ӘОЖ 808.1(045)
ЖАНАҚ ПЕН ТҮБЕК АЙТЫСЫ
Асан С.
Ғылыми жетекші: Көбегенова Л.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және
инжиниринг университеті, Қазақстан
Аңдатпа. Ақын айтыстарының әлеуметтік арқауы басым екендігі, азаматтық, адамгершілік
жайын алға тастап сөйлейтін тұстары көп болғандығы, Жанақ ақын айтыстарында күрделі, тосын
эпитетпен қарсы жақ ақынның характерін ашып, ауызша портретін жасайды, кейпін жеткізетіндігі,
заман күйі, әлеуметтік теңсіздік жайы басым айтылып отырғандығы баяндалады.
Түйінді сөздер:
суырыпсалма ақындық, айтыс, дүлдүл, өнер, көркемдік ерекшелік
«Жанақ пен Түбек» айтысы әріден халық арасына белгілі, кең тараған айтыстың бірі. Бұл
айтыс алғаш рет Радловтың «Түркі тайпалары халық әдебиетінің нұсқалары» жинағына енді.
Сонымен бірге бұл айтыстың 1879 жылғы Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясына»
енгенін білеміз. Сәкен Сейфуллиннің 1931 жылы шығарған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары»
жинағында да айтыс мәтіні бар. ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында
сақталған үлгілері 1965 жылғы «Айтыс» кітабының 1-томында басылды (1 с. №1396, папка №256)
(Біз осы мәтін бойынша біршама салыстыру жүргіздік – Л.К.).
«Айтыс» жинағында Жанақтың өмір сүрген кезеңі туралы берілген мынадай мәлімет,
кезінде Мұхтар Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» монографиясында Жанақты ХVІІІ ғасырдың
айтулы ақыны деп айтқан ойындағы уақыт дерегінен алшақ. Әдебиет тарихында екі Жанақ
болғаны туралы да пікірлер болды. «Айтыс» (1965) жинағындағы түсінікте былай делінген:
«Жанақ ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазіргі Алматы Облысы, Талдықорған жерінде өмір
сүрген. Жанақ Түбекпен, Бақтыбаймен, Сарыбаймен тағы басқа көп ақындармен айтысқан. Жанақ
Түбекті балам деп сөйлеуіне қарағанда одан көп үлкен болса керек» [1, 536 б.].
Осы қысқа мәліметтегі Жанақтың өмір сүрген кезеңі жайлы деректің қайшылығы бар
сияқты. Түбекті балам деген дейді.
«Айтыс» жинағында Жанақтың бір айтысы ғана берілген. 1927 жылғы «Әдебиет
тарихында» Мұхтар Әуезов Жанақтың аса ірі айтыс ақындарының бірі болғаны туралы айтты.
Негізінде Жанақтың айтыс өлеңдері мол болғаны даусыз.
«Елдің айтыс өлеңді қатты қадірлегендіктен айтыс ақындары: Шөже, Кемпірбай, Жанақ,
Сарыбай, Мұрат, Тоғжан, Біржан, Сара сияқтылардың атағы қазақ ішіне тегіс жайылған» [2, 174
б.].
Жанақ ақын туралы зерттеу еңбектерде ақынның ХІХ ғасырдағы айтыс өнерін дамытып,
байыту еңбегі айтылып келеді. Соның ішінде ақын айтыстарының бір ерекшелігі – тұстас айтыс
ақындарының көпшілігінде бар қыз бен жігіт айтысы Жанақта кездеспейтіндігі ескерілмеген екен.
Ақында дін жұмбағы айтысы да жоқ.
Ақын айтыстарының әлеуметтік арқауы басым. Азаматтық, адамгершілік жайын алға
тастап сөйлейтін тұстары көп. «Жанақ пен Садыр» айтысында ешкі сойды деп, дәмге астамшылық
жасаған Садырға айтқанында Жанақ әйгілі «Тоқты менен ешкінің қаны бірдей, Жақсы менен
жаманның жаны бірдей» деген тоқетер сөзін айтады. «Төренің буы соққан аңғал ақын» деп,
күрделі, тосын эпитетпен қарсы жақ ақынның характерін ашып, ауызша портретін жасайды,
кейпін жеткізеді.
Жанақ ақын айтыстарында дәстүрлі ру таласы мазмұны да аса көзге ұрып тұрмауы – бір
ерекшелік.
Жанақ айтысында заман күйі, әлеуметтік теңсіздік жайы басым айтылып отырған. Ру
бәсекесі бар деген айтыстарының әлеуметтік желісі негізгі арқау екендігі көрініп жатады.
369
«Жанақ пен Түбек айтысы» – Жанақ ақын айтыстарының ішіндегі көрнекті айтыстың бірі.
Мұнда ру таласы басым. Тиісіп сөйлеген Түбекке Жанақ мұнда жүргені атасының көзі отырған
соң екендігін айтып, өзінің кедейшілік жайда, күнкөріс қамындағы халінен хабар берген.
Осы айтыста Жанақ әйгілі «Арғынның айналасы алты айлық жер» деген сөзін айтқан. Бір
тұста арғын, найманның біріне бірі бөтен еместігін де еске салып қояды. Арғынның найманмен
жарысына Жанақ өнерім артық деген уәж айтады.
Біздерді шу дегенде өлең басты,
Өлең айтсаң аруақ сенен қашты...
Бұл айтыста ру жарысы тек тілге тиек қана негізінде елдің тұрмыс-ахуалы орыс
отаршылдыының саясаты ауыр-ауыр әлеуметтік ақиқаттар айтылан.
Одан Жанақ та, Түбек те тартынбағаны көрінеді. Орыс бекет салған жерінде кедейшілік
тұрмыста қалған Жанақ ақынның күйі де, төрелік пен бегінің ісінен береке қашқан, елінің мінезі
тіршілік ағымында құбылып, қитұрқы күймен шапқылаған ауыр тағдыры, ащы шынлығы тұсау
салған Түбек ақынның күйі де бұл айтыстың ру айтысы мағынасындаңы мазмұнынан әлдеқайда
мол ұғымдарды қамтып жатқанына дәлел.
Орысым салған екен қырға бекет,
Еліңіз бермейді елеп қайыр-зекет.
Малдымын, жандымын деп арындап сөйлегенімен, Түбек бір сәт түпкі сырын да жайып
салады.
Ауылым Бес Қазылық, Үйтүндік-ьі,
Тоқсан бие сойдырып, жүз үй тікті.
Осы ақын сылқылдай бер, күн сенікі,
Қайғылы көкірегім, көңілім күпт.
«Жанақ пен Түбек» айтысы – 11 буынды қара өлең, өлең түрлері аралас келіп отырған,
қайым элементтері бар көлемді айтыс.
Жанақ:
Мен үйімнен шығып ем Ертісті өрлеп,
Үш жүзге айтып жүрмін сөзімді өңдеп...
Түбек:
Шығып ең сен үйіңнен Ертісті өрлеп,
Үш жүздің үш аулына алым бер деп...
Жанақ:
Ауылы Оспан ханның Беркі ағашта,
Атым Жанақ болғанда жетті алашқа...
Түбек:
Ауылы Оспан ханның Беркі ағашта,
Атың Жанақ болғанда алты алашқа...
Жанақ:
Ауылың сасық судан көшкен екен,
Ырысың, бәлем найман, өскен екен...
Түбек:
Ауылым сасық судан көшіп жүрген,
Ырысым жылдан жылға өсіп жүрген...
Жанақ:
А, балам, арғын қайда, найман қайда,
Арғындығымды көрсетейін осындайда...
Түбек:
370
А, Жәке, арғын қайда, найман қайда?
Арғын болсаң Қарқаралы қалаң қайда...
Жанақ:
Дегенсің менің атым ақын Жанақ,
Шалбарым бес теріден сеңсең балақ...
Түбек:
Дегенсің сенің атың ақын Жанақ,
Қойыпты қылғындырып құлқын тамақ...
Айтыс екі ақынның ел үстінен күнелтіп жүрген жайынан хабарлай басталады. Түбек
Жанаққа «Жамбы түгіл түк алмассың» дейді. Жанақ та «Мен де неге олжа алудан құр қаламын»
деп жарыса сөйлеп, айтыс жалғасып кете барған. Әрі қарай ру таласы түрінде сөз қағыстыру
жалғасады.
Жанақ:
Ақылың сасық судан көшкен екен,
Ырысың, бәлім найман, өскен екен.
Төре-қараң жиналып, кеңес қылып,
Жанақты бір жеңелік дескен екен.
Түбек:
Ауылым сасық судан көшіп жүрген,
Ырысым жылдан жылға өсіп жүрген.
Қамбардың кедей шалы келе қалса,
Бозбала дым бермеңіз десіп жүрген.
Жанақ:
Әу, балам, сенің өзің қай наймансың,
Қонағасы беруге жәй наймансың.
Арғынның айналасы алты айлық жер,
Кемдігіңді, балам найман, ойлағайсың.
Түбек:
А, Жәке, сіздің найман – бай найман ба?
Мейманға қонағасы жай найман ба?
Жаман, жаман дейсің де бір қоймайсың,
Жаман бала еркіңе қойғандай ма?
Жанақ:
А, балам, арғын қайда, найман қайда,
Арғындығымды көрсетейін осындайда.
Тарбағатай талқан болып келіп еді,
Төрт ұлы бәйбішенің қосылмай ма?
Осылайша ру атынан біраз сөз таластырып алып барып, ақындар әрі қарай ағылады.
«Шынында Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан, Құлмамбет, Жамбыл сияқты
талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі
ақындық жанры, көбінесе, айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болумен қатар,
барлығы да айтысқа ерте араласып, 15-16 жастарынан ақындық өнерлерін бастайды.
Сол айтыстардың бәрінде шын ақындар бір айтқанын қайталаған емес. Жаттандыны
айтпаған болса тек қана бір Шөже, Сүйінбай, Жанақтар өмірінде қаншалық ұшан-теңіз, суырып-
салма өлеңдер туғанын мөлшерлеу қиын емес. Бұл атақты ақындар жайындағы сөз» [3, 319 б.].
«Әр жылдар ойларында» (1959) Мұхтар Әуезов өзінің ілгерідегі («Әдебиет тарихы», 1927)
айтыс туралы ой-тоқтамдарын кеңітіп, таратып, тың байламдармен толықтырып отырған.
Айтыстың ру жайын қозғауы – бұл жанрдағы дәстүрлі желінің бірі екендігі туралы Мұхтар Әуезов
әр кезеңде де арнайы сөз қозғап келген. Ірі айтыс ақыны атанған Жанақ айтыстарының да бір
арқауы ру таласы айтысына апарып соғатын тұстары айқын айтыстары болса керек.
371
Жанақ пен Түбек айтысында ел өмірінің әжептәуір көрінісі бар. Жанақ ру атынан бармын,
баймын, көппін дегендей көсіле сөйлегенімен, сөз өзіне ойысқанда шындыққа жеңіліп былай
дейді:
Ұранымды сұрасаң арғын, найман,
Кедей Жанақ десең де ар қылмеймын.
Сонан кейін қайтадан елінде барды айтып, бойына күш-қуат құйылғандай өр сөйлеуге
ойысады.
Жанақ:
Оспанның асынғаны алтыннан қыл,
А балам, жеңе алмасам саған бір сын.
Алтай-Қарлық балам бар, алда – Жұман,
Тап өзінің жылқысы жиырма үш мың...
Айтыста байлық жарыстыру біршамаға жеткенде Жанақ ақын мынадай тапқыр сөзбен
Түбекке бір тосқауыл қойып тастайды.
Түбек:
Найманда бұрымынан толған қатын,
Тоқсан санды айдаған Қамбар батыр.
Сексен атан түйеге әрең артар,
Жүз сандық Бексұлтанда жамбы жатыр.
Жанақ:
Біздерді «Шу!» дегенде өлең басты,
Өлең айтсаң аруақ сенен қашты.
Кесер бас, жүрер аяқ жылқыңды айтша,
Ұрыдай не қылайын жатқан тасты.
Айтысқа Түбек тосылып қалған бір сәтте, арасында Сарыбай бір шумақ өлеңмен қосылған.
Айтыс тағы да бар мен жоқ, күнкөрістің қам-жайын жарыстыра барып біткен. Бұл
айтыстың кезеңінде аса бір көркем, суырыпсалма өнердің биігінде болған айтыс түрі болғаны
байқалады. өлеңде табылған тіркес, нақтылы жағдай аясындағы қарсы жақтардың көңіл-күй
бағыты сезіліп тұрған шебер қиюласқан сөз айшықтаулар мол. Тегінде бұл айтысты, айтыс
дәстүрі, айтыс шартымен кейіннен жеңіліс тапқан қайта жырлап шыққан да болуы мүмкін. Соның
өзінде екі ақынның да беталысы, өзіндік машық, дағдысы сезіледі.
Жанақ сөздерінен арғы-бергіні көп көрген, еркіндікке мүмкіндік мол айтыс өлеңнің өзінде
кісілікті ұстанып отырған, әдептен аса озбаған ой мәдениеті, сөз мәдениеті көрінеді.
Руын арқаланып өктемдеу кетіп отырған Түбекке қаратып айтқан айтыстың түйін
сөздерінде Жанақтың ақындық мәдениеті айқын.
Жанақ:
Түбек маған қылады омырауын,
Найман оған тағады қоңырауын.
Көрмегендей мақтанба, балам, Түбек,
Үзеңгінің үзерсің шараң бауын.
Түбек:
Өлеңімді айтамын жағым тынбай,
Сірә, мені жаңбейсің, Жанақ сұмырай.
Сені де қалашылар мақтамайды,
Үйіңнің тесігі бар сексен мыңдай.
Жанақ:
Үйімнің сырты жаман, іші тәуір,
Сен, Түбек, қатыгезсің қара бауыр.
Үйімде тығып қойған жүз жамбым бар,
372
Шетінен ап жеп жатыр қаншама ауыл.
Жанақ – әдебиет тарихында аты қалған, қазақ сөз өнерінің өрісінде ауқымды орны бар
әйгілі ақын.
Жанақ – өз дәуірінің ғана емес, жалпы қазақ сөз өнерінің тарихындағы елеулі тұлға.
Жанақ ақынның өмірбаян дерегін баяндауында профессор Ханғали Сүйіншәлиев оның
шамамен 1770 жылдары туып, 1848 жылдары қайтыс болғанын айтады.
Жанақтың әдеби мұрасы әдебиет тарихы оқулықтарында, қазақ әдебиеті тарихын зерттеген
арнаулы монографиялық еңбектерде, хрестоматиялық жинақтарда басылым көріп, насихатталып
келеді. Жалпы, жанақтану Шоқан Уәлихановтан басталады. Кезінде Жанақтың әдеби мұрасына
еуропалықтардың да назар аударғаны белгілі.
«Тілмаштар маған жол бойы Жанақ туралы әңгіме айтып келді. Ол бұл өңірге аты
жайылған жыршы-әнші емес, жуырда қайтыс болыпты» [3].
Жанақтың әдеби мұрасы кейінге тұтас сақталып жеткен жоқ. Соның өзінде ақынның асқан
қазақ өлеңін жаңа тіл қолданыс, түр ерекшелігімен байытып, дамытқан; ақындық дара даусы
айқын сөз шебері болғанын тану қиын емес.
Жанақ қазақ әдебиетінің тарихында суырыпсалма ақындықтың үздігі, айтыстың дүлдүлі
саналады. Ақынның «Рүстем төреге айтқаны» арнау өлеңі – қазақ әдебиетінің тарихындағы арнау
жанрының айрықша үлгісі. Әлеуметтік астары қалың бұл арнау өлең – Жанақ поэзиясының өзінше
бір бөлек асқары. Жанақ ақынның айтулы ақындығын қазіргі кезеңде де жаңа бір қырларынан
қарастырып зерттеп, тың, тосын сыр-жұмбағын ашуға ұмтылу – ғылым талабы.
Жанақтың өмір сүрген дәуірі ХІХ ғасырдың бірінші жартысы. Қазақ жерінің отаршылдық
екпінін айқын, пәрменді ереже, заңдардың ауқымында сезіне бастаған кезеңі. Ақын өлеңдері осы
мәнде, үстем зорлыққа наразылық, қарсылық көрсете сөйлеу мағынасында асқан әлеуметтік
астарлары бар поэзия. Жанақтың көп қырлы өнерпаздық тағдырының бір арқауы – айтыс өлең.
Жастай ел ішін аралап, ақындыққа бой ұрып, сол бағытта ауқымды өнеге көріп, тәрбие алған ақын
кейін қазақтың айтулы ақпа, суырыпсалма өнерпазы болып танылды.
Жанақ ақынның Түбек, Балта, Сабырбай, т.б. ақындармен айтыстары сақталған. Жанақтың
өнерпаздық қырындағы бір ерекшелік – ақынның өлең-жырды қобызға қосып, орындауы. Бұл
мәнде Жанақ дәстүрлі көпқырлы өнердің (синкретті) сақтаушысы, дамытушысы.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы, 1958. – 403 б.
2. Өмiрәлиев Қ. ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы: Ғылым, 1976. –
270 б.
3.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Санат, 2006. – 904 б.
Достарыңызбен бөлісу: |