Түйінді сөздер: Ақын-жыраулар, даналық ойлар, философия, психология, ақыл, нақыл,
ғибрат, өсиет, рухани мұра.
Әрбір халықтың рухани байлығы – ғасырлар бойы даму тарихында жасалған, ұрпақтан-
ұрапаққа ауысып отыратын мирас. Басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да өзіне тән тарихи
басынан кешкен кезеңдері, өрлеу сатылары, әрбір дәуірге лайық мәдени мұрасы, асыл өнері бар.
Адамзат ақыл-ойы туғызған небір ғажайыптар ішіндегі уақыт сынына төтеп беріп, адамзатпен
жасасып, келе жатқан ең көне, ең бір құдіретті өнер – ол сөз өнері. Дүниені билейтін – сөз, сөзді
билейтін – атақты шешендер, би-көсемдер, ақын-жыраулар екені әлимсақтан белгілі жай.
Халқымыз қалдырған көркем сөз өнері баға жетпес мол қазына. Оның ішінде қамал бұзар
қаһарлысы да, шебер қиылысқан қисындысы да, нөсердей құйылған төкпе туындысы да мол.
Асылды жасықтан айыра білген халық шешендерінің аузынан шыққан философиялық тұспалдар
мен нақылдар өмір ережесіндей ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, адамгершілік үшін қызмет етіп келеді.
Өшпес, өлмес мұрамыздың мол бір саласы – мақал-мәтел,шешендік сөздер, саналы да салмақты
жыраулар қалдырған философиялық терең ойлы толғаулар мен арнаулар,ерлік эпикалық жырлар,
жыраулар дәстүрін жаңарта, жақсарта жалғастырған төкпе ақындардың философиялық өнегеге
толы поэзиясы.
Қазақтың шын мәніндегі авторлы әдебиеті осы аталған жыраулар мен шешендер мен төкпе
ақындар творчествосының өркендеуіне байланысты. Халқымыздың даналығы мен саналығының
айқын көрінісі, оның бай ауыз әдебиеті десек, оның ең алғашқы туғызушысы да, жетілте жырлап,
395
талай ғасырлардан аман алып шығып, кейінгі ұрпақтың қолына аман табыс етушісі де жезтаңдай
жыраулар мен адуын ақпа ақындар. Жыраулар – сөз өнерінің ілкі авторлары, ақындыққа жол
ашқан асыл сөз шеберлері, халықтың шешендікпен ұштасқан ойлы – сырлы толғау, арнау,
термелер мен эпостық жырлардың бастау бұлақтары . Поэзия – өнердің көне түрі. Адам өмірінің
қат-қабат қыры мен сыны, қуанышы мен қайғысы, арманы мен мұраты - баршасы поэзияда барлық
бояумен, сан-қилы философиялық терең де сырлы ою-өрнегімен көрініс табады. Қазақ халқының
бай ауыз әдебиеті мұрасының дені – поэзиялық шығармалар. Көне қазақ поэзиясы өлең, толғау,
ғашықтық жырлар, айтыс, батырлар жыры, қисса, т.б. түрінде жеткен. Қазақ халқының ғасырлар
бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы ақын-жыраулардың жарыққа шығарған
философиялық өнегеге толы өлең-жырлары болып саналады. Бұлар қазақ мәдениеті мен
әдебиетінің аса маңызды мұралары.
Ақын-жырауларды қазақ халқы ақылгөй атадай ардақтап, олардың ақыл-нақыл
тұжырымдарын ынталы ықыласпен тыңдап қадір тұтады. Өлең-жырларында Отанды, халықты
сүю, елдің береке-бірлігін сақтау, әділетті жақтау, жамандық-пасықтыққа қарсы тұру сияқты
адамгершілік дәріптеліп отырды. Ақын-жыраулар халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлады.
Ақын-жыраулар халық басына келген қайғыға да, ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы
жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.
Біз алдымен ақын-жыраулар шығармашылығы мен поэзиясына кіріспестен бұрын жыр,
жырау, толғау деген сөздердің мағынасын ашып алайық. Жыр (көне түркі тілінде-иыр) кең
мағынада, поэзиялық шығармалардың жалпы атауы. Көне түркі тіліндегі «иыр» сөзі де қазіргі
«поэзия» терминінің мағынасында қолданылған. Бұл атау дәл осы мағынада қазіргі
қарақалпақ,қырғыз, ноғай, қарашай, балқар, башқұрт,татар, т.б. түркі тілдерінде әлі күнге дейін
қолданылады; 2) тар мағынада-қазақ халық поэзиясындағы 7-8 буынды өлең өлшемі, поэзиялық
шығарма жанры.Қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, тарихи жырлар, лиро эпостық жырлар,
жоқтаулар, жыраулар поэзиясы, толғаулар, термелер, т.б. түгел дерлік поэзияның осы өлшемдегі
үлгісіне құрылған.
Жырау – өз жанынан жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды
орындайтын халық поэзиясының өкілі. Жырау атауы «жыр» сөзінен туындайды. Махмұт Қашқари
жырау сөзін «йырағу»- деген өлең шығарушы, музыкант деп түсіндіреді. Дәстүрлі қазақ
қоғамында жыраулар қазақ халқының рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастыратын қайраткер
рөлін атқарады. Жыраулар жаугершілік заманда жорықтарға қатысып, кейде, батыр, қолбасы бола
жүріп, ел қорғау азаматтық тақырыптарға арналған өлең-жырлар туғызған. Жыраулар қолданған
көркемдік тәсілдер оның поэзиясының ішкі орайлас. Әйткенмен жырау бағзы замандардың өзінде,
ең алдымен, сөз зергері ретінде танылды. Туындылары адам көңілін дөп басар әсерлігімен, мірдің
оғындай өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, қиыннан қиыстырған
көркемдігі және қуатты серпінділігімен ерекшеленеді. Жыраулық қызмет көшпелілер арасында
ежелгі арий (абыз-дар), сақ, ғұн дәуірлерінен бастап жоғары бағаланған. Түркі қағанатының
тарихын тасқа қашап жазған Иолық тегін,оғыздардың ұлы озаны Қорқыт ата көшпелілер
қоғамында үлкен рөл атқарған. Ал кейінгі қазақ әдебиеті тарихында жыраулар шығармалардағы
үлкен бір кезеңді қамтиды.
Жыраулық поэзия – 15-18 ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы.Біздің дәуірімізге,
негізінен, ауызша жетті. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа
даңқы жеткен Қодан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған жыраулар жаңа әдебиеттің
ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады.
Жыраудың ең сүйікті жанры – толғау. Толғау, осы сөздің өзінен де көрінетіндей,толғану,
толғаныс деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Сондықтан да
толғаудың өзін ойға құрылған толғау, сырға құрылған (лирикалық) толғау деп жіктеуге болар еді.
Ой толғауларда жырау-ең алдымен философ. Мұндай толғаулар нақыл, тақпақ, афоризм
түрінде келеді. Атақты жыраулардың толғауларында кездесетін афористік сөздердің көбі мақал-
мәтелге айналып кеткен. Сонымен бірге жырау өзінің замана жайындағы түйгендерін мораль,
этика хақындағы ойларын баяндайды, қоғамдық мәселелерді көтереді.
Қазақ жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі Асанқайғы Сәбитұлы (XIV-XV) Еділ бойында
дүниеге келген. Асанқайғының «Жерұйық» іздеуіне қатысты айтылатын аңыздардан да халықтың
396
бас құрап, ірге орнықтырып, ел болу қамын ойлауда оған шешуші міндеттің жүктелгені
байқалады. Асан аты халық арасына ертеден қанықты болса да, оның өзі тұлғасы тым
көмескіленіп, бұлдыр сағымға айналып кеткен болатын. Әрі мемлекет қайраткері, әрі философ,
ақын ,халықтың қамын ойлап, қабырғасы қайысқан ер-азаматтың тұлғасы оның сөздерінен
жарқырап көрінеді.Қазақ халқының тарихындағы аласапыран, алмағайып дәуірдің ақиқатын
көркемдеп айта білген, еліне өшпес өнеге, кемел кеңес қалдырған.Асанды данышпан философ-
ақын десек артық айтылғандық болмайды. «Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады.Таза мінсіз
асыл сөз, ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас, жел толқыса шығады. Ой түбінде жатқан сөз,
шер толқытса шығады». Бұл жолдарды дүние жүзінде аты мәшһүр дүлдүл ақындардың
қайсысының да шығармасымен қатар қоюға болады.
Асан айтқан шешендік, тапқыр сөздер, Асан айтқан философиялық негізге толы толғау
жырлар, әрине, өте көп болған. Бізге соның кейбір нұсқалары ғана жетіп отыр. Асан сөздерінің
дені: «Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн
көрер. Жалаң аяқ байпаңдап қаздар қайтіп күн көрер, шыбын шықса, жаз болып таздар қайтіп күн
көрер», - іспеттес нақыл, толғау түрінде келсе керек. Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан
иесі мақұлықтардың бәрінің тіршілігі толғантқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-
гуманисттердің типіндегі ойшыл ретінде танылады. Кейін аңызға айналып, аты ұрпақ аузында
құрметпен аталған адам теңіздей терең ақылдың иесі болғандығы күмәнсіз.
Қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі – Қазтуған жырау Сүйінішұлы. Қазтуған – ірі эпик,
ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик ақын болған. Қазтуған өз артына өмір
туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан
құралған мол философиялық әдеби мұра қалдырды. Бұлардың дені сақталған. Қазтуғанның біздің
дәурімізге жеткен жырлары табиғат арасындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған
орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен
әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сыйпатын танытады. Қазтуғанның
ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған
әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Қазтуған Сүйінішұлының тек қана ақындығын
ғана біз айтпай-ақ, ол өз заманының әрі батыры, әрі күйші, әрі биі, әрі ділмар шешені болған.
Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр:
«Бұлт болған айды ашқан,мұнар болған күнді ашқан, мұсылман мен кәуірдің арасын бұзып
өтіп дінді ашқан – Сүйінішұлы Қазтуған!!!»[1, 28]. Бұл нағыз керемет терең ойлы да, «таза
далалық поэзия!», - дейді жазушы әрі зерттеуші Мұхтар Мағауин. Иә, бұл жолдар тек қазақ тілінде
ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті.
Шағырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құсты жисаң бүркіт жи,
Қыс тоныңды түлкі етер,
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас, тозбас мүлкі етер [2,43].
Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленұлы 1465 жыл шамасында Жайықтың
шығыс бетінде дүниеге келеді.Шалкиіз жыраудың туындылары көңіл пернесін дөп басар
әсерлігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен,
сұлу сазды көркемдігі, асау серпінді қуатымен ерекшеленеді.
Зерттеуші М.Мағауин Шалкиіз өлеңдерін ауызша да жазбаша да шығарған деген пікір
айтады.Әбден мүмкін нәрсе.Қазақ даласында жазып шығаратын шайырлық салт әркезде болғаны
ақиқат.Сол дәстүрді замананың білікті, беделді кісісі, билеуші әмірлермен терезесі тең адамша
жауаптаса алатын ойшыл, философ жырау Шалкиіздің де ұстануы ықтимал.Ақын-жыраулар
сауатсыз болған емес.Олардың көбі өз дәуіріне лайық кітап білімін де алып отырған. Шалкиіз
397
өскен далада философ, ғұлама данышпан А.Иассауи де, Сараи де өмір кешкенін ұмытпалық [1,
136].
Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанда, Қаратау бойында ауқатты семьяда
дүниеге келеді. Болашақ жырау жамағайын туысы Бердіке деген батырдың қолында өседі.
Жоңғарлар басқыншылығына қарсы жорық дәуірінің қаһарманы Ақтамберді жырау
жырлары да өзінен бұрыңғы дәстүрді жалғайды.Жыраудың ең мықты мұраты-қазақ елінің кең
далада еркін жайлап, азат күн кешуі.Дала өмірінің өзіне тән сәні мен салтанатын Ақтамберді зор
сүйіспеншілікпен жырлайды:
Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма,
Биенің сүті сары бал-
Қымыздан асқан дәм бар ма!
Желіде құлын жусаса,
Кермеде тұлпар бусанса,
Сәні келер ұйқының,
Жылқы қолдан тайған соң,
Қызығы кетер күлкінің.
Қыздың көркі құлпыда,
Жігіттің көркі жылқыда [2 , 60].
Ол сахара тіршілігінің ішкі қатпарларын емес, нұрлы күнгей жағын ғана
көреді.Ақтамбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын толғау өлеңі дала гимні
тәрізді.Оның өлеңдерінен төніп келе жатқан сырт жауға деген наразылық орын алуы да барынша
табиғи.
Ұлы дала бастан кешкен ұзақ сонар қилы тарихтың қиын – қысталаңдарында орда бұзар
батырларымыз бен қалың жауға ақ алмастай қайрап салар аруақты ақындарымыз қоян-қолтық
жүріп қайрат көрсеткен-ді. Жоңғар басқыншыларына қарсы жүздеген жылдарға созылған Отан
соғысында туған жыраулар поэзиясының жойқын дүбірі ішкі әлеміңді әлі күнге дейін әлемет
дүрліктіріп, делебенді қоздырмайқоймайды.Азуы алты қарыс Абылай ханның Ақ Ордасында
алысты болжаған абыз әрі ақиқат ақберені Бұқар жырау ақылмандық қызмет атқарды.
Халық «өнер алды – қызыл тіл»десе, Бұқар – бұл мақалдың даналығын әбден ұғынған адам.
Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау: «Ел бастау қиын
емес- қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес - шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ»-дейді. Бірде Абылай: «Қазына қайда?»-деп
сұрағанда жырау: «Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі алтын, бір езуі күміс , аузы
қазына», - депті.
Бұқардың өзі осы қазынаны –сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді. «Өз заманындағы
жандар бұл кісіні көмекей әулие» деседі екен,-деп жазады Мәшһүр Жүсіп. –Қара сөз білмейді, тек
сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».
Бұқар – халық поэзиясы үлгісін меңгерген нөсер тілді шебер, философ ақын.Оның
шешендігі, әсіресе жыраудың толғауларынан анық байқалады.Ауыз әдебиетінде қалыптасқан
жыр,толғау үлгілерін барлық жырауларға тән үлгі десек, Бұқар шығармалары соның куәсі
боларлық.
Заманының озықтығы,қазақ әдебиетінің ескімен салыстырғанда біршама өскендігі және
өзінің зор таланты мен ақындық интуициясының тереңдігі Бұқарды жекелеген реттерде көне
сүрлеуден шығарып жіберіп отырады. Бұқар кейін Абай қазақтық еткен Еуропалық поэзия
үлгілеріне жақын барады.
Бұқардың ақындық қуатын танытатын бұл жолдар Еуропалық лириканың озық үлгілерінің
деңгейінде.
«Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!
398
Ілімді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат!
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап , көңілі қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да,
Үмітін қоймас адамзат!» [2, 98].
Бұл сияқты шығармалар Бұқарды шығыстың Рудаки сынды өлең алыптарымен бір қатарға
шығарады. Бұқар өлеңдері өзінің құрылысы жағынан толғау түріндегі көп жолды шумақтан
тұрады.Ұйқас белгілі бір орындарды қайталанып, өлең ырғағын сақтап отырады. Бұқар өлеңдері –
өзінің стилі жағынан ауыз әдебиетімен және өзінен бұрын жасаған Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз
жыраулар толғауларымен сабақтас, ақыл, нақыл, ғибрат, өсиет ретіндегі дидактикалы толғаулар.
Бұқар шығармашылығы өзіне дейінгі және кейінгі дәуір ақындарымен туыстасып, жалғасып
жатыр. Ол қазақ поэзиясының желілі бір сарынын танытады.
Туған әдебиетіміздің түп негізі көне дәуірге – түркі тайпалары әлі жеке-жеке халық боп
жіктелмеген, ортақ мәдениет, ортақ мұра жасап жүрген кезеңге барып тіреледі. Ал туыстас түрік
руларының біртобы қазақ деген атпен бөлініп, өз мемлекетін құруымен байланысты, XV ғасырдың
орта шенінен бастап дербес, қазақ атымен аталатын әдебиет аренаға шығады. Ертеде өткен ақын-
жыраулар шығармашылығы бірімен-бірі сабақтас екендігі, алдыңғы ұрпақтан соңғы ұрпақ үлгі
алып, олардың жақсы жақтарын өрге бастырып отырғандығы байқалады. Қанша заман өтсе де,
ақын-жыраулар поэзиясындағы даналық ой-толғамдар өз құндылығын жоймақ емес.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Мағауин, М. Ғасырлар бедері. Әдеби зерттеулер. - Алматы : Жазушы, 1991. - 427 б.
2 Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. 1-том. – Алматы: Жазушы, 1989. – 384 б.
Достарыңызбен бөлісу: |