ҚАЗАҚ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ТАЙПАЛЫҚ
БІРЛЕСТІКТЕР МЕН МЕМЛЕКЕТТЕР
Ж о с п а р ы:
1. Сақтар туралы ғылымдағы деректер мен тұжырымдар.
2. Үйсiндер бiрлестiгiнің орналасуы, саяси құрылымы,
шаруашылығы мен мәдениетi.
3. Хунну немесе ғұндар мемлекетi.
4. Қаңлылар (кангюй) бiрлестiгi.
Семинар жоспары:
1.
Сақтар: саяси тарихы, шаруашылығы, мәдениеті.
2.
Үйсiндер туралы деректер: саяси тарихы, шаруашылығы, мәдениеті.
3.
Ғұндар мемлекетінің саяси тарихы, шаруашылығы мен мәдениеті.
Реферат тақырыптары:
1. Тайпалық одақтардың орналасуы.
2.. Алматы жанындағы Есiк қорғанынан табылған “Алтын адам“.
3. Сақ тайпаларының зергерлiк өнерлерi.
4. Cақ, үйсiн және қаңлы тайпаларының мәдениетi мен дiни сенiмдерi.
¤зiндiк жұмыс сауалдары:
1.
Қазақстан территориясында құл иеленушiлiктің классикалық түрі не себептен
қалыптаспады?
2.
Сақ, үйсiн, ғұн және қаңлы тайпаларын қай антропологиялық типтерге жатқызуға
болады?
11
3.
Ежелгi тұрғындардың көшпелi және жартылай көшпелi мал шаруашылығы неге
негiзгi тіршілік болып саналады?
4.
Көшпендiлердiң әлемдiк мәдениеттiң қалыптасып дамуына қосқан үлесi қандай
болды?
5.
Қазақстан территориясындағы ғұн, үйсiн, қаңлы тайпаларының ертедегi таптық
қоғамында материалдық және рухани мәдениетiнiң жоғары дамығаны жөнiнде
мысалдар келтiрiңiз.
6.
Геродот еңбектерінде сақтар қалай аталған?
7.
Қазақ даласында өмiр сүрген тайпалар қандай дiндi ұстанған?
Ә д е б и е т т е р:
1.
Қазақ КСР тарихы, 5-томдық, 1-том. - Алма-Ата., 1980.
2.
Қазақ КСР тарихы, 2-томдық, 1-том. - Алма-Ата., 1963.
3.
Қазақстан тарихы көне заманнан бүгiнге дейiн. 1 том.”Атамұра”, Алматы, 1996.
4.
Қазақстан тарихы көне заманнан бүгiнге дейiн. (очерк). Алматы. “Дәуiр”, 1993.
5.
Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Алматы “Жалын”, 1994.
6.
Абдоллаев Н.А. Қазақстан әлемдік тарихтың аясында. 1 кітап, Ақтөбе, 1999.
7.
Абдоллаев Н.А. Қазақстан тарихы /дәрістер/. Ақтөбе, 2002.
8.
Х. Маданов Қазақ халқының арғы-бергi тарихы. КМЭБИ, Алматы, 1995.
9.
А. Күзембайұлы, Е. Әбiл. История Республики Казахстан. Алматы “Санат”, 1998.
10.
Асфендияров С., Кунте Н. Прошлое Казахстана в источниках и материалах. -
Алматы, (1935) “Қазақстан”, 1997.
11.
В.В. Бартольд. Тюрки. Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней
Азии. Алматы, ТОО “Жалын”, 1998.
12.
Учебное пособие по истории Казахстана с древнейших времен до наших дней. Алма-
Ата., 1992.
13.
С.Г. Кляшторный, Т.И. Султанов. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. Алма-Ата,
“Рауан”, 1992.
14.
По следам древних культур Казахстана. Алма-Ата., 1970
15.
Кайназаров Е.К., Кайназарова А.Е. История Казахстана.- Алма-Ата., 1992.
16.
Қазақтың көне тарихы.-Алматы., 1993.
1. Деректер бойынша скифтердiң батыстағы көршiлерi киммерліктермен,
ассириямен, мидиямен жүргізген соғыстары туралы хабар көне грек тарихшылары
арқылы бiзге жетiп отыр. Осы дерек-тұжырымдар Қазақстан тарихында скиф
патшалары: Ишпақай (б.з.д. 670 жылға дейiн), Партатуа (б.з.д. 670-650 жылдар), Мәди
(Мадий)- (б.з.д. 650-633 жылдар), Иданфирс (б.з.д. 516 жыл), Скил (б.з.д. 460-456
жылдар), Октамсад(б.з.д. 456 жыл), Атей ( б.з.д. IV ғасыр.) жөнінде нақты мәліметтер
берілген.
Бiздiң заманымыздан бұрын I мыңжылдықта Солтүстiк Үндiстанды,
Ауғанстанды, Орта Азия және Қазақстан оңтүстiгiнде “сақ” (Геродот пайымдауынша
скиф) деп аталатын iрi әрi iргелi жауынгер тайпалар мекендеген. Олар ежелгi
парсылармен тығыз қарым-қатынаста болып, б.з.б. VI - V ғасырларда Ахеменидтер
империясының құрамына кiрген. Бұл жөнiнде Ахеменидтiк сына жазба деректерiнде
жұтаң болса да, анық деректер келтiрiлген. Мәселен, онда сақтардың: хаомаварга ( хаом
сусынын қайнатушылар), тиграхауда ( шошақ бөрiк киетiн сақтар), парадарайя (теңiздiң
арғы бетiндегi сақтар) деп аталатын үш тобы бар екенi айқын айтылған.
Жазбаша деректемелерде б.з.б. V - IV ғасырлардағы Қазақстан аумағында
орналасқан, өмір сүрген бiрқатар тайпалар мен тайпалық одақтар туралы мәлімет
мынадай: оңтүстiкте тиграхауда сақтар (грек деректемелерiнде массагеттер және дахтар
(дайлар) , батыста - савроматтар (аорстар), орталық аудандарда - исседондар, солтүстiк
шығыста – аримаспылар мекен еткен. Бұлардың бәрi ру-тайпалық бөлiмшелер ретiнде
тiлi мен мәдениетi жағынан туыстас сақ және сармат тайпаларының этникалық-мәдени
тобына кiрген. Грек тарихшысы Геродот сақтарды азиялық скифтер деп атаған. Грек
деректерінде осы скифтер жөнінде біраз мәліметтер берілген.
12
Сақтар заманында шаруашылық кәсiптің жаңа түрi - экстенсивтi мал
шаруашылығы дамып, бүкiл Еуропа мен Азия дала тайпаларының негiзгi кәсiбi болған.
Бұл шаруашылық Қазақстан аумағында жетекшi салаға айналып оның негiзгi үш түрi
дамыған: көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы. Мал шаруашылығының
сипатына қарай шарушылықтың басқа салаларының үлес салмағы өзгерiп отырған.
Шаруашылықтың бiрiншi түрi Батыс және Орталық Қазақстанның шөлейт
даласында жыл бойы көшiп-қонып жүруге негiзделген. Көшпендiлер шаруашылығы
шөлге, ұзақ сапарға төзiмдi қой, түйе және жылқы малдарына негізделген. Тайпалар
өздерiнiң малымен аса қашық және жүйелі бағыт бойынша киiзбен жабылған күркелi
арбаларда көшiп-қонды. Жылдың суық мезгiлiнде көшпендiлер уақытша қыстақ
төңiрегiнде және ықтасын болар қамысты өзен жағалауларын жайлады. Қосалқы
шаруашылық салаларының iшiнде аң аулау ерекше дамиды.
Екiншi, жартылай көшпелi шаруашылық түрiнде қыстап шығатын тұрақты үйлер
болды, мұнда шаруа иелерi жыл сайын қыстауға оралып отырған. Шаруашылық
кәсiбiнiң бұл түрi Тянь-Шань және Алтай таулары бөктерiнде, Жетiсу және Шығыс
Қазақстанның дала, орман және тау араласып отыратын өсiмдiгi қалың өңiрлерде
тараған. Жайылымдар арасы жақын болуына орай шаруашылықтың бұл түрi көшiп-
қонатын жерлерi қашық емес, көбіне тау бастарына малды жайлап, қыстың басында
қыстаққа оралатын көшiп-қонудың тiк әдiс деп аталатын түрi кең тарады. Осыған
байланысты Жетiсу мен Шығыс Қазақстанда және осы өңiрлерге ұқсас аймақтарда
жердi қауымдық-рулық және тайпааралық шекаралар көлемiнде пайданалудың
жайылым жерлер мен су көздерiн әр маусым үшiн бөлiп пайдаланатын көшпелi-
жайылым жүйесi өте ертеде, б.з.б. I мыңжылдықтың басында қалыптасты. Қыстау
маңындағы жерлерде егiншiлiктiң маңызы сақталды, оларда әдетте тары, арпа, бидай
өсiрiлдi.
Мал шаруашылығының үшiншi түрi - отырықшы мал шаруашылығы оңтүстiк
Қазақстан аудандарында Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерi бойында, Қаратау
жотасының баурайында, табиғи су қоймалары мен шабындық алқаптары бар жерлерде
кеңiнен тарады.
Сақтардың мал шаруашылығының негiзi қой болды. Ол тек еті үшін ғана
өсiрiлген жоқ, күнделiктi тұрмыстағы киiз басу, арқан есу, жiп иiру үшiн жүнiде
пайдаланылды. Сақтар тұрмыста қолдануына қарай киiздiң бiрнеше түрiн: ағаш үйге
ұстауға және жерге төсеуге арнап қарапайым, қалың, қара киiздер және киiм тiгу үшiн
жұқа әрi жұмсақ талдырма киiздерде баса бiлген. Сақтар өмiрiнде жылқы аса маңызды
рөл атқарған, оның да екi түрi болған: тез ет алатын /оңалатын/ және қысқы тебiнге
әбден төзiмдi. Сақ заманында көшіп жүруге ыңғайлы, үстіне киіз орнатылатын төрт
және алты доңғалақты арбалар болған.
Сақтардың тұрмысында қолөнер бiршама дамыған. Еңбек құралдарын, киiмдер,
қару-жарақтар, тұрғын үйлер, түрлi аспаптар жасауға керектi шикiзаттардың көпшiлiгiн
ертедегi мал өсiрушiлер жергiлiктi жерде өзi өндiрiп, өзi өңдедi. ¤нерлi шеберлер өз
қауымы мүшелерiнiң қажеттi заттарын жасап берiп, оған айырбасқа ауылшаруашылық
өнiмдерiн алды. Қауым iшiндегi айырбасқа қоса руаралық және тайпааралық айырбас та
кеңiнен тарады. Кен-руда шикiзаты, бiрқатар шаруашылық бұйымдары, әшекейлер
кейде шалғай жерлерден тасып әкелiндi. Бiрақ неғұрлым кейінгі уақыттағы қолөнер
өндiрiсiнен айырмашылығы - сақ қолөнерi түрлерінің баяу дамығандығы және мал
шаруашылығына тығыз байланыстылығы ерекшеленедi, үй кәсiбi де жақын болып,
бөлiнiп кете қойған жоқ.
Сақтарда андронов дәуiрiнен кейін кен iсi едәуiр iлгерiледi. Бұл қоғамда әсiресе
қола құю iсi мен басқа металдарды өңдеу техникасы біраз дамыды. Құйма қалыптар
ретiнде қыш, металл, тiптi тас та пайдаланылды. Жебенiң құйма ұштары мен қанжарлар
жасау үшiн олар екi немесе үш ұялы жармалардан тұратын қалыптарды қолданды. Сақ
металл өңдеушiлерi бұйымдар жасаудың “құйылатын үлгi” тәсiлiмен құю сияқты
күрделi әдiстерiн де бiлген. Бұйымдар арасында қола және мыс қазандар, құрбан
шалғыштар мен шырағдандар жиынтығы ерекше ерекше ауқымды орын алады, олар
Жетiсу сақтарының өнерi мен көркем бұйымдары жалпы жұрт таныған ескерткiшiне
айналды.
13
Ертедегi құймашылар ат әбзелдерін, қару-жарақ пен тұрмыстық құралдар
жасауға ерекше назар аударған. Көне сақ заманының жүгендерi көрнексіз және күрделі
болатын. Оның қола ауыздықтарының екi ұшы кiшкентай үзеңгi тәрiздес етiп жасалды.
Сақтардың қару-жарағы жебелi шағын садақтардан (парсыша-ақинақ), шабуға да,
түйреуге де ыңғайлы қанжарлардан, ұзын семсерлерден, найзалардан және әр түрлі
жауынгерлiк балталардан тұрды. Сақ жауынгерлерiнiң сауыт-сайманы қоладан iстелген
дулығадан, шағын қалқаннан және жебе салынған қорамсақ iлiнген белдiктен тұрды.
Сақ заманында металл өңдеумен бiрге қолөнердiң тұрмыстық ыдыс -аяқ жасау,
тас қашау, сүйек ою, терi илеу, жiп иiру және тоқымашылық сияқты басқа түрлерi де
болды. Сақтар көшпелi тұрмысы ыдыстың жаңа түрлерiн туғызып, жаңа материалдарды
- металл, терi және ағашты қажет еттi. Көшпелi тұрмыс басым болған Орталық
Қазақстанда ыдыстың керамикалық түрінен гөрi терi, ағаш және металдан жасалған
ыдыстар көбірек қолданылды, сондықтан олардың өндiрiсi қанат жайды. Ал Жетiсу,
Ертiс бойы және Батыс Қазақстанның өсімдігі бай орманды даласында керамика
өндiрiсi бұрынғысынша басым болып, олардың түрi қола дәуiрiндегi отырықшы,
бақташы тайпалар ыдыстарынан өзгеше болды.
Қазақ кеңістігіндегі ежелгi тайпа бiрлестiктерінiң бiрi скифтер болған. Cкифтер
жөнiнде бiзге жеткен деректер парсы, грек, Еуропа және кеңестік әдебиеттерінде көп
келтірілген. Жарық көрген еңбектерде олардың өздерi туралы да, мекендеген өңiрi
жайында да нақты дәйектемелер біршама келтірілген. Тарих атасы Геродот
мағлұматтары мен соңғы археология материалдарына сүйенген бiраз ғалымдар
скифтердi Қара теңiз жағалауының оңтүстiк бөлегiн түгел қамтыған Дунайдың сағасына
дейiн, Төменгi Буга мен Днепрден Азау теңiзiне дейiнгi аралыққа орналастырса, ендi
бiразы оларды Едiл өзенінің төменгi ағысынан шығысқа қарай кең алқапты мекендеген
деп тұжырымдайды. Соңғы тұжырымға сүйенсек, скифтер бұдан кейiн Едiлдiң батыс
жағалауына өтiп, одан Терiстiк Кавказға келген. Содан казiргi Дағыстан мен Дербент
асуы арқылы азербайжан жерiне өткен.
Қоғамдық құрылысы. Б.з.б. I мыңжылдықтың басы сақ қоғамындағы алғашқы
рулық қатынастар әлсіреп, жаңа әлеуметтiк құрылымның қалыптасу үрдiсiнiң жедел
жүруiмен сипатталады. Осы кезде алғашқы iрi қоғамдық еңбек бөлiнiсiнен мыс пен қола
металдар өңдеу өндiрiсi пайда болып дамуына байланысты шағын және моногамды
отбасылар оқшаулана бастады. Көшпелi және жартылай көшпелi шаруашылықтың сақ
экономикасына терең енуіне орай, металлургия өндiрiсi дамуында прогрестiк қосымша
өнiмiнiң жедел қарқынмен өсуiне, өнім айырбасының дамуына, жеке меншiк нығаюына
және адамдардың меншiкке ие болу жағынан дифференциялану /жіктелу/ құбылысына
әкеледі. Ал, негiзгi өндiрiс құрал-жабдықтары мен еңбек өнiмдерiнiң бөлiну процесiнiң
күрделенуi мүлiк теңсiздiгiн туғызып, ендi бұрынғы ру-туыстық қатынастарда
аумақтық-өндiрiстiк принцип бойынша қауымның маңыздылығы арта түстi. Аталмыш
тарихи жаңалықтар қоғамның ру аралық қатынастарға тiкелей тәуелдiлiкті әлсiретiп,
түптеп келгенде, қауымдардың ру құрамына қарамастан, экономикалық және аумақтық
мүдделер негiзiнде құрылуына жол ашады.
Сақтардың қоғамдық құрылысы шағын отбасылар тобы (патрономия) көшпелi
қауым-тайпа-тайпа бiрлестiгi болып сипатталады. Көшпелi-жайылымдық мүдделерге
негiзделген патрономиялар өзiндiк өндiрiстiк күшке ие болды, бiрақ ру
институттарында дәстүрлі өндiрiстiк дамудың баяу қарқыны (консервативтiк) және
патрономиялардың қалыптасуында туыстық принциптердiң түбі сақталды. Алғашқы ру
қатынастардың ыдырау заманын әскери демократия кезеңi немесе алғашқы көршiлестiк
қауым кезеңi деп атайды. Тайпа қоғам құрылысының маңызды сатысына айналды.
Тайпаға тән ең басты этникалық және саяси сипаттар қатарында оның өз жерiнiң,
атының және осы тайпаға тән тiл диалектiнiң дамуы, дiни ұғымдары мен ғұрыптарының
ортақтығын, тайпалық кеңестiң, жоғарғы көсем мен әскери билеуші болуы шарты
аталады. Бұл ендi әскери-демократия құрылысына негiзделген қоғамдық билiкті
ұйымдастыру түрiне айналды. Тайпа одақтары алғашқы қоғамның ыдырау заманындағы
әлеуметтiк қатынастың жаңа және жоғарғы үлгiсi болды.
Соңғы ғылыми зерттеулерде сақтар қауымы үш топқа бөлiнедi: бiрiншiсi -
жауынгерлер (олардың ежелгi үндi-иран жазбаларындағы аты “арба тұрғындары”,
“ратайштар”); екiншiсi - абыздар жiгi, олардың танымал белгiсi құрбан табақ пен
14
айрықша бас киiм болған; үшіншісі қауымшыл сақтар, “сегiз аяқтылар” жiгi, яғни соқаға
жегетiн екi өгiзi барлар тобы. Жiктердiң әрқайсысына тән дәстүрлi түсi болған. Сақ
көсемдерi әскери жiк өкiлдерi болған, ал белгiсi жебелi садақ болды. Патша садағын
баласына әрi мұрагерiне тапсырып отырған, сол себептi де жауынгерлер мен
патшалардың зиратына садақ пен жебенi бiрге қойған. Садақты мейлiнше шебер ату тек
патшаларға ғана емес, бүкiл қоғам мүшелерiне тән қадыр-қасиет болған. Патша
жауынгерлері құдай /жасаған/ қалаулысы, аспан пен жердiң дәнекерi, дүниенiң /әлем/
кiндiгi, жердегi бақ-дәулет көзi деп бағаланған. Ол мейілінше құдыреттi тұлғаға
айналып, қоғамның дәуiрлеуi де, күйзелуi де оның денсаулығы мен рухани қуат-
жiгерiне тiкелей байланысты болды.
Сақтар қауымына тән өзiндiк өнерi мен мифологиясы қалыптасты. Зерттеушiлер
бір жағынан оның Ахеменидтік Иран және Бактрия көркем өнерiмен, екiншi жағынан,
Қытайдың ерте дәуiрдегi өнерiмен тығыз байланысты болғанын тұжырымдайды.
Ғылымда сақтың “аң стилдi” өнер-мәдениеті қай жерде, қай заманда пайда болғаны
жөнiнде алуан түрлi болжам-пікірлер бар.
Сақтар арасында зергерлiк өнер мейiлiнше жетiлiп, биiк деңгейге көтерiлген.
Зергер-шеберлер алтын, күмiстi балқытып қалыпқа құю, өңдеу өнерiн жете игерген,
олар алтын мен күмiстен, ферузадан әсем композициялық әшекейлі жағынан таң
қалдыратын бұйымдардан түрлі киiм-кешек, ер тұрман және тұрмыстық мүлiктерді
әзірлеп, безендiрген. Мұндай бұйымдар қатарында жануарлар бейнесі салынған
өңiржиектер, сақиналар, латын мен феруза тiзiлген алқалар, алтын тоғалы белдiктер,
киiм-кешектi сәндейтін қаптырмалар жатқан.
Зергерлiк өнерде шеберлер ағаштан жасалған әртүрлi бұйымдар мен
әшекейлердi алтынмен қаптау әдiсiн кеңiнен қолданған. Сақтар арасында ағашты
өңдеп, оюлап бедерлеу iсi дамығанын табылған ыдыс-аяқтардан, аңдар мен
жануарлардың бейнелерiнен, алуан түрлi қапсырмалардан көруге болады. Ағашты ою-
өрнектеумен бiрге сүйектi өңдеу және одан сан-алуан бұйымдар - қапсырма, тоға, түйме
жасау өнерi де жедел дамыған.
Тұтас алғанда “аң стилi” өнері сақ тайпаларының дүниетанымының нақты
көрiнiсi, олардың мифологиясының бейнелеу өнерiне келiп дарып-сiңуi, көшпелiлер
идеологиясын бiлдiретiн айрықша белгiлер жүйесi ретiнде құрылып қалыптасады.
Сақ қоғамы жөнiндегi негiзгi деректердiң басым көпшiлiгi парсы патшаларының
жаугершіл жорықтарына байланысты жазылған тарихи шығармаларда кездеседi.
Мысалы, көршi патшалықтарды бір-бiрлеп жаулап алып, өз мемлекетi құрамына
енгiзген парсының Кир патшасы (бiздiң ж.с.д. 558-529 жылдар) Вавилонды толық
жаулап алғаннан кейiн сақ тайпаларының да бiраз жерiн басып алады. Аса көрнекті сақ
билеушiлерi туралы тарихи зерттеулерде мынадай деректер келтiрiлген: сақ патшалары
Зарина-б.з.д.-VI ғасырда; Томирис- б.з.д.- 531-528 жылдары; Аморга- б.з.д.-538 жыл;
Скунха- б.з.д.-517 жылға дейін билік жүргізген.
2. Қазақ өңiрiндегi ежелгi мемлекеттердің қатарына үйсiндер (усундер)
бiрлестiгi жатады. Олар б.з.д. II ғ. 160 жылы шамасында Жетiсудағы тиграхауда-сақтар
жерiне Орталық Азия түкпiрiнен қоныс аударған, жергiлiктi тұрғындарды көндірген.
Үйсiндердiң негiзгi территориясы Iле алқабында болды, олардың батыс шекарасы Шу
мен Талас шамасында болып, қаңлылармен көршілес болған. Шығысында ғұндармен
орта шекара болды, ал, оңтүстiгiнде олардың қонысы Ферганамен (Дуанмен) ұштасып
жатты. Үйсiндердiң астанасы Чигучен (Қызыл алаң-алқап) қаласы. Ол Ыстық көл
маңында бір-бірімен жалғасып жатқан қыстақтары бар бекiнiстi қала болған.
Деректерде б. з. I-шi ғасырына дейiн iз қалдырған үйсiндердiң саяси тарихы,
олардың Қытаймен тығыз байланыста болғанын, елшiлiк қарым-қатынас жасағанын,
үйсiн билеуші топтарының гуньмолары Қытай ханшаларымен жанұя құрғанын
баяндайды. Үйсiндердiң этникалық тегi ғылымда толық анықталмаған. Зерттеушілердің
бiр тобы үйсiндер шығыс иран тайпаларынан шыққан десе, екiншiсi үйсiндер
түрiктердiң арғы аталары, олар түрiкше сөйлеген деп жазады. Сондықтан, тағы бiр
объективтi сауал - қазақтың ұлы жүзiнiң iргелi руы “үйсiн” қайдан негізін алады, олар
қайдан пайда болған?
“Үйсүн” сөзiнiң мағынасы осы кезге дейiн анықталмай отыр. Ол Қытайдың
иероглифтiк жазбаларынан ғана мәлiм. Бұл сөздің казiргi айтылуы қазақ этнонимдерiнiң
15
бiрi - ұлы жүз қазақтарының бір этникалық компонентi болып табылатын “үйсiн” сөзiне
сәйкес келедi. Бiрқатар зерттеушiлер бұл транскрипцияны Орта Азия тарихынан мәлiм
“асиан” этнонимi деп бiлуге бейiм. Соңғы зерттеулерде бұл термин ежелгi дәстүрлi
болып
оның
транскрипциясы
казiргi
Қытай тiлiнде айтылатын (юечжи)
иероглифтерiмен сәйкес деп көрсетілген. Бұл терминнiң тағы бiр нұсқасы “у-сун” деп
айтылатын екi иероглиф ертедегi Қытай тiлiнде а-сман, яғни асман, “аспан” тәрiздес
деген жорамал да бар.
Шығыс бастаухаттары үйсiндердi көшпелiлер қатарына жатқызған. Жетiсудың
табиғи жағдайы Мойынқұм мен Балқаш өңiрiн қоныс еткен қыстаулар бойындағы
бағдарымен жүрiп отырып, жаз күндерi мал қоңданып, қысқы мерзiмге әзiрленiп-
әлденiп алатын, тау бөктерінің шөбi қалың жайлауларға көшiп баруына қолайлы болған.
Бұл аймақта жайлау ұзақтығы 30-100 шақырымнан аспаған. Сондықтан үйсiндер ұзақ
уақыт қыстау мен жайлауларында, әсiресе көктем мен күзгi қоныстарында отырып
қалады екен. Әдетте олар сол аймақтарда тұрақты үйлер салып, оның жанынан егiн егiп,
бау-бақша өсiретiн болған. Үйсiндердің тұрақты қоныс теуіп егiншiлiкпен
айналысатынын анықтайтын бiр дәлел - олардың тұрақты тұрғын үйлерi, мал қоралары,
саздан құйылған ыдыс-аяқтары, көп түрлi еңбек құралдарының болуы.
Ежелгi үйсүндердің егiншiлiк пен отырықшылық өмір салты туралы жазбалы
деректер сақталған. Мәселен, Хань тегінің тарихшысы Бань Гу, т. б. зерттеушiлер үйсiн
елдi мекендерi төңірегінде олардың отырықшы шонжарлары көптеп кездеседi деп
жазады. Сайып келгенде, үйсiндер шаруашылығы кешендi мал шаруашылығы мен
егiншiлiк түрінде дамыған тұжырым дұрыс болады. Олар жылқы, қой, ешкi, ірі қара,
түйе және басқа малды ұстаған.
Дәулеттi-тектi қоғам мүшелерi киiмдi жiбек пен биязы жүн маталардан кисе, ал,
қарапайым жұрт киiм-кешектерiн түрпiдей қылшықты жүн маталарынан, былғары мен
қой терiсiнен тiктiрген. Жiбек матасы Қытайдан жүрдек аттарға айырбастау арқылы
немесе тарту-таралғы және салық ретiнде де алып отырған. Әдетте, ыдыс-аяқты әйелдер
саздан жасаған, ал, ер адамдар жергiлiктi ағаштардан шағын үстел-табақтар, зерендер,
қымыз құятын ожаулар ойып жасаған. Үйсiндер мыс, қорғасын, қалайы, алтын кендi
орындарын пайдаланған, темiрдi балқытып, одан пышақ пен қанжарлар, семсерлер,
жебе ұштарын жасаған. Түрлi-түстi тастардан, асыл металдардан моншақтар мен
сырғалар, киiм-кешек әшекейлейтін бұйымдар соққан.
Үйсiн қоғамындағы меншiк қатынастары туралы да біршама деректер сақталған.
Н.В. Кюннердiң аударған, Сыма Цяннiң “Тарихи жазбаларының” (“Шицзи”) 123-шi
тарауында былай деп жазылған:”Үйсіндерде жылқы көп. Олардың кейбір байларында
төрт-бес мың жылқы болады”. Бұл жерде жылқы малын ежелгi үйсiндердiң бiрден-бiр
жеке меншiгi деуден аулақпыз. Ол тек байлықтың өлшемi ғана болды. Қожайындар
мешiгiнде жылқымен қатар басқа да iрi-ұсақ малдар болғаны анық. Сонымен қатар
басқа жануарлардың түрлері қожайындардың меншiгiнде болды деп санауға негiз бар.
Жалпы, қоғамдық байлықты қозғалмалы және қозғалмайтын мүлiк деп бөлуге болатыны
мәлiм, олардың бiрiншiсiнде - мал, қолөнер өнiмдерi мен тұрғын үйлер, екiншiсiне жер
жатқан. Жеке меншiкке қозғалмалы мүлiк ертерек түстi, өйткенi, ол айырбас саудада
өтiмдi, әрi тиiмдi болды.
Үйсiндер ежелгі Орта Азиядағы этникалық-саяси бiрлестiктердiң бiрi болып
саналды. Б.з.б. II ғасырда шамамен 630 мың адамнан құралған үйсiндер қоғамы көлікті
жасақтар мен жаяу садақшылардан тұратын ірі әскер тобын сапқа қоя алған. Гуньмо мен
тақтың екi мұрагерiнiң әрқайсысында 10-нан 30 мыңға дейін әскерлері болды. Б.з.б. 73
жылдың өзiнде-ақ үйсүндер жерi үш бөлiкке: сол жақ (шығыс), оң жақ (батыс) және
гуньмо /ел билеушісі/ өзiне қарасты орталық аймақтарға бөлiндi. Орталық аймақ
гуньмоның өзіне қарады. Бірақ олардың бәрі “ Гуньмоға тiкелей тәуелдi” болды.
3. Ғұн тайпалары туралы негiзгi деректер ғылыми еңбектерде шамамен б.з.д.
822 жылмен белгіленген. Осы кезде олар Қытай елiне бұрын болмаған ұрыс жорығын
жасайды. Кейiн осындай жорықтардың бірнеше дүркін қайталануына орай б.з.д. III
ғасырда ұлы Қытай қорғаны тұрғызылады. Бұл заманда хунну елi бiрнеше рулардан
құралған одақ ретiнде танылып, оны сайланып қойылатын көсем билеген. Б. з. д. 209
жылы хунну тайпалары одағын “сеңгiр” шаньюй атағын алған Тұман баласы Мәди
/Модэ/ билеп, ел нығаюдың шырқау шегiне жеттi. Тiптi б.з.д. 188 жылы ол кездегi iрi
16
мемлекет Қытайдың өзi хұндардың үстемдігін мойындап жыл сайын салық төлеп
тұрған.
Ғұндар егiншiлiк кәсiбiн біршама игерген. Ғұндар тек өздеріне тән этносаяси
құрылымда болып, 24 руды біріктірген, оларды ақсақал ру- жетекшілері басқарған, ал,
ел iшiндегi қатынастарды ақсақалдар кеңесi мен халық жиналысы реттеген. ”Ғұндарда
жылына үш рет Лунциге жиналатын әдет болды, бұндай жиындар бiрiншi, бесiншi және
тоғызыншы айларда өткiзiледi, сюй деп аталатын күнi көк рухына құрбан
шалынды...сол жиналыстарда рубасылары мемлекеттiк iстердi талқылап, ат бәйгесі мен
түйелер жарысын қызықтайды” деп жазылған деректемелерде. Ғұн қоғамында мүлiк
теңсiздiгi айқын болып, соғыс тұтқындары мен бағынышты өңiрлердiң халқынан
құралған құлдар болған. Олар үй қызметшiлерi, бақташылар, қолөнершiлер және жер
өңдеушілер ретiнде пайдаланылған.
Ғұн бiрлестiгiне тән өзiндiк саяси құрылым да қалыптасты, өз кезегiнде осы
өңiрлердi мұра еткен елдердiң қоғамына ықпалын тигiзбей қалмады. Елдi шаньюй
биледі, оның қолында дерлiк шексiз билiк болды. Одан кейiн түмен басылары деген
бекзадалар тұрды. Әдетте олар шаньюйдiң ұлдары, iнiлерi немесе жақын туысқандары
болатын. Барлығы 24 түмен басы және олардың көшiп-қонып жүретiн өз аймағы болды.
Түменбасылар өз иелiктерiнде мыңбасылар, жүзбасыларын тағайындаған. Алайда,
шаньюй әмірін орындамайтын немесе жазықты болған түменбасылар жерiн қайтарып
ала алатын. Түмен басылардың өздерiнiң жүзбасылар мен онбасыларына нақ сондай
хұқы болды. Лауазымдар мен жоғары шендер мұра болып қалған. Қарапайым халықтан
сан-алуан салықтар жүйелi түрде жиналған.
Сайып келгенде, үйсүн және ғұн бiрлестiктерiндегi әлеуметтiк-экономикалық
қатынастар бiршама дамыды, қоғамда алғашқы таптық қатынастардың қалыптасу
нышаны айқындалып, төменгi тапты қанауымен байлықтың қорлануының алуан түрлерi
жетiлдi. Дегенмен, зерттеушiлердiң пайымдауынша, аталған құбылыстардың бiрде-
бiреуi тұтастай бүкiл жүйенi анықтайтын басым болу /доминантты/ маңызға ие бола
алмаған. Сондықтан құлдардың және құл иеленушiлiк қатынастардың болғанына
қарамастан, бұл бiрлестiктердi құл иеленушiлiк немесе патриархаттық-құл иеленушiлiк
қоғамдар деп сипаттауға болмайды. Үйсүндер мен ғұндар қоғамының үлгiсiндегi ежелгi
көшпелi немесе ертедегi таптық бiрлестiктердiң ерекшелiгi сол, өзiн әкiмшiлiгi мен
күштеу аппараты бар мемлекет ретiнде қалыптасуында болып, бұнда ру-тайпалық
құрылыстың органдары iшiнара сақталып, тек қоғамның жаңа құбылыстарына
бейiмделу процесi көрiнедi.
4. Қазақ және Қазақстан тарихында елеулi маңызы бар мемлекет немесе
бiрлестiк кангюйлер болды. Кангюйлер Талас пен Шу өзендерi аралығын, Ташкент
оазисiн, ал солтүстiкте Сырдария орта ағысының солтүстiк алқабын мекендеген
тайпалар деп анықтайды бүгiнгi ғылыми еңбектер. Жалпы бұл бiрлестiк туралы
Қазақстан деректерiндегi мәлiметтер аз және әртүрлі мазмұнда жазылған. Соңғы жарық
көрген ғылыми еңбектерде олар “кангар”, “алан” деген атаулармен де кездеседі. Бұл
еңбектегi деректер бойынша аталған этнонимдер б.з.д. III ғасырда Оңтүстiк және
Шығыс-Орта Азия оңiрiнде кең таралып, ал мемлекет ретiнде де дәл осы кезде белгiлi
болған. Мемлекет басындағы билеушіні “би, ябгу” деп атаған, жанында бағыт-бағдар,
кеңес беретiн орынбасары мен екi кеңесшiсi болған. Каңлыларға бес дербес өңiр
бағынышты болып оларды патша өкiлдерi басқарған. Ел астанасы Сырдарияның орта
ағысындағы Битянь қаласы болды.
Кангар /қаңғар/ мен аландар өмірі жартылай көшпелi мал шарушылығына
негізделген. Сонымен қатар, Сырдария кеңiстiктерiнде олар жер өңдеудi де кәсiп еткен:
дәндi дақылдар, көкөнiс өсiрiп, қой, жылқы, түйе өсiрген, ал, отырықшылыққа аса ден
қойғандары көбiнесе қашық жайылымды қажет етпейтiн - ешкi, сиыр ұстаған. Ғылымда
қаңғар мен аландар этникалық құрылымы жағынан иран немесе түркi тiлдер тобына
жатуы мүмкiн деген болжам пiкiрлер қолданылып жүр.
Сарматтар. ‘’Сарматтар’’ этнонимi алғашқы рет антикалық деректерде б.з.д. III
ғасырында кездеседі. Осы заманнан сарматтар скифтер елiне жүйелi шабуылдар жасап
отырған. Яғни, олар скифтердiң көпшiлiгiн қырып-жойып, жерлерiн шөлейт далаға
айналдырған. Тiптi сарматтардың роксолан деген тайпасы Рим елiнiң шекарасында да
ұрыстар жүргiзген. Олардың iзiмен аландар да iлесiп жүрген.
17
Сарматтар жаулап алған халықтар саяси өмiрiне белсене араласқан. Мысалы, б.
з. д. I ғ. Митридат Римге қарсы күрескенде сарматтар соның жағында болған. Б. з. д. 49
жылы римдiктер аорстармен (сармат тайпасы) бiрлесiп, Боспор патшасының
одақтастары сирактарды (сарматтардың бір тайпасы) жеңедi. Басқа тайпаларға
қарағанда жорықтарға кешеуiлдеп шыққан алаңдар Қара теңiздiң солтүстiк өңiрiне дейiн
жеткен. Кейiнiрек ғұндарға қосылып, Испаниядан шығады. Жалпы сарматтар, қандас-
туыс бiрлестiктер бастаған айбарлы тайпалар одағы шыққан тегi жағынан Аралдың
оңтүстiк өңiрiндегi көшпелiлермен байланысты болатын. Ғылыми тұжырымдарда
олардың савроматтармен этникалық бiрлестiгi жөнiнде деректер басым.
Сөйтiп, ежелгі тайпалық одақтар мен мемлекеттердің дамуы кезінде Қазақстан
тұрғындары нәсілдік-этникалық дамудың ұзақ та ең күрделі кезеңінен өтіп,
европеоидтық-монголоидтық физикалық негiз қалыптасып, казiргi өкiлдерi үшiн ежелгi
замандағы ататегi болғаны ешқандай күмән туғызуы мүмкiн емес.
Үшiншi дәрiс.
Қазақ жерiндегi алғашқы түрiк мемлекеттерi.
Достарыңызбен бөлісу: |