3. Үшінші кезең–қазіргі заманғы коллоидтық химияның даму кезеңі
(XXғ. басынан бүгінге дейін).
XXғ. алғашқы үштен бірі–КХ-ның ерекше жемісті әрі тез даму кезеңі
болды және КХ нысандарын теориялық зерттеудің дамуымен әйгілі болды.
КХ-ның дамуында Г.Зидентопф пен Р.Зигмонди 1902 ж. жасап шығарған
ультрамикроскоп үлкен рөл атқарды, Жан Перрен броун қозғалысына түсінік
берді, эксперимент мәліметтерінен Авогадро санын анықтады (1906-1908жж.),
1905ж. ғалымдар арасында үлкен таралу алған коллоидтық ерітінділерді
«гидрофобтық» және «гидрофильдік» деп топтастыруды ұсынды, М.С.Цвет
1901-1906жж. хроматографияны ашты, М.Смолуховский (1906ж.) және
А.Эйнштейн (1908ж.) коллоидтық жүйелердегі броун қозғалысы және
диффузия теориясын жасады. Оны Перрен, Сведберг және Зеддиг тәжірибе
жүзінде дәлелдеді.
Швед химигі Т.Сведберг металдардың, әртүрлі минералдық заттардың
зольдерін және органозольдерді алумен, олардың физика-химиялық
қасиеттерін зерттеумен айналысып (1921ж.-дан), КХ мен ЖМҚ дамуына үлкен
үлес қосты. 1923ж. Г.Риндемен бірге центрифуганы (ультрацентрифуганы)
жасады.
Беттік құбылыстарды зерттеу XVIIIғ. аяғында басталғанымен, адсорбция
процесін сандық зерттеулерді XXғ. басында ғана Дж.Дьюар және А.Титов
бастады. Беттік құбылыстарды зерттеуге Г.Фрейндлих (1906-1910жж.), газға
қарсы құрал жасаған А.Д.Зелинский (1914-1918), Н.А.Шилов (1915-1920),
Л.Г.Гурвич (1912-1917), И.Лэнгмюр (1915-1917), Б.А.Шишковский үлкен үлес
қосты.
1917ж. Н.П.Песков ДЖ-дің «агрегаттық» және «седиментациялық»
тұрақтылық түсінігін енгізді.
КХ-ның дамуына А.В.Думанский көп жұмыс атқарды. Оны шынында да
«орыс коллоидтық химиясының атасы» деп атайды. Ол 1912ж. Киевте
коллоидтық химияның ең бірінші курсын оқуды бастады Ол «Коллоидтық
журнал» негізін қалады.
КХ-ның дамуына орыс ғалымдары Н.П.Песков, А.Н.Фрумкин,
С.М.Липатов, В.А.Каргин, С.З.Рогинский және Я.Б.Зельдович және көптеген
басқа да ғалымдар да үлкен үлес қосты. Кристалдар мен қатты денелер
беріктігінің адсорбциялық кему құбылысы–Ребиндер эффектісінің ашылуы
(1928) жаңа бағыт–физика-химиялық механиканың (ФХМ) негізін қалады.
КХ-ның тағы бір іргелі жетістігіне Б.В.Дерягиннің жіңішке сұйықтардың
ерекше қасиеті-сыналаушы қысымды ашуы (1935) жатады. Американдық
физик-химик Г.Тейлор 30-жылдар басында адсорбент бетінде активті
орталықтардың бар болуы туралы көзқарасты дамытты. Г.Гуидің,
Д.Чепменнің және О.Штерннің (1910-1924) жұмыстары арқасында ҚЭҚ
туралы теория одан әрі дамыды. Б.В.Дерягин мен Л.В.Ландау (1940) және
оларға тәуелсіз Э.Фервей мен Т.Овербек (1940) гидрофобты зольдердің
тұрақтылық (ДЛФО) теориясын жасады.
XXғ. алғашқы үштен бірінде КХ саласындағы жұмыстар үшін төрт Нобель
сыйлығы берілді. Р.Зингмонди (1925), Ж.Перрен және Т.Сведберг (1926),
И.Лэнгмюр (1932) оның лауреаттары атанды. Бұл тізімге биохимик
А.Тиселиустың Нобель (1948) сыйлығын қосуға болады.
XXғ. екінші жартысы әртүрлі ДЖ-ді тереңірек зерттеумен және КХ мен
басқа кейбір пәндер арасындағы шекаралық бірнеше ғылыми бағыттардың
қалыптасуымен сипатталады. Басым назарға келесі бағыттар жатқызылды:
беттік құбылыстар және ДЖ-дің термодинамикасы; БАЗ-дар:ерітінділері,
адсорбциясы, БАЗ қоспалары; электрбеттік құбылыстар; ФХМ;полимерлер
мен ақуыздардың коллоидық химиясы.
Бұл
кезеңде
П.А.Ребиндердің,
И.В.Петрянов–Соколовтың,
Ф.Д.Овчаренконың, М.П.Воларовичтың, В.Н.Еременконың және т.б.
жұмыстары арқасында қолданбалы КХ дами бастады.
Өте жемісті және болашақты болып «нанохимия-коллоидтық химия»
айқасымы табылады. Мұндай жүйеге коллоидтық микрореакторлар–
микроэмульсиялар типі жатады. Бұл жүйелер 1943ж. ашылғанымен , оларды
үдемелі зерттеу тек 1970-жылдардың соңында ғана оларды мұнай өндіруді
арттыру үшін қолдануға байланысты басталды.
КХ-ның өткен ғасырдағы табыстары мен маңызды жетістіктері,
жаңалықтары өнеркәсіптің көптеген маңызды салаларында (құрылыс, тамақ,
бояу жасау, қағаз, электроника және т.б.)кең қолданыс тапты және КХ-ны
негізгі химиялық пәндердің біріне айналдырды.
Қазақстанда КХ-ның жеке ғылым ретінде қалыптасуында және дамуында
маңызды рөл ҚазМУ-дың деканы болған (27 жыл), ірі ғалым Б.А.Бірімжановқа
тиесілі. Ол Қазақстанда ең бірінші «коллоидтық химия» кафедрасын ашты. Ал
КХ-ның ғылым ретінде дамуы және ғылыми мектеп болып қалыптасуы
кафедраны 37 жыл (1972-2009) басқарған профессор Қ.Б.Мұсабековтың
атымен байланысты. «Коллоидтық химия және экология» кафедрасы деп
аталған екінші кафедра сол кездегі Қазақстандағы екінші университет ҚарМУ-
да 1980ж. оның ректоры академик З.М.Молдахметовтың бастамасымен
ұйымдастырылды. Қазіргі кезде кафедра «Химиялық технология және мұнай
химиясы» кафедрасы деп аталады.
|