партиялығы: “Ол – нағыз партиялық поэзияның өкілі, шын мәніндегі
коммунист ақын” [265]. Хамит Ерғалиев поэзиясының осы саясилығы
оның бүкіл ақындық бейнесіне көлеңке түсірді.
1937-1939 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда
облыстық бөлімшесінің жетекшісі болған ақын Мәжит Айтбаев (лақап аты
– Қобызшы Қорқыт) 1941 жылы соғыс майданында тұтқынға түсіп,
Алмания өкіметі жарақтандырған “Түркістан легионының” газеттерінде
әдеби қызметін жалғастырды. 1943 жылы Берлинде қазақ тілінде “Абылай
хан” дастаны, өлеңдері, Гете мен Шиллерден жасаған аудармаларының
жинағы жарық көрді. Мәжиттің інісі - белгілі суретші Салахиддин Айтбаев
ақынның соғысқа дейінгі жазған өлеңдерінің қолжазбаларын аман сақтап
қалды. Мәжиттің өлеңдері соғыстан кейінгі Қазақстанда тұңғыш рет
“Жұлдыз” журналында 1991 жылы жарияланды [266].
Мәжит Айтбаевпен тағдырлас ақын, жазушы, аудармашы Хамза
Абдуллин жастайынан жарқырап шыққан өте дарынды қаламгер еді.
Соғысқа дейінгі жылдары ол Алматы КИЖ-ін бітіріп, “Социалистік
Қазақстан” газетінде бөлім меңгерушісі болды. 1940 жылы
бүкілқазақстандық әдеби конкурста оның “Шойын жолда” дастаны
жеңімпаз атанды. Хасен Оралтай Хамза Абдуллинді Мағжан поэзиясының
асқан білгірі әрі ізбасар інісі деп жазды. 1941 жылы соғысқа аттанып,
тұтқынға түскен ол Мұстафа Шоқайдың назарына түсіп “Түркістан
легионынаң алынды, шығармашылығын “Сайран” деген лақап атпен
жалғастырды. Тағдыр тепкісінен мойымай өтіп, еліне аман жеткен Хамза
Абдуллин тоқсаныншы жылдары деректік маңызы өте құнды бірталай
естелік мақалалар жазды [267].
147
Ғалым Ахмедов (1906-2002) Орынбордағы Қазақтың халық ағарту
институтын бітіргеннен (1925) кейін шығармашылық жолын
аудармашылықтан бастап танымал романистке айналды. Тәуелсіздік
жылдары ол қайта туғандай болып, мерзімді баспасөзде көптеген
көсемсөздік, естелік, тарихи мақалалар жариялады. Ал Алаш “Алаш”
болғанда атты деректі кітабы тарихшы мамандардың да, оқырман
көпшіліктің де көңілінен шыққан қызықты шығарма болды. Ғ.Ахмедов
жастарға ғана емес, орта буын, аға буын қаламгерлерге ұстаз болған зиялы
еді. Шығармашылық қызметі соғысқа дейінгі кезеңде басталған, қазір де
көзі тірі ардагер қаламгерлердің үлкен ақсақалы, 1907 жылы туған ақын
Дихан баба Әбілев бастаған санаулы ғана шоғыры ХХІ ғасырға аяқ басты.
Л.И.Мирзоян кезінде және соғыс алдындағы жылдарда қазақ
журналистерінің саны едәуір өсті.
Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның өсіп-өркендеуіне
республикадағы білім беру жүйесіндегі кемшіліктер көп кедергі келтірді.
Мектепте алған білімдерінің жеткіліксіз болуы себепті дарынды жастар
жоғары оқу орындарына түсе алмады. Қысқа мерзімді курстарда ұлттық
мамандарды даярлаудың сапасы төмен болса да мұндай курстар көпке дейін
қызмет істеді. Алматыдағы қазақ мұғалімдерін даярлайтын бір жарым
жылдық курс оқытушыларға деген сұранысты өтей алмағандықтан 1934
жылы 26 наурызда қалалық оқу бөлімі орталау мектептердің мұғалімдерін
даярлайтын педкурс пен 8 айлық курстарды қосымша ашты [268].
Қазақстандағы жоғары және орта арнаулы білім беру ісінің
тарихшылары да (К.Жаманбаев, Ш.Тастанов, Қ.Жоламанов, т.б.), ұлттық
баспасөздің шежіресін зерттеушілер де (Қ.Бекхожин, С.Имашев,
С.Қозыбаев және басқалары) Қазақтың коммунистік журналистика
институтының (Алматы КИЖ-і) қызметіне жете назар аудармай келді.
Шығармашылық интеллигенцияның үлкен бір тобын даярлап үлгерген осы
оқу орны туралы Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында
бірталай деректер жинақталған. БК(б)П Қазақ өлкекомы бюросының 1933
жылдың 13 желтоқсанындағы қаулысында КИЖ-ді ашудағы мақсат –
аудандық газеттердің редакторларын дайындау болып табылады деп атап
көрсетілді [269]. Алайда іс жүзінде студенттердің құрамы әлдеқайда
күрделі болды. Институтқа орталық және жергілікті баспасөз
органдарының арнаулы журналистік білімі жоқ редакция мүшелері,
белсенді жұмысшы шаруа тілшілері (тек қана парткомдардың
ұсынысымен) қабылданды. Институттың ұстаздары Сәкен Сейфуллин,
белгілі ғалымдар Шамғали Сарыбаев (1893-1958), Мәулен Балақаев (1907-
1995), Мәскеу КИЖ-ін бітірген Ахмет Елшібеков (1901-1979), Мәскеудің
Қызыл профессура институтын бітірген Үміт Балқашев болды. Алматы
журналистер институтын бітіргендер арасында ақын Дихан Әбілев (1937),
жазушы Жекен Жұмақанов (1938), тарихшы ғалым Ғазиз Әбішев (1938),
атақты журналистер Асқар Лекеров (1938), Кеңесбай Үсебаев (1938),
148
Аманғали Сегізбаев (1939) болса, 1939-1941 жылдары КИЖ-де кейін
Қазақстан Республикасының Халық артисі болған диктор Әнуарбек
Байжанбаев (1923-1989) оқыды. Айта кету керек, Мәскеу КИЖ-ін бітірген
Әуелбек Қоңыратбаев (1905-1986), Зарап Темірбеков (1906-1938),
Несіпбай Манашев (1910-1945), Ленинград КИЖ-ін бітірген Асқар
Тоқмағамбетов (1905-1983), Темірғали Нұртазин (1907-1977) жорналшы
қызметін абыроймен атқарып, қазақ мәдениеті тарихында өзіндік іздерін
қалдырған зиялылар болды.
30-шы жылдары ұлттық шығармашылық интеллигенциясының бір
бөлігі – кәсіпқой әдеби аудармашылар пайда болды. Аударма ісімен
айналысқан қазақ оқығандары ХІХ ғасырдан бастап жылдан-жылға көбейе
түскен еді. Ерте заманда Шығыс классикасы – араб пен парсы поэзиясы
мен хиссалары аударылып келсе, Абайдан бастап еуропалық, ресейлік
поэзия қазақшаға аударыла бастады. Аудармашылар жөнінде сөз болғанда,
әңгіменің отаршыл әкімшілікке қызмет еткен, арнайы оқытылып
даярланған тілмаштар туралы емес, шығармашылық интеллигенция
өкілдері туралы болып отырғандығы есте болуы керек. Абайдан кейінгі
әдеби тәржімелеудің озық үлгісін Әлихан Бөкейханов, Ахмет
Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтар көрсетіп
берген еді. Данышпан шекспирді (“Гамлет”) тұңғыш қазақшалаған
аудармашы Мәжит Дәулетбаев болды. Шекспирдің сюжеттерін Хамит
Ерғалиев аударуға кірісті. 1939 жылы Мұхтар Әуезов Шекспирдің
“Отеллосын”, 1940 жылы “Асауға – тұсауын” қазақшаға аударды.
Ағылшынның классик ақыны Дж. Байронның туындысын алғаш рет
орысшасынан (М.Ю.Лермонтовтан) қазақшаға Абай аударды. Абайдан соң
Байрон шығармаларын 30-шы жылдары Қасым Аманжолов, Абдолла
Жұмағалиев, Қапан Сатыбалдин (1917-1969) қазақ тілінде сөйлетті.
Әлемдік әдебиеттің тамаша өкілдері Ф.Шиллердің туындыларын – Мұқтар
Жанғалин, Г.Гейнені Әбділдә Тәжібаев, Мольердің пьесаларын –
Д.Құрманов, Джек Лондонды – М.Дәулетбаев, Ғ.Себепов (“Ақ азу”),
О.Бальзак – Д.Қосанов, Д.Дефо, (“Робинзон крузо”), Р.Л.Стивенсон
(“Қазына аралы”) – А.Құлыбекұлы аударды. 1937 жылы алғаш рет қазақ
тілінде шыққан Шота Руставелидің әйгілі “Жолбарыс терісін жамылған
батыр” поэмасын аударуға бес ақын – М.Дәулетбаев, Ө.Тұрманжанов,
Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Ж.Сыздықов қатысты. Осы жылдары Хамит
Ерғалиев қырғыздың “Манасын”, қарақалпақтың “Қырық қыз” эпостық
жырларын қазақшалауға кірісті.
Академик А.Жұбанов 1942 жылы жарық көрген “Қазақ
композиторларының өмірі мен творчествосы” кітабындағы кемеңгер
Құрманғазының ең үздік шәкіртінің бірі Дина Нұрпейісова туралы очеркін
1975 жылы шыққан “Ғасырлар пернесінде” қайта жазып шығарған.
Алғашқысында Динаның шығармашылығындағы “тарих пен таланттың
бас қосқаны” тыңдаушысын таң қалдырмай қоймайтындығын жазса, соңғы
149
очеркінде Дина асыл мұраны - Құрманғазының алып үнін, музыкалық
сәлемін бізге жеткізуші ретіндегі рөлін таратып, кеңірек жазған еді [270].
1937 жылы Д.Нұрпейісова Алматыға алғаш келіп, халық өнерпаздарының
республикалық байқауына қатысып, бірінші жүлдені алды. 1939 жылы ол
Мәскеуге алғаш барып, халық аспаптарында орындаушылардың
Бүкілодақтық байқауына қатысып, бас бәйгені алды. 1938 жылы Динаға
Қазақ КСР-нің өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, ал 1944 жылы
Қазақстанның халық артисі атағы берілді. Анығында Дина шынайы халық
композиторы еді.
Құрманғазының шәкірті, күйші Мәмен Ерғалиұлы (1868-1931)
ұстазының орындаушылық дәстүрін толық меңгеріп, ұлы композитордың
музыкалық мұрасын (әсіресе “Адай”, “Байжұма”, “Теріс қақпай”, “Кісен
ашқан” т.б. күйлерін) насихаттауда көп еңбек сіңіруімен қазақ
музыкасының тарихында есімін жазып қалдырды. Мәменнің өзі
шығарған “1916 жыл” күйі азаттыққа ұмтылған елге жігер мен қуат
берген толғау болды. Мәменнің шәкірті Қали Жантілеуов (1902-1993)
халық өнерпаздарының республикалық І слетінде (1934 ж. маусым)
Құрманғазы мен Мәменнің күйлерін орындап, домбырашылар арасында
бірінші орын алды.
ХХ ғасырдың басынан бастап Бөкей ордасынан Науша Бөкейханов
(1870-1944), Махамбет Бөкейханов (1890-1937), Ғабдолла (Ғабдол – Хәкім)
Бөкейханов (1896-1938) сынды күйші, сазгерлердің атақ-даңқы кеңінен
тарады. Дәулеткерейдің шәкірті (әрі туысы) Наушаның репертуарында
100-ге тарта күй болды. Науша Махамбет екеуі Қазақтың Құрманғазы
атындағы академиялық оркестрді ұйымдастырғандар қатарындағы
тұлғалар ретінде тарихқа енуге тиіс. Махамбет күйші-орындаушылық
өнерімен бірге тамаша композитор болды. Ал Ғабдолла губерниялық,
республикалық басшы қызметтер атқара жүріп музыкадан қол үзбеді. 1929
жылы 13 қаңтардағы бір құжатқа қарағанда, оның партиялық ісі, Өлкелік
бақылау комиссиясында қаралды [271]. Ал 30-шы жылдары Ғабдолланың
есімі музыка пәнінен қазақ оқушылары мен студенттеріне арналған
оқулық жазу тапсырылған шығармашылық топ ішінде аталды [272].
Бөкейхановтардың үшеуі де А.В.Затаевичтің респонденттері болған еді.
Рухани дәстүрлердің жалғасуы күйші-композиторлардың
шығармашылығында айқын аңғарылды. Музыка саңлақтарының қайсын
алып қарасақ та, әрқайсысы өз ұстаздарының мұрасын сақтаушы әрі
шәкірттеріне жолбасшылық қызметін бірдей атқарғандығын анық көреміз.
Бұл ұлы Қорқыттың ізбасарлары - қазақ қобызшыларының
шығармашылығына да тән ізгілікті құбылыс еді. Күйшілік өнерді Ықылас
Дүкенұлының (1843-1916) өзінен үйренген әйгілі Сүгір Әлиұлы (1882-
1961) қобыз бен домбыраның әуендерін (ең алдымен Ықыластың қобызда
ойналатын саздары мен Тәттімбеттің домбырада орындалатын шертпе
күйлерін) үндестіріп-үйлестірді. Ұстазының мұрасын насихаттауда,
150
жетілдіріп, алға бастауда алдына жан салмады. Сүгір қобыз бен
домбыраның тамаша мүмкіншіліктерін сарқа қолдануға ұмтылған асқан
шебер-виртуоз болды. А.Жұбанов Сүгір Ықыластың барлық күйлерін
орындағандығын жазды.
Сүгірдің шығармашылығын жарқыратып көрсеткен ақмолалық
Дәулет Мықтыбаев (1904-1970) қобызшылардың арасында үлкен беделге
ие болды. Д.Мықтыбаев соғысқа дейінгі жылдары (1933-1942) Қарағанды
облыстық радиокомитетінде және Қарағанды филармониясында қобызшы-
солист болып қызмет етті. Соғыстан кейінгі жылдары ол Алматы
консерваториясында (қыл қобыз сыныбы бойынша) Қорқыт, Ықылас,
Сүгірдің өнеріне жас артистерді баулуда көп еңбек атқарды. Музыка
зерттеушілері Сүгірдің шығармаларын елге насихаттаушы шәкірттерінің
ішіндегі ең үздігі Жаппас Қаламбаев (1909-1970) деп дәлелді тұжырымдар
келтіреді. Бұл пікірді біз де мақұлдаймыз. Сүгір өз ұстазы Ықыласты қалай
қастерлеп өтсе, Жаппас та Сүгірді туған әкесіндей құрметтеп өтті. Жаппас
қобыз бен домбырада Ықылас, Сүгір, Тәттімбет күйлерін ойнауды
Сүгірден үйренді де, өз кезегінше Болат Сарыбаев (1927-1983) – қазақтың
көне музыкалық аспаптарын жинаушы, әрі зерттеушісі, Қазақстанның
халық артистері, қобызшылар Гүлнәфис Баязитова (1917-1987) мен
Фатима Балғабаева (1926 ж.т.), т.б. жоғары білікті қобызшы-мамандарды
тәрбиелеп шығарды. 1961 жылға дейін өмір сүрген Сүгірдің өз
орындауында бір де бір шығармасы таспаға жазылмағандығын өкінішпен
жеткізе отырып, ғалым Рахманқұл Бердібай Сүгірдің мұрасын
насихаттауда шығармашылық жолы соғыстың алдында басталған дарынды
күйші Төлеген Момбековтың (1918 ж.т.) еңбегіне жоғары баға берді [273].
Қазақ мәдениетінің тарихында, қазақ тілі саласында Ахмет
Байтұрсынов, әдебиетінде – Мұхтар Әуезов, ғылымында – Қаныш Сәтбаев
атқарған рөлді музыка саласында Ахмет Жұбанов (1906-1968) атқарды.
Ұлтымыздың бақытына қарай, аса дарынды ауыл домбырашысы Ахмет
Жұбанов 1923-1933 жылдары Ленинградтағы музыкалық техникум,
консерватория мен Өнертану академиясының аспирантурасында оқып,
жан-жақты, әрі терең білім алып үлгерді. Қазақтың жоғары білімді тұңғыш
профессионал композиторы болған ол 1933 жылы Алматы музыка-
драмалық техникумына оқытушы болып орналасып, өзінің ұлттық өнерін
жаңа биікке көтеру жолындағы шығармашылық қызметіне кірісті. Сол
жылы Ахмет Жұбанов техникум директоры Сүгір Камаловтың
орынбасары болды, қазақ тіліндегі тұңғыш “Музыка әліппесі” оқулығын
жазып шығарды (Қызылорда, 1933), қазақтың халық аспаптарын
зерттейтін зертхана (лаборатория, кейбір деректерде ғылыми кабинет
делінеді) және музыкалық аспаптарды жасайтын, жетілдіретін
эксперименталды шеберхана ұйымдастырды.
Ахмет Жұбановтың баға жетпес тарихи-мәдени еңбегі – қазіргі
Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық
151
аспаптары оркестрін ұйымдастыруы болды. Алғашында ол 1933 жылы 11
өнерпаздан техникум жанында домбырашылар ансамблін құрған еді.
Ахмет Жұбановтың бастамашылығымен құрылған қазақтың тұңғыш
музыкалық ұжымы халық өнері шеберлерінің Бүкілқазақстандық бірінші
байқауына қатысып (1934 жылы 10-15 маусым), домбыраның музыкалық
мүмкіншіліктерін жаңа қырынан ашып көрсетіп, ел-жұртын риза етті. Сол
жылғы 24 маусымда Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитеті ансамбль
негізінде Қазақтың ұлттық оркестрін құруға шешім шығарды. Ал 16 шілде
күні республиканың Халық Комиссарлар Кеңесі (қол қойғандар:
Совнарком төрағасының орынбасары Ұзақбай Құлымбетов пен СНК істері
басқармасының бастығы Қаскей Өтекин) оркестрдің тіршілігіне қажетті
қаражат бөлді [274]. Оркестр алғашында (1944 жылға дейін) ҚазОАК
атындағы Қазақтың мемлекеттік халық аспаптар оркестрі аталды.
Қазақ музыкасын жаңа биікке көтерген ұлттық аспаптар оркестрінің
алғашқы құрамында Дина Нүрпейісова, Науша мен Махамбет
Бөкейхановтар, Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, Уақап (Оқап)
Қабиғожин, Жаппас Қаламбаев, Ысқақ Уәлиев, Ғабдұлман Матов,
Рүстембек Омаров, Мәлік Жаппасбаев, Гүлнәфис Баязитова сынды зиялы
өнерпаздар болды. Бұлардың әрқайсысы тума талант, өнерде өз өрнегі бар
дара тұлға, шығармашылық интеллигенцияның беделді өкілдері болатын.
Оркестрдің бас дирижері, әрі көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбановқа
бұрын музыкалық шығармаларда жеке орындауға дағдыланған
домбырашылар мен қобызшыларды ұжым болып орындауға үйрету оңайға
түскен жоқ. Ахмет Жұбанов оркестрді арнаулы оқу орындарында
музыкалық білім ала алмаған кешегі ауыл өнерпаздарына ұлттық және
еуропалық үлгідегі тәлім берген оқу-тәрбие орнына айналдырды. 1938
жылдан бастап оркестр жаңа күйлерді нотамен үйренуге кірісті.
Ахмет Жұбанов қазақтың халық музыка үлгілерін және атақты
күйшілердің шығармаларын оркестрдің орындауына лайықтап өңдеу
жолында асқан табандылық көрсетті. Ұлттық музыканың өзіндік
дәстүрлері мен ерекшеліктерін сақтап, оркестрдің жоғары дәрежедегі
орындаушылық мәдениетін қалыптастыру – өте күрделі, әрі жаңа жұмыс
еді. А.Жұбановтың нағыз зиялыға тән қасиет-қабілеттерінің арқасында
оркестр көркемдік жағынан кемелденіп, шеберлігін арттыра түсті.
Темірбек Жүргенов, Ілияс Жансүгіров, Сейітқали Меңдешев, Ғаббас
Тоғжанов сынды мәдениет қайраткерлерінің басшылығымен
ұйымдастырылған Бүкілқазақстандық І-ші (1934 жылы маусым) және ІІ-ші
(1936 жылы сәуір) слет-байқаулары ішінен келген бірталай дарындардың
ашылуына себеп болды. Алғашқы слетте созақтық жас қобызшы Жаппас
Қаламбаев жүлдегер атанды, жаңа ұйымдасқан ұлт аспаптары оркестрінің
құрамына алынды. Жаппас Қаламбаев оркестрмен бірге жеке өзінің
орындауымен қазақ әуендерімен қоса әлемдік классика туындыларын,
атап айтқанда Глинка, П.Чайковский, Моцарт, Бетховеннің таңдаулы
152
шығармаларын домбыра мен қобызға салып, асқан шеберлікпен орындады.
Бас кезінде нотасыз, жатқа үйренетін шығармаларды нота арқылы
үйренетін дәрежеге жетті. Жаппас Қаламбаевтың сазгерлік еңбегінің
нәтижелері – “Қазақ маршы”, “Кең өлке”, “Күн толғауы” тәрізді күйлері
жұрт көңілінен шықты. Сол сияқты 1-ші слетке Бөрлітөбе ауданынан
келген жас дарын Мұқан Төлебаев слеттен соң Мәскеу
консерваториясының жанынан ашылған қазақ студиясына оқуға жіберілді.
1935 жылы басты мақсаты – музыкалық шығармаларды насихаттау
болып табылатын Қазақ филармониясы құрылды. Оны ұйымдастырушы,
алғашқы директоры, әрі көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбанов болды.
Қазақ тарихындағы тұңғыш филармонияның өз алдына шаңырақ көтеруіне
Қосымжан Бабақов, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Жүсіпбек
Елебеков, Манарбек Ержанов, Қали Жантілеуов, Шара Жиенқұлова,
Жаппас Қаламбаев, Уақап Қабиғожин, А.Нұғманов, Жамал Омарова елеулі
үлес қосты.
1935 жылы халық аспаптары оркестріне атақты күйші Есбайдың
(Тазбаланың) шәкірті Бақтияр Құбайжанов (1910-1982) алынды. Ол
оркестрдің концертмейстері болып, домбырашылардың күйшілік өнерін
шыңдауға өз үлесін қосты. Осы тұста Ертіс өңірінен Алматыға оқу іздеп
келген жас домбырашы Садық Кәрімбаев (1918-1975) Түрксіб басқармасы
жанындағы көркемөнерпаздар клубының жұлдызына айналып, күйші атын
шығарды. Ол 1936 жылы халық әндерін орындаушылардың
республикалық жарысында жеңімпаз атанды. Композиторлық
шығармашылықпен айналысып бірталай өлеңдерге музыка жазды, қазақ
вальсінің дамуына үлкен үлес қосты. Сол сияқты, 1920-1930 жылдардағы
деректерде домбыра мен сырнайдың асқан шебері ақмолалық Ғазиз
Файзоллаев, Шымкенттік күйші Бапыш Қожамжаров, өнерімен көпке
танымал болған Ақтөбелік әнші, әрі термеші Жүсіп Сейілұлының есімдері
жиі кездеседі. Драмалық театрлардың артистері арасында өнер атаулыға
бейімділіктерін, әсіресе әншілік, күйшілік қасиеттерін танытқан тұлғалар
мол кездесті. Елубай Өмірзақов тамаша әнші, әрі домбырашылығымен
замандастарын тәнті қылса, Орталық Қазақстан әншілік өнер мектебінің
ірі өкілі Қостанайлық Мұхаметжан Өтебайұлы (1870-1956), “Сыр сүлейі”
деп құрметтелген халық ақыны Нартай Бекежанов (1890-1954) сазгерлік
өнерлерімен елін риза етті.
Кеңес дәуірінде еңбегі жөнді еленбеген музыка қайраткерлерінің бірі –
Әбікен Хасенов (1897-1958) еді. Ол өмір бойы (1934-1958) Қазақ
драмтеатрының артисі болды. Қазақ театрының тарихын зерттеген
Мәскеулік профессор Н.И.Львов Әбікен Хасеновтың ойнауындағы Қодар
(Ғабит Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” драмасы) сөзге ергіш,
ақмақ батыр болып шыққан деп кемсітті [275]. Ал қазақ театртанушысы
Қ.Қуандықов “Әбікен Хасенов көңіл күйі зерек, бітімі кесек, ерекше
ажарлы адам еді. Он саусағынан күй тамған, шертпе күйдің таптырмас
153
шебері болған Әбікен Хасеновтың драма театрындағы орны да өзгеше
оқшау көрінетін” [276] деп жазады. Белгілі ғалым Рақыманқұл Бердібай
оның өзге еңбектерін былай қойып, Тәттімбеттің мұрасын кейінгі ұрпаққа
айнытпай жеткізгені үшін Әбікен Хасеновтың есімі атақты күйшілер
қатарында аталуға тиіс деп пайымдады [277].
Жас ақын, журналист, композитор, домбырашы Ысмағұл Көшекбаев
Ұлы Отан соғысының майданында жүріп (1934 жылы) опера либреттосын
жазды. Жазушы Жекен Жұмахановтың дерегі бойынша 1936 жылы күйші
Дина Нұрпейісованы алыстағы Теңіз ауданынан (қазіргі Атырау облысы)
тауып, Алматыға алғаш алып барған осы Ысмағұл Көшекбаев болған [278].
1939 жылдың күзінде Мәскеуде болып өткен ұлттық музыкалық
аспаптарда ойнаушылардың Бүкілодақтық І-байқауында Дина
Нүрпейісова, Науша Бөкейханов, Уақап Қабиғажин, Қали Жантілеуов,
Ы.Уәлиев, Жаппас Қаламбаевтар қатысып Дина Нүрпейісова (домбыра)
мен Ысқақ Уәлиев (сыбызғы) жеңімпаз атанды. Атақты сыбызғышы-сазгер
Сармалайдың шәкірті Ысқақ Уәлиев (1902-1944) Ұлы Отан соғысының
майданында қаза тапты. Ғалым Ақселеу Сейдімбек Сармалайдың күйлерін
бізге аман жеткізген Ысқақ Уәлиев деп айрықша атап көрсетті [279].
Халық композиторлары өкімет назарына отызыншы жылдары
іліккенімен олардың өздері де, шығармалары да көпке дейін есепке
алынбады. Қазақстан композиторлар Одағы шығармашылық ұйым ретінде
1939-жылдың аяғында (Қазақ ҚСР-і Халком Кеңесінің 1939 жылғы 3-
қарашадағы қаулысына сәйкес) құрылған еді. Үкімет орындарына есімдері
белгілі сазгерлердің шығармашылығына саяси тұрғыдан қысымшылдық
жасалды. Тақырып аясы тарылды. Композиторлар тек социализм жеңісін
жырлауға тиіс болды. Шамамен, 1941 жылдың қаңтарында жазылған Қазақ
ҚСР-і Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы өнер істері жөніндегі
басқарманың бастығы Бектембай Қосыновтың есепті жазбасында 1939
және 1940 жылы Қазақстанның 12 композиторы қазіргі заман тақырыбын
арналған 70 бұқаралық әндер жазғаны туралы анықтама берілген [280].
Олардың ішінде 6 қазақ сазгері – Ахмет Жұбанов (10 ән), Кенен Әзірбаев
(6 ән), Ысмағұл Көшекбаев (5 ән), Манарбек Ержанов (6 ән), Мәлік
Жаппасбаев (3 ән), Жаппас Қаламбаев (2) – барлығы 29 ән жазған.
Жоғарыдан нұсқалған тақырыптардан тыс шығармалар жазған сазгерлер
Кеңестік композиторлар санатына алынбай, идеологиялық санасы төмен,
музыкалық білімі жоқ деп кемсітіліп, әуесқойлар қатарына жатқызылды.
Жастайынан Арқаның сал-серілерінің ән-күйлерін нақышына келтіре
орындап, ел аузына іліккен Манарбек Ержанов (1901-1966) 1928 жылдан
бастап Қазақ драма театрында, 1934 жылдан бастап Қазақтың опера және
балет театрында қызмет істеп, өнерін шыңдады. Соғысқа дейінгі жылдары
Қазақстанның халық артисі құрметті атағына ие болған ол (1938) өзінің
әншілік-орындаушылық мектебін қалыптастырып, көптеген жас
дарындардың шығармашылығына игілікті ықпал етті. Қали Байжановтың
154
шәкірті Мұрат Толыбаев (1904-1967) 1934 жылдан бастап опера және
балет театрының әнші-солисі болды. Халық өнерпаздарының Бүкіл
қазақстандық 1-байқауында (Алматы, 1934 ж.) 2-ші орын алған әнші
Қапия Түлкібаевтың (1905-1950) әйгілі “Тоқсан бес”, “Үгәйім” әндері 30-
шы жылдары таспаға жазылып бізге жетті. Осы Бүкілқазақстандық 1-
байқауда көзге түскен әнші, болашақ Халық артисі Ғарифолла
Құрманғалиев (1909-1993) байқаудан кейін бірден Қазақтың опера және
балет театрына қабылданды. Шамамен, осы тұста Мәскеу
консерваториясындағы қазақ студиясында оқыған Мағауия
Көшкінбаевтың (1910-1980) әншілік шығармашылығы елге танылды.
Домбыраның сүйемелдеуімен ән айтудың сыры мен қырын Ғаббас
Айтбаев, Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебековтерден үйренген әнші (тенор)
Нұғман Әбішев (1906-1988) 1935 жылы Қазақ филармониясына
шақырылып, осы өнер ошағында алпысыншы жылдарға дейін қызмет етті.
Қазақстанның Халық артисі атанды. Халық күйлері мен әндері, Абай,
Біржан, Ақан сері, т.б. қазақ композиторларының шығармаларын
насихаттауға, өнерпаздардың жаңа ұрпағын тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.
Жастайынан Қоянды жәрмеңкесінде әншілік өнерімен тыңдаушыларын
тәнтті еткен Мағауия Көшкінбаев арнайы жолдамамен Мәскеу
консерваториясы жанындағы қазақ студиясына оқуға жіберілді (1936).
Ерекше қуатты дауысты (тенор) Мағауия халық әндерін орындауда алдына
жан салмады. Еңбегі көпке дейін тиісті дәрежесінде бағаланбай келді.
Қазақтың опера өнерінің негізін салушылардың бірі – Үрия
(Ұлбосын) Тұрдықұлова (1911-1991) болды. Барлық шығармашылық өмірі
Қазақтың опера және балет театрымен байланысты өткен Үрия
Тұрдықұлова Қазақстанның халық артисі құрметті атағына 1939 жылы ие
болған еді. Евгений Брусиловский Үрияны “Күләштің сәтті бәсекелесі”
[281] деп атады. Үрия театр сахнасында қойылған көптеген опералық
шығармалардың басты партияларын орындады. Қазақтың халық әндерін
кеңінен насихаттаған эстрадалық әнші де болды.
Соғысқа дейінгі Қазақстанның ең атақты өнерпаз қызы Күләш
Байсейітова (1912-1957) 1930 жылы Қазақ драма театрында артистік
қызметін бастады. Ол 1934 жылдың 13 қаңтарында Қазақтың музыкалық
театрының шымылдығын ашқан Мұхтар Әуезовтің “Айман-Шолпан”
музыкалық драмасында басты рөл – Айманды ойнады. Сол жылы Күләш
Бейімбет Майлиннің “Шұғыласындағы” Шұға, Ғабит Мүсіреповтың “Қыз
Жібегіндегі” Жібектің сахналық бейнелерін алғаш жасады. Соғысқа дейін
ол 8 опералық спектакльдірде ойнап, 8 қазақ қызының партияларын
орындады (Айман, Шұға, Жібек, Хадиша, Ақжүніс, Раушан, Науша, Зере).
Осы операларда Күләш шырқаған Үкілі Ыбырайдың “Гәкку” әні, Латиф
Хамидидің “Қазақ вальсі” және (кейін) “Бұлбұл” әндері Қазақстан
музыкасының алтын қорына енді, халық жадында әсем әннің үлгісі болып
жатталды. Ғажабы, Күләш Қазақстанның халық артисі атағын алмай
155
өмірден өтті. 1934 жылы 22 жасында республиканың еңбек сіңірген артисі
атағын алған соң ол 1936 жылы бірден “КСРО халық артисі” атағына ие
болды. Қазақтың аса дарынды 24 жастағы қызы бұл құрметке Советтер
Одағында алғашқылардың қатарында, орыстың ұлы артистері
К.С.Станиславский,
В.И.Немирович-Данченко,
В.И.Качалов,
А.В.Неждановалармен бір күнде ие болды.
Мұрағаттардың қорында Күләш Байсейітованың әр жылдардағы
шығармашылық жұмысымен қатар халық депутаты ретіндегі қоғамдық
қызметін сипаттайтын ғылыми айналымға енбеген құжаттар кешені
сақталған. Оның ішіндегі мазмұны қызықты ресми қатынас қағаздары,
хаттар, анкеталар, т.б. айғақтар Күләш Байсейітованың
шығармашылығының жаңа қырларын ашып көрсетеді. Күләштің халықпен
тығыз байланысының құрамында К.Байсейітова бар Қазақтың музыкалық
театрының артистері Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында
концерт қойды. Күләш Байсейітова Зайсандағы драмалық үйірме
жұмысына көмектесіп, Жұмат Шаниннің “Арқалық” пьесасының жақсы
шығуына өз үлесін қосты. Келесі, 1935 жылы театрдың Қарағандыдағы
гастролі кезінде қазақ ТРАМ-ның артистеріне де осындай көмек көрсетті
[282].
Сонымен бірге Күләш Байсейітованың шығармашылық қызметіне
жасалған кедергілердің де аз болмағандығын көрсететін деректер
кездеседі. Коммунистік партия басшылығы Күләш Байсейітованың халық
арасындағы беделін өз мақсатына пайдаланып, оны неше түрлі
идеологиялық науқандарға еріксіз қатыстырды. Өнер адамдарының өз
ортасында түсініспеушілік, қақтығыстар, жаулық әрекеттер орын алды.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік
мұрағатындағы Е.Г.Брусиловскийдің жеке қорында сақталып, Сапар
Байжановтың қазақшалауымен кітап болып шыққан естелік театр
қызметкерлері туралы бірталай ой қозғайды. Евгений Брусиловский
композитор И.В.Коцыкты жамандаймын деп “Айман-Шолпан”
пьесасының музыкасын – “музыкалық қойыртпақ”, билерді – “жынойнақ”
деуден тартынбады [283]. Анығында, Евгений Брусиловскийдің өзі
“Айман-Шолпан” пьесасына үлкен зиян тигізді. 1938 жылы Брусиловский
“Айман-Шолпанның” музыкасын қайта жазды да, Айман партиясын
Күләш Байсейітова орындағанына қарамастан, пьесаның жаңа нұсқасы
ұлттық сипатынан алшақтаған сәтсіз туындылар қатарында театр
репертуарынан түсіп қалды. 1934 жылдың қаңтарында Қазақтың
музыкалық театрының сахнасын тұңғыш ашқан, қатарынан 100 рет
қойылып [284], театр тарихында бұрын-соңды қайталанбаған дара оқиғаға
айналған “Айман-Шолпанның” жарамсыз етілуі Күләштей нәзік жандарға
соққы болып тигені анық. Бұл туралы, әрине, Е.Брусиловский өз
естелігінде ештеңе жазбайды. Бірақ кейінгі зерттеушілерге оның Мұхтар
Әуезовті, Есмағамбет Ысмайыловты, Бектембай Қосыновты
156
жамандауының бір себебі Брусиловскийдің осындай әрекеттерінде
жатқаны айқын болады. Ол қазақ көрермендері халық музыкасынан өзге
дүниені қабылдай қоймайды, сондықтан мен халық әндері мен күйлерін
опера жанрының талаптарына сай өңдеуге мәжбүр болдым, мұны Мұхтар
Әуезов түсінгісі келмейді, ал Ғабит Мүсіреповтің орнына Өнер істері
басқармасының бастығы болып келген Бектембай Қосынов маған дүрсе
қоя берді деп шағынған болады [285]. Күләштің өнердегі жақын серігі,
құрдасы атақты биші Шара Жиенқұлова (Жандарбекова) 1934 жылдан
бастап қазақтың музыкалық театрында халық билерін сахналық билерге
айналдырып орындай бастады. Есімі де, өнері де аңызға айналған Шара
қазақтың би өнерінің мерейін өсірді. Атақты әнші, кейін Қазақстанның
Халық артисі атағына ие болған Әнуарбек Үмбетбаев (1914-1973) 1929
жылы әнші ретінде жұрт алдында өнер көрсете бастады. Ол 30 жылдан
астам республикалық радионың әншісі болып, қазақ әндерінің тамаша
насихатшысы болып келді.
1937 жылы Алматы музыкалық училищесін бітірген болашақ халық
артисі әнші Шабал Бейсекова (1917 жылы туған ), Мәскеу
консерваториясының қазақ студиясын Айкен Мұсабекова (1919 ж.т., бұл
әнші де халық артисі болды) бітіріп шығармашылық жолдарын бастады.
1937 жылы Қазақтың опера және балет театрында әнші Әбітай
Мұсабековтың (1915-1981), 1939 жылы осы театрда Мүсілім Абдуллин
(1916-1996) және Ришат Абдуллиндердің қызметі басталды.
1938 жылы ГИТИС жанындағы қазақ студиясын бітірген Гүлжихан
Ғалиева (1917-1982) алғашқы қарлығаш артистердің бірі болды. Соғысқа
дейін Алматыда, Қазақ драмтеатрында қызмет етті. Ол драмалық рөлдерді
ойнаумен қатар декламатор, прозалық және поэзиялық шығармаларды
сахнадан немесе радиодан мәнерлеп жатқа оқу өнеріне маманданып, осы
өнердің теңдесі жоқ шеберіне айналды. Гүлжихан Ғалиева – қазақ циркін,
“Гүлдер” ансамблін құрған зиялы адам ретінде де есімі көп жылдар бойы
Алматының цирк эстрадалық студиясының директоры ретінде ұлттық өнер
саңлақтарын оқытып-тәрбиелеп шығарумен айналысты. Еңбегі бағаланып
Қазақстан Республикасының Халық артисі атағы берілді (1968).
Өзін театр сыншысы ретінде де танытқан Хамза Жүсіпбеков
“Амангелді” пьесасының (1937) кемшіліктерінің бәрі драматургте
(Амангелдінің батырлық образы, өзге кейіпкерлер және халық образы
дұрыс көрсетілмеген) дей келіп, “Кейбіреулер пьесаның кемшілігін театрға,
ойнаушыларға аударғысы келді. Бұл да дұрыс емес. Театр да, ойнаушылар
да шамасы келгенше міндеттерін орындауға тырысты. Қайта кем жерін
толтыруға тырысты. Бірақ амал не, пьесаның жоғарғы ірі кемшіліктерін
түзету олардың қолынан келмеді” [286]. Осы тұста Мұхтар Жанғалиннің
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетіне жолдаған Асқар Тоқмағамбетовтың
шығармашылығы жөніндегі анықтама қағазында, осы ақын, драматургтің
157
“Әзірет Сұлтан” пьесасы 2-3 ай қойылып, молла-ишандарды тым асыра
мазақ еткендігі үшін сахнадан біржола кетті дейді [287].
1938 жылы 22 шілдеде пьесаларға жарияланған республикалық
конкурстың қорытындысы шығарылып, екінші бәйге (1-шісі ешкімге
берілмеді) Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаевтың бірігіп жазған “Ақ
қайың” пьесасына, Сәбит Мұқанов (“№ 172 партбилетң пьесасы) пен
И.Шуховқа (“Заговор мертвых”) берілді. Үшінші бәйгені “Отан үшін”
пьесасын жазған Ә.Әбішев алды. Төртінші бәйге Н.Баймұханбетовке
(“Атылған оқ”), И.Найденовке (“Тропа врага”), Д.Николичке (“Щель”),
бесінші бәйге И.Барханов (“Не погода”), А.Бычков (“Когда цветет
сирень”) және Д.Еркімбековке (“Алуан-алуан”) берілді. Алайда өз
уақытында үздік деп танылған бұл пьесалардың театрдағы ғұмыры ұзаққа
бармады.
Мұрағатта сақталған “Состояние казахской драматургии в 1936-1940
годах и задачи создания положительного образа” атты құжатта Мұхтар
Әуезов пен Л.С.Соболевтің “Абай” пьесасы – қазақ драматургиясының
бүкіл тарихында теңдесі жоқ үздік шығарма ретінде өте жоғары
бағаланады [288]. Құжаттың авторы – Қазақстан КП(б) ОК жанындағы
марксизм-ленинизм институтының директоры қызметін атқарушы
Мұсатай Ақынжанов (бұл кісі кейін тарих ғылымдарының кандидаты
болды) пьесаның идеясы мен саяси мазмұны заман талабына жауап береді
деп дәлелдеді. Біздің пайымдауымызша, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов
Абай туралы тұңғыш драмалық шығармасын жазғанда қазақ мәдениетінен
тым алыс ленинградтық жазушы Л.С.Соболевті (1898-1971) өзіне қосалқы
автор етіп алғандағы мақсаты да осындай идеологиялық сипаттағы қырағы
көз мекемелердің оң бағасын алу, саяси сыннан қорғану болатын.
Мұрағаттық деректерде отызыншы жылдары өнерімен ел құрметіне
бөлінгенімен 1937-1938 жылдары “Халық жауы” болып кеткен, одан соң
есімдері республика жұртшылығына белгісіз болып келген қайраткерлер
жөнінде мағлұматтар көп кездеседі. Жан-жақты дарынды ауыл мұғалімі
Дүйсебай Есенжолов Шыңғыстаудан Семейге келіп, Абай атындағы
музыкалық-драмалық театрдың негізін қалаған артистердің бірі болды.
1937 жылы ол Мұхтар Әуезовтің “Қарагөз” трагедиясында байлардың
шынайы образын жасағандығы үшін “байшыл-ұлтшыл” атанып, 10 жылға
Сібірге айдалып кетті [289]. Осы қайраткердің қызы Роза Есенжолова
кейін Қазақстанның Оқу министрінің орынбасары, Ыбырай Алтынсарин
атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры
болды [290].
Ауыл өнерпазы Сатылған Атамқұлов (1907 жылы туған)
Ташкенттегі САГУ-дің ауыл шаруашылық факультетін бітіріп (1929),
агрономдық қызмет атқарумен бірге әдебиет, музыка, театр өнерімен
белсене айналысты. Ол Жамбыл қаласындағы қазақ драма театрының
негізін қалаушылардың бірі болды.
158
Алдымен Әулиеата аудандық (1936), 1940 жылдан Жамбыл
облыстық қазақ драма театры болып құрылған бұл өнер ошағы көркемөнер
үйірмесінен бастау алды. 1936 ж. 16 наурызда Бейімбет Майлиннің “Келін
мен шешей” атты комедиясымен театр шымылдығы ашылды.
С.Астамқұлов, Ж.Абызбаев, Т.Әлмұхамедов (театр директоры), М.Табанов
(кейін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі болды), О.Тұрымқұлов сынды
талантты артистер театрдың алғашқы группасын құрады [291]. Жас
кезінен әнші ретінде аты шыққан Сәти Үмбетаевтың (1897-1974) театрға
келуі заңды еді. 1936 жылы театрға келген Шәріпбай Сәкиев (1914-1989)
зейнеткерлікке шыққанша осы шығармашылық ұйымда еңбек етіп,
Қазақстанның Халық артисі атағына ие болды.
Қырқыншы жылдардың қарсаңында қазақ театры аяғынан қаз
тұрған, заман талабына сай биік белеске көтерілген ұлттық мәдениеттің
үлкен саласына айналды. Сахна өнерінің аз жылдар аумағында кәсіби
дәрежеге көтерілуіне не себеп болды деген сауалға тұжырымды жауап
бергенде біз мыналарды алдымен алға тартар едік. 1) театр өнерінің
қазақтың халық шығармашылығының кең, әрі мол арнасынан нәр алып
өсуі; 2) табиғи таланттарына қоса өнер мен білім биігіне талпынған жас
өнерпаздардың ризасыз еңбегі.
Шығармашылық интеллигенцияның ең нәзік, сезімтал бөлігі – өнер
иелерінің соғысқа дейінгі жылдардағы тағдыры өте күрделі жағдайда өтті.
Өнерпаздардың құрамындағы сан-сапалық өзгерістер, олардың
дүниетаным-көзқарастарындағы жаңалықтар өнердің түрі мен мазмұнына
әсер етті, көркемөнердің қоғамдық ролі үлкен өзгерістерге ұшырады. Өсу
мен өшу процестері қатар жүрді. Сталиндік тоталитарлық жүйе осы екі
құбылыстың екеуін де жеделдетті. Төңкеріске дейін өнер иелері мен халық
арасында тікелей өзектестік болып келсе, ендігі уақытта коммунистер өнер
мен халық арасында таптық саясатты сыналап енгізуге көшті.
Шығармашылыққа қолайсыз ортада, бір жағынан, ұлттық рухани
қазынасын молықтыра түсетін дүниелер туып жатса, екінші жағынан, ең
саналы деген өнерпаз-зиялылар саяси қуғын-сүргінге ұшыратылды.
Өнер қайраткерлерінің үлкен әулетін тәрбиелеген, саяси қуғын-
сүргіннің құрбаны Қоңырқожа Қожықовтың (1880-1938) есімі соңғы
жылдары атала бастады. Ол төңкеріске дейін көп жыл ұстаздық еткен
халық ағарту институтының (Ташкент) оқытушысы, отызыншы жылдары
Қазақтың ұлттық мәдениетінің ғылыми-зерттеу институтында тарихи
зерттеулермен айналысқан зиялы адам болды. Гүлнәр Дулатованың
естелігіне қарағанда, Қоңырқожа парсы, араб, шағатай тілдеріне жетік
болған, Фирдоусидің “Шахнамесін” парсы тілінен қазақшаға аударған
[292]. Қоңырқожаның жұбайы Ләтипа Мұңайтпасқызы (1892-1960) (Серәлі
Лапиннің қарындасы) – қол өнерінің (қолданбалы өнер) асқан шебері.
КСРО Суретшілер одағының мүшесі, 1925 жылдан бастап 33 жыл бойы
М.Әуезов атындағы Қазақ драма театры, Абай атындағы опера және балет
159
театры, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі артистерінің
киімдерін тіккен өнерпаз болды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ
әдебиеті мен өнері декадасына қатысқандар Ләтипа Қожықованың тіккен
ұлттық киімдерін киіп шықты. Ләтипа тіккен қазақтың шапаны мен
қалпағы АҚШ президенті Рузвельтке сыйға тартылды.
Ләтипа Қожықованың үлкен ұлы Қожахмет Қожықов (1910-1953)
Мәскеудегі ВХУТЕМАС-та оқыған (1928-1930) қазақтың тұңғыш маман
суретші-графигі болды. Қожахмет ұлттық бейнелеу өнерінің негізін
қалаушылардың бірі, сурет өнерінің бірталай жанр түрлерін алғаш
бастаған жаңашыл қыл қалам шебері еді. Оның шығармалары 1932
жылдан бастап түрлі көрмелерге қойыла бастады. Ләтипаның ортаншы
ұлы Құлахмет Қожықов (1914-1986) қазақтың тұңғыш театр суретшісі
болып мәдениет тарихында есімі мәңгілік қалды. Жан-жақты дарын иесі
Құлахмет 1930 жылдан бастап соғысқа дейін он шақты спектакльдерді
көркемдеді. Осы жылдары ол Ленинградта оқып, 2 жыл әскерде болуымен
қатар суретші-график өнерін терең меңгеріп, қазақтың алғашқы
фильмдерін көркемдеуге қатысқан тұңғыш қазақ киносуретшісі де болды.
Ал ағайындылардың кенжесі Сұлтанахмет Қожықов (1923-1988) – Қазақ
КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, ұлттық киноның ең үздік
шығармасы – “Қыз Жібек” фильмінің режиссері болған, осы еңбегі үшін
Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері (1972) аталған белгілі
кинорежиссер еді.
Мұрағаттарда алдыңғы кезеңдерге қарағанда отызыншы жылдары
қазақ суретшілерінің шығармашылық белсенділігінің арта түскендігін
айғақтайтын деректер қоры ұлғая түседі. 1934 жылы 8 мамырда
Мәскеудегі Шығыс мәдениетінің мемлекеттік мұражайында “Қазақ АКСР-
нің өнері” атты көрме ашылды. Ұлттық өнер иелерінің мол мүмкіндігін
ашып көрсеткен бұл көрмеде Әбілхан Қастеев, Қожахмет пен Құлахмет
Қожықовтар, Әубәкір Ысмайылов, қолөнер шеберлерінің еңбектері
көрсетілді [293]. Сол жылғы 21 маусымда Қазақ АКСР-і ОАК төралқасы
республиканың Халық ағарту халкоматын суретші Әбілхан Қастеевке
бейнелеу өнерін игеруге қажетті жағдайларды жасауға міндеттеген
қаулысында суретшілік өнерге бейімділігін байқатқан екі оқушы – Әмен
Хайдаров (10 жаста) пен Әубәкіровке (16 жаста) көмек көрсету жөнінде
айтылды [294]. Әмен Хайдаров кейін үлкен суретші, кинорежиссер, Қазақ
КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері болды. Ал сол жылғы 29
маусымды Абайдың ең үздік бейнесін салу жөнінде республика
суретшілері арасында конкурс жарияланды. Конкурс жюриінде Мұхтар
Әуезов, Санжар Аспандияров, Ғабит Мүсірепов т.б. болды [295]. Абайдың
портретін салып, осы жарысқа қатысқан Әбілхан Қастеев Абай
тақырыбымен өмір бойы айналысып жиырмадан астам сурет салды.
1928 жылы жалғыз қазақ суретшісі болып көшпелі көркемсурет
көрмесімен бірге Қызылжар, Семей, Қарағанды, Қызылорда т.б. қалаларды
160
аралап, өзінің алғашқы графика, суреттерімен елді таныстырған Әубәкір
Ысмайылов (1913 жылы туған) 15 жаста ғана еді. Ол 1930 жылдан бастап
Абайдың бейнесін салумен болды. Ол қазақша плакаттар салды, қазақ
кітаптарын көркемдеуші, газет-журналдарда жарияланған суреттердің,
карикатуралардың авторы болды. Өзгелерге қарағанда ол бірталай оқу
орындарында білім алу бақытына ие болды – Омбы көркемсурет
техникумын, Мәскеу көркемсурет училищесі мен ГИТИС-тің режиссерлік
факультетін бітірді (1938). Қазақтың бейнелеу өнерінің іргесін қаласқан
өнер қайраткері Әубәкір Ысмайылов 1933 жылы Қазақстанның
Суретшілер одағының Ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, осы
шығармашылық ұйымның құрылуына (1940) көп күш салды.
Қазақтың кәсіби сурет өнерінің негізін қалаушылардың қатарында
есімі аталатын Қазақстанның халық суретшісі Молдахмет Кенбаев (1925-
1993), Торғай өңірінің түлегі (Жангелдин ауданы), ата-анасынан
ашаршылықта айырылған ол балалар үйіне түсіп, аман қалды. Талант көзі
ерте ашылған 13 жасар Молдахмет көрген елді таңдандырған суреттерімен
республикалық, бүкілодақтық көркемсурет көрмелеріне қатысты. Оның
“Шопан әні”, “Құрық салу” сияқты атақты еңбектері Мәскеудегі
мемлекеттік Третьяков галереясына сақтауға алынды. Суретшінің
шығармашылық тағдыры оның ұстаздық еңбегімен тығыз байланыста өті.
Ол өзге қазақ қыл қалам шеберлері сияқты ресейліктерден оқып-үйренуге
ұмтылмады. Ресей оқу орындарында оқудың жақсы жақтарымен бірге
орыстың рухын бойына сіңіріп елге қайтқандардың қазақи дәстүрге
жоғарыдан төмен қарауын құптамады. Творчество адамының ұлттық
тамырдан ада болуын кешірмеді. Молдахмет Кенбаев өзі бітірген Алматы
көркемсурет училищесінде дәріс беріп, кейін ашылған Темірбек Жүргенов
атындағы Алматы театр және көркемсурет өнері институтында кафедра
меңгерушісі болып, жас ұрпаққа өзінің суреткерлік дарынымен қоса
ұлтжандылығын сіңіре білді.
Отызыншы жылдары қазақтың алғашқы жоғары білімді маман-
сәулетшілері пайда болды. 1934 жылы Ленинградтың азаматтық
инженерлер институтының архитектура факультетін Ақтөбелік Төлеу
Бәсенов (1909-1976) бітірді. Ол 1935 жылы құрылған Қазақстанның
Сәулетшілер одағының ұйымдастырушысы әрі басқарманың төрағасы
болды. 1937-1941 жылдары Алматы қаласының бас архитекторы болып,
астананың сәнді ғимараттармен көркейіп-гүлденуіне көп күш салды. 1936
жылы Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институтының архитектура
факультетін орынборлық Малғабар Меңдіқұлов (1909-1986) бітірді.
Малғабар Меңдіқұлов архитектура саласында кандидаттық диссертация
қорғаған, профессор атағын алған тұңғыш қазақ сәулетшісі болды. Төлеу
Бәсенов 1950 жылы, Малғабар Меңдіқұлов 1957 жылы КСРО Құрылыс
пен архитектура академиясына мүше-корреспондент болып сайланды. Екі
ғалым да сәулет өнерінде өндіре еңбек етумен қатар, ұлттық сәулет өнерін
161
зерттеуге бастамашы болып, көптеген ғылыми-зерттеу еңбектерді жазды.
Қазақ жеріндегі көне, орта ғасырлық және кейінгі кезеңдерге жататын
тарихи-архитектуралық ескерткіштерді есепке алу, сақтау, қалпына
келтіру ісіне үлкен үлес қосты. Көп жылдар бойы сәулетшілердің ұлттық
кадрларын дайындаумен шұғылданды.
Қазақ зиялылары кино туралы жиырмасыншы жылдардың аяқ
кезінде ой қозғай бастады. Осы тақырыптағы алғашқы мақалалардың бірін
жазған Тұрар Рысқұлов болды [296]. 1929-1930 жылдары Сағыр Камалов
қазақ халқы өзі туралы түсірілген кинофильмдерді көретін уақыты жетті,
сценарий жазуға негіз боларлық материалдар жетіп артады. “Қозы Көрпеш
– Баян сұлу”, “Арқалық батыр” сияқты дүниелерден басқа, алдымен
киноға түсірілуге өзі сұранып тұрған шығарма – Сәкен Сейфуллиннің “Тар
жол, тайғақ кешу” құжатты романы (Айтып өтуге тиіспіз: бұл жоба осы
күнге дейін іске асырылмай келеді – З.Д.). Мәселені шешудің бірден-бір
жолы қазақтың кино мамандарын оқытып шығару, деп айрықша атап
көрсетті [297]. Айта кету керек, зерттеуші Дүйсенбек Қамзабекұлы
Ташкенттегі мұрағаттан “Бекет батыр” жыры негізінде 1922 жылы
жазылған авторы белгісіз киносценариді тапты. Және де осы зерттеуші
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан
Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы А.Ф.Рязановпен бірігіп жазған
“Махамбет-Исатай” киносценарийдің қолжазбасын тапты [298]. Бұл
сценарийлер бойынша кинофильмдер түсірілмеді, басталған іс аяқсыз
қалды. Соңғы дерек – қазақтың алғашқы киносценарисі Жүсіпбек
Аймауытовтың болғандығын дәлелдейді. Зиялылардың республикадағы
кинематография бастауында тұрғандығына төмендегі құжат айғақ бола
алады. 1925 жылдың 14 мамырында Ораз Жандосов пен Санжар
Аспандияровтың БК(б)П Қазақ өлкекомына жіберген жеделхатында:
“Просим уполномочить нас [от] Крайкома [и] КазЦИК-а на Каркаринскую
ярмарку для агитработы, статистического обследования, организации
киносьемки по темам: казахский быт, организация скотоводческого
хозяйства, ярмарка ТЧК работу закончим в течение месяца, средствами
обеспечим...” [299] делінеді.
Қазақ киносының бастауында Ораз Әбішев, Қабыш Сиранов, Серке
Қожамқұлов, Хәкім Дәулетбеков, Шәкен Айманов, Ескендір Тынышбаев,
Мәжит Бегалин, Мәуленхан (Мәукен) Сағымбаев, Файзолла Әбсаламов,
ақын Ілияс Жансүгіров, суретші Құлахмет Қожықов сынды зиялылар
тұрды. 1929 жылы құрылып, 1931 жылы жабылған “Востоккино” атты
Бүкілресейлік акционерлік қоғамының алматылық бөлімшесінде екі қазақ
интеллигенті қызмет етті: Ілияс Жансүгіров оның сценарий бөлімін
басқарды, ал Ескендір Тынышбаев (тұңғыш қазақ инженері, атақты Алаш
қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың баласы) оператордың ассисенті
міндетін атқарды. Кино түсіру техникасын меңгерген тұңғыш қазақ
Ескендір Тынышбаев кейін өте шебер кинооператорға айналып, ұлтық
162
киноның іргетасын қаласты. Қазақтың алғашқы кинооператорларының бірі
Файзолла Әбсаламов атақты би, әрі бай Алмат Тобабергенұлының ұрпағы
еді, ал кинорежиссер Мәжит Бегалин қазақ балалар әдебиетінің іргесін
қалаған әйгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің баласы болатын. 1933 жылы
“Союзхроника” тресінің қазақстандық базасы ашылып, ол 1935 жылы
республикадағы күнделікті жаңалықтарды көрсетіп отыратын Алматы
хроникалық киностудиясына айналғанда, осы киностудияда кинооператор
болып Мәуленхан Сағымбаев, кейін Қазақ КССР-не еңбек сіңірген
қайраткер атанған шебер қызмет істеді.
Атақты сахна саңлағы Серке Қожамқұлов қазақтың алғашқы
киноактері болды. Ол 1930 жылы экранға шыққан “Дала әні” (“Песни
степей”) фильмінде кедей батырақтың рөлін ойнады. Осы фильмге және
1931 жылы түсірілген “Жұт” (“Джут”) фильміне Сәбит Мұқанов кеңесші
болды. Орысша түсіріліп, сөзі кейін қазақша аударылған, қазақ аулындағы
таптық күреске арналған “Жұт” атты үгіт фильмде (агитфильм) Хәкім
Дәулетбеков пен Көшкінбаев қазақ кедейлерінің рөлін ойнады. Хәкім
Дәулетбеков “Қаратау сыры” (1932) және “Жау сүрлеуі” (1933) фильмінде
кедейдің рөлін сомдады. Хәкім Дәулетбеков алғашқылардың қатарында
Мәскеудегі ВГИК-ке оқуға жіберіліп, оны 1934 жылы бітіріп келді. 1940
жылы ол Горький атындағы әдебиет институтын бітірді. Соғысқа дейін
(1930-1941) “Мосфильм” мен “Ленфильм” киностудияларында түсірілген
“Жұт”, “Қаратау сыры”, “Жау соқпағы”, “Жеңіс”, “Пугачев” фильмдерінде
ойнап үлгерді. Алғашқы сандарынан бастап 100-ге жуық “Советтік
Қазақстан” хроникалды киножурналын шығарған қазақтың тұңғыш
киножурналисті деуге болады. Хәкім Дәулетбеков кейін республикадағы
құжатты, ғылыми-көпшілік фильмдер шығаратын жетекші режиссерге
айналып, Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер болды.
Қазақтың ұлттық киноөнерінің беташары болған “Аманкелді”
фильмі, “Ленфильм” киностудиясында 1937-1938 жылдары түсірілді.
Көптеген зерттеушілер қазақ киносының тарихын осы датадан бастайды.
“Аманкелдінің” тұңғыш қазақ фильмі деп аталуының себебі –
кинофильмді шығаруға қатысқандардың көбі қазақтар болды. Бейімбет
Майлин мен Ғабит Мүсірепов – сценарий авторлары, Ахмет Жұбанов –
сазгер, Қасым Тоғызақов – кеңесші, әрі аудармашы, Елубай Өмірзақов,
Ш.Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Қалыбек Қуанышбаев, Қанабек
Байсейітов, Кұрманбек Жандарбеков, Қапан Бадыров, Р.Сәлменов –
актерлер болып қатысты.
Мұрағаттық деректер Қазақстан Компартиясы мен Өкімет
басшыларының “Аманкелді” фильміне үлкен мән берілгендігін
айғақтайды. Ғабит Мүсіреповтің естелігі бойынша, Аманкелді Иманов
туралы кино түсіру идеясын көтерген Л.И.Мирзоян болған [300]. Тұңғыш
қазақ фильмінің сценариін жазу 1935 жылы Б.Майлин мен И.Шуховқа
тапсырылды. 1936 жылы фильмнің сценариін Бейімбет Майлин, Ғабит
163
Мүсірепов пен В.Иванов үшеуі жазып бітірді. Сөйтіп, Бейімбет Майлин
мен Ғабит Мүсірепов қазақтың алғашқы киносценаристерінің бірі болды.
Фильм саяси қуғын-сүргіннің қызған шағында түсіріліп, 1939 жылдың бас
кезінде көрсетіле бастады. 1939 жылдың 28 қаңтарында Н.Скворцов пен
Нұртас Оңдасынов қол қойған қаулымен репрессиядан аман қалған
фильмнің жасаушылары түрлі наградалармен марапатталды [301].
“Аманкелді” кинофильмінің үш сценаристерінен В.С.Иванов қана
марапатталды. Бұл тұста Бейімбет Майлин қаза тапқан еді, ал Ғабит
Мүсіреповке саяси тұрғыдан сенімсіздік көрсетілгендіктен оның жазған
дүниелерінің бәрі жарамсыз етіліп, жазушының өзі моральдық және
материалдық жағынан қуғындалды. “Аманкелдінің” түсірілуі үлкен
жетістік, қазақ мәдениетіндегі аса ірі оқиға ретінде бағаланып, Аманкелді
Иманов рөлін ойнаған Елубай Өмірзақов Ленин орденіне ұсынылып
жатқанда, фильмді жасауға белсене қатысқан Ғабит Мүсіреповтің
жазықсыз қаралануы, Бейімбет Майлиннің еңбегінің мүлде еленбеуі –
тарихи әділетсіздіктің айқын көрінісі болды. Қазақстан Жазушылар
одағының 2 съезінде (1939 жылы 20-24 маусым) Әлжаппар Әбішев, Ғабит
Мүсірепов большевик Аманкелдінің образын жасай алған жоқ, “кәдімгі
қазақтың батыр большевик Аманкелдісін, Сталин талап еткен Аманкелдіні
шығарайық дегендерге қолшоқпар ала жүгіреді. Біз Ғабиттен мұны күткен
жоқ едік, егер Ғабиттің пікірі үнемі осылай келе берсе, осы шоқпардың
өзіне қаттырақ тиетіндігі сөзсіз” [302] деп сес көрсетті.
Ұлттық шығармашылық интеллигенциясы “Аманкелдіні” тұтастай
алғанда сәтті шығарма деп есептеп, өнердің осы жаңа түрін Қазақстанда
тез өркендетуге бастамашылық көрсетіп құлшына кірісті. Қазақстан КП(б)
ОК мен ҚазКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің “Қазақстандағы әдебиет
пен өнерді одан әрі дамыту туралы” (1939 ж. 9 ақпан) қаулысы бойынша
республикада кино өнерін жедел өркендету мәселесі қойылып, оны іске
асыруға тікелей басшылық ететін өкіметтік бригада (Нұртас Оңдасынов –
жетекшісі, мүшелері – Мұхтар Әуезов, Әлжаппар Әбішев, Қасым
Тоғызақов, Иван Шухов, Елубай Өмірзақов) құрылды [303]. Осы
бригаданың атқарған игі шаруаларының бір саласы – қазақ қаламгерлерін
киноның негізі болып табылатын сценарий жазуға баулу болды. Қазақ КСР
Халком Кеңісінің киноландыру басқармасы (управление кинофикации)
жанында сценарий бөлімі ашылып, бірталай жазушыларға кино сценарий
шеберлігі туралы дәріс оқылды. Соғыс алдындағы Қазақстанның еңбек
ерлерін суреттеу жөніндегі республикалық конкурс жарияланып, жарысқа
қазақтың 30-ға жуық алғашқы сценаристері қатысты. Бұл қаламгерлердің
бәрі кейін киносценарист болып кетпегенімен алғашқы тәжірибенің
пайдалы болғаны сөзсіз. Жарыстың нәтижесінде сценариін М.Әуезов
жазған “Райхан” кинофильмі (1940) дүниеге келді.
“Райхан” фильмі “Аманкелдіден” кейінгі екінші қазақ
киношығармасы болды. Ал Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов,
164
Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтермен бірге қазақтың тұңғыш
киносценаристері немесе кинодраматургтері қатарына енді. Фильмдегі
Сәрсен рөлін Шәкен Айманов орындады. Бұл ұлы артист Шәкеннің
кинодағы алғашқы рөлі еді, ол 1953 жылы киноға біржола ауысты. Шәкен
Аймановтың қазақ киносын дамытудағы қызметін зерттеген Қабыш
Сиранов, Кәукен Кенжетаев және тағы басқа авторлар оны қазақтың
тұңғыш кинорежиссері деп әділ атады. Жоғарыда аттары аталғандардан
басқа “Райхан” кинофильміне Хадиша Бөкеева, Р.Оспанова, М.Сұлтанова,
Б.Әмірхамзин, Т.Есенгелдин сынды ұлтымыздың алғашқы киноартистері
(актерлері) белсене қатысты.
“Аманкелді” мен “Райханнан” кейінгі кинофильмдерге қатысқан
қазақ актерлерінің қатары бірте-бірте өсіп отырды. Ең жас өнер түрі – кино
талапты қазақ жастарын қызықтырып, театрдан киноға келуіне себеп
болды. Бұған алғашқы қазақ актерлерінің өнегесі, күнделікті баспасөздің
де ықпалы зор болды. Қазақ КСР-і халық артисі Елубай Өмірзақов
бастаған бір топ өнер қайраткерлерінің Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті
мен Халық Комиссарлар Кеңесіне ашық хат жазып, ұлттық кино шығару
ісін уақыт оздырмай қолға алуларын өтінуі [304] және 1941 жылы Алматы
көркем фильм киностудиясының ашылуының да әсері үлкен болды.
Соғысқа дейінгі жылдары қазақ кинематографистері “Аманкелді”
мен “Райхан” атты екі көркем фильмді ғана шығарып үлгерді. Қазақтың
киноөнерінің ұлттық бейнесінің айқындалуына бастама болған бұл
фильмдердің үздік өкілдері күштерін біріктіріп, бір адамдай ат салысты.
Олардың киноға әкелген ұлттық нақыштары рухани дәстүр ретінде
зиялылардың келесі ұрпақтарының шығармашылығында сабақтастық
тапты.
Қазақ әйелдері арасынан шыққан ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның тұңғыш өкілдері Қазан төңкерісіне дейін пайда болған
еді. Жиырмасыншы жылдары олардың саны үнемі өсумен болды. Ал
отызыншы жылдар – әйелдер ұлттық шығармашылық интеллигенцияның
құрамдас бөлігі болып қалыптасқан кезең болды.
Қазақтың алғашқы интеллигент қыздарының бірі Мәдина Бегалиева
(1899-1974) қазақтың ағартушы-демократтарының шоғырында қызмет
етті. Ол 1916 жылдан бастап оқытушылық жұмыспен айналысты. Кеңес
өкіметі орнағаннан кейін белсенді қоғам қайраткері болып, қазақ
әйелдерінің жетекшілерінің қатарында танылды. Коммунистер оның ел
арасындағы үлкен беделін өз мақсаттарында пайдалану үшін партия
аппаратына алды. БК(б)П Бөкей, Орал губкомдары мен Сырдария
окркомының әйелдер бөлімін басқарды. 1923 жылғы 4 қыркүйекте Мәдина
Бегалиева Бөкейдегі әйелдер арасындағы жұмыстың қиыншылықтарын
тізе келіп: “Несмотря на трудности, в настоящее время можно сказать, что
киргизские женщины проснулись от глубокого сна, выявляют сильное
желание учиться...” [305] деп ауылдағы өзгерістерді хабарлады. Мәскеудің
165
Бүкілодақтық өнеркәсіп академиясын (Промакадемия) 1935 жылы бітірген
Мәдина Бегалиева инженер-металлург мамандығын игерген тұңғыш қазақ
әйелі болды. Инженер-техника интеллигенциясы өкіліне айналғанымен
М.Бегалиева өмір бойы (әсіресе ең қиын отызыншы жылдарға дейін)
әйелдердің білімі мен санасын өсіру ісінде көп еңбек еткен қайраткер
ретінде тарихымызда өзіне лайық орын алады.
Еліне еңбегі сіңген қазақтың қайраткер қызының бірі – Сара
Есованың (1903-1982) есімі көрнекті журналист, яғни шығармашыл
интеллигенция өкілі ретінде де аталуға тиіс. Зерттеуші Ләтипа Ахметова
оның газет-журналдарда жарияланған туындыларының көлемі 60 баспа
табаққа жететіндігін (20 баспа табақтан үлкен үш томды кітап
болатындығын) жазды [306].
Отызыншы жылдары әдеби шығармашылықпен айналысқан
әйелдердің бірі – Фатима Ғабитова (1903 ж.т.). Кеңес дәуірінде “бай
қызы”, “халық жауының әйелі” ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, қалың
жұтшылыққа есімі белгісіздеу болып келген ол, Қазақстан тәуелсіздік
алған жылдары ғана кітабын шығаруға мүмкіндік алды [307]. Фатима
Ғабитова шығармашылық интеллигенцияның аса көрнекті өкілдері Біләл
Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтің жары болды. Заманымыздың ойшыл
зиялысы Мұрат Әуезовтің анасы болды. Фатима Ғабитованың Ілияс
Жансүгіровке шығармашылық жағынан көрсеткен көмегінің бір көрінісі –
1935 жылы Алматыда баспадан шыққан Сүйінбай ақынның өлеңдер
жинағы [308]. Бұл кітаптың бірінші бетінде “жинап, баспаға әзірлегендер
Ілияс, Фатима” деген жазу тұр. Қазақстан кітап палатасының қорында
сақталған Фатима Ғабитованың 1928 жылы “Әйел теңдігі” журналында
жарияланған үш мақаласымен таптық [309].
Ташкентте тұратын қазақ ғалымы, тарих ғылымдарының докторы
Серікжан Қарабаев Мұхтар Әуезовтің 300-ден астам хатын сақтап келді
[310]. Бұл хаттардың бәрін ұлы жазушы Ғайникамал Құтымоваға (1900-
1947) жазған. 1918 жылдың көктемінде Мұхтар Әуезовтің “Жас азамат”
ұйымының құрылтай съезіне Семейден өкім болып қатысқан кезінде
Мұхтармен 18 жасында Омбыда танысқан Ғайникамал Құтымова – САГУ-
дің медицина факультетін бітірген, Өзбекстан Денсаулық қорғау
министрінің орынбасары дәрежесіне көтерілген қайраткер қазақ қызы.
Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш медицина ғылымдарының
докторы Гүлбаһрам Тарабаева (1908 ж.т.) 1931 жылы Ортаазия
мемлекеттік университетінің медицина факультетін үздік бітіріп осы
университеттің аспирантурасында оқыды, ұзақ жылдар жемісті еңбек
атқарды. Зада Ақышева – Қызыл профессорлар институтын (ИКП) бітірген
жалғыз қазақ болды. Кинорежиссер мамандығына ие болған тұңғыш қазақ
қызы Дариға Тыналина (1921 жылы туған) 1939 жылы Алматы театр
училищесін бітірген соң, Мәскеудегі ВГИК-тің киноактер факультетінде
оқыды. Мәскеудің Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясын
166
бітірген, 1940 жылы алғашқы қазақ қызы Ғалия Есбатырова жазушы, әрі
аудармашы болды. Ләтипа Қожықова КСРО Суретшілер одағына мүше
болған қазақтың алғашқы өнерпаз қызы еді.
Қазақ қыз-келіншектерінің аса дарындылығын танытатын деректер
отызыншы жылдары көбейді. Арнайы музыкалық білім алып үлгермеген,
небәрі 24 жастағы Күләш Байсейітова КСРО Халық артисі атағына ие
болды (1936). Хат танымайтын Дина Нұрпейісова 77 жасында Мәскеуде
өткен халық аспаптарында ойнайтын өнерпаздардың Бүкілодақтық
байқауында 1-ші орынды жеңіп алды (1939). Бүгінгі өлшеммен алсақ, шала
сауаты ғана бар Сәбира Майқанова 30-шы жылдардан бастап қазақтың
сахна өнерінің өзіндік мектебін қалыптастырып дүниеден өтті. Отызыншы
жылдары жетім балалар үйінің тәрбиеленушісі болған, 14 жасында
“Құрмет белгісі” орденімен марапатталған Роза Шамжанова Мәскеудің
Шығыстану институтын бітіріп көп жылдар Қазақстанның шетелдермен
достық байланыс қоғамын басқарған белгілі қоғам қайраткері болды.
1933 жылдың 11 қыркүйегінде жазылған ОГПУ-дың Л.Мирзоянға
тапсырған “Қазақстандағы әдеби-шығармашылық пен әдеби күштер
туралы” баяндау хатында: “Хакімжанова Мәриям, ақын, БК(б)П
мүшелігіне кандидат, жалғыз әйел-жазушы. Шала сауаттылар мектебін
1930 жылдары ғана бітірген. Әйелдерді күңдіктен босату жөнінде өлеңдер
жазады. “Классиктер” оған менсінбей қарайды және ешқандай көмек
көрсетпейді...” [311] деп жазылғандығына қарағанда, Мәриям
Хакімжанованың шығармашылық жолы аса қиын болғанға ұқсайды. Ол –
Тұрсынхан Әбдірахманова екеуі – Халық жазушысы құрметті атағына ие
болған екі әйелдің бірі. Кеңестік қазақ әдебиетіндегі Шолпан
Иманбайқызы, Мәриям Хәкімжанова сияқты Дәмеш Ниязова (Берсүгірова)
мен Зияда Қалауова да әйел қаламгерлердің тұңғыштары болды. 1920
жылы Мұхаметжан Тынышбаевтың көмегімен мұғалімдер оқуына түсті.
Ілияс Жансүгіров Дәмештің ақындық дарынының ашылуына қолдау
көрсетті. 1928 жылы әкесі бай-феодал ретінде тәркіленді. 1937 жылы
“халық жауының әйелі” атанып жер аударылды. Дәмеш Ниязова Мұхтар
Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтың кепілдігімен Қазақстан Жазушылар
одағына мүше болды.
1937-1938 жылдары сталиндік саяси қуғын-сүргін қазақтың әйел
интеллигенциясына өте ауыр соққы болып тиді. Бұл оқиға олардың сан
жағынан өсуін тежеді. Шығармашылық қуатын әлсіретті. Олар өздері үшін
де, “халық жаулары” болып кеткен күйеулері үшін де, жауапкершілікке
тартылды. АЛЖИР-де қапаста ән айтып “Қалың қазақтың әйелдерінің тас
болған жүрегін жылытып, көңілдеріне күн сәулесін ұялатқан” [312]
Жанбике Шанина, қамауда жүріп өлең жазған Күләндам Қожанова,
Мағжан Жұмабаев өлеңдерін тұтқын әйелдердің көңіліне медеу еткен
Мәриям Есенберлина, 8 жыл бойы АЛЖИР мен Нижний Тагил лагерінде
тұтқында жүріп дәрігерлік қызметпен айналысқан Дәмеш Жүргенева
167
(САГУ-ді 1929 жылы үздік бітірген Әлімхан Ермековтың қарындасы), бес
баласынан айырылса да, өзгелерге сүйеніш бола білген Күнжамал
Майлиналардың ерліктеріне кейінгі ұрпақ тағзым етеді. Қазақ әйелдеріне
тән ең жақсы қасиеттерімен көрінген Гүлбахрам Сейфуллина
(сәкентанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішев Гүлбахрам Батырбекқызын – ел
анасы, халық қалаулысы деп атады) [313], Мәриям Тоғжанова, Рәзия
Мендешева, Әзиза Рысқұлова, Рабиға Аспандиярова, Бибіжамал
Сырғабекова, Айша Қабылова т.б. рухы қайсар жүздеген әйелдердің
есімдері талантты журналист Армиял Тасымбековтың азаматтығы
арқасында көпшілікке белгілі болды. Қандықол сталинистердің қолынан
Телжан Шонановтың жұбайы Шахзада Шонанова қаза тапты. Түркі халық
партиясы дегенді құрдыңдар деп айыпталғандардың қатарында
Ғайнижамал Қабдалиева 1937-1947 жылдары Сібірге айдауда болды [314].
Өткен заманның тәрбиесі әйелдер мәселесіне көзқарас –
зиялылықтың басты көрінісінің бірі болғандығын растайды. Бұл өзекті
мәселе бойынша негізгі төңкеріске дейін қаланған гуманистік дәстүрлерді
кеңестік шығармашылық интеллигенциясының өкілдері ілгерілетті. Ахмет
Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров Жүсіпбек
Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхаметжан Сералин, Спандияр Көбеев,
Бернияз Күлеевтің шығармаларындағы әйел теңдігі жөніндегі идеялар
қазақтың кеңестік ақын-жазушыларының туындыларында үндестік, табиғи
жалғастық тапты.
Кеңестік тарихнамада әйелдер мәселесі негізінен соғысқа дейінгі
жылдары шешілді делініп, коммунистік партияның теңдессіз жеңістерінің
бірі ретінде дабырайтылды. Ал шынында сөз бен істің арасындағы
алшақтық бұл мәселеде де айқын көрінеді. Бұл орайда қазақ әйелдерінің
шығармашылық қызметпен айналысуының хал-жағдайы сол тұстағы
кеңестік құрылыстың оң және теріс жақтарын айқындайтын көрсеткіш
рөлін атқарды.
Ұлттық шығармашылық интеллигенция қазақ әйелінің теңдігін
аңсады, азаттығы үшін күресті, бұл тарихи деректерді қорытып-
саралаудан келіп шығатын қорытынды. Құқықтық-саяси, әлеуметтік,
теңдік, идеологияда ғана емес, іс жүзіндегі еркінділік шығармашылық
бостандық талабымен етене байланысты. Әйелдер мен ер-азаматтардың
теңдігі мен бостандығына ұмтылу – шығармашылық интеллигенцияның
бойындағы табиғи қасиеті. Сондықтан да қазақтың әйелдер қозғалысы
(феминистік қозғалыс) мен шығармашылық интеллигенция мүдделес
болды, күні өткен консерватизм мен әсіре “жаңашыл” - коммунистермен
күресте бір-біріне сүйенді.
Соғысқа дейінгі жылдар аумағындағы әйел тақырыбын арқау еткен
шығармашылық интеллигенцияның туындыларын танып-білуге бірталай
зерттеулер арналса да артық болмас еді. Женотделдердің қызметі туралы
мұрағаттық құжаттар мен мерзімді басылымдардағы мазмұнды, әрі сансыз
168
көп материал қазақ әйелінің ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы хал-
жағдайын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге бұл тарихи жәдігерлер ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның қазақ әйелдерімен толығу жолдарын ашып көрсетуге
деректік негіз бола алады.
Ұлттық интеллигенцияның жарияланымдары әйел мәселесінің ұлт
мәселесі сияқты өте ауқымды, күрделі, жай-жапсары мен қыр-сыры мол
үлкен тақырып екендігіне көзімізді жеткізеді. Бұл мәселе төңірегінде сол
тұстағы қазақ қоғамының ішінде зор толғаныс туып, түрлі мүдделер,
қайшылықты пікірлер қақтығысты, ата дәстүрлер мен коммунистік саясат,
теория мен практика, мәдениет, оқу-білім, дін, тұрмыс, имандылық
мәселелері қамтылып, бірге көтеріледі. Уақыт көрсеткеніндей, өткен
ғасырдың басында көтерілген әйелдер мәселелерінің кейбірі осы күнге
дейін толық шешімін таппай келеді. Мұның бір көрінісі –
республикамызда соңғы жылдары қайта жандана бастаған феминистік
қозғалыс болып табылады.
Айрықша атап өту керек: өткен ғасырдағы ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның әйел теңдігін қорғауы бүгінгі заманның адам
құқықтарының сақталуы туралы талаптарымызбен үндес келеді. Адам
баласын жынысына қарамай сыйлау, құқықтарын тең ету, өсіп-өнуіне,
жетілуіне, өркениет игіліктерін пайдалануына қолайлы жағдай жасау –
қазіргі шығармашылық интеллигенциямызды толғантып жүрген өзекті
мәселе.
169
|