Ханымдар мен арулар



Pdf көрінісі
бет21/30
Дата11.01.2017
өлшемі3,21 Mb.
#1667
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   30

Жұмабек МҰҚАНОВ,
«Әйтеке би» қорының президенті, 
Қазақстанның құрметті журналисі
БОПАЙ ХАНЫМ: ӨМІРІНЕН – ҚАБІРІНЕ ДЕЙІН
Заманында аузын айға білеген қарқарадай ханның сүйікті жары 
болуымен  ғана  емес,  зерек  зердесімен,  қайраткерлік,  мəмілегерлік 
қадір-қасиеттерімен абырой — беделі Алты Алаштан əрі асып, орыс 
билеушілерін,  патша  сарайы  қызметкерлерін,  ғалымдарын,  тіпті, 
мұхит асып келген саяхатшылардың да айрықша назарын аударған 
Бопай  ханым  бейнесі  зымыран  ғасырлардың  аумалы-төкпелі 
қилы  кезеңдерінен  кейін  ұрпақ  санасында  көмескіленіп,  ұмытыла 
бастайды деп кім ойлаған….
Рас,  Әбілхайыр  ханның  көзі  тірісінде  де,  1748  жылы 
бақталастарының қолынан қаза тапқаннан кейін де ұзақ жылдар ел 

204
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
басқару ісіне белсене араласып, Орта Орда мен Кіші Ордадағы рулық 
бірлестіктердің  арасында  ынтымақ,  бірлік,  түсіністік  орнауына  оң 
өзгерістер  жасауға  күш-жігері  мен  білік-қабілетін  аямай  жұсаған 
Бопай  ханым  сол  бір  алмағайып,  дүрбелең  кезеңде  ел  арасында 
жарқын тұлғаға айналғандығын бүгінде екінің бірі біле бермейтіндігі 
анық.  Әсіресе,  ханымның  халқымыздың  игі  жақсыларының, 
батырлар  мен  билердің  арасында,  Қазақ-Ресей  қатынастарында 
орасан  зор  ықпалы  болғандығын  айғақтайтын  құжаттар  көне 
мұрағаттардан алынып, жарыққа шығып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, 
біз  оқыған  құжаттар  мен  зерттеулер  Бопай  ханымның  соңғы  үш 
ғасыр көлеміндегі Қазақстандағы билікке араласқан қайраткер қазақ 
əйелдерінің  арасында  көшбастаушы  болғандығына  көз  жеткізеді. 
Көне тарихтың тасқа түскен жазулары осылай дейді.
Олай  болса,  бірінші  кезекте  Бопай  ханымның  шыққан  тегіне 
назар аударайық. Ә. Атшыбаевтың «Кіші жүз шежіресінде» (Алматы, 
1966)  Адай  Табынай  батырдың  қызы  делінсе,  қайсыбір  авторлар 
Еділ қалмақтарына қарсы жорықтарда қолбасшылығымен танылған 
Сүйіндік батырдың қызы дейді.
Ол  қай  Сүйіндік?  Адайдың  Қосай  атасынан  тарайтын,  лақап 
аты Жаманадай болған Сүйіндік пе, əлде, Тобыш атадан тарайтын 
Табынай руының Сүйіндік батырының қызы ма? Халық жазушысы 
Әбіш  Кекілбайұлы  «Елең-алаң»романында  Қосай  Сүйіндік  батыр-
дың қызы деп жазады. Роман көп жаухарларымыз ашылмай жатқан 
Кеңес Өкіметі тұсында, алғаш рет 1984 жылы жарық көргенін назарда 
ұстаған жөн. Тəуелсіздік жылдары тарихи құжаттар мен шежірелер 
көптеп табылып жатыр. Әбіш ағамыз да апамыз Табынай Сүйіндіктің 
қызы  екендігін  айтып  жүр.  Сонымен  қатар,  көнекөз  қариялардан 
алынған  əңгімелерде  Қосай  Сүйіндік  Бопайдың  сіңлісі  Қанайға 
үйленген,  Әбілхайырмен  бажа  болғандығы  айтылады.  Әбілхайыр 
мен оның заманын көп зерттеген ғалым С. Өтениязов Бопай – Адай 
қызы деген тұжырымнан айнымайды. Ал тарихшы ғалым, Әбілхайыр 
мен қазақ-орыс қатынастарын көп зерттеген Қ. Есламғалиұлы төре 
тұғымынан деп жазған («Ана тілі» газеті, 18.11.2009). «Батыс Қазақ 
энциклопедиясына» да осы дерек енгізілген (Алматы: Арыс, 2010. 
194-бет).
Ал, Сүйіндіктің баласы Мырзатай батырдың есімі Ресей сыртқы 
саясатының мұрағатында жиі кездеседі жəне оны Адай батыры деп 
жазады.  1734  жылдың  24  қазанында  Орынбор  экспедициясының 
бастығы И. Кириллов пен қазақ қауымына есімі елші ретінде танымал 

205
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
А. Тевкелевтің хабарламасында Уфаға келген Кіші Орда елшілігінің 
құрамында Әбілхайыр ханның туған балдызы Мырзатай батырдың 
(«родной шурин Мурзатай батыр») болғандығы да жазылған.
Қазақ  елін  көп  аралаған  тілмəш  Я.Гуляев  Мырзатай  батырдың 
Әбілхайырдың  Бопайдан  туған  үлкен  баласы  Нұралыға  «дядя» 
болып келетінін айтыпты. Бопайдың Адай руынан екенін тарихшы 
Витебский «И. Неплюев пен Орынбор губерниясы» атты кітабында 
ашық  жазыпты.  Адай  шежіресі  негізінде  дүниеге  келген  дарынды 
ақын  Светқали  Нұржановтың  «Хан  кегі»  атты  поэмасында  Бопай 
шыққан  əулеттің  адамдары  түгелдей  аттары  аталып,  түстеліп 
жазылған. Бұл дастанды оқыған адам Бопайдың Табынай Сүйіндік 
батырдың қызы болғандығына шек келтірмейді.
Маңғыстаулық жазушы, өлкетанушы Әбілхайыр Спан өзінің жеке 
мұрағатында  Адай  ақсақалдарының  НКВД–нің  қуғынына  түскен 
Құрмаш  батырға  араша  сұрап,  Бақытжан  Қаратаевқа  жолдаған 
хаты  сақтаулы  тұрғандығын,  хат  «Ардақты  жиен  Бақытжан!»  деп 
басталатынын  айтады.  Белгілі  қоғам  қайраткері,  заңгер  Бақытжан 
төреге «жиен» деп Бопай əжесін меңзеп отырғандығы түсінікті. Ә. 
Спан  осы  хаттың  толық  мазмұнын  «Адай  қасіреті»  атты  кітабына 
(Алматы: «Нұрлы əлем», 2011) енгізген.
Осы  орайда  дəлел  əрі  дəйек  ретінде  айрықша  тоқтала  кететін 
жағдай  сол,  Әбілхайыр  хан  қазасынан  кейін  Бопайдың  інісі 
Мырзатай  батыр  Барақ  пен  оның  қасындағылардан  кек  алуға 
белсене қатысқандығы. Осыншалықты жақын туыс болмаса мұндай 
оқиғаға  қатыспауы  да  мүмкін  емес  пе?  Адай  Мырзатай  батыр 
Әбілхайыр  ханның  қастандықпен  өлтірілгендігі  туралы  Орынбор 
əкімшілігіне  бірнеше  хаттар  да  жолдаған.  Ғалым-деректанушы 
И.В.Ерофееваның  мынадай  жазбасы  көп  шындықты  айғақтайды: 
«Информацию  Мырзатая  об  убийстве  султаном  Ералы  батыра 
Сырымбета, как о заверщающей акциу кровной мести семейства 
покойного хана, полностью подтвердил и уточнил три года спустя 
сам Нуралы сообщивший о поступке своего брата в личной письме 
к А.И. Тевкелеву от 3 января 1753 года». Одан əрі Нұралы: «Султан 
Ералы совершил ночью с дружиной своих батыров военный набег в 
ставку фамильного врага, где убил батыра Сырымбета и его жену, 
а  семью  Барака  и  все  имение  служителей  служанек  и  верблюдов 
их…  в  добычу  получил.  Через  одну  дочь…  всех  трех  злодеев».  (С. 
Өтениязов.  Әбілхайыр  мен  Бопай.  «Адай  Ата»,  3–т.,  458–бет, 
Алматы: Арыс, 2007).

206
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Немесе Абыл жыраудың Баймағанбет сұлтанға айтқан жолдарды 
еске  түсірейік.  «Апамнан  (Бопайдан)  туған  əкең  Айшуақ  хан, 
Табаның таймай тұр–ау мінген тақтан»…
Бұл деректер Бопай апамыздың тегі Маңғыстау жырауларының 
ақпа-төкпе тілімен айтқанда, «əруағы бұлттай торланған»Адай қызы 
екенін айнақатесіз айғақтайды.
Ол заманда туыстық арасы өте жақын Пір Бекет Атаның Бопай 
ханым апасымен аралас-құралас болғандығы туралы деректер ХІХ 
ғасырдың алғашқы онжылдықтарында Бөкей ордасында болып, өлке 
тарихын зерттеген неміс саяхатшысы Шульцтың жазбаларында бар 
екендігін білетіндер бар. Бұл туралы Атырау облысындағы Жылыой 
ауданының тұрғыны Жолдасқали Сүйесінов: «Еділ қалмақтарымен 
болған  соғыста  Бекет  20  жастағы  жігіт  болса  керек.  Қалмақ 
əскерлеріне  қарсы  Бекет  жалғыз  өзі  ту  көтеріп  шыққанда  жау 
быт-шыт  болып,  жан-жаққа  қашады.  Осы  жеңісі  үшін  ханның 
əйелі Бопай Бекеттің бетінен сүйіпті», – дейді.
Тарихшылар 1771 жылдың басында Еділ жағасынан Жоңғарияға 
қарай үдере көшкен Убаши бастаған қалмақтар мен қазақтар арасында 
атышулы  айқастар  болғандығын  растайды.  Бұл  кезең  келешегінде 
«Пір»,  «Машайық»,  əулиеліктің  ең  биік  жетінші  сатысы  –  Гаус 
дəрежесіне көтерілетін Бекет батырдың 20-21 жасына сəйкес келеді. 
Сонымен  қатар,  ханымның  үлкен  бабасы  Табынай  Бекет  Атамен 
нағашы  жағынан  туыстас  деген  шежіре  сүрлеуінің  мəні  бар.  Айта 
кететін бір жағдай, тарихшылар арасында Әбілхайырдың тарихтағы 
рөлі  сияқты  Бопай-  Бəтимəның  тегі  туралы  да  пікірталастар 
баршылық.
Әбілхайыр мен Бопайдың алғаш танысқан кездеріндегі шынайы 
сезімдерін халық аузындағы аңыз желісімен тарихшы С. Өтениязов 
былайша  суреттейді:  «…Кіші  жүздегі  əйгілі  батыр  Жəнібек  пен 
Əбілхайыр жол жүріп келе жатып күн батар алдында бір ауылға 
түседі. Ауыл иесі аса бай, жасы үлкен кісі екен. Оның бой жетіп 
отырған қызы Бопай сұлуды көрген Əбілхайыр ес-ақылы кетіп ғашық 
болады.  Келесі  күні  жолға  шыққан  Əбілхайыр  күтпеген  жерден 
сол  ауылда  қалатынын  айтады  да,  Жəнібек батырға  өз  жөнімен 
кетуге тура келеді. «Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын» 
деп  Əбілхайыр  қалады.  Ол  өзінің  кім  екенін  жасырып,  Бопайдың 
əкесінің  малын  бағуға  жалданады.  Ұзын  бойлы  ,  батыр  тұлғалы, 
жігіттің сұлтаны Əбілхайыр батыр жылқышы болып жүрсе де, 
аз уақыттың ішінде ауыл адамдарына жақсы қырынан танылып, 

207
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
құрметке  ие  болады.  Əрине,  көп  ұзамай  Бопай  сұлуға  да  ұнап 
қалады. Сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан-тəнімен 
ұнатып,  ғашық  болады.  Ғашықтар  ажырамастай  дəрежеге 
жеткенде  Əбілхайыр  Бопай  сұлудың  əкесінің  рұқсатын  сұрайды. 
Əкесі сұлтан деген аты болғанымен, жалғыз атты кедей жігітке 
қызын  бергісі  келмей,  түрлі  айла-шарғы  ойлап  табады.  Соның 
бірі  ретінде  «қалыңмалға  ала  аяқты  90  күрең  жəне  60  ақсұр  ат 
əкелесің, əйтпесе, қызымды бермеймін»деп шарт қояды. Осындай 
ауыр  шартқа  амалсыз  келіскен  жас  батыр  «бір  айдың  ішінде 
айтқан  қалыңмалыңызды  əкелемін»  деп  аттанып  кетеді.  Бопай 
сұлудың  əкесі  «кедей  жігіт  бұл  шартымды  орындай  алмас»деп 
үміттенген еді. Əбілхайыр əлгі айтқан жылқыны таныс-тамыры, 
ағайын-туысы, бəрінен сұрағанымен, ешқандай нəтиже шықпайды. 
Шарқ ұрған жас батырдың аянышты күйін естіген Жəнібек батыр 
Əбілхайырға керекті 150 айғырды өз жылқысынан шығарып береді. 
Оған  қоса,  ол  өзі  барып,  Бопай  сұлудың  əкесіне  барып,  қазақтың 
əдет-ғұрпы  бойынша  құда  түседі»  (С.  Өтенияз,  Ш.  Өтенияз. 
Əбілхайыр хан. «Арыс», 2010).
Әрине,  Әбілхайыр  мен  Бопайдың  алғашқы  кездесулері  туралы 
басқаша  мазмұндағы  əпсаналар  да  жеткілікті.  Бір  əңгімеде  жас 
кезінен əруақ қонып, адам емдейтін қасиет дарыған Сүйіндік байдың 
қызы  ағасы  Мырзатай  ауыл  шетінде  жараланып,  ес-түссіз  жатқан 
аңшы  жігітті  алып  келіп,  қарындасына  емдетеді.  Сырқатынан 
айығып,  аяғынан  тік  тұрып  кеткен  батыр  бірнеше  жылдан  кейін 
арнайы келіп, өзін ажалдан аман қалған қасиетті қызға құда түстіріп, 
үйленеді дейді.
Шын есімі Бəтима болған апамызды орыс жазбаларында неліктен 
Попай, (кейбір жазбаларда Пупай) деп аталғандығы туралы əзірше 
қолымызда  нақтылы  деректер  жоқ.  Халқымыздың  ұл-қыздарына 
сəби  кезінен  еркелетіп  жанама  есім  беретін  үрдістері  күні  бүгінге 
дейін сақталып отыр. Тарихшылар зерттеулерінде анық дəлелденгені 
– Әбілхайырдың Бопайдан өрбіген ұл перзенттері бесеу – Нұралы 
(1710/11-1790),  Ералы,  Айшуақ,  Қожахмет,  Әділ.  Әбілхайыр  хан 
дүниеден  өткеннен  кейін  Елизавета  патшайымның  жарлығымен 
Нұралы  Кіші  орданың  хан  тағына  отырады.  Оның  хандық  дəуірі 
1748 – 1786 жылдар аралығы. Ералы – (1720 – 1794) 1791 – 1794 
жылдары,  Айшуақ  –  (1723  –  1810)  1797  –  1805  жылдары  Кіші 
жүз  хандары  болған.  Құпия  кеңесші  дəрежесі  бар  жəне  Орынбор 
губернаторы И. И. Неплюев 1748 жылғы хабарламаларының бірінде 

208
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
«Кіші ордада Әбілхайыр ханның 5 ұлы бар, ал, Орта Ордада Барақ, 
Абылай туысы бар» деп көрсеткен. Назар аударарлық жағдай сол, 
Әбілхайырдың,  қалмақ,  башқұрт  əйелдерінің  есімдері  аталмайды. 
Демек,  Хан  шаңырағындағы  бəйбіше  Бопайдың  абырой-беделі  де, 
ықпалы  да,  танымалдылығы  да  басқа  əйелдерден  жоғары  болды 
деген сөз. Бопайдан туған Ералының ұлы Қасымхан қызының атын 
жақсы ырыммен Бопай (Кенесарының апасы) қойғандығын да еске 
ала кетейік.
Бір  жағдайға  ерекше  мəн  беру  керек.  Нұралы  хан  тағына 
тағайындалар  кезеңде  Бопай  ханымның  сұңғыла  саясаткерлігі, 
қайраткерлігі, дипломатиялық өнері айрықша көзге түседі. Себебі, 
Әбілхайырдың  түпкілікті  мақсаты  –  Жайық  казактарының, 
башқұрттар мен Еділ қалмақтарының қазақ жеріне ентелей енуіне 
жол  бермей,  жоңғарларды  түпкілікті  талқандап,  ел  тыныштығын 
орнату  екендігін  терең  сезінген  ханым  Ресей  империясының 
құрамына енбей, мұндай аса күрделі проблемаларды шешу мүмкін 
еместігін жақсы білетіндігі оның орыс патшайымы Анна Иоановнаға 
(22.11.1731),  Елизавета  Петровнаға  (05.10.1748)  жолдаған 
хаттарында анық байқалады.
Ресей  билеушісі  Елизавета  ханшайымның  алдында  зор  сый-
құрметке  ие  болғандығына  куə  ретінде  мына  бір  хатқа  назар 
аударғымыз  келеді.  «Аса  құрметті  бəйбіше  Пупай  ханшаға,  Сіздің 
күйеу  балаңыз  Жəнібек  сұлтан  арқылы  ұлы  мəртебелі  тақсыр 
императордың  атына  жіберген  хабарламаңызды  алдық.  Сіздің 
хатыңыздың мағынасын императордың ұлылығына жеткіздім. Сіздің 
күйеу  балаңыз  Жəнібек  сұлтан  старшынымен  ұлы  императорға 
кіргізілді. Император сіздің тілегіңізді қабылдады. Сізге, сұлтандарға, 
билерге, старшындарға, күллі қырғыз-қайсақтарға өтініштеріңіздің 
қабылданғаны  туралы  жарлық  қабылданып  жіберілді.  Сіздердің 
алдағы  жылдарда  бізге  адалдықтарыңызға  сенім  білдіреміз,  сізге 
жалақы ретінде императордың атынан зерлі жібек беріледі. 
Императордың ұлылығы атынан канцлер, толық құпия кеңесші, 
сенатор жəне кавалеръ. Түп нұсқасына қол қойған: Графъ Алексей 
Бестюжев  Рюмин.  Мəскеуден  1749  жыл  2  мамыр»  (Б.  Нəсенов 
аудармасы. «Əбілхайыр хан», 1-тарау, Новосибирск, 2011). 
Бопай ханым жиі-жиі Орынбор губерниясының басшыларымен 
хат-хабар алмасып отырған. Үлкен ұлы Нұралы жазған хаттарда да 
Бопай ханымның мөрі қатар басылған деректер кездеседі. Ханымның 
өзінің жеке вензелі (мөрі) болғандығы орыс жазбаларында нақтылы 

209
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
көрсетілген. Мəселен, орыс ғалымы А. Левшин (1879-1979) Бопай 
ханымның  көрнекті  тұлға  екендігін  айрықша  атап  көрсетіп,  оның 
жеке мөрі болғандығын жазады.
Ханымның сұнғыла саясаткерлігі мен адам жанын баурап алатын 
нəзік сезімді қайраткерлігі елші Құтылымұхаммед Тевкелев мырзаға 
жолдаған  хатындағы  мынадай  сөздерден  айқын  көрінеді:  «Будешь 
хорошим другом хану. А хороший друг как известно дороже брата» 
(22.11.1731)  .  Мұның  алдында  Уфадағы  əскери  басшы  Батурлинге 
(26.08.1731)  Кіші  орданы  Ресейге  қосу  туралы  келіссөздерді 
бастайтын уақыт жеткендігі туралы ұсыныс хат жолдаған.
Бұдан  үш  ғасырға  жуық  бұрын,  яғни,  ол  замандағы  қазақ 
билеушілерінің  үрдісінде  кездесе  бермейтін  таңқаларлық  бір 
зиялылықты  Әбілхайыр  ханның  ресми  қабылдауларға  Бопай 
ханыммен бірге баратындығынан байқауға болады. Зерттеуші ғалым 
И.  Ерофеева  «счастливый  союз  Бопай  и  Абилхаира  был  весьма 
гармоничный» деп баға берген.
Әбілхайыр  ханның  саясаткерлігі  мен  қайраткерлігі  туралы 
зерттеуші  тарихшылардың,  саясатшылардың,  мемлекет,  қоғам 
қайраткерлерінің  кейбір  мəселелер  бойынша  көзқарастары  мен 
тұжырымдары  келіспейтін  тұстары  баршылық  болғанымен,  Бопай 
ханым туралы жаман пікірлер айтылмайтындығын айрықша айтып 
өткіміз  келеді.  Қазақ  елінің  Кіші  Орда  тарихындағы  1731-1758 
жылдарды  Бопай  ханымның  Қазақ-Ресей  саясатына,  ел  билігі 
мен  бірлігіне  өте  белсенді  араласқан  қайраткерлік,  саясаткерлік, 
дипломатиялық қабілетін айрықша көрсете білген кезең болды деп 
айтуымызға толық негіздер бар.
Енді  бірер  сөз  Бопай  ханым  жерленген  аймақ  туралы.  Бұл 
тақырыпта ең соңғы жазылған құнды дерек ретінде «Актюбинский 
вестник» газетінің 4 желтоқсан 2008 жылғы нөмірінде жарияланған 
Зада Мұқашеваның «Правительница степи Бопай» атты мақала мен 
«Жас  алаш»  газетіндегі  (15.05.2009)  Баян  Сəрсенбинаның  «Бопай 
ханым»  атты  З.  Мұқашевадан  алған  сұхбатын  атап  көрсетеміз. 
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы қор жетекшісі 
Зада  Мұқашева  «Мəдени  мұра»  бағдарламасы  аясында  Орынбор 
облысына жасаған экспедицияның іссапарынан жинақталған дерек 
көздерін баяндайды. Ресейде қазір өмір сүріп жатқан қандастарымыз 
– Жұмағали Баянасов, Ұлықпан Есжанов ханымның жерленген жерін 
анық білетін көрінеді. Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен 
шектесетін  Орынбор  облысының  Елек  ауданындағы  Димитров 

210
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
селосы маңындағы бұрын Мешіт аталатын төбе кем дегенде 90 жыл 
жасаған  апамыздың  мəңгілік  дамылдаған  бақилық  қонысы  деседі. 
Кезінде мұнда төбесінде айшығы бар кесене болған. Орыстар бұл 
жерді «Мечетка»деп атайды екен. Орыс жазбаларында Бопай 1780 
жылы 31 мамырда дүниеден өткені жазылыпты.
Тарихшы К. Есмағамбетұлы «Бопай 1689-1690 жылдары дүниеге 
келген  болуы  мүмкін»  деп  топшылайды.  Ал,  Әбілхайыр  кейбір 
тарихшылардың  деректерінде  көрсетілгендей,  «1693  жылы  емес, 
1684-1685 жылдарда туған сияқты» дейді. Себебі, үлкен ұлы Нұралы 
1711 жылы туған жəне Абылайханмен құрдас жəне бір-бірімен дос-
жаранды болған.
Өкінішке  қарай,  атақты  Әбілхайыр  ханның  жұбайының 
басында  бүгінгі  таңда  ешқандай  белгі  жоқ.  Бауырынан  өрбіген 
үш перзенті – Нұралы, Ералы, Айшуақ сияқты есімдері өшпестей 
болып тарихымызда таңбаланып қалған хандар Анасының басына 
кесене салынбауы, əрине, мүмкін емес. 1929 жылы мұнда Ресейдің 
əскери полигоны орналасқан, сол себепті бұл қорымға өлген кісіні 
жерлеуге тыйым салынған. Оны айтасыз, Мешіт аталған жерден 35 
шақырымдық  радиуста  адамдар  қоныстануға  да  рұқсат  болмаған 
екен.
– Енді не істеу керек? – деген сұраққа Орынбор ғылыми-мұрағаттық 
комиссиясының еңбектеріндегі жазбалар жауап беретіндігін көңілге 
медет қылуға болатын сияқты. Осы комиссияның «ХҮІІ шығарылым» 
атты жинағы 1906-1907 жылдары Ресей императорының геологиялық 
комитетінің  мүшесі  Д.Н.  Соколовтың  редакциясымен  жарыққа 
шығыпты. Ол өзінің «Кузнецк тауындағы Красногор қамалындағы 
қазбалар»  атты  мақаласында  «Елек  пен  Урал  өзендерінің  (Жайық 
өзені) бір қапталындағы Қара өзеннің бойындағы аршылған жерден 
темір  заттар  мен  жібек  киімдер  табылды»  деп  жазыпты.  Әрмен 
қарай  Соколов  Орынбор  топографиялық  картасында  осы  өзеннің 
сол  жағалауындағы  биік  төбеде  «Попай  ханымның  қабірі»  деп 
жазылған  белгі  бар  екендігін  жазады.  «Орынбор  тарихы»  атты 
кітапта «Бұл ханша дегеніміз – орыс бодандығын алған Әбілхайыр 
ханның əйелі Попай» деп көрсетілген екен.
Сонымен  апамыздың  жатқан  жері  белгілі  болды.  Халық 
жазушысы  Әбіш  Кекілбайұлы  1995  жылы  сол  кездегі  Батыс 
Қазақстан облысының əкімі, қазіргі Парламент Мəжілісінің спикері 
Қабиболла Жақыповпен бірге қабір басына барғанын айтады. 

211
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Ғұлама Ә.Кекілбайұлы Бопай ханымның ел билігіне араласқан, 
Әбілхайыр ханмен бірге мəслихат-жиын қызған бір сəттегі сұлу да 
көркем  бейнесін  былай  жеткізеді:  «Бопай  да  ақ-қарасы  аймаласа 
жайнаған  əдемі  көзін  ибамен  жүгіртіп,  алаулап  қан  тебінген 
жұмыр мойнымен кербездене қиғаш бұрып: «Айыздары қыза түссін. 
Тыңдап алайық, хан ием», — деп емеурін танытады.  Хан: «Жə, оған 
бола қысылма! Үндегелі отырған өзім де жоқ», –  дегендей кеу-кеуіне 
құлықтана құлақ тосып, бүлк-бүлк күліп қояды» («Үркер», 112-бет, 
Алматы, «Жазушы» баспасы, 1984).
Әбілхайыр  хан  өмір  сүрген  он  сегізінші  ғасырдың  алғашқы 
жартысында  қазақ-орыс  қатынастары  туралы  қазақ  əдебиетінің 
алтын қорына енетін өшпес мұралар қалдырған халық жазушысының 
тарихи тақырыпқа арналған шығармаларында Бопай Ханымның ел 
билігі  ісінде  Әбілхайыр  ханға  ақылшы,  кеңесші  болған  бейнесін 
айнақатесіз айшықтап көркем бейнелеген тұстары көптеп кездеседі.
Ханымның көз тартар көркі 1736 жылы Хан Ордасында болып 
қайтқан  ағылшын  суретшісі  Джон  Кэстльдің  де  ерекше  назарын 
аударған.  Қазір  біздің  қолымызда  «Тұманды  Альбион»  елі 
суретшісінің Бопай ханымды ұлы Әділмен бейнелеген нұсқасы ғана 
бар.
Ұзақ  жылдар  Бопай  ханым  туралы  деректер  мен  жəдігерлер 
жинаған ақтөбелік Зада Мұқашева апаймен бірнеше рет хабарласудың 
сəті түсті. Ол кісі:
– Бір таныс кісінің үйінде Сүйіндік батырдың белдігі сақтаулы 
тұр.  Әбілхайыр  ханның  тікелей  ұрпағы  Нұралы  ханның  немересі 
болып келетін əйгілі заңгер, Мемлекеттік думаның депутаты болған 
Бақытжан  Қаратаевтың  ұрпағы  —  София  апаймен  көзі  тірісінде 
кездесіп  тұрдық.  Апайдың  немере  келіні  Бибажардан  «Бопай 
əжемнің жүзігі» еді деп көрсеткен баға жеткісіз бұйымды облыстық 
өлкетану музейіне өз қолыммен тапсырған едім. Бопай ханымның 
терезесіне  ұстаған  пердесі  де  осы  мұрағат  қорында,  —  деп  біз 
күтпеген жаңалықтармен қуантып тастады.
Халқымыздың  ауыз  əдебиетінде  де,  жазу,  сызу  өнері  пайда 
болған  кездерден  күні  бүгінге  дейін  де  қазақ  əйелдері  қапияда 
жол тапқан, қысылғанда ой шолған, ақылына көркі сай, ер жүрек, 
батыр  бейнелерінде  халық  санасында  ғасырлар  бойы  сомдалып 
келе  жатқандығы  бəрімізге  белгілі.  Тұмар  ханым,  Құртқа, 
Қарашаш, Гүлбаршын, Жібек, Баян сұлу, Ұлы Абайдың əжесі Зере 
мен  анасы  Ұлжан,  Ғабит  Мүсірепов  бейнелеген  Ұлпан,  кешегі 

212
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
фашизмге  қарсы  соғыста  ғажайып  ерлік  үлгілерін  көрсеткен 
Әлия,  Мəншүк,  Хиуаздарға  дейін,  басқа  да  көптеген  аналардың, 
əйел-қыздарымыздың  есімдері  тарихымызда  өшпейтін  болып 
жазылып  қалған.  Маңғыстауда,  Оңды  ауылына  кіре  берістегі  күре 
жолдың бойында біртуар дарын, мемлекет, қоғам қайраткері Әбіш 
Кекілбаевты дүниеге əкелген, ғасыр жасаған аяулы Айсəуле ананың 
көзі тірісіндегідей сабырлы мейіріммен бауырына тартып тұратын 
зəулім ескерткіші тұр. Тəуелсіз қазақ елінде уақыт алға жылжыған 
сайын  əйел  –  аналарға  деген  шексіз  құрмет  жалғаса  беретіндігі 
сөзсіз. Олардың бірі əрі бірегейі – сөз жоқ, Бопай ханым!
Шын мəніндегі халық жанашыры болған, ел, жер тұтастығы үшін 
күреске бүкіл саналы ғұмырын арнаған, қайраткерлік, саясаткерлік, 
дипломатиялық қадір-қасиеттері арада екі жарым ғасыр өтсе де, əлі 
күнге толық зерттеліп, зерделене қоймаған Бопай Ханым жоғарыда 
аталған  тарихи  тұлғалардың  арасынан  ойып  тұрып  орын  алуға 
əбден лайықты. Әзірге Жаңа Өзен-Түрікменстан темір жолының бір 
бекетін «Бопай» деп атаған, Бейнеу ауданының орталығындағы бір 
көшеге есімін берген маңғыстаулық ағайынның риясыз ықыласына 
риза боламыз. Бұлар, Бопай ханымды мəңгілік есте қалдыру, ұлықтау 
жұмыстарының бастауы болар деп білеміз.
Дегенмен, қынжыларлығы сол, қазақ қауымы үшін бетбұрысты, 
дүбірлі  кезеңдегі  елтұтқасына  айналған  тұлғаның  бейнесі  көркем 
əдебиетімізде де, кино өнерінде де бар айшығымен кемел сомдала 
қойған  жоқ.  Тарихшы  зерттеушілеріміздің  жазбалары  да  некен 
саяқ.  Ол  заманнан  қалған  аңыз-əпсаналар  да  естір  құлақ,  ұғынар 
зерде азайған бүгінгі күні көп айтылмайды. Жауһар тарих көмескі 
тартып,  аршылмай  жатыр.  Бопай  ханымның  өмірдеректері  мен 
қайраткерлік, саясаткерлік ғұмырнамасын түбегейлі, түбірлі зерттеу 
жұмыстары кеңес кезінде түрен тимеген түрінде қалса, Тəуелсіздік 
жылдары да шүкіршілік жасап, тəу етерлік шаруалар жасалмағаны 
ойлантады. Бəлкім, үлгере алмай жатқан шығармыз. Ел азаматтары 
бұл  олқылықтың  орнын  толтыруға  қамданар,  қалыс  қалмас,  ең 
болмағанда  кесенесін  тұрғызып,  ұрпақ  парызын  жоғары  парасат-
пайыммен  орындап  шығуға  жұмылар  деген  үміттеміз.  Бір  сөзбен 
айтқанда,  Бопай  əруағы  ұрпағының  қамқорлығына  зəру  болып 
жатқандығы талас тудырмайды.
Осы  тарихи  тұлға  Орынбор  əкімшілігіне  жазған  бір  хатында 
Әбілхайыр ханның басына күмбезді кесене орнатылмаса күйеуімнің 
сүйегін Түркістанға алып кетемін деп қыр көрсетіп, қорқытқан екен. 

213

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет