қап бөлек тұрғандағы қап деген сөздің дәл өзі емес, мағынасы бірқатары өзгерген
сөз болып шығады. Сондықтан, ол қол сөзімен бірігіп барып, бір-ақ сөз болып
кірігіп, орыс тілінде рукавицы, перчатка дейтін бір-ақ нәрсенің аты болып кеткен.
Кіріккен сөздердің ішіндегі жеке сөздердің әрқайсысының өз алдына жеке
мағынасы болмай, бәрі бірігіп барып, бір-ақ мағына береді деп осындайды
айтамыз.
Тағы да бірер мысал алып көрейік: сармай деген сөз кіріккен бір сөз бе, жоқ,
сарысы өз алдына бір сөз де, майы өз алдына бір сөз бе? Мұны білу үшін сары
деген сөз бұл арада өзінің әншейіндегі түс мағынасында тұр ма, жоқ, одан өзгерген
бе? Осыны ашып алу керек. Егерде сармай деп аталатын заттың түсі әр уақытта да
сары болатын болса, онда мұндағы сары сөзі өз мағынасында дер едік. Олай емес:
сармайдың сары емесі де – ағы да, көгілдірі де болады. Сондықтан, «мынау сармай
сары екен, мынау сармай ақ екен» деп айта аламыз. Міне, мұнда сармай дегендегі
сары түстің аты емес екендігін, бір кезде майдың түсін көрсету үшін жұмсалғанмен
де, бүгінде майдың түсін ашу үшін емес, тегін ашу үшін – қаймақтан жасалған
май екендігін ашу үшін жұмсалатын кіріккен сөздің бір бөлшегі екенін көреміз.
Өйткені, түсі сары емес майды да (түсі ақ, көгілдір майларды да) сармай дейтін
болсақ, мұндағы сары түс мағынасында болмағаны болады. Сондықтан, мұндағы
сарыны сары, cарырақ дегендегі сары мағынасынан айырылған деп тану керек
болады. Олай болса, сармай деген кіріккен сөз болып шығады.
Біздің сым темір деген сөзімізді татар тілінде тимір шыбық дейді. Әрине,
әуелде мұндағы тимір (темір) деген сөз шыбықтың ағаш шыбық емес, темірден
жасалған екендігін көрсету үшін қосылған. Бірақ, бүгінде татардың тимір шыбық
дегендегі тимір деген сөзі темір мағынасында емес. Өйткені, сымның қандай
металдан жасалған екендігін ашып айтқысы келсе, татарлар: «бұсы бақыр тимір
шыбық, бұсы тимір тимір шыбық» деп айырады. Тимір шыбық дегендегі темір өз
мағынасында тұрған болса, бақырдан жасалған сымды бақыр шыбық дер еді де
қояр еді. Тимір шыбық деген сөзге бақыр деген сөзді әкеліп анықтауыш қоймас еді.
Өйткені, бұл нәрсе әрі темір, әрі бақыр болуы мүмкін емес қой. Таяқты не ағаш
таяқ деп, не темір таяқ деп қана айта аламыз ғой, «бұл таяқ – ағаш темір таяқ»
деп айта аламыз ба? Оның үстіне, темір деген сөздің өзін екі қайтара айтып, темір
темір шыбық демес еді. Темір деген сөзді мұндай екі қайтара айтып отырғаны екі
темірдің біреуі темір мағынасынан айырылып қалғандықтан.
Осылай болып, екі сөзден, немесе үш сөзден құралған тіркестегі бір сөздің,
не барлық сөздің мағынасы өзгеріп, бұрынғы мағынасынан шығысқан болса, ондай
тіркестің бәрі жиналып, бір мағынаны көрсетеді де, бір-ақ сөз болады. Сондықтан,
сөйлемде де бәрі жиналып барып бір-ақ мүше болады.
Үшінші, кіріккен сөздердің қайсы біреулерінде біреуінің не екеуінің де
формасы жай қалпындағыдан өзгеріп, басқа түрге түседі. Мысалы, ашудас, белбеу
т.т.
Қолғап деген кіріккен сөздегі қап деген сөздің басындағы қ дыбысы алдыңғы
сөздің соңғы сонар дыбысымен өзгеріп, үнденіп ғ дыбысына айналған да ғап түріне
көшкен. Бірақ бұл – қап сөзінің түрі өзгергендігінен емес. Қазақ тілінде қ, к, п
дыбыстарынан басталатын сөз өзінен бұрын келген сөздің соңғы дыбысының
ықпалымен өзгеріп, басындағы қ дыбысы ғ дыбысына, к дыбысы г дыбысына, п
дыбысы б дыбысына немесе, мұның керісінше, б дыбысы п дыбысына айнала
береді. Жазуда елемегенмен, айтуда біз алағап, қарагөл, ақпалық деп сөйлейміз.
Әрине, бұлар кіріккен сөздер емес. Қолғап дегенде де қап сөзіндегі қ дыбысының ғ-
ға айналып, ғап болуы кіріккен сөз болғандығынан емес. Бұл кіріккен сөздерде де,
кірікпеген сөздерде де бола беретін жалпы заң.
Ал, мына ашудас, белбеу сияқты сөздерде тас деген сөздің басындағы т
дыбысы үнденіп, д дыбысына айналушылығы немесе белбеу дегендегі бау дегеннің
|