ДӘРІС 2. ЗИЯЛЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ
БӨЛІГІНДЕГІ САПАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР
Шығармашылық қызметі жиырмасыншы ғасырдың алғашқы
жартысындағы және оған дейінгі уақыт шеңберінде өткен зиялылардың
қалыптасу жолдарының ортақ заңдылықтарын тұжырымдауға болады.
Мұны анықтау жүйелі халық ағарту мекемелері жоқ халықтың рухани
жетекшілері кімдер, көшпелі ауылдың жалаң аяқ баласы қалай поэзияның,
музыка, әншілік өнердің таңғажайып биігіне көтеріледі деген сауалдарға
жауап та болады. Шығармашылық интеллигенцияның өсу жолдары
ретімен: 1. Отбасылық және 2. Қауымдық оқу-тәрбие, 3. Тұлғалар мектебі
(мыс. Абай шәкірттері) және 4. Оқу орындары сияқты сатылардан
тұратындығын көреміз.
Сан жағынан алғанда қазақтың шығармашылық интеллигенциясы
бастауыш және орта (діни және зайырлы) білім алғандар қатарынан көбірек
шықты. Ертеректе шығармашылық интеллигенцияның кейбір өкілдерінің
бастауыш білімі де болмады. Әліпті таяқ деп білмейтін ақын, жырау,
күйшілерге жазу мен оқуды білу міндетті емес еді. Дегенмен, мектеп
қабырғасын көрмей-ақ елдің сұранысына жауап беріп келген мәдениет
өкілдерінің оқу-жазумен келетін біліктілігі мен біліміне деген рухани
қажеттілік қазақ қоғамында ХІХ ғасырдың өзінде (одан да ертерек демесек)
айқын сезілген еді. Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның үздік өкілдері
өздерінің табиғи туа біткен және саналы түрде жетілдірген түйсіну
қабілеттерінің арқасында өмір бойы білім-парасат деңгейін өсіріп, оқып-
тоқып, үйренумен болды. Сондықтан олардың шығармашылық өресі жан-
жақты дамып, шыңдалып, таным-білімі үнемі кеңейіп әрі тереңдеп отырды.
Оқығандарынан тоқығандары көп болған шығармашылық интеллигенцияның
алдыңғы легінің ұлттық руханиятқа қосқан үлесі зор болды.
Соғысқа дейінгі жылдардағы өмір сүрген ақын, жырау, жыршы
өлеңшілердің санын анықтау өте қиын іс. Қиын болатындығы, көпке дейін
кеңес өкіметінің назарынан тыс болып келді, есепке алынбады. Ел-жұрт
арасында үлкен беделі болғанымен Компартия басшылығы ауыз әдебиеті
өкілдері мүлде өмірде болмағандай оларды өнер адамы, ақын деп
танымады. Осы кезде поэзиялық шығармаларын газет-журналдарда
жарияланатындарды ғана ақын деп тану орын алды. Бұл ақындар еңбегіне
деген көптеген әділетсіздікке жол берді. Әдеттегі оқуы, сауаты жоқ
болғанымен табиғи дарыны мол ақпа-төкпе ақын-жыраулар кемсітіліп,
олардың орнына шала сауатты, “күшенгіш”, кедей жазғыштар ақын
саналды.
1998 жылы мұражайтанушы Марат Әбдеш құрастырған Қазан
төңкерісіне дейін жоғарғы білім алған 77 қазақтың тізімі жариялан ды [19].
Осы оқығандардың, біздің есептеуімізше, тек 18-і ғана өз мамандығы
21
бойынша немесе өзге ғылыммен, көркем әдебиет, журналистика
салаларында шығармашылық жұмыспен айналысқан екен.
Шығармашылық интеллигенцияның ішіндегі сан жағынан ең көбі –
ақындар. Бұл – қазақтың ежелден бергі ұлттық ерекшелігі.
Шығармашылық интеллигенцияға өзге әлеуметтік топтардан мұғалімдер
жақын. Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында қазақ әдебиеті мен
өнеріне келгендердің көпшілігі мектеп мұғалімдері болған еді. Жоғарғы
әдеби білімі бар ақын-жазушылар, арнаулы оқу орындарын бітірген театр
қызметкерлері, суретшілер, маманданған ғалымдар соғыстың алдыңғы
жылдары ғана пайда болды.
Қаралыстырып отырған кезеңдегі Қазақстанның ауыр қоғамдық-
саяси, экономикалық жағдайы, революциялар, азамат соғысы, патшалық
және
кеңестік
отаршылдық
қазақтың
шығармашылық
интеллигенциясының қалыптасуын тежеді. Білім ордаларында оқи алмаған
әдебиет пен өнер қайраткерлері шығармашылық кәсіптің шыңына жету
жолында өзен ағынына қарсы жүзгендей, өздерінің бойындағы табиғат
берген күш-қайратына ғана сүйеніп, өмірлік тәжірибе мен шығармашылық
шеберлікке іс үстінде, практика жүзінде үйренуге мәжбүр болды. Олардың
шығармаларының арқауы, теориялық пайымдаулары айналасындағы
қоршаған ортаның әсерімен қалыптасты. Екінші жағынан, жоғарыда
аталған халық басына түскен ауыр сын, қиын жағдаяттар әдебиет пен өнер
өкілдерінің шығармашылық қызметінің өсіп-жетілуіне түрткі болған алғы
шарт деп те қабылдауға болады.
Шығармашылық интеллигенция әлеуметтік топ ретінде аса дарынды
жеке тұлғалардың жиынтығы болып табылады. Сондықтан да әрбір
қаламгер, өнер иесі туралы жазылған дүниелердің шығармашылық
интеллигенцияның тарихы үшін маңызы айрықша екендігін баса айтуға
тиіспіз.
Шығармашылық интеллигенцияның аса көрнекті өкілі, зиялылардың
зиялысы деуге келетін Мұхтар Әуезовтің мұрасын зерттеу – ұлы
қаламгерді тануда науқаншылықтан арылып, жүйелі әрі үздіксіз ғылыми
ізденістің қажеттігін дәлелдейді. 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің туғанына
100 жыл толуына байланысты жарық көрген көптеген мақалалар мен
кітаптар әуезовтанудың деңгейін өсірумен қатар, оның өмірі мен
шығармашылығындағы әлі де жөнді зерттелмеген “ақтаңдақтарды” ашып
көрсетті. Мысалға, ҚР Ғылым академиясының мұрағатынан табылған
құжат Мұхтар Әуезовтің 1934 жылғы 2 сәуірде Қазақтың ұлттық
мәдениеті ғылыми-зерттеу институтының театр-музыка – хореография
секторының меңгерушісі етіп тағайындалғанын айғақтайды [20]. Мұхтар
Әуезовтің аталған институт қабырғасында қазақ өнерін алға бастырудағы
ұйымдастырушылық – басшылық қызметі мен жеке өзінің шығармашылық
үлесін нақтылайтын көп санды құжаттардың ғылыми айналымға
енгізілмегендігін ҚР Президенті мұрағатындағы БК (б)П Қазақ өлкекомы
22
қоры (№141), ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатындағы Қаз АКСР-і Халық
ағарту халкоматы қорындағы (№81) өте құнды дүниелердің қозғаусыз
жатқандығын көруге болады. Соңғы мұрағаттағы Абай атындағы Қазақ
пединститутының (№1142), С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы
Қазақ мемлекеттік университетінің (№1352), ҚазОАК-нің жанындағы
Ғылым комитетінің (№1252) қорларында тарихшылардың зерттеу
объектісіне айналмай келген М.Әуезов туралы бірталай материалдар
сақталған. Ал осы ғылыми-танымдық маңызы зор құжаттарды, оның
ішінде М.Әуезов өз қолымен жазған түрлі қатынас қағаздары, үлкенді-
кішілі хаттарды пайдаланбайынша қазіргі қолға алынып отырған алғашқы
томдары жарық көре бастаған ұлы жазушының академиялық толық
шығармалар жинағы толық бола қояр ма екен?
Семей топырағының тумалары, Семейде қызмет істеген
шығармашылық интеллигенциясы өкілдері – Орынбек Бековтың Қазақ
драма театрының басшысы ретіндегі қызметі, соғыс алдында Қазақ
радиосының бас редакторы болған Хәкім Әбдірашитовтың, Отан
соғысында қаза тапқан режиссер Халел Шәженовтың, жаңашыл педагог
Әміржан Сыдықұлының, “Бес-аймақты” басқарған Жұмат Шаниннің 1940-
1950 жылдары Семей драма театрының көркемдік жағына жетекшілік
еткен Шахмет Құсайыновтың шығармашылық мұрасы діттеп зерттеуді
қажет етеді.
Осы тұста өмір сүрген тағдыры күрделі зиялылардың бірі – Әзімбай
Лекерұлы (1901-1938) туралы тарихи әдебиетте жөнді жазылмай келеді.
Ол 1920 жылы Семей губревкомының бұратаналармен жұмыс істейтін
бөлімінде, осы бөлімнің меңгерушісі Мұхтар Әуезовтің қол астында
нұсқаушы болып еңбек жолын бастап, 1927 жылға дейін Зайсан,
Қарқаралы, Кереку, Бөкей губерниясы, Ақтөбе, Қызылордада кеңестік
басшы қызметтерде төселіп - шыңдалды. 1927-1932 жылдары ол Мәскеуде
КУТВ жанындағы курсты, кейін Қызыл профессура институтын бітірген
санаулы қазақтың (Сәбит Мұқанов, Ілияс Қабылов, Сұлтан Сегізбаев,
Мирасбек Төлепов, Зада Ақышева, Жүсіпбек Арыстанов) бірі болды.
Өмірінің соңғы 4 жылында ол Алматыдағы Қазақтың марксизм-ленинизм
ғылыми-зерттеу институтын (КНИИМЛ) басқарды, ҚазПИ-дің профессоры
болды. КНИИМЛ сынды саяси-идеологиялық мекеменің жетекшісі бола
отырып, ол халықтың сөзін сөйлей алмады. Оның есесінде Әзімбай
Лекерұлы өзінің шынайы сөзін әдебиет саласында айтып, еркінірек әрекет
етуден тайынбады. Ол өзінің “Абай және оның дәуірі” атты мақаласында
ұлы ақын шығармаларын теріс бағалаушыларға қарсы шықты. 1937
жылдың 15 маусымында ол ҚКП Орталық Комитеттің бюросына
“Төңкеріске дейінгі Қазақстан экономикасының очерктері” атты ғылыми
еңбегін жазып бітіру үшін бес айлық шығармашылық демалыс беруін
сұрап өтініш береді [21]. Алайда ол бұл еңбегін жарыққа шығарып
үлгермей, 1938 жылдың 26 ақпанында атылып кетті.
23
Мұрағаттық деректер қазақ әдебиеті “қай жылдары қандай ақын-
жазушылармен толықты” деген сауалға нақты жауап беруге мүмкіндік
береді. Қаламгерлердің әдебиетке келуін баспа түрінде (газет, журнал,
кітап бетінде) жарық көрген тырнақалды шығармасынан бастау алады деп
келісіп, жүйелейтін болсақ, онда қазақ әдебиетінің сан жағынан молығып-
толығуының тиянақты шежіресін жасауға болады.
Мысалы, 1917 жыл қазақ әдебиетіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезов
(1897-1961) келген жыл деп толық сеніммен айтуға тиіспіз. Мұхтар Әуезов
өзінің белгілі “Өз жайымнан мағлұмат” атты өмірбаянында ең алғашқы
баспаға шыққан статьям “Сарыарқа” газетінде 1917 жылы 5 қыркүйекте
жарияланған “Адамдық негізі – әйел” атты мақала деп көрсетіп келді.
Авторы “Семинарист Әуезов” деп көрсетілген бұл туындыны Тұрағұл
Абайұлы (1876-1934) екеуіміз жазып едік дейді. Анығында, мұнан жарты
жыл бұрын 1917 жылы отызыншы наурызда Көлбай мен Мәриям
Төгісовтардың Семейде шығарған “Алаш” газетінде Мұхтар Әуезов пен
Жүсіпбек Аймауытовтың “Қазақтың өзгеше мінездері” деген мақаласы
жарық көрген еді [22]. Жүсіпбек Аймауытов ақталмағандықтан бұл
тұңғыш еңбегі туралы Мұхтар Әуезов үндемей өтті. Ал Жүсіпбек
Аймауытовтың туындысы алғаш рет 1913 жылы “Қазақ” газетінде
басылғаны белгілі. 1917-1921 жылдары қазақ әдебиетіне Әбдірахман
Байділдин (1891-1931), Мәжит Дәулетбаев (1896-1938), Біләл Сүлеев
(1892-1937), Смағұл Сәдуақасов (1900-1933), Ғаббас Тоғжанов (1900-
1938), Ерғали Алдонғаров (1901-1930), Абдолла Байтасов (1901 – ө.ж.б.)
сынды қаламгерлер келді.
1922 жыл қазақтың кеңес әдебиетінің классигі, академик-жазушы
Сәбит Мұқановтың (1900-1973) әдебиет табалдырығын аттаған жылы
болды. Осы жылы 22 ақпанда “Еңбекші қазақ” газетінде Сәбит
Мұқановтың Мағжан Жұмабаевты мысқылдаған “Түсімде” деген
фельетоны басылды. “...Бұл фельетонның мазмұны”, - деп жазады жазушы
өзінің “Өмір мектебінде”, - Мағжан Жұмабаевтың байшылдық сырын
символикалық түрде әшкерелеуге арналды. Бұл менің баспасөзде
жарияланған бірінші “еңбегім еді” [23].
Сол 1922 жылы әдебиетке “Біздің де күніміз туды” атты повесімен
Абдолла Асылбеков (1896-1938), өлеңдері мен “Бидің жауыздығы” атты
әңгімесімен Елжас Бекенов (1892-1938) келді. 1923 жылы Шолпан
Иманбаева (1904-1926), Өтебай Тұрманжанов (1905-1983), 1924 жылы
Қадыр Тайшықов (1900-1937), Асқар Тоқмағамбетов (1905-1983), Жақан
Сыздықов (1901-1977), Иса Байзақовтың (1900-1946) өлеңдері алғаш
жарық көрді. 1925 жылы Қалмақан Әбдіқадыров (1901-1964), Ғабит
Мүсірепов (1902-1985), Мұсатай Ақынжанов (1905-1986), 1926 жылы
Ғабиден Мұстафин (1902-1985), Ғалым Малдыбаев (1902-1972), Сәду
Машақов (1906-1991), 1927 жылы Бейсенбай Кенжебаев (1904-1987),
Тайыр Жароковтың (1908-1965) еңбектері тұңғыш басылды.
24
Ұлттық әдебиет үшін әсіресе 1928 жыл табысты болды. Бұл
жылдары қаламгерлердің үлкен шоғыры көркем шығармаларын алғаш рет
жариялап, ақын-жазушылар қатарын толықтырғандарын паш етті. Дихан
Әбілев (1907 ж.т.), Қажым Жұмалиев (1907-1968), Ғали Орманов (1907-
1978), Әбділда Тәжібаев (1906 ж.т.), Қасым Тоғызақов (1910-1984),
Жұмағали Саин (1912-1961) есімдері газет-журналдар бетінде алғаш рет
аталды. 1929 жылы – Мәриям Хәкімжанова (1906-1991), Шахмет
Хұсайынов (1906-1972), Әлжаппар Әбішев (1907-2001), Әуелбек
Қоңыратбаев (1907-1937), Ғабдол Сланов (1911-1969), Саттар Ерубаев
(1914-1937) есімдері пайда болды. 1930 жылы Хамза Есенжанов, Зейін
Шашкин (1912-1966), 1931 жылы – Қасым Аманжолов (1911-1955),
Қалижан Бекхожин (1913-1990), 1932 жылы Белгібай Шалабаев, 1933
жылы Сейітжан Омаров (1907-1985), Мұхаметжан Қаратаев (1910-1995),
Есмағанбет Ысмайылов (1911-1966), 1934 жылы Әбу Сәрсенбаев (1905-
1995), Абдолла Жұмағалиев (1915-1943), 1935 жылы Асқар Лекеров (1912-
1964), 1936 жылы Хамит Ерғалиев (1916-1997), Қапан Сатыбалдин (1917-
1969), Зияш Қалауова (1921-1952), Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт,
1912-1945). 1938 жылы – Мұқан Иманжанов (1916-1958), Сырбай
Мәуленов (1922-1993), 1939 жылы Жұбан Молдағалиев (1920-1989),
Мұзафар Әлімбаев (1923 ж.т.) әдебиет табалдырығынан аттады. Соғыс
алдындағы жылдары әдебиетке Әди Шәріпов (1912-1993), Ілияс Омаров
(1912-1970), Баубек Бұлқышев (1916-1944), Сейділ Талжанов (1916-1972),
Хамза Абдуллин (1919 жылы), Сағынғали Сейітов (1917 ж.т.), Балтабай
Адамбаев (1919-1990) келді.
1927 жылы Сәбит Мұқанов құрастырып Ұлы Қазан төңкерісінің 40
жылдығына арналып “Ақындар шашуы” деген атпен қазақ ақындарының
өлеңдер жинағы жарық көрді. Жинақтың алғы сөзінде Сәбит Мұқанов
1927 ж. тамыз айында “Еңбекші қазақ” газетінде жарияланған
хабарландырудан соң жан-жақтан өлеңдер қардай жауып, өлең тасқыны
жыл аяғына дейін толастамағандығын жазды. Сәбит Мұқанов қолына
алғаш түскен 400 өлеңді сұрыптап (300-ден астам ақын жазған) аталған
жинақты аз уақыттың ішінде дайындап шығарды. Бұл оқиға қазақтың ақын
халық екендігін тағы да дәлелдеумен қатар, қазақ поэзиясының шексіз
мүмкіндігін, қазақ ақындарының сан жағынан азаймағандығын танытты.
Шығармашылық жолын ақындықтан бастаған, үш өлеңдер
жинағының авторы Есмағамбет Ысмайылов ақындық өнердің теориясы
мен практикасын қатар игеріп, ғалым ретінде зерттеуге кірісіп, үлкен
нәтижелерге жетті. Қазақ ақындарының шығармашылығындағы ұлттық
дәстүрлерді көп жылдар бойы зерттеп, докторлық диссертация жазып-
қорғаған ғалымның пікірлері бүгін де салмағын жоғалтқан жоқ.
Есмағамбет Ысмайылов қазақ ақыны өзінің шығармашылық жолында
міндетті түрде кезеңді (дәуірді) басынан кешіреді деп есептеді: 1)
әуестену, еліктеу, құмарлану (ақынның жастық шағы). 2) ақындық өнерді
25
үйрену, сынға түсу (ақынның өзіндік шығармашылық бетін ашу кезеңі); 3)
ашық айтысқа түсу, әр алуан тақырыптарға өлең-жырларды шығарып айту
(ақынның қалыптасу дәуірі); 4) тарихи кезеңнің, өз заманының күрделі
оқиғаларын, даңқты адамдарын желілі жыр-дастан дәрежесіне көтеріп
түйіндеп жырлау (ақынның кемеліне келу, шығармашылық гүлдену
кезеңі).
Айта кету керек, Есмағамбет Ысмайыловтан бұрын да, одан кейін де
ғалымдар мұндай жіктеуге барған емес. Жоғарыда келтірілген жіктеуін
түйіндей келіп, Есмағамбет Ысмайылов: “Бұрын қазақтың халық
ақындары әуестену, шығармашылық бетін ашу, қалыптасу кезеңдерін
өткізгенімен кемеліне келу, гүлдену дәуіріне жете алмады, көбіне еліктеу,
не ақындық шымылдығын сыпыру кезеңімен талантын тұншықтырып,
жоғалтып отырды, солардың ішінен ерекше бір таланттылары ғана
қалыптасу дәуіріне әзер жеткен” [24] деп пайымдайды.
1933 жылы “Лениншіл жас” газетінде (5 желтоқсан) “Қызыл ат”
және “Социалистік реализм" атты Мұхаметжан Қаратаевтың (1910-1995)
мақаласы жарияланды. Бұл – көп жылдар бойы қазақ әдебиетінің бас
сыншысы ретінде жетекші рөл атқарған, болашақ сыншы-академиктің
тұңғыш жарық көрген дүниесі еді. Мұхаметжан Қаратаевтың әдебиетке
келуі, замандастары мен кейінгі зерттеушілердің жазуы бойынша, қазақ
әдебиетіне еуропалық үлгідегі жоғары білімді әрі өте дарынды жас
ұрпақтың келгенін паш етті. Бұл ұрпақ өкілдерінің бойында шынайы
біліктілік, кәсіпқой-мамандарға тән іргелі теориялық дайындық, сөзге
шеберлік, жаңашылдық, жоғары талапкершілік сынды игі қасиеттер
молынан көрінді. Қазақ әдебиетінің жиырмасыншы ғасырдағы көрнекті
ақын-жазушыларының ішінде Мұхаметжан Қаратаев пікір айтпағаны жоқ
десе де болады. Ол әрбір қаламгердің әдебиет тарихында алатын орны,
шығармашылық ерекшеліктері, үлкенді-кішілі жеке туындылары жөнінде
өзіндік ой-тұжырымдарын айтты. Алайда жаңа қарқындап өсіп келе
жатқан дарын иесі саяси айыпкер атанып, Сібірге айдалып кетті.
Осы ұрпақтың келесі бір көрнекті сыншысы Есмағамбет Ысмайылов
(1911-1966) та әдеби сынға мол біліммен келген маман болды. Қаламгерлік
жолын ақындықтан бастап, әдебиеттің алғы шебіне шыққан Есмағамбет
Ысмайылов үш-төрт жылдың ішінде өзін білімді сыншы ретінде таныта
білді. Ол сыншылықпен қатар әдебиет теориясының байсалды зерттеушісі,
қазақ әдебиетінің, фольклоры мен поэзиясының білгір тарихшысы болды.
Есмағамбет Ысмайыловтың сын-ескертпелері Сәбит Мұқановтың
“Жұмбақ жалау”, “Ботакөз” романын қайта өңдеп жазуына үлкен әсер етті
[25]. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әйтіке (Айтмұхамед)
Мусин (1899-1938) әдебиет сыншысы ретінде көркем шығармаларды
бағалауда жазушылардың таптық шығу тегімен байланыстырылуына,
саяси бағытты ашу – сынның басты міндеті етілуіне өз үлесін қосты.
Пролетариат әдебиетін тек таза пролетариат жазушылар ғана жасай алады,
26
біздің кедей шаруадан шыққан қаламгерлеріміздің көбінің бұған өресі
жетпей жүр дей келе ол: “ең алдымен біздің тексеретін мәселеміз кімнің
қандай жазушы екендігі... жазушы әдет, салт-сана, әдет-ғұрып тұрғысында
пролетариат болып тууы бірінші шарт” [24] деп жазды.
Соғысқа дейінгі кеңестік әдебиет сынының ең басты ерекшелігі –
қандай болмасын әдеби шығармадан алдымен саяси астар ізделуінде
болды. Бұл кездегі сынды көп жағдайда әдебиеттің жанры деп атаудың өзі
қиынға түседі. Сыншылар мәдениетті әдебиетші болудан гөрі партияның
идеологиялық жауынгері болуды көбірек көксегенге ұқсайды. Бұл
тұрғыдан алғанда кейбір сыншыларды шығармашылық интеллигенция
өкілдері деудің орнына, Коммунистік партияның саясаткер-идеологтері
партаппараттың функционерлері деп атау ыңғайлырақ көрінеді.
Әдебиеттегі ұлтшылдықтың ең үлкен өкілі ретінде Мағжан
Жұмабаев әсіре қызыл сынның ыңғайлы нысанасына айналдырылды.
Мәскеуде 1924 жылы 24 қарашасында, Орынборда сол жылғы
желтоқсанда коммунистердің әдейі ұйымдастырған әдеби кештерінде
Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы мейлінше кемсітіліп, өзі саяси жау етіп
көрсетілді. Байшылдыққа тойтарыс беру желеуімен Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып Дулатовтың әрбір шығармасы баспадан шыққан бойда әдеби
сыннан гөрі прокурордың айыптау үкіміне көбірек ұқсайтын мақалаларға
жем етілді.
Мағжан Жұмабаевқа жасалған шабуыл – алашордашыл, ұлтшыл,
байшыл делінген. Ахмет Байтұрсынов бастаған, осы уақытқа дейін қазақ
әдебиеті мен мәдениетінде жетекші рөл атқарған тұлғаларға қарсы
бағытталды. Жиырмасыншы жылдардың алғашқы жартысынан отызыншы
жылдарға дейін (Л.И. Мирзоянға дейін) ұласқан әдеби – идеологиялық
айтыс-тартыс бірде саябырлап, бірде өршіп отырды. Бұл айтыстардың
түпкі мақсаты – төңкеріске дейін қаламгерлер ретінде танылған алаш
интеллигенциясын әдеби кеңістіктен ығыстырып шығарып, олардың
орнын пролетар ақын-жазушыларға алып беру еді.
Партия комитеттері зиялылар тағдырын шешуге өз мүдделерін ғана
көздеп, жеке қаламгердің пікірімен есептеспей, оларды бір орнынан
екіншісіне ауыстыру жөнінде оңды-солды шешімдерді тоғытып
қабылдаумен болды. Мысалы, БК(б)П Қазақ өлкеком хатшылығы 1927
жылы 18 тамызда өзінің 13 шілдедегі Сәбит Мұқановты Мәскеудегі
КомВУЗ-ға оқуға жіберу туралы шешімінің күшін жойып, оны “Қызыл
Қазақстан” журналының жауапты хатшысы етіп тағайындап, әрі “Еңбекші
қазақта” партия жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметін қоса атқаруды
жүктеді. Ал 24 тамызда әлгі қызметтердің үстіне оны Қазақ мемлекеттік
баспасының бөлім бастығы міндетін атқаруға міндеттеді [25]. Бұл, бір
жағынан пролетариат жазушысы ретінде Сәбит Мұқановқа партия
басшылығы тарапынан көрсетілген үлкен сенімнің көрінісі болса, екінші
жағынан өзіне берілген қаламгерді аяусыз пайдаланғандығын көрсетеді.
27
Сонымен бірге Сәбит Мұқановты газет, журнал мен баспадағы жауапты
орындарға отырғызу алашордашыл мен ұлтшылдар аталған
шығармашылық интеллигенция өкілдерінің туындыларын жарыққа
шығармаудың да амалы болды.
БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің V пленумы (1929 ж. желтоқсан)
әміршілдік жолмен “Қазақта пролетариат әдебиеті бар” деп, Сәкен
Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ғаббас Тоғжанов сынды қаламгерлерді жеңіс
тұғырына отырғызып, бұл турасындағы таласты КазАПП-тың жеңісімен
тоқтатуды көздеген қаулы қабылдады. КазАПП қызметінің басты мазмұны
– пролетарлық кеңестік жас жазушылардың шығармашылық жағынан
өсуіне барлық қажетті жағдайды жасау, олардың әдебиет майданында
толық жеңіске жетуіне қолдау көрсету, – делінді [26]. Алайда бұл тұстағы
пролетар ақыны, кедей-жұмысшы жазушысы делінгендер өздерінің
шығармаларының мазмұнымен емес, көбіне шыққан тегіне қарай осылай
аталғандығын көреміз және де Ф.И. Голощекин мен оның жандайшаптары
қазақ зиялыларын жік-жікке бөліп, біріне-бірін айдап салу саясаты осы
арада мейлінше айқын көрініс берді.
Мұрағаттық деректер партия басшылығының шығармашылық
интеллигенция өкілдеріне өздерінің негізгі шаруасы – шығармашылықпен
айналысуына мүмкіндік те, уақыт та бермеуді мақсат тұтқан ба деген ойға
жетелейді. Бұл оларды жасытуға бағытталған көп қысымның бір түрі
болды: ақын-жазушылар, ғалымдар, баспасөз қызметкерлері партия және
кеңестік басшы орындарының саяси немесе шаруашылық сипаттағы
тапсырмаларын орындауға жиі жегіліп отырды. Шығармашылық істерден
ауылы тым алшақ жататын көп-көп уақыты мен күш-қайратын жұмсауға
мәжбүр етілді. Өз еріктерінен тыс “партия, кеңес, шаруашылық активі” деп
аталғандардың санаты егіс науқаны, астық жинау, мал санағы, колхоз-
совхоз ұйымдастыру сияқты бітпейтін шаруаларға қатыстырылуы –
Коммунистік партияның шығармашылық интеллигенцияны өзінің
айдауында жүретін басыбайлы құлы етпекші болған ниетін айнытпай
танытады.
Ескі интеллигенция өкілдері оқу-ағарту, баспасөз орындарынан
қуылып қана қоймай, олардың шығармаларының жарық көруіне жасанды
тосқауылдар қойылды. 1927 жылы 27 ақпанда БК(б)П Қазөлкеком
хатшылары баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ғаббас Тоғжановтың “Жаңа
мектеп” журналының жұмысы туралы есебін тыңдап, “отметить
недостаточную политическую выдержанность журнала, выражающейся в
помещений дискуссционных статей националистов в общередакционном
порядке, без примечаний и комментариев редакции”, “…отсутствие статей
на антирелигиозные темы” [27] деген сынды қаулылар қабылдады. Журнал
редакциясының құрамы жаңартылып, оған Молдағали Жолдыбаев, Телжан
Шонанов, Әбдірахман Байділдин бекітілді. Сол жылы 8 тамызда редакция
мәселесі қайта көтеріліп, оның құрамы 3 адамнан
28
5 адамға ұлғайтылып, журналдың жауапты редакторы етіп Иса Тоқтабаев,
мүшелері болып Темірбек Жүргенев, Молдағали Жолдыбаев, Телжан
Шонанов, Ұ. Құлымбетов тағайындалды. Алайда, бұл шаралар – журнал
есебін жиі бюрода немесе хатшылықта қарау, редакция құрамын сілкілеп,
мезгіл сайын ауыстырып тұру діттеген мақсаттарына жету үшін
жеткіліксіз саналғанға ұқсайды.
Әдеби айтыстар, идеологиялық шабуыл, қызметтен ығыстыру
түрінде жасалған қысым (1929-1930) жылдары партия органдары мен
ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілдігінің бастамасымен ескі интеллигенцияны
тұтқындауға ұласты. Қазақ қаламгерлерінен Ахмет Байтұрсынов (1873-
1938), Жұмағали Тілеулин (1881-1937), Халел Досмұхамедов (1883-1939),
Міржақып Дулатов (1885-1935), Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931),
Әбдірахман Байділдин (1891-1931), Біләл Сүлеев (1892-1937), Мағжан
Жұмабаев (1893-1938), Хайретдин Болғанбаев (1893-1937), Ғазымбек
Бірімжанов (1896-1938), Қошке Кемеңгеров (1896-1937), Ахметсапа
Жүсіпов (1896-1931), Абдолла Байтасов (1901-1938) т.б. қамауға алынды.
Бұл бүкіл қазақ интеллигенциясына қарсы жасалған саяси қуғын-сүргіннің
алғашқы толқыны болды.
Қазақ зиялыларын ашық түрде қуғынға салу, идеологиялық
сипаттағы жаппай айыптау саясаты Сәкен Сейфуллинді “Еңбекші қазақ”
газеті мен “Қызыл Қазақстан” журналына “Менің қаталарым туралы” атты
ашық хат жазуға мәжбүр етті [28]. Бұл хат уақыт өткен сайын өрши түскен
өзара сынның үстіне ақын-жазушылардың өздерін-өздері табалау
науқанын бастап берді. Сәбит Мұқановтың “Менің қатем қандай” [29]
мақаласында жазғаны “Жаздым жаңылдым, енді түзелемін” дегенге саяды.
Саяси айыптаулардың алдын алмақ ойменен Ілияс Жансүгіров те өзінің
“қателерін” мойындап жазды [30]. Сәбит Мұқанов 1928 жылы жазған
“Сұлушаш” поэмасында жіберілген ақаулықтарды мойындаса, Ілияс
Жансүгіров сонау 1921 жылы “Жас алаш” газетінде басылған “Жас
замандастарға” деген мақаласы мен “Жалпы жасқа” атты өлеңін “Менің
сол кездегі теріс пікірім” екені былай тұрсын, қара надандығымның бір
үлгісі еді дейді. Байшылдыққа ұрынған кездерім болды, кейде үмітсіздікке
жол бердім, кейде социалистік өмірдің жақсы жағын көре алмадым деп
мойындады. Сол жылғы жазда 1932 жылдың 10 маусымында “Социалды
Қазақстан” мен “Казахстанская правда” газетінде абақтыдан жаңа босап
шыққан Мұхтар Әуезовтің ашық хаты да шарасыздықтан туған амал еді.
Голощекин кезінде қуғынға ұшыратылған ақын-жазушылар Л.И.Мирзоян
тұсында да қудаланады.
Халық бар жерде өнер мен әдебиет бар. Өнер мен әдебиет – жеке
тұлғалардың шығармашылық еңбегінің жемісі. Ендеше, ең ежелгі
дәуірлерден басталатын қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихы белгілі
мөлшерде қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы да
болып табылады. Көне түріктер заманынан бастау алатын ауыз әдебиеті
29
(фольклор) мен қазақ хандығы дәуірінен бергі жазба әдебиет өкілдері,
халық пен бірге жасаған ақын-жыраулар, күйші-сазгерлер қазақтың
шығармашылық интеллигенциясының туу және қалыптасу тарихын әріден
бастау керектігін айқын көрсетеді.
Өнер – қазақ халқының рухани өмірінің үлкен саласы. Қазақ елі
өзінің өнерсүйгіштігімен ерекшеленеді. Ғасырдан ғасырға ұласқан ұлттық
өнердегі ізгі дәстүрлер жиырмасыншы ғасырда өзінің жалғасын тапты.
1917-1941 жылдардағы қоғамдық өмірдегі күрт өзгерістер ұлттық өнердің
түр-сипатына оң және теріс әсерлерін тигізді.
Шығармашылық интеллигенцияның үлкен бір тобын күйшілер
құрайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша өнертанушылар қазақтың
күйшілерін екі топқа бөліп қарайды. Біріншісі – сазгер (композитор)
күйшілер, бұлар күйдің авторы әрі өзі орындаушылар. Бұл топқа халық
композиторларын, қазақтың кеңестік дәуірдегі және біздің заманымыздағы
сазгерлердің көбін жатқызуға болады: Тәттімбет (1815-1862), Құрманғазы
(1818-1889), Дәулеткерей (1820-1887), Ықылас (1843-1916), Дина (1861-
1955), Сейтек Оразалыұлы (1861-1933), Сүгір Әлиұлы (1882-1961), Ахмет
Жұбанов (1906-1968) т.б. Екіншілері – күйші-орындаушылар, кейде
домбырашы, қобызшы, сыбызғышы деп те атала беріледі: Науша
Бөкейханов (1870-1944), Лұқпан Мұқитов (1894-1957), Әбікен Хасенов
(1897-1958), Оқап Қабиғожин (1901-1942), Мағауия Хамзин (1927 ж.т.) т.б.
Бұлардың қайсы болсын әдетте аса білікті музыкант, бір немесе бірнеше
музыка жанрында еңбек ететін өнерпаз болды.
Алғашқы күйші деп Қорқытты алатын болсақ, қазақ күйшілерінің
ата шежіресі он ғасырдан астам уақыт кеңістігін алып жатыр.
Жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген күйшілеріміз халықтың көп ғасырлық
музыкалық дәстүрлерін жалғастырушы, дамытып–жетілдіруші қызметін
атқарды. Біздің зерттеген уақыт ішінде соғысқа дейінгі жылдары аталған
екі топтың сан жағынан көбірегі екіншілері болды. Нақты сандық
көрсеткіштерді келтірудің қиыншылығы себепті шығармашылық
интеллигенцияның осы тобының үлес салмағын дәлірек атау мүмкін
болғанымен, жанама деректермен салыстыра салмақтағанда күйшілердің
қазақ қоғамында ақындар мен әншілерден кейінгі үшінші орынды алып
келгендігі айқын.
Күйшілерді іштей саралай түскенде бірталай өзгешеліктері бар
топтардың болғандығын аңғару қиын емес. Ең алдымен, өзгелерден
домбырашылардың көптігі. Олардың дені ауыл-аймақ аумағындағы
өнерпаздар болды. Тойларда, жәрмеңкелерде жұрттың көңілін аулайтын
немесе сал, серілік құрып ел аралайтын өнерпаздардың біліктілігі кейде
өте жоғары, ұлттық деңгейде бағалануға лайықты еді. Дегенмен бұл екі
топтағылар да аспапта орындаушылар болғандықтан, шын жүйріктер
композиторлар болды. Олар алдыңғылардың арасынан шығып, туа бітті
табиғи қабілеттерін аша алған өнер иелері еді. Сазгерлер алғырлығы мен
30
зеректігі арқасында музыкалық аспапты жете меңгеріп, үлкен
шығармашылық қуат танытып, еңбегі күрделеніп, бір сатыдан екіншісіне
жоғарылап, үнемі жетіле түсетін өнерпаз болып көрінеді. Қазақтың музыка
мамандарының өсіп-жетілуіне, шеберлігінің шыңдалуына отбасы мен
өскен ортасының шешуші әсері болды. Арнайы оқу орындарында
музыкалық білім алған қазақтар отызыншы жылдардың екінші
жартысында ғана пайда болды.
Қазақтың музыка өнерінің саңлақтары Қазақстанның батыс
өңірлерінен көп шықты. Бұл күйші, сазгерлер әрқайсысы үлкен мектеп
болған Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл (1820-1892), Сармалай (1835-
1885), Мұқиттың (1841-1918) шәкірттері еді. Аты аңызға айналған Сейтек
Оразалыұлының төкпе күйлері терең мазмұнды, жігерге қосатын, ой-
санаға қозғау салатын шығармалар болды. Еркіндік пен әділдік жолында
алысып өткен Сейтек талай рет абақтыға жабылып, Сібірге жер
аударылды. Бұл оның шығармашылығына да ерекше күрескерлік сипат
берді. Композитордың “Заман-ай” күйі оның шығармашылық биік шыңы
деп бағаланды. Кейін сазгер Ғазиза Жұбанова Сейтектің осы күйін
“Батырлық” атты симфониясына енгізді.
Кеңес дәуіріндегі ақын-композиторларды ежелгі сал-серілердің
ізбасарлары, жаңа замандағы көзі, әлеуметтік төңкерістер нәтижесіндегі
үлкен өзгерістерге ұшырап, түрленген ұрпағы деп қараған жөн. Зерттеу
барысында қолданылатын тарихи сабақтастық әдісі олардың табиғатын
дұрыс түсінуге септігін тигізді. Бұрынғы және Кеңестік кезеңде өмір
сүрген әнші-ақындардың шығармашылығын алғаш рет терең зерттеген
академик Ахмет Жұбановтың жоғарыда аталған ғылыми әдістемеге
негізделген туындыларының ұлттық шығармашылық интеллигенциясының
осы бөлігінің қызметін айқындауға тигізетін көмегі зор.
Ахмет Жұбанов ақын-композиторлардың классикалық тұлғалары –
сал мен серілердің тарихи мәдени рөлін ашып көрсетудегі ізденістерін
Біржан сал мен Ақан серіні сипаттаудан бастады. Ол Біржан салды үлгі
етіп, сал ел еркесі, оның негізгі өнері тыңдаушысының мейірін
қандыратын ән орындаушылығы; сал – әннің сәнін келтіруші, әнді тарих,
өмір деп білген, қуатты күш-құрал ретінде орынды қолдана білген,
халқына қызмет етудің жолы – қазақ өнерін өрге көтеру деп түсінген
мәдениет қайраткері етіп көрсетті. Біржан сал, Ахмет Жұбановтың
суреттеуінде – дарынды композитор, “Аспандағы аққуға даусын қосқан”
әнші, жалынды ақын – яғни үш асыл қасиеттің бір адам бойындағы
жиынтығы. Ал Ақан сері туралы Ахмет Жұбанов оны Біржан салдың
ақындық мектебінің ерен өкілі, театры жоқ заманның артисі, теңдессіз
ақын әрі әнші дей келіп: “Ақан екі бірдей өнерді қолға ұстаған адам..,
ақындығынан гөрі әншілгі әлдеқайда басым болды” [31] деп жазды (1942
ж.).
31
Халық ақындарын алғаш рет жеке топтарға бөліп жіктеген ғалым
Есмағамбет Ысмайылов әнші ақындарды өзгелерден (ақын импровизатор,
жырау, жыршы, өлеңші) жеке зерттеді. Ол Ахмет Жұбановтың сал-серілер
туралы ғылыми теориясын алға дамытты. Халық өнерпаздарының
шығармашылық тағдырын нақтылай түсіп, олардың синкрестикалық
сипатын айрықша атап көрсетті. “Қазақтың әнші ақындары, сал, серілері, -
деп жазды ол, - искусствоның тұтастық қасиетін бойына жинаған адамдар.
Бұлардың көркем өнерінде көне заманның тұтастық (синкретизм) элементі
күшті. Ән-күй, өлең, би әуелінде бөлінбей тұтас искусство түрінде
жасалғандығы туралы ғылымдық қағида қазақтың сал, сері, ақындарының
өнер тәжірибесінде де толық дәлелденеді” [32].
Әнші-ақын, ақын-композиторлардың өнердегі қызметіне
байланысты тарихи шындықты Ахмет Жұбанов пен Есмағамбет
Ысмайыловтан кейін Ақселеу Сейдімбек тұжырымдап жазып,
замандастарымыздың түсінігін дұрыс арнаға салды. Қазақтың әнші-
ақындарының әмбебаптық, көпқырлылық қасиетін айта келіп, әнші
ақындар жай ғана өлең айтушылар емес, домбырашылар, басқа аспаптарда
ойнаушылар әрі сүйемелдеушілер, өлеңнің сөзін шығарушы ақындар әрі
оны әуенге салушы композиторлар, “Бұрынғы арқалы” ақындардың
бәрінің де өзіндік ән сарындары болған. Олар өз өлеңдерін осы күнгі жазба
ақындар сияқты әнсіз оқымаған. Белгілі бір әнге, сазға, мақамға салып
айтқан [33] деп, тіпті ақындар айтысы музыкалық сарынмен үйлестіріле
жүргізілгендігіне көңіл бөледі.
Байыпты зерттеуші Ақселеу Сейдімбековтің бұл сөздерін
жиырмасыншы-отызыншы жылдары өмір сүрген халық ақындарының
шығармашылығы дәлелдейді. Ежелгі ақындық, дәстүрлердің аса ірі
өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен тұлғаларын қолындағы домбырасыз
көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Нәзік жанды ақындар саз өнеріне өте
жақын еді, домбыра ақынның жан серігі, шабыт көзі болды.
“Домбыраны қолыма, он жасымнан алғанмын, дәл жетпіске
келгенше, күй тартудан танбадым” - деп жырлаған Жамбылдың күйшілік,
сазгерлік өнері туралы деректер көп кездеседі. Кенен Әзірбаевті,
Сапарғали Бегалин, Әбділда Тәжібаев және т.б. замандастары Жамбыл
Жабаевты қазақ, қырғыз күйлерін көп білгендігін жазса, композитор
Нұрғиса Тілендиев “Қасиетті домбыра” атты естелігінде Жамбылдың өзі
шығарған “Ұран”, “Ой, дүние-ай” күйлерін автордың орындауында
естігенін жазып қалдырды [34]. Және де қаза болған баласын жоқтаған
“Алғадай! әні Жамбыл шығарған жалғыз ән болмаса керек.
Кеңес дәуірінде, әсіресе соғысқа дейінгі жылдары қызмет еткен
әнші-ақын, ақын-композиторлардың негізгі бөлігінің шығармашылығы
төңкеріске дейінгі мезгілде басталды. Мұны Жаяу Мұса (1835-1929), Үкілі
Ыбырай (1860-1930), Балуан Шолақ (1864-1919), Шашубай Қошқарбайұлы
(1865-1952), Әсет Найманбайұлы (1867-1923), Естай Берікбайұлы (1868-
32
1946), Мәди Бапиұлы (1880-1921), Кенен Әзірбаев (1884-1896), Нартай
Бекежанов (1890-1954), Майра Уәлиқызы (1896-1929), Иса Байзақов (1900-
1946), Ғазиз Файзоллаұлының (т.ж.б. - 1930) т.б. шығармашылық қызмет
айқын аңғартады. Есімдері аталған өнер қайраткерлері әлеуметтік
төңкерістерге қарамастан әдебиет пен өнердегі дәстүрлердің
жалғасуының, ұрпақ сабақтастығының тірі куәсі болды. Олардың бәрін
кеңес дәуірінің сал-серілері деп атау артығырақ болғанымен, кейбірі,
мысалы Шашубай, Естай, Нартай, Иса Байзақов дәстүрлері сал-сері
типіндегі ақын-композиторлар немесе сал-серілердің соңғы өкілдері деуге
әбден келеді. Есмағамбет Ысмайылов Естайды сал, Кененді сері деп атаса,
Ақселеу Сейдімбек те Кененді алдымен ақын деп санайтын ескі
стереотипті бұзып “Жетісудың әншілік мектебінен Кененнен ірі тұлғаны
табу қиын” [35] деп, оның серілік қасиеттерін айрықша атады.
Отызыншы жылдары ұлттық шығармашылық интеллигенциясының
жаңа тобы – алғашқы қазақ кино қызметкерлері мен актерлері пайда
болды. Ұлттық киноның негізін қалаушылардың бірі әрі оның тұңғыш
тарихшысы Қабыш Сиранов қазақ киноөнерінің даму тарихын 1928
жылдан бастап, 1965 жылға дейінгі уақыт арасын төрт кезеңге бөледі.
Бірінші кезеңде (1928-1937) қазақ киносының іргетасы қаланды, екінші
кезеңде (1938-1945) қазақтың ұлттық киносы қалыптасты, ал үшіншісінде
(1946-1952) – тоқырау үрдісіне ұшыраса, 1953 жылдан бастау алатын
төртінші кезеңнен бергі уақытта қазақ киносы жан-жақты өркендеу
жолына берік түсті [36] деп түйіндеді.
Қабыш Сиранов қазақ киносының даму кезеңдерін белгілегенде
ұлттық кино қызметкерлерінің қалыптасу барысын жалпы кино ісінің ішкі
мәселесі ретінде қарастырды, киномен алғаш айналысқан шығармашыл
адамдарды жеке бөліп - жарып қарамайды. Заман талабы, методологиялық
тұрғыдан алғанда Қабыш Сиранов әбден дұрыс істеген. Алайда, бүгінгі
уақыт биігінен (Қабыш Сирановтың негізгі зерттеу еңбектері 1950-1960
жылдары жазылды [37]. 1964 жылы ВГИК-те “Советтік Қазақстанның
киноөнері. Қалыптасу және өсу жылдары” атты тақырыпта кандидаттық
диссертация қорғап, кино саласындағы тұңғыш қазақ ғалымы болды)
сараптағанда бұл зерттеулер бізді қанағаттандыра алмайды. Қабыш
Сиранов сияқты біз де ұлттық кино қызметкерлерінің тағдыры мен
шығармашылығын қазақ киносының тарихынан бөліп қарай алмаймыз.
Дегенмен, ұлттық киноның шежіресіне ең алдымен осы өнерді қазақ
топырағында бастаған адамдардың сан және сапа (теориялық білім,
шеберлік) жағынан өсіп-өркендеуі тұрғысынан, яғни екінші сөзбен
айтқанда, өнердің осы саласында еңбек еткен шығармашылық
интеллигенцияның тарихын бірінші кезекте қарап, осы тұрғыдан
республикадағы жалпы кино өнерінің дамуын бағамдайтын болсақ,
біршама өзгеше көріністерді аңғарамыз. Біздіңше, соғысқа дейінгі кезең
(1928-1941) қазақ кино қызметкерлерінің пайда болып, қалыптасу уақыты
33
болса, екінші кезең (1941-1959) қазақ киногерлерінің қалыптасу үрдісінің
жалғасуымен қатар өсу қарқыны тездетілген уақыт (бұл Қабыш Сиранов
көрсеткен 5-6 жылдық тоқырау белгілеріне қайшы келмесе керек-ті).
Үшінші кезеңде (1960-1991) қазақ өнерпаздары кино өнерін әлемдік
дәрежеде меңгеруімен бірге оның ұлттық сипатын асқар биікке шығарды
(қазақ киносының шыңы – “Қыз Жібек” көркемсуретті фильмі 1971 жылы
түсірілді). Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алған жылдары өз
дамуының кезекті кезеңіне кірген қазақ киношеберлері өркениет,
ғаламдастыру, жоғары технологиялар заманының талаптарына сай жаңа
құндылықтарды игере бастады.
Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының өсу жолы ұрпақтар
жалғастығы, ұлттық дәстүрлердің сабақталуы мен жаңашылдық
үрдістердің өзара байланысының көрінісі болды. Жиырмасыншы-
отызыншы жылдары қызмет атқарған қазақтың шығармашылық
интеллигенциясы ұлтымыздың мәдени мұрасын өзіне дейінгі ұрпақ –
Алаш зиялыларынан қабылдап, заман талаптарына сәйкес пайдаланып,
шығармашылық интеллигенция қатарына қырқыншы жылдары келген
буынға табыс етті. Сөйтіп, өзінің тарих алдындағы парызын адал өтеуге
күш салды.
Соғысқа дейінгі қазақтың шығармашылық интеллигенциясы ұлт
тарихындағы аса бір қиын, ауыртпалықтар заманында өмір сүруі оның
өсіп-өркендеуін қатты тежеді. Саяси тұрғыдан алғанда жиырмасыншы
жылдарға дейін біртұтас болып келген ұлттық интеллигенция Қазан
төңкерісінен кейін ажырап-бөлінуі, Мәскеуге тәуелділігінің арта түсуі, сан
жағынан ендігі уақытта тек қана жұмысшы мен шаруа таптары арқылы
өсуге мәжбүр етілуі үлкен кедергі келтірді. Большевиктердің
ұлтсыздандыру саясатының нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамының
мәдени өмірінде үлкен орын алған сал-серілер, айтыс ақындары, ғасырлар
бойы қалыптасып – ақталған ауыз әдебиетін алға бастырушы халық
ақындарының саны азаюға бет алды. Сонымен қатар, қазақтың жоғары
білімді, білікті әрі шебер шығармашы мамандардың жаңа топтарының
дүниеге келу үрдісі көрініс тапты.
34
|