а дыбысы е дыбысына айналушылығы, бұл – қазақ тілінде бар заңдар емес, тек осы
сөздерде ғана кездесіп қалатын заңсыз өзгеріс. Алатау дегендегі, бұ да кіріккен сөз
бола тұрса да, аладау демейміз, көне бау деген кірікпеген сөз тіркесін көнебау демейміз. Үйткені, қазақ тілінде бір сөздің дыбыстарының екінші сөздің
дыбыстарына тигізетін ықпалы арнаулы мөлшерде ғана болады. Т, С, Ш дыбыстарынан басталатын сөздің бас дыбысы немесе осылармен аяқталатын сөздің
аяқ дыбысы қатарындағы сөздің ықпалымен еш уақытта да өзгермейді. Осы
сияқты, бір сөздің ішіндегі а дыбысы маңындағы сөздің ықпалымен еш уақытта да
е дыбысына айналмайды. Сондықтан ашудас сөзінде т дыбысының д-ға
айналушылығы, белбеу сөзінде а дыбысының е-ге айналушылығы – осындай
жалпы заңнан шығып кеткен, кіріккен сөздердің қайсібірінде ғана болатын өзгеріс.
Осы сияқты дыбыс өзгерісі бар кіріккен сөздерді осы белгісіне қарап танып алу
оңай.
Міне, кіріккен сөздердің қайсыбіреулерінде кірігуші сөздердің бірінің не
бәрінің формасы жай қалпындағыдан өзгеріп, басқа түрде болады деп осыны
айтамыз. Жай қалпында тас түрде болатын сөз ашудас дегенде дас түрінде тұр да,
жай қалпында бау түрінде болатын сөз белбеу сөзінде беу түрінде тұр. Осы заңға
сүйеніп, бүгін, тәңертең, үйт, бүйт, сүйт деген сөздерді де кіріккен сөздер деп,
әрқайсысын бір ғана сөзге санаймыз. Үйткені, бүгін дегенде бұл немесе бұ деген
сөздің жуан ұ дыбысынан жіңішке ү дыбысына айналып, сол сияқты, осы, бұ деген
және о, со деген есімдіктер бүйт, сүйт деген сөздерде бұ, ү, сү формаларына
көшкен. Оның үстіне ет деген сөз ит формасына түскен. Сөйтіп, кіріккен
сөздердің қай кезде осылай сыртқы кейпі де өзгеріп кеткені бар. Әрине,
мұндайлардың кіріккен сөз екенін танып алу оңай. Бірақ, кіріккен сөздердің бәрі
бірдей, бұлар сияқты кейпі өзгере бермейді. Сондықтан оларды танып алу қиын
болады.
Төртінші, кіріккен сөздердің бір айырмасы – мұнда екпін біреу-ақ болып, о
да кірігуші сөздердің ең соңғысында ғана болатындығы.
Екпінді буынның әріптерін екпін таңбасымен көрсетсек, жоғарғы кіріккен
сөздердің екпіні мынау орындарда болады: қолғап, қарағұс, сармай, алатау, бүгін, т.т. Кірікпеген сөз тіркестерінің әр сөзінде бір-бір екпін болады, мысалы: қол ет, қара жылқы, сары жапырақ, ала қой, бұл іс, т.т.
Әр сөздің бір-бір екпіні болмақ. Екі сөзде екі екпін болады. Егер бұл екі сөз
кірігіп, бір сөз болып кеткен болса, онда алдыңғысы екпіннен айырылады да,
қалған жалғыз екпін соңғысында ғана болады.
Қатар тұрған екі сөз бір-біріне байланысты болса, бұлар екпін жағынан да
байланысып, бірінің екпіні күшейіп, бірінікі әлсіреп, орнынан жылысады. Бірақ,
толық сөздің екпіні ешқашан да мүлдем жоғалып кетпейді.
Қатар тұрған екі сөздің алдыңғысы соңғысының анықтауышы не
толықтауышы болса, басым екпін алдыңғысында болады да, соңғысының екпіні
бәсеңдейді. Мысалы, қара май, қара ат, колхоздан келдім, т.т. (басым екпіннің қия
сызықшасын аяқ жаққа, бәсең екпіндісін бас жаққа қарай көлбете қойдық. Мысалы,
қара дегендегі басым екпін де, май дегендегі бәсең екпін).
Кіріккен сөз бен кірікпеген сөз тіркесінің қайсысы екенін айыруға ең
қолайлы, әрі ең сенімді жол – осы екпініне қарау. Үйткені, кірікпеген тіркесте
алдыңғы сөздің екпіні жай екпін де емес, басым екпін болғандықтан, ала-бөле
сорайып, байқалып тұрады. Мысалы: «қарға қара құс» десек, мұндағы қара құс кірікпеген тіркес екені анық. Үйткені қара сөзінде екпін бар, әрі ол екпін
соңындағы құс сөзінің екпінінен анағұрлым басым. Ал, «бүркіт – қарақұс