Көшпенділер 3



Pdf көрінісі
бет10/32
Дата27.01.2017
өлшемі2,05 Mb.
#2789
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32

Екінші бөлім 

 

І 

 

 



Күн сәулесі түндіктен төгіле түссе де, Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұлжа 

әлі тұрған жоқ. Ақ мамық құс төсектің үстінде қос жастыққа көміліп қалың ойға 

кеткелі көп болған. Бір мезет Қоңырқұлжа аунап түсіп шалқасынан жатты. Енді 

мойылдай  қап-қара  кішкентай  көздері  дәл  тұсындағы  сырлы  уыққа  қадалып, 

мысықтың  мұртындай  түксиген  сирек  қасы  едірейе  қалды.  Қамшының 

алақанындай  жалпақ    келте  мұрны  пысылдап,  кебежедей  жуан  қарны  дем 

алған  сайын  көтеріле  түсіп  ырқ-ырқ  етеді.  Салпы  ерінді  аузын  қисаңдата 

шайнағанда саршұнақтың құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете 

қалады.  Бұл  жатқаны  кіші  тоқалы  Зейнептің  жеті  қанат  ақ  отауы.  Үй  іші 

салтанатты;  жерге  төгілдіре  төселген  қырмызы  қызыл  түкті  кілем,  төрде 

қызылды-жасылды  қаңылтырмен  өрнектелген  әшекейлі  қос  сандықтың  үстіне 

керегені сірестіре жинаған шәйі көрпе, құс жастық... Есікке таман оюлы сырлы 

кебеже, екі жақ босағада сәндік үшін іліп қойған тоғыз қара құндыз, тоғыз қара 

түлкі. Табалдырықта қара қылшықты екі қасқыр терісі жатыр... 

 

Аға сұлтан қазір көйлек-дамбалшаң. Дамбалының кең балағы тізесіне дейін 



түрілген. Ышқыры мен көйлегінің салпылдаған етегінің әр жерінде кеуіп қалған 

қан  көрінеді.  Оған  қымсынар  Қоңырқұлжа  жоқ,  тышқан  көзін  кейде  жұмып, 

кейде ашып қалың ойға шомуда. 

 

Аға  сұлтанның  аяқ  жанында  оның  бүйендей  жуан  жүнді  жұп-жұмыр 



балтырын  сипап,  былтыр  ғана  түскен,  торқа  мен  жібекке  малынған 

бүлдіршіндей жап-жас бөкселі, тығыршық кеуделі, кіші тоқалы Зейнеп отыр. Ол 



125 

Әдеби KZ 

күміс  жүзік,  алтын  сақина  салған  мыртықтау  саусақтарымен  байының  борпыл 

бұлшық  етті  балтырын  шымши  уқалайды.  Шымшиды  деген  құр  аты,  бір  жерін 

ауыртып алмайын дегендей, жәй әшейін бұрай сипайды. Бетінде не қуаныш, не 

реніш белгісі жоқ, бір тамыры бүлк етпей тұнжырап қалған. Тек найзадай сүйір 

ұзын  кірпіктерін  көтеріп,  Қоңыр  төренің  етегі  мен  ышқырындағы  қанға  көген 

көзі  түсіп  кеткенде  ғана,  барқыт  қабағы  сәл  шытынап,  піскен  бүлдіргендей 

томпиған  еріндері  бұртия  қалады.  Бірақ  жас  тоқалының  қандай  күйде 

отырғанына көңіл аударар Қоңырқұлжа жоқ, шытырман ойға шомып кеткен. 

 

«Абылай  ұрпақтарынан  менің  нем  кем,  дейді  ол  ішінен,  атағым  ба,  бағым 



ба,  дәулетім  бе?  Олар  сияқты  мен  де  Шыңғыс  ханның  әулетімін.  Ұлы  бабам 

Орта жүздің ханы Сәмекеге қырық мың жылқы біткен. Бұдан жүз жылдан астам 

бұрын Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Россия патшасына бағынам деп хат жазғанда 

сол  жылы  Орта  жүздің  ханы  менің  атам  Сәмеке  де  хат  жазған.  Тек    патшаның 

қарамағыма алдым деген Указы шыққанша дүние салды... Орта жүз содан кейін 

барып  Түркістаннан  келген  Сабалаққа  —  әбілмансұрға  ауған  жоқ  па?  Өз  әкем 

Құдайменді  сұлтанға  да  отыз  мың  қара  көк  пен  күрең  бітті  емес  пе... 

Әбілмансұрмен  хандыққа  таласуға  қуаты  жетпесе  оған  ол  айыпты  ма?  Менің 

әкем  Құдайменді  қабылан  болса,  әбілмансұр  —  Абылай  айдаһар  еді. 

Айдаһардың  қабыланды  жеңуі  ғажап  па?  Бірақ  Абылай  айдаһар  болса  да 

Құдайменді  қабыланды  жұта  алмады.  Сәмеке  ханның  ұрпағы  деп  Омбы 

генерал-губернаторы  үнемі  араша  түсті.  Соның  арқасында ата  мекен  жерімізді 

де, қарамағындағы қалың арғынды да Құдайменді ешкімге берген емес-ті. 

 

Бақ деген күйкентай құспен пара-пар, қай жерде жем болса, соған қонады.  



әкеме бітпеген дәреже маған бітті. Бүкіл Қараөткелге аға сұлтан боп Абылайдың 

балалары  емес,  мына  мен,  Құдаймендінің  Қоңырқұлжасы  сайландым!  Ал 

дәулет  десең,  менің  дәулетім  кімнен  кем?  Жиырма  мың  қылаң  мен  бараным 


126 

Әдеби KZ 

бар.  Тек  салықты  аз  төлеу  үшін  қағазға  он  екі  мың  деп  көрсеткем.  Сегіз  мың 

жылқымды  жасырып  қалдым.  Бүкіл  Россияның  қазынасын  иемденген  патша 

ағзамға  сегіз  мыңнан  түсер  пайда  мақтағанда  бір  күнгі  салтанатты  қонағасына  

жетер.  Ал  маған...  Сексен  жылқы  сегіз  ауылдың  игі  жақсысын  сатып  алуға 

жарайды». 

 

«әңгіме  сексен  жылқыда  емес,  елді  билей  білуде  ғой.  Менің  қызметіме  ақ 



патша  да,  Омбы  генерал-губернаторы  да  риза.  Ал  халық  ше?  Халық  деген  бір 

кеще  жас  бала,  оны  алдай  алсаң  болғаны,  соңыңнан  ере  береді...  Менің  сол 

қасиетім ғой, осы уақытқа дейін жұртты уысымнан шығармай келгенім?» 

 

 



Қоңырқұлжа бұқара алдында өзінің қадірін көтеретін істерін ойына түсіргелі 

сықсита  жұмған  көзін  ашып  алды.  Жүзінде  тәкаппарлық  пайда  болды.  Кенет  

көзі  аяқ  жағында  отырған  тоқалына  түсіп  кетті.  «Қалай  қызықпассың,  деді  ол 

ішінен,  әбден  піскен  бүлдіргендей  ғой  мына  тоқалдың  түрі...  Бала 

таппағандықтан  ба  екен,  дене  бітімі  әлі  былтырғы  жаңа  түскен 

қалпындағысындай.  Тек  бөксесі  шығыңқырап,  кеудесі  көтеріліңкіреген  бе, 

қалай...  Түнде  менің  кетіп  қалғаныма  өкпелегендей  де  кейіп  бар  ғой  өзінде... 

Ой, тәйірі, қатын өкпесі бие сауымға жете ме, бауырыңа басып, бір умаштасаң... 

Әлде соны күтіп отыр ма?.. Онда..» Қоңырқұлжаның бойында қызу сезім кенет 

жарқ  ете  түсті  де,  әп-сәтте  сөне  қалды.  «Иә-иә,  деді  ол  тағы  да  ішінен,  мен 

жұртқа  аз  жақсылық  істедім  бе?  1834,  Жылқы  жылы  Мамыр  айының  он 

тоғызында  ақ  патшадан  бұзау  терісіне  мөр  бастырып,  қазақтан  солдат 

алмаймын  деген  ант  қағазын  әкелгенімді  былай      қойғанда,  патша  ағзамның 

менің  өтінішім  бойынша  биылғы  Тауық  жылы  Көкек  айының  бесінде  жіберген 

Указының өзі не тұрады?!» 

 

Өткен  Мешін  жылғы  қыс  қатты  болып,  Балқаштың  арғы  бетінде  малын 



айдауға  көшіп  келе  жатқан  Кенесарыдан  жасқанып,  Арқада  тебінге  қалған 

127 

Әдеби KZ 

Ақмола  өкірігінің  жүз  қырық  мыңдай  қарасы  шөп  жетпей  жұтқа  ұшыраған. 

Оның  үстіне  ақпан  —  қаңтарда  Ташкент  құшбегісінің  қарақшылары  жүдеп 

отырған  біраз  ауылды  шауып,  Есіл,  Нұра  қазақтарының  шаруашылығы  әбден 

күйзелген. 

 

Жаңа устав бойынша Ақмола өкірігі қазақтары осы биылғы Тауық жылынан 



бастап жасақ төлеуге тиісті болатын. Жұрттың күйін көрген Қоңырқұлжа, салық 

жинау  қиындығынан  қашып,  бар  халықтың  атынан  салықты  Көкшетау, 

Қарқаралы  өкіріктерімен  қатарласа,  екі  жылдан  кейін  төлеуді  өтініп  қағаз 

жазған. Бұл қағазбен қоса кешкі серуеніне мінсін деп Бірінші Николай патшаның 

өзіне арнап мойны қудай иілген алты ақбоз арғымақ жіберген. 

 

Арғымақтың  сұлулығына  риза  болған  патша,  Ақмола  өкірігінің  қазақтары 



қырқыншы жылға дейін салықтан босатылсын деген арнаулы Указын шығарған. 

Бұл  Указ  жүдеп  қалған  жұрттың  көңілін  көтерумен  қатар  аға  сұлтан 

Қоңырқұлжаға  өзге  сұлтан,  билердің  алдында  үлкен  абырой  әперген. 

Қоңырқұлжаның осал кісі емес екенін өзге жұрт та түсінген. Бұрын қыңыр қарап 

жүрген  кейбір  ауылдар  енді  қара  суықтан  ықтаған  көтерем  қозы-лақтай 

Қоңырқұлжаның  қолтығына  кіре  түскен.  Аға  сұлтанның  міндет  етіп  отырғаны 

осы жайт. 

 

«Япырмай,  деді  тағы  да  ішінен  Қоңырқұлжа,  өткен  жылғы  қыстың  орасан 



қатты  болғаны  есіне  түсіп,  қыстың  осындай  боларын  есепші  Жарқұлақ  қарт 

айтқанда  неге  құлақ  қоймадым?  Қара  малды  алысқа  айдай  алмағанмен, 

жылқыны Баянауыл жағына өткізіп жіберуге болатын еді ғой. Есепші Жарқұлақ 

қарт алдына малта тәрізді өзен жағасының жылтыр сұр тастарын жәйіп қойып: 

«Міне  көрдіңіз  бе,  аға  сұлтан,  деп  еді  ғой,  егерде  Маусым  мен  Қараша 

айларында  Мерген  Қауыс  жұлдызы  мен  Егіз  Зауза  жұлдызы  қатарласа  көрінсе 

қыс ауыр болады. Қазір Қараша, Маусымда Мерген мен Егіз қатар көрініп отыр. 


128 

Әдеби KZ 

Сен Тұяқтың қызы Қайнысаны алар жылы да осындай болған. Ол жылы Жылан 

еді  ғой,  қазір  Мешін...  Мұндай  ауыр  қатаң  қыс  отыз  жылда  бір  соғады.  Қапы 

қалма деген еді ғой. Артынан жауырыншы Дәкір білгір де меңсіз қара қойдың 

отқа  күйдірген  қу  жауырынының  сызықтарына  қарай  отырып,  «жеті  халықтың 

тағдырын,  сол  жеті  халықты  басқаратын  жеті  патшаның  ажалын,  күні  бұрын 

болжай  алатын  қара  басты  қара  қойдың  қу  жауырыны  айтуына  қарағанда 

биылғы  жыл  Мешін  жылы,  Мешін  жылы  күні  қаһарған,  бораны  ақырған  ауыр 

жыл, — биыл жұт жылы болар» деген. 

 

Қоңырқұлжа мұртынан күлді. «Жарқұлақ есепші мен Дәкір жауырыншының 



тілін  алмағаным  қандай  дұрыс  болды.  Олардың  дегенін  істеп,  жылқыны  тау 

тасалаған  шығыстағы  елге  айдағанымда,  ел  мұндай  апатқа  ұшырап,  патша 

Указы  шығып,  абыройым  көтерілмес  еді  ғой.  Жаратқан  алла  бұныңа  да  шүкір, 

жүз қырық мың мал қырылса, биылғы жылы жүз қырық мың төл туар. Ал жұрт 

көзінше қадірімді көтеретін мұндай патша ағзам Указы әр жылда шыға бермес. 

Бұл атақ — менің абыройыма тағылған бір жаңа алтын теңге емес пе». 

 

Қоңырқұлжаның  қабағы  кенет  тікірейе  қалды.  «Апат  демекші,  апат  келе 



жатқан тәрізді ғой, айлакер болсаң құтылып көрші енді осы апаттан?!» 

 

«Иә,  шешелерінің  жатырынан  найза  ұстап  туған,  Абылайдың  қанды  балақ 



ұрпақтары бір жағынан бастары алынып жатса да, тәубе етер емес. 

 

Бегдербек  құшбегі  былтыр  Есенгелді  мен  Саржанды  өлтірсе,  биыл  Ләшкәр 



паруаншы  алдап  шақырып  Қасым  төренің  өзінің  басын  алды.  Ал  бірақ  бұдан 

кейін  тоқтаған  қайсы  бар?  Жараланған  қасқырдай  Қасымның  Кенесары, 

Наурызбайы тіпті долданып алған жоқ па? Былтыр бес жүз үй болып ел шетіне 

келгеннен  бері  кең  даланы  күңірентіп  жатыр.  Бұлардың  жеткені  өзге  елге 

қырсық  болып  тиді-ақ  қой.  Патшаға  қарсы  шығуды  осы  жұрт  Қасым 

балаларынан  үйренеді,  осы  уақытқа  дейін  кейбір  қоқан-лоқысы  болмаса, 



129 

Әдеби KZ 

негізінде  тыныш  жатқан  қалың  Арғынның  арасына  да  іріткі  мықтап  түскен 

секілді.  Өзі  де  шығуға  таяу  тұрған  көз  еді  дегендей,  Кенесарының  қайтқаны 

кесір  болды.  Қазірдің  өзінде  Ақмола  өкірігінің  Байдалы,  Қойлыбай  —  Шағыр, 

Жанай  —  Қалқаман,  Темеш,    Тыналы  болыстары  бас  көтеріп  отырған  жоқ  па? 

Оған  сонау  Азнабай  балалары  шоқ  салып  кеткен  Қаржас  руын,  Бектастың 

Таймасы  жел  беріп  отырған  Төртқара  ауылдарын,  Қарқаралы  өкірігінің  атқа 

қона  бастаған  Жеңбай  —  Шаңшақ,  Қара  —  Ақтымбет,  Қорсын  —  Керней, 

Қояншы — Тағай болыстарын, алты жүз отыз бес үй қырғызды, былтырдан бері 

ереуілдеп  атқа  мінген  Кіші  жүздің  Табын,  Тама,  Жағалбайлы,  Алшын,  Жаппас, 

Шекті, Төртқара руларын, Дулаттың Иманы желіктіріп отырған Торғай бойының 

қалың  Қыпшағын  қоссаң  не  болды?  Россия  патшалығымен  шектескен  жердің 

бәрі  қазір  лапылдап  жанған  өрт  тәрізді.  Бұған  Ақмола  өкірігінің  Қыпшағы  мен 

Керейі  де  қосылады  деген  сыбыс  бар.  Сонда  бұ  жұрт  қайда  бармақ?  Бүкіл 

Арқаны  қалың  өртке  айналдырмақ  па?  Сол  өрттің  көрігі  биыл  Ұлытау  маңына, 

Қарақойын,  Қашырлыға  көшіп  келген  Кенесары.  Жер  дауын,  салық  дауын 

пайдаланып  қалың  қазақты  патшаға  қарсы  өшіктіре  түспек.  Жұрттың  өшігуі 

әсіресе  мына  Ақтау  бекінісі  салына  бастағаннан  бері  тым  өрши  түскен  тәрізді. 

Ақтау бекінісінің салынуын да Кенесары өз пайдасына жаратпақ, оған мүмкіндігі 

де  бар:  Ақтау,  Қарқаралы,  Ақмола,  Аягөз  өкіріктерінің  тоғысқан  жерінде  тұр. 

Және оның болашақта атқарар борышы да зор...» 

 

Ақтау  бекінісінің  неге  салынып  жатқанын  есіне  түсірейін  дегендей 



Қоңырқұлжа  бас  жағындағы  кілем  боқшантайына  қолын  созып  қызыл  сафьян 

мұқабадан қалыңдығы бір елі, екі басты самұрық құстың суреті салынған қағаз 

алды. Бұл осы жылы он бесінші Маусым күні Бірінші Николай патша қол қойған 

Ақтау  бекінісін  салу  жөніндегі  жарлық  еді.  Қоңырқұлжа  көз  жүгіртіп  оқи 

бастады: 


130 

Әдеби KZ 

 

«Омбы  облысына  жататын  сырт  округтердің  Ақтау  деген  жерінде  бекініс 



салынсын.  Бұл  бекіністің 

бастығы-коменданты 

етіліп 

полковник  не 



подполковник шеніндегі адам тағайындалсын. Комендант мынандай міндеттер 

атқарсын: 

 

Ақмола, Қарқаралы, Аягөз округтерінің ішкі тыныштығын бақыласын. 



 

Осы  үш  округ  ауылдары  оңтүстіктегі  Бетпақдалаға  дейін  көшкенінде, 

солардың қорғаншысы болсын. 

 

Шекараны  үнемі  бақылап  тұрсын.  Қазақтарды  шекарадан  әрі  қарай  бөтен 



жаққа өткізбесін. Басқа жұртты да шекарадан бері қарай кіргізбесін. 

 

Осы үш округтің жерімен көшкен керуенді ұры-қарыдан, шапқыншылардан 



қорғасын. 

 

Осы төрт міндетті орындау үшін жоғарғы аты аталған үш округтің әскерлері  



Ақтау  комендантына  бағынатын  болсын.  Және  комендантқа  біздің 

бекіністерімізге,  не  қоластымыздағы  қазақ  ауылдарына  шабуыл  жасайтын 

қастар  табылса,  оны  Шу  өзенінің  бойына  дейін  қуып,  қару  қолданып  тыйым 

салуға рұқсат етілсін». 

 

Қоңырқұлжа Указды оқып шығып, оның маңызына жете түсінейін дегендей 



сәл  үндемей  жатты.  Аздан  кейін  ғана  барып  тағы  да  сәл  күлімсіреді. 

«Асықпаңдар.  Тек  осы  Ақтау  бекінісі  салынып  болсын.  Сонда  көрерміз 

қайсыңның қалай тырп еткендеріңді!» 

 

Жанында  отырған  тоқалын  Қоңырқұлжа  адамға  санар  емес,  Указға  риза 



болып кетіп, қос басты самұрық құс салынған жерін шөп еткізіп  сүйіп алды  да 

орнына  қойды.  Енді  осы  Указбен  бірге  Омбы  генерал-губернаторына  жазған 

патшаның  екінші  жарлығын  оқуға  кірісті.  «Ақтау  бекінісіне  шіркеу  салынсын. 

Шіркеуде бір поп, екі дьякон, бір күзетші ұстауға рұқсат етілсін. Поптың жылдық 

жалақысы  мың  сом  болсын,  мүриттерге,  дьякондарға  алпыс  сомнан,  күзетшіге 


131 

Әдеби KZ 

— тоғыз сом елу тиын жылына жалақы берілсін. Ал попқа, Ақмола, Қарқаралы 

Аягөз  приказдары  бойынша  жолға  шыққанында,  заңға  сәйкес  жол  құны 

төленсін және одан бөтен арақ-шарап секілді керектеріне жылына тағы екі жүз 

елу сом ақша қосылсын». 

 

Қоңырқұлжаның  мұрты  ұйқыдан  оянып  керілген  мысықтың  құйрығындай 



тікірейе қалды. «Бұл қалай, деді ол тағы да ішінен, Абылайхан Қалдан Сереннің 

Шарша  деген  баласын  өлтіріп,  енді  орыс  патшалығына  бағынам  деп  Тұғым 

деген  баласын  жібергенінде,  қатын  патша  оған  хандық  құрмет  қағазымен, 

жылына үш жүз сом ақша, екі жүз пұт ұн төленіп тұрсын деген жарлық берген 

еді  ғой,  ал  мына  попқа...  Иә,  сонда  қалай  болғаны?  Патша  ағзамның  қазір 

байығаны  ма,  әлде  үш  жүздің  ханы  саналған  Абылайға  жылына  үш  жүз  сом 

төлеп көңілін өзіне аудармақ болғанда, бар қазақтың бостандығын бір поптың 

жалақысы құрлы көрмегені ме?»... 

 

Қоңырқұлжа өз ойынан өзі шошып кетті. «Түфа, түфа» деді патша ағзам үш 



жүз сом түгіл, бүкіл қазақты босқа неге алмайды? Қыңқ десем жаным шықсын. 

Тек  Құдайменді  тұқымын  көлеңкесімен  қорғай  жүрсе  болғаны!  Иә,  иә, 

көлеңкеңнен  айналайын  ақ  патша,  сенің  жақсылығың  аз  тиді  ме?  Мен  де  сол 

жақсылығыңды ақтап жүрген жоқпын ба? Қолымнан келгенін аяған жерім бар 

ма?  Омбы  облысының  бастығы  генерал  Талызинның  бұйрығы  бойынша, 

Кенесары жағына шықпақ болған руларға қасыма үш сұлтан ертіп өзім бардым, 

көшпеңдер дедім. Талызинның жұртты қорқытқан, үркіткен, маңдайынан сипап 

алдаған  қағаздарын  да  тараттым,  тіпті  болмаған  соң  ереуілді  елге  Омбы 

облысының  мұсылман  мешітінің  басы  Габдырахман  ұғлы  Мұхаммед  Шариф 

имамды да шақырттым, бірақ көтерілісті басу менің маңдайыма жазылмаса не 

істеймін. Ақ патшаға қарсы желіккен қазақ Наурыздағы шабынған бура тәрізді, 

мауқын баспай, бетінен қайтпайды. Қой десең өзіңе қарсы ұмтылады. Кенесары 



132 

Әдеби KZ 

отырған елдің ортасына баруға, маған да жан керек, бәлелі тесікке бармағымды 

тығып не жыным бар, бар қолдан келгенім сол болды. 

 

Ал  Кенесары  дегеніңіз  кекілікті  ілуге  әккі  болған  кезқұйрық  тәрізді,  сотқар 



әкесі  мен  тентек  ағаларының  соңынан  жүріп  әбден  шынығып  алған,  ұрысқа 

бірден кіріп кетпей, Чириков есаул секілділер басқарған кішкентай жасақтарды 

қағып тастап, күш жинауда... 

 

Омбы  генерал-губернаторына,  «Есіл,  Нұра,  Ақтау,  Ортау,  Қарқаралы, 



Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Қарқаралыдан Жайыққа дейін 

ата-бабамыздың  жері  еді,  сендер  соларды  тартып  алып,  бекініс  салып 

жатырсыңдар.  Мал  бағып,  күн  көретін  бізге  де  жер  керек»,  —  деп  әлсін-әлсін 

хат жазып, жұртты дүрліктіре түсуде. Ақтау бекінісі салынады дегеннен бері тіпті 

өшігіп  алды.  Қан  төгіспейік,  Ақтау  бекінісін  салмаңдар  дейді.  Ал  атамекен 

Көкшетауы  мен  Қараөткелдің  арасына  орнатылған  бекеттерге  маза  беруді 

қойды... 

 

Бірақ  ақ  патшаға  Кенесары  кім?  Ай  далада  ұлыған  бір  аш  қасқыр.  Жазған  



хаттарына  жауап  қайтармақ  түгіл  осы  хатты  әкелген  адамдардың  өзін  ұстап 

алып шетінен Сібірге айдауда. Ал сонда, Кенесары не істемек? Бізде жазық жоқ, 

өтіндік,  құлаққа  ілмеді,  ал  енді  атқа  қонайық  деп  қалың  бұқараны  көтермек... 

Сондықтан  да  жерінен  айырылып  ақ  патшадан  түңілген  жұрт  Кенесарыға 

қосылуда.  Омбы  генералдары  мұны  неге  түсінбейді?  Көктемде  көтерілген 

дария  түгіл  кішкентай  өзен  де  бір  күні  шеңберінен  шығып  тасиды.  Ал  Омбы 

бастықтары қалың қол шығарып, Кенесары күшеймей тұрғанда қырып салудың 

орнына, біздің өзімізге ереуілді тоқтат, немесе тың тыңда деп бұйрық беруден 

басқаны білмейді». 

 

Қоңырқұлжа  кілем  боқшантайға  тағы  да  қолын  созды.  Бір  қағазды  алып 



тесіле  оқыды.  Бұл  полковник  Талызинның  ең  соңғы  жарлығы  еді.  «Осы 

133 

Әдеби KZ 

жарлықты алысымен көтерілген ауылдардың мақсатын білу қажет, райларынан 

қайтпаса, қан жұтқызып басу үшін жиырма төрт сағаттың ішінде сол ауылдарға 

өзіңнің  балаларыңды  жіберуіңізді  ақырғы  рет  бұйырамын.  Бұл  жарлықты  сіз 

бұлжытпай орындауға тиістісіз», — деген сөзді оқып шықты. 

 

Қоңырқұлжаның  онсыз  да  қара  қоңыр  жүзі  енді  тіпті  қошқылданып  кетті. 



Қараөткел  бекінісіндегі  бәйбішесі  Қайнисаның  үйінен  әдейілеп  арнап 

тоқалының  аулына  да  осы  жарлықтың  әлегімен  келген.  Аға  сұлтанның 

Омбыдағы  кадет  корпусында  оқып  жүрген  Жәнәділ,  Шыңғыс  деген  екі  баласы 

бар.  Қоңырқұлжа  бұларды  патша  қызметі  үшін  қауіп-қатерлі  Кенесары 

ауылдарына  жібермек    түгіл,  аждаһаның  апанына  да  жұмсауға  шімірікпейді, 

тек...  балалары  айтқанын  орындай  ма,  гәп  сонда.  Жәнәділ  үлкен  бәйбішесі 

Қайнисадан,  Шыңғыс  екінші  әйелі,  Уәлиханның  немересі  Аққағаздан  туған. 

Жәнәділ  ынжық,  қорқақ,  бірдеңеге  берілсе  тез  ат  құйрығын  кесе  алмайтын 

босаң. Ал Шыңғыс шаш ал десе бас алатын қатал, әрі өжет, әрі батыл. Жәнәділ 

салпы  ауыз  қара.  Шыңғыс  нағашы  жұртына  тартқан  ақсары,  шегір  көз.  Төре 

тұқымының жанжалшыл, ұр да жық мінезінің бәрі де бойына біткен. Жастығына 

қарамастан  ел  арасындағы  дау-жанжалға  да  араласа  бастаған.  Былтыр  есаул 

Лебедев  Балқаш  көлінің  тұсында  көшіп  бара  жатқан  Сейтенді  қолға  түсіргенде 

тілмаш  болып  барған  да  осы Шыңғыс.  Ал  Жәнәділде  бұл  жігердің  бірі  де  жоқ. 

Бір биеден ала да, құла да туады деген міне осы. Аға сұлтан екі баласын да жек 

көреді. Өз қолымен ажалға айдап салуға бар, бірақ төркіндері мықты, адуынды 

әйелдерінен ғана именіп жүр... 

 

Қоңырқұлжаның  көзі  қайтадан  жас  тоқалына  түсті.  Бұл  жолы  бағанағыдай 



емес, шүңірейген кішкентай көзінің түбінде бір қияпат ашу ойнай жөнелді. Жас 

тоқалының бетіне тесіле қарап, ішіп-жеп барады. «Мынау тығыршық төс, бөлек 

бөксе  кімді  болса  да  қызықтырар...  Осы  сұлу  тоқалы  баласы  Шыңғыспен 


134 

Әдеби KZ 

көңілдес дегенді бәйбішесі Қайниса көптен бері құлақ-қағыс ететін. Аққағазды 

жек  көретін,  күндес  қатынның  шері  ғой  деп  Қоңырқұлжа  бұл  сөзге  бәлендей 

көңіл  қоймайтын. Алайда тоқалының қасына бір жансызын тыңға қойған. Сол 

жансызы  жақында  мұның  өсек  емес,  шын  екенін  айтқан.  Бұл  суық  хабарды 

естіген  шақта  қанша  бұлқан-талқан  болып  ашуланғанмен,  өш  алуға  келгенде 

айлақор, үндемей бас салатын сабырлы аға сұлтан табанда шу шығармай «тұра 

тұр бәлем!» деп іштен тынған да қойған. Сөйтіп ызаға үнсіз жанып жүргенінде 

екінші  бір  сұмдықты  тағы  естіген.  Үлкен  баласы  Жәнәділ  осы  кіші  тоқалының 

аулындағы бір төлеңгіттің қызына ғашық екен. Қыз да мұны жақсы көреді-міс. 

«Егер  әкем  айттырып  бермесе,  осы  қызды  нағашым  аулына,  немесе  Омбыға 

алып қашам», — дейтін көрінеді Жәнәділ.. 

 

Бұл  хабарды  естігенде  Қоңырқұлжа  тіпті  күйіп  кетті.  Аға  сұлтанның  баласы 



қарашының  қызын  алмақ  деген  не  сұмдық!  Қоңырқұлжа  кіші  шешесінің 

қойнына  барып  жүрген  Шыңғысқа  да  мұндай  ашуланып  көрген  жоқ,  ал  бұл 

жолы... Жәнәділді жедел шақыртып алдыртты да: 

 

—  Сенің  қарашының  қызы,  әбдіуақит  төлеңгіттің  Күмісін  алам  дегенің  рас 



па? — деді екі көзі қанталап. 

 

Жайшылықтағы  ынжық,  қорқақ  Жәнәділ  сірә  Күмісті  шын  жақсы  көретін 



болуы керек, күтпеген жерден табандылық көрсетті. Әкесіне тіке қарай алмаса 

да, қызға берген уәдесінен таймады. 

 

 

— Рас. 



 

—  Ал  сен  бүкіл  Ұлытау,  Қара  Кеңгір,  Сары  Кеңгірдің  қожасы  Ерденнің  кіші 

қызын саған айттырғанымды білмейсің бе? 

 

— Білемін. Ол қызды Шыңғыс алсын... 



 

— Ей, не малтаңды езіп тұрсың өзің? «Шыңғыс алсының» қалай?! Қатынды 

саған айттырамын да, алатын Шыңғыс болғаны ма? 


135 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет