88
немесе шұғыл алмастырылған жағдайда ол құрметтi сұлтандар қатарында қалып
отырды.
Округтiк приказ облыстық баскармаға бағынып, жергiлiктi әкiмшiлiкке
халықтың қоныстануы туралы, болыстар мен ауылдар орналасқан жерлер туралы және
барлық транзиттiк сауда керуендерi туралы мәлiметтер жинап, оны талдап жоғары
орындарды хабардар етуге тиiс болды. Болыстарды сұлтандар басқарып, бiрақ оның
коллегиялылық принципi сақталмады. Олардың атағы мұра болып берiлiп отырды да
үлкеннен кiшiге және үлкендiк хақысы берiлдi. Халықтың оларды қайта сайлау хұқы
бола тұрса да бiрақ оған Омбы облыстық басқармасының келiсiмi қажет едi. Сұлтанның
мұрагерi болмаған жағдайда оның орнын өкiметтiң сайлауы бойынша және облыстық
басқарманың бекiтуiмен iнiсi немесе туысқаны алатын болды. Болыстық сұлтандар 12-
шi класты шенеунiктерi болып есептелдi және болыс басшысының құқысын
пайдаланды. Олар округтiк приказға бағынды да, олардың билiгi iс атқару сипатында:
округтiк приказдың бұйрықтары мен қаулыларын, сот үкiмдерiн орындау болды.
“Жарғы” бойынша ауыл старшындары (сұлтандар сайлауға қатыспады) әрбiр үш
жылда сайланды және округтiк приказ бекiтетiн болды, сайлау қорытындысын тек
облыс бастықтары бұзуға құқылы. Старшындардың құқылары Ресей орталығындағы
село бастығына теңестiрiлдi де, болыстық сұлтандарға бағынып, олардың бұйрықтарын
орындап отырды және оларға өзiнiң
ауылындағы күнделiктi жағдайлар туралы жан-
жақты мәлiметтер беруге мiндеттi болды.
Қазақ даласының тарихында “Жарғы” ережелерi бойынша сайлау жүйесi тұңғыш
рет енгiзiлдi. “Сiбiр қырғыздары облысының” орасан зор территориясын басқарудағы
қиындықтар мен орыс әкiмшiлiгi санының аздығы патша үкiметiн жергiлiктi халықтан
сайланатын адамдардың көмегiн пайдалануға мәжбүр еттi. Сайлауда бiрнеше топтардан
үмiткерлер ұсынылды, алайда Омбы облыстық басқармасының лауазымға тағайындау
тәртiбiнiң салдарынан сайлау формальдi өттi. Мұрагерлiк құқы мен басқарушыларының
өлгенше орын ауыстырмайтындығы да сайлау нәтижелерiн жоққа шығарып отырды.
Отарлаушы үкiмет жергiлiктi басқару буындарына старшын-ру билеушiлерiн
тарта отырып, сұлтандардың жергiлiктi басқару аппаратындағы құқыларына бiртiндеп
қысым жасай бастады.
Заң аға сұлтан сайлауларының өзiнде-ақ бұзылып отырды, ал облыстық
сұлтандар сайлауындағы iстiң жәйi бұдан да бетер болды. Округтердi ашқан кезде
сұлтан және сұлтан емес болыстық билеушiлердiң саны тең дерлiк болған едi, ал келе-
келе сұлтан емес тектен шыққан лауазымды адамдар саны өстi. “Устав” бойынша
қабылданған шарттар қазақ аристократиясының - сұлтандардың құқылары мен
артықшылықтарын бiртiндеп жоюға бағытталған, сөйтiп отарлаушы үкiмет олардың
құқыларын қатардағы көшпелiлермен теңестiруге, сол арқылы қазақтарды мемлекеттiк
шаруалар, мещандар мен көпестер сословиесi қатарына қосуға тырысты.
Бұл құжат бойынша қазақтың ата-тегiнен келе жатқан билер сотын Ресей
империясының сотымен алмастырып, олардың құқын шектеудiң негiзiн қалады, мұның
өзi патша әкiмшiлiгiнiң қазақтарды бақылауын күшейттi. Cот әкiмшiлiктен бөлiнбедi.
Жергiлiктi
өкiмет
орындарына
полиция
функциялары
берiлдi және олар
қылмыскерлердi iздеп-тауып, тергеуге және ұстауға мiндеттелдi.
1822 жылғы “Жарғы” қазақ даласына Ресейлiк сот жүйесiн алып келдi. Ендiгi
уақытта барлық сот iстерi үш категорияға бөлiндi: 1) қылмысты iстер; 2) даулы iстер; 3)
басқарушы үстiнен берiлетiн шағымдар жөнiндегi iстер. Қылмысты iстерге мемлекеттiк
опасыздық, кiсi өлтiру, тонау, барымта және “тағайындалған өкiметке көрнеу бой
ұсынбау” жатты. Құқық тәртiбiн бұзудың қалған барлық түрлерi, оның iшiнде мал ұрлау
да даулы iстер деп саналды.
XIX ғасырдың 40-шi жылдарында әскери соттардың рөлi, сондай-ақ әскери және
облыстық бастықтардың билiгi күшейдi. Ресей өкiметiне деген ниетi түзу емес және
“бүлiкке”қатысқан деп күдiктенген адамдардың бәрi тоб-тобымен өлiм жазасына
кесiлдi, Сiбiрге айдалды, күштеу жұмыстарына жiберiлдi. 1842 жылдан бастап
қазақтардың кiсi өлтiру, тонау және барымта жөнiндегi iстерiн мiндеттi түрде әскери
соттар қарады. Тұтастай алғанда “Сiбiр қырғыздары туралы Жарғы” Орта жүз және
ішiнара Ұлы жүз өңiрiнiң қазақтарын басқару тәртiбiн реттедi.