кеудесіне басып еді — тас, тас емес-ау темір, темір емес — ажал шықыр еткендей, құйқа тамыры шымыр етті. Апан көр сияқтанды. Өйткені тажалдай түсі суық, саудыраған үш адам келіп қалды. Ақбілек бала қамаған лаққа ұқсап, апанды айнала жүгіріп, өкпесін соққан торғайдай торға ілінді. Сонда да есінен танбады: — Апатай-ай! – деген жан дауысы таудың тасына барып шақ еткендей болды. Мейірімсіз темір қолдар алып ұрып, аузын басып жатса да, қолды кейін сермеп, басын жұлқып, үзіліп, өзеуреген ащы айғайы апатайының құлағына сап етті. Жонына шойын тағалағандай, апасы сіресіп қалса да, елемей, шыңғырған дауысқа қарай үкідей ұшып келеді. Қызын бүркітше бүріп, илеп жатқан екі орысты анасы екпінімен келіп игеріп тастап, балапанын басқан ана құстай, баласын бас салды. Олай сүйреп, бұлай жұлқып, қызды анасының құшағынан ала алмаған соң, орыстар мылтық дүмін жұмсады. Жанына мылтық батқанда, анасы қызын тастай беріп, алыса кетті. Апыр-топыр екі орысты екі алып ұрып, бірінің үстіне бірін илектеп жатқанда, үшінші орыс тайқып шегіне берді. Босанысымен қашуға оңтайланған Ақбілек апанның ернеуіне жете түсіп, анасының қалып бара жатқанын көріл, қайта апанға түскенде, анасы қызына қарсы ұмтылды. Сол кезде бос қалған орыс анасын жауырын ортадан басып салды. — Алла!— деп ана құлады. Үш орыс қызды көтеріп, ойбайлатып алды да жөнелді. «Апатайлаған» айғайы жерді, көкті жұлып Ақбілек зарлап, аттардың дүрсілі тауды дүсірлетіп, абалап иттер қуып бара жатқанда: — Қайдашы, қайдалап, төтеден бір топ кісі қуып ала жөнелді. — Аттаншы! Аттан! Жер де айғай, көк те айғай. Тау күңгірлеп, тас шықырлайды.
Қуғыншылардың қарасын көріп, қыз өңгергенді қоя беріп, екі орыс аттарын тежей, мылтықтарын кезей бастады. Екі атты есік пен төрдей жерге келіп қалды. Тау сатыр-сұтыр етті. Қуғыншының біреуі, қиялай шауып, атының жалын құша жығылуы-ақ мұң екен, арттағылары азан-қазан, ұйқы-тұйқы түсе қалды. Манағы ала атты кім? Қыз алып қашқан орыстар кім? Бұларды қуам деп оққа ұшқан кім? Олардың кім екенін біз айтайық па? Өздеріне сөйлетейік пе? Кәне, осыны дауысқа саламын. Біз айтайық дегендерің қолдарыңды көтер біреу, екеу... жоқ. Өздері сөйлесін дегендерің қол көтер... төртеу, бесеу... өзіммен көпшілік. Сонымен сөз өздеріне берілетін болды. БЕКБОЛАТ Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым – Бекболат. Басымда барқытпен тыстаған қара елтірі жекей тымақ, үстімде орысшалау бенжек-шалбар. Березе сұр шапан, cap сапиянға қара ала жапқан күміс белбеу, аяғымда көнелеу қисық табаным бар. Белбеуімдегі жарғақ далбағайым, шашақты сары қында мүйіз сапты өткір кездігім, алдыңғы қапталдағы дабыл байлайтын ұзын қайыс шеттігім менің өнерсіз жігіт еместігіме айғақ болар. Бұрын бір байдың, осы күні орта шарқы үйдің ортаншы баласымын, бұрын қой бес жүзге, жылқы екі жүзге, сиыр алпысқа, түйе жиырмаға шарпыған еді, осы күні сол малдың төрттен бірі де жоқ.