Қазақстандағы «қайта құру» саясаты (1985-1991 жж.)
ХХ ғасырдың. 80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі
өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.1985 жылы наурыз айында КОКП
Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев
сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің “қайта құру” бағытын
айқындайды. Кеңестер Одағының жаңа басшылығының жариялаған
әлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт
көрсеткендей, оның алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін
демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Оның
алғашқы төрт жылында (1985-1989 жж.) жеделдету концепциясын жүзеге
асыруға бағытталған бірқатар нәтижесіз бастамалар басталды. Жеделдетудің
басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-жабдықтарды,
техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар
– академик-экономист А.Г. Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып
алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина
жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990
ж. қарай құрал-жабдық және машина жасаудың азаматтық салаларының
құрал-саймандарының 90% әлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік
әперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді.
Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру
ауыл шаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді.
Бірақта, іс жүзінде, жеке меншіктің, нарықтық қатынастың толық қанды
ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді.
Өндіріс өнімінің тапшылығы заводтар мен фабрикаларды өндіріс құрал-
жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені товардың жетіспеушілігі
оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да заводтар мен
фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге
бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет
елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай,
заводтар мен фабрикалар алаңында, темір жол станциялары мен қоймаларда
қар мен жаңбыр астында жатты.
Жеделдету
тұжырымдамасы
өзінің
жарамсыздығын
ауыл
шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының
басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-
совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен
егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды.
Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін
иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-
жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз
еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады.
Маскүнемдікпен және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы
жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның
есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну
саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді.
Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында
1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты. Келесі бір оң қадам 1979 ж.
желтоқсанда басталған ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер
Одағы 1988 жылы өз әскерін Ауғаныстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы
ақпанда аяқтады. Ауғаныстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын
әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ.
Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-дейі қаза тауып, 393-і
мүгедек болып, 22-сі хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының
әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта,
КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп
комплексін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық сынақты қайтадан
бастады.
«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре
түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару
ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген
келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында,
әлеуметтік-экономикалық
және
кадр
мәселелерінде
көптеген
ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде
қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық
кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші
басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды
іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды
рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан
Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы
партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан
келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық,
қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше
мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы
жағынан көрсетуге тырысты.
ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда
Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы,
мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар
салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың
адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10
мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы
мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды.
Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды
пайдаланудағы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының
жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су
мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары
экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау
жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте
жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында
экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар
тарап, балалар өлімі өсті.
Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен
Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде
республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә.Назарбаев
және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз
жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды
мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі
ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше
қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.
Алғашқыда Орталық басшылығын Қазақстанның шикізаттық даму
бағыты мен оның Д.А. Қонаев бастаған басшылығы қанағаттандырды.
Бірақта «қайта құруға» сай жүзеге асырыла бастаған косметикалық
реформалар республика басшылығын ауыстыруды қажет етті. Қазақстанның
жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса түсті.
Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи
жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы
16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші
хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті. Пленум
мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан
Компартиясының 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның
орнына Мәскеу жіберген Г.В. Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен
демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның
ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін
екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум
шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар,
оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының
арасында “Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек” деген ұран бар еді.
Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін
екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының,
соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі
социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген
пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы
кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция
және әскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар таспен,
таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту
үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп
жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген
азаматтар қаза тапты. Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш
қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер
әкелінді. Бейбіт шеруді басып-жаншу кезінде тәртіп сақтау органдары
заңдылықты өрескел бұзып темір таяқтарды, сапер күректерін, иттерді
пайдаланды. Жастарды прокурордың шешімінсіз түрмеде ұстап, партия
органдары құқық қорғау органдарына айыптау қорытындыларын тезірек
шығару жөнінде қысым жасады.
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті “Қазақ республикалық
партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық
тәрбие беру жұмысы туралы” арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы
желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды.
Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта
ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі
жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия тексерді.
Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет
демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін
көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың
болғандығы ашып көрсетілді.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі
ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға,
соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Бұл ереуіл саяси
сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға
шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-
бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік (Экстремист – шектен
шыққан көзқарасты жақтаушы) пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі
деп бағаланды. Өмір сүріп тұрған жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деп
айыптауға дейін барды.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264
адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164
комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам
КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам,
Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан
босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін Г.В. Колбиннің саясатының
қатаң және валюнтаристік бағытына жол берілді. Басшылық жүйесінде үлкен
кадрлық тазалау жүзеге асырылды, мәдениет пен баспасөзге бақылау
күшейді, жоғарғы оқу орындарына студенттер Қазақстандағы ұлттардың
алатын проценттік үлесіне сай қабылдана бастады. Орталыққа жіберілетін
фондыларды азайту нәтижесінде қол жеткен өзгерістерге жалған сипаттама
берілді.
Осылайша «қайта құрудың» алғашқы кезеңінің нәтижелері экономиканы
және қоғамдық-саяси өмірді жоғарыдан жүзеге асырылған жеңіл-желпі
шаралармен реформалау мүмкін еместігін айдан-айқын көрсетті. 1988
жылдан бастап Коммунистік партия тарапына сындар айтылып, жаңа
қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. 1987 жылы тамызда тұңғыш тәуелсіз
ұйым - әлеуметтік-экологиялық «инициатива» бірлестігі құрылып, ол өзінің
алдына соғысқа қарсы тұру, экологияны, бейбітшілікті қорғау, қоғамды
демократияландыру мақсатын қойды. Жұмысшы қозғалысы да елеулі саяси
күшке айналды. Оның қатарында Қарағанды көмір бассейнінің шахтерлары
ерекше роль атқарды. 1989 жылы Жаңаөзендегі оқиға әлеуметтік-
экономикалық саладағы көкейтесті мәселелерді көтерді.
КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі – экономикалық дамуда
артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының технологиялық
жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл
әлемде бәсекеге түсу қабілетінің төмендігі еді. Сонымен қатар, соғыстан
кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік
елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса
көп қаржы шығарды. 1950-1990 жылдар арасындағы 40 жылда әскери шығын
20 триллион долларға жеткен. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан
зор зардаптарға ұшыратты.
Қазақстан экономикасының артта қалуы және ондағы кемшіліктер
туралы 1986 жылдан бастап ашық айтыла бастады. 12-бесжылдықта (1986-
1990 жж.) республика экономикасын қайта құру мүмкіндіктері іздестірілді,
жаңа идеяларды іске асырудың жолдары қарастырылды. Мұның өзі
бесжылдықта ұлттық табыстың өсуінде, әлеуметтік ахуалды жақсартуда,
ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде кейбір табыстарға қол жеткізді.
Дегенмен қоғамдық өндіріс көлемі қойылып отырған талаптардың
деңгейінен көп төмен жатты. Оның негізгі себебі басқарудың әкімшіл-
әміршіл жүйесінің икемсіздігіне байланысты еді. Ең бастысы өндірістің
тиімділігін арттыруда экономикалық тетіктер жете пайдаланылмады, оның
толып жатқан көздері іске қосылмады. 1990 жылдың орта шенінде өнімнің
өсу қарқынының бұрынғы жылдармен салыстырғанда мықтап құлдырағаны
байқалды. Дағдарыс экономиканың барлық салаларын қамтыды. Ол саяси-
әлеуметтік жағдайға теріс әсерін тигізе бастады. Көмір алқаптарындағы
кеншілердің, металлургтердің тұрмыс дәрежесі мейлінше төмендеді. Осыған
орай, олар өздерінің наразылығын ашық білдіре бастады. Кеншілер
ұжымдарының еріктілігін, шығарылған көмірдің кейбір бөлігін өздерінің
қалауынша сатып, қажетті тауарларға айырбастап алып отыруға мүмкіндік
берілуін талап етті.
Экономикалық дағдарыс республиканың өнеркәсіп өндірісінің көптеген
салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. Әсіресе, халық
тұтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда болды. Қажетті
материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың қарқыны баяулап,
жоспарлар орындалмады.
Осындай күрделі жағдайда Республика экономикасын нарықтық қарым-
қатынас аясына шығару мақсатымен 1991 жылдың ақпан айында Жоғарғы
экономикалық кеңес құрылды. Оның құрамына енген белгілі экономист
Г.Явлинский, АҚШ-тан келген доктор Бэнг тағы басқа ірі экономист
мамандар республика экономикасына нарықтық қатынастарды енгізудің
мүмкіндіктерін іске қосу мәселесімен шұғылданды.
Қазақстанда мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншіктің жаңа
формалары – акционерлік қоғамдар, жалдық және кооперативтік
кәсіпорындар, фермерлік шаруашылықтар, біріккен кәсіпорындар, түрлі
қауымдастықтар мен бірлестіктер қалыптаса бастады. 1991 жылдың
ортасында республикада 35 біріккен кәсіпорындар, 16 сыртқы экономикалық
қауымдастықтар, халықаралық коммерциялық банк жұмыс істеді.
Дегенмен, әртүрлі себептерге байланысты бірінші кезекте Кеңес Одағы
республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен
шаруашылық қарым-қатынасының бұзылуына байланысты Қазақстанда
экономикалық қиындықтар күшейді. 1991 жылдың қорытындысында
қоғамдық өнім шығару соның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,2%-ке,
ұлттық табыс 10%-ке, еңбек өнімділігі 5,4%-ке төмендеді. Тұтыну-сауда
саласындағы жағдай шиеленісе түсті. Жеке сауда тауар айналымының
ерекше қысқаруы “көлеңкелі” экономиканың кеңінен өрістеуіне, халықтың
тұрмыс дәрежесінің одан әрі төмендеуіне алып келді. Елде ақшаның құны
түсіп кетті. Құны жоқ қағаз ақшаның көлемі 1991 жылы 1990 жылмен
салыстырғанда 4,5 есе өсіп 8,7 миллиард сомға жетті, оның 3 миллиарды
1991 жылдың соңғы екі айында шығарылды. Республиканың мемлекеттік
қарызы 7,8 миллиард сомға дейін өсті. 1991 жылы Қазақстандағы барлық
кәсіпорындар мен ұжымдардың 11%-і шаруашылық жылын шығынмен
аяқтады. Халық тұтынатын тауарлар азайды.
Өнеркәсіп тауарларына бағаның айтарлықтай қымбаттауы аграрлық
сектордың жағдайын едәуір қиындатып жіберді. Соның салдарынан, егер
1991 жылы ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу бағасы 1,5-3 есеге дейін
өссе, ауыл шаруашылығына қажетті механизм мен машиналарды сатып алу
бағасы одан бірнеше есе асып түсті. Оның үстіне ауыл шаруашылық
өнімдерін өндіру біраз төмендеді. Оған 1991 жылғы болған қуаңшылықтың
үлкен зардабы тиді. Нәтижесінде жоспарланған астықтың тең жартысы ғана
алынды, мал шаруашылығын жеммен қамтамасыз ету 60-65%-тен асқан жоқ.
Соның салдарынан республикада ет, сүт, жұмыртқа сатып алу деңгейі
төмендеді. Бірқатар облыстарда малдың саны азайды. 1991 жылы 1990
жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылық өнімі 8%-ке, еңбек өнімділігі
11%-ке төмендеді. Мемлекетке небәрі 3,2 миллион тонна астық сатылып,
бұл барлық жиналған астықтың тек 27%-ін ғана құрады. Колхоздар мен
совхоздардың
қаржы
жағдайы
нашарлап,
экономикалық
тиімсіз
шаруашылықтардың саны 5 есеге дейін өсті.
Халық шаруашылығына жұмсалған қаржының барлық көлемі 1990
жылмен салыстырғанда 7%-ке азайды. Іске қосылуға тиісті 57 халық
шаруашылығы объектілерінің тек 30-ы ғана бітіп, оның есесіне аяқталмаған
құрылыстар саны 1,4 есеге көбейді. Оған жұмсалмай қалған қаржы 1991
жылдың аяғында 17 миллиард сомға жетті. Транспорт бойынша 1990 жылмен
салыстырғанда жолаушыларды тасу 8%-ке қысқарды. Шет елдерге
бұрынғысынша шикізат, жартылай өңделген материалдарды шығару басым
болды. Оның 60% қара және түсті металлургия өнеркәсіп өнімдерін құрады.
Есесіне республика басқа жерлерден бұрынғыша машина жасау өнеркәсібіне
қажетті жабдықтардың 250-ден астам түрлерін, 13% көлемінде халық
тұтынатын тауарларды, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне керекті материалдар
мен шикізатты алдырды.
Мұндай жағдай өзге республикаларда да орын алды. Осыған
байланысты Кеңес Одағы елдерінде ұлттық толқулар күшейді. Сумгаиттегі,
Таулы Карабахтағы, Вильнюстегі, Ферғанадағы оқиғалар ұлттық мәселелерді
шешудің ешқандай бағыт-бағдары жоқтығын айқындады. Кеңес басшылары
ұлт мәселесінің байыбын терең түсінбеді, ұлтаралық қатынастар мен оны
шешудің жолдарын нақты көрсетіп бере алмады. Сондықтан бірқатар ұлт
республикалары Одақтан бөлініп шығу, өздерінің егеменді мемлекет болуы
жөніндегі талаптарын қойды. Міне, осының нәтижесінде 1988 жылдың
қараша – 1989 жылдың мамыр айлары аралығында Балтық жағалауындағы
Эстония, Литва, Латвия республикалары өздерінің егемендігі туралы
алғашқы құжаттарын қабылдады. Сөйтіп, олар КСРО құрамынан шығып,
жеке тәуелсіз мемлекетке айналды. Осыдан кейін, көп кешікпей-ақ, яғни
1989-1990 жылдары егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа
республикалары да қабылдады.
Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-ші – 80-ші жылдары қоғамдық-саяси
өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі
өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. Сол кездегі күшпен
ұстап тұрған кеңестік тоталитарлық жүйенің құлдырауы жағдайында басқаша
болуы мүмкін де емес еді. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық
өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді “жаңарту” әрекеттері ешқандай
оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара
алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әміршіл-әкімшіл
жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс
одан әрі тереңдей түсті.
Өзіндік бақылау сұрақтары:
1. Н.С. Хрущев жұргізген реформалардың шалағайлығы неде?
2. Еңбекшілердің тұрмыс жағдайын көтеру жөнінде үкімет қандай шаралар
жүргізді?
3. 60-жылдардың ортасында Қазақстаның халық шаруашылығын басқаруда
қандай өзгерістер болды?
4. 60-жылдары Қазақстаның ауыл шаруашылығында қандай қиындықтар мен
шешімін таппаған мәселелер бар езі?
5. Республиканың 70-жалдардағы қоғамдық-саяси өміріне сипаттама
беріңдер.
6. Кеңес қоғамының жаңаруының тежеу тетіктері неде болды?
7. 1986 жылғы Қазақстанда болған желтоқсан оқиғаларының себептері неде?
Тақырып: Тәуелсіз Қазақстан – 2 сағат
1.
Қазақстан тәуелсіздік жолында
2.
Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы
3.
Қазақстан Республикасындағы экономикалық үрдістер
4.
Қазақстандағы саяси модернизация
5.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты
Дәріс мақсаты: Жаңа оқу материалымен таныстыра отырып, білім білік дағдыларын
қалыптастыру.
Қазақстан тәуелсіздік жолында
Қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның
ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай
бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған
әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның
арқасында халықтың азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Қоғамда
орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мәдени-тұрмыстық, үй-
жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық
жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік
белсенділігін күшейтуге көмектесті. Қайта құру барысында қазақ халқы
өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу
жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс
тапты.
Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан әрі тереңдеп
өрістеуі кеңестердің қызметінен айқын көріне бастады. “Барлық өкімет
Кеңестерге берілсін!” деген ұран жанданды. Бұл мәселені бастапқы кезде
кеңестерге партия басшылығын күшейту арқылы шешу үшін күш салынды,
бірақ одан ештеме шықпады. Өйткені, компартияның қызметінде елеулі
кемшіліктер мен тоқыраушылық орын алды. Алайда, осыған қарамастан,
1987 жылғы шілде айында алғаш рет Қазақстанда жергілікті кеңестерге
халық депутаттарын сайлау округтер бойынша көп мандатты негізде іске
асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандатты округтік сайлау
барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 адам ұсынылды. Оның 1701-і
депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде қалдырылды. 185
ауылдық және селолық кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам
резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы
еңбеккерлері
арасында
КСРО
Ғылым
Академиясы
әлеуметтану
институтының зерттеуі жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл
жаңа тәртіпті мақұлдады. Өйткені, көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа
кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға қолдары жетті, ал
кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарламаларын
анықтауға, онымен еңбекшілерді жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.
1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия
конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу
қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мәселе – халық депутаттары
Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына
келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне сәйкес қысқа уақыт ішінде
ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 жылғы 1
желтоқсанда қабылданған “КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер
енгізу туралы” және “КСРО халық депутаттарын сайлау” жөніндегі заңдарда
өзінің шынайы көрінісін тапты.
Толғағы жеткен мәселелерді өзі шешуге республиканың құқылы болуы
Қазақстанның өткен кезеңінде жіберілген ағаттықтарын түзетуге мүмкіндік
туғызды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің
қаулысымен 30-40-жылдары және 50-жылдардың бас кезінде сотталған және
жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына
қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың,
Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың
шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға
ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми
ақталды.
«Қайта құрудың» екінші кезеңі 1989 ж. көктемдегі сайлауға байланысты
басталды. Сайлау науқаны кезінде нарықтық экономикаға және меншікке
көшу үшін, ұлттық республикалар мен аймақтардың құқығын кеңейту үшін
белсенді күрес басталды. Демократиялық процесстердің даму барысында
көрнекті рөл атқарған 1989 ж. наурыз айында өткен КСРО халық
депутаттарының І съезі болды. Осы съезде Г.В. Колбин одақтық халық
бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, Мәскеуге кетті. Оның
орнына осы жылғы шілдеде Н.Ә. Назарбаев сайланды.
Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның
айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс болды.
1989 ж. ақпандағы республика жұртшылығының жиынында тұңғыш
«Невада-Семей» қозғалысының бастамасы салынды. Оны белгілі қоғам
қайраткері, ақын О. Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан
халқы тарапынан қолдау тауып, осы жылдың 6 тамызында Семей облысы
Қарауыл ауылында өткен жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен
Президенттеріне ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі
жөнінде үндеу қабылдады. Одақтық үкімет Семей полигонындағы
жарылысты азайтуға мәжбүр болып, 1989 ж. полигонда жоспарланған 18
жарылыстың 11-ін тоқтатты. «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы
бойынша 1990 ж. мамырда Алматыда әлемдегі барлық антиядролық
қозғалыстардың барлық ядролық державаларда қаруды сынауды толық
тоқтату жолындағы күш-жігерін біріктіру мақсатында «Дүние жүзінің
сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген халықаралық конгресс өтті.
Елдегі
жүріп
жатқан
саяси
реформаның
екінші
кезеңі
–
республикаларды, өлкелерді, облыстарды, қалаларды, аудандар мен
округтерді басқарудың жаңа жүйесін құру еді. Ондағы негізгі мақсат –
бұқара халық өкілдері органдарының рөлін тек орталықта ғана емес, сондай-
ақ жергілікті жерлерде де көтеру болатын. Оны тәжірибе жүзінде іске асыру
үшін партия комитеттерің бірінші хатшылары халық депутаттары Кеңесінің
төрағаларына ұсынылды. Бірақ мұндай өзгеріс барлық жерлерде бірдей
міндетті еместігі айтылды. Міне, осының нәтижесінде 1990 жылғы жергілікті
кеңестер сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 қалалық және
аудандық Кеңестерге кандидаттар бөлек-бөлек сайланды.
Жаңа тәртіпке сәйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компартиясы
Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ орталықтағы
сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді. Сөйтіп,
1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты
республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Н.Ә.Назарбаевтың
президент болып сайлануы республикада саяси-экономикалық мәселелерді
шешуде жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен
Қазақстанда елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын
басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді.
Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17-18 желтоқсанда Алматыда болған
оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнайы
комиссия құрды.
Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң
шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сәуір) жетекші орын алды. 1990-1991
жж. қабылданған республика заңдарында әрбір адамның бостандықтары мен
адамгершілік қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге
зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан жағдайдың талаптарына сай республика
заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды.
Заңдар Қазақстанның саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде
нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға
бағытталды. Олар азаматтардың құқықтарын едәуір кеңейтіп, республиканы
мекендейтін барлық ұлттар өкілдерінің талап-тілегіне жауап беретін еді.
Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген
“Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын” 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы
зор оқиға болды.
Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық
арасында әртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық
айтылуына және бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың еркін жұмыс
істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан социал-
демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алдына қойған басты
мақсаты – республикалық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына
өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. Сондай-ақ, партия қоғамдағы
жеке меншікті мойындады және өзінің қызметінде кәсіпкерлікті қолдап
отыруды көздеді.
1990 жылы Қазақстанда “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның
басты мақсаты - Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында
барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтік әділеттілікті қорғау
болды. Одан басқа республикада “Алаш”, “Желтоқсан”, т.б. саяси
қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көппартиялық жүйенің
қалыптаса бастағанын көрсетті.
Елдегі мемлекеттік өкімет билігі жүйесі мен экономиканың шұғыл
күйреуі жағдайында 1990 ж. 25 қазанда республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ
КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады.Бұл
Декларацияда негізінен мына мәселелерге мән берілді: КСРО мен ҚазКСР
арасындағы қатынас келісім-шарт негізінде жүзеге асады; Республика
әкімшілік-аумақтық құрылымға, саяси, экономикалық, әлеуметтік және
мәдени-ұлттық құрылыстарға байланысты барлық мәселелерді дербес
шешеді; Республика өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО
заңдарының
қолданылуын
тоқтатуға
құқылы;
Қазақстанның
өз
шекарасындағы аумағына қол сұғылмайды, бөлінбейді және оның
келісімінсіз өзгертілмейді; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз оның
аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, олардың әскери
базалары орналаса алмайды; Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін,
мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы. Қазақ
КСР халықаралық қатынастарда дербес, өзінің мүдделеріне сай сыртқы
саясатын жүргізеді. Декларацияның жаңа одақтық шарт жасасу және Қазақ
КСР жаңа Конституциясын қабылдау үшін негіз болып табылатындығы
туралы арнайы бапта көрсетілді. Егемендік алу Қазақстанда жалпы
демократиялық процестердің барысын шапшаңдатты, мұның өзі елдегі болып
жатқан оқиғалармен тығыз байланысты еді. 1991 жылдың ортасынан-ақ
Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа оппозицияда
болды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белоруссиямен, Украинамен,
Ресеймен және басқа республикалармен бір-бірінің егемендігін, қалыптасқан
шекараларды,
орнатылып
жатқан
өзара
пайдалы
экономикалық
байланыстарды мойындау туралы екі жақты келісімдер жасалды. 1990 жылы
желтоқсанда төрт республика – Ресей, Украина, Белоруссия және Қазақстан
егеменді мемлекеттер одағын құру туралы инициатива көтерді, Новоогарев
келісімін талдап жасау жөніндегі бірлескен жұмыс басталды.
1991 ж. 18-21 тамыз аралығындағы «Тамыз бүлігі» бұл жұмысты үзіп
жіберді. КСРО вице-президенті Г.И. Янаев, КСРО премьер-министрі В.С.
Павлов, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы В.А. Крючков,
КСРО Ішкі істер министрі Б.К. Пуго, КСРО Қорғаныс министрі Д.Т. Язов,
КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьянов, т.б. 18 тамыз күні Төтенше
жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, елдегі барлық
билік осы ұйымның қолына өтетіндігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде Кеңес
Одағындағы ескі мемлекеттік билік пен қоғамдық қатынастарды сақтап қалу
мақсатында Мәскеуде ұйымдастырылған төңкеріс еді. Осы кезде Қырымда
(Фороста) болған КСРО президенті М.С.Горбачевтың сыртқы әлеммен
байланысын үзіп тастаған ТЖМК мүшелері оны өз қызметін атқаруға
денсаулығы жарамайды деп хабарлады. Бұл төңкеріс 20 тамызда қол
қойылуға тиіс «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы
бағытталды. Ол шарт Кеңестер Одағына кіретін республикаларға
бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік беретін. Тамыз бүлігінде елде
қалыптасып келе жатқан демократия нышандарын тұншықтыру және
нарықтық қатынастардың орнығуына жол бермеу арқылы елдегі әміршіл-
әкімшіл жүйені сақтап қалу көзделді. Төтенше жағдайлар жөніндегі
Мемлекеттік комитеттің № 1 қаулысына сай саяси партиялардың, қоғамдық
ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстардың қызметі тоқтатылатын болды және
митингілер мен демонстрациялар өткізуге, көше шерулеріне, ереуілдерге
шығуға тыйым салынды. Тамыз бүлігіне қарсы күресті Ресей президенті Б.Н.
Ельцин басқарды. Оны Мәскеу қаласының мэрі Г. Попов, Ленинград облысы
мен қаласының басшысы А. Собчак, КОКП басшыларының бірі А. Яковлев,
Э. Шеварднадзе және т.б. қолдады. Төңкерісшілерді жоғары шенді әскерилер
мен партиялық номенклатураның шағын бөлігі ғана қолдады. Бұл өз
кезегінде тамыз бүлігінің көп ұзамай басылуына алып келді. Мәскеудегі
жұртшылық шеруге шығып, тамыз бүлігін айыптады. 21 тамыз күні Ресей
үкіметі жіберген ұшақпен Горбачев Мәскеуге жетті. Ол елдегі басшылықты
қайтадан қолына алды. ТЖМК мүшелері тұтқынға алынып, үстерінен
қылмыстық іс қозғалды.
Тамыздағы мемлекеттік төңкерістің болуымен және орталықтың
ешқандай ымыраға келмеуімен байланысты одақтас республикалардың
жетекшілері бұған дейін жүргізіп келген келіссөз талаптарынан бас тартты.
Ол КСРО-ның күйреуін және бұрынғы одақтас республикалардың, оның
ішінде Қазақстанның егемендік алуын шапшаңдатты. КОКП, оның бір бөлігі
Қазақстан Компартиясы тарихи аренадан кетті.
1991 ж. 8 желтоқсанда Белорусь, РСФСР және Украина
республикаларының басшылары Минск қаласында (Беловеж нуы) кездесіп,
мәлімдеме қабылдады. Онда саяси одақ тұйыққа тірелді, сондықтан
республикалардың Одақтан шығуы объективтік процесс және тәуелсіз жеке
мемлекет құру шынайы факті болып отыр деп көрсетілді. Себебі, орталықтың
жүргізіп отырған тоғышар саясаты елді терең экономикалық және саяси
дағдарысқа алып келді, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп кетті, қоғамда
әлеуметтік шиеленіс, ұлттар мен халықтар арасындағы қайшылықтар мен
қақтығыстар күшейді деп атап өтілді. Мұның өзі бұрынғы Одаққа кірген
мемлекеттердің жаңа одағын – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД)
құруға жол ашты. Бұл құрылым бұрынғы Одақ бойынша осы кезге дейін
алынған халықаралық міндеттердің орындалуына кепілдеме береді, ядролық
қарудың таралуына жол бермейді және оған бірыңғай бақылау орнатуды
қамтамасыз етеді, - деп атап көрсетілді.
Алайда, бұл шешім әуелгі кезде басқа республикалар тарапынан қарсы
көзқарастар туғызды. Өйткені, заң бойынша Одаққа кірген Қазақстан, Орта
Азия, Закавказье республикаларының келісімінсіз бұл үш республика
егемендік туралы күрделі мәселені жеке дара шешуге тиіс емес еді. Міне,
осыған байланысты 1991 ж. 12 желтоқсанында Ашхабад қаласында Орта
Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті.
Онда ТМД-ға тек барлық республикалардың тең құқықтық негізінде
құрылушылық жағдайын мойындағанда ғана қосылуға болатындығы ерекше
атап көрсетілді.
Достарыңызбен бөлісу: |