Ассимиляция. Сөз құрамында неесе сөздердің аралығында көршілес
келген дыбыстардың бірі екіншісіне ықпал етіп, өзара үндесуі ассимиляция деп
аталады. Ассимиляцияның негізінде бір дыбыс екінші дыбысты толық
бағындыруы да, жартылай бағындыруы да мүмкін. Осыдан келіп, ассимиляция
толық ассимиляция және жартылай ассимиляция деп екі түрге бөлінеді. Егер
тетелес келген екі дыбыстың бірі екіншісін дәл өзіндей етіп, толық бағындырса,
ассимиляцияның мұндай түрі толық ассимиляция деп аталады.Егер тетелес
келген екі дыбыстың бірі екіншісін дәл өзіндей етіп өзгертпей, бір жақты,
жартылай ғана икемдесе, онда ассимиляцияның мұндай түрі жартылай
ассимиляция деп аталады. Көрші дыбыстардың бірінің екіншісіне ықпал ету
бағытына (не ілгері, не кейін) қарай ассимиляция екі түрге бөлінеді. Оның бірі
прогрессивті ассимиляция, екіншісі – регрессивті ассимиляция. Кейінгі
дыбыстың алғашқы дыбысқа ықпал етіп, оны өзіне бағындыруы регрессивті
ассимиляция деп аталады.