Бағдарламасы бойынша жарық көрді ЖҰбаныш а. Жаңбыр жауса екен әңгімелер, пьесалар



Pdf көрінісі
бет3/8
Дата08.01.2017
өлшемі4,64 Mb.
#1413
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8

Ол 
Ол күндіз көшеге шықпайды, қызметіне 
де бармайды. Әйел боп үй жинап, ас та 
пісірмейді. «Тырнағым сынады», – деп кір 
де жумайды. Құрқылтайдың ұясындай 
бөлменің бұрышына қойылған кереуетте 
тас бүркеніп жатып алады. Түнде қызмет 
ететіндіктен, ұйқыны күндіз орындай-
ды осылай. Кірпіктері айқасып, патша 
ұйқының құшағына енгенде, ылғи түс 
көреді. Түс болғанда да, сондай ғаламда 
жоқ ғажап дүниелер. Әдемі әлемде 
мейірімді жандармен шүйіркелесіп, сәби 
көтеріп жүреді ылғи. Көзін ашқанда, 
шыбынның ызыңы естілмейтін тар бөлме.  
Жалғыздық... 
Әні, күн нұрлы жүзін жасырып, ұясына 
кірді. Оның орнын жымыңдаған жұлдызы 
мол түн басты. Ол қызметіне бармақшы. 
Алдымен бетін әбден әрледі. Опаны мол 
жағып, өңіне өрнек салған ұсақ әжімнің 
ізін жапты. Қабағын әуелі ақшылмен, со-
сын көк түспен бояды. Ал ерні шиедей қып-
қызыл. Үстіне қысқа қызыл көйлегін киді 
де, есіктің оң жақ қапталындағы айна ал-

80
Айгүл ЖҰБАНЫШ
дында сәл кідіріп, терең күрсінді. Бүгін 
түнде тағы да ұйқының барқын көрпесін 
жамыла алмайды.   
Түнгі ұйқының тәттілігін бұзатын 
қызметтің түрін ішіңіз сезіп отырған шығар. 
Даяшы деймісіз? Жо-жоқ, қателестіңіз. 
Түнгі кезекшілікпен қызмет ететін дәрігер 
ме? Бұл жолы да дөп баса алмадыңыз. Ол 
– «жезөкше». Аузыңызды қолыңызбен 
неге жаптыңыз? Таң қалып тұрмысыз? 
Оның қызметіне мына біздікіндей атақ, 
шен, лауазымның қажеті жоқ. «Жезөкше 
Бірдеңебаева ғылым кандидаты, профессор, 
доктор немесе Жезөкше Бірдеңебаева жур-
налист, ақын, жазушы» дей алмайсыз. Ол 
нанын қара күшпен емес, бас қатырар жазу-
сызумен емес, тәнімен табады. Қабағыңыз 
қатуланып, жұдырығыңыз неге түйілді? 
Тәнін сатып, нәпақа тапқан сылқымның 
қылығына күйініп тұрмысыз? Сабыр, 
сабыр. Оны «түн перісі» немесе «түнгі 
көбелек» деңіз, бәлкім, ашуыңыз басылар.
...Ол әдеттегідей қонақ үйдің алдындағы 
орындыққа кеп жайғасты. Ерніне шылым 
қыстырып, нәзік саусақтарымен сіріңкесін 
тұтатты да, көз қиығымен жан-жағын бар-
лап шықты. Анау тұрған жігіттердің бұған 
қажеті жоқ. Ақшаларының жоқтығы киген 
киімдерінен көрініп тұр. «Пішту, әдірәм 
қалғырлар, өздері ішіп-жеп қарайды ғой». 
Көзі қолындағы будақтаған темекі түтініне 
түсті. «Қызық, ы-һы, мынаны қараңызшы, 
жап-жаңа қорап ішінде тұрған түп-түзу 
шылымның әп-сәтте күл-талқаны шықты, 

81
Жаңбыр жауса екен...
ә! Бір тал сіріңкемен ғұмыры қиылған 
шылымның қалдығын қазір жерге лақты-
рып аяғыммен таптаймын. Адамның өмірі де 
қорап ішінде сияқты. Арнадан шығып кетсе 
адасады...» Өзгенің көңілін көтеріп, өзінің 
қалтасына қаражат түсіргенімен, оның 
көңілі тігісінен сөгіліп, жыртылып кеткелі 
қашан. Жамағысы-ақ келген. Ақшаның 
буы жанның жарасына араша бола алмасы 
анық. Бірақ оған әлі де ақша... Ақша ке-
рек... Сіз білесіз бе, Ол ақша үшін ауылдан 
жырақ кеткен. «Үйдің үлкені бауырларына 
көмек көрсету керек, ата-анасына қамқор 
болу керек», – деген жазылмаған заңға 
сүйенген еді Ол. Ақша оңайлықпен уысына 
түспеген соң, әлдебіреулердің қойнына «ер-
келеп кіріп», енді шыға алмай жүр. Оның 
ендігі арманы – шейіт болған ата-анасына 
құлпытас орнату. Өмірден қалт кеткенін, 
ақша үшін арын сатқанын, өзегін өртеген 
өкінішін құдды қара тас жеңілдететіндей.  
Ол осы құлпытастың ақшасы үшін бүгін 
Сенімен табысады... Содан кейінгі өмірінің 
қайда өтерін кім білген?..  
Сен 
Ол Сенімен тар көшеде табысты. 
Табысқанда, романтикаға берілмедіңдер. 
Сен оған гүл беріп, ғашықтар сияқты 
тізерлеп ілтипат танытпадың. Көлігіңді 
алыстан танығандықтан, Оның өзі келді 
жаныңа. Сен оны қаладағы қымбат қонақ 
үйге апарып, ләззаттың бал дәмін таттың... 
Қызығың басылған соң ақшасын бердің де, 

82
Айгүл ЖҰБАНЫШ
қайырылмастан кете бердің. Тіпті, үйіне 
апарып тастамадың да. Ақшаны ардан биік 
санайтын Ол да намыстанбады...
Сенің болмысың, мінезің, тіпті, сөйлеу 
мәнерің де бұрын бөлек-ті. Өзіңді қай орта-
да да еркін ұстайтынсың. Аздап ақындығың 
да болған. Есіңде ме, ұнатқан қызға сөз 
салу үшін, сыныптағы ер балалар алдымен 
ақ параққа сенің жырыңды жазып үшбу 
хат жолдайтын. Рас, ол дәуренде сезім 
кіршіксіз, аппақ еді. Дақ түспеген аққа 
кір үйір ғой. Қазір сол мөлдір, адал сезім 
қайда?! 
Бірде, алтыншы сыныпта Сая апай бізге: 
«Мен кім болам?» деген тақырыпта шығарма 
жаздырды. Тыныстайтын ауамыз, оқитын 
дәрісіміз, киер киімімізге дейін бірдей 
өңкей қара домалақ ұлдар мен өрімтал 
қыздар мұрнымыз пыс-пыс етіп шығарма 
жаздық. Әншейінде, улап-шулап жататын 
сыныпта сол күні тыныштық орнады... Иә, 
сол күні жазған шығарма – біздің осы күнгі 
ғұмырымыз тәрізді. Айна-қатесі жоқ. Есіңе 
салайын, Ол – сатушы, Анау − ұшқыш, ал 
менің арманым – Дәуіт атадай ұста болу еді. 
Неге күлесің? Дәуіт атаның кәсібі кімнен 
кем? Күндіз-түні шеберханасында темір 
соғып отырады. Оны ешкім де мазаламай-
ды. Милиция да, әкім де,  сот та, тіпті, депу-
тат та. Кішкентай қара радиосының даусын 
барынша ашып қояды да, әндетіп отырғаны. 
Менің сол кісідей тыныш ғұмыр кешкім 
келетін. Сенің ше?.. Ақшаны бәріміз жақсы 
көреміз. Тентек теңгеге, долы долларға, 

83
Жаңбыр жауса екен...
есір евроға тәуелдіміз бәріміз. Қолымызға 
жылт етіп тиген сол ақша лезде қарасын 
батырады-ау, бірақ. Содан кейін тағы да 
отыз күн тиын жолында күш жұмсаймыз.... 
Ә, әңгіме сен туралы еді... ақша туралы ой 
қозғасам, пәлсапамды жия алмай қалам 
осылай. Ақша момынды сөйлетіп, аңқауды 
арамза етеді. 
Иә, әңгіме Сен жайында. Біз Сені ақын бо-
лады деп үміттенсек, сол шығармаңда банк 
қызметкері боламын депсің. Болдың. Шенің 
өсті, ә-әйй, бірақ, адамгершілігің өшті-
ау. Хан сарайындай коттеджің, шетелдік 
көлігің, жеке кәсібің де бар. Көңіліңе қаяу 
келтірген пенделердің әп-сәтте аяғынан ша-
лып, жұмыссыз ете аласың. Себебі Сенде 
ақша бар. 
...Бұ-ұ-ұұұұрын Сенің бала болмысыңды 
сыйлайтын едім, қазір жиіркенем! 
Анау
Анау – бір аңқылдаған адам. Қашан 
көрсең де, екі езуінен күлкісі жиылмай, 
жерден жеті қоян тапқандай қуанады да 
жүреді. Өзіне қатысты айтылған сынды 
да, ғайбат сөзді де күліп қабылдайды. Ал 
ренжісе бар ғой, іштей қынжылып, дереу 
көңілсіз әлемнің «құшағына» енеді. 
Кеше қуанышты еді. Қолына түскен 
азын-аулақ тиын-тебеніне әйел-баласын 
қыдыртты. «Осы ақша қолыма түспегенде 
де жүрем ғой. Бір сәт үй-ішімнің көңілін 
серпілтейін», – деп шешкен-ді. Ертесіне сол 
көңілдің күйін үй егесі бұзды. «Пәтерақыны 

84
Айгүл ЖҰБАНЫШ
төлеңдер! Болмаса үйді босатыңдар!» Жа-
нында жадырап отырған әйелі де мұны 
қолдаудың орнына «ақшаааааааа» деп 
гөй-гөйге басты. «Саған күйеуге бекер 
шыққанмын. Енді отырысым мынау. Сенің 
табысың былай тартсам да жетпейді, олай 
тартсам да жетпейді...» Әйелдің айқайынан 
есектің ақырғаны әлдеқайда жақсы. «Әйт, 
шу» десең байғұс жануар жым болады. 
Ал айғайшы әйелге басу айта көрмеңіз, 
басыңызға шығады. 
Анау үнсіз тысқа бет алды. Ашулы әйелі 
бұған зер салып қарамады да. Долданып 
отыр.  Әйел біткеннің арманы – байлық. 
Ауыздарын ашса – ақша, аяқтарын басса 
– ақша. Есік алдында отырып, ақша мен 
әйелді егізге балаған Анау машинасына 
мінді де ұзақ ойланды. Несиеге көлік алып 
несі бар еді?.. Енді пәтерге ақы табу керек. 
Оның ойы Саған, Оған, Маған хабарласу еді. 
Болмады. Бізге қарай бет алған Анау көлік 
ішінде үнсіздік әлеміне енді. Ой құшағында 
келе жатып, қарсы келген көлікті де 
аңдамай жол апатына ұшырады. Ананың 
кеудесінде болар-болмас жаны бар, ал қарсы 
көліктегі адам бақилыққа аттаныпты.
Ананы жедел жәрдем дер кезінде 
ауруханаға әкелді. Өмір мен Өлім, Үрей мен 
Үміт арбасып жатыр. Ажал өлім қазанына 
шақырады, үміт өмір жалғасын табуы үшін 
талпынады. Ананың басын көтеріп, денесін 
тіктеу үшін Ақша керек. Білесің бе, Өмір де 
ақша сұрап тұр...  

85
Жаңбыр жауса екен...
Мен 
Аядай бір бөлме.. Кереует те, кітап 
салынған сөре де, киім шифонерім де, жазу 
үстелім де, ыдыс-аяқ салынған қоңыр шкаф 
та осы алақандай бөлмемде тұр. Бұл жерде 
тамақтанамын, жұмыс жасаймын, қонақ та 
күтемін. Осы бөлмеде талай адам қуанышын 
бөлісті, жанарға тұнған моншақтар да ша-
шылды. Бұл бөлме мен үшін – жұмақтың 
мекені тәріздес. 
Бүгін күн тамаша! Көк бұлт арасынан ал-
тын түстес күн жымияды. Дүкен араламақ 
болып, көшеге шықтым. Көлік жолы темір 
тұлпардың кептелісіне толы. Қыздардың 
осы әдетін ұнатпаймын дей көрмеңіз. 
Ертең жүрегіме нұр, бойыма қуат берген 
асыл анамның туған күні. Мына алтын 
алқаны сатып әперсем, анам бір марқайып 
қалар еді. Анамның қуанғаны – мен үшін 
бақыт... Әдемі армандарымның өрнегі  енді 
кестеленіп келе жатқанда, қалта телефо-
ным  шыр етті. Жұмыстан болар, жауап-
сыз қалдырайын. Сымсыз бұйым безілдеуін 
қоймады. Бейтаныс нөмір, тамағымды бір 
кенеп алып, «Әл-ләу» дедім. Арғы жақтан 
жылаған әйелдің үні естілді.
– Әләу, кімсіз? 
– Анау, Анау жол апатына ұшырады. 
Ауруханаға тез жет! 
Тың-тың... Байланыс үзіліп кетті. Өкініш 
өртеп,  өксік қысып барады... Мен келгенде, 
әйелі аурухананы басына көтеріп жатыр. 
Дәрігерге жолығып ем, жағдайы тым ауыр, 

86
Айгүл ЖҰБАНЫШ
қан керек. Ауруханада қан жоқ. Қанды да 
сатып алу қажет. Мен дереу Саған, Оған 
қоңырау шалдым. 
...Олар, әлгі екеуі жеткенше, Сіздер 
қарызға ақша бере аласыздар ма, а? 
Біз 
...Анау осылай күрмеуге келмейтін 
қысқа ғұмырдың жібіне оралып, сүрініп 
кетті. Егер қолымызға ақша түссе, досы-
мызды төңіректеп жүрген ажалды бір оқпен 
атып құлата аламыз. Алдымен Менің жа-
ныма алып-ұшып Ол жетті. Құлпытастың 
ақшасы бар қолында. «Достың жолын-
да бәрі құрбан», – дейді Ол. Алтын алқаға 
жинап жүрген мендегі аз-мұз тиын-те-
бенде қосылды бұл ақшаға. Сәлден соң 
аптығып Сен жеттің. Қаражатың бар 
қалтаңда. Ол Сені көргенде, біртүрлі күйге 
түсіп, қолындағы ақшаны умаждай берді. 
Әнеукүні Ақшаны судай шашқан Сен де 
Оны көргенде ыңғайсызданып, жаныңды 
қоярға жер таппадың. Екеуіңе дәнекер Мен 
болдым білем, кенет бір-біріңді құшақтап, 
ұзақ жыладыңдар...
 Ажалды сатып алатын уақыт кетіп ба-
рады. Дәрігер науқастың халі сағат са-
нап нашарлап бара жатқанын хабарлады. 
Біз қан іздеуге шықтық. Бізге қан керек! 
Кешіріңіз, бізге жан керек. Сондықтан қан 
сатыңызшы... 

88
Айгүл ЖҰБАНЫШ
АДАЛДЫҚ
Күз. Көңілсіздік құшағына енген сары 
дала. Аспан төріне қоңырқай бұлттар 
жайғасқан. Тал-терек тегіс сары шәлі 
жамылып, жел гуілімен баяу тербеледі. 
Қаламен қоштасып, алысқа ұшып бара 
жатқан құстардың мұңлы әні денені шы-
мырлатады. Құстардың кеткеніне аспан 
наразылығын білдіріп тұр...
Ол көлігін айдап шыға бергені сол еді, 
найзағай жылтылдап, ұшқын ойнады. Ма-
шинаны бұра бере қарсы алдында тұрған 
көлікті «жарақаттады». Япырай-ай, енді 
қайтпек? Машинаның егесі шықпаған 
соң, оның қулық жасауына тура келді. 
«Кешіріңіз, сіздің көлігіңізге соғып кеттім. 
Бәріне кінәлі – жаңбыр мен найзағай», – 
деп алақандай қағазға телефон нөмірін жа-
зып, машина есігіне қыстырды. 
«Әлгі қағазды жел ұшырып әкетті ме 
екен? Маған ешкім қоңырау шалмады ғой?» 
Бүгінгі күні осылай мазасызданумен өтті. 
Сағат тілі 18.00-ге таянғанда телефон шыр 
етті. 
– Сәлеметсіз бе, менің есімім – Айдар. 
Маған жаңбыргүлдің болмаса найзағайдың 
құрбысы қажет еді? (күліп)

89
Жаңбыр жауса екен...
– Сәлеметсіз бе, мен, мен... (Ол сөз таба 
алмай тосылды). 
– Хатыңызды алдым. Сізді жұмыста бо-
лар деп, күні бойы мазаламадым. 
– Кешіріңіз, жауыннан байқамай 
қалдым..
Екеуі машина жөндеу орталығында 
кездесті. Ол көп істі ақылмен жеңдіретін 
жігіт екен. Өзі спортшы. 
– Сіздің кінәңіз жоқ. Бұл табиғаттың 
тосын мінезінен туған жай. Болмаса 
тағдырдың ісі болуы да ғажап емес. Солай 
емес пе? 
Жігіт оған жымия қарады. Ол күмілжи 
берді. 
– Сіздің хатыңызды оқып, армансыз 
күлдім. Батыл қыз болды ғой деп ойласам, 
көп сөйлемейді екенсіз. 
«Ұялған тек тұрмастың» кебін киіп әлі 
үнсіз отыр. 
Жігіт қызды бауырына тартып: «Мұңаю 
– қыздарға жараспайды. Сіз жаңбырдай 
егілгеніңізбен, мен найзағайдай қаһарыма 
мінгеніммен өзгерер дәнеңе жоқ. Көлік сын-
са да, сағымыз сынбасыншы, қарындасым», 
– деді. Қыз басын изеді.    
Олар іштей бір-бірінің адалдықтарына 
сүйсінді. 

91
Жаңбыр жауса екен...
ТАҒДЫР
−  Мені ұнатасың ба?
−  Жоқ. 
− Неге өз-өзіңді алдайсың? Маған деген 
сезіміңді өзің жасырғаныңмен, көзің айтып 
тұр ғой, көкешім.
−  Көз алдай береді, сенбеңіз.
− Қателесесің айнам, адамның жан 
дүниесін көзінен ұғуға болады. 
– Әулиелігіңіз бар сияқты. 
−  Көз −  көңілдің айнасы. 
Қыз жоғарыға көз тікті. Аспандағы сан-
сыз жұлдыздар бұған қарап күлгендей 
көрінді. Ол да жымиды. Кенет көп 
жұлдыздың ішінен біреуі жарқ етіп, төменге 
қарай құлдырай жөнелді. Қыз селк етті. 
− Бір күні бізде мына жарық әлеммен 
қоштасып, қара түнекке оранамыз. 
Сондықтан бірге болуымыз керек, жаным. 
−  Мен қараңғыны жақсы көрем. Ешкім де 
сенің тыныштығыңды бұзбайды себебі. 
−  Менің тағдырым дәл қазір сенің 
қолыңда, айнам, түсінемісің? 
−  Біздің тағдырымыз менің уысымда 
емес, Бағлан. Тағдыр −  мен үшін қиялдан 
жасалған ұғым ғана. Әр адам өз өмірінің 
қожасы! Алақандай жүрегіме тыныштық 
берші, өтінем. 

92
Айгүл ЖҰБАНЫШ
Қыз терезеден төменге көз салды. Үй ал-
дына келген жедел жәрдемге дәрігерлер 
аяғы ауыр келіншекті мінгізді. Келіншек 
қобалжып барады. «Шыда, құрбым, 
сәлден соң сенің қорқынышыңды сәби үні 
жоғалтады», − деді ол өз-өзінен күбірлеп. 
Жігіт мұның белінен құшақтады. Қыз тағы 
да селк етті. 
−  Ертең сен үшін маңызды күн. Үйіңе ба-
рып тыныққаның жөн. 
−  Сен өз бақытың үшін күреспейсің бе? 
Мені өз қолыңмен «үйлендірмекшімісің»?! 
−  Бақытты болуыңа тілектеспін! 
Жігіт ашуланып есікті тарс жапты. Қыз 
үнсіз қос жанарын жасқа малды. «Ертең 
ол үшін маңызды күн. Ол отау құрады». 
Қыз жігіттің соңынан жүгірмек болды да, 
өз-өзін тежеді. Неге ол өз махаббаты үшін 
күреспеді? Өйткені, жақында жігіттің 
анасы бұған қоңырау шалып: «Баламнан 
аулақ жүр. Сен біздің отбасымызға келін 
болуға лайық емессің! «Тең-теңімен, тезек 
қабымен», −  деген еді. Қыз жігіттің анасы-
на қарсы келе алмады. Расында, екеуі бірін-
бірі ұнатқанымен, олардың тағдыры екі 
бөлек арнаға бөлінді.  
Ол альбомындағы жігітімен бірге түскен 
суреттерін жырта бастады... 

94
Айгүл ЖҰБАНЫШ
АЛТЫН БАЛЫҚ
Бүгінгі күн сондай тамаша. Аспан шайдай 
ашық. Жер бетін жапқан жасыл кілем күн 
көзімен шағылысып жалт-жылт етеді. Үп 
еткен жел жоқ. Мейір өзінен екі жас үлкен, 
жақында қаладан туыстарына қыдырып 
келген досы Сәкенмен бірге балық аулауға 
шықпақ. Сәкеннің арманы −  өзеннен алтын 
балық аулап алып, соған тілегін орындату. 
Балалар күн қызбай тұрып, ертемен өзенге 
қарай беталды.
− Алтын балықты ұстаған кезде 
армандарыңды ұмытып қалушы болма? − 
 
деді Мейір досына ескерту жасап. Сәкен ба-
сын изеді.
Өзен жақта да тыныштық орнаған. Тек 
майда толқындардың әлсін-әлсін жағаға 
соққан дыбыстары арагідік естіледі. Екі 
дос қармақтарын жазып, оған бақшадан 
қазып алған қызыл құрттарын тізе бастады. 
Алғашында қала баласы бұл істен бас тар-
тып еді, «онда алтын балықты ұстай алмай-
мыз», −   деді Мейір. «Бір нәрсеге жету үшін 
бір нәрсені құрбан етесің. Бұл өмір заңы». 
Әжесінен жиі еститін ақылды енді ол досы-
на айта бастады...
Олар өзен қасында ұзақ отырды. Төбеден 
шақырайған күн бұларды мазақтағандай, 
денелерін қыздырып, ысытып барады. Екі 

95
Жаңбыр жауса екен...
дос сонда да сыр бермеді. Қармаққа бес-алты 
майшабақ ілінді. «Мына балықтар алтын 
балықтың көмекшілері ғой. Арманымды 
осылар арқылы жеткізсем қайтеді?», −  деді 
Сәкен. Мейір басын шайқады. «Бұлар алтын 
балықтың жай ғана жұмысшылары. Сәл 
шыда», −  деді. Мейір жаңылыспапты. Кенет 
қармақ төменге қарай тартылып, ауырлай 
бастады. Екі дос қармақты жоғарыға тарт-
ты. Үлкен сары балық. «Мәссаған, мұндай 
да болады екен ғой», −  деді Мейір таңданып. 
Сәкен үнсіз. Балалар балықты ортаға алды. 
Мейір досына: «Арманыңды дауыстап айт, 
әйтпесе, алтын балықтың құлағы нашар 
естуі мүмкін», −  деді. «Алтын балық, сенің 
мейірімді екеніңді ертегіден оқыдым. Егер 
менің үш арманымды орындасаң, босата-
мыз. Алдымен әкемді табуыма көмектесші. 
Ол осы ауылда тұрады екен. Мен оны көргім 
келеді. Екінші, осы ауылда бауырым бар 
көрінеді. Сонымен таныссам деймін... 
Үшінші, Мейір екеуміздің достығымызды 
үзе көрме», −  деді. Балалар балықты қайта 
бостандыққа жіберді. 
Олар шаршап-шалдығып ауылға әзер 
жетті. Екі үйдің үлкендері бұларды күтіп 
жүр екен. Мейір өзеннен алтын балық 
аулағанын, оған Сәкеннің айтқан үш тілегін 
қаз-қалпында жеткізді. Мейірдің анасы, 
Сәкеннің нағашы әжесі жаулықтарымен 
көздерін сүртті. Екі бала бұларға мән 
бермеді. Машина үні естілді. Мейірдің әкесі 
екен. Ол Сәкенді бауырына тартып: «Менің 

96
Айгүл ЖҰБАНЫШ
ұлым азамат болып қалыпты ғой. Міне, сенің 
туған бауырың», −  деп Мейірді көрсетті. Екі 
бала аң-таң. «Алтын балық қателесіп кеткен 
шығар», −  деді Сәкен ішінен. «Алтын балық 
бізге ашуланып, барлығын кері жасаған 
болды ғой», −  деді Мейір абдырап. Жо-о-оқ, 
алтын балық баланың үш арманын да орын-
дады. Сәкен − Дәулеттің бірінші әйелінен 
туған баласы еді. Анасы екеуінің дәм-тұзы 
жараспаған соң, екіге бөлінген. Қазір олар 
қалада тұрады. Нағашы жұртына келген 
сайын Сәкен әке құшағын аңсайтын еді. 
Міне, бүгін алтын балық дегеніне жеткізді. 
Сәкен өзен жаққа қарай басын бұрып: 
«Рахмет саған, алтын балық», −  деді. 
Екі дос, екі бауыр бір-бірін құшақтап, 
жақындарынан алға қарай оза түсті.  

98
Айгүл ЖҰБАНЫШ
КҮЛӘШ
Машина есік алдына тоқтағанда, үйде 
отырғандар  орындарынан үдере тұрды. 
Мана терезе жақтауынан сығалаған сұқ 
көздер бұ жолы көлік есігіне телмірді. 
– Әне, әкемді алып келді, қараңдар, ол 
сап-сау! – деп айғайлады Жарқын. 
Әншейінде еркелеп сөйлейтін 
бүлдіршіннің бұл жолғы үнінде діріл бар. 
Жаңа ғана тынық даладай тыныштыққа 
тұнған үй алды әп-сәтте абыр-сабыр болды 
да қалды.  
– Соттайтын болыпты. Сол керек өзіне. 
Күләш байғұстың маңдайынан мұң арыл-
мады, – деді бірі ашынып.
– Жоқ, – деді ана біреуі. – Қапыш бала-
сын қамауда, темір торда жаутаңдатпас. 
Өмір өтіп, керуен көшсе де, Қапыш кейуана 
бұған жол бермейді мәрттігін жасайды, — 
деді. 
Көпшіліктің жанарынан жақсылық 
іздеген бала Жарқын көлік ішінде дел-сал 
болып отырған әкесінің сыртқа шығуын 
тағатсыздана күтті. Машина үй алды-
на желдей жүйткіп келгенімен, полиция 
қызметкерлері есігін көпке дейін ашпа-
ды. Көлік ішінде жұртқа тіктеп қарай ал-
май отырған Мақсот мысықтан үріккен 
тышқандай үрпиеді. Неше күн бойы  нәр 

99
Жаңбыр жауса екен...
татпаған байғұстың бетінде қан-сөл жоқ, 
аппақ аруақтай қуарып кеткен... Ол тысқа 
шыққанда, сыпсың сөздер тыйылып, сұсты 
жанарлар кенеше қадалды. Ойын баласы деп 
жүрген Жарқынның бүгінгі оғаш қылығы 
көпшілікті қатты састырды. Мақсотты 
кісендеумен үй алдына әкелгенде, намы-
стан өртеніп, ызадан жарылардай  болған 
Жарқын кішкентай ғана жұдырығын түйіп, 
әкесінің кеудесін соққылай берді, соққылай 
берді... 
– Апама не істедің? Біз енді кімге 
керекпіз? Мектепке қалай барамыз? – деп 
еңірегенде, жиылғандар көздеріне жас 
алды. 
Ал Мақсот... Мақсот үйге кіруге асықты. 
Ауызғы бөлмеде тарамысталған қолымен 
таспиығын санап, іштей дұға еткен Қапыш 
ана баласына қарамай, жүзін төмен салған 
қалпы отыра берді. Жетпісті алқымдаған 
қарт ананың да жүзі шаршаңқы. Мақсот 
табалдырықта отырып, өкініштен аһ ұрып 
еңкілдей жөнелді... 
«Келеңсіздіктер адам басына кез-келген 
сәтте кезігеді. Бірақ пенде біткен әр уақытта 
келтелі істің түйінін тауып, шырмауын 
жазады. Ал жүрекке түскен дақ орнынан 
қозғалмайтын ауыр тастай. Ағыны қатты 
судың толқыны да, дүлей дауыл мен үскірік 
аязда ол жараны жібіте алмайды. Адам 
қолымен жасаған зіл батпан қайғысын өзі 
ғана көтеруі тиіс!». Қарт ана өз ойын осы-
лай деп түйіндеді. 

100
Айгүл ЖҰБАНЫШ
– Мен Тәңірден бармақтай бақ тілеген 
ем. Елімнің, отбасымның, жан-жағымның 
амандығы, сенің қызығың сол бақтың 
ішінде-тұғын. Бақытқа қол жеткізу үшін 
қаншама қиналып,  қаншама сүріндім?! 
Сені туғанда шаңырақтың діңгегі деп 
масайрағам, жо-о-қ, мұным қателікке 
ұласты. Сен жарық дүние есігін ашпағанда, 
Күләш келінім де түнде көз жасын сығып, 
мойымас еді, – деді Қапыш ана егіліп. 
Бұл шаңырақтың егесі – Мақсот 
болғанымен, отбасының барлық тауқыметі 
– Күләштің мойнында. Алты баланың 
тәрбиесі, қарт ананың жағдайы, үй, түз ша-
руасы, онан қалды үкіметтің жұмысымен 
арпалысатын Күләштің қабағы бір түйілген 
емес. Қашан көрсең де, жадыраған күн 
көзіндей күлімдеп тұрғаны. Сүрінсе тірегі, 
жығылса демеуі жоқ келіншек — қайыспас 
қара нардай. Ұзын қара бұрымын желкесіне 
түйіп алып, шөп оруға, отын шабуға кіріседі. 
Жаздай, күздей қысқа дайындалып, отба-
сын тоңдырмауға әрекет етеді. Биыл да со-
лай болу керек еді... 
...Алғашында Күләштің да тірлігі әп-
әдемі жібектей есілді. Мақсот жайсаң 
жігіт-тұғын. Оның сөзіне, ісіне, ширақ 
қимылдарына көп қыз қызыға көз салатын. 
Барлық пәле сол құмар ойыннан бастал-
ды. Күнде жиын, күнде той, күнде карта... 
Міне, осындай ит тірлік ұзақ жылға со-
зылды. Балалары ер жетті, анасы үлкейді, 
жары қажыды, оны ойлап жүрген Мақсот 

101
Жаңбыр жауса екен...
жоқ. Жаз бойы шегірткедей ән сап, қыста 
үйге «тығылады». Қыстағы қарлы боран 
ауылдағы жұрттың берекетін кетірсе, бұл 
шаңырақтың шырқын үнемі Мақсот бұзады. 
Тосыннан қиғылық салмаса, табиғатта кей 
күндері жайма шуақпен жайландырады 
емес пе? Ал бұл үйдегі ызғар жыл он екі ай 
жалғасады...
Күз келді. Бір қиырдан бір қиырға 
ұласқан күрең сары дала. Тау жотасынан 
төнген қара бұлт көрінеді. Ел күн суытпа-
стан етек-жеңін жиып, қысқа дайындала 
бастады. Ал Күләш әдеттегідей иығына 
балта, арасын асынып алып ауыл шетіндегі 
тоғайдан отын шабуға кірісті. Тоғайдың 
іші тас қараңғы, әр жерден күн көзі 
саңылау береді. Жерге көрпедей төселген 
жапырақтарды жел ұшырған сайын 
Күләштің бойын үрей билейді Алғашында 
қорқақ көжекше өз көлеңкесінен үркіп, 
елегізитін, енді еті үйрене бастады. Қураған 
қайыңдарды да  шабу оңай емес. Қара күш 
қажет. Ағаш бұтақтарын құлатқанымен, 
оны ортаға жинау бір әлек. 
Бүгін ол ашумен көп ағаш шапты. Тірлікте 
бар бейнеттің өз басына артылғанына наза-
ланды... 
Ол дем алмақ ниетпен отыра берген-
де, ту сыртынан біреудің қарап тұрғанын 
сезді. Сұқ көздер мұның өңмеңінен өтіп, 
жаншып барады. Алғашында дем ала ал-
май, сасқалақтап, қатты қорықты. Артына 
бұрылып қарағанда, үсті-басты алау-далау, 

102
Айгүл ЖҰБАНЫШ
шашы ұйпа-тұйпа қолына балтасын ұстап 
тұрған жолдасын көрді. 
– Қайда ол?! Тап, жаныңның барында! 
Әйтпесе, екеуіңді де өз қолыммен балталап 
өлтірем. 
– Кімді айтасың? Мақсот, есіңнен 
адасқанбысың? 
– Мен саған сенбеймін. Үйге күнде неге 
кештетіп келесің? Адамды алдағың келеді 
ме?.. 
Ол былапыт сөздердің небірін жер-
жебіріне жеткізе айтып жатыр. Күләш 
күйеуіне қарсы сөз айтпастан, жұмысын жа-
сай берді. Өткір жүзді балтасымен ағашты 
шауып, басын көтере бергенде, өзінің оң 
аяғы тыз ете қалды. Ағашпен бірге Күләш 
та құлады. Көз алды тұманданып, жер шары 
дөңгеленіп бара жатқандай... Ағаштардың 
көлеңкесімен жасырынған күн көзі бұған 
аянышпен қарай ма, қалай?!  Мақсот қос 
қолымен балтаны сығымдай ұстап, жоғары 
көтерді де ағаш соққандай бар екпінімен 
әйелінің екінші аяғына сермеді. Күләш 
есінен айырылды. 
Мақсот үлкен іс тындырғандай мәз. 
Қансырап жатқан әйеліне қарамастан, 
үйіне тартты. Анасын зар жылап іздеген 
бүлдіршіндерінің көз жасы мен  төсекте 
сырқаттанған кейуананың дамылсыз 
күрсінісіне Мақсот  мыңқ етпеді. 
Алты бала анасының жолына қарап, 
түні бойы телміріп, екі көздері төрт бол-
ды. Көршілер жан-жаққа бөлініп, Күләшті 

103
Жаңбыр жауса екен...
іздеуге кірісті. Ал Мақсот жылы төсекте 
жатып, қорылға басты. 
– Қарғам, тұрсаңшы. Біз Күләшті 
жоғалтып алдық. Түнімен жүрмейтін еді 
бұлай. Бір пәлеге кезікпесе игі. Тұр, қарап 
келсейші?! – деп жұлмалады Қапыш ана. 
Мақсот тәтті ұйқысын бөлген анасына 
ашуланып: 
– Оған ешкім түнімен қаңғы деген жоқ, – 
деп көрпе астынан күңкілдеп жата берді. 
Таң бозарып, қара түнектен босанған 
күн көзі қылаң берген шақта көршілері 
бүлдіршіндердің  анасын тапты. Кеудесінде 
болар-болмас жаны бар Күләш дереу 
ауруханаға жеткізілді. Көрер жарығы бар 
екен... 
 Аурухананың ақ жаймасында Күләш есін 
жиды. Денесі, басы зілдей. «Өліп қалған 
шығармын» деп ойлаған. Жо-о-о-қ, тірі. Ал-
дымен көзін, бетін, басын сипады. Бәрі ор-
нында. Тіпті, қолы да сап-сау. Бірақ жаны 
сыздап барады. Тапты... Ол үстіне жапқан ақ 
жайманы серпіп қалғанда, аяғының тізеден 
төмен қарай жоқ екенін білді. Болды... 
«Болар іс болды». Алғашында оның тілі 
күрмеліп, біразға дейін есін жия алмады. 
«Жылаудың қажеті жоқ. Жылағанмен... 
жылағанмен, өкінгенмен  аяғы орнына 
келмейді...» 
Күләш үйге арбамен келді. Есік алды 
у-шу. Ауылдың тайлы-тұяғы осы жерге 
жиылыпты. Қаз-қатар тізілген балалары 
мұны қуанып қарсы алып, үй шаруасын 

104
Айгүл ЖҰБАНЫШ
істей алатынын, анасына дәмді ас пісіріп 
беретіндерін айтып жатыр... Ал Қапыш 
анасы жылай береді. Үйге кірген полиция 
қызметкерлері: «Егер сен шағымдансаң, 
Мақсот заң алдында жауап береді», –  дейді 
Ал Күләш оларға: 
– Мақсот – осы үйдің егесі. Балалар 
әкесінің қасында болсын, – деп жауап 
қатты. Содан соң босағада сүйеніп, жылап 
тұрған Мақсотқа қарап: 
– Өмір жалғасады. Саған қашанда адал 
болдым, осыны ұқ! Енді бізге қамқор бол! – 
деді ол даусын қатқылдатып. Жыламады. 
Тіпті, көзіне жас та алмады. Кімге өкпе арт-
сын? Бұл – өмір. 
...Күләштің аяғын шапқан балта ауызғы 
бөлменің босағасында сүйеулі  тұр. Үй-іші 
қалың ұйқының құшағына бөленген сәтте 
Мақсот балтаны алып, ақырын аяңмен 
Күләштің жанына келді. Ол қаннен-
қаперсіз ұйықтап жатыр. Қолы дірілдеген 
күйі жары жамылған көрпеге жақындай 
бере, кері шегінді. Қайтадан батыл қадам 
жасады. Бір қолымен көрпені ақырын 
ашып, екінші қолымен балтаны көтерді де, 
жарымжан жарының шолақ аяғын айнал-
дыра ұшықтады...
Мақсот балтаны қойнына қысқан күйі 
сыртқа бет алды.  Ендігі бағыты – ауыл 
шетіндегі Күләшқа бақытсыздық сыйлаған 
тоғай. Мақсот таң атқанша орман ішінен 
жер қаза бастады. Қазып жатыр, қазып жа-
тыр... Шаршаса да, борша-боршасы шығып 

105
Жаңбыр жауса екен...
терлесе де, екі қары талып қалжыраса да, 
бір сәт дем алмады. Тынымсыз қазып жа-
тыр...
Таң қылаң берді. Кісі бойынан асатын 
терең шұңқыр қазылды. Мақсот үйінді 
топырақ үстінде ойланып отыр. Өткен ауыр 
күндері көз алдынан тізбектеле бастады. 
Кенет бойындағы өкініш пен ыза кернеген 
сәтте атып тұрды да балтаны өзі қазған орға 
атып ұрды... 
Енді Мақсот жылап жүріп қазған жерін 
көміп жатыр, көміп жатыр. Шаршаса да, 
борша-боршасы шығып терлесе де, екі қары 
талып, қалжыраса да, бір сәт дем алмады. 
Тынымсыз көміп жатыр...
Бар пәле жерге көмілген балтамен кет-
кей!..

107
Жаңбыр жауса екен...
ЖАҒЫМПАЗ
Түсінде үнемі ауылын көреді. Тау баурай-
ында  құшағын гүлге толтырып, ыңылдап 
ән салып жүргені сол. Иті ізінде. Ол да жай 
жүрген жоқ. Тышқан, қарсақ аулап, өз 
күнін өзі көреді. Ет дегенде, байғұс, итте де 
бет болмайды екен...  
Жусан исін сағынғаны соншалықты, 
қанша иіскесе де құмары қанбайды. Бұрын: 
– Осы ауылдан кетсем бар ғой, қайтып кел-
мес ем! Пойыз жүрмейтін, ұшақ ұшпайтын 
жерді мұнан былай төбемнің шұқыры 
көрсін! – деуші еді. – Жастар бас қосатын 
жер жоқ, әдебиет сүйетін, жастарға ақыл 
қосар үлкендер жоқ, −  деп ренжитін. 
Ауылда жүргенде туған жерге артар өкпе 
наласы көп болды. Қазір ойлап отырса, 
мұның барлығы еркеліктің, еркеліктің де 
емес, ақымақтың, ақылсыздықтың ісі екен 
ғой. 
− Ауылдан асып қайда барасың? Жылы 
орныңды суытпа! −  дейтін апасы. 
Әкесі: 
− Барсын, жібер! Қиындыққа бір күн де 
шыдамай қайтып келеді, −  дейтін жекіп. 
Өзі бүйі шағып алғандай тыжырынып: 
«Қайтып келмеймін, дым қызық жоқ бұл 
ауылда», − дейтін. Ашулы жүзін көргісі 

108
Айгүл ЖҰБАНЫШ
келмейтін апасы айналып-толғанып 
арқасынан қақса, көкесі басын шайқап, 
күрсінетін. Сөйтсе, ата-анасы қалада 
тұрмыстың қиындығын алға тартады 
екен ғой. Ауылды жиі түсінде көруі де сол 
ақымақтығыннан! Ақымақтықпен жасаған 
әрекетінен. Қайтып баруға болмайды...  
...Ол кабинетінде осылай ойланып отыр 
еді, телефон безек қақты. Даусы мұнша 
жағымсыз болар ма, жаныңды тітіркендіріп 
жібереді. Телефон сымдарын ажыратып, 
үнін біржола өшіріп тастағысы келді. Тіпті, 
сенсеңіз бар ғой, осы сәтте мына ғаламнан 
бар телефонды жоқ қылуға дайын. 
Телефон қайта шырылдады. Ол тұтқаны 
көтерді. Телефонды әлсін-әлсін «жылатып» 
отырған өзге емес, өзінің бастығы екен. 
– Қайда жүрсің а, сен қыз? 
Ол біртүрлі болып кетті. Ер адамның 
бұлай сөйлеуін алғаш көруі. 
– Кабинетте отырмын ғой ағай. 
– Телефонға жауап беру қиын ба?!
– Жоқ, ағай. Неге олай дейсіз?  Мен... 
– Сен өзі кіммен сөйлесіп тұрғаныңды 
білесің бе?
– Білемін, әрине. 
– Білсең, менімен адам сияқты сөйлесіп 
үйрен! Және айналаңдағыларға да айт! 
Мен главный редактор-р-р-мын, сендер 
«қатардағы рядовой» журналиссіңдер! 
Сондықтан дер кезінде телефонға жауап 
беріңдер!.. 

109
Жаңбыр жауса екен...
Тұтқаны қоя салды. «Осыншама сөккені 
несі?!» Қайта шырылдады. Шырылдай 
берді. Көтермеді. Ызаланып: «Телефон 
қоңырауына жауап бермедің деп жұмыстан 
шығара қоймас», – деді ішінен! 
Бастығы қызық адам. Өз көлеңкесінен өзі 
үркіп жүреді үнемі. Қарамағындағыларға 
қасқырша шүйліккенімен, өзінен 
жоғары адамдардың алдында түлкідей 
жылмаңдайды. Осы қылығымен көпшілікке 
сүйкімсіз көрінеді. 
Телефон қайта шырылдады. Бастығы 
кабинетіне шақырды. Барды. Ашуы 
басылған. Ол таң қалды. «Қандай 
құбылмалы адам», – деді ішінен. 
− Ана Жаннұрдың жұмысына көңілің 
тола ма?
− Жаннұр жұмысын мінсіз атқарады. 
Оның үстіне өзіңіз бірнеше сыннан өткізіп 
барып қызметке алдыңыз емес пе?
− Өзім алғаным рас. Бірақ соңғы кезде 
мінезі ұнамай жүр.
Үндемеді. Біреуді топтан оза шығып 
мақтау немесе жер-жебіріне жетіп даттау 
тәрбиесінде жоқ. Анасы: «Кісінің ала жібін 
аттама», – деп жиі айтады...  Бастығы әрі-
бері Жаннұр туралы сұрауға тырысып еді, 
ол мардымды ештеңе демеді...
Ойлы қалпында ол өз кабинетіне келді. 
Редакцияға қызметке келгеніне не бары 
екі ай болған Жаннұрды жұмыстастарының 
дені ұната бермейді. Көпшіліктің айтуын-
ша, ол кез-келген сәтте қасындағы досын 

110
Айгүл ЖҰБАНЫШ
«сатып» кететін көрінеді. Енді біреулері 
оны «директордың көзі һәм құлағы», – 
дейді. Сондықтан «бір адым аулақ жүр» деп 
ескертті бірде хатшы қыз...
Сәлден соң кабинетіне Жаннұр кірді. 
Өзі үріп ауызға салғандай сұлу қыз. Бірақ 
тәнінің сұлулығы жанына сай келмейді... 
−  Саған бір сұрақ қойсам бола ма? – деді 
Жаннұр қарама-қарсы тұрған орындыққа 
отырып. 
− Әрине, тек жеке басыма қатысы жоқ 
сауалдарға  жауап беремін. 
−  Саған біздің редактор ұнай ма? 
Ол мұндай сауалды күтпеген еді.  
− Бұл сұрақты неге қойғаныңды білуге 
бола ма?
−  Алдымен жауап берсеңіз, – деді Жаннұр 
сынай  сөйлеп... 
− (бастық екеуіне не болған? деп ойлады 
ол ішінен) Адамды ту сыртынан ғайбаттау 
– күнә. Ұнамайды дей алмаймын,  өйткені, 
кісіге қиянаты жоқ. Ұнайды деп те айта 
алмаймын, себебі мен өзгелер сияқты 
 
бастыққа жағымпазданғым келмейді. 
Жаннұрдың сұрағын өзіне қайыра қойды: 
−  Сен бұл сұрақты неге қойдың? Ал, саған 
бастығың ұнай ма? −  деді.  
− Ұнамайды. Қабағынан қар жауып 
жүреді үнемі. Жастарға қолдау көрсету 
дегенді мүлдем білмейді, −   деді ашулы кейіп 
танытқандай...
Үйге қайтатын уақыт болыпты. Кабинетті 
жауып сыртқа шықты. Далада қар жау-

111
Жаңбыр жауса екен...
ып тұр. Аппақ қар. «Шіркін, адамдардың 
көңілі осындай ақ болса ғой», – деді іштей. 
Өзара сөйлескен екеу ізінен еріп келеді.
– Мен туралы не айтты? – деп сұрады ер 
адам. 
– Сені жек көреді екен. «Ала алмай 
жүрген өшім бар деп айтты. Маған сенбесең, 
кабинеттегілерден сұра», –  деді. 
Дауыстарынан таныды. Жаннұр мен 
бастығы. Екеуі оған жақындады. Мұны 
таныған соң екеуі әп-сәтте өзгеріп сала берді. 
Енді олардың әңгімелері адамгершілік, 
парасаттылық тақырыбына ауысты. Ол 
үнсіз келеді. Ал екеуі түк болмағандай 
мұнымен емін-еркін сөйлеседі. Ол таң 
қалды. «Бойымда жағымпаздық қасиеттің 
болмағаны қандай жақсы?!» –  деп түйді 
іштей. Сәлден соң «Бақыт – дегенің жанның 
тазалығы ғой. Ал, тазалық – тектіліктен, 
қаннан дариды», – деді өз-өзінен күбірлеп. 
Бастығы бұған тесіле қарап тұр екен... 

113
Жаңбыр жауса екен...
ИТ
– А-а-у-у-уууууууууу!
Қарауыз ұзақ ұлыды.
Бұрын мұндай әдетінде жоқ еді. Үлкен 
үйде жалғыз тұратын иесінің салыңқы 
қабағы, жасаураған жанары жанына 
батты-ау деймін, сірә. Қою қара түнде 
ел тыныштығын бақылап тұрған Айдан 
жәрдем тілегендей ауық-ауық ұлып, қораға 
кіреді. Жиналған отын үстінде шоқиып 
отырады да, тағат таба алмай қайтадан 
тысқа шығып «егіледі». 
«Ау-у-у-у-у-у! Аманат, оралсаңшы туған 
үйіңе! Кіндігіңді буып, жөргегіңді жуған 
мына отаудың сәні кетіп, құла түзде жалғыз 
қалғандай есеңгіреп тұр қазір. Иесіз үй 
құлайды ғой енді. Жанары жасқа толған 
Сезімнің де жанын қинамасаңшы...».
Үлкен қалада бай-бақуатты алаңсыз 
күн кешіп жатқан Аманатты тауып алып, 
мұңын шаққысы келеді-ау, Қарауыздың. 
Бірақ, жаратылыс оған тіл бермеді. 
Қынжылады бұған Қарауыз! Көктің төрінде 
алаңсыз жатқан Айды мазалайтын итке 
мына ой иірімдері жиі келеді: «Егер мен 
адам болсам, иә-ә, адам болсам, Құдіреттің 
маңдайыма жазған бар ғұмырын қызықты 
өткізер ем. Қалай деймісіз?! Адамда айтар 
әуезді ән де, жауһар жыр да, ырғақты би де 

114
Айгүл ЖҰБАНЫШ
көп қой. Соларды сәт сайын пайдаланып, 
жүрегіме реніштің, ыза-кектің  ұя салуына 
жол бермей, төңірегімді думанға бөлер ем... 
Әсіресе, тоғыз ай, тоғыз күн тар құрсағында 
жатқан, өзім аймалап емген анамның ақ 
сүтін ақтап, сол құрсақтан бірге шыққан 
бауырларымды ренжітпес ем... Иә-ә, дұрыс 
айтасыз, менің де анам, бауырларым болған 
бір кезде. Көзімізді ашып, айналаға зер сала 
бастаған кезде бізді адамдар асырауға алып 
кетеді. Сірә, әулетіміздің айбынды жүзі, 
азулы тісі, төбелессе кегін алар ашуы адамға 
ұнаса керек, бізді өздерінің адал серігі етті. 
Еһ-һ, біле, білсеңіз, адам дегеніміз – айла-
кер ғой. Ажалға ғана әлі келмес, өзгенің 
бәрі уысында – бұл адамның!..»
Қарауыздың көз алдына осы үйге алғаш 
қалай келгені есіне түсті. Енесі Лашын 
өте қызғаншақ еді. Әсіресе, күшіктерінің 
маңына ешкімді жақындатпай, үнемі 
қатуланып жүретін. Бірде енесі жоқта 
қораға Аманат келіп, көп күшіктің ортасы-
нан мұны бауырына қысып алып кетті. «Не-
ткен сүйкімді күшік. Өзі сондай аппақ, тек 
тұмсығы ғана қара. Атын кім деп қоямыз?» 
–десті үйдегілер мұны алғаш көргенде. 
Сонда Аманат: «Аты – Қарауыз болады!» 
– деген-ді. Сол түні ол мына жерді, жаны-
на жиі келіп желке тұсынан сипаған жан-
дарды  жатсынып ұзақ «еңіреді». Тіпті, 
Аманаттың ыдысқа құйып берген сүтін 
ішпей, тоң мінез танытты. «Қоя ғой енді, 
Қарауыз! Сен енді мұнан былай біздің үйде 

115
Жаңбыр жауса екен...
боласың! Біріміз – үйдің, біріміз – сырттың 
қорғанымыз», – деп еді ғой Аманаты. 
Есейе келе ол мектептің жолынан Аманат-
ты күтіп тұратынды шығарды. Егесінің 
сұлбасы көрінсе болды, алып-ұшып, ыр-
сылдап жүгіріп жететін. Иә, иә, есінде, 
сонда Аманаты мұның екі аяғын өз иығына 
қойып, құшақтайтын-ды. Бұл егесіне қатты 
еркелеуші еді. Сол тәтті күндер елес секілді 
артта қалды қазір. Ит иесін сағына күтеді. 
«Отбасыма қамқор боламын», – дейтін Ама-
нат қазір бауырларына да, Қарауызға да 
қарасын көрсетпейді...
Даңғазадай үйде Сезім жалғыз өзі тұрады. 
Қарауыз екеуі бір-біріне сүйеу. Сыртқы 
есіктің ілмегі тартылса болды, «Аманат емес 
пе екен?» деп елеңдеп, қорадан Қарауыз, 
үйден Сезім жүгіре шығады. Қайдан келсін 
Аманат?..
Сезім – үйдің үлкені. Өзімен тетелес 
өскен сіңлісі Сәнияны үйлі-баранды қылды. 
Інісі Аманатты оқытты, тоқытты. Бұл 
бауырының да зайыбы бар қазір жанында. 
Өз қолдарымен жаққан отқа жылына ала-
ды енді олар. Құтты орнына қона алмаған 
өзі ғана. Аманат үшін өз қызығын, қыз 
дәуренін сарп етті. Көзі тірісінде Аманатты 
аманат етіп тапсырған еді ата-анасы. Тоңса 
жылытты, жыласа жұбатты бауырын. 
Бетіне шаң тигізбей өсірген Аманаты қазір 
апасының амандығын білмейді де. Егер 
 
ғайыптан сырқатқа шалдықса, Сезімнің 

116
Айгүл ЖҰБАНЫШ
аузына кім су тамызады?!  Қарауыз ба?! Ит 
тағы ұлыды...
Аманат ата-енесімен бірге хан шаты-
рындай кең үйде тұрады. Келіншегі Роза 
Сезімді бақпақ түгілі, келіп танысқан да 
емес. Ауылдың топырағын басып, ата-
енесіне  тәу етпеді бұ келін. Ауылда ата-
ананың көзін көрген үлкендерге де сәлем 
салмады бұ келін. Бұ келін... Бұ келіннің 
жүрегі солай «қаттылықтан» жаралыпты. 
Сезімнің ата-анасы тапсырған Аманатпен 
бір шаңырақ астында тұрады бірақ. Ақылы 
жетеді мұндайға...
Өзегін өкініш кернеген Сезім үйге сыймай 
далаға шықты. Дала тегіс ұйқыға көшкенде, 
жарқырап тұрған жұлдыздар: «Сезім далаға 
шықты» дегендей жымыңдайды. Өзінен 
әлдеқайда биікте тұрған Ай да оған ақ 
жүзін бұрып: «Ішіңдегі ашуды жүрегіңмен 
қабылдамай, маған ақтарсаңшы!», – де-
гендей. Сезім терең тыныстады да, көкпен 
тілсіз тілдесіп, сөзсіз сыр ашқан итінің жа-
нына келді. Иесінің солғын тартқан жүзін 
көрген Қарауыз оның тізесіне басын сүйеп, 
Айға қарап ұли жөнелді.
– А-у-уууууууууууууууу!
– Қой, Қарауыз, мұның не?! Болды, ұли 
берме! Ел ұйықтап жатыр ғой, тыныштығын 
бұзбайық! Сен – менің арқасүйер тірегімсің, 
серігімсің, – деп Қарауызды кеудесіне 
қысып, іштей егілді. 
«...Аманаттың бізді тастап кетуі мүмкін 
емес. Ол қайта оралады. Бәлкім, үлкен 

117
Жаңбыр жауса екен...
қалада жұмыстары көп болар. Ол сені 
жақсы көреді ғой, Қарауыз! Оралады. 
Ертең-ақ сен оның балаларымен асыр сап 
ойнайсың. Балалар қолындағы тәттілерін 
бөліп береді саған»...  Сезім жасқа булығып, 
ішкі ойын итіне жеткізе алмай, ұзақ жыла-
ды. Бұған Қарауыз қосылды. Оның мұңын 
түсінгендей, ауық-ауық иесінің бетіне 
қарайды да, сол аяғын оның тізесіне са-
лып, басын басына тақайды. Сезім жалғыз 
қалғанына жас төкті. Бойында төзімі 
болғанымен, күндердің күнінде қауқарсыз 
қалатынын білді ол. Қарауыз Аманаттың 
орнына адам боп жаратылмағаны үшін 
«ұлыды»...
 – А-у-ууууууууу...
 
*** 
Ұйқыларын бұза берген соң, Қарауыз 
көршілеріне «жақпады». Күндіз күншуақта 
қалғып отырған итті иесінің көзін ала бере 
тоқпақтаушылар қарасы көбейді. «Басыңа 
көрінгір, түнімен ұлып, жатқызбады адам-
ды!», – деп сөкті үлкендер. Жасы кішілері 
таспен атқылап, тепкінің астына алды. Сон-
да да шыдады бұл Қарауыз. «Ертең Ама-
нат келсін!», – дегендей ырылдап қояды 
оларға...
...Қарауыз бүгін тағы «жылады». 
Иттің бұл қылығын жамандыққа балаған 
ырымшыл көршілер «түн тыныштығын 
бұзды», – деп ашуланған қатыгез көршілер  

118
Айгүл ЖҰБАНЫШ
Қарауыздың «үнін өшіру керек» десті. 
Сезімнің жалғыздығына араша боп, жылап 
жүрген итті қайтсін бұлар! Айға қарап шер 
тарқатып тұрған Қарауызды Оспан көрші 
мылтығымен атып салды. Мылтық даусын 
естіген Сезім үйден шыққанша, көрші ізін 
суытып үлгерді. Аулада Қарауыз қансырап 
жатыр. Оны өлтірген Оспан екенін тек 
Ай ғана біледі. Иә, түннің куәсі Ай ғой. 
Бірақ айтпайды Ол. Мейлі, мыңдаған ақша 
берсеңіз де, Айды куәгерлікке шақыра ал-
майсыз... 
Өкпе тұсынан оқ тиген ит оң жақ 
қапталымен құлапты. Сезім жанына 
келгенде, айтары бар адамдай қиналды 
Қарауыз. Қолынан ұстап, «Жалғыз қалма!», 
–  деп құлағына сыбырлағысы келді-ау 
Қарауыздың. Ит өмір мен өлім арасында 
аласұрып жатып, Айға «сен айтшы» деген-
дей, көз қиығын салды. Ай қалай айтсын?.. 
«Егер мен көктегі Құдіретпен тілдесе 
қалсам, адамды  мақтар ем... Біз, ит атау-
лы бақыттымыз ғой. Жылы үйшік, сүйек-
саяқ. Адам ғой бізді асырайтын. Бірақ, мен 
бәріңді бірдей мақтамаймын, адамдар... 
Аманат... Мен саған аманат ретінде Сезімді 
табыстай алмадым. О, Жаратқан, Сезімді 
енді сергелдеңге сала көрме!». Көк төрінде 
қарап тұрған Айға Қарауыз осы ойымды 
жеткіз деді де, өзі қалың ұйқыға кетті. Енді 
көршілер  де тыныш.

119
Жаңбыр жауса екен...
***  
Сезім қазір ешкіммен тілдеспейді. Сонау 
күні Қарауызға оқ атып, ажал құштырған 
адамды айтпағаны үшін Айға да «өкпелі». 
Тілдеспейді қазір онымен.
...Ай-й,  Ит тірлік-ай!

121
Жаңбыр жауса екен...
АҚ АПА
...Дөңбекшіп әлі жатыр. Ұйқысы келер 
емес. Таң да атып қалған.  «Уақыт болды, 
тұрыңдар» дегендей қорадағы көк әтеш те 
шақыруын қояр емес. Қасындағы кішкентай 
Әли  қаннен-қаперсіз  ұйықтап жатыр. 
Ауыз үйден Дәмештің тықыры естілді. Ол 
көзін жұма қойды. Тәтті ұйқыда балбырап 
жатқан адам тәрізді. Дәмеш ыдыс-аяқты 
салдырлата бастады. Бұл – «Тұр, сенікі не 
жатыс», – деген белгі. Сәлден соң ол: 
– Тұрсынгүл, әй, Тұрсынгүл! Тұр! 
Таң атты ғой, – деп дауыстай бастады. 
Ойпырым-ай, неғып атын атады. Әкесі 
болғасын ба? Жо-жоқ, бұл білетін Дәмеш 
әкесіне дес бермейді ғой. Әлде ақыл-есінің 
кірейін дегені ме? Күлкісі келді. Ақ апасы 
құбылмалы ауа райы сияқты. Түске дейін 
жылынып, түстен кейін қарлы боран бо-
райтын. Қазір күліп отырады да, сәлден 
соң көзі аларып, аузынан небір былапыт 
сөздер шығады. Қысқасы, ақ апасы түлен 
түрткендей, біресе адам, біресе шайтан 
кейпіне енеді. 
Анасы бақилық болғаннан кейін, үй іші 
құлазып азып кетті. Әли екеуі анасы кіріп 
келердей ауық-ауық есікке алаңдаса, әкесі 
шөлмектен бас көтермеді. Осылай бір жыл 
өтті. Әкесі бірде: «Мына кісі енді аналарың 

122
Айгүл ЖҰБАНЫШ
болады», – деп үйіне ақ апасын алып келді. 
Түсі суық, мінезі қатал жанды көргенде, 
Тұрсынгүл жылан  шағып алғандай ыршып 
түсті. Ақ апасы жаман адам болып көрінді 
оған... Жүрегі құрғыр алдамапты. Ана ор-
нына келген апасы улы жыланмен бірдей. 
Тілін таппасаң, шағып үлгереді. Үйге 
алғаш келгенде: «Айналайын, қызым», – 
деп іші-бауырына кіріп, басынан сипап, 
барын беретін. Уақыт өте келе, «айналайы-
ны» бірте-бірте «Тұрсынгүлжанға», кейін 
«Тұрсынгүлге» ұласты. Қазіргі есімі – «Әй, 
қыз!». 
Тұрсынгүл далаға шығып, күндегі 
әдетінше бір керілді де, мал тұратын аулаға  
беттеді. Бұзаулары да мұны күтіп тұрғандай 
енелеріне қарай ұмтыла бастады. Мал екеш 
мал да аналарын жақсы көреді-ау! Осындай 
кезде оның есіне анасы түседі... 
Жаулығы желкілдеп Дәмеш самау-
рын жаға бастады. Ал Тұрсынгүл күндегі 
әдетінше қос сиырды алып, өріске беттеді. 
Жолда, анау шетте тұрған ақ бейіт оны 
қол бұлғап шақыратындай, үнемі осын-
да  соғады. Сиырлары да үйренген. Бейіт 
жанында кідіріп, содан соң өріске бет ала-
ды. Мауқын бір бассын дейді-ау, сірә. Ол 
тізерлей отырды да, құлпытастағы ана 
суретін сипап, күндегі тірлігін баяндай ба-
стады: 
– Таңертең Әлидің көрпесі ашылып 
қалыпты.  «Апа, сені сағындым», – деп мені 
құшақтай алды. Бала ғой әлі. Кейде: «Ақ 
мамам қашан келеді?», – деп ақ апасына 

123
Жаңбыр жауса екен...
жылап, қиғылық салады. Ақ апасы қайдан 
сіздей болсын... Әкем  үйдегі тірліктің 
бәрін біледі. Көрсе де көрмейді, естісе де 
естімейді. «Мылқау». Ешкімге ештеңе айт-
пайды. Нағашыларым да хабарсыз қалды. 
Сіз болмаған соң бата алмайтын шығар... 
Мен сізді  сағындым, мама, сен ше?
– ?
– Суық топырақ денеңді жауып, 
жаншылдың-ау, мама. Бәрін тастап саған  
кеткім келеді. Анау апа тірілей сойып, отқа 
қақтағандай етеді (Біреу естіп қоймады ма 
дегендей жан-жағына көз жүгіртті). 
Сиырлар  әлі бейіт маңынан ұзамапты. 
Ала сиыр Тұрсынгүлге қарап қояды. Аяйды-
ау шамасы. 
– Ештеңе айтпайсың, мама. Күлімдеп 
қарсы алып, мұңайтып шығарып саласың. 
Бүгін үйге ерте баруым керек. Ақ апа шаруа 
көп деп отыр. Ертең соғармын...
Анасының бейітінен ұзап кету 
Тұрсынгүлге қиын. Сағынады. Жазда си-
ырларды өріске шығарып салғанда келіп 
тұрады ғой. Қыстың күні қайтпек? Үйіне 
келгенде ақ апасы үнемі ашумен қарсы 
алады. Сондағы айтатыны:  «Әй, қыз, 
қаңыраған бейіттен не таптың? Жылағанда 
шешең қайтып келе ме?». Бұл үнсіз 
құтылады. Бүгін де солай. Ақ апасы көзі 
шытынап, көгере қарсы алды: «Әй, қыз! 
Молаға барып, не бітірдің? Шешесін мен 
өлтіргендей, еңірейтіні несі. Мен сені күтіп 
отырмын ғой!»... Айтылып жатыр, еттен 
емес, сүйектен өтер қарғыстар айтылып 

124
Айгүл ЖҰБАНЫШ
жатыр. Есік алдында отырған әкесі үнсіз. 
Томпаңдап ойнап жүрген Әли айқайдан 
қорқып кетті білем: «Әй-әй, апа, тимеші 
тәтеме», – деп етегіне орала кетті. «Қараңды 
батыр! Менің сорыма тап болған өңкей 
жетімектер», – деп оны итеріп жіберді. 
Екі бауыр жылап тұр. Үнемі айқай, ащы 
сөз қос сәбиді шаршатып жіберді. Тұрсынгүл 
жылап жүріп, қазан астына от жағуға 
кірісті. Ақ апасы бүгін тары түймекші. 
Бажылдап, айқайлай жүріп,  әлсін-әлсін 
мұның басынан ұрып қояды. Ежелден бергі 
жауы сияқты. Ақ апасының ұрғанына 
Тұрсынгүлдің еті үйренгелі қаш-а-ан. «Ұра 
берсін. Басым жарылып, көзім шыққан жоқ 
қой», – деп ой үстінде жүргенде:
– Қазанды қақсытып не істеп жүрсің? 
– деген ащы дауыстан селк ете қалды. – 
Су қайда, су!  Әлі су әкелмегенсің бе? Әй, 
мына қыз не істеп жүр өзі, а?.. Не шелекке, 
не құдыққа барарын білмей қалбалақтап 
тұрған Тұрсынгүлдің басына қазан 
ішіндегі ыстық ожау  сарт ете қалды. Көзін 
шығармаса да, басын жарды. Жып-жылы 
қан сорғалап жатыр. Ақ апасы қорқып, аяр 
деп ойлаған. Жо-о-оқ... 
– Су әкел бар, су. Жоғал, қансырамай, – 
деп үйден қуып шықты.
Еңіреп келеді. Көзден аққан жас пен ба-
сынан аққан қанды сүртуге шама жоқ. 
Бар сенері — көрші үйдегі Зибаш әжесі. 
Жетімді жебей білетін қария ғой. Басына 
киіз күйдіріп басты: 

125
Жаңбыр жауса екен...
– Шешең барда алтын асықтай болып 
жайнап жүрген бала едің, қарағым-ай, 
қайтейін. Менің қолымнан не келеді? 
Кешкілік үйіңе барып, әкеңмен сөйлесейін, 
– деп жұбатып қояды. 
Долы қатынға ешкімнің де батылы бар-
майды. Әкесі оған не десін?.. Зибаш әжесін 
қалдырып, кешкісін үйіне қайтты. Ойы 
– Әлимен кездесу. Бірақ, үй маңы тып-
тыныш. Үйге кірсе, ақ апасының аямай-
тыны белгілі. Не істеу керек? Осындай 
сәтте демейтін қамқоршыңның болмағаны 
қандай қиын. Бір ғана сүйеніші бар. Ол 
– өзіне ыстық баяғы ақ мола. Ештеңеге 
алаңдамастан, түннің қараңғылығынан да 
қорықпастан талдырмаш қыз ана бейітіне 
қарай бет алды... 
Адамға ең жақын жанашыр Жан – Ана 
ғой. Бұл жалғанда анадан асқан жан бар 
ма? Қиналғанда қол ұшын берер, қуанғанда 
қолпаштар анаңның жер астында мәңгілік 
ұйқыға кеткені жаныңа батады. Қысқа 
ғұмыр. Қайтып оралмас қу дүние. Ана мен 
баланы шырқыратып, көрместей етіп  екі 
арнаға бөлген жалған-ай... Тұрсынгүлдің 
ойына: «Әкемді алсаң ал құдай, шешемді 
қой, шекпен тоқып берсе де өлмеймін 
ғой», – деген өлең жолы орала берді, ора-
ла берді... Анасы тірі болғанда, балалық 
балдәуренін мұндай қиналыспен өткізер ме 
еді? Кім білген? Ақ апасы аналық парызын 
өтей алмады. Бұл ғұмырға бір-бірін көріп, 
аз уақытты қызықты өткізу үшін келгенін 
ұғынбады... 

126
Айгүл ЖҰБАНЫШ
Өзіне жақсы таныс, ана бейітінің 
құлпытасын құшақтап: 
– Міне, мен де келдім. Өмірге әкелдің 
ғой, енді өзіңмен бірге ала кет. Әлиді де 
әкелейін бе? Бірақ ол ақ апасымен бірге... – 
деп сандырақтай бастады.
Не айтып, не қойғанын өзі білмейді. 
Құлағына «Тәте, тастамашы мені», – деп 
жылаған Әлидің даусы естіледі. Құлпытасқа 
сүйенген қыздың ұйқысы келді. Ешкім де 
оята алмайтын тәтті ұйқыны аңсады. Көз 
алды тұманданып, құлағына қарғалардың 
қарқылы естіледі. Дүние шыр айналып, 
жерден мұны бір алып құс алып бара 
жатқандай сезінді. Шіркін-ай, тек құс аузы-
нан түсіп кетіп, ақ апасына жолықпаса игі 
еді. Уһ, алып құс мұны анасына жеткізді-
ау... Сәлден соң пәк, жаны таза сәби қалың 
ұйқыға кетті. Мәңгі ұйқыға...  Оның 
ұйқысын енді ешкім де бұза алмайды. 
Ертеңіне өріске мал айдаған ауыл адам-
дары ақ бейіттің жанында ана құлпытасын 
құшақтап жатқан кішкентай қыздың 
денесін тапты... Тұрсынгүлдің өліміне  ел 
тегіс еңіреді. Тіпті, жаймашуақ жадырап 
тұрған күннің өзі де мүрдені шығарарда 
нөсерлете жөнелді. Табиғат та бейкүнә 
сәбидің мезгілсіз өмірден өткеніне аһ 
ұратын сыңайлы. Бәрінен де Тұрсынгүлдің 
денесін есік алдына әкеліп қойғанда, 
кішкентай Әлидің «Ақ тәте-ау, мамама 
қашан апарасың?», – деген сөзі елді тегіс 
еңіретті... 

ІІ бөлім
ПЬЕСАЛАР

128
Айгүл ЖҰБАНЫШ

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет