Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағЫ 3-том мақалалар, ӘҢгімелер, аудармалар, пьесалар 1921-1929 "ДӘуір" "жібек жолы" алматы 2014



Pdf көрінісі
бет17/27
Дата19.01.2017
өлшемі4,32 Mb.
#2190
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27

ЖАЛҒАУ СӨЗ

(Эпилог)

Алдыңғы шал шығады. Бұрынғы пішіні, қолында бұрынғы қобыз сыбызғы. 

Тым-тырыстан соң. Сонан соң сері Сырым сынығынан жамалып, тірлік етті. 

Ардақты жұрт!! Ақын жайын өлеңмен айтқанымды ұғарсың, айтайын:

Моладағы соңғы түн аруақтан соң,

Төгіліп ағыл-тегіл өлең кетті.

Сырымға ұшан-теңіз сөз дарыды,

Ашығы бата беріп қол сермеді.

Аздан соң дәурендеді ақын тілі...

Іркілмей жақ сарнады күні-түні.

Қайғы мен шерден туған ақын болып,

Шерменен аспанға өрлеп жалын шықты.

Біресе бүктетілген селдей болып,

Екпіні тау теңселтіп, тасты жықты.

Құба жон ордай жол осылып қап,

Шары өрде шабынғанды інге тықты.

Қолына сыбызғы мен қобыз ұстап,

Сайқалдап сар даланы шарпып өтті.

Кескекпен шапшып тұрған ашулы жау,

Бетінен шошығандай жасып ықты.

Әуелде ызаланған жауын қуды,

Зарын төгіп көзінің жасыменен,

Қаралы қайғы басқан бетін жуды.

Бір кезде ашуменен тас боратты.

252


ҚАРАГӨЗ

2-нұсқа

Төрт актілі, жеті суретті трагедия

Қ АТ Ы С У Ш Ы Л А Р

Қ а р а г ө з  – бойжеткен.

С ы р ы м  – ақын сал, 25-те.

А қ б а л а  – Қарагөздің жеңгесі.

Ж а р ы л ғ а п  – әкесі.

М ө р ж а н  (семіз бәйбіше) – Жарылғаптың шешесі, 70-те. 

Ж а б а й  – Сырымның әкесі.

Н а р ш а  – Қарагөздің күйеуі.

А с а н  – ақын сал, Наршаның күйеу жолдасы.

М а т а й  – Наршаның жолдасы.

Д у л а т

Қ о с к е л д і    

Сырымның  достары.

Д ә у л е т к е л д і

Д у л а т  – ақын.

Т е к т і   қ ұ д а ғ и  – Наршаның шешесі.

Т о й с а р ы  – бас құда, Наршаның ағайыны.

Е г і н ш і   ш а л .

Б а л ы қ ш ы   ш а л .

То й ғ а   к е л г е н   ә й е л д е р,  қ ы з - к е л і н ш е к, 

т а б а қ ш ы л а р.

254


255

БІРІНШІ АКТ

Бірінші сурет

Жарылғап  ауылының  сырты,  дөң  асты.  Кешкі  мезгіл.  Жартас,  өзен, 

қайыңды тоғай. Қоңырлатып айтып келе жатқан ән естіледі. Үш жігіт шығады. 

Алдында домбыра тартып келе жатқан Асан бұлғақ.

А с а н .

Баянауыл басынан бұлт кетпес,

Қиядағы түлкіге құсым жетпес.

Ақбоз үйдің сыртынан аттандырып,

«Қош ағатай!» дегенің естен кетпес.

(Артына айналып қарайды. Нарша мен Матай үндемей сал-



бырап келеді. Асан көтеріліп.)

– Уһ... кең дүниеге шығып сергіп қалдым ғой!.. (Жолдаста-



рына.) Ой, шіркін!.. (Өлеңдете сөйлейді.)

Теңселе басқан тең жігіт,

Бейілі мырза кең жігіт!

Уа, бірің – жаға болғанда,

Бірің – берен жең жігіт!

Күйеумін деп сызылған 

Жеңгелерге жем жігіт.

Неге мұнша налыдың,

Қайыспас деген, ер жігіт?

Н а р ш а .  Асан,  сен  бұл  күнде  еркесің.  Тұнығы  бұзылмас 

айдын  судың  ақ  құсы  емеспісің;  көңілге  жақса  –  отырдың, 

жақпаса – ұштың, кеттің. Біз уайым айтып жүдетіп жүрмесек?

А с а н .  Жарқыным,  бас  алып,  құлақ  тігісіңді  ұнатпадым. 

Сөз сарыныңда кейіс бар ғой, мәнін айтшы!

Н а р ш а . Біздей жанның кейісі не болу керек, сезбеймісің? 

Қол-аяғым сау, басым аман, өзім жас. Ағайынның аялаған ба-

ласымын.  Тоқпақ  жалды  торының  үйіріндей  қалың  Досан 

бірімін. Өзімдей салтанатты қайныма келіп жатырмын. Қыз... 



256

қызық... думан, той. Тек сонда да менде арман бар. Саған соны 

айтпақпын. Менің дертім – Қарагөз...

А с а н . Қарагөз! Қарагөздің ақ жүзінде мін бар ма? Оны хор 

жігіт олқысынбаса, кім кемсінеді? Ер жігіт арман етер алтын 

тақ, иран бақ Қарагөздей-ақ болмас па? Не мін таптың?

Н а р ш а .  Рас,  Қарагөзде  мін  жоқ.  Қарагөздің  ақылы  мен 

көркі мен түгілі менен зор хан-қара, би-төренің қайсысына бол-

са да олқы келмес.

А с а н .  Енді  не  жетпейді?  Қарауылдың  асылы,  күміс 

бәйтеректегі бұлбұлы Қарагөз болғанда, сен оның алған жары 

екенсің, не тілейсің? Мен ұқпадым.

Н а р ш а . Қарагөз ақылымен, мінезімен тұсау салып тұр ғой 

маған.


А с а н .  Ой,  тәңірі-ай,  ақ  батамен  қосылған,  ақ  адал  малы 

төленген,  күйеуі  ұрын  келген  қалыңдық  қайтып  қапа,  не  деп 

қана тұсаушы еді сендей – нардай жігіт күйеуін?!

Н а р ш а .  Өзге  кебін  айтып  ие  қылайын.  «Көңілімді  ала 

алмасаң,  қарамасаң  қабағыма,  мені  құшпайсың,  маған  берген 

малыңды құшасың», – деді ғой.

А с а н .  

М а т а й .  

Бұл қалай дегені! Қандай сөз бұл?

Н а р ш а .  Бәсе  қай  қалыңдық  аузынан  шығатын  сөз  еді? 

Бірақ сол сөз шықты ғой Қарагөздің аузынан.

А с а н . Е, салмайсың ба тыйымды? Тартқызбайсың ба он-

дай қырсық мінез сазайын?!

Н а р ш а .  Қара  күш  пе,  зорлық  па?..  Зорлап  құшам  деп 

келдім бе мен өз жарымды.

М а т а й .  Е,  ата-баба  жолы,  кәне?  Тіпті  не  деп  тұрғанын 

түсінбедім-ау  осы  мырзаның!  Сазайын  тарттырып,  жазасын 

беріп салмаушы ма еді түзу жолға?

Н а р ш а . Оған қалса – ашудан, қамшыдан оңай не болушы 

еді! Бірақ Қарагөз ол құралды алып тұр ғой қолымнан.

А с а н . Қалайша? Бұл қалай болғаны?

Н а р ш а . Ол сондай мінезді, биязы, нәзік. Бір ауыз қатқыл 

мінез  қатаң  сөз  қатпастан,  үзіліп-талған,  өзек  жарған  асыл 

сөзбен,  әйел  баласынан  өз  басым  көріп-білмеген  сыпайылық 

әдеппен жүйкемді құртып тұрған жоқ па?.. Тек бірақ... әттең, 

бірақ сөйте тұрып сұлу Қарагөздің өзі және мені жатқа бала-

ды ғой. Жаңылмасам, жаным деген жақыны бар. Менің қайғым 


257

сол  ғой.  Алған  жардың  көңілінде,  талассыз,  зорлықсыз  еркін 

көңілінде  бірдің  өзі  болмасам,  маған  тірліктің  несі  сән?!  Бұл 

келген, күйеушілеген келістің несіне қуанайын?!

А с а н . Осы елдің сенімен бақ-талайын таластырар асылы 

кім? Соны айтшы маған?

Н а р ш а . Кім екенін білмеймін.

М а т а й .  Кім  екені  белгісіз.  Бірақ  соны  білу  керек.  Сен 

таппасаң табар жан жоқ.

Н а р ш а .  Аты-түсі  белгісіз  болса  да,  бақ-талайы  асқан 

дұшпаным бар.

А с а н . Қарагөздің елінде атағы шыққан жас пері – Сырым 

бар.  Ол  жаланған  ер,  жалындаған  ақын,  салтанатты  сал  Сы-

рым... Өз ауылы «тентек» десе де, ол сұлудың албастысы.

М а т а й . Сырымық не? Оны не деп айтасың?! Ол да Өсердің 

бірі емес пе?

А с а н  (жарыса). Рас, Сырым болуға қисын жоқ. Ол қыздың 

ағайыны. Аралары неше ата екен осылардың? Тым жақын емес 

те ғой өздері.

М а т а й .  Неше  ата  болса  да,  Өсер  ауылы  бір-бірінен  қыз 

алысқан емес қой.

Н а р ш а . Және шоқтай тұтас бір үйір емес пе бұл ауыл?

А с а н . Солай... Жеті атаға жетпей, қыз алысар бұлар емес. 

Оған жеткенде де құда болыспайды ғой мұндай ауыл. Ал тегі 

(ойланып), бұл елде Қарагөздің сол Сырымнан басқа теңі жоқ. 

Сұңқарын қарға шықпаса, арғымақ жабы болмаса, Қарагөздей 

бәйтеректің басын шалар қанат-қияқ жоқ. Мен мәнісін білмедім.

М а т а й . Өзге біреуді айтпасаң, Сырым деудің орны жоқ.

Н а р ш а . Сырым демеймін. Бірақ «мен» деген дос – сендер-

ден тілейтінім – осы жарамның атын атап, тегін танып беріңдер! 

Қарагөздей тектіге кез болмасам етті? Кез болған соң, оңынан 

келсем  етті!  Мына  шерді  зіл-қара  тастай  көтеріп  жүргенше, 

шыққыр жаным шықса етті!

А с а н . Асыл жігіт, азба! Жасырынған жау жатағы табылар! 

Тек қана сыр ұшығын берік ұста! Аруағың әлі-ақ басады.

Жүріп  кетіседі.  Аздан  соң  сахнаға  сәнді  киінген  бір  қыз,  бір  келіншек 

шығады. Екеу де жұқа қара жібек шапан жамылған. Қарагөз бен Ақбала.

А қ б а л а . Ұшығыңа жеткізбеген бір баласың ғой, әйтеуір. 

Наршаны менсінбейді дегенді жұртқа не деп айтарды білмей-

17–1247


258

мін.  Осы  елдегі  бас  көтерген  жас  жігіттің  талайы  тоғыз-

тоғыздан  жолын  алып,  сенен  бір  ауыл  жылы  жауап  әпер  де-

генде, жалғыз сөзге зар болып едік. Аяғыңа бір күн отыртқан 

жоқ  едің.  Қашаннан  келе  жатқан  іс  еді  мұның?  Сені  жолдан 

тайғызған кім? Соны айтшы.

Қ а р ө г ө з . Кім екенін айтпаймын. Осы жерде бүгін түсін 

көресің. Бұл істің басталғаны кеше ғана... Қара түнді жамылып, 

жан сырын ашысқанға бір-ақ жұма. Содан бері екі-ақ көрістік... 

(Пауза.) Бізді қосқан жай желік пен құмарлық емес! Саған ай-

тар ең үлкен шыным осы.

А қ б а л а . Атын аташы, ол кім?

Қ а р а г ө з .  Ұзақ  сапарға  аттанарда  өмірбойға,  біржолға 

жеңгелік қарыз өте дейтін тілегім болса, сол осы!

А қ б а л а  (тоқтап тұрып). Жасыңнан сырың өзге жансың 

ғой, Көзжақсым! Мені шегелемей қоясың ба!..

Бес-алты сал келе жатады. Ортасында – Сырым.

Көзжақсым-ау,  мынау  Жуас  қайнағаның  баласы  ғой.  Мол-

да  жігіт  келе  жатыр,  ойбай!  Бұлар  бірдеңе  сезген  бе?  Аңдып 

жүрмесін бізді? Әлде әлгі келетіндерді аңдып жүр ме?

Қ а р а г ө з . Шыдай тұр... Бұлар жаулық қылмайды... Сырым 

бізге жау емес.

А қ б а л а .  Не  дейді?  О  да  біле  ме?  Бұл  тентек  еді  ғой, 

бірдеме деп, пәле бастап жүрмесін?

Салдар бұларға тура жүреді... Тегіс сәнді киінген. Қарагөз Сырымға қарсы 

жүріп.


Қ а р а г ө з . Сырым... Жүрегім!..

С ы р ы м   (құшағын  жайып  қарсы  келе  жатып).  Қара 

түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ-жарығым, маңдайдағы 

жұлдызым!  Торға  түскен  ақ  тотым...  келші,  күнім!  (Екеуі 



құшақтасады. Салдар күле қарасып, қосыла домбыра тартып 

қалады.)

А қ б а л а .  Көзжақсым,  мынау  ойының  ба,  шының  ба?! 

Алыс тан тапқан ба десем, жаңа көрдің бе осы тентекті?

С ы р ы м .  Ақбала,  айыбыңды  ал,  жаным,  тек  жазғырма! 

Ол – Қарагөз, мен – Сырым. Қарагөздің Сырымнан артық жары 

болушы  ма  еді?  Сәулемнің  менен  өзге  теңі  кім?  Мен  жылап 

жүріп тілеп алған.


259

Қ а р а г ө з .  Жеңеше,  Ақбала...  сүйгенім  Сырым  болмаса, 

мен жалғызбын дер ме едім? Сенен көмек сұрар ма едім?

А қ б а л а   (төмен  қарап).  Білмедім,  шырағым...  Тек  әжең 

мұны қарғағаны қайда?

Қ а р а г ө з . Әжемнің қарғағаны жетістіріп пе еді мені?

А қ б а л а . Тек түбін өзің біл, Көзжақсым!..

С ы р ы м  (Қарагөзге). Ақбала да біздік екен ғой, сәулешім! 

Сен жалғыз емессің! Салдарым, Қарагөз әні кәне?!

Ақбала төменде, Сырым мен Қарагөз құшақтасып тас басына өрлейді.

Д у л а т  (өлеңдете сөйлеп).

Күзетші біз отырған сыртта барлап,

Маңайда дұшпандар жүр жындай сарнап.

Екі асық, ынтық болған мұратқа жет,

Жау жатсын іші күйіп онда зарлап!

Қошемет сөз айтамыз сендерге арнап,

Қостайды салдар сізді асық жарлап.

Мақұлдар теріс десе, жолын алсын,

Береміз қалы кілем, қара нарлап!

Сырым күрсінеді. Салдар Ақбаланың айналасына жиналып, ақырындап ән 

салып отырады.

С ы р ы м  (Қарагөзге). Көрмесем деген зауал шаққа жетем 

бе? Не боламын сонда мен?

Қ а р а г ө з . Қайран, Сырым, жан Сырым!.. Жат тағдыр жат 

ететін шаққа жеткізді ғой мені саған.

С ы р ы м .  Не  дейсің  сен,  Қарагөз?  Арыздаса  келіп  пе  ең 

менімен? Айрылысар шақ жетті деп тұрсың ба?

Қ а р а г ө з . Менде ерік қалды ма?

С ы р ы м . Солай деп көнбіс боласың ба? Өртегелі келдің бе 

мені?


Қ а р а г ө з . Бірге өртенгелі келсем ше?.. Бізден аяған от бар 

ма?


С ы р ы м .  Соның  үстіне  өзің  де  көнермен  боп,  менің 

көңіліме тағы бір от тастап тұрған жоқсың ба?

Қ а р а г ө з . Жаным, Сырым қызғанышың балалықтай ғой.

С ы р ы м .  Я,  мен  қызғанамын.  Мал  қызғанбаймын,  жер 

қызғанбаймын,  жанып  кетсін  дүние-мүлік,  барлық  тірлік  – 

бірін де қызғанбаймын! Бірақ бір сені бар әлемнен қызғанамын, 

бар  дүние  көзінен  қызғанамын!  Қорғағым,  қоршағым  келеді 


260

қанатым  астында.  Бөтеннің  көзінен  де  қызғанамын.  Бұл 

қызғаныш  –  табынатын  тәңірім  бүгін  дәл  менің!  Сен  не  деп 

тұрсың? Менен сені айыратын жанның жазығы жоқ – Наршада 

айып жоқ демексің бе?

Қ а р а г ө з . Ол жанның дәл өз басында, шынымды айтам, 

әлі мен айыптар сұм-сұмдық мінез көргенім жоқ.

С ы р ы м .  Не  дейсің,  Қарагөз?!  Қайтіп  қана,  қандай  ғана 

отқа өртеп тұрғаныңды білемісің сен мені? Одан да салсаңшы 

мына сапыны менің жүрегіме!

Қ а р а г ө з . Олай деме, жаным Сырым!.. Менің бар дүние-

ден бөліп-жарып алғаным – бір ғана сен өзіңсің? Қандай азап 

көрсем  де,  қай  қайғыда  тебіренумен  жүрсем  де,  жүрегімнің 

түбінде құпия боп тығылған жалғыз бір сәулем бар. Өз ішімде 

жанған сол күнім, сөнбес жарығым бар. Әр қайғыда, қауіпте, 

әртүрлі қыспақта «сол жарығым, сәулем бар ғой» деп күйінген 

жаныма жұбаныш табам... Соным – өзіңсің, сен ғанасың! Бірақ 

Наршаны кінәламаймын дегенім – айтқаным айтқан. Ол топас 

болса, озбырлық, зорлық, қара күш иесі болса, оңай еді барлық 

емі.  Ол  мені  өзгеше  бір  момындық,  жуастық  майдалығымен 

тұсағандай болады (Екеуі айналып кетіп қалады.)

Д у л а т   (Ақбалаға  иіле  беріп).  Жаным-ау,  әлі  осы  мен  ай 

қарап тұрмын ба? (Өлеңдетіп.)

Күндіз-түні шарлап,

«Қыз-қыр-ай» деп жас парлап,

«Ақтамақ» деп жыл сарнап!» –

жүргендегі іздегенім – осы отырған Ақбала... Бәйтеректей жа-

панда, жалғыз біткен тақбала... емес пе еді? (Аймалайды.)

А қ б а л а . Адасып жүріп айға бата қылғандай, аяқсыз жүріп 

кез келгеніңді мен қайтейін. (Құшағынан босанады.) Біз десең, 

бұрын көрмеп пе ең! (Күледі. Бұл топ сейіл қып құшақтасып 

өтіп кетеді.)

С ы р ы м . Мен бұл шаққа дейін сағым қуған Сырым едім. 

Тек сені ғана тапқаным өмір таңым атқанын, ашық арай алтын 

күнім  туғанын  аңғартпап  па  еді  маған?  Кеше  ғана  сәтке  ғана 

адасып  жүрген  жанымның  бағы  ашылып,  күні  туыпты.  Сен 

емес пе ең сол жаным тапқан жаннатым? Содан бері мен түк 

дүниені  көрмеймін  де  сезбеймін.  Бар-бар  айналадан  бір  сені, 

сені ғана көремін. Мен сені үнемі көрем – далада, ауылда, қара 

түнде, иесізде, айдалада, елсізде, әрбір салған әнімде, тартқан 


261

күйімде  ұдайы  көз  алдымда  өзіңсің!  Қарайсың  да  тұрасың... 

Солайсың сен, ару Қарагөз! Қарагөз ару асығым!..

Қ а р а г ө з . Есіл Сырым!.. Сен осындай болмасаң, мен мұн-

дай зарлық болар ма ем?!. Жаңағы бар сөзің – менің аузымнан 

шық паса да, жаныммен күнде құпия сыбырлап, жалбарына ай-

тып жүрген жайларым ғой! Кеше ғана сыр ашысқан сорымыз 

да!


С ы р ы м . Сені қара түнде, ақ боранда, қатер үстінде ажал-

дан  айырғанда,  адасқан  далаңнан  тапқанда,  «енді  айырылмас 

боп табыстық» демеп пе ем мен ішімнен!

Қ а р а г ө з . Маған да сен болмасаң, өзге кісінің басы қайғы 

болар ма еді?

С ы р ы м . Маған барыңды айтып кет. Мені неге келтірдің? 

Кешегі қорғаншақтық болса, неге шақырдың бүгін мұнда?

Қ а р а г ө з .  Сағындым,  көргім  келді,  ынтыға  сағынамын. 

Есім кете сағынамын, жан құштарым! Сол үшін шақырттым... 

Әйтпесе менен бір ой шығады дедің бе?



Салдар қайта келеді.

Дулат (өлеңдете сөйлейді).

Ақбала, мен қайтейін қабағынды?

Әлі де ұмытқам жоқ баяғыңды.

Ұрысып келген сайын дарытпайсың,

Басасың қашан түзу аяғыңды?

Ақбала, мен кенейін тамағымды,

Ұмытам сендей қайтіп қарағымды?

Еріттің, елжіреттің, қызықтырдың,

Жан жанан, өзіңдей жан жананымды.



Өтіп кетіседі.

С ы р ы м :

Сен менен кетсең, –

Антым болсын осы сөз

Жас тілегім, құшағым,

Бірге кетсін сенімен!

Сол тірідей өлгенім,

Шала жанып сөнгенім.

Сенсіз маған дүние тұл,

Өрттен қалған денем құл,

Өртеймін десең өзің біл!

Сенсіз қалған Қарауылдың жайлауы көр. Жарық айлы түн, 

жұлдызды жарық кеш неге керек сенен соң?!

Салдар оралады.


262

Д у л а т  (Қарагөз бен, Сырымға сөйлейді).

Жас өмір сылдыр-күлдір әлі-ақ өтер,

Қызығын бірі қалмай, бәрі кетер.

Бүгінгі алмадайын Қаракөзім,

Сол күнде күйің не боп, күнің не етер?

Қарағым, көп күрсінбей сөзін бітір,

Күткен көп үйге қайтар көзің жетер.



Өтіп кетіседі.

Қ а р а г ө з . Мал бергеннің жетегінде кетіп, іші өргеніп зар-

мен өткен қазақ қызы аз ба?.. Малға балап, батамен матап, мені 

де осылай көп қыздың бірі етіп қор етер деп ойласамшы осы 

шаққа дейін сорлы басым? Маңдайыма кеп тас тигенде – енді 

ғана  бар  қазасын,  шер  жарасын  аңдаппын.  Бүгін  ғана  сенің 

жаныңда, аяулы асық жарым жаныңда осы дүние сұмдығынан 

үркіп  тұрған  жүрекпен  бауырыңа  тығыла  тұра  айтарым: 

лағынет, лағынет болсын сол қызықсымақ, сауықсымағына!

С ы р ы м . Қостадым, жаным, жаныңмен үріккен зарыңды!.. 

Лағынет,  лағынет  болсын  сені  тұтқын  етем  деген  қаралық 

малы, арам малы, қалыңмалына! Қаңғыманың алды осы түннен 

басталсын!..

Қ а р а г ө з .  Жоқ  жаным...  Атама  оны!..  Сен  ертең  мені 

ұзатқан  жерге  келесің.  Тіпті,  мені  барар  жеріме  де  апарып 

саласың. Әйтпесе бір емес, екі өлгенім...

С ы р ы м .  Жоқ...  жоқ!..  Менің  бармағаным  артық!  Мен 

елдің  қызығын  бұзып  кетермін.  Жаралы  жас  аюдай,  дұшпан 

атаулының беті-басын жаралармын, мені босат!

Қ а р а г ө з .  Мені  сен  апарып  салмасаң,  көзім  жасын  кім 

тыяр? Қайғылы басым кім сүйер? Тілеймін, жаным!..

С ы р ы м   (ойланып  тұрып).  Олай  болса,  жарайды!  Біз 

келерміз.  (Қарагөзді  сүйіп  айырылуға  айналып.)  Қарағым-ай, 

Өсерден неге тудың? Тумағыр басым неге тудым алтыншы атам 

Өсерден?! (Қайғырып тұрады.)

Салдар шығады. Ақбала мен Қарагөз кете барады.

Д у л а т  (Сырымға). Не деп жүдетіп кетті Қарагөз?!

С ы р ы м . Қарагөз шыдамады. Біздің енді не боларымызды 

құдай білсін. Бірақ Қарагөзді Досан ауылына апарып салатын 

болдық. Ертең – той, айтылатын «жар-жар» бар. Қарагөздің ке-

тер күні Қарауылдық елі мен белін күңірентіп неге кетпейді?


263

Д у л а т   (бекініп).  Бәсе,  Қарагөзімізді  әкететін  жауларға, 

тым болмаса бір оқ атып қалайық. Барып-барып жығылмас па 

екен? Әкетсе де, соққы жеп кетсін. Неге қарап қаламыз?

С ы р ы м . Рас айтасың.

Қ о с к е л д і . Бәрекелді, жақсы болды. Тілді безеп бір баға-

йын!

Д ә у л е т к е л д і . Өзіміз Қарагөз кетеді дегелі жабы болып 



бара жатыр ек. Сілкінейікші бір!

С ы р ы м . Жә, біздің жар тек болмайды. (Көтеріле серпіліп.

Біздің өлең:

Қарагөздің жанына 

Жара салған жарына,

Күңіренткен зарына...

Д у л а т  (іле).

Қайғылы болған халына,

Айырбас болған малына.

Қ о с к е л д і .

Артта қалған ағайын –

Туғаны мен барына...

С ы р ы м  (басын изеп).

Назалана, налына,

Бетін ашып тарыла.

Сөйлеген  сөзін  жыр  қыламыз.  Осыған  тіл  безеңдер  (Аз 



тым-тырыс.) Егес болса – егес. Мен Қарагөзден қалмаймын. 

Күдерімді үзбеймін әлі де. (Салдар қосылып, ақырын әндете.)

Бәрекелді, сал Сырым,

Көрсетсеңші сән түрін,

Тарқатсаңшы ой кірін;

Айтушы едің сен бұрын,

Шырқатсаңшы ән бірің!

С ы р ы м . Баста олай болса, «Қарагөзге»!



Бәрі қосылып ән салады.

Серінің қыз құтылмас талабынан, 

Қалқатай, бір сүйгізсең тамағыңнан. 

Жеңгетай, тоғыз торқа толып жатыр. 

Сілкіп ал шалбарының балағынан!

Қарагөз айым!

Қалдың кейін!


264

Кеткенде сен алысқа 

Зар еңірейін!

Кетіседі.

А с а н  (жалғыз шығып, өлеңмен сөйлеп).

Қара шапан жамылып,

Қыз кетеді бір жаққа.

Ән шырқатып қағынып,

Сал кетеді сол шақта.

Салқын кеште сейіл ғып,

Кім келеді бұл тасқа?

Жолығуға ыңғайлы 

Болғандай-ақ мұңдасқа.

(Таңданып.)

Мәні-жөнін ұқпадым,

Сонда да мұнда сыр басқа.

Ойланып тұрып, ақырын ысқырып жүріп кетеді.



Шымылдық.

ЕКІНШІ АКТ 

Екінші сурет

Той күні. Бір топ әйел оқшау тігілген отауды көріп жүр.

1-ә й е л . Қыздың отауы осы ғой. Анау дөдегелерінен танып 

тұрмын.  Ұзынтұра  қайнағаның  бәйбішесі  істеген.  Іші  қандай 

екен, кірсек қайтеді? (Үйге кіріседі.)

3-ә й е л . Алған малын түгел жұмсайым деп отыр десіп еді 

семіз бәйбішені.

2-ә й е л .  Түгел  жұмсап  құтырып  па?  Онда  қыздан  олжа 

қылғаны қайсы?

1-ә й е л .  Бәсе,  «бұл ауыл қыз сатумен байыған  ауыл» деп 

сөйлейтін қауесет бар ғой.

3-ә й е л . Бәсе, тегін болмас сол сөз. Пәлен-батыр мол жаса-

уы көрінбейді ғой.

1-ә й е л .  «Бұл  жолы  бермеймін,  жасау-жабдығы  дайын 

емес»,  –  дескен  екен.  Қарагөздің  наразы  боп  жүргенін  сезіп, 

тоқтатпай беретін болыпты ғой.

2-ә й е л . Қарагөзді жолдан аздырып жүрген кім екен, ей?


265

1-ә й е л .  Досы  кім  екенін  білген  жан  жоқ  дейді.  Әйтеуір 

мына күйеуге ырза емес деседі.

3-ә й е л . Көрейікші күйеуін! Бұл үйді «жар-жарға» дайын-

дап қойған-ау, тегі.

2-ә й е л . Қыздың «жар-жарын» кім айтар екен?

1-ә й е л . Жүр ғой осында салдар. Сырым да жүр екен. Бұл 

жолы  қайтер  екен?  Өзгенің  қызын  ұзатарда  «күйеуіне  ырза 

емес» деп қайдағыны айтушы еді. Айтқыш болса, Қарагөздің 

наразылығын айтсыншы, көрейік!

2-ә й е л .  Сырым  тайсалар  деймісің?  Бұл  күйге  шейін  ой-

қырына  қарап  көрген  жоқ.  (Тамсанып.)  Осы  біртүрлі-ау  өзі. 

Бетің бар, жүзің бар демейді.

3-ә й е л . Мен тіпті жүзіне қарауға шыдай алмаймын кейде. 

Тек бір алмасы бар сияқты.

2-ә й е л  (күліп). Құрып қалғыр, қызығып жүр екенсің-ау!

1-ә й е л . Қызықса несі бар. Жас болмап па жұрт?

Табақшылар өтіп жатады.

1-т а б а қ ш ы . Ей, қатындар, кісісі жоқ үйді айналдырғанша, 

ана ізденіп отырған жігіттерге – күйеулер үйіне барсаңдаршы!

2-т а б а қ ш ы . Тым-ақ мөлдіреп тұр екен. Бұларды кім ке-

рек қыла қойсын?

2-ә й е л . Етіңді тасы жөндеп. Саған «жігіт тауып бер, басы-

мызды өткізе алмадық» дедік пе?

1-ә й е л .  «Жігіт  қарамады»  деп  саған  жалындық  па? 

Сұқсырдай неме! (Күліседі.)

3-т а б а қ ш ы .  Бүлінбей-ақ  қойыңдар.  Сендерге  де  өліп-

талып тұрған кісі жоқ. Не қылсын өңшең ашамайдай қып арса-

арса кәріні!

Бұл топ кетіседі. Екі келіншек ерткен Ақбала келеді.

А қ б а л а .  Ол  жібекті  мына  шымылдыққа  іл,  оңайға  қой, 

жар-жаршы кыздар жамылады.

1-к е л і н ш е к . Жігіт жағынан «жар-жар» айтатып Асан бо-

лады. Ол бір самар көрінеді. Қыздар ештеңе айта алар ма екен?

2-к е л і н ш е к .  Е,  айтпай,  бүгін  туып  па?  «Жар-жарды» 

Еркемнің  өзіне  айтқызса,  Асанның  әдібін  қолына  берер  едіі 

Ұзатылатын қыз болған соң, иба қылады ғой. Болмаса, Сырым-

нан екі елі айырылмай, өлең мен ән үйреніп, ойын-тойда тамам 

қыздың алдына түсуші еді.


266

А қ б а л а .  Олар  үшін  айтатын  кісі  табылар.  Молда  жігіт 

дағдысынан жаңылмаса, жігіттерге қосылар деймісің!

1-к е л і н ш е к . Әжемнен қаймықпаса, ұрсады деп!

А қ б а л а . Қаймығатын кісіні тапқан екенсің!

2-к е л і н ш е к . Япыр-ай, әжемнен бай ауылының бар еркегі 

осы күнге шейін қорқып, сыйлап тұрады. Сырым неге соларша 

именбейді?

А қ б а л а . Жас күнінде өз шешесі өлгеннен бері жатбауыр 

болып кетті дейді ғой.

1-к е л і н ш е к . Болса болар-ау! Өзі мына шешесінен өгейлік 

те көріпті ғой бала кезінде.

Қолында  таяғы  бар,  жуан,  семіз  бәйбіше  –  Мөржан  шығады.  Жанында 

күтуші қыз.

М ө р ж а н  (отаудың есігінен қарап). Болдыңдар ма, түге? 

Ақбала, мұндамысың?

А қ б а л а . Болдық, әже!

М ө р ж а н .  Тысқа  кілем  әкеліп  жайыңдар!  Жұрттың  бәрі 

үйге сыя ма? Қарагөз аттанғанша, күйеулерді төбеңнен тік жүріп 

күт! Қарагөз қайда өзі? Ол үйінде неге отырмайды? (Ақбалаға 



оңашалап.) Мен бір суық естідім. Осындағы қатын-қалаштың 

аузына да жайылыпты. Ол тағы не сұмдық? Сен білуші ме едің? 

Ауылға,  аруаққа  нұқсан  келтіретінін  ойлаймын  деймісің  сен? 

Сезгеніңді айтпай, ішіңе тығып жүрсің-ау, дәу де болса!

А қ б а л а .  Несіне  тығайын.  Көзжақсымның  ырза  еместігі 

Наршаға да мәлім болыпты. Білгенмен, мен қайтейін?

М ө р ж а н .  Нарша  да  біліпті  дейді?  Шынымен-ақ  менің 

асыраған  балам  жаманатты  болғаны  ма?  Мұның  не  білген 

ойы  бар?  Шақыр  мұнда  Қарагөзді!  (Қыз  кетеді.)  «Жетім 

қозы  –  тас  бауыр»  деп,  қанаттыға  қақтырмай,  туған  шешесін 

жоқтатпаймын  деп  келсем  де,  бар  қадір-қасиетімді  басқа 

тепкені  ме?!  (Ақбалаға.)  Мұны  бұзып  жүрген  кім?  Наршадан 

асып тапқаны қайсы, менсінбегенде?

А қ б а л а .  Әже,  «Наршаны  жақтырмады»  дегені  болмаса, 

басқа бір кісі бар деп ешкім ешбір сөз айтпайды. Мен де түк 

білмеймін.

М ө р ж а н . Я, сенгенім-ақ!.. Соның сенен жасырын қойма-

сы  бар  шығар!  Баламның  ойын  бұзатын  әзәзілді  иіскемей-

ақ  білемін.  Жеңгемін  деп  қас  істемейтін  істі  сен  сияқтылар 


267

істейтінін сезбейтін шығармын!? Тек қонақ аттансын, тап сенің 

ініңе су құярмын, бәлем! Білдің бе?!

Көп қыз-келіншек нөкерімен сәукеле киген Қарагөз келе жатады.

Қарағым,  неге  жүдеусің?  Мынау  отауыңа  «ұзағынан  сү-

йіндір» деп оң аяғыңмен аттап кір. Атаң – күйеу, анаң – келін 

боп тілеу тілеп кірген ақ күмбезі осы болар!

Қарагөз кірмей, үндемей тұрады.

Кір, жарығым, жасық боламысың, шіркін, әлде немене?

Қ а р а г ө з . Әже-ай, кірерміз де, шығармыз да. Оның несін 

ырым қылдың? Қай қыз «сапарымды оңда» деп тілеу тілемейді 

дейсің?  Соған  қарап  бағы  ашылар  болса,  кім  тілемес?  Жылы 

ұядан шығып, жат қияға кетіп барам, одан да батаңды берсеңші!

М ө р ж а н . Менің бата бермей жүрген балам ба едің сен?.. 

«Ана  сүтті,  ақ  батамды  ақтамасаң  –  саған  серт,  тілеуіңді 

тілемесем – маған серт!» дегенім қайда? (Пауза.) Басқан ізіңнен 

сынайтын жаттың ортасына барасың, сақ бол! Өркөкірек қып 

өсірген өзім едім, өлшеуіңнен аума, жаным!

Қ а р а г ө з . Әже, мені бір шаруаға шақырттың ба? Әлде бір 

айтпағың бар ма еді?

М ө р ж а н .  Иә,  қарағым,  айтпағым  бар  екені  рас.  Сенде 

осы қызығын қызықтағысы келмеген жадаулық бар дейді. Мен 

сенің жолыңда жаным шықсын деген анаңмын. Саған жаманат 

тағылғанша, менің кәрі басыма ол қайғыны салғанша құдайдың 

алғаны артық деп жүрген адаммын.

Қ а р а г ө з .  Мен  сонша  жаманатты  болыппын  ба?  Не 

істеппін?

М ө р ж а н .  Сенің  қабағыңа  қарап,  Нарша  да  жүдеп  отыр 

дейді.  Оның  да  көңілі  сынық  сияқты  маған.  Осыдан  артық 

сұмдық бола ма? Бұл ма еді менің күткен күнім? Осыны тойға 

жиылған  өсекші  қатындар  тобы  сусылдап,  ордалы  жыландай 

ысқырып өсекке таңып, жұртқа жайып барды дейді. Қарағым, 

мен сенен мұның жай-жапсарын сұрамаймын.

Қ а р а г ө з . Неге сұрамайсыз? Мені бұл болмаса – күл бол-

сын дегеніңіз бе? Әйтпесе қызының күйін шеше сұрап білсе, 

мін болар ма еді?

М ө р ж а н . Жоқ, жаным, маған сұратпа! Маған ол күйігіңді 

тарттырма!  Осы  білгенім  де  жетер.  Шешеңнің  ауыр  салмақ 

көтерер  сиқы  жоғын  ойла!  Мына  тойыңды  қуанышпен  өткіз! 


268

Жабығып, жасытпа жолдасыңды. Ондағы мен мұндағы еліңнің 

жүрегін мұздатпа!

Қ а р а г ө з . Кім болса да қолынан келгенін істер...

М ө р ж а н . Балам, жоқ сұмдықты бастама! Жұрттан естіп 

жатқан  суық  сөз  де  жетер!  Салғыласпа  енді  менімен!  Болды 

енді, үйге кір!

Қыздар үйге кіреді. Күйеулер тобы шығады. Бір бөлек құда-құдағилар.

(Мөржан  Наршаның  алдынан.)  Қарағым  Нарша,  ұзағынан 

сүйіндірсін!  «Қыз  алғанша  –  қайын  жуан,  қыз  алған  соң  – 

күйеу жуан» деген! (Күйеулер тәжім етеді.) Енді Қарагөзім де 

бір, сен де бірсің. Екеуің де қара өзегімді қақ жарып шыққан 

баламсың.  Келші  бермен!  (Наршаның  маңдайынан  сүйеді.

Өмір-жастарың ұзақ болсын, қарағым!

Т е к т і . Құдағидың мейірімі түскен бала еді Қарагөз. Нар-

ша екеуі тек ақ батанды ақтайтын болсын!

Ж а р ы л ғ а п . Кемпір шешенің содан артық не тілегі бола-

ды? Бәріміздің де тілегіміз сол болсын!

Т о й с а р ы .  Ақ  батасын  беріп,  адал  тілеуін  тілеу  –  ата-

ананың міндеті. Көл болған көп тілеуін тілеу, орындау – адал 

туған ұл мен қыздың борышы.

М ө р ж а н .  Балаларым,  кеудеңде  санаң  болса,  үлкеннің 

тілеуі де, батасы да осы болар!

Ж а р ы л ғ а п . Кәне, ойындарыңды бастаңдар!

Д а у ы с т а р . Иә, енді ойын басталсын!

– Ойын басталсын!

– Жаршылар, шығыңдар, кәне!

– Қыз-келіншек күтіп тұр!

Күлкі. Салдар мен ел жігіттері бөлініп шығады.

Жар-жар болса, жаршы біз, 

Айтысам деген, ақын қыз,

Бой көрсетсін тығылмай, 

Сауығыңа мақұлмыз.

Тәтті ауыздан дем кетпей,

Қысылып маңдай терлетпей, 

Айтысам десең, бастаймыз.

Тыңдаушыны шөлдетпей!...

Қыздар  сыбырласып,  жібек  шәлі  жамылып,  төртеу-бесеуі  топтанып, 

босағаға таман келеді. Сахнаға көп жолдасымен Сырым шығады. Бәрі сәнді 

салдар.


269

А с а н  (өлеңдете сөйлеп).

Д а у ы с т а р . Салдар, салдар келеді! (Жол беріседі.)

А с а н  (Сырымға). Қай топқа қосыласың?

Ж а р ы л ғ а п . Қай топқа қосылғаны несі? Бұл еркек емес 

пе, еркекке қосылады да.

М ө р ж а н . Оны істесе, Сырым бола ма?

С ы р ы м  (өлеңмен сөйлейді).

Күлген кісі күлер,

Күлмегенің түнер.

Тілі орамды ілер,

Мұндайда ақын бір түлер.

Түлегенде не дер –

Оны Сырым білер.

Жалғыз-ақ топтан тілек бар:

Тентек атты Сырым ғой,

Не сөз айтса албырта 

Қайнамасын жігер!

Д а у ы с .  Әй,  байғұсым-ай!  Жүрек  шерін  тарқатар  көсем-

серкем осы да!

Сырым жолдастарымен үйге кіреді. Үлкендер ұнатпайды.

М ө р ж а н   (Жарылғапқа).  Осы  сияқты  ыбылыс-жынның 

жүрісін көрмесем деп ем! Бүгінгі күн тағы кез келтірді ме?

Ж а р ы л ғ а п . Оның дағы жүргені аруақтың арқасы шығар. 

Қайтуші едің жатша қуып, жатбауыр қып қайтесің?

М ө р ж а н . Мен қойдым... Бірақ бұл жүрген жерден береке 

шықпайды. Айтпадың деме!

С ы р ы м   (Қарагөзге).  Қалқашым,  мен  бүгін  текке  қалам 

деп келгем жоқ. Баласы жауға тұтқын боп, өзіне оқ тиген жара-

лы жыртқышың – мен бүгін. Сені қамаған топты қуанта алма-

сам, ұрыспа!

Қ а р а г ө з . Мен сөзімді айтқанмын, Сырым. Именерім жоқ. 

Өзің біл!

А с а н  (тобымен «жар-жар» бастайды).

Жар-жар айта біз келдік, еркем, сізге, жар-жар!

Айтысқан сөз жарассын сіз бен бізге.

Қуанышты тойыңды құттықтаймын,

Тілеу тілеп алдыннан үй мен түзге, жар-жар!

Еркелетіп өсірген бетін қақпай,

Жар атын да айтпаған зорын таппай,



270

Көп тілеулес ағайын ортасында

Бетін аштық сол сөздің келген ашпай, жар-жар!

С ы р ы м  (өз тобымен).

Жар жақсы деп жаршылар көп айтады, жар-жар!

Өмір көркі жарменен деп айтады.

Жігіт айтса – күлкімен айтар сөзін,

Қыз жыласа уайым жеп айтады, жар-жар!

Мен жырласам – жылаймын қайғымды айтып, жар-жар!

Іштегі өртті тығамын айтпай қайтіп?..

М ө р ж а н   (шыдамай  айқайлап).  «Кер  кеткеннің  аузынан 

ке сел ді сөз шығады» деп, Сырым айтып тұрған сөз ғой мына-

ның бәрі...

Т о й с а р ы . Ұрыспаңыз, бәйбіше, бұ да біралуан сөз шығар. 

«Жар-жарда» әйел, бала «ырза болдым» деген сөз сөйлеуші ме 

еді, тәйірі? (Асанға.) Кәне, сендер неге тұрсыңдар? Айтыңдар!

А с а н  (тобымен).

Лайық шығар айтқаның ойда барды, жар-жар!

Не күйдірді, не жақты, көңілді алды?

Қандай шермен жас жүрек қапаланды,

Нені сүйіп, не нәрсе қайғы салды, жар-жар!

Сөйтсе дағы мына күн – тілеу күні, жар-жар!

Қызық ет деп тосады ендігіні,

Қуанышты халайық арасында,

Шығуына орын жоқ зардың үні, жар-жар!

С ы р ы м  (тобымен).

Қуанышты күн болса – тілеу болар,

Тілететін тілекті тіреу болар.

Қуаныштың орнында қайғы болса,

Көңіл баяу, көз мұңды жүдеу болар, жар-жар!

Бүгінгі күн түрленген қынаулымын,

Айналамда көз де көп сынаулымын.

Іштегі дерт сонда да шықсын сыртқа,

Ырзалық жоқ мен зарлы жылаулымын, жар-жар!

Үлкендер қобалжиды.

М ө р ж а н . Уа, мынау менің баламның сөзі емес! «А, Құдай, 

оң сапарын бер, жолымды қыл!» – деп тілек тілеудің орнына, 

менің балам мұны айтпайды, бүйтіп азбайды. Жаңағы сөз – Сы-

рым сияқты жынның сөзі. Оның адал ниет ақ батамен жұмысы 

бар ма? Шығарт бүлікті қарағымның қасынан! Ойын деп тұр 

ма, баламның тілек тілейтін сапарын?! Нені көкіп тұр өзі?!


271

Н а р ш а  (өз тобына). Шығар сөз шығып қалған соң, бүр-

кенгенмен бола ма? Қайғылы – жалғыз Қарагөз емес, Сырым 

да қостайды екен. Екеуі қосылып айтқаи соң, тыңдамасқа бола 

ма? Асан, айтқыза бер, арманымыздан шығып тыңдап қалайық.

С ы р ы м   (Карагөзге).  Атқан  оғым  тиетін  жерлеріне  тиіп 

жатыр. Менің ендігі жұбанышым осы дағы (Өлеңмен сөйлейді.)

Жаралауға жарасаң, –

Мұратыңа жеткенің!

Сайрап жүрген ол бұлбүл 

Ерігі жоқ болды құл.

Ойланып артқа қарасаң –

Енді болдың сен де тұл!

Ерке тоты кеткенін

Аза салып қайғы қыл!

Жырла да жыла соны біл!..

А с а н  (жалғыз сөйлейді).

Тағы айтамын жылаудың орны бар-ды:

«Жар» үстінде шығармас іште зарды.

Ауру асыл болғанда, ойламас па,

Уақыт тығыз болғанда, орын тар-ды, жар-жар!

С ы р ы м .

Басалқа сөз, өсиет кеңшілікте, жар-жар!

Ежелден менің басым кемшілікте.

Жиын-той бәрімізге бірдей болса, –

Мен де ортақ қолға тиген теңшілікке, жар-жар!

М ө р ж а н .  Жә,  тоқтат  енді,  бүйтіп  айтқан  «жар-жарың» 

құрысын!  Сол  Сырымға  қосылып  тұрған  әйел  кім?  Соны 

айтыңдаршы жалғыз-ақ маған?

Т е к т і .  Қой  енді,  мұнан  арғыны  тыңдар  менің  де  жайым 

жоқ! Қарагөз айтса да, Сырым айтса да – жетер осы сыйымыз.

Т о й с а р ы . Ендігі ойынын балалар мен жастар өздері ой-

най берсін. Біз үй жағымызға барайық.

Бұлар Асанмен бірге шыға береді. Сахнада, Мөржан, Жарылғап, Жабай, 

Сырым қалады.

М ө р ж а н . Ей, Сырым, бермен кел! Кел алдыма! Жөніңді 

айтшы  осы  сен!  Көзіме  айт!  Мына  Жабай  –  сенің  әкең, 

Жарылғап – Қарагөздің әкесі. Мен Қарагөз бен Жарылғаптың 

шешесімін. Сенің өзің түгіл, әкеде де шеше орнындамын. Исі, 


272

садағаң  кетейін,  Өсер  аулында  –  Құдай  кешсін  айыбымды, 

аруағымның атын атап отырмын келін басыммен, – арылайын 

деп отырмын, – сенің ішіңде жүрген қандай шер-шеменің бар 

осы? Атап берші сол арманыңды?

С ы р ы м . Менен не тілейсіз, бәйбіше? Нені айтқызбақ бо-

ласыз?

М ө р ж а н .  Барыңды  айт  деймін!  Сен  кім?  Саған  осы 



Қарагөз кім, соны айтшы?

С ы р ы м . Мен – Қарауылдың жігіті, Қарагөз – Қарауылдың 

қызы, ардагері де аяулы сұлуы.

М ө р ж а н . Сол-ақ па айтарың? Одан бергі атаң – Өсердің 

атын ұмытып тұрсың ба?

С ы р ы м . Уа, ұмытқам жоқ, өлсем – ұмытармын ба, шеше! 

Отыз ауыл Өсердің он қос жылқысы бар, соның, кем қойса, бес 

қосын  осы  Қарагөздей  асыл  ару,  балапан  балаларын  сатудан 

жиған! Соны айтайын ба?

М ө р ж а н . Тілің кесілсін сенің! Малды ауыл бопты, со да 

жаман боп па?

С ы р ы м . Жаман деуге кімнің аузы барыпты? Осы отырған 

семіз  бәйбіше  –  дәл  өзің  жылатып  берген  қыздың  саны  да 

Қарагөзбен тоғыз бопты. Соны айтайын ба?

М ө р ж а н .  Бар  Өсерден  танығаның,  тапқаның  солақ  па? 

Өзің қайдан шықтың, көргенсіз?!

С ы р ы м .  Ә...  аталас  дейсіз  ғой!  Арғы  баба  Өсерден  бері 

Қа рагөз екеуміздің арамыз алты ата. Санап берейін бе оны да 

әлде?..

М ө р ж а н   (Жарылғап  пен  Жабайға).  Естідіңдер  ме 



мынаның сөзін, бұл заманның сұмдық бастар ұлының тілін?!

Ж а р ы л ғ а п .  Апа-ау,  алты  ата  екені  рас  емес  пе?  Соны 

айтқаны да сұмдық па?

М ө р ж а н .  Сұмдық!..  Мен  мынау  Жабайдың  шешесін 

«Ақжеңеше» дейтұғым. Әкесін «Момын қайнаға» дел келем... 

Төрі түгіл, отының басынан ұзап көргем жоқ олардың. Бес ата, 

алты ата айырушы ма еді сендерді?!

С ы р ы м . Аталас болса қайтеді? Алты атада қыз алып, қыз 

да беріспеуші ме еді?

М ө р ж а н .  Жеті  атадан  бері  қай  қазақ  қыз  алысып  еді. 

Сұмдық қой мынау! Не пәле, не қаза көрдім мен бүгін! Кірсемші 

мен қара жерге!



273

С ы р ы м .  Ой,  жарықтық  бәйбіше,  мұсылмандық  шариға-

тыңыз  алты  ата  түгіл,  немерені  де  қосады.  Арада  малмен 

шырмап, «бата» деп матап отырмасаңдар, Қарагөз маған, мен 

Қарагөзге бұйырған болсақ та кәпір қауымында өтпес ек қой!

М ө р ж а н . Тілің құрсын, жолың құрсын сенің!

С ы р ы м .  Менің  жолым  ендеше  ол  да  емес.  Сол  қырсық 

бата, қарғыс қалың мал жылатып зарлатқан Қарауыл қызының 

тегіс қара өзегін қақ жарған қам-қайғысын жыр еткен, жар ет-

кен  Сырыммын  мен!  Қарагөз  тұсында  да  солай  еттім,  солай 

еттім, міне!

М ө р ж а н .  Жабай,  Жарылғап,  көрдіңдер  ме  мынаның 

сұмдық тілін, сорақы тілін?! Осы тілін кеспесең, аруақ атсын 

екеуіңдіі  бірдей!  Мен  тіріде  жаңағы  Сырым  аузынан  шыққан 

сұмдықты енді қайтып Өсер баласы естімейтін, білмейтін етіп 

жерге тық! Тыйылмаса, тартынбаса – мына тұрған Сырымды 

бірге тық, бірге көм!

Ж а р ы л ғ а п .  Сырым,  естір  сөзді  сен  де  естідің,  біз  де 

естідік. Исі Өсердің асқар таудай ақ шашты, аруақты анасының 

аузынан естідік. Жабай, сен екеумізге де бұл сөз жеткен болар, 

не дейсің?

Ж а б а й . Мені тірі отыр деп отырсың ба осы күйде? Сырым-

ның тағы бір өлтіргені десеңші мені! Кәрі әже, айтқаныңнан, 

аузыңнан  садаға  кетейін!  Лебізіңмен  өлейін.  Міне,  менің  қос 

қолымның еркі өзіңде, құлдық, ана!..

М ө р ж а н   (Сырымға).  Қуарған  ұл,  кет  енді  аулымнан! 

Қарамды көрме, жолама! (Тұрып кетуге айналады.)

С ы р ы м . Бәйбіше, мен жалған сөз айтқам жоқ. Жарылсаң 

да және айтам: айтылған сөздің бәрі рас!

Нарша шығады.

Н а р ш а   (Сырымға).  Сырым,  сенің  жалынды  сөзіңді 

ажалдыға  кез  келсін  деуші  еді  жұрт.  Бірақ  шарай  топтың 

көзінше пұшпағынан ілінген ажалды киік мен болам ба? Аза-

лы, қайғылы – жалғыз Қарагөз емес, сен де арманда дейім бе, 

мен не дейін?

С ы р ы м   (салқын).  Шырағым,  мені  шенеп  қайтесің?  Жол 

мен жөннен адасқан әуре жанмын мен. Менің елім – жылаған 

қыз  бен  соның  көз  жасын  жырлаған  жігіт;  тіл  алсаң  –  мені 

қажама! Сенімен шиеленіспей-ақ қояйын.

18–1247


274

Нарша кетеді. Жабай шығады.

Ж а б а й . Әй, Сырым, бері кел!

С ы р ы м  (тақап). Не айтасың?

Ж а б а й   (ашулы).  Не  айтатыным  сол:  әке-шеше  болып 

айтқан сөзім даритын болса, сен мына бейбастықты істемес едің 

ғой!  «Әке  не  дейді?»  деп  қымсынудан  кеткен  екенсің.  Жатқа 

істеген ісің белгілі еді. Бүгін күйінген кісі боп келіп, Қарагөзге 

де мынаны істедің бе? Басқан із көрінбейді екен деме!

С ы р ы м . Әке, атаң Өсер болғанмен, бұл ауылдың малды-

сы да, әлдісі де емес ең. Қайта сол Жарылғаптан «қонысымды 

ап қойды, пішенімді жеп қойды» деп өзін де тізе көріп, опық 

жеуші ең неше рет! Тек Өсердің Жарылғаптай жуанының шы-

лауында, ығында кеткен басың бар ғой, сорлы әке! Соныңды 

істеп тұрсың ғой!

Ж а б а й . Керегі жоқ ондай әреке сөзіңнің! Мен Өсер намы-

сын айтам, осы жөнінде тағы айтам: әйтеуір ізденген бір пәлеңе 

ұрынғалы бара жатырсың! Тек бірақ аяғыңды байқап бас! Аяй-

ды екен деп ойлама! Біліп қой осыны!

С ы р ы м . Сол ма?

Ж а б а й . Сол... Сол, айттым – болды! Жеткен жерің – сол, 

ұғар болсаң! (Кетеді.)

С ы р ы м  (өлеңмен сөйлейді. Толғау).

Қайғы басқан қаяулы 

Жарасын ашсам, жақпайды.

Ұрсады маған бай аулы,

Шер жесе де шығарма,

Болмаса жаза таяулы,

Маған да қалған күн қараң.

Аттысы атпен шапқанда 

Жаяуы қуды жаяулы.

Шымылдық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет