Материалдар және жұмыс әдістемесі Бүгінгі күні графикалық редакторлар фотографиясы бар кез-келген баспа бейнелерді
жасауда қолданылады. Растрлы бағдарламалар негізінен, цифрлы бейнелер негізінде түсті
коррекциялау, өңдеу, арнаулы әсерлер жасау мүмкіндіктерін пайдаланып, бейнелерді өңдеуге
арналған. Бейнені қалыптастыру үшін бағдарламалық өнімдерді Adobe Photoshop немесе Corel
PHOTO-PAINT тәрізді бағдарламаларды пайдаланып, коллаждар, виньеткалар, фотомонтаждар
және баспаға шығаруға арналған түрлі-түсті бейнелер жасауға болады. Векторлық бағдарламалар
логотиптер, шрифтар және әртүрлі сызулар жасағанда жиі қолданылады.
Ақпараттық басылымдар, жарнамалық баспа өнімдері, газеттер, теледидардан берілетін
жарнама роликтер, фильмдер, корпоративтік тұсау кесерлер – бұлардың барлығында негізін сандық
бейнелеу жұмыстары құрайтын компьютерлік графика қолданылуда. Бұл бейнелердің басым бөлігі
компьютерде арнайы өңдеулерден өтеді және орындалады. Компьютерде бейнелер жасау дәстүрлі
әдістерді қолданғаннан гөрі тиімді және экономикалық тұрғыдан алғанда пайдалы. Себебі цифрлық
бейнелеуді сақтаған, көбейткен, өңдеген және мәтіндер немесе басқа ақпараттық құралдармен бірге
жинақтаған неғұрлым жеңіл де ыңғайлы. Қазіргі әлемді графикалық ақпараттарды компьютерлік
өндеусіз елестету мүмкін емес. Бұл әдіс мультфильмдер мен арнаулы эффектілер, компьютерлік
ойындар мен кітапты көркемдеумен айналысатын шеберлердің қолданатын кәсіби дағдысы ғана
болып қоймай, кеңседегі істік графика да бірте-бірте күнделікті үйреншікті жұмысқа айналуда.
Дәстүрлі бейнелер немесе фотобейнелер компьютерге сканер немесе цифрлы фотоаппарат арқылы
енгізіледі. Сканер көмегімен мәтін, слайд, бейнені (фотография) қайта өзгерту арқылы цифрлық
мәліметтерге айналдыруға болады.
Кез-келген бейіндегі маманның графикалық мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі -
есептерді графикалық қоюды жүзеге асыру, жобалау, зерттелетін процестер мен құбылыстардың
графикалық моделін құру, компьютерлік бағдарламалар көмегімен графикалық модельдерді талдай
білу және алынған нәтижелерді интерпретациялау, зерттелетін процестер мен құбылыстарды
талдау үшін компьютерлік графика, интернет, мультимедиа және басқа да қазіргі заманғы
ақпараттық технологияларды пайдалану. Бұл ретте графикалық ақпаратты реттеу, жүйелеу,
құрылымдау, ақпараттық үлгілеудің мәнін түсіну, графикалық деректер мен білімді ұсыну тәсілдері
маңызды. Ал қазіргі мұғалім үшін сабаққа көрнекі материалдарды, кітаптарды, мақалаларды,
ғылыми жұмыстарды, ғаламтордағы сайтты немесе электронды оқулықты сауатты графикалық
безендіру, компьютер экранында мультимедиа презентациясын немесе оқыту flash роликтерін
жасай білу және интерактивті тақтаны пайдалана отырып, оларды үлкен экранға шығара білу
сияқты қабілеттер қажет болады. Компьютерлік графика университетте жүргізілетін дәрістерде,
әртүрлі баяндамаларда тұсаукесер материалдарды жасауда қолданылады [1].
Болашақ мұғалімдердің графикалық мәдениетін қалыптастыру информатика құралдарымен
кеңістіктік ойлауды дамытудан ажыратылмайды, бұл графикалық есептерді шешу кезінде іске
асырылады. Тұлғаның шығармашылық әлеуеті білім алушыларды әртүрлі шығармашылық қызмет
түрлеріне қосу арқылы дамиды. Адамның танымдық қабілеттерін дамыту үшін графикалық оқу
пәндерінің бірегейлігі мен жан-жақтылығы білім алушылардың мамандыққа бейімделу
мүмкіндіктерін арттырады.