Маралбек ермұхамет


 «Қимыл мөлшер» ұғымының тілдік парадигмасы



Pdf көрінісі
бет144/184
Дата16.03.2022
өлшемі5,92 Mb.
#28114
1   ...   140   141   142   143   144   145   146   147   ...   184
Байланысты:
Диссертация Маралбек Е.

 
11. «Қимыл мөлшер» ұғымының тілдік парадигмасы 
Болмыстағы,  табиғаттағы  жанды,  жансыз  заттар  мен  құбылыстардың 
барлығы  үздіксіз  қимыл-қозғалыста  болады.  Олардың  қимыл-қозғалыстары  да 
бір-біріне ұқсамайды. Біреуі баяу, біреуі жылдам қозғалады, ал біреуі күшті, енді 
біреуі  әлсіз, бірде  тұрақты,  бірде өзгермелі болады.  Қимыл-әрекеттің осындай 
құбылмалы, өзгермелі, қайталамалы күйі бір-біріне салыстырмалы түрде «қимыл 
мөлшері»  ұғымын  қалыптастырады.  Олай  болса,  қимыл  мөлшері  дегеніміз  – 
болмыстағы  заттар  мен  құбылыстардағы  іс-әрекеттердің,  процестердің 
әртүрлі әсер етуші күштердің ықпалында туындайтын ұқсамаған мөлшерінің 
жиынтығы.      
«Қимыл  мөлшері»  ұғымы  тез/баяу,  көп/аз  тіресімдік  ұғымдары  негізінде 
барлық тіл деңгейлерінде де көрініс табады.  
Қимыл  мөлшерін  білдіретін  лексикалық  бірліктердың  саны  аз.  Олардың 
қатарына тез, жылдам, шапшаң, ақырын, баяу, сылбыр т.б. сөздер жатады. Бұл 
түбір  сөздер  болмыстағы  заттар  мен  құбылыстардың  қимыл-қозғалысының 
уақытпен өлшенген өлшемін, жүзеге асу сипатын білдіреді. Мұнда істі істелуге, 
аяқтауға тиісті қалыпты уақыт мөлшері орта меже ретінде алынады да, бір тобы 
қимылдың баяу мөлшерін, енді бір тобы қимылдың тез мөлшерін білдіреді. Бірақ 
іс-әрекеттің орындалу барысының нақты уақытпен өлшенген сандық мәні айқын 
болмайды.  Бұл  сөздердің  жалпы  грамматикалық  мағынасы  ұқсас  болғанымен, 


192 
 
өзге  сөздермен  тіркесім  қабілеті,  сөздерге  тіркескенде  туындайтын  туынды 
мағыналарында  өзгешеліктер  болады.  Сондықтан  бұл  сөздерден  туындайтын 
қимыл мөлшері мағынасы ұқсас емес. Шын мәнінде, жоғарыдағы бірнеше түбір 
сөздер қимыл сынын білдіретін сөздер. Қимылдың жәй сыны емес, мөлшер сыны. 
Мысалы:  
1) Адам жегілген шананы қызық көріп, әуелі шанаға қуана-қуана мініп алған 
балалар  арқан  бойы    барған  соң  тез-тез  секіріп  түсіп,  қайтып  кетті 
(Ғ.Мүсірепов); 
2)  Ал  жанары  әлгілердің  бәрімен  қанша  жыл  өмір  сүрсе,  сонша  уақыт 
қадалғандай тым баяу қозғалады (Т.Жұртбай). 
Морфологиялық деңгейде:  
-  қимыл  мөлшері  семантикасы  тез,  жылдам,  шапшаң,  ақырын,  баяу, 
сылбыр т.б. сапалық сын есімдерге -рақ, -рек, -ырақ, -ірек; -лау, -леу, -дау, -деу, -
тау, -теу шырай қосымшасы жалғану арқылы беріледі (тезірек, жылдамырақ, 
шапшаңырақ,  ақырынырақ,  баяуырақ,  тездеу,  жылдамдау,  шапшаңдау, 
ақырындау, баяулау, сылбырлау т.б.). Мысалы: 
1)  Жылы  суда  кір  жылдамырақ  ериді.  Сабын  жылдамырақ  көпіреді. 
Сондықтан  салқын  судан  гөрі  жылы  су  денедегі  кірді  жылдамырақ  кетіреді 
(Х.Досмұхамед, Шәкірттердің саулығын сақтау); 
2)  Бұл  өзі  не  қылған  билет, бос жатқан?!  –  деді  әкем, алар-алмасын біле 
алмаған кескінмен қолын сылбырлау созып (С.Мұқанов, Мөлдір махаббат). 
Бұл синтетикалық формалар қимыл-әрекет мөлшерінің ұқсамаған деңгейін, 
салыстырмалы мөлшерін білдірген.  
Синтаксистік деңгейде: 
-  қимыл  мөлшері  семантикасы  рет,  дүркін,  мәрте,  қайтара  сөздерінің 
мөлшерлік  конструкция  компоненті  ретінде  келуі  арқылы  беріледі:  бір  рет 
барды, екі дүркін алды, үш мәрте сәлемдесті, төрт қайтара жазды т.б. 
Қимыл-әрекет  мөлшерін  білдіретін  мөлшерліктердің  саны  тым  аз 
болғанымен,  қызметі  ерекше.  Бұл  мөлшерлік  конструкция  компоненттерінің 
қай-қайсысын  да  ретіне  қарай  өзге  сөздермен  ауыстырып,  жаңа  мағына  жасай 
беруге болады. Алайда әрқайсысының өзінің семантикалық ерекшелігі, стильдік 
қызметі  бар  екенін  ұдайы  ескеріп  отыру  керек.  Оны  дүркін  сөзінің  ғана 
қайталанып  келіп,  етістік  баяндауышқа  пысықтауыш  бола  алуынан  да  көруге 
болады. Мысалы, дүркін-дүркін барды, дүркін-дүркін шабуылдады т.б. 
Бір  қарағанда,  мәрте,  рет,  дүркін,  қайтара  сөздерінің  лексикалық 
мағынасы, тіркес құрамында тудыратын грамматикалық мағынасы ұқсас сияқты 
болып көрінгенімен, шын мәнінде, айырмашылық бар. Рет негізінен іс-әрекеттің, 
процестің тәртіппен, кезекпен өткенін білдіреді,  дүркін іс-қимылдың тәртіппен 
де, кезекпен де емес, арт-артынан, іле-шала өткенін білдіреді, ал мәрте сөзінде 
іс-қимылдың қалай өткенін білдіретін пысықтауыштық мәннен гөрі, қанша рет 
өткенін білдіретін сандық мән басымдау. Сондықтан да ол толық қайталанатын 
процестердің  сандық  ретін  білдіреді.  Мәрте  мөлшерлігі  тілде  жеке-дара 
қолданылмайды,  лексикалық  мағынасы  да  күңгірт  және  қандай  да  бір 
қосымшалар  жалғанбайды.  Ол  көбіне  тіркес  құрамында  келіп,  тіркесті 
грамматикалық  жақтан  байланыстыру  және  грамматикалық  мағына  тудыру 
қызметін  атқарады.  Көсемше  тұлғалы  қайтара  сөзі  дербес  мағыналы  түбір 


193 
 
етістіктен  жасалған  туынды  сөз.  Ол  бір  іс-қимылдың  дәл  өзінің  әлденеше  рет 
қайталанғанын, атқарылғанын білдіреді. Мысалы:  
1) Ай қамын бір рет ойласаң, жыл қамын он рет ойла (Мақал); 
2)  Бәйбіше  бүгін  екі  дүркін  қонақ  жөнелтіп,  жаңа  ғана  жантайып  еді, 
дабырлаған дауысқа жұмулы көзін ашып алды (Ғ.Мұстафин, Шығанақ); 
3) Не де болса, Дәрменнің бір күйді үш мәрте қайталап тартуынан мәжіліс 
тынды (Т.Әлімқұлов, Сейтек); 
4) Үш қайтара мұны сайратып, деді: «Көкейіңе енді ме?» (Ш.Құдайбердиев, 
Шығармалар жинағы). 
Қимыл  мөлшері  семантикасы  етістікті  тіркестер  арқылы  көптеп  беріледі. 
Олар – мынадай тіркесім түрлері: 
-  қимыл  мөлшері    семантикасы  көсемше  тұлғалардың  қайталанып  келуі 
арқылы беріледі. Мысалы, көре-көре, сөйлей-сөйлей, жылай-жылай, жаза-жаза, 
айта-айта т.б.  
- қимыл мөлшері  семантикасы мезгіл үстеулердің қайталанып келіп, етістік 
баяндауышқа  пысықтауыш  болып  келуі  арқылы  беріледі.  Мысалы,  әлсін-әлсін 
шулайды, дамыл-дамыл боздады, бірте-бірте жақындады т.б. 
-  қимыл  мөлшері    семантикасы  кейбір  -ша,  -ше  тұлғалы  сын-қимыл 
үстеулердің  етістік  баяндауышқа  пысықтауыш  болып  келуі  арқылы  беріледі. 
Мысалы, мейлінше ішті, барынша секірді, әлінше жүгірді, тиісінше үлестірді 
т.б.  
-  қимыл  мөлшері    семантикасы  мөлшер  үстеулердің  етістік  баяндауышқа 
пысықтауыш  болып  келуі  арқылы  беріледі:  Мысалы,  соншама  өкінді,  сонша 
күлді, мұншалық қайғырма, бұншалық түңілме т.б. 
Қимыл  мөлшерін  білдіретін  тіркестердің  жасалуына  тіліміздегі  сөз 
таптарының басым бөлігі қатысады. Олар түбір күйіндегі лексикалық мағынасын 
сақтай  отырып,  өзге  сөздермен  тіркесе  келіп,  қимылдың  әртүрлі  сипаттағы 
мөлшерін білдіреді. Яғни бір тобы қимылға күшейтпелі мән үстесе, тағы бір тобы 
қимыл  мөлшерін  уақытқа  қатысы  тұрғысынан  сипаттайды,  ал  енді  бір  тобы 
қимылдың үздіксіз немесе белгісіз қайталана жалғасуын білдіреді. Ал негізінен 
зат  есімдермен ғана  тіркесетін бір  топ мөлшерліктер  қимылдың өтуін  сандық, 
дүркіндік  тұрғыда  жалғасуын  сипаттайды.  Қимылдың  әртүрлі  барысын  әр 
қырынан сипаттайтын осы мөлшерліктер тұтастай қимыл мөлшерін құрайды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   140   141   142   143   144   145   146   147   ...   184




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет