133
шиеленістерге төмен баға беретін функционализмнің күшті ықпалында болып,
шиеленістер мәселесі әлеуметтанудан ығыстырылғандай жағдайға жетті.
Алайда, ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап әлеуметтік шиеленістерді
қоғамның ішкі өміріне ықпалы бар құбылыс ретінде қараған арнаулы еңбектер
пайда бола бастады. Л.Козердің (АҚШ) “Позитивті-функционалды шиеленіс”,
Р.Дарендорфтың (Германия) “Қоғамның шиеленісті моделі”, К.Боулдингтің
(АҚШ) “Шиеленістің жалпы теориясы” концепциялары саяси ғылымда кеңінен
танымал болды.
Жоғарыда аталған ғылыми еңбектермен мұқият танысқанда шетелдік
саясаттанушылардың шиеленісті мәселесін зерттеудегі таным аппаратын және
осы мәселені зерттеудегі символика - логикалық талдауда үлкен жетістіктерге
жеткені аңғарылады. Әлеуметтік шиеленістің шығуы мен оның себептері, даму
бағыты, шешу әдістері осы зерттеушілердің еңбектеріндегі ең басты құндылық.
Жалған бағалардан, деректер мен айғақтарды өз бетінше таңдаудан
сақтандыратын нақты, сызба түріндегі модельдер бейнесінде берілді.
Әлемнің осы заманғы дамыған елдеріндегі әлеуметтік шиеленістер
туралы концепциялардың кеңінен таралуы және ұтымды пайдаланылуы,
сондай-ақ оларды жасаушылардың қоғамдағы жоғары беделі бұл
концепциялардың негізінен әлеуметтік таптардың абстрактылы мүдделеріне
қатыссыз, жалпыадамзат көкейіндегі мүддені және олардың тікелей
қажеттілігін көздейтіндігінен көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та саясаттану беделді
қоғамдық ғылымдардың біріне айналып, шиеленістерді реттеу, шиеленіс
жағдайларын меңгеру теориясы ретінде қалыптасты. Оның практикалық
маңызы әлеуметтік құбылыстарды қоғамдық танымды реттеу үшін таным
деңгейі шеңберлерін жоғары алып, саяси шиеленістерді шешудің ғылыми
жолдарын қалыптастыру.
Шиеленістанудың даму эволюциясындағы көрнекті зерттеулер қатарына
Е.Б.Черняктың “Ғасырлық шиеленістер” (Мәскеу, 1988) кітабын жатқызуға
болады. Ғалым бұл еңбегінде саяси шиеленіс мәселесін бүкіләлемдік тарихи
материалдар негізінде зерттеген. Ежелгі Рим мен ерте христиандықтың,
Византия мен Араб халифатының, ортағасырлық папа мен империяның
қақтығыстарына, сондай-ақ түрік анычарлары мен герман ландскнехтері,
британ пираттары мен испан инквизиторларымен болған соғыстарға, ал жаңа
дәуірде – реакцияшыл күштер мен әртүрлі әлеуметтік қақтығыстарға кең
көлемде талдау жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: