Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағЫ 3-том мақалалар, ӘҢгімелер, аудармалар, пьесалар 1921-1929 "ДӘуір" "жібек жолы" алматы 2014



Pdf көрінісі
бет15/27
Дата19.01.2017
өлшемі4,32 Mb.
#2190
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   27

2-ПЕРДЕ, 3-СУРЕТ 

I көрініс

Тұрсын ауылы, келінді тосып отырған ел, келін келген жоқ, бірақ күйеу, 

құдалар  ауылға  келген.  Сахнада  қыздың  отауынын  жартысы  тігілген,  отау 

сәнді,  жасаулы,  сырты  кестелі,  сахнаның  жартысы  ашық  дала.  Алыста 

тау,  көл  суреті  бар,  түтіні  будақтап  шығып  жатқан  ауылдар  көрінеді.  Тыста 

келінді күтіп тұрған жиын. Тұрсын ауылының үлкендері арасында Қаракөздің 

жақындары мен Нарша, Асан сал бар.

А с а н .  Келін  келе  жатыр,  жақындап  қалды...  Атасы  мен 

енесі, қайнаға мен абысын, қатарыңды түзей бер.

Т е к т і . Қатарымды түзеймін деп Қаракөздің алдында мен 

сызылушы ма едім?.. Асау бастың жуасып, ақ ноқтаның киілгені 

осы; енді Қаракөз бізге сызылсын. Алдынан біз сызылғандай 

Қаракөз бізді қадірлеп пе еді? Жар-жар айтамын деп, өлеңші 

ағасына ойындағы бар арманын айтқызған жоқ па еді?

Қ о й с а р ы . Ол үшін кекті болсаң, келінің қолыңа келе жа-

тыр ғой – жазығын мойнына алып жаяулап. (Тұрсын мен Жа-



рылғапқа қарап күліп.) Бұл бір әмірі жүріп алған соң үл кендік 

деген  бір  пәле-ау,  өзінен  кішіні  иментіп  алып,  қатал  болып 

зілденеді де тұрады... (Күліседі.)

Т е к т і . Қалай күлгеніңмен Сырым айтқан сөзді неғып ұмы-

тайын.  Құдағимен  екеуміздің  көңілімізге  ол  әлдеқашан  түйін 

болып байланған. Құдай-ау ұзағынан сүйіндір! Игілігін көрсет 

деп жүрген баламнан мен «менсінбеймін, риза емеспін» деген 

сөзді естіп алып, енді мен немен жұбатайын өзімді?! Тіпті, сол 

емексіткендеріңе риза емеспін әуелі.

Н а р ш а . Олай болса, Асан сенің наразылығыңды қазір-ақ 

алдынан өлеңмен білдірейін деп тұр, оны қалай көресің?

Т е к т і . Ол қай өлең? Беташар ма, немене?

А с а н . Тіпті беташарды да қазір айтам. Қаракөзден ақылы 

асқан  жақсы  келіннің  бетін  ашып,  келген  жерде  бір  көрмей, 

қашанғы шыдап тұрады жұрт.

Қ о й с а р ы . Айтам десең, айт. Бала-шағаның шымылдықпен 

мына  келе  жатқан  сәніне,  беташардың  өзі  де  осы  жерде 

жарастықты  болады.  Қаракөздің  жанына  еріп  Сырым  да  сал-

дарымен  келе  жатқан  шығар.  Еркек  басымен  әйел  тобынан 

шықпағаны үшін о да бір қысылсын. (Күліседі.) Шымылдықтың 

ішінде бар болса, оның да бетін ашу керек.


221

Н а р ш а . Сырымның ежелгі елі: ұзатылып сыңсыған қыз-

бен  күйеушілеген  бозбала,  оның  туған-туысқаны,  елі-жұрты 

қы зығы да сол. Ол өзге жұрттың жақсы-жаман дегенін ескерген 

емес, мен білген Сырым болса, осы шымылдық ішінде солар да 

бар...


II көрініс

Үлкен  шымылдықты  екі  жағынан  екі  қатын  ұстап  әкеле  жатады. 

Шымылдықтың  артында  сәукелелі  келін,  қасында  қыз-келіншектің  үлкен 

тобы. Қаракөздің жанында Сырым құшақтап келеді. Өзге қыз-келіншектермен 

салдар құшақтасқан.

Н а р ш а   (Асанға).  Сырым  ойын-сауықтың  перісі  болып 

кетсе де, осы мына шымылдықтың ішінде келе жатқаны тым 

сыпайы емес шығар. Әнеугі тойдағы тілі үшін, бүгін бір кезегін 

алар орның келді. Енді бір қаруын алып қал...

С ы р ы м  (Шымылдыңтың ішінде Қаракөзге):

Өз елім дер елім жоқ,

Туысқан-туған менде жоқ.

Осы сені қуантқан жерде қуанып,

Сені уатқан жерде уанып,

Жүрсем маған со да жетпей ме... Сен көргенді мен көрмей-

тін не қасиетім бар... Жұрт не десе о десін, мен де осы шымыл-

дықтың  ішінде  сенімен  бірге  кеттім...  (Қыз-келіншек  күледі.

Тек осы шымылдық осы күйінде алдымда желбіреп отырсын, 

ақыретке апарса да соның жетегімен ере берем.

Д у л а т   (Қасындағы  келіншегін  сүйіп  алып).  Мына  қалқа-

лармен қайда барсақ та арман емес.., шұбата бер шымылдықты... 

(Үлкендер жиынының алдына келіп, шымылдық тоқтайды.)

А с а н  (шырқатып, әндетіп):

Қызыл жібек шымылдық пен пердеңіз!

Асыл келін олжалы, жек көрмеңіз.

Қасыңда жігіт болса, бас жақсысы,

Бөтенсіп әлдекім деп жат көрмеңіз.

(Жұрт күліседі.)

Бет пердең толқытады майда желдей,

Қуанттың ел-жұртыңды келер-келмей.

Болғанда жасау басы – басты жігіт,

Ел жоқ-ау Қаракөзді берген елдей!



222

Қ а р а к ө з  (Сырымға). Қанша кіштімтайлы болсақ та, мы-

надайда  бой  жасырғаны  ер  жігіттің  өлгені  де...  Сөзін  жесір 

жібермей, жауап бер.

С ы р ы м  (Домбырамен ән шырқайды):

Қызыл гүл дауыл ұрып жерге соқты,

Ақ тоты бүгін саған тұтқын бопты.

Айдынның ақ құсындай қарағыма

Кез қыпты құзғындайын бассыз топты.

Асаусып алыпұшып аспай сөйле!

Қаракөз бір басы да саған көпті.

Қаракөз Қарауылда ерке болған,

Мың қойдан иығы асқан серке болған.

Таңдаулы мекенім деп сені алған жоқ,

Байлаған бата шығар ерте болған.

Қаракөз Қарауылдың ақ маралы,

Болғанда бетке сұлу, ой саналы.

Жеңбесе бойын тежеп өз көңілін,

Ешкімнің әкелген жоқ айла-амалы.

Кісі түгіл жасаусыз келсе дағы,

Сендерде сырт беретін күш шамалы!

Қ о й с а р ы .  Сырым  сөйлесе  шеттігіне  іліндіріп  сөйлейді. 

Жуан ауылдың баласы өрге айдамаса көңілі көнши ме, Асан! 

Сырым екеуің әлі де талай шекісерсің. Енді мына қуанышын 

күтіп тұрған ата-ананың алдында Қаракөздің бетін ашып, ауыл 

көркі келінді көптен күткен игілік қой, қызығының түсін көріп 

көңілдері көншісін...

Т ұ р с ы н . Кәне, енді көптей тіл-жағыңды безеп алатындай 

болдың ғой, жақсы сөзбен қарағымның бетін аш...

Ж а р ы л ғ а п .  Елдің  баяғыдан  жол  қылып  айтып  жүрген 

сөзін  айт.  Осы  шығарма  өлеңдерің  мірдің  оғындай  болып 

құлағымызға жат тиіп жүр. Тіпті, біз елемесек те, құдағи лары-

ңызды жүдететін көрінеді. (Күліседі.) 

А с а н  (Беташарды бастайды):

Келіннен енді сөйлейін,

Көп дабырлап шуламай,

Құлағыңды саласың.

Қатесі болса сөзімнің,

Осы отырған әлеумет,

Сынға салып қарасын.

Құлағыңды салып тыңдап тұр,

Келінжан, менің тілімді.

Әдет жолын үйренбек,


223

Жас кісіге білімді,

Ақылсызға айтқан сөз,

Далаға кеткен шығын-ды.

Бәрі саған керек іс,

Тыңдасаң, келін, жырымды.

Жырға қосып айтамын,

Бар өсиет сырымды.

Бұрынғы күнің – балалық,

Ержеткен күнің – бүгін-ді.

Өзім айтқан сөз емес,

Осылайша деген бұрынғы.

Келін боп келмек оң жаққа,

Ата-ананың мұрасы.

Бұрынғы үйің бекер-ді,

Мекенің осы – тұрасың,

Өз үйіңе тұрмақ жоқ,

Ұл боп тумай әуелде.

Қыз болған соң туысы,

Келін боп келген қиын іс. 

Жаңа өспірім балаға, 

Қызмет қыл иіліп.

Ата менен анаға,

Өзіңнен үлкен адамның

Бетіне тікке қарама.

Үлкен кісі келгенде, 

Қатарласып отырмай,

Кейін отыр панада.

Лажы болса шығып тұр, 

Қайтқанынша далаға.

Бар айтқаным бұл емес, 

Құлағың салып тыңдап тұр,

Сөзім бар айтар және де. 

Тұратын болса ата-анаң, 

Отырып қалма орныңда. 

Тұрып барып есік аш,

Еріп шықпа соңынан.

Дәрет суды көтеріп,

Қарап та тұр жолына. 

Орамалын алып бер,

Ұмытып кетпе оны да. 

Бұрынғыдай ойламай,

Сабыр етіп шыдам қыл, 

Аштық пенен тоғына.

Ұзын сөздің қысқасы. 

«Жақсы болып іс қылып», 

Жұртыңа жақ еліңмен.

Бар айтқаным бұл емес, 



224

Құлағың салып тыңдап тұр, 

Айтылар кейін қалғаны. 

Отырған адам көзінше,

Әр жеріңді қасыма. 

Жаулығыңды шуатпай, 

Дұрыстап ора басыңа. 

Астынан шығып тұрмасын, 

Ие боп жүр шашыңа.

Қолын ұстап, бетін сүй, 

Отырса бала қасыңа. 

Қайныңды сыйлап, қадірле, 

Қарама үлкен-жасыңа. 

Жасы құрбы екен деп, 

Жаманға болма ашына. 

Ойынның жөні осы деп, 

Біреуге тұрма асыла.

Мырза келін десін деп, 

Әркімге берме шашыла. 

Біреу жаман айтты деп, 

Болымсыз іске жасыма! 

Пәленше бүйдеп айтты деп, 

Жарыңа сөзді тасыма. 

Естісең де жаман сөз, 

Жүргенің жақсы жасыра.

Көңілге келіп жүрмесін,

Айтты деп сөздің қисынын.

Бүгінде жаман көргенмен,

Көңілге теріс келгенмен,

Бәрі де саған пайдалы

Ағаңның айтқан жырының.

Сендерге енді келейін,

Карт-қария, аталар,

Жапсардағы отырған –

Жастары үлкен аналар,

Ақылы артық, даналар.

Біздерге енді қуаныш,

Жасы кіші, балалар.

Бұрынғының бір жолы,

Келінді көрген адамнан

Көрімдікке мал алар.

Қайын атаға бір сәлем!

Бұл  уақытта  шымылдық  көтеріледі.  Қаракөз  қасындағы  Тұрсын  ауылы-

ның үш-төрт келіншегімен иіліп сәлем етеді. Өзге әйелдермен жігіттер кейін 

тұрады.  Шымылдық  түрілгенде,  Сырымның  жолдастары  салдар  қыз-келін-

шектермен құшақтасып тұрады. Сәлем еткен соң, шымылдық орнына түседі.



225

Т ұ р с ы н . Тәңірі жарылғасын, абыройлы бақытты бол, ба-

лам!

А с а н  (келін сәлем еткенде Тұрсынға). Көрімдігін айтыңыз! 



Балаларыңның  ішінде  көрімдігі  көп,  ақылы  артық  келінің, 

жалғыз қара болмасын; түйе болса боталы, бие болса тайлысы.

Т ұ р с ы н . Қалағаның болсын. (Жұрты қошемет қылысып 

күліседі.)

А с а н .  Қайын  енеңізге  бір  сәлем  (Тоқтайды,  шымылдық 



көтеріледі, келіндер әуелгідей сәлем етеді.)

Т е к т і . Өмір жасың ұзақ болсын, қарағым, Құдай ұзағынан 

сүйіндірсін.

А с а н . Келінің, балаң бір теңлі қосылыпты сайына, осын-

дай  жақсы  келінді  көрімдігін  атамай,  көресіңдер  ме  жайына. 

Түйе берсең ақтан бер, өсеріне бақтан бер.

Т е к т і . Бас-басымызға шұбыртып ала берейін деп пе едің? 

Алдың ғой байдан.

А с а н . Тым болмаса ен салдыр, түйенің кенже ботасы, бие-

нің кіші тайына, малға шамаң келмесе (жұрт күліседі) берсең 

де  риза  боламыз  қаптағы  құрт  пен  майыңа.  Қайын  ағаға  бір 

сәлем (Бұрынғы ретпен шымылдық көтеріліп, сәлем етеді.)

Қ о й с а р ы . Ауданыңа атағы, ағайынға қадірлі, ауылының 

көркі  бол,  қарағым!  Қосағыңмен  қартаятын  күнге  жеткізсін, 

үбірлі-шүбірлі бол.

К ө п   д а у ы с ы .  Бәрекелді!  Айтқаның  келсін...  Айтқаны 

келсін.

Т ұ р с ы н .  Қысылғанымыз  ба  –  неден?  Біздікі  тіпті  бата 



сияқты болмап еді, бата жаңа келісті ғой.

А с а н  (бұрынғысынша әндетіп, Қойсарыға).

Келін, келін, келіңіз,

Көрімдігін беріңіз.

Ала-құла демеңіз,

Түсін айтып беріңіз.

Қ о й с а р ы . Ентелеткеніңмен саған ақша беремін деп өлең 

айтқызғаным жоқ. Тілеуіммен Қаракөзді риза қылсам болады. 

Атын айтпай-ақ айта бер қалған сөзіңді.

А с а н  (күліп):

Қойды берсең қоңырдан;

Өсеріне оңынан,

Абысынға бір сәлем.

(Бұрынғыдай сәлем етеді.)

15–1247


226

Ешкі берсең сарыдан,

Мол қолда бол жарыған.

Түсін атап, енін айт,

Асып кет те бәрінен.

Беремін деген қай қатын,

Шығарып беріп жанынан.

Бергенім осы менің дер,

Алыстан келген кей қатын?

Берер едім аямай,

Жақын емес елім дер,

Бермеймін деген кей қатын?

Дүниенің билігін,

Үйдегі білер ерім дер.

Сылтау қылып кейбірі:

«Өкпелімін бұл тойдан,

Беретін жоқ жерім» дер.

Желдірітпелеп кейбірі,

Сабыр қылып тұратын.

Берейін саған кейін деп.

Кейін барып сұрасаң:

«Ойнамай жүр менімен,

Мен емес сенің теңің» дер.

(Жұрт  күліседі)  Жалпы  жұртқа  бір  сәлем.  (Келін  сәлем 



етеді.)

Т ұ р с ы н .  Асан!  Енді  балаларды  шаршаттың  ғой  деймін, 

өлеңің  бітті  ғой...  Енді  рұқсат  қылайық.  Үйге  кірсін.  (Бұл 

уақытта Мөржан бәйбіше де нөкерімен келеді.)

ІІІ көрініс

А с а н  (жұлып алғандай). Өлең біткеннен Құдай сақтасын. 

Біздің өлең бітпейді, әншейін өздерің үйге кірсін демесеңдер. 

Мен  ала  қаптың  аузын  жаңа  ғана  ағыттым!  (Бұл  уақытта 



үлкендер шетке таман шығып жол береді. Келіндер үйге та-

ман жүреді.)

А с а н  (шырқатып әндетіп):

Сал бар ма бұл Арқада Асан салдай,

Алдына келе жатыр ақын салмай.

Асанның Қаракөзге сөзі көпті,

Шығарсақ қырмызыдай талдай-талдай.

(Келіндер отауға таман келгенінде):

Жаңа өмір мына туды атқан таңдай,

Балалық дәурен өтті, кетті шалғай.

Қызыл жібек шымылдық мұнда әкелді,



227

Ақ үйің алтын сарай енді болғай.

Ағайын тілеуіңде бірі қалмай,

Көп тілеуі қалған жоқ, сірә, болмай.

Атта да оң аяқпен босағаңды,

Тілеп кір: «Бере гөр деп өмір балдай».

Қ о й с а р ы . Бәрекелді... Жақсы айтасың, айтқаның келсін, 

қарағым. Келін! Осының тілегін сен де тілек қыл... Артыңды 

онда көгертіп, алдыңды мұнда жасартсын; «келіннің аяғынан, 

қойшының таяғынан» деген; келген ауылың түгіл, еліңнің құт 

берекесі бол (Келіндер үйге кіреді, салдар бірге кіріп кетеді.)

М ө р ж а н . Қарағым, ақылымен толғанса кімнен кем болар 

дейсің.  Қойнымдағы  алтынымдай  сақтаған  асылым  емес  пе? 

Құдай бұйырып, аруақ қолдаса, әлі ауылыңның баласы болар.

Т ұ р с ы н . Кәне, енді біз де үй жағымызға барайық, бала-

лар тынықсын; өз ойындарын ойнап жатсын, қысылып, иментіп 

қайтеміз.

Ж а р ы л ғ а п .  Жарайды,  дұрыс  айтасыз  (Барлық  үлкендер 



сах на дан шығады. Бұл кезде үйдегі жастар күліп-ойнап оты-

рады.)

IV көрініс 

Сахнада Нарша, Асан, Матай қалады.

Н а р ш а  (төмен қарап, салбырап отырған қалпынан көте-

ріліп, маңайға қарап). Жұрт тарқаған ба? (Асанға) Асан! Менің 

жайымды  сұраймысың,  жоқ  па?  Мен  саған  тағы  жабысқалы 

отырмын. Мені жазар күнің бола ма осы? (Күрсініп). Менен де 

жынды жан болар ма екен?

А с а н . Неғыл дейсің?!. Тағы не болды? Тыныштық таба ал-

май қойдың-ау сен де!

Н а р ш а . Бүгін таңда тыныштық табатын түрім жоқ. Мені 

қызғаныш деген кесел өртеп барады. Бұл қалыптан құтылмасам, 

жынданармын  деймін.  Күткен  қызықтың  бәрі  қайда  кеткенін 

білмеймін. Қызықтаймын деген ойын-сауықта басыма тас ти-

гендей  боламын.  Еңсемді  көтере  алмай  құлап  бара  жатқан 

сияқтымын. Мен не пәлеге душар болдым? Жүрегімнің түбінде 

ауыр тас басып жатқандай күдік, қайғы бар.

А с а н .  Жаным-ау,  не  керек  енді  өзіңе?  Қаракөзге  енді 

кімнің ортағы бар. Өтер күн өтті, қызық шағың жетті. Қарауыл 

Қаракөзін ұзатты, енді қайғының не орны бар? Не айтпақсың?



228

Н а р ш а . Маған Қаракөз бір қайғы болса, Сырым тағы бір 

қайғы болды. Мені найзалағанын қоя ма, жоқ па осы? Қаракөз 

менің  қасыма  келгенде,  барынша  күтіп  қадірлейді,  мені 

жұбатқысы келе ме, қиналып жүргенімді сезе ме, бір жағынан 

қинап  жүрсе,  бір  жағынан  сол  мінезімен  еркімді  алып  билеп 

барады.  Сырым  менің  жайымды  ескеру  былай  тұрсын,  тіпті 

күннен-күнге  жау  болып  барады  ғой.  Қаракөздің  сырын  сол 

біледі. Маған соның білгенін біліп бер. Жасырса, менімен жау 

болғаны, досым ба, жауым ба соны айырып бер.

А с а н . Қазір осыны не деп айтамыз оған? Қонақ емес пе? 

Келмей жатып дүрсе қоя бергеннің лайығы бола ма?

Н а р ш а . Мен осы шыдап-ақ жүргем жоқ па? Үндеме дедің, 

ауылында үндемедім. Тіпті,  не  онда,  не  мұнда мені  тірі  адам 

деп ойлау керек емес пе? Сөзіме нансаң, бүгінгі күйігім ішімді 

жарып барады. Сырымға ой-қыры бар ма? Кеше келдім, бүгін 

келдім дей ме екен ол. Осыны сенен тілеймін... Қазып сөйлесіп 

бер. Ойында не барын өзіме айтсыншы. Өзің көріп жүрсің, мені 

ылғи  шабақтап  келе  жатқан  жоқ  па?  Енді  осыдан  әрі  шыдай 

алатын емеспін.

А с а н   (ойланыңқырап  отырып).  Жарайды.  Мен  сөз  тар-

тып көрейін. (Нарша түрегеліп жүріп кетеді. Асан Сырымдар 



отырған үйге есіктен келіп). Сырым құда! Бері шығып кетші. 

Жалғыз ауыз сөзім болып тұр.

С ы р ы м   (бұған  шейін  үйдегі  жолдастарымен  ақырын 

әңгімелесіп отырады.  Асан келгенде жай қозғалып):

Асан сал, сал ішінде бір алуаны,

Тозған заң, азған заман палуаны.

Сал болмай, көбінесе жеңге болып,

Жүрген түрі, мінеки, қалып әні.

Жеткіз деп қандай сөздің тасымалын,

Қандай жан жіберді екен бозбаланы?

А с а н . Уай Сырым, қой, жаным... Сен менің соқтықпайтын 

кісімсің. Сенің сөзің асау қандай басқа шапшитын болған соң, 

сенен жырақ жүремін. Мен саған жол бердім ғой. Көп талас-

паймын... Бірақ сөйтсе де, сөз барымтасы жаман болады.

Ү й д е г і   с а л д а р .  Олай  болса,  айтып  жібер..,  айтып 

жібер. Ер шекіспей бекіспейді.

А с а н . Жоқ, мен Сырыммен шайқаспай-ақ тыныш жүрем. 

(Сырым  шығады.  Үйдегі  салдар  бұрынғыдай  ән  салып,  қыз-

дармен сүйісіп, күліп-ойнап отырады.)


229

V көрініс

А с а н . Сырым, саған белгісіз жай жоқ қой деймін, осы. Сен 

дағдыңнан жаңылмайсың, турашылсың.

С ы р ы м  (Тәкаппарлықпен қарап). Иә, Сырымға сый істеп 

жатырсың, ұқтық!

А с а н . Сен Қаракөзді жылаған қыз деп шашбауын көтер-

дің, наразылық мұңын айттың. Жүзі жүдеу, көңілі жадау күйін-

де айттың, бұл сөзің екі жүзді қылыштай болды. Екі басы бір-

дей ыстық темір болды. Бір жағы Қаракөздің қайғысын шығар -

са, тағы бір жағы Наршаны күйдіріп жатыр. «Әнеугі сөз анау, 

бү гінгі сөз мынау. Сірә, Қаракөздің қайғысы Сырымнан жасы-

рын емес. Қаракөз өзі айтпайды. Сырымның мен де туыс қа ны -

мын ғой, сезген, білгенін маған айтса қайтеді! Көптеп, кө мек-

теп Қаракөздің көңілін жазсақ не етер еді», – дейді. Бұған не 

айтасың?

С ы р ы м .  Мен  айтсам,  Қаракөздің  жұртқа  білінген  нара-

зы  көңілін  айттым;  ол  Наршаға  да  белгілі  болса  менен  несін 

сұрайды? Жігіт сияқты жігітке сол білгені де жетпей ме? Менің 

де білгенім сол шығар, одан әрі бірде-біреудің атын сұраймын 

десе,  менен  оны  біле  алмайсыңдар.  Мен  Қаракөздің  басын 

бұлғап  бұлдық  сатып  алмаймын;  мен  бүгін  туып  отырғаным 

жоқ, өйтіп саған кішіреймеймін.

А с а н . Сырым-ай, маңайыңды бастырмайсың, ешбір жан-

ға  құрбы  болмағандай  жат  тұрасың-ау!  Өзгені  тілемесең  де, 

қарындасыңның  бағын  тілемеймісің?  Наршаның  басы  бір 

әйелге тең емес пе? Екеуінің тұз еңбегін жарастырып жіберсең, 

аз еңбек қылармысың.

С ы р ы м .  Сырым  жат  адам  болып  туған.  Жанның  бәріне 

жат болып келе жатыр. Сенің еліңе келгенде қайта тудым деп 

келген жоқ. Қаракөздің ақылы ешқайсымыздан олқы емес. Өз 

қызығын өзі ойлап, өлмесін өзі білер. Жат елдің адамы болған 

күнде жолға салып, жөнін түзеймін деп, мен балуан шығатын 

орным жоқ. Бұл сөздерді өздерің ақылдас, мені ішке алғанды 

енді  тоқтат.  (Түрегеледі.  Қаракөз,  Ақбала,  Қәмшат  далаға 



шығады. Бастарына шапан бүркенген.)

VI көрініс

Қаракөз Сырымның қасына келеді. Бұл уақытта Ақбала, Кәмшат Асанмен 

күлісіп сөйлесіп отырады.

Қ а р а к ө з   (Сырымға).  Мені  тұншықтырып  барады  мына 

ауыл... Бір өзің болмасаң тынысым біткен сияқты. Шатасып ба-


230

рамын.  Есімнен  айырыламын  ғой  деймін.  Қайтермін,  жаным. 

(Жыламсырап.) Айтармысың бірдеме.

С ы р ы м  (сазарып). Мен не айтайын? Мені сөзден тыйған 

жоқпысың? Әлдеқашан қалған кісі емеспін бе мен...

Қ а р а к ө з . Қазір жер тар. Сөйлескім келеді... (Көзін басып 



жылап.)  Мені  тастама!..  Шыдауға  дәрменім  жоқ.  Ақбаламен 

сөйлесіп, жақында оңаша кездесетін орын байлаңдар. (Жүруге 



ыңғайланады.)

С ы р ы м . Рас па? Тағы да айнитың болсаң, өзіңді де, бізді 

де әурелеме.

Қ а р а к ө з  (әлсіреп бұрылып бара жатып). Айттым ғой... 

(Сырым артынан қарап тұрып қалады. Асан, Ақбала, Қаракөз, 

Кәмшатпен кетіп бара жатып, артта тұрған Сырымға қарап 

таңданып әндетеді.)

А с а н


Сұлу қыз бен келіншек – елдің сәні,

Сұлу кеткен елдің де болмас мәні.

Сұлу қыз тоғайлы өзен бұлбұлындай,

Бұлбұл кетсе тоғайдың жоғалды әні.

(Артына бұрылып қарайды.)

С ы р ы м . (Өз-өзіне)Рас... рас...

Жүректің жатқа кетсе қалағаны,

Үміттің қайта үзілсе жамағаны.

Бетінен жат болып кеткен оралмаса,

Жас төгіп егілмеске шара кәны!

(Күрсінеді.)

А с а н   (теріс  қарап).  Ай,  кәпір,  түрің  жаман  екен  (басын 

шай қап), білмеймін...

Шымылдық.

4-СУРЕТ

Жарық  айлы  түн.  Тұрсын  ауылының  сырты,  тоғай,  өзен;  алысырақта 

күзетшінің әні естіледі.

Ә н :


Көл жағалай бітеді көкше құрақ,

Ән салмағың қайда еді, қалқа шырақ.

Үйінде Әкімбайдың жиылыс боп,

Біржан салған ән еді жайма-шуақ.

Аяғын  шырқап  қайырып  тоқтайды,  айтақтап  ысқырып  қояды.  Тым-ты-

рыстан соң сахнаға жақындап, мұңайып айтылып келе жатқан ән естіледі, бұл 

қойшы әнінен бөлек.


231

І көрініс 

Сырым шығады. Сырымның әні.

Ә н :

Мен қандай, осы күнге шалшы қандай?



Жүруші ем жас күнімде қаршығадай.

Егер де осы аурудан жаным қалса,

Болар ем ескі апанды аршығандай.

(Жүдеп келіп үндемей отырады, әндетіп ысқырады.)



ІІ көрініс

Аздан соң Дулат шығады.

С ы р ы м  (Дулатқа қарап). Өзгелер қайда жүр, аттар дайын 

ба екен?


Д у л а т .  Дәулеткелді  мен  Қоскелді  аттарды  дайындатып, 

кешегі ақ қайыңның түбінде тосып отырамыз деп кетті (Тым-



тырыс.) Бірақ бұл күнге дейін бір жұмысты бұл қалай деп сұрап 

көрген жоқ едім, осы жолы осы жұмыстың лайығын сұрайын 

деп тұрмын, өзге болған жүрістің жолы бір басқа, мынау өмірді 

жұрт не дейді осы?

С ы р ы м .  Осыны  шын  айтып  тұрмысың?  (Қадалып 

қарайды.)

Д у л а т .  Шын  айтам...  Сен  істеген  істен  бой  тартып 

қалмаймын; істеймін, бірақ жөнін ұғындыршы!

С ы р ы м . Қоскелді мен Дәулеткелді сұрамай-ақ істеп жүр 

ғой, соларда ең болмаса сұрау білетін ақыл бар ғой. Сен олар-

дан тартымды, сақ кісі болғаның ба? Неменесіне бүліндің (Тым-



тырыс), сұрасаң айтайын... Сең жұрт айтқан лайығын іздесең, 

менің бір ісімнің лайығы жоқ. Қарындасыма кұмар болудың не 

лайығы  болушы  еді.  Естуге  құлақ,  көруге  көз  ұялатын  іс  деп 

үрікпейтін кісі болар ма?

Д у л а т . Өсектеймін, жаман атқа ұшыратамын деген жұрт 

аузына келгенін айта береді ғой. Мен оны айтпаймын. Өзімізше 

не деп жориық – соны сұраймын.

С ы р ы м . Менің ісімді бұл жүрген елде ақтайтын ешбір жан 

жоқ. Бірақ сонда да мен адам емеспін, мен Қаракөзге жаулық, 

жаттық  қылып  жүргенім  жоқ.  Жолында  жаным  шықсын  деп 

сүйгеннен басқа жазығым жоқ.


232

Д у л а т .  Білемін..,  ол  жайды  білемін  ғой,  біз  осы  жасқа 

келгенше талайдың талаймен жақындасқанын көрдік; өз басы-

мыздан да көпті атқардық. Бірақ сен екеуіңдей жалындап үзіліп 

тұрған жандарды көргенім жоқ. Болар деп ойлаған да жоқпыз.

С ы р ы м . Біздің осы көңілімізде не арамдық бар? Не жаттық 

бар? Қаракөздің басын мен сияқты болып әкесі сүйді ме екен, 

Мөржан  мендей  болып  сүйе  ме  екен?  Жасында  жетім  болып 

еді, жүрегі қаяулы, көзі жасты еді. Осының риза, наразылығын 

білейік, ренжітпейік демес пе еді олар; жан ашығаным, жақсы 

көргенім осы дейтін шығар. Олай болса, Қаракөзге тыңдатшы? 

Солардың әкелігін сүйе ме екен, менің жанашыр достығымды 

сүйе ме екен? Бұл күндегі әке-шешесінен менің көңілім әлде-

қайда ақ, әлдеқайда таза.

Мен  бұл  күнде  Қаракөздің  дүниеде  таппаған  досымын... 

Арамдық қай жерде, арамдық қай жерде?.. Қаракөзбен жақын 

болғанда, басқа жақынға жат болдың, арам болдың десе, міне, 

Құдай, міне, аруақ; осы арқылы бір туысқанымды жек көріп, әлі 

ешбіріне жат болмағаны ма... (Күрсініп.) Бірақ керегі не? Бұған 

сенетін де кісі жоқ; шынымен осылай болар-ау деп ойлайтын 

да жан жоқ. Мен ел-жұртқа жатпын. (Тым-тырыс.) Маған енді 

екі-ақ жол қалды. (Бұл уақытта Ақбала мен Қаракөз шығады.)

С ы р ы м  (алдына құшағын жайып). Жаным-ай, мұнша неге 

жүдедің, өңің қалай еді?! Не болған? (Құшақтап, құмарлықпен 



сүйіп жатып.) Ауырып тұрмысың әлде?

Қ а р а к ө з  (Сырымның мойнына білегін арта салып). Ауру 

емеспін, бірақ менің бұл күнгі саулығымда нендей қасиет бар? 

(Жылап Сырымды құшақтап.) Сәулем, мен қорқақ болуға ай-

налдым, жүрегім бір жаманшылықты сезгендей болады.

С ы р ы м . Не сездің айтшы? Білдірші маған?..

Қ а р а к ө з . Білмеймін... Не осы қайғыны көтере алмай өле-

мін, не жұртқа сыр білініп, соның ұятынан өлемін... Ішкен кісі-

дей маспын... Сенің кететініңді ойлаған сайын қайраттан айы-

рылып езіліп барамын.., қуатым! Біз ор жағалап жүрміз ғой.., 

құлаймыз  ғой  бір  осыған  (тым-тырыс),  мен  не  боламын.., 

қайтіп адам боламын? (Тым-тырыс.) Әттең, бірге туған туыс.

С ы р ы м . Қалқам, сенің қайғың айтпаса да белгілі. Тіліңмен 

сөйлемесең де жүзіңнен, көзіңнен ұғамын; жүзіңді көрмесем, 

өз  көңілімнің  қайғысынан  ұғамын.  Бірақ  енді  бұл  қалыпта 

қалудың өзі өлімнен артық азап болады. Оны ерте бастан білу 



233

керек.  (Қаракөз  құшақтап  жылайды.)  Осыны  ойлайық;  жы-

ламай  ойланып,  жол  тап!  Мен  әуелі  сен  ойлансын  деп  отыр-

мын.  (Екеуі  де  үндемей  сүйісіп,  сахнадан  шығып  кетеді.  Бұл 



уақытта Ақбала мен Дулат әндетіп сахнаға шығады.)

III көрініс

А қ б а л а . Құдай-ау, өмір бойы маңына ешбір жанды дарыт-

пай, ешкімге көзін салмай, жұрттың бәрін менсінбей келгенде, 

мұны мырза жігітке кез қылып, көз тұнжырататын күнәға ду-

шар қыларсың ба? Жұрт естісе не дейді? Әке-шешесі білсе не 

дейтін болады?

Д у л а т . Ақбала! Қаракөз бен Сырым ақыл-ойға ешкімнен 

кем емес, кінәластырсаң, осы халінде де ешкімнен жеңілмейді. 

Біз  ол  жағын  қояйық,  бірақ  жаңа  сезіктеніп  жүрген  кісі  бар 

дедің, сол кім? Соны айтшы!

А қ б а л а .  Бірдемені  білген  кісі  сияқтанып  жүрген  бірен-

саран кісі бар. Бәрінен де маған сезікті көрінетін – Асан мен 

Матай.  Әсіресе,  Асан.  Соның  көңілінде,  көзқарасында,  анда-

санда  қуланып  сөйлеген  тұспалында  бір  нәрсені  сезіп,  ішіне 

тығып жүрген кісі сияқты.

Д у л а т . Талай шытырманның ішінен бойымызды көрсет-

пей аман шығушы едік. Бұ күнде білінсе, кім біледі? Салдың 

жүрі сінің ой-қыры жоқ, елеусіз жақсы жүруші еді. Талай-талай 

сорақы боларлық істер сезілмей жүре беруші еді.

А қ б а л а . Әншейін кісі сезбегенімен, Асандар алаяқ жырын -

ды ғой. Өз басынан талайды атқарған, жер танып алған қу ғой.

Д у л а т   (күліп).  Ақбала-ай,  қарағым-ай!  Ақылшы  болуға 

тіпті жақсысың-ау. Осы өзіңнің қызығыңды көрмедім-ау!..

А қ б а л а  (күліп). Бізді қыз болмады, жас болмады деймісің? 

Өзің  сияқты  жөн-жобаны  үйреткен  жандар  болған  шығар. 

(Күліп.) Оны ғой қой, жайларыңды айтсаңшы!

Д у л а т . Менің білуімше, Асан да басқадан қырағылығынан, 

жырындылығынан  еш  нәрсені  біліп  жүрген  жоқ.  Осы  тұста 

біздің бозбаламыз мен бойжеткеніміз олақ болып кетті.

А қ б а л а . Айтсын, құмарлығы күшті болған соң, бұлардікі 

ән шейін  емес,  шын  ашықтық  қой,  баяғының  ашықтары  осы-

лар  ғой.  Қалқам-ау,  жамандайын  деп  айтқаным  емес,  төрем, 

мырза жігіт жоқта жады болған кісі сияқты болып, ешбір сөзді 

ұқпайды, есінен шатасқандай болып кетеді ғой.



234

Д у л а т . Рас айтасың, сезіктенген жұрт сондайдан сезініп 

жүр; әйтпесе жүріс-тұрысы олақ болып жүрген жоқ. Дулаттар 

талай қияндағы асылдардың мойнын бұрап, астына келтірген 

болатын, аңдуы, айғағы көп болып; жасанып жүрген елдің қыз-

келіншегімен де титтей жүрісті сездірмей, айлар-жылдар ойын-

сауық құрып едік, мынаның бәрі сол құмарлық күшті болып, 

балалардың бойын билеп, иығы түсіп құлап кеткендіктен.

А қ б а л а . Осы сен мырза жігіт пен төреме айтсаң қайтеді?

Д у л а т . Оған қалған күнде айтармыз, қазір тұра тұр. Сы-

рым басқа сөзді сөйлескелі келді Қаракөзбен...

А қ б а л а .  О,  не  сөз?  (Қаракөз  бен  Сырым  құшақтасып 



шығады.)

С ы р ы м . Мен сенімен ақылдасып сөйлескенім жоқ. Бірақ 

қазір  осы  уақытта  бізді  Дәулеткелді,  Қоскелді  ат  ұстап  күтіп 

тұр. Мен сені әкетемін деп келіп тұрмын.

Қ а р а к ө з . Не дейді?.. Қайда??.

С ы р ы м .  Қаракесекке,  менің  нағашыма.  Бұл  ел  саған  ел 

болмайды. Сен мені сүйгелі мен тыныштықтан айырылғанмын. 

Мен сені ұзатарда көрмеймін, енді мен қаңғып кетемін, бұрынғы 

күн маған жоқ деп едім; мені елге тастамадың, мен сонда енді 

екі-ақ жол қалды деп едім; бірі – көз көрмес, бірі құлақ естімес 

жерге сені әкету, сенің жолыңда өлу; енді біреуі – ол болмаса 

керуен  талап,  ел  шауып  жынды  болып  кету;  бүгін  сенің  кете 

алмайтыныңа көзім жетті. Бұдан әрі тосуға әл жоқ. Саған да, 

маған  да  ендігі  өмір  –  азап-қайғы;  бүгін  сол  екеуінің  бірінен 

басқа таңдау қалған жоқ, қайсысын істе дейсің, өзің айт!

Қ а р а к ө з   (ойланып).  Не  деймін?  Не  айтамын,  сонан 

басқа  істер  істің  қалмағаны  да  рас,  не  бүгінгі  күн  жат  болу, 

бір-бірімізден айырылу керек. Өлемін, үзілемін десем де бүгін 

«саған ере алмаймын» деген жауабымды беру керек, не болмаса 

беттің арын белбеуге түйіп еруге керек, етегіңнен ұстау керек; 

мезгілдің жеткені рас. (Күрсініп ойланады.)

С ы р ы м  (құшақтап тұрып). Ойлан осыны, ойла да, қазір 

бекін, екеумізге берген құдайдың дерті ешкімнің басына кел-

меген  дерт  (Бұл  уақытта  Матай  ақырын  бұғып  келіп,  бір 



тоғайдың  түбінен  басбақылап  тұрады.)  Сыр  ашылған  күні 

бізге лағнет айтқаннан басқа есіркейтін, аяйтын, жайды ұғатын 

жан жоқ... Бүйтіп бітеу жара қылып сақтап жүруге шама жоқ. 

Айында-жылында бір жолыққанды медеу қылып жүре алмай-



235

мыз, бізде жалын күшті. Біз жасырын жүрсек, тоқтау қылып, 

бойды  жеңе  алмайтын  болдық...  Не  мені  босат!  Бетіңмен  кет 

те.., болмаса ер маған! (Тым-тырыс.)



V көрініс

М а т а й   (Сыбырлап  өзіне).  Ә!  Ә!  Сұмдық  мұнда  ма  еді? 

Бәсе... Салдық-серілік жөні бір басқа... Асанның айтқаны келді 

ме?..  Сендердің  шырайыңнан  өзім  де  әлдеқашан  сезіктенуші 

едім...  Бәріміз  де  жас  болған  шығармыз...  Бірақ  мынаны 

көргенім  жоқ...  Енді  мұны  жалғыз  мен  білмеймін..,  көрерлік 

кісінің бәрі де көрсін... (Қыз бен жігіттерге қарап.) Оған шекті 

сөздеріңді пісіре беріңдер! (Жүріп кетеді.)

Қ а р а к ө з . Мені сен жеңдің, сен биледің, дүниеге тоқтауы 

жоқ,  тойымсыз  қылдың,  екеуміз  де  жолдан  тайдық,  адастық, 

енді адасқанды бетінен жарылқасын, өз берген қайғысын Құдай 

өзі жеңілтер алда...

Алда бізге де жарық күн бар шығар.., екеуміз де жетімдіктің 

үс тінде  зар  жылап,  қалған  күнде  бір-біріңді  уат  деп,  әуелі 

бауыр   қылып,  үйір  қылып,  артынан  жан  дескен  дос  қылып 

қо сып еді ғой. Бізді арам ниет қосқан жоқ еді... Басында адал 

бауыр лық пен туысқандық ақжүрек қосып еді ғой. Мен саған 

ере мін.., ермеске жолым тар.., тыным бітті... Құдай бетімізден 

жарылқасын.

С ы р ы м   (Құшақтап,  қатты  қысып,  сүйіп тұрып).  Олай 

болса, бүгін кетеміз. Біз дүниенің барлығынан тығылып, келін 

болып жасырынып жүретін қараңғылық күйінен құтыламыз... 

Біз қызықты, жанды жар өмірін сүретін боламыз; енді сөзді тез 

байла! Қазір кетейік! Аттар тосып тұр.

Қ а р а к ө з .  Сырым,  Құдай  қосса,  бұл  байлау  –  нық  бай-

лау, енді көңілге күдік кірмес; бірақ шыдау керек... Бұл бүгін 

істелмейді.

С ы р ы м . Енді қашан? Неге бүгін істелмейді?

Қ а р а к ө з . Бізді аяйтын әке-шеше, туған-туысқан болмаса 

да, аруаққа ерегесеміз бе? Аруақты өзіміз ойлайық, мына ауыл-

да, біздің ауылдың барлық үлкені жатқанда, кеткеніміз лайық 

болмас; солар кеткен соң болсын, болар іс.

С ы р ы м .  Ауылдың  үлкені  демесем,  бізді  қуса,  жаулық 

қылса, солардан үлкен жау, солардан әрі кетісетін жат жоқ. Бі-

рақ елдің елдігін ойламағандай, аруақты кішірейтіп, Қарауыл-


236

дың елін еңіретіп, белін сындырғандай боламыз, сондықтан бұл 

сөзіңді теріс дей алмаймын... Солар кеткен соң-ақ, бетті түзер-

міз. Келші енді, кел, сәулем, құшақпен бірге тілекті біріктірейік! 

(Құшақтасып ұзақ сүйіседі.)

Бұл уақытта сахнаға әндетіп Ақбала мен Дулат шығады.



VI көрініс

Д у л а т . Уа, шіркін, шерменделер!! Дүниеден осы құшақта-

рың айырылмай өтіңдер!

Қ а р а к ө з  (Сырымды құшақтап тұрып). Айтқаның келсін, 

осы  құшақ  айырылмай  әр  күнде  өлсең  де  арман  жоқ...  Тек 

тәңірі сол тілекке жеткізсін. Көңілімдегі бар тілекті сен айттың, 

тілеуің дұрыс достығың-ау... Дулат.

Д у л а т .  Қарағым  Дулат,  сенің  жолыңнан  не  аяйын  деп 

жүр  дейсің.  Тек  бетімізден  жарылқасын  дейік.  Ұзақ  сапарды 

қайырлы қылса, бізде арман болар ма еді?

Қ а р а к ө з . Құдайдан сол тілек орындалса, азды-көпті өмір 

сүрдім деп өкінбес едім.

С ы р ы м  (күліп тұрып). Сен бізді жолдан тайғызып, жаңа-

дан  туғызып  жібердің  ғой,  сенің  құшағыңды  тапқаннан  бері 

мен де, Дулат та – бәріміз маңдайына тас тиген кәрідей болдық. 

Біз серіліктен де, еркелік, қызық, желіктен де айырылдық қой.

Д у л а т . Рас айтады. Осы күнде сақал-шаш ағарып, қан та-

мыры суалған кәрі-құртаң бірдеңе болдық та қалдық. (Күліседі.) 

Рас айтам-ау, тіпті, енді неде болса, бір нәрсеге келіңдер! Бірде-

ме істеңдер, тіпті, мына жүрістен өлетін болдық. Құр күрсініп, 

құр  жылап,  құр  иығымыз  түсіп  қаралы  қатын  болып  кеттік, 

тіпті.


Қ а р а к ө з . Мен кім болдым? Менің бойым әлі оңалған жоқ, 

осында келгелі мен жынданамын ғой деп едім, келгелі жеті күн 

өтті. Сонан бері әлі бір түн де ұйықтағаным жоқ. Маған батып 

жүрген дерт қандай екенін түгел білген жоқсыңдар ғой.

А қ б а л а . Неге білмейік, біліп-ақ жүрміз; анықтап қараған 

кісі  байқайтын  іс  емес,  сөнуге  айналған  шамдай  еріп,  жанып 

бітіп барасың, өңің қандай болғанын байқамайсың өзің.

Д у л а т . Оны айтпай-ақ қоялық, кәпір қайғы деген қудың 

атын атамаңдаршы осы! Қаракөз күрсінгенде, өз өзегім өртен-

геннен бір кем болмайды. Мына шырайыңды көріп, бір жасап 

қалып  тұрмын.  Шіркін,  өлең  құрғыр  да  ауызға  түспейтін  бо-

лыпты осында келгелі!



237

С ы р ы м .  Кәне,  енді  жаңа  ниетке  бір  тілеу  тілеп  басып 

жібер, біз емін-еркін екеуіңнің батаңды алып тұрып сөйлесейік. 

(Құшақтап тұрады.)

Д у л а т  (әндетіп);

Жолды оңғар, тілекті бер, о, жасаған!

Қашсақ та қусақ тағы сендік саған.

Болғанда дұшпандар көп, біз әлсізбіз,

Сондықтан жүрек – қорқақ, үміт – шабан.

Сақтай көр, қара күннен аты жаман!

Дегендей тілек бітті, қызық тамам!

Екі жас тілеуіне жолды оңғарып,

Мақсатқа енді жеткіз есен-аман.

Қ а р а к ө з   (жылап,  Сырымды  құшақтап).  А,  құдай, 

осы тілек – шын тілегім, жолымды оңғармайтын болсаң, осы 

тілеудің үстінде ал!!

Бұл  уақытта  сахнаға  Асан,  Нарша,  Матай,  Жарылғап,  Жабай,  Мөржан, 

тағы екі-үш жігіт шығады.



VII көрініс

Н а р ш а  (сахнаға шығарда сөйлеп келе жатады).

Арғымақ жабы шыққаны:

Тұлпар тұғыл болғаны,

Аталы ұлдың азғаны, мінеки!

(Сахнаға  шығып.)  Мынау  осалдық,  серілік  емес,  бұл 

жасырынның ашылып, абыройдың шашылғаны... Міне, әкелері! 

Адал туған балаларың... (Еңіреп жылайды.)

С ы р ы м  (Қайраттанып). Рас... шынды айттың.., жалғыз-

ақ бүгін емес, көптен солай.

Ж а б а й   (ақырып).  Құдайдың  қарғысы  тиген  жүзқаралар, 

неғып тұрсың? Құдай мынаны көргенше көзім неге шықпайды?! 

(Сырымға.)  Арам  туған  ит...  Не  істедің,  неге  ұшыраттың? 

(Жарылғапты  көрсетіп.)  Мынау  кім?  (Мөржанды  көрсетіп.

Мынау кім? Байла, ойбай, тез мына иттерді... Сал қол-аяғына 

кісенді. Сырым, өрісіңе жет деп ем, бұған жеттің бе?

Сені өлтірмесем қатыным талақ, өзім кәпір болайын. Байла 

екеуін де! (Қасындағылары ұмтылады.)

М ө р ж а н  (Қаракөзді ұстап). Жүзіқара, жерге кір... Жүзің 

неге  күймей  тұр  –  арсыз,  ал  Құдай!..  Мені  бұл  күнге  шейін 



238

алмағанда сақтағаның осы екен ғой... Өлтір, екеуін де... (Жұрт 



Сырымға  жүгіріп  келгенде,  Сырым  қанжарын  суырып  алып, 

жуытпайды, жасқайды.)

С ы р ы м . Тарт.., мен өлсем өз бетіммен өлемін...

Ж а б а й .  Ұста...  Ұста  арсызды...  кәпір  болып  діннен 

шыққан қаражүздіні ұста! (Көп жұрт жабылғысы келеді, Сы-



рым  әрқайсысын  қағып-ұшырып  ұстай  сахнадан  шығуға  ай-

налып.)

С ы р ы м . Қалқам, қош!!!

Ж а р ы л ғ а п .  Мылтық  әкел...  Ат  итті...  Өлтір  осы  жер-

де (Сахнадан шығып кетеді. Бірталай жұрт шулап артынан 



қуады.)

С ы р ы м  (сахнадан шығып бара жатып). Өлтірерсің...



VІІІ көрініс

М ө р ж а н   (Қаракөзді  екі  кісіге  ұстатып).  Сал  кісенді! 

Табанын  тіліп  күң  қылыңдар,  бұл  арам  туған  итті...  Бетің 

тіліңгір.., қайтіп шыдап тұр мына бетің...

Қ а р а к ө з  (есі шыққан, өңі қашып жүдеген, әлсіз)Мен.., 

мен жазықтымын... өлтірт мені... мені тірі қойма... мен бәрібір 

өлем... (Айғайлап, жылап жығылып.) Ал... Құдай!... Ал мені ақ 

өліміңмен... (Екі жігіт қолына кісен салып жатады.)

Б і р і н ш і   ж і г і т . Мұндай да масқара болады екен... кәпір 

мы на лардың  қылығы  қандай  жаман  еді...  Өлсең,  өліп-ақ  кет 

енді.

М ө р ж а н  (жылап). Кеселді өл енді... Құдай қайда!? Қайда 



аруақ? Неге атпайсың мына жүзіқараларды? Не еттім, не дейін 

енді ел-жұртқа? (Өзгелер қайтып келеді.)



IX көрініс

Ж а б а й . Жерге кірсең қоймаспын, Сырым! Жаратқан мұн-

дай итті бергенше қубас қылып, сорлы қылып неге қоймадың? 

(Наршаға.) Мін тегіс аттарыңа, алғыз жылдам ат пен мылтық-

ты.  Жерге  кірсе  қоймаймын,  қуамын.  Қолымнан  бауыздап 

өлтіремін.

А с а н . Япыр-ай, мынау не деген сұмдық?!

Ж а б а й . Мына қызды кісендеп, босағаға таңыңдар. Екеуін 

бірге өлтіреміз... Қайда ат... Қайда мылтық? (Жүгіріп кетеді.)


239

Н а р ш а . Өзіне не болған? Не ғып жатыр?

Ж а р ы л ғ а п . Не болғанын қайтушы едің? Енді бұл өлсін, 

кәпірдің  қарасы  өшсін...  Қара  жерге  қара  басым  кіргенше 

кетпейтін  қара  таңба  болды  ма?..  (Жылап.)  Мендей  де  сорлы 

әке болар ма екен?..

М ө р ж а н   (Талықсып  отырған  жерінен).  Жердің  үстімен 

келіп,  астымен  қайтқаным  ба?  Менің  көзім  тіріде  менен 

туған  арамдар  мұны  істеді  ме?  Құдай  әлдекімнің  қарғысына 

ұшыраттың... Әкет Жарылғап мені таң атпай... Қара түнді жа-

мылып күңіреніп кетейін...

(Сахнадан  бәрі  кетуге  айналады.  Қаракөзді  сүйемелдеп, 



сүйретіңкіреп екі жігіт пен Нарша әкетіп бара жатады.)

Қ а р а к ө з   (өңінен  айырылған,  көзі  үлкейіп,  жүзі  есінен 



айырылғандай  бұзылып,  шашы  дудырап  шатасып).  Мен 

өлдім... өзім де  өлдім... шуламаса  да өлдім... Ә-ә-ә!?? Не  боп 

қалды осы?.. Дулат неге ән салмай қойды?.. Сырым неге қанжар 

ұстады... Мені өлтірді... Өлім... өлім...

Н а р ш а . Мынау не дейді? Жынданған кісіше. (Шошынып.

Не болған жаным, өзіне? (Сахнадан шығады.)



Ш ым ы л д ы қ


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет