Түйінді сөздер: қазақ тілі, кірме сөздер, араб-парсы тілі, монғол тілі.
Қазіргі таңда тіл біліміндегі өзекті мәселелерді айтар болсақ – тілдік байланыстардың өзара
қатынасы мен оған берер әсері. Міне, осындай қатынастардың жақсы мысалы ретінде кірме
сөздерді айтуға болады. Осы кірме сөздердің зерттелуін көптеген ғалымдар өздерінің еңбектеріне
қосқан болатын. Мысалы, белгілі зерттеуші К.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» деген еңбегінде
кірме сөздерге түсініктеме беріп, талдау жасалса, Ә.Болғанбаев пен Ғ.Қалиевтың «Қазіргі қазақ
тілінің лексикологиясы мен фразеологиясында» нақты анықтама беріліп, қазақ тіліне енген
сөздерге мысалдар келтірілген. Сондай-ақ Л.З.Рүстемовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы
кірме сөздері» еңбегі де ауқымды мәлімет береді. Кірме сөздер дегеніміз тілдің өзіндік сөзжасам
тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған немесе олардан енген сөздер. Яғни сөздің
дыбыстық тұлғасы да, мағынасы да өзге тілге қатысты сөздер кірме сөздер делінеді [1, 133]. Біздің
тілімізбен араб-парсы, моңғол, орыс тілдері айтарлықтай жақсы қарым-қатынаста болған. Себебі,
осы тілдерден енген сөздер тілімізге әбден сіңісіп, өзіміздің сөз іспеттес болып кеткен. Мұны біз
жазушылардың еңбектерінен де көре аламыз. ХХ ғасырдың екінші жартысында жазылған
М.Мағауин, Д.Исабеков, Қ.Жұмаділов, Т.Әбдіков сынды жазушылардың прозаларынан
кездестіруге болады.
Араб-парсы элементтері қазақ тілінің сөздік қорынан белгілі бір орын алатынын жоғарыда
әңгіме еттік. Мұндай сөздер қазақ тілінде қолдану өрісі мейлінше кең, әрі алуан түрлі болып
келеді [2, 30]. Осындай сөздерді Т.Әбдіковтың «Өліара» еңбегінен кездестіреміз. «Бәрекелді,
дұрыс болған екен, - деп босағаға кебісін шеше бастады.» [3, 8]. Бұл сөйлемдегі кебіс сөзі парсы
тілінен енген кірме сөз. Бұл сөз аяқ киім мағынасында иран тілінде де бар. Бірақ тұлғасы «кәфш»
қалпында көрінеді. Әрине, бұл сөз түбірінің алғашқы мағынасы басқаша болғандығын да иран
тілінен іздеп табамыз. Онда «кәф» немесе «кәфф» - аяқтың табаны деген мағынада қолданылады.
Дүние жүзіндегі бірқатар тілдерде (үнді, араб, ескі ағылшын, фин, эстон сияқты тілдерде) «һоф»,
«кәпп», «кәппә» тұлғалы сөздер «табан» мағынасында ұғынатындығын да ескерте кетеміз.
«Табан» мағынасын беретін басқа тілдердегі «кәф», одан туындаған «кәфш» сөздері қазақ тіліне
ауысқаннан кейін «кебіс» іспеттес дыбыстық өзгеріске ұшырап, мағынасын дәлірек қазақшаласақ -
«табандық киім» болмақ [4, 131]. Бұл сөз бізге парсы тілінен енгенімен түп-төркіні иран тілінен
шығып тұр, осылайша иран сөзінің қазақ тіліне парсы тілі арқылы кіргенін аңғарамыз. Сондай-ақ,
«Қайда екенін өзі де білмейді; жүк тиелген арбаның алдында жұпыны киініп, көшірге ұсап, бүрісіп
отыр, артында – бет аузы жылаудан ісіп кеткен Бикен, арба шоқалақтаған кезде өз денесіне өзі ие
бола алмай, байлаусыз мүліктей қисаң-қисаң етеді.» [3, 351] деген сөйлемнен мүлік сөзін алуға
болады. Бұл сөз араб, парсы тілдерінен ауысып, мағынасы бізде – мал, дүние қалпына айналған.
Ал аталған тілдердегі мағынасы өзгеше, Арабтарда мүлэк – меншік, иелік, парсы тілінде мэлки –
жеке меншік. Осы сөзден, әсіресе, араб тілінде «иеленуші, билеуші, жекеменшік иесі» деген
мағыналарды беретін «мәлік» сөзі пайда болған. Бұл сөз қазақ тілінде адамға есім болып
қойылады [4, 211-212]. Тағы да бір мысал, «Арғы беттен келген қалмақтар намаз оқып отырған
Сейіт батырды өлтіріп кетіп, содан зиратқа айналған екен» [3, 345].
146
Бұл сөйлемде намаз сөзінің басқа сөзден кіргені анық байқалады. Сөздің алғашқы шыққан
төркіні парсы тілі деп танылып жүр. Оның «намаз» тұлғасы мен беретін мағынасы парсы тілінде
де кездесетіні рас. Кейбір түркі тілдеріне парсылардан ауысуын да теріс деуге болмайды.
Түптен келгенде, ертедегі түркі жазба сөздің алғашқы тегі санскриттен екендігі
анықталады. Санскритте намо – тізе бүгу, еңкею, иілу. «Намо» түбіріне парсы тілінде «з» дыбысы
қосылып, бас ию, құлшылық, құрмет ету мағынасына дейін өзгерген [4, 217]. Бұл сөздер араб,
парсы тілдерінен қосылса да, олардың негізгі шығу төркіні басқа екенін аңғардық.
Қазақ тілінің моңғол тілдерімен қарым-қатынасы екі түрлі жағдайда қарастырылады.
Біріншісі, моңғол тілдерінен кірген сөздер әкімшілік, ел билеуге байланысты болса, екіншісі, қазақ
тіліне моңғол тілдерінен ауысқан сөздерден басқа олардың бірінен біріне ауысты деуге келмейтін,
екеуіне де ортақ сөздер жайында [1,140]. Оған бір дәлел М. Мағауиннің «Аласапыран» еңбегі.
Мысал келтірер болсақ: «Қала ішінде ханға сенімді, қиындық күндері қасында болған, бұқаралық
Баба-Сұлтанның басын кескен басқа талай сұлтанды тітіреткен, ақыры Тәуекелді осы дәрежеге
жеткізген атақты әскердің мың қаралы ғана аламан бар» [5, 9]. Аламан сөзі моңғол тілінде «алам»
біздегі «ін» мағынасында қолданылады. Осыны тілге тиек етіп, «алам» тұлғасына –ан жұрнағы
қосылып, «аламан» атауы пайда болған [4,13]. Моңғол, қалмақ тілдеріндегі өлтіру, жанын алу,
малды сою, өлім әкелетін, өлтіретін деген мағыналардағы ала /х/ сөзі. Ал, түркі тілдерінде аламан
сөзінің мағынасы – талдау, тонау, шабу мақсатында жиналған топ, отряд дегенді білдіреді [6, 30-
31]. «Бірақ ол елшіні, қасындағы барлық нөкерімен бірге жолда Көшім ханның ант атқан інісі
Махметқұл ұстап алып, азаптап өлтірген көрінеді» [5, 19]. Нөкер сөзі негізінен моңғолдың әскери
жағдайында көп қолданылған сөз. Кейіннен моңғол шапқыншылығы кезінде тілімізде тұрақтап
қалған. Бұл сөз хандық дәуірде көп қолданылып, бертін келе қолданыс аясы тарылған. Нөкер хан
мен бек, сұлтандардың қасында жүретін қызметшісі, серігі болған [7, 619].
Араб, парсы, моңғол тілдерінен басқа қазақ тілі орыс тілімен етене жақын десек
қателеспенедігіміз. Орыс тілінен түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне, ертеректе еніп
қалыптасқан сөздердің сіңісіп кеткені соншалық, олардың басқа тілдік сөздер екені бірден
аңғарылмайды. Түркі тілдері мен орыс тілінің бір-бірімен сөз алысуы бұл тілдерде сөйлейтін
халықтардың жүздеген жылдар бойына қарым-қатынас жасап келуінің нәтижесінде болды [8, 152].
Осындай сөздерді өз прозасында қолданған жазушылардың бірі Қ.Жұмаділовтың «Көкейкесті»
романынан мысал келтірсек. «Ол өзінің поезд үстінде, купелі вагонның жоғарғы сөресінде
жатқанын аңғарды» [9, 4]. Бұл сөйлемдегі поезд сөзі қазақ тіліне енгеннен кейін пойыз болып
қолданылып жүр. Қазақ тілінде жүрнақ, жалғаулардың ереже бойынша жалғануына байланысты,
халықтың айтуына да ыңғайландырылған. Негізінен пойыз дегеніміз – бір не бірнеше
локомотивке тіркелген вагондар тізбегінен тұратын теміржол құрамы [7, 677]. «Құсайын
жігіттерге ым қағып, қолдарына су құйған боп, бір-бірлеп далан үйге шақырып алды да, қырлы
стақанмен сол арада тартқызып жіберді» [9, 203]. Бұл жердегі мысалға алып отырған сөз – стақан
сөзі. Орыс тіліндегі стакан сөзінің этимологиясы түркі тілдерінің достақан, тостақан сөзімен
байланыстырылады. Стакан сөзі «шыныдан жасалған ыдыс» мағынасында орыс тілінен түркі
тілдеріне қайта келіп енді. Қазірде қазақ тіліндегі тостақан мен стақан екі басқа сөз ретінде
ұғынылады [8, 154]. Сонымен, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы проза жазушыларының
еңбектерінде кірме сөздер айтарлықтай деңгейде қолданылған.
Қорыта келе, қазақ тіліміздің қаншалықты нақышты, ыңғайлы екенін айта кетсек. Себебі,
мейлі ол орыс, мейлі ол парсы, тіпті араб тілінен болсын енген сөздерді өз тілімізге қарай
ыңғайлап, кірме сөзді төл сөзіміздей етіп қолданамыз. Қай халықтың болмасын сөздік қоры мен
құрамының толығуына кірме сөздердің де айтарлықтай рөлі бар және де кірме сөздерсіз тек қана
өзінің төл сөздерін қолданатын халық жоқ екен. Жоғарыда келтірілген мысалдарды тікелей мына
тілден енген деп айтқанымызбен, негізгі сөздің шығу төркіні, мағынасы басқа тілдің аудармасы
бола алған. Яғни, мұнда айтпағымыз бір тіл арқылы екінші бір тілдегі сөздердің ауысуын,
сөздердің қолданылу аясының кеңейуі десек те болады. Осы арқылы тілімізге жаңа сөздер еніп,
тілдегі лексиканың да толығуына септігін тигізді.
147
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Болғанбаев Ә., Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. –
Алматы «Дәуір», 2003. – 264 б.
2. Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері. – Алматы «Ғылым», 1982.
– 160 б.
3. Әбдіков Т. Өліара. – Алматы «Жалын», 1985. – 352 б.
4. Нұрмағамбетов Ә. Бес жүз бес сөз. – Алматы «Рауан», 1994. – 304 б.
5. Мағауин М. Аласапыран. – Алматы «Жалын», 1981. – 384 б.
6. Сыздық Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы «Санат», 1994. – 272 б.
7. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті. Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы «Дайк-Пресс», 2008. – 968 б.
8. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы «Өлке», 2010. – 560 б.
9. Жұмаділов Қ. Шарайна. – Алматы «Жалын», 1982. – 466 б.
Достарыңызбен бөлісу: |