АЛДАУШЫ ЖАЛҒАН
Алдаушы жалған дүниенің
Алдайтұғын бұлы бар.
Аяқты теріс баспаңыз,
Жаманнан басың жырып ал!
Сұғанақ болып ұмтылма,
Сыбағаң болса, тұрып ал!
Қазылған орға кез келсең,
Атың басын бұрып ал!
Үй менікі демеңіз,
Үй артында ұры бар!
Асыл туған жақсының
Құн жетпейтін пұлы бар.
Кейбір сабаз маңғаздың
Сегіз рет қыры бар,
Бақ талас қып ерлерге,
Кейбір жаман былығар.
Өте қусаң қорқақты,
Батыр да болып шынығар.
Текті туған ер жігіт
Кедейлік басса, құлығар.
Аяқты қия басу жоқ,
Орыстың салған жолы бар,
Емін-еркін заман жоқ,
Ендігі жүрген жігіттің
Маңдайында соры бар.
Екі кісі ұрысса,
Қалам алар қолына,
Зәкүннің түсер жолына.
Өте қусаң оралдың
Орыстың жайған торына.
Малыңды бағып, тыныш ұйықтап,
Талапты туған, ерлерім,
Абақты түсті сорыңа!
Күнәкәр болма, жігіттер,
Алланың жазған хаты бар,
Кәләм-шәріп құранда
60
Мың бір есім аты бар!
Бұл сөзімді ұғады
Иман нұрлы заты бар,
Жаманнан басың сатып ал,
Тарылған мына заманда
Тыйыш үйіңде жатып ал.
Атқа мінген адамын
Жұрты қолға алады,
Сотқа таман шабады,
Келедей істі көлдей ғып,
Өтірік айтып жаласын
Мойнына әкеп жабады.
Өз қолыңды кесе алмай,
Шиеленгенді шеше алмай,
Осы шығар, әлеумет,
Дүниенің қауіп, жаманы?!
Пітіне толды осылай,
Момын жатқан еліме;
Кәр түскендей бұзылды
Дария шалқар көліме.
Екі кісі ұрысса
«Қап, бәлем! – деп, – сені ме!»...
Зәкүн айтып қатын тұр
Қойнында жатқан еріне.
Зарланып тұрған әйел бар
«Қосылғам жоқ» деп теңіме.
Құтырып тұрған елдер бар
Қала түспей жеріне.
Кел, жігіттер, түспелік
Жанған отқа көріне.
Жақынға жақын қас болып
Шіл боғындай тозбайық.
Саналы адам түсінер,
Біраз жырлап қозғайық.
Осы пәни дүниені
Осы арадан болжайық!
Момын болып кей адам
61
Өз малын да бағып тұр.
Біреулердің дәулеті
Тасқан судай ағып тұр.
Сайлауға салып ынтасын
Байлар қалта қағып тұр.
Түзу тартып кей жақсы
Өз жұртына жағып тұр.
Бекері бар ма сөзімнің,
Осылай емей нағып тұр?
Жігерлі туған кей сабаз
Елін жаудан қорып тұр.
Боласнай, би, ауылнай
Сырттан қарап шолып тұр.
Бір ауыз үгіт сөйлесең,
Алдыңнан тұзақ құрып тұр.
Осы күнде заманың
Осылайша болып тұр!
Мұсылманды бұл күнде
Орыс кәпір жеңіп тұр.
Ай сайын келіп санатып,
Елін жаудан қорып тұр.
Қайыр кетіп байлардан,
Бұзауға ақша беріп тұр.
Пәлен теңге торпақ боп,
Тиынға тиын болып тұр.
Залым туған сұмырайлар
Осылайша жеңіп тұр.
Шолақ иттей діңкілдеп,
Бір-біріне жетем деп,
Аласұрып өліп тұр.
Көзге біткен бес қара
Әр жерден жүр шаң беріп,
Жақынымен дауласар,
Ұрладың деп мал көріп.
Қара ісінен құтқарар,
«Ынтымақ» деп жан беріп.
Бұл заманның адамы,
Ұстасады көре алмай,
Аз болса бөліп бере алмай.
Шындық кетті қазақтан,
Ант сөзіне сене алмай.
Дауласады алты жыл,
«Қоям ба?» деп «жеңе алмай».
Бірге туған қарындас
Отырады үйінде
Бірін-бірі көре алмай.
Қас болып тұр жақының,
Су сықылды ағады
Жаманға айтқан ақылың.
Уәдеменен бермейді
Аласы болсаң ақыңды.
Күнде дәрет алады
Тақуа болса қатының.
Сеніп кетпе, ерлерім,
Оның да байқа ақырын!
Ақ жаулықпен көркейер,
Абыройлы болса алғаның.
Жаман болса жолдасың,
Қатардан кейін қалғаның.
Жаман иттен құтылмай,
Жақсы бір қолға тұтылмай,
Ақырында мақшарға
Қорлықпенен барғаның.
|