4 Тіл дыбыстарының артикуляциясы. Адам баласының тілі – дыбыстық тіл. Тіл дыбыстары әрбір тілдің өмір
сүруінің тәсілі. Дыбыс тіркесіп сөз құрамаса, тіл қатынас құралы да, пікір
алысу құралы да бола алмайды. Тілдің дыбыстық жағы тілдің өмір сүруіне
(ауызша) мүмкіндік жасайды (бірден-бірге, ұрпақтан-ұрпаққа). Кез келген
дыбыс бір сөзде ғана емес, көптеген сөздердің құрамында қолданылады.
Тілдегі лексикологиялық және грамматикалық құбылыстар тіл
дыбыстарымен, тілдің дыбыстық жүйесіндегі фонетикалық құбылыстармен
әрдайым байланыста, қарым-қатынаста болады. Сөз не сөз тіркесі болсын
белгілі бір дыбыспен не дыбыс тіркесімен айтылады, сол арқылы өмір сүреді.
Сонымен қатар тілдің дыбыстық жағының өзіне тән қасиеттері мен
ерекшеліктері және әр түрлі заңдары болады, сондықтан тіл дыбыстары, дыбыс
заңдары тіл білімінің арнаулы бір саласы – фонетиканың зерттейтін объектісі
болып саналады.
Фонетикада тіл дыбыстарына байланысты көптеген мәселелері, атап
айтқанда, олардың құрамын, өзгеру заңдылықтарын (үндестік заңы), сонымен
қатар буын, екпін, интонация мәселелері қарастырылады. Бұлардың жазба тілге
де қатысы бар.
Фонетика ғылым ретінде жалпы фонетика және жеке фонетика болып
бөлінеді. Жалпы фонетика тілдердегі құбылыстардың бір-бірімен байланысын,
ал жеке фонетика бір тілдің дыбыстық құрамын, дыбыстық заңдарын зерттейді.
Ал зерттеудің мақсатына қарай сипаттама (синхрониялық) фонетика, тарихи
(диахрониялық) фонетика болып бөлінеді. Сипаттама фонетика тілдің өмір
сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстардың құрамын қарастырады, фонемалар
жүйесін және олардың өзара байланыстарын белгілеп айқындайды. Тарихи
фонетика белгілі бір тілдің даму тарихының әр түрлі дәуірлерінде оның
дыбыстық құрамының өзгеруін және оның себептерін зерттеп айқындауды
мақсат етеді.