барасың... – деді.
«Жақсы лепес – жарым ырыс» деген мәтел өте-мөте өлімге бара
жатқан адамға жылы тисе керек. Қара мұрт Ақбілектің әлгі
сөзіне ырым көріп сенді де, «Айтқаның келсін!» дегендей аузынан
сүйді.
Сам жамырап ел орынға отырған кезде, орыстар бастығының
ақырып қалған даусымен қаздай шұбырып, асудың тар аузына
қарай арқандай созылды.
***
Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойрандап кеткен озбыр
омырау, өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге
алыстап бара жатты. Тықыр ұзаған сайын «Алла, алла, алла..»
деген лебіз кеудені керіп ауыздан еріксіз ағылуда еді. Көшкен
орыстың жұртында бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек жалғыз
қалса да, жалғыздығына өкінген жоқ. Орыстың оғынан өлгеннен
де, құлазыған иесіз тауда тентіреп өлгенін артық көрді.
Орыстардың дыбысы өшкенше: «Құтқарғаның шын ба, жасаған!»
дегендей, арттарынан топырақ шашып, қарасы өшкен соң: «Үүһ!»
деп демін бір алып, төңірегіне көз салды.
О кезде ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, сабалақ қара
бұлттан тон жамылған күздің көзсіз қара түні ақ бас Алтайдың
үстіне қара бурадай шөгіп, сай-салаға бауырын төсеп, дүние
қарауытып келе жатыр еді. Көк жүзінде жайылып жатқан
жұлдыз — қойларын көздеп тұратын шопан атасындай жау
көргендей зым-зия жоғалыпты.
Сабалақ қара бұлттар-ау, Ақбілектің, жанын тұншықтырған
қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау
асқар таулардың басына түнесеңдерші.
Күздің сарғыш жапырақтары-ау. Кімді әлдилеп, сыбдырлап
тұрсыңдар? Қалың бұтаның қайғысыз, қамсыз быт-былдықтары-
ау, несіне қара түнді жаңғыртып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін
жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме? Қанатын
қаршыға күйретіп, қиқайған қостың алдында бір қолымен жер
таянып, аспанға қарап отырған сұқсұрдың налыған зарын
тәңірісіне жеткізем дейсіндер ме? Бұлттар-ау, серпілсеңдерші!
Жапырақтар-ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая
болсаңдаршы!
Ызғырық-ау, ызылдағанша жапанда жалғыз қалған баланың
әкесіне хабар берсеңші!
Ой, мейірімсіз шіркіндер-ай! Сендердің тіліңді Алтайдың жаралы
аруы білмейді ғой! — Сендердің қас-қабағыңа қараймын, сендерге
еркелеймін деп есіл сұлу мұндай күйге ұшырады ғой! Жел мен
бұлттың алласына сенем деп сенделіп қалды ғой!..
Түн түнереді, Ақбілек үрейленеді. Төбесінен зу етіп бір топ
шөрегей өтеді, Ақбілек дір етеді. Шөпті сыбдырлатып торғай
ұшса да, тоғай ішін тартып уілдесе де тау үкісі таңдайын қақса
да, Ақбілек жан-жағынан жау қамап келе жатқандай елегізіп,
қымтырыла береді. Жатайын десе, көзіне ұйқы келмейді.
Отырайын десе, қорқып барады. Жүрейін десе, қараңғы түңде жол
таба алмай адасам ғой, әлденеге ұрынам ғой... деп қорқады. Есі-
дерті: осы арадан кету, бірақ түн ішінде кете алатын емес.
Қазақтың қосын, қазақтың астауын, шөмішін ес көрді. Үңірейген
иесіз қосқа кіруге тағы батылы бармайды.
Ақбілек қайтерін білмей, алақтап, құнысып, бүрісіп көп отырды.
Түнге түн ұласқан тәрізденеді. Қос алдында жатқан астау да
көрінбейді. Жасаған-ай! Таң да атар ма екен?
|