатқан сырық жетпейді... «Мыя» дегеніміз
— осы. Қанша өлермен болғанмен, бала ондай мыяға жоламайды. Соны
білгендей қаз бен аққу ұяларын Білипанның мыясына сап, жұмыртқаларын
алдырмайды.
Жұмыртқаларын
Білипанға
сап,
сонда
шайқағанмен,
өрген
балапандарын құстар Досқа əкеледі. Олардың өсуіне Білипанның, оты
жеткенмен, суы жетпейді, жүзетін, сүңгитін жалтыры жоқ...
Шілдеде Достың беті балапанға симайды... Балапандарды аулау —
балаға қандай қызық!
Құстар, əдетте, балапандарын ауылдың малдары да, жандары да шырт
ұйқыда болатын таң, сəрісі кезінде жəне көлдің жалтыр жақ емес, шөптесін
жақ жағасына өргізеді, өйткені онда — балапандарға жұмсақ от та көп
жəне əлдеқалай қауіп төне қалса, жасырынуға мүмкіндік те көп.
Бірақ балапандардың мейірімді аналарының «қулығынан», балалардың
қулығы асып кетеді. Түн бойына уақытын ойынмен өткізген балалар,
балапандардың отқа шығар мезгілінде, жасырынып барып қалың,
шалғынның арасына жатса, «тəңірісі» құлағына ғана болмаса, мұрнына
сезгіштік қасиет бермеген бейшара құстар, адам иісін сезбейді де,
балапандарын өргізе жылжып отырып, жасырынған балалардың үстіне
келіп қалады. Қанаттары жетіліп, ұшып-қонуға жараған кезде болмаса, оған
дейінгі балапандар қалай қашса да балалар құтқармайды. Сонысын
сезгендей, кейбір балапандар, қалың шалғынның арасына кіріп тығылады
да, нақ үстінен түспесең қозғалмайды...
Дегенмен балапандарды құрғақта ұстау, əсіресе үйрек пен қаздық
балаларын ұстау оңай, суда ұстау қиын, сонда, олардың өзінше қолданатын
тəсілдері бар. Мысалы, үйректердің, балапандары сүңгумен құтылады. Қаз,
аққу, шағала сияқты сүңги алмайтын құстар, кісі жүрер кезде, қалың
қамыстың ішінен жалтырға шықпайды, егер шыға қалса, жағадан алыс,
қамысқа жақын жерде ғана жүзеді де, адам қарасын көрсе, қамыс арасына
кіріп кетеді.
Түрлі тапқа бөлінетін үйректердің өздері де, балапандары да сүңгігіш,
сондықтан мылтық дауысынан запы болған ірі үйректер ғана болмаса,
тəжірибесіз балапандары сескенбей, көлдің жағасы түгіл, суында адам
қаптап жүргенде де жүзе береді. Кейде олар ұстауға ойлаған балаларды қол
жетер жерге таяу келтіріп, «енді тұттым» деп ұмтыла бергенде, суға күп
беріп сүңгиді де кетеді. Ыза болған балалардың əдеттегі айласы —
балапандарды судың балдырлы жеріне қарай ығыстыру, егер оны істей
алса, сүңгіген балапандардың кейбірі балдырға оралады да сүңгімпаз
балалар ұстап алады...
Көл жағасының, əсіресе, біздің, Дос жағасының балалар үшін қызығы —
жұмыртқа қарау, не балапан қуу ғана ма?.. Оның жағасындағы сүргілеген
тақтайдай құмдақ тақыршағында асық ойнау қандай қызық!..
Асыққа мергендік керек. Тақырға қатар тіккен кенейлерді кейбір мерген
бала сақамен қиядан атқанда ұшырып түсіреді, мен ондай мерген емеспін,
соның салдарынан өскенде мылтықшы да бола алмадым.
Дос басында, балалардың судан шыққаннан кейінгі күні, тақыршақта
асық ойнаумен өтеді.
Ұзақты сары күнін балапан қуу, асық ойнаумен өткізген балалардың
түнгі ермегі — ақсүйек соқыртеке, бурақотан сияқты ойындар.
Ақсүйекте балалар екіге жарылады да, дамбалдан басқа киімдерің
аралары алшақ екі жерге үйіп, ол орындарды «орда» деп атайды.
«Ордаларда», əдетте, ақсақ, соқыр сияқты, жүгіруге жарамайтын кемтар
балалар «хан» боп отырып қалады да, екі топ балалардың ішінен кезекпен
бір сүйекті лақтырып келеді. Екі жақтың балалары да сүйекті іздеп қай
тапқаны алып қашады, мақсат — өз ордасына шейін екінші жақтың
балаларына жеткізбеу; сондықтан бір жақтың, балалары біріне-бірі
жəрдемдесіп, қай жүйрігі алып қашады... Жеткен балаға қашқан бала
қолындағы сүйегін талассыз береді...
«Соқыртеке» дегеніміз — бір баланың көзі орамалмен байланады да,
өзге балаларды қуып, қай қолына түскенінің көзін байлайды... Ол да
басқаларды қуады...
«Бурақотан» дегеніміз — балалар екі қатар боп, қарама-қарсы отырады
да, араларынан бір баланы қарғытып өткізеді. Қарғитын бала: «Бұл — қай
ауылдың қотаны?» деп сұрайды. Қатар отырған балалар, мысалы,
«Жансүгірдің қотаны» деп жауап береді. Қарғитын бала: «Қайтып-қайтып
өтеді?» десе, отырған балалар: «секіріп-секіріп өтеді» дейді. Қарғитын
бала, қарама-қарсы отырған балалардың арасынан секіріп-секіріп өтуге
тырысады, мақсат — қарғитын бала ұстатпай жылдам секіріп өтуге
тырысады, отырғандар ұстап алуға тырысады...
Жазғы түндердің бұлардан басқа ойындары көп... Түнгі ойын,
таңсəріден балапандар аулауға, одан күндізгі асық ойнау мен қоға тартуға
қосылады... Бір күннің, ойыны бір күнге осылай жалғаса береді...
Шіркін, Дос, балалардың шын досы едің-ау, сен!.. Балалық шақта сенің
жағаңда өткізген сол бір қызық күндер, күні бүгінге дейін көз алдымда, нақ
сол бейнелерімен жарқырайды да тұрады!.. Сол бір күндер есіме түскенде,
мен сені аса аңсап сағынам, Досым!..
Жаманшұбарды шел дала көретін біздің ауыл,1928 жылы, бұл кезде
қазыналық участок боп тұрған, бұрынғы ата мекені — Қарағашқа көшіп,
жаңа қоныста колхоз боп ұйымдасты. Ол ара орманды, көлді — жері
егіндікке де, шабындыққа да қолайлы, жер астының суы жақын — тамаша
жер.
Біздің ауыл көшкен соң, Жаманшұбар да, Дос та құлазып, мемлекет
қорында, үстіміздегі 1954 жылға дейін бос тұрды. Советтер Одағы
Коммунист Партиясының февраль-март айларында болған пленумының
қаулысына сəйкес, Жаманшұбар мен Достың маңына бірнеше совхоз
орнады. Олардың жүздеп өрген тракторларының тұтасқан қуатты гүрілі
қалғыған кең, даланы оятып, жаралғалы малдың тұяғынан басқа ешнəрсе
тимеген тыңдарды, мың гектарлап көтере бастады!.. Сөйтіп, сүйікті Дос,
достасқан совет халықтарының еңбек майданына айналды. Ол темаға кейін
оралармыз, əзірге жазып отырған шығарманың темасынан шықпайық...
|