Нұрлан Рахымжанов



Pdf көрінісі
бет4/17
Дата26.01.2017
өлшемі1,85 Mb.
#2739
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

 
 
 
 
 
 
 
 

 
57 
Далалық ауызша тарихнама – 
халықтың тарихи танымының 
 елеулі бір арнасы. Қазақтың 
 шежірешілдігі, тарихшылдығы 
 қанымызға сіңген ұлттық ұлы қасиет. 
Ақселеу Сейдімбеков 
 
Қарабура 
 
Әлқисса, Таманың елін айтсаң, ұраны да бас иетін пірі болған, 
бабамыз  деп  тамсана  жыр  қылып  айтатын  Қарабурасыз  әңгіме 
қозғай да алмайсың. Таманың ұраны да – Қарабура. 
Біздің  ауылдың  шежіреші  қарияларымен  сұқбат  құрып 
жүргенімде,  неге  екенін  кім  білсін,  Қарабура  бабамыз  туралы 
әңгімені  көп  қозғай  қоймаппын.  Бұл  менің  үлкен  қателіктерімнің 
бірі  болды.  Қозғалған  уақытта  оның  Қожа  Ахмет  Ясауидің 
жаназасын  шығарғандығы,  оның  ылғи  қара  бура  мініп  жүретіндігі, 
Түркістандағы  мешітке  он  түйеге  жүк  боларлық  сексеуілден  отын 
басып келетіндігі, оның Ақ жолында, Хақ жолында жүрген еңбегін 
ел-жұрты  дәріптеп  –  Ақтан  атап,  сопылық  ілімді  дәріптеген 
қызметін  ескеріп  –  Ақтан  сопы  атағанын,  оның  есімінің  жабулы 
қазан  күйінде  көп  жылдар  жасырулы  келіп,  тәуелсіздіктің  таңы 
атқаннан  кейін  ғана  қайта  қозғала  бастағандығы,  оның 
ұрпақтарының бабасының құрметіне ас бергендегі уақиғалары, оның 
кесенесінің  қайта  соғылуы,  жылма-жыл  өтетін  Созақтағы  бас 
қосулар төңірегінде айтылатын да қоятын. 
Ескілікті  әңгімелерде  шек  жоқ.  Бірін  естісең,  бірін  өмір  бойы 
естімей  де  кете  бересің.  Бірі  әңгімені  толығымен  айтса,  бірі  үзігін 
ғана  айтады.  Тырнақтап  жинап,  тамшыдан  құрастырасың.  Тамадан 
Әліп,  Жөгі,  Әзберген  деп  шежірелік  кестелер  түзілетіні  бар.
 
Сондағы  Әзберген  осы  Қарабура  екен  деген  тұжырым  жасайтын 
жағдайлар, жорамалдар айтылып та жүр. 
Дегенде,  «Әзберген  бабамыз  көріпкел  әулие,  әруақты,  аузы 
дуалы  кісі  болған.  Бір  үлкен  тойда  Әзберген  жүйрік  атын  бәйге 
жарысына  қосыпты.  Сол  бәйге  жарыста  аты  бірінші  келіпті.  Атқа 
шапқан  бала  мәреден  «Қарабура»  деп  ұрандап  өтіпті.  Себебі, 
Әзберген  үнемі  ерекше  қасиеті  бар  қара  бура  мініп  жүретін  еді 
дейді. Осыған орай сол дәуірдегі ел Әзбергенді «Қарабура» деп атап 

 
58 
кетіпті. Ал, кейін оның ұрпақтары «Қарабураны» Таманың ұранына 
айналдырып жіберген» деп жазады Т. Үсенбаев атты қария «Алшын 
шежіресі» атты кітабында. 
Кім білсін, Қарабура бабамыздың нақты атының кім болғанын. 
Ол кісінің аты пәлен еді деген жиырмаға жуық есім қоса айтылады. 
Бұл үлкен зерттеуді, талдауды қажет ететін дүние. 
Өзімнің жіберген олқылықтарымды түзетіп, баба туралы қалам 
тербетпек  болып,  ел  арасындағы  әңгімелерге  құлақ  түре  бастадым. 
Бұл уақытта Барақ ауылының шежіреші қарты Қуандықұлы Төлежан 
атам қатты науқастанып, ол кісіден әңгіме сұраудың да көп реті бола 
бермейтін. Дегенмен, ретін тауып жайлап сауал қойған едім. Ол кісі: 
-
 
Оған пәлендей қосарым жоқ. Бәрі де жазылған дүние ғой. Егер 
де  қолыңда  кітаптарың  болса,  солардан  алып  қоса  бер.  Қарабура 
туралы  білгің  келсе,  Тұрған  атаңа  бар.  Ондай  білгілікті  әңгімеші 
біздің ауылда жоқ, - деп мені жолға салып жіберді. 
Тұрған  атам  үйінде  жантайып  жатыр  екен.  Есігінің  алдындағы 
сарайға  ертіп  кірді.  Үлкен-үлкен  екі  бөлме.  Сарайдың  алдыңғы 
терезелерінен үйдің алды көрінеді екен де, артқы терезелерінен қора 
жағы анық көрінеді. Шаруаға жайлы, іші ұядай. Пеші бар. Қысылса 
қыстауға да болатындай жай екен. 
-
 
Сонау  бір  жылы  туысымдай  болып  кеткен  Қырықбойдақ 
Жамбылбекұлы  Тәжібай  деген  есікпе-есік  отырған  көршім  қайтыс 
болды. Қыстың қақырап тұрған кезі еді. Түуф деп түкірсең, түкірігің 
жерге  түспейді,  әуеде  мұзға  айналады.  Сонда  есігінің  алдында 
күркедей  ғана  сарайы  бар  еді.  Марқұмның  денесін  сол  сарайға 
қойды.  Майшам  жағып,  басында  күзетіп  мен  отырдым.  Күннің 
суықтығында есеп жоқ. Түрі жаман. Содан сіз жаурап қалмаңыз деп 
сарайдың ішіне пеш жақты. Сонда отырып ойландым. «Ажал айтып 
келмейді  деген.  Бір  сәт  басымыздан  дәуреніміз  ұшып,  жалғанның 
есігін жауып  кетіп бара жатсақ,  мынадай  пана  маған  да керек  екен 
ғой»  дедім.  Көктем  шыға  балалардың  құлағының  құрыш  етін  жеп 
осы сарайды салдырдым. Содан жазда салқын, қара күзге дейін пеш 
жақсам  жылы  отырамын  деп  осынан  шықпайтын  болдым.  Жанның 
рахаты, - деп жан-жағына ризашылық пейілмен қарап отырды. 
Келген шаруамды айтқаннан соң, ол кісі жымиып күліп: 
-
 
Ана  Созақтағы  Тәбіріздің  баласы  Сүлеймен  жиен  келгенінде 
Қарабура  бабамыз  туралы  біршама  әңгіме  айтқан  едім.  Кейіннен 
Созаққа жолым  түсіп  үйіне  барып  мейман  болдым.  Ол  тағы да  сол 

 
59 
Қарабура  туралы,  Тіней  бақсы  туралы,  Барақ  батыр  туралы  сұқбат 
алды.  Егерде  соларды  жазған  болса,  сол  кітаптардан  алсаңшы. 
Шаршап  отырған  жаман  шалдың  аузын  ауырта  бермесеңші, 
Нұрланжан,  -  деді  әдемі  дөңгелек  жүзін  қуаныш  тербегендей 
сезімде. 
Кішкене ғана, дембелше келген, дөңгелек жүзді, шуақ көзді осы 
атамды бір түрлі жақсы көретінім рас. Әңгімеге деген іңкәр сезімді 
оятқан да осы жан. Тек қана әнеу күнгі «Әңгімені кімге айту керек» 
деген әңгімені маған қаратып айтқанына қиналып жүргенім болмаса. 
Екі шалдың  көңілінің кілтін  толық  таба  алмай  үйге  қайтып  келдім. 
Кейіннен  Созаққа  жолым  түсіп,  Тәбірізұлы  Сүлейменнің  үйінде 
болғанымда ауылдағы нағашыларын түгендеп отырып: 
-
 
Кішкене  бойлы,  тығыншықтай,  дөңгелек  жүзді,  тілі  жатық 
келген кісі бар еді ғой. Әңгіменің майын тамыза айтатын. Ол кісіден 
Қарабура  туралы,  Тіней  бақсы  жайлы  бірқатар  мәліметтер  алып, 
сұқбатқа  тартқан  едім.  Әңгімеге  әңгімені  байланыстыра,  өздігінше 
қорытып,  тартымды  айта  білетін  кісі  екен.  Аты  кім  еді,  -  деп 
сұрағаны бар еді. 
Мен  Тұрған  атамның  аты-жөнін  айтып,  сол  кісіден  әңгіме 
тыңдауға үйренгенімді айтқанымда, Сүлеймен жиен: 
-
 
Сөз  байлығы  мол  кісілердің  әңгімесін  тыңдаған  жөн.  Сөзіңді 
байланыстырып,  әңгімені  сабақты  айтуға,  жөндімді  талдауға, 
талғауға  көп  әсерін  береді.  Лажы  болса,  ескілікті  әңгіменің  майын 
тамызып  айтар  кісілерді  айналдырған  жөн  болар,  -  деп  ақылын 
қосқан болатын. 
Әлқисса,  Қарабура  туралы  әңгімелер  де,  әпсана,  аңыздар  да 
баршылық. Оның ішінде елге аса таныс та емес, сырлы мәліметтер 
де сыр шертеді. 
Үзікенұлы  Көшен  ағамыздың  айтуынша,  Қожа  Ахмет  Ясауи 
өлерінен  бұрын  өзінің  маңайында  жүрген  ғұламалар  мен 
шәкірттерін  жинап,  өзінің  бұл  дүниеден  кетер  уағы  таянғанын 
айтады.  Сонда  біреуі  тұрып:  «Сізді  кім жаназаласын»  деп  сұрапты. 
Сонда  Ясауи:  «Менің  жаназамды  шығарып,  мәңгілік  жайыма 
жайғастыратын  адам,  өзімнен  бір  де  кем  емес,  тақуалығы  елден 
асқан, қайырымдылығы, жүрегінің ақтығы мол жанға бұйырады. Ол 
күннің  батысынан  келеді»  деген  көрінеді.  Айтқанындай,  Қожа 
Ахмет  бұл  дүниемен  қош  айтысқан  күні  оның  шәкірттері  мен 
маңайындағы  тақуа,  сопылар  «Ясауиды  жаназалауға  күннің 

 
60 
батысынан қара бура мінген адам келеді» деп жолға қарап, сарылып 
күткен.  Айтқанындай  күннің  батыс  жақ  бетінен  қара  бурасымен 
жер-дүниенің шаңын бората  шауып  біреу  келеді. Оны  келген  бетте 
ел таниды. Ол Қожа Ахметтің бірге оқыған досы, бірге жүрген серігі 
Ақтан сопы болған. 
Ясауиды жаназалайтын адам ерекше таза, дін жолындағы тақуа 
болуы  қажет  қой.  Ақтан  сопының  тазалығы  да  сондай  құрметке 
лайық болған. Осылайша, Ясауидің өсиетін Ақтан сопы орындаған. 
Т.  Үсенбаевтың  «Алшын  шежіресі»  атты  кітабында:  «Тама 
Қарабура  әулие  (батыр)  өте  әруақты,  әулие  және  батыр  кісі  болған 
дейді.  Оны  мына  аңыз  әңгімеден  байқауға  болады:  Қожа  Ахмет 
Ясауи  өзі  өлер  алдында  Қарабура  батырға  өзінің  өлетінін 
кереметімен  білдіріп,  мәйітін  өзі  қалаған  бір  жерге  (Түркістанға) 
апарып  жерлеуді  оған  аманат  етіп  тапсырыпты  дейді.  Бұл  жағдай 
туралы Қожа Ахмет Ясауи өзінің туыс-отбасына: 
-
 
Мен  көз  жұмып,  бұл  фәниден  кеткен  соң  денем  суымай 
тұрғанда қара бураға мінген бір диуана-шейх адам келіп мені алып 
кетеді  де  апарып,  тазалап  жуып,  кебін  кигізіп  жерлейді.  Ал  сендер 
оның қолын қақпаңдар және онымен тілдесіп ештеңе сұрамаңдар,  - 
деп тапсырыпты дейді. 
Айтқанындай  Қожа  Ахмет  өлген  соң  Қарабура  түр-түсін 
өзгертіп  бураға  мініп  келіп  мәйітті  алып  кетіпті.  Оның  кім  екенін 
ешкім танымайды, онымен ешкім тілдеспейді. Сол кеткеннен мәйітті 
апарып қазіргі ғимарат тұрған орынға ақ жуып арулап қойыпты да, 
үстіне  қам  кесектен  сыпа  салыпты.  Сөйтіп  өзі  ешкімге  көрінбей 
қайтып  кетіпті.  Халық  кейін  оны  жасап  жүрген  Қарабура  екенін 
біліп,  «Қарабура  Әзі»  деп  атапты  да,  «Қарабура»  ұранға  айналып 
кетіпті» деп жазады. 
Ия,  бұрындары  таза  коммунистік  идеяға  берілген  адамдарды 
«Ақтан  сопы»  деп  кекететіндер  болған.  Бала  кезімізде  шындықты 
жасыра алмай, болған жайтты мойындап қойған кезімізде, сол істің 
жасырылуын  қалаған  балалардың  тілегі  жүзеге  аспай,  жазаланып 
қалса да «Өй, Ақтан сопы құсаған пәле» деп жер-жебірімізге жетіп 
ұрысқан  жандар  да  болған.  Оны  үлкендерден  бұл  сөздің  мәнісін 
сұрағанымызда:  «Таманың  жалған  сөйлемейтін  Ақтан  сопы  деген 
адамы  болған  екен.  Ясауиды  жаназалаған»  дегеннен  артық  жауап 
ала алмайтынбыз. 

 
61 
Қазір,  ол  жайлы  оқып  та,  естіп  те,  тыңдап  та,  біліп  жүрміз. 
Қарап  отырсаң,  Ақтан  сопы  таза  идеяға  берілген,  біртума  жан 
болғанға  ұқсайды.  Ал,  енді  Ақтан  сопы  мен  Қарабура  бабамыздың 
бір адам, тұтас әлем екенін елдің бәрі де мойындайды. 
Қарабура бабамыздың сол замандағы үлкен империя – Қарахан 
империясының  Боғраханы  болғандығын  да  қазір  тарихшылар 
жарыса  жазысып  жүр.  «Ол  бірде  тамаққа  тойып  алып,  тақтың 
үстінде  Аллаға  сыйынып  отырғанында  үйдің  төбесінде  жүрген 
адамды көріп қалып: «Неғылған жансың» дегенінде, ана жан: «Түйе 
іздеп жүрмін» деген екен.  «Үйдің төбесінен де түйе іздей ме екен» 
дегенде,  жаңағы:  «Сенің  тақтың  үстінде  отырып,  Аллаға  мінәжат 
қылғаның  қандай  болса,  менің  де  үй  төбесінен  түйе  іздеуім  де 
сондай есуастық. Егер Алланы шын іздесең қара бураға мініп, Алла 
жолына түс, мақсатыңа жетесің» депті. Осыдан соң қара бура елесі 
келіп,  Боғраханға  неше  түрлі  аяндар  беріле  бастайды.  Аяғында, 
биліктен бас тартып, тақуалық жолына түскен жайы бар екен. 
Қожа  Ахмет  Ясауи  мен  Қарабураның  Меккедегі  жұма  намазға 
бірге  қатар,  бірі  ақ  түйемен,  екіншісі  қара  бурамен  аттанатындығы 
туралы  да  аңыздар  бар.  Ясауи  1094  жылы  қазіргі  Өзбекстан 
аумағындағы  Нұрата  өңіріндегі  Қызылша  деген  жерде  дүниеге 
келген. Қарабура одан он жыл кейін, жобамен 1104 жылы Әбді тама 
деген Нұрата мешітінде білім алған, орта дәулетті, мешіт ашып, бала 
оқытқан,  ислам  дінін  насихаттаушы  жанның  отбасында  дүниеге 
келген деген әңгіме де бар. 
Әкесі Әбді таманың мешітінде білім алған, Қарабура одан ары 
қарай  Бұқарада  оқуын  жалғастырады.  Онда  бүкіл  Орта  Азиядағы 
сопылық бағыттың негізін салушы Жүсіп Хамадиниден тәлім алады. 
Ол  бір  өзі  700  шәкірт  тәрбиелеген  ұлы  ұстаз  болған.  Шәкірттердің 
ішінен Ясауи дара шығып, осындағы сопылар мектебіне жетекшілік 
етеді. 1159 жылы Ясауи Бұқараны тастап, сопылық ілімді ары қарай 
насихаттау  мақсатында  Яссыға  келеді»  деп  жазады  «Қазақ  ру-
тайпаларының тарихында».
 
Бір  жылдары  баспасөз  беттерінде:  «Ясауидің  әрі  шәкірті,  әрі 
серігі  болған,  пікірлес  досы  Қарабураның  да  осы  күндерге  жеткен 
сөздері  баршылық.  Соның  бірі:  «Алла  –  Құран  иесі!  Ана  –  адам 
баласының  шаңырағы!  Ата  –  шаңырақтың  тіреуіші!  Ақиқат  – 
тектілердің  жиналатын  ордасы!»  деп  жарияланғаны  да  бар  еді. 
Қарабура  бабамыздың  жазған  шығармалары  бірнеше  том  боларлық 

 
62 
дүниеге  ұқсайды.  Оларды  жинқтап,  бір  ізге  салып,  кітап  қылып 
басып шығарған адам әзірге болмай тұр. 
Ілия Жақановтың «Қарабура» атты жинағында: 
«Қарабураның  әулиелік  ізгілігі  Ясауидің  ұстанған  жолы  – 
сопылықты  жан  жүрегімен  қабылдап,  өмір  парқын  сонымен 
өлшеуінен шығады. Қарабура әулиенің Ясауиді жоқтауы: 
Дін иманы жоқ ислам тапталар, 
Қиямет таңы атса, отқа қақталар. 
Шайқысынбасақ қылмай пірге дұғаны, 
Құран оқып көктетпес ол құданы. 
Өсиетіңді кім оқып, нәр жинады – 
Өлгенде оған жолдас болғай иманы. 
Иасауи жырын құйсын құлаққа, 
Естіген жұрт жетсін барша мұратқа. 
Хикметімді тыңдаса егер пенделер, 
Иманымен жанын шығарар кеудеден. 
Бір құдайдың жеткізген сөз бұл даусын
Білгендерге шапағатты нұр жаусын! 
Хикметімді ардақ тұтса лайым, 
Қамқайғысыз қылғай оны құдайым! 
Сорлы Ахмет сөзі әр кез көнермес, 
Жер астына кірсем де мен ол өлмес, 
-
 
 деп  толғайтын  сөзін  –  өз  сөзім,  өз  жолым  деп,  ұққан 
болмысынан деп білеміз» деп жазады. 
Иә,  ертеректе  айтылатын  аңыздардың  бірінде,  бала  кезімізде 
құлағымызға  құйылған  сарындарда,  Мұхаммед  ғалейкум  салам 
өзінің ілімін алға апаратын, өзінен кейін ислам әлеміне пір болатын 
жанға  тапсырар  аманатын  кім  арқалайды  дегенде,  оны  жеткізуші 
адам ұзақ та қиын уақыттарды басынан кешеді дегенді қоса айтыпты 
дейді. Оны орындаудың қиындығынан қашқақтаған елдің алдына бір 
бала  шығып,  мен  жеткіземін  деген  екен.  Сонда  пайғамбар  тілінің 
астынан  құрманың  дәнін  алып  беріп,  оны  аманат  еткен  көрінеді. 
Оны тілінің астына 500 жылдай сақтаған Арыстан бапқа шөл далада 
бір бала кезігіп: «Маған берілген аманатты өзіме қайтарыңыз» деген 
екен-міс.  Өзіне  тапсырылған  аманатты  алатын  жанның  осы  бала 
екенін  түсінген  Арыстан  тілінің  астында  жатқан  құрманың  дәнін 
алып  табыс  еткен  жан  осы  –  Қожа  Ахмет  дейді  аңыздар.  Арыстан 
баба  баланың  алғырлығын  сынамақ  болып:  «Ей,  бала,  менің  бес 

 
63 
ғасыр  сақтаған  еңбегімді  қалай  ақтайсың»  дегенде,  бала 
қаймықпастан:  «Нәрін  сорып,  дәнін  алып  келіпсің.  Ол  үшін  мен  не 
өтем жасайын» депті-мыс. Осы Ясауидің ізбасары болған ғой біздің 
бабамыз. 
«Тама»  кітабында:  «Ясауи  Яссыны  мекен  қылған  шақта, 
Қарабура  оған  іргелес  Созақ  шаһарын  қоныс  қылған.  Бұл  кезде 
Созақты  Қыпшақтар  иеленген  болса,  Тамалардың  да  ірі  бөлігі  осы 
маңды  жайлап  жатқан.  Қарабураның  ықпалымен  Тама  елі 
мұсылмандыққа  өтеді.  Тірі  кезінде-ақ,  өзінің  тазалығымен, 
тақуалығымен,  көріпкел,  ертеңді  болжай  білетін  кемеңгерлігінің 
арқасында  барша  Тамаға  ұран  болған  Қарабураның  есімі  уақыт 
өткен  сайын  асқақтай  беретін  болған.  Ясауи  1166  жылы  қайтыс 
болған.  Оның  жаназасын  шығарған  Қарабура  әңгімелердің  бірінде 
жыл өтпей қайтыс болған десе, бірінде одан соң да бірталай жасаған 
деп айтылады» дейді. 
Ендігі  бір  «Қарабура  әулие»  атты  еңбегінде  Сүлеймен 
Тәбірізұлы:    «Қарабура  Созақ  шаһарында  дүниеден  өтіп,  осында 
қойылған.  Оның  кесенесі  маңында  Қарабураның  мешіті  болған 
деседі. Ол екі қабатты болған және мың адам қатар тұрып намаз оқи 
алатын болған. 
Кеңес өкіметі орнаған заманда, дін иелерін қуғындаған кезеңде 
мешіттегі шайықтар мен діндарлар қуғынға ұшырап, мешіт жермен-
жексен  етіледі.  Оны  бұзған  жандар  әруақтың  тарапынан  тиісті 
жазасын  алып,  бірі  мүгедек  болып  қалса,  екіншісі  отбасымен 
жынданып өлген» деп жазады. 
Сүлеймен  жиен  өзінің  «Созақ  өңірі»  атты  кітабында  баба 
туралы кеңінен толғайды. 
«Орта  Азияда  ислам  дінінің  орнығуына  елеулі  ықпал  еткен 
Қарабура әулие – Бурахан Атаның тарихымызда алар орын ерекше. 
Қазақ  даласында  Қарахан  мемлекетінің  шаңырақ  көтеріп,  ірге 
бекітіп  нығаюына  Қарабура  белсенділікпен  атсалысқан.  Әсіресе, 
Сахарада ислам дінін уағыздап орнықтыруда Қожа Ахмет Ясауи мен 
Қарабура 
тізе 
қосып, 
қажыр-қайрат, 
мақсат-мүдделерін 
ортақтастырған.  Қожа  Ахмет  Ясауи  дүние  салғанда,  өзінің  өсиеті 
бойынша  оның  мәйітін  арулап  жаназасын  шығару  рәсімі  Қарабура 
әулиеге  тапсырылған.  Бұл  Қарабураның  өз  заманындағы  орны  мен 
беделіне айғақ. 

 
64 
Қазақ даласынан топырақ бұйырған Қорқыт Ата, Арыстан баб, 
Қожа  Ахмет  Ясауи,  Баба  Түкті  Шашты  Әзіз,  Ысқақ  баб-Баба  Ата, 
Әбжал  баб-Хорасан  Ата,  Үкаша  Ата  әулиелер  қатарында  халық 
Қарабураны да Пір тұтынады. 
Бүгінде  Созақ  топырағында  Қарабура  әулиенің  кесенесі 
мұсылман қауымының киелі қорымына (пантеон) айналған. 
Қарабура  әулиені  қоршаған  орта,  оның  пікірлес,  сырлас 
адамдары  қасиетті  әулиелер,  сопылық  (Яссавия)  ілімінің  негізін 
қалаушы  ғұламалар  болғанын,  атап  айтқанда  Қожа  Ахмет  Ясауи, 
Арыстан  баб,  Хакім  Ата  Сүлеймен  Бақырғани,  Зеңгі  Аталарды 
көруге  болады.  Осы  ортаның  құрметті  адамы  болған  Қарабураны 
(Бограханды) қасиетті әулие, сопылық ілімнің негізін салушылардың 
бірі  немесе  осы  ілімнің  дамуына  жан  аямай  көмектескен  мемлекет 
қайраткері деуге әбден болады. 
Қасиетті әулиенің көп қырлы да, көп сырлы өмірінің бір қырын, 
яғни  Қарабура  әулиенің  әзірге  дейін  -  бізге  деректер  мен  аңыздар 
арқылы  аты-жөні жетіп, белгілі болып отырған ұрпақтары  – Әмбар 
Бибі  мен  Бегім  Ана  жайлы  және  олардың  өмір  жолдастары  болған 
адамдар жайлы деректерімізді Қарабура әулиені пір тұтқан Мухлис 
(ықыласты) пірадарларына сауға ретінде ұсынбақпыз. 
Әмбар  Бибі  өте  сұлу,  әрі  ақылды,  көріпкел  әулие  болғанға 
ұқсайды. Әмбар Бибінің алғашқы өмір серігі – Хакім Ата Бақырғани 
болады. 
Хакім  Атаның  шын  аты  Сүлеймен  болып,  кейінгі  аты  түрік 
мұсылмандарының  арасында  Сүлеймен  Бақырғани  атымен  кең 
танымал  болады.  Хакім  ол  кісінің  лақап  аты  болған.  Сүлеймен 
Бақырғанидің  тегі  Хорезмдік,  Қарабура  әулиенің  ажайб  сұлу  қызы 
Әмбар  Бибіге  үйленеді.  Ол  Қожа  Ахмет  Ясауидің  ең  сүйікті,  әрі 
талантты  шәкірттерінің  бірі  болып,  «Яссавия»  ұйымының 
маңызмақсатын  түрік  халқының  арасында  өсиеттеуде  көп  еңбек 
сіңіреді.  Атақты  «Машайхтардың»  бірі  болады.  Сүлеймен 
Бақырғанидан  қалған  мынадай  қанатты  сөздер  бар  екен:  «Барлығы 
жақсы  -  біз  жаман,  барлығы  бидай  –  біз  сабан»,  «Әр  кімді  көрсең 
Қызыр деп біл, әр түнді көрсең Қадір Түні деп біл». 
Ұстазы  Қожа  Ахмет  Ясауидың  кітаптарын  шығаруда,  өзінің 
өлеңдер жинағын шығарып, ел арасында кең танымал болады. 
Хакім  Ата  шомылып  жатқанда  Әмбар  Бибі  оны  көріп  қалып 
«Атақты  Қарабураның  қызы  бола  тұра,  осындай  адамға  қалай 

 
65 
тұрмысқа  шыққанмын»  деген  ойға  келіпті.  Сонда  Хакім  Ата  оның 
ойын  сезіп  қойып,  «Әлі  саспай  қоя  тұр,  жақында  менен  де  өткен 
қара өңді адамға тұрмысқа шығасың» депті. 
Ұзамай Хакім Ата қайтыс болады. Оның шәкірттерінің бірі, түбі 
араб,  ірі  денелі,  қара  өңді  Зеңгі  Атаға  тұрмысқа  шығады.  Сөйтіп, 
Хакім  Атаның  айтқаны  келеді.  Зеңгі  Ата  түркі-ислам  әлемінде 
исламды уағыздаушы данышпандардың бірі болған. Зеңгі Ата 1258 
жылы  дүниеден  өтеді.  Ұлы  машайықтардың  бірі  болды.  Зеңгі  Баба 
деген  атпен  әлемге  белгілі  болды.  Зеңгі  Атаның  кесенесін  Әмір 
Темір  салдырып,  оған  құлпытасты  Мырза  Ұлықбек  1420  жылы 
орнатады. 
Кесенесі Тараз қаласында орналасқан Айша бибі Әмбар Бибінің 
қызы, яғни Қарабура әулиенің немересі екен. Айша бибі арманына, 
сүйгеніне  жете  алмай  өледі.  Қарахан  қайғырып,  қан  жұтып,  сүйген 
жарының  денесін  арулап  жерлеп,  басына  әсем  күмбез  оратады. 
Оның жастайынан күтушісі болған, соңғы сапарға шығарып салған, 
одан  кейін  өзі  өмірден  кеткенше  бейіттің  шырақшысы  болған  Баба 
әжі-қатынның басына адал қызметі үшін Қарахан күмбез орнатады. 
Салжұқ мемлекетінің ханы Санжардың әйелі Қарабура әулиенің 
қызы  Бегім  ана  болады.  Бегім  жаратылысынан  көркіне  ақылы  сай, 
парасаты  мол  қыз  болыпты.  Ақ-қарасын  тексермей  құлдың  сөзіне 
сеніп, Бегім ананың бір қол, бір аяғын кесіп, ернін жырып зынданға 
тастаған Санжар Қарабураның қарғысына ұшырайды. Бегім ананың 
кесілген қолы да, аяғы да, ерні де өз қалпына келіп азаттық алады. 
Ал,  Санжар  ханның  ордасы  орналасқан  Жанкенттің  ортасына 
аспаннан  мес  келіп  түсіп  жарылып,  одан  шыққан  жыландар 
шаһардың барша халқын шағып өлтірген көрінеді. 
Өзіне Бегім Ана белгісін салдыртқан Бегім Бибі «Енді еркектің 
жүзін  көрмеспін»  деп  қалған  ғұмырын  сол  мұнараның  ішінде 
өткізіпті. Ата-бабасының қасиеті дарып, Бегім Ана әулие атаныпты» 
дейді. 
Осы  кесене  туралы  «Қазақ  мәдениеті  энциклопедиялық 
анықтамалығында»:  «10,5  метрлік  «Бегім  Ана»  мұнарасы 
Қызылорда  облысы,  Арал  ауданы,  Жаңақұрылыс  ауылынан 
оңтүстікке қарай 35 километр жерде орналасқан» деп көрсеткен. 
Бір өзінде бірнеше аты бар Бақырған, Бақырғани, Бақырған Ата, 
Хаким  Ата  –  1186  жылы  Хорезм  аймағындағы  Бақырған  атты 
қыстақта  дүниеге  келген  атақты  ақын,  ойшыл,  ғұлама  жан  болған. 

 
66 
Оның  әдебиетте  жиі  кездесетін  аты  –  Хаким  Ата,  Сүлеймен  Ата, 
Бақырған  Ата.  Оның  қабірі  өзі  туған  қыстаққа  қойылған.  Аңызға 
сенер  болсақ,  бір  заманда  Бақырғанидың  күмбезі  40  жыл  бойы  су 
астында қалған. Оның жазбаларымен қатар, қырық жыл су астында 
қалған бейітінің су құрғағанда мұрты бұзылмай шығуының да оған 
деген табынушыларын көбейте түскен. 
Зеңгі  туралы  айтсақ,  сиырдың  пірі  деп  алаш  баласы  құрмет 
қылады. Ташкент облысындағы Янгиюль ауданының Зеңгі ата деген 
жерінде Зеңгі бабаға ертеректе ескерткіш қойылған көрінеді. 
Жабал-Тама  Өтелұлы  Ибадулла  марқұм  Құлтума-Алшын 
Төлтайұлы  Бекежан  деген  құдамыздың  құрдасы  еді.  Сол  үйде 
дастархандас болып отырып қалдық. Осы үйдің тағы бір құдағиына 
Ибадулла  марқұм  ойнап  тиісіп  қырындаған-сымақ  болып  отырды. 
Құдағидың тарапынан оның әзіліне қарымта қайта қоймады. Сонда 
отырып Ибадулла марқұм: 
-
 
Қарабураның қызы Әмбар бибінің күйеуі Зеңгі деген кісі тақуа 
болғанымен,  қараның  қарасы  екен.  Онысына  қарамай  Әмбар  бибі 
оған  үлкен  құрмет  көрсетіп,  кір-қоңын  жуып,  түскі  ас  уақытында 
артынан  жайылымға  ас  пісіріп  алып  барады  екен.  Күнделікті 
әдетімен  тамағын  алып  бара  жатса,  Әмбар  бибіге  құмартып 
сыртынан  сұқтанып  жүретін  бір  кісі  жолын  кес-кестеп,  онымен 
оңаша кездесуін өтініпті. Әмбар бибі ашуланып, оған қарамай кетіп 
бара жатса, жаңағы пәле де тілді, тілі тас жаратын жан болса керек: 
«Пұшпағың  қайта  қанамасын»  депті  ызаланып.  Солай  депті  де, 
жөніне  кетіпті.  Көңіліне  алып  қалады,  бірақ  жолынан  кері  қайтпай 
Әмбар  бибі  жайылымға  келеді.  Зеңгі  баба  әйелі  әкелген  тамақты 
ішейін  десе,  көмейінен  өтпейді.  Содан  соң,  Зеңгі  баба  тамақтан 
сезіктеніп,  бұл  тамаққа  не  болғанын  сұрайды.  Әмбар  бибі  тамаққа 
ештеме де болмағанын, бірақ жолда болған уақиғаны айтады. Сонда 
Зеңгі басын шайқап: «Көне салсаң не етер еді, жуа қалсаң кетер еді. 
Енді ұрпақсыз өтетін болдым ғой» деп өкінген екен, - деп, әңгіменің 
аяғын әзілге бұрып
 
замандасына тиісіп, әзілдеп жатты. 
Менің  нағашыларымның  ауылынан  Мырзатай  Жолдасбекұлы 
жазады:  «Жетісудың  әйгілі  жыршыларының  бірі  болған  -  Қабан 
жырау  жыршылық  өнерінен  тыс,  батырлық,  ерлік  істері  де  болған 
деседі.  Жорық  жырларын  ат  үстінде  айтатын  зор  дауысты 
суырыпсалма  жыраудың  көп  шығармалары  Сүйінбайдың  тұсына 
дейін  жеткен.  Бірақ,  жас  болғандықтан,  ол  жырларды  Сүйінбай 

 
67 
кейін  ұмытқан,  ел  туралы  әңгімелердің  кейбір  ұзын-ырғасын  ғана 
сақтаған.  Есте  қалған  бір  дерек  бойынша,  Қабан  жырау  Әулие 
Қараханның  батырлығын,  Айша  Бибінің  оған  ғашықтық  сырын  да 
жырлаған.  Жырдың  ішінде Манас  батыр,  Зеңгі  Ата  сияқты  тарихта 
болған  адамдардың  аты  аталады  екен.  Бірақ  ақын  жырларында 
қандай жағдайлармен байланысты айтылғаны, олардың Қарахан мен 
Айша Бибіге қандай қатынасы бары туралы ой желісі ұмытылған». 
1995  жылы  Қарабура  атындағы  қайырымдылық  қоғамдық  қор 
құру  туралы  ұсыныстар  қылаң  бере  бастаған  көрінеді.  Сол  жылы 
бабаға ас беру шаралары ұйымдастырыла бастайды. Сол кезде біздің 
Сарысу ауданында да осы қордың филиалы құрылып, басшылығына 
Қожагелдиев  Амангелді,  хатшылығына  Рақымжанұлы  Сұлтан 
сайланып, бабаны насихаттау жұмыстары жолға қойылған болатын. 
Қордың  президенті  болып  ғалым,  профессор  Әбдірахмен  Омбаев, 
оның  орынбасарлары  болып  кесенені  қалпына  келтірген  Құрал 
Ержанов  бауырымыз,  бабаға  алғаш  ас  берушілердің  бірі  болған, 
Созақтық азамат Сексенбай Тұрысбековтер сайланған. Осы қордың 
ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жайылмалық Кәрсенбай 
Қунақов,  Мұқашев  Оңлаштар  да  болды.  Қордың  қолдауымен 
Қарабура  туралы  зерттеулерге,  кітаптар  шығаруға  жол  ашылды. 
Ордабасылық  Өмірзақ  Оспанов  «Қарабура  әулие»  атты  жан 
тебірентерлік ән де шығарып, бүкіл түркі әлеміне ортақ жанды қазақ 
сахарасына насихаттауға зор үлесін қосты. 
Ал,  енді  шамалы  ілгері  қадам  жасасам,  көптен  ниет  қылып, 
Қарабура  бабамыздың  басына  барып  зиярат  қылсам  деп  жүруші 
едім.  Бірақ,  адамның  дегені  бола  берген  бе,  жолым  түспей,  баба 
басына баруға мүмкіндіктердің келмей қойған кезі көп болды. Бірде 
бауырым  Дүзкенов  Қалдыбек  Кәрімжанұлына  «Созаққа  Сүлеймен 
деген жиенге барып қайтсақ. Жазып жатқан кітабым туралы айтсам. 
Созақтағы  ағайындар  -  Барақ,  Дәулеткелді  балалары  туралы 
деректер сұрастырсам. Соған көлігіңмен апарып келсең қайтеді» деп 
айтқан  едім.  Ол  мақұл деп,  бұл  әңгіме анда-санда  қозғалып қойып, 
менің  тарапымнан  кешеуілдей  берді.  Бір  сәті  келген  күні  2010 
жылдың 17 қарашасына екеуіміз Созақ қайдасың деп жолға шығып, 
түс әлетінде келіп жеттік. Ойымда, Қарабура әулиенің қорымы басқа 
бір ауылда деп ойлап келген мен, тура сол жерге барып аялдағанда 
бірақ білдім. Ұзақ жолға арнайы дайындықсыз, дәрет алмай шыққан 
күнәһар  басым  қатты  састым.  Абырой  болғанда,  баба  ауласында 

 
68 
дәрет  алуға  мүмкіндіктер  бар  екен.  Жақсылап  дәрет  алып, 
асханадағы  шырақшыны  ертіп,  баба  басына  келдік.  Садақа 
сандығына  ниет  қылған  теңгеден  тастап,  ішке  оздық.  Осы  кесенені 
қайта жаңғыртып, соққызған Құрал Ержановтың түсінде бабаның өзі 
келіп:  «Егіз,  егіз,  екі  сегіз»  деп  айтқанынан  кейін,  осы  кесене  сегіз 
санына ұқсатылып екі бөлме болып соғылды деп естігенбіз. 
Бірінші  кіре  берістегі  бөлмесі  -  Намазханасынан  өрлеп,  екінші 
бөлмесі  -  бабаның  мүрдесі  қойылған  ескі  кесенені  ішіне  ала 
қаланған екен. Баба басына келіп жайғастық. Шырақшы баба рухына 
бағыштап, құран оқып отырғанда, мен күтпеген жайттар орын алды. 
Тереңнен гуілдеген-уілдеген дыбыстар келіп, абдырап өз-өзіме келе 
алмай қалдым. Дегенше бейіттің іргесінен сағым секілденген толқын 
келіп  кеудеден  соқты.  Өзіне  бір  тартып,  қайта  соғып,  мені  үлкен 
тербеліске, тебіреніске алып келді (Мен бұл жайтты бұдан соң неше 
мәрте  барсам,  сонша  мәрте  басымнан  кештім).  Зиярат  етіп, 
орнымыздан  тұрғаннан  соң,  баба  басындағы  қасиетті  ағашты,  одан 
әрі жағалай қойған белгі тастарды тамашаладық. 
Бұл  жөнінде  біршама  жылдар  осы  кесененің  әрі  шырақшысы, 
әрі қамқоршы, зерттеушісі ретінде танылған Сүлеймен Тәбірізұлына 
айтқанымда: 
-
 
Қарабура  бабамыз  алғаш  келген  жанға  осындай  бір  белгілер 
беретіні  бар.  Саған  берген  белгілерінің  өзі  қуантарлықтай.  Өзіне 
тартып,  бір жіберіп  тұрғаны  –  сенің  де  таза  жолмен,  таза  көңілмен 
бастаған ісіңді аяқтауыңды тілегені. Бірде Жамбыл облысының әкімі 
Серік  Үмбетовтің  келгені  бар.  Осында  келгеннен  соң  қайта-қайта 
есінеп,  сонысына  өзі  ыңғайсызданып  менен  жөн  сұрағаны  бар. 
«Әруақ  сізге  белгі  беріп  жатыр,  есінеу,  кекіру,  ықылық  ату 
жағдайлары  болғанда  Сіздегі  әруақ  пен  бұл  кісінің  әруағының 
бірімен-бірі  табысуының  белгісі  болып  табылады»  деп  түсіндірдім. 
Қатты  қысылып  тұрған  Үмбетовтің  көңілінің  көтеріліп,  қолымды 
қайта-қайта қыса бергені бар еді, - деді жымиып. 
Ертеректе,  бала  кезімізде  Қоңыраттың  атақты  кісісі  Құрбан 
Атаны  сонау  алыстан  әкеліп  жерлегені  туралы  әдемі  бір  аңыз 
айтылушы  еді.  Оны  мен  Қожа  Ахмет  Ясауи  қасына  жерлеген  деп 
ойлаушы  едім,  сөйтсем  қателесіппін.  Осында,  баба  қасына 
қойылыпты. Басына тас қойылған. Бұл ескі кесененің оң жақ басына 
қойылған.  Оның  жанына  Мұхаммед  ғалейкум  салам  бастаған 
мұсылман  қауымының,  осы  бейітке  қызмет  еткен  Шайықтар  мен 

 
69 
Тама  әулетінің  басты  адамдарына  да  тас  қойылған  екен.  Арыстан 
Баб,  Қожа  Ахмет  Ясауи,  Ысқақ  баб  (Баба  ата),  Бабай  түкті  шашты 
Әзіз бабалардың басынан топырақ әкеліп, қара мәрмер тастан белгі 
қойған.  Зиянат  етіп,  кейбірін  суретке  де  түсіріп  алдық.  Дәулет  - 
Қарабура  батыр,  Кіші  жүз,  Тама  (14  ғасыр);  Ақназар  хан,  төре  (15 
ғасыр);  Қожамқұл  ғұлама,  өзбек  (18  ғасыр);  белгісіз  әруақ;  Құлтас 
би, Кіші жүз, Тама (18 ғасыр); Шілмәнбет би, Орта жүз, Тарақты (19 
ғасыр),  Белгібай  қажы,  Шахасум-ахун  сияқты  белгілі,  ұлы  
адамдардың,  осы  баба  басына  қамқорлық  жасаған  жандардың  аты-
жөндері жазылып қойылған тастар тұр. Осы аталған кісілердің қабірі 
осы кесененің жан-жағын қоршау жерленген екен. Бұл тастар соны 
айғақтай қойылған көрінеді. 
Кесененің есігі күн батысқа, яғни Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 
қаратылып  қойылған.  Баба  кесенесінің  сыртына  шыққанымызда, 
2010  жылдың  маусым  айында  Атыраулық  ағайындар  атынан 
қойылған  стелланы  көрдік.  Оның  аяқ  жақ  бетіне  «Қарабура 
ұрпақтарының  суреттерін  жасатқан:  Илья  Жақанов  –  композитор, 
жазушы.  Серік  Айтқұлұлы  Садуақасов  -    инженер-құрылысшы» 
деген  ескертпе  тас  орналасқан  екен.  Стелланың  ортаңғы  тұсына 
Қарабура әулиенің суреті мен ол туралы сөздер жазылып қойылған. 
Қарабура  әулиеден  оңға  қарай  –  Дәулет  батыр,  Нәрік  батыр,  Шора 
батыр,  Есет  батырдың,  Ботагөз  батырдың  суреттері  қойылған. 
Қарабура  әулиеден  солға  қарай  –  Ықылас,  Тәңірбергенұлы 
Молдабай, Әкімгерей, Сүгір, Жаппас Қаламбаев бейнелері тұр. Енді 
осы ретпен қойылған тұлғалар суреттері астындағы сөздерді оқиық. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет