Көшедегі майдан
Екі ағайын балаларының арасындағы бақталастық, уақыт өте келе, екі үй
арасындағы жиі–жиі болып тұратын жанжалдарға ұласты. Үйаралық
қақтығыстарға осы жолдардың авторы да еріксіз қатысатын. Жанжалдасу
үйреншікті əдетке айналғандығы соншалық, төбелесу үшін екі үй де
болмашы бір ілік іздеп отыратын. Мысалға, Орынғалидің үйінде бір
жақсылық бола қалса, оған атам Кəкенді де, оның бала–шағасын да əдейі
шақырмайды. Бірақ, оларға естірту үшін, көшені басына көтеріп, хабарлап
жүреді. Кəкеннің балалары мен өзіне керегі де сол. Той–томалақ, кішігірім
ас беру біздің үйде салтанатты түрде төбелеспен ашылатын.
Есімде қалғанын айта отырайын. Құдайдың бір шуақты күні, біз Жалын
деген ағамның баласын сүндетке отырғызатын болдық. Атам маған арнайы
тапсырма берді. Мен міндетім – бұл қуанышты бөлісу үшін Кəкеннің
көршісі Нүрзилəні қонаққа шақыру. Қонаққа шақырып тұрғандығымды
бірақ ауласында құлағы үнемі түрік отыратын Кəкен апамыз естуі шарт.
Сонымен мен Нүрзилəнің үйіне тартам. Нүрзилəнің құлағы естімейтіндігін
пайдаланып, үйіне кірмей, көшеден былай айқайлаймын:
- Апа, бүгін біздің үйде сүндет той. Атам сізге ішінде болсын деп шақырып
жатыр!
- Əəəə, рахмет, шырағым. Сағат нешеде?
- Сағат үште апа, ү–ш–т–т–е, – деп дауысымды соза түсем.
Кəкеннің мені бақылап, тын тындап тұрғандығын байқай сала:
- Апа, ұмытып кетпеңіз, шалдың кенже ұлының баласын сүндетке
отырғызамыз. Той болады, той! Келіңіз! – деп одан бетер айқайлаймын.
- Ə, рахмет, жарығым барам, барам, – деп бізге аса сыйлы да емес
қонағымыз мəз–мəйрам боп қалады.
Нүрзилəның біздің үйдегі қуаныштарға қатысу бақыты оның Кəкеннің
көршісі болғандығынан ғана бұйыратын. Өзі де неге мені соңғы кезде
сонша құрметтеп, əспеттеп қалды деп таң–тамаша болу керек.
Үйге жетісімен атама баяндама жасаймын. Атам:
– Əлгі Кəкен естіді ме?
– Естіді, ата!
– Жарайсың, сабазым!
– Нешеде деп айттың керең кемпірге (Нүрзилə ғой!)?
– Сағат үште.
– Ағаларыңды жина, төбелеске сағат екі жарымда дайын болайық...
Біздің осындай бұйрықтарға етіміз үйреніп кеткен. Əркім өзінің қару–
жарағын дайындап, қора жақта айқайлап, арқасы қозып, аруақтанып
жүреді. Атам бізді сағат екіден он бес минөт өткен кезде, штабтың соңғы
жиналысына шақырады.
– Өткендегідей ұйықтап тұрмай, осы жолы қимылдап қалындар! Айдарбек
орыныңды білесің ғой? Саған таяқ өтпейтінін бəрі біледі, қайта–қайта ана
нəзік Болатқа жүгіре бермей, Мұратты ал өзіңе. Ұқтың ба?
– Құп болады!
– Əй, Асқар, сен осы жолы Асхатпен төбелесесін. Бірден барып, қолындағы
шынжырмен иықтан салып жібер, сосын ары қарай төбелес барысында
көре жатарсың.
– Жақсы, əке!
– Акош, тас жинап қойдың ба?
– Ия, ата!
– Өткен жолғыдай ағаларыңа тиіп кетпесін, дəлдеп ататын бол.
Күмəндансаң, жақындап кеп лақтыр тасты. Аяқтан атуға тырыс. Көзіне
тиіп кетіп, ағызып алсаң, сотталасың!
– Құп болады, генерал!
– Мен өзім ана иттердің əке–шешелерімен айқасам, əлім жетпей жатса,
жан–жаққа бытырамай көмектесіндер маған!
Бұл біздің соғыс стратегиясы мен тактикамызды соңғы рет саралап алатын
кəдімгі əскери кеңесіміз. Бұл жерде атам төбелесудің кейбір іс–қимылын,
айла–əрекеттерін, біреуді мысалға алып отырып көрсететіні тағы бар.
Кеңес аяқталған соң, біздің қару–жарағымызды тексеріп алып, атам «жау»
келгенше терлеп–тепшіп шəй ішуге кетеді. Мен көрші баланы
барлаушылыққа алғам, соның хабарын күтуге көшеге шығам.
Бір кезде шортигінің екі балағы желбіреп, мұрыны делдиіп, айдарынан жел
есіп барлаушым жүгіріп келе жатады. «Аналар үйінен шықты! Келе жатыр!
Дайындалыңдар!» – деп ентіге келіп, қуанышын жасыра алмай хабарлайды.
Балаға қызық керек, біз болсақ таяқ жейміз.
Барлаушының хабарын мен біздің қолбасшыға баяндауға жүгірем. Осы
сəтте көршілеріміз ішкен асын жерге қойып, шаруасын тастап, қызықты
тамашалауға көшеге шыға бастайды. Бұл жағдай атам үшін үлкен абырой
екенін осы жерде қыстыра айта кеткеніміз жөн.
Екі көшенің ортасында тау болып, көң үйіліп жататын. Сол таудай
үйіндінің ар жағынан бір заматта жаудың жер қайыстыратын қолы көрінеді.
Үйіндіден сырғи түсіп, алдыңғы шепте қаздиған күйі қолды бастап апамыз
Кəкен келе жатады. Қасындағысы тумысынан жуастау болса да
жастайынан төбелеспен еті қатайған үлкен жездеміз Төлеуғали. Олардың
артынан үйіндінің шыңынан төбелес десе делебесі қозатын, бес қаруын
бойына асынған жауынгер ұлдары түсе бастайды.
Біз бұл уақытта көшеге шығып ап, ұрысқа сақадай сай дайын тұрамыз.
Төбелес əдетте, Кəкеннің өзгермейтін айқайынан басталатын.
– Бізді неге тойыңа шақырмайсың–ей, қу қақпас? Менен басқа кімің бар
еді–ей сенің, ə?! Əлгі сүндетке отырғызайын деп жатқан оңбаған
немереңнің қызығын көрмей кет, көрмей кеткір!
– Той өзімдікі, шақырсам да, шақырмасам да өзім білем, білдің бе?!
Сайрама бет–алды!
– Үй, қалқан құлақ неме, жан бітіпті ғой саған! Мен саған көрсетейін,
бəлем!
Осы сөзден кейін Кəкен баяғы əдетінше Орынғалидің құлағына жармасып,
атамды жерге тұқырта тарта бастайды. Біз атойлап қып–қызыл төбелеске
кірісеміз де кетеміз. Кезекті бір ұрысымыз осылай басталатын.
Өтірік айтып отырғам жоқ, шалдың дұрыс жоспарлаған тактикасының
арқасында біз осы жолы жеңіске жеттік. Соғыстың біздің пайдамызға
шешілуіне менің де еңбегім зор. Осы жолы атқылаған тасым нысанаға дөп
тиіп, қарсыластарымыздың біразын есеңгіретіп, ұрысқа жарамсыз қылды.
Бұл көрініс біздің үйге лек––легімен тартылып, келіп жатқан
қонақтарымыздың алдында өтіп жататын. Оған еті үйренген біздің
қонақтар, таңдай қақпастан үйге кіріп кете беретін.
Той біткесін бізді атам гараждың алдына дастархан жайғызып жинайды.
Бет–ауызы ісіп көгерген, бірінің тісі түсіп, екіншісінің көзі домбығып,
үшіншісінің аяғы ақсап, қолы ауырып қалған майдангерлер соғыстың
қортындысын тындауға жозының басына жиналатын. Бүгін атам көңілді.
Өзінің бір құлағы бұрыннан да қалқиып, жағы едəуір үлкейіп кеткендігіне
қарамастан, қолбасшымыз маңғаз, көріктей кеудесінде жеңімпаз рухы
асқақтап тұр. Бəрімізді айнала аралап, беттерімізден сүйіп, құшағына
басып: «Əй, менің құлындарым–ұлдарым батыр ғой, кім бар шақ келетін
менің сарбаздарыма!» – деп кəнігі дала командирлері сынды бізді мақтап
жүр. Біз жара–жарақатымызды ұмытып, пыс–пыс етіп, бауырсақ пен етті
ұртымызда томпаңдатып, қаужаңдап жеп отыратынбыз.
Кейде Төлеуғалидің Мэлс деген ағасының балалары көмекке келетін.
Ондайда амал жоқ, жеңілеміз. Сол кезде атам біздің жер–жеберімізге жетіп,
айқайлап ұрсатын. «Өй, өңкей ынжық неме, неменеге состиып тұрып
қалдыңдар–ей, ұрмайсыңдар ма ана иттің балаларын!» – деп өкінішін
жасыра алмай, шапалақпен салып–салып өтетін. Біздің атамыз міне,
осындай!
|