64
нақты ғылыми мәтіндерде де кездеседі, себебі автор қандай мәселеге
байланысты болмасын өз ойын ортаға салуға құқылы.
Құрылымның сыртқы элементтері
Аталуы - көбіне хабарлы сөйлем арқылы беріледі, алайда сұраулы сөйлем
арқылы да мәтін атауын беруге болады. Мәтіннің атауы жалпы алғанда
бірнеше қызмет атқарады: нормативті (қалыпты үлгі), мәліметтік,
жарнамалық, саралау. Ғылыми – көпшілік мәтіндердің атауы экспрессивтік-
эмоциональды болып, көп жағдайдан хабар беруі керек.
Түйін - оқырманның қажетті мәліметті тез тауып, уақыт үнемдеуіне
мүмкіндік жасайды. Түйіннің негізінде мәтінге арқау болған негізгі ой
жатады. Түйін ғылыми-көпшілік мәтінде де, таза ғылыми мәтінде де кездеседі.
Ғылыми-көпшілік мәтінде зерттеудің болашағын, мақсатын, көтерілген не
қозғалған мәселенің тиімділігін, ғылым саласында алатын орнын нұсқайды.
Ғылыми мәтінде зерттеудің нақты қысқаша мазмұнын баяндайды. Зерттеу
әдісі мен оның нәтижесін көрсетеді.
Кіріспе - ғылыми-көпшілік мәтіндерде мәселенің тарихын баяндай келіп,
оқырманды сол мәселеге байланысты соңғы ғылыми жаңалықтармен
таныстырады. Сондай-ақ тәжірибе жасалып, зерттеу жүргізілген жер, оның
авторлары, қоршаған орта ахуалы т.б. екінші қатардағы мәселелермен
таныстыру арқылы оқырманның сол мәселені терең, жете түсінуіне жағдай
жасайды, сондай-ақ басқа мәселелер қатарынан айқынырақ, түсініктірек етіп
көрсетеді. Жеке ғылыми мәтіндерде зерттеудің мақсатына, зерттеу нысанына,
мәселенің тарихына қысқаша шолу жасалады.
Бапта жалпы қарастырылатын мәселенің бір ғана сұрағы төңірегінде сөз
болады. Көтерілген мәселе туралы айтылған ой нақты, жинақы, бірізді берілуі
тиіс. Әр баптың өз атауы болуы тиіс немесе санмен белгіленеді. Бап таза
ғылыми-зерттеу еңбектерінде қолданылады.
Тарау - логикалық жағынан аяқталған біртұтас мәтіннің бөлігі болып
табылады. Тараудың құрамына бірнеше бап кіруі мүмкін, сондықтан ол таза
ғылыми-зерттеу еңбектерінде кездеседі. Тарауда көтерілген мәселе толық
тұжырымдалған болуы тиіс.