24-бап. Еңбек шартының нысанасы
Еңбек шарты бойынша қызметкер сыйақы үшін тиісті біліктілігі бойынша жұмысты
(еңбек функциясын) атқарады және еңбек тәртіптемесін сақтайды, ал жұмыс беруші еңбек
жағдайларын қамтамасыз етеді, қызметкерге Қазақстан Республикасының еңбек
заңнамасында, еңбек шартында, ұжымдық шартта, тараптардың келісімінде көзделген
жалақыны уақтылы және толық көлемінде төлейді және өзге де төлемдерді жүзеге
асырады.
27-бап. Еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі
Еңбек шартында мына талаптардың біреуінің болуы:
1) қызметкердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп
немесе лауазым бойынша орындауы;
2) міндеттемелердің еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындалуы;
3) қызметкердің еңбегі үшін жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге
түрлерінен ерекшелігі болып табылады.
28-бап. Еңбек шартының мазмұны
1. Еңбек шартында:
1) тараптардың деректемелері:
жұмыс беруші-жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын
құжатта көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын мекенжайы және тұратын жері
бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы,
нөмірі, берілген күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
жұмыс беруші-заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жері, жұмыс беруші-
заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта
көрсетілген болса), оның тұрақты тұратын жерінің мекенжайы және тұратын жері
бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы,
нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі және салық төлеушінің тіркеу нөмірі,
әлеуметтік жеке коды;
2) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек
функциясы);
3) жұмыстың атқарылатын орны;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды (ерекше
зиянды) және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының
сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, оларды төлеу тәртібі;
13) сақтандыру жөніндегі талаптар;
14) тараптардың жауапкершілігі;
15) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
1-1. Тараптардың деректемелері өзгерген кезде еңбек шартына тиісті өзгерістер
енгізіледі.
2. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының
заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің
жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелері жарамсыз деп танылады және
қолданылмауға тиіс.
29-бап. Еңбек шартының мерзімі
1. Еңбек шарты:
1) белгіленбеген мерзімге;
2) осы баптың 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында белгіленген
жағдайларды қоспағанда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Еңбек шартының мерзімі ұзартылған кезде, ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып
есептеледі.
Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге шарт жасасқан қызметкермен еңбек шарты,
ол атқаратын еңбек функциясы бойынша қайтадан жасалған жағдайда, ол да
белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
Осы тармақтың 2) тармақшасының екінші және үшінші бөліктерінің ережесі еңбек
қызметін шетелдік жұмысшы күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде жүзеге
асыратын тұлғаларға қолданылмайды.
Еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған қызметкерлер үшін көзделген
кепілдіктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгілі бір
мерзімге жасауға тыйым салынады.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың бірде-бірі
соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса,
онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі;
3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;
4) жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына;
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына жасалуы мүмкін.
2. Жұмыс беруші-заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы
жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушінің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың
келісімінде белгіленген мерзімге жасалады. Мұндай шартқа осы баптың 3-тармағында
белгіленген ережелер қолданылмайды.
3. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, онда шарт белгіленбеген
мерзімге жасалған деп есептеледі.
31-бап. Еңбек шартын жасасуға қажетті құжаттар
1. Еңбек шартын жасау үшін мынадай құжаттар:
1) жеке куәлiгi немесе паспорты (он алты жасқа толмаған адамдар үшiн туу туралы
куәлiгi) қажет.
Оралмандар халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық
органдары берген оралман куәлігін ұсынады;
2) ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі (Қазақстан Республикасының
аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін) не босқын
куәлігі;
3) тиісті білімді, дағдылар мен машықтарды талап ететін жұмысқа еңбек шартын
жасасу кезінде білімі, біліктілігі туралы, арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының
болуы туралы құжат;
4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек стажы бар адамдар үшін);
5) әскери есеп құжаты (әскери міндеттілер мен әскери қызметке шақырылуға жататын
адамдар үшін);
6) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (осы Кодекске және
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті
адамдар үшін);
7) салық төлеушінің тіркеу нөмірін және әлеуметтік жеке код беру туралы
куәліктердің көшірмелері;
8) тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
9) кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру
және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік
қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласында еңбек шартын жасасқан кезде
соттылығының бар не жоқ екендігі туралы анықтама қажет.
2. Жұмыс беруші, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген
жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге
құқылы емес.
3. Қызметкердің келісімімен құжаттардың түпнұсқалары жұмыс берушіде сақталған
не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін
уақытша қалдырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге құжаттарды қайтару туралы
жазбаша міндеттеме береді.
32-бап. Еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру тәртібі
1. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі дана етіп жасалады және оған
тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шарты бір-бір данадан қызметкер мен жұмыс
берушіде сақталады. Қызметкердің еңбек шартының бір данасын алуы жазбаша нысанда
расталады.
2. Еңбек шартына, оның ішінде басқа жұмысқа ауыстыру кезінде, өзгерістер мен
толықтырулар енгізуді тараптар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен жазбаша
нысанда жүзеге асырады.
Еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы ұсынысты еңбек шарты тараптарының
бірі жазбаша нысанда береді және екінші тарап оны берілген күннен бастап күнтізбелік
жеті күн ішінде қарайды.
3. Ұйымның атқарушы органының лауазымды адамдарымен еңбек шартын ұйым
мүлкінің меншік иесі не ол уәкілеттік берген адам немесе орган ұйымның құрылтай
құжаттарында белгіленген тәртіппен жасайды.
33-бап. Жұмысқа қабылдауды ресімдеу
1. Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде шығарылатын жұмыс
берушінің актісімен ресімделеді.
2. Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде қызметкерді актімен таныстыруға міндетті.
Жұмыс берушінің актісімен танысқаны қызметкердің қол қоюымен куәландырылады.
3. Қызметкердің талап етуі бойынша жұмыс беруші оған актінің жұмыс беруші
растаған көшірмесін беруге міндетті.
Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкерді ұйымдағы ішкі еңбек
тәртіптемесі ережелерімен, жұмыс берушінің қызметкердің жұмысына (еңбек
функциясына) қатысы бар өзге де актілерімен, ұжымдық шартпен таныстыруға міндетті.
34-бап. Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар
Мына құжаттардың кез келгені:
1) еңбек кітапшасы;
2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек
шарты;
3) еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының
туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;
4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер;
5) жұмыс берушінің қолы қойылған, ұйымның мөрімен расталған не нотариат
растаған қызмет ету тізімі (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер
тізбесі);
5-1) аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы жинақтаушы зейнетақы
қорынан үзінді көшірмелер;
5-2) жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру
қорынан мәліметтер;
6) қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған мұрағаттық анықтама
қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады.
39-бап. Еңбек шартының жарамсыздығы
1. Еңбек шарты:
1) алдау, күш көрсету, қауіп төндіру арқылы ықпал етіп;
2) нақты немесе заңды салдар туғызу ниетінсіз (жалған еңбек шарты);
3) әрекетке қабілетсіз деп танылған адаммен;
4) осы Кодекстің 30-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды
қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адаммен;
5) ата-анасының біреуінің, қамқоршысының, асырап алушысының келісімінсіз, он
алты жасқа толмаған адаммен жасалған жағдайларда, сот оны жарамсыз деп таниды.
2. Еңбек шартының жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылуы бұрынғы
қызметкердің еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының
пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу
құқығынан айрылуына әкеп соқпайды.
3. Еңбек шартының жұмыс берушінің немесе қызметкердің кінәсінен жарамсыз деп
танылуы олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына әкеп
соғады.
4. Еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының
тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.
Достарыңызбен бөлісу: |