барған екен. Нұғыман ауырғалы, колхоздың кеңсесіне талтақтап кіріп, қоқырайып
барып төрдегі бастықтың орнына шірене отырып жүрген Байдалы шал әлгі келген
ата-аналарға жат та кеп ұрсыпты: «Әй, өздерің қалай ойлайсыңдар осы?! Мына
қақаған қыста мұғалім табуды ойыншық көресіңдер ме? Ол жаңа келетін мұғалімге
үй керек емес пе? Отын-су керек емес пе? Ал оның бәрін мен қайдан табам?!. Жә,
басты қатырмаңдар!» — деп, қуып шығыпты.
Осыны естігенде, төсек тартып жатқан Нұғыман қатты ренжіген көрінеді.
Байдалыны үйіне шақыртқан екен, әншейінде Нұғыманның атын естігенде мөнтең
қағатын шал бұл жолы тіпті пысқырмапты да, «қолым тимейді» деп бармай
қойыпты. Байдалы шалдың мына қылығын естігенде, үлкендер жағасын ұстады:
«Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағына ойнақ салар» деген осы екен-ау,- десті.
Нұғыман кім еді? Байдалы кім?.. Күні кеше колхоздастыру кезінде бүкіл бір
болыстың елін аузына қаратып, соңына ерткен, орақ тілді, от ауызды, бетіне жан
қаратпаған жігіттің сұлтаны еді ғой Нұғыман. Әттең, абайсызда тап жауларының
қолына түсіп, мертігіп қор боп қалды. Ал Байдалы болса әркімнің шөре-шөресінде
жүрген, қолға су құюдан аспаған сорлы жан еді. Енді, міне, бүгінде кісімсіп бұл да
ел басқарып жүр. Мына қараң өшкір соғыстың кесапаты да. Әйтпесе ер-азамат
түгел тұрса, Байдалыға қарап қалар күн туар ма еді, сірә да?!
Әжібек болса өзіне қарайлас біздерді — балаларды жиып алып, біз арқылы
ата-аналарымызды табалап бір рақаттанып қалды.
− Ал Байдалыға бағынып бір жетістіңдер-ау, а! Еріңдер сол қақбастың
соңынан, тұпа-тура социализмнің төрінен бір-ақ шығарсын,- деп кекетті
барлығымыздың төбемізден қарай тұрып.- Талай айттым ғой осы, ол Байдалы
деген байдың құйыршығы боп келген адам, одан басалқалық шықпайды деп. Әй,
енді не дейін бұл елге, шын сөзімді қор қылады. Баласынады. Өзіміздің әлгі
боқмұрын Әжібек емес пе, осыны қойшы, адам болмайды дейді. Ал сонда сенген
Байдалысының түрі анау ма?! — Әжібек Байдалы шалға да, оған бағынып жүрген
бүкіл ауылға да ызалы еді. Сол ызасын қазір біздердің көзімізді шұқығандай
бетімізге басып айтып тұр. Біз болсақ үнсіз мойындап тұрмыз. Шынында да,
Әжібектің ақылындай ақыл кейбір үлкендерде жоқ-ау дейміз.
− Ал, көксоққандар, оқудан қалған обалдарың бірінші Гитлерге де, екінші
Байдалыға,-деді Әжібек сөзін түйіндеп.- Қайта бір есептен осы соғыс біткенше,
бастарыңды қатырып оқымағандарың да дұрыс. «Зат есім» «Сын есім»… тағы қай
есім еді, әлгі…
− «Сан есім»…
− Иә, иә, сол толып жатқан есімдермен бас қатырғанша, пайдалы бір тірлік
істеу керек қой. Оқуды соғыс біткеннен кейін оқып алсақ та жетеді. Өзім соғыс
біткен күннің ертеңіне-ақ станциядағы нағашымдікіне барып, тұп-тура милицияның
оқуын оқимын. Көкелеріңді сонда танытамын әлі. Әй, сонда әсіресе мына Байдалы
қақбасты алдыма салып, іші кепкен сиырдай ғып бір тырқыратармын-ау. Бүкіл
елдің алдында табанымды жалайтын болады…
Осы кезде үйінен шыққан Ырысбек дауыстап Әжібекті шақырған.
− А! Жолдас бас қолбасшы!
− Бері кел деймін,- деді Ырысбек.
− Қазір,- деп, Әжібек дедектей жөнелді. Кетіп бара жатып: — Мына
әскерлерді қайтем? -деп сұраған.
− Күте тұрсын! — деді Ырысбек.
− Әй, тырп етпей күте тұрыңдар! — деді Әжібек бізге қайырыла бұрылып.
Біз сол тобымызды жазбаған күйде күтіп тұрдық та, Әжібек Ырысбектің
жарлығын тыңдап қайтып оралды. Келе бәрімізге одырая өктем қарап:
− Ал, көксоққан әскерлер, бас қолбасшы біздерге ұрсып тұр,- деп бастады
сөзін.- Соңғы кезде сендердің не оқыған оқуларың жоқ, не бітірген істерің жоқ,
тағы да беттеріңмен кетіп бара жатырсыңдар. Серкесі жоқ мал құсап барасыңдар.
Оларың жарамайды. Жаңа Ырысбек те соны айтты. Шүкіршілік, бастайтын
серкелерің бар. Ол — мына менмін,- осы тұста балалардың бірі шиқылдай күлген,
Әжібек көзін аларта: — Кәне, о кім күліп тұрған? Көк желкеңді қиып жіберейін осы!
— деген түтіге жекіп. Күлкі сап тыйылды.- Жаңа бас қолбасшы екеуміз ақылдаса
кеп, сендерді қыс кезіндегі еңбекке тәрбиелейтін болдық. Анда-санда таудан отын
шабуға барып тұрамыз. Бұл — бізге әскери тапсырма! — деді сөзін шегелеп, онан
соң тау жаққа көз сала тұрып: — Әне, Ешкіөлместің күнгейіндегі бұйралана
ұйысып жатқан қалың тобылғы мен қарағанды көрдіңдер ғой, содан отын
шабамыз. Мынадай қыста салпақтап құр ойнай бергенше, бір уақ отын шауып
шешелеріңді қуантсаңдаршы. «Қарағым адам боп қапты»,- деп, төбесі көкке
жетеді ғой,- деген.
− Ой, біздің үйде отын көп, атам кеше бір шана ағаш отын түсірді.
− Біздің үйдің отыны да қысқа жетеді.
− Мен бармаймын.
− Мен де бармаймын,- деп, балалар жан-жақтан дабырлай бастаған.
Әжібек дөрпиген көн етігімен жерді (қатты қарды) теуіп қалды.
− Бәрің де барасыңдар! — деді ақырып.- Сендер немене, тәртіпті
ұмытқансыңдар ма? Мұны мен әскери бұйрық деп тұрмын ғой. Кәне, осыдан
біреуің бас тартып қиқалақтап көріңдерші, әкелеріңді де, шешелеріңді де танытып
жіберейін. Әне, бас қолбасшы Ырысекеңнің өзі тұр ғой!
Біз, балалар, жым болдық. Дәл қазір Әжібек анадай тұрған Ырысбекті
арқаланып, қайсымызды болса да қарсылық етсек, итше тепкілеп жіберетіні анық
еді.
− Ал барыңдар, үйлеріңнен кетпендеріңді және отын буатын екі жіптен алып
шығыңдар!
− Екі жіп неге керек?
− Неге керек екенін барған соң көресің. Отынды шабамыз да буып-буып
таудан домалатамыз да жібереміз, ешқайсыңның жаның қиналмайды,
көксоққандар! Егер осыдан біреуің бармай қалып көр, мына жұдырық соның
төбесінде өтеді,- деп, күс-күс арық жұдырығын көрсетті.
Үйге кеп, барлық балалар боп таудың күнгейінен тобылғы шабатынымызды
айтып, белімізге жіптерімізді буынып, қолымызға кетпендерімізді ұстап, сәлден
кейін көше ортасына топырлай жиналдық. Дәу кетпенді әзер деп көтеріп үйден
шығып бара жатқанымда, әжем:
− Құлыным-ау, шамаң келмейді ғой,- деген.
− Келеді. Балалардың бәрі де бара жатыр,- дедім. Шынын айтқанда,
көбімізге мына қыста тауға шығып отын шабу — ең қызық ойын сияқты көрінді.
Үлкендер болса балалардың аяқ асты мына қылығына қапелімде не дерлерін
білмегендей, не қоштап мақтап кете алмай, не қойыңдар деп тыйып тастай алмай
аң-таң. Әрине, қыс ішінде бір уыс отынның өзін үнем көріп отырғанда, баласының
«отын шауып әкелем» деп өз тарапынан суырылып шыққан тірлігі кімді де
қуантатыны сөзсіз, тек бірдеңеге ұрынып қалмай, қайырымен болсын дейді де…
Әжібек бастап, ауылдың жоғары жағына қарай шұбырып жүріп кеттік. Алып
алма ағаштың тұсына жеткенбіз, бұтақтары сойдиып-сойдиып жалаңаштанып тұр
екен. Ұшар басындағы бұтақтарында бүрісіп-бүрісіп қатып-семіп қалған қоңырқай
алмалары көрінеді, төменгі бұтақтарында байланған шүберектер жалбырайды.
Бізге мына қыста сол қатып-семген алмаларының өзі уылжып тұрғандай,
аузымыздан сілекейіміз ағып қызыға қарағанбыз.
− Бұтақтарына шығып сілкиік, бәлкім, анау алмалары түсер,- деді
балалардың бірі. Осы сөз қамшы болды ма, Әжібек жолымыздан сәл қиғаштау
болса да бұрылып алып, алма ағашқа қарай тартты.
Алып алма ағашқа жақындай бергенбіз, төңірегі ойқастаған қалың із екен,
шашылған құстың қауырсыны, жүн-жұрқа.
− Биыл түлкі қалың ғой, түлкінің іздері шығар? — деген Бәтен.
− Мүмкін, алма ағаштың түбіндегі үңгірге түлкі жатып жүрген шығар. Қазір
ұстап алсақ қандай қызық болар еді,- деген Қайрат.
− Жо, бұл із түлкінікі емес,- деді ізге үңіле қараған Санат.- Түлкі қарға
бүйтіп батпайды.
− Онда қасқырдың ізі шығар?
− Жо, қасқыр да емес. Бұл — иттің ізі.
− Қазір не болса да көреміз енді,- деді алда келе жатқан Әжібек.- Әне,
үңгірден қарайып бірдеңенің басы қылтияды. Кетпендеріңді оңтайлап ұстаңдар!
Осы кезде алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден Қарақаншық атып шықты,
көздері қып-қызыл боп қанталап, тістерін сақылдата ырылдап, айбат шегіп бізге
қарсы жүрген. Аппақ қардың үстінде өзі қап-қара боп, ештеңеден тайынбайтын
керемет қорқынышты еді. Жолбасшымыз Әжібек болып, біз бір-бірімізді баса-
жанша кейін қаштық. Қорыққандарынан бір-екі баланың ойбайлап жіберген
дауыстары да шығып кетті. Омбы қарда сүріне-қабына едәуір қашып барып кейін
бұрылғанбыз, Қарақаншық соңымыздан қумапты, үңгірдің аузына қайта барып,
жер иіскелеп қаңсылады да, ұлып-ұлып жіберді.
− Әй, мынаның іші қабысып, емшектері салақтап тұр ғой, күшіктегеннен сау
ма? — деген балалардың бірі.
− Расында да, түрі күшіктеген сияқты.
− Иә, үңгірге маңайлатпауы тегін емес.
− Қыста күшіктеген қаншықты көргенім осы.
− Қайбір жақсылық дейсің,- десіп алып, алма ағаштың басындағы қатып-
семген алмалардан күдер үзген балалар енді тауға қарай өз жолымызға түстік.
Таудың етек жағындағы жел үрлеп нығарлап тастаған қалың қарды кетпенмен
қадау-қадау ойып, баспалдақтап жол салып, жоғары қарай шұбыра өрлеп келеміз.
Сөзіміз Қарақаншық төңірегінде: әлдеқашан жоғалдыға санап жүргенімізде,
күтпеген жерден алып алма ағаштың түбіндегі үңгірден шыға келуі бізді қатты
таңырқатқан еді; оның үстіне қыс ішінде күшіктегенін қарасаңшы; күшіктері қалай
тоңбайды екен; ауылға жоламай, мына жырақта жүріп өзі немен қоректенеді? Осы
тәріздес толып жатқан сұрақтарға жауап таба алмай, дал боламыз.
− Қарақаншық киелі ит қой,- дейді ішіміздегі ең білгішіміз Санат.- Бұл
ауылға не жақсылық, не жамандық әкеледі.
− Жақсылығын қайдам, жамандығын көріп жүрміз ғой,- деді Бәтен.
− Сен Бүбітайдың жынданып кеткенін айтасың ба?
− Иә.
− Оған Бүбітайдың өзі кінәлі. Қарақаншықтың күшіктерін тірідей көміп
өлтірді емес пе?
− Қарақаншық олардың бір қазан сүтін ішіп кетті ғой.
− Бір қазан сүтке бола күшіктерін өлтірмеу керек еді.
− Сонда ауылға ұры иттер қаптап кетсін дейсің бе?
− Түк те қаптамайды. Қарақаншықтың бұрынғы күшіктерінің қайсысы ұры
болып еді?! Ауылдағы көп үйдің иттері соның күшіктері ғой.
− Сен өйтіп Қарақаншықты жақтамай-ақ қой, бәрібір иттің аты ит те, ал
Бүбітай — адам.
− Иттің де обалы бар, жазықсыз тиіссең, сол обалы жібермейді.
Мына екеуінің таласына шыдай алмай кеткен болу керек, осы сәт алда бара
жатқан Әжібек кілт кейін бұрылды да:
− Әй, екі кемеңгер, тоқтатыңдар бос былшылды! — деді ыза болып.-
Немене, Қарақаншық пен Бүбітайдың күйігі сен екеуіңе батып келе ме, сонша
керілдесіп. Дабай, қойыңдар енді!
Санат пен Бәтен жым болды. Бәріміз үйіріле тоқтай тұрып, сәл тыныс алдық.
Өрге қарай жүреміз деп едәуір алқынып қаппыз, өңдеріміз қызара тершіп, кейін
қарай көз салғанбыз. Түу, шіркін, сұлулық деп осыны айт! Өзіміз дәл бір жердің
кіндік үстінде тұрғандаймыз да, төңірек төрт бұрыш тегіс шыр айналып кеп біздің
табанымыздың астына түскендей, көз жететін дүниенің бәрі де төменде жатыр.
Жазда бірінің үсті көк-жасылданған егінжай, бірінің үсті көк жусан мен боз бетеге,
енді бірі айдалған қара пар боп жататын бел-белестер мен дөңдер қазір мақталы
қалың ақ көрпенің астында тарс бүркеніп алған, біркелкі боп қымтанып жатыр.
Сол тұтасқан жалпақ дүние бұлдырап барып қысқы сұрғылт аспанмен астасқан
жерге дейін аппақ боп күнге шағылысып, көзді қарықтырады.
Әжібек тымағын алып жеңімен маңдайының терін сүртті, тісінің арасынан
сәнімен сыздықтата түкіріп қойды да, Санат пен Бәтенге кезек қарап алып:
− Меніңше, бар ғой, сендердің анау Бүбітайларыңның адам аяр қылығы жоқ
болатын,-деді.- Сау кезінің өзінде жындының ісін істейтін еді ғой. Осыдан екі жыл
бұрын, апам өлген жылы жазда, бір рет қарным қатты ашқан соң, осы Бүбітайдың
үйіне кіргем. Сонда маған бір тостаған айран құйып берудің орнына, менің көзімді
бақырайтып қойып тұрып, жарты шелек айранды қаз-үйректеріне апарып төкті
ғой. Сонысы құдай сүйер қылық па?! Сонда мен іштей: «Әй, кесір атар мына
қатынды»,- дегем. Айтқаным айдай келді, атты ғой әне, ақыры! Аш жүрген маған
бермей, айранды қаз-үйрекке төкті деген не деген сұмдық! -өне бойын ыза
кернегендей сөзін тістене кіжініп аяқтаған Әжібек қайтадан алға түсіп, өрге қарай
қатты-қатты адымдай жүрген, біз тіпті ілесе алмай қалдық. Біраз озып кеткен ол
сәлден кейін бізге қайырыла тұрып:- Сендердің анау Қарақаншықтарың да
қаншықтығын жасап қасқырмен әмпей боп жүрмесе не қылсын,- деді мысқылдай
күліп.-Қыста күшіктеуі тегін емес…
− Ол да мүмкін,- деді Қайрат іле қоштап.
− Мүмкін емес, дәл солай. Осы жолы бұл қасқырмен лықты. Жаңағы бізге
анадайдан айбат шегуі тегін емес. Қасқыр күшіктерін қызғанғаны ғой,- деді Әжібек
төндіре сөйлеп.-Обшым, осы жолғы бір күшігін мен алам.
− Шынында да, қасқырдан туған күшік нағыз арлан болатын шығар. Мен де
біреуін алам,-деді Қайрат.
− Онда мен де біреуін алам.
− Мен де…
− Мен де…- деп балалар жан-жақтан шулай бастады.
− Бәріңе Қарақаншықтың күшігі жетпейді,- деді Әжібек оларды тоқтатып.-
Көп болғанда бес-алты күшік шығар. Сондықтан ертең күшіктерді алуға келгенде,
Қарақаншыққа беруге нанды кім көп әкелсе, күшікті сол алады.
Осылайша бәтуаға келіп, тауға қайта өрледік. Жоғары көтерілген сайын, қар
мүлде жұқарып, біртіндеп қары жоқ қарайған жерге де аяғымыз жетті. Қатты жел
үрлеп жалаңаштап кеткен тау күнгейі жайма-шуақ көктем лебін еске түсіріп,
бусанып жатыр. Арқамыздан күннің жылуы өтіп маңдайымыздан бір жылы леп
сипайды. Әр-әр жерде топ-топ боп өскен қызыл балақ тобылғы, қара күрең
қараған, ұйыса жабысқан қалың бөргез, ақ сирақ үшқат қаптай бастады.
Осы тұста бастаушымыз Әжібек тағы бір бел босата тұрып, барлығымызға
барлай қарап шықты да:
− Ал, көксоққандар! — деді өктем үнмен.- Енді, дабай, тобылғы шабуға
кірісеміз. Жарлық былай: ең әуелі, әрқайсың үлкен-үлкен үш түптен Ырысбекке
деп арнап тобылғы шабасыңдар. Соны үйден алып шыққан екі жіптеріңнің біріне
буып төмен домалатамыз, бұл сендерге салынған салық. Тек сонан кейін өз
үйлеріңе шабасыңдар.
Біз бірден келістік. Тау үстіндегі ен-тегін тобылғының ортасында тұрғанда,
үш түп деген де сөз болып па.
− Ақ үшқат пен бөргезден шабуға бола ма? — деп сұраған балалардың бірі.
− Өз үйіңе шауып алсаң, пажалыста, ал Ырысбекке тек тобылғы ғана
шабыңдар! — деді Әжібек қатал ескертіп.- Тобылғының қызуы мол болады және
қолға кіретін тікені болмайды.
Сөйтіп, біріміз жоғары жағынан, біріміз төменгі жағынан, енді біреулеріміз
қос бүйірінен дегендей қорым тастың жиегіндегі қалың өскен, кісі бойындай
тобылғыны жан-жақтан шабуға кірістік. Бұрыннан үлкендерге ілесіп тобылғы
шауып жүргендер онша қиналмай-ақ бірден кірісіп кеткен, ауыр кетпенді
салмақтай көтеріп, тобылғының түбін орай тасы жоқтау деген тұсын ала гүрс
еткізіп қап, оп-оңай ғана тамырымен қопарып тастайды, ал тәжірибесіздері
тобылғыны кез келген жерінен шауып аламыз деп кетпендерінің жүзін көк тасқа
шақ-шұқ соғады. «Гүрс-гүрс»… «Шақ-шұқ…» Ойнай жүріп, күн еңкейгенге дейін,
әуелі, Ырысбекке деп дәу екі арқа тобылғы шауып, оларды жіппен буып төмен -
ауылға қарай домалатып, енді әрқайсымыз өз үйлерімізге деп шабуға кіріскенбіз.
Бір кезде оқыстан шыққан айқай-шу, аттандаған дауыстар бәрімізді де елең
еткізді. Тобылғы шапқанымызды доғарып жалт-жалт қарадық. Төменде жатқан
ауылдың көшесінде әбігерге түскен кемпір-шал, бала-шаға біздерге қолдарын
бұлғап, бірдеңе деп айқайлап, шуылдасып тұр. Екі-үш ересек адам бері тауға
қарай емпелеңдесіп келеді. «Ай-оу-у, ат-тан!»» Ат-та-ан!.. Ой-ба-айй!.. Ой-байй!..»
— деседі, басқа сөздері естілмейді.
− Әй, мыналар неге шулап тұр? — деді Әжібек.
− Біздің жоғары жағымыздан бірдеңені нұсқайтын сияқты,- деді Санат.
Бәріміз енді жоғары жаққа қарағанбыз, қожыр-қожыр боп төбемізден төнген
жартастардан өзге ештеңе көрінбейді.
− Ай-о-оу-у!.. О не-е? Не деп тұрсыңдар? — деп Әжібек ауылдағыларға
қарай айқайлаған. Осы сәтте ғана құлағымызға ауылдағылардың:
«…Ысқыр!.. Ысқыр!» — деген сөздері естілгендей болды.
− Қасқыр дейді,- деді Санат.
− Ойбай, қасқыр деп тұр ғой,- деді балалардың бірі үрейлене. Бәріміз де
үрейленіп қалдық. Қайтадан ор жаққа, төңірегімізге қарағанбыз.
− Әне!..- деді бір бала.- Қос көк тастың астында.
Енді біз де көрдік, алып алма ағаштың желке тұсында, біздің теріскей
жағымызда аумағы екі үйдің орнындай жалпақ екі көк тас болатын, солардың
астыңғы жағында төрт-бес көк ит бұта-бұтаның арасында бірі шоқиып, бірі
тұмсығын көтере ауаны иіскелеп, енді бірі біз жаққа сазара қарап тұр екен.
− Ойбай-ай, апа-а! — деп шарылдай жөнелді балалардың бірі. Оған екінші,
үшінші ойбай қосылды. Тау үстінде шулап кеттік.
− Не істейміз? — деген Әжібек.
− Тек қашпайық, бәріміз топтасып бірге тұрайық,- деді Санат.
− Дұрыс. Кәне, кетпендеріңді алып менің қасыма жиналыңдар. Кетпеннің
шүйдесімен тасты соғып, бәріміз бірдей аттандайық!
− Ат-тан!.. Ат-тан!..
Шақ-шұқ тасты соғып, біріміз шыңғырып аттан сап, ойбайлап бердік. Кенет
қасқырлардың шоқайып отырғаны темен қарай ырши секірген. Анық көрдік,
үлкендігі тайыншадай, нағыз көкжал екен. Секірген күйі біздің көзімізден таса
тұрған алып алма ағаштың тұсына батып көрінбей кетті. Төменгі ауыл жақтағылар
бұрынғыдан да қатты шуылдасып кетті.
− Бәрің түгелсің бе? — деді үрейленген Әжібек.
− Түгелміз.
Көкжалдың соңын ала басқа қасқырлар да бізге көрінбей кеткен. Күз жақты
жаңғырықтырып иттің жанұшыра үргені, одан қатты бір қаңқ еткені естілді. Ауыл
жақтағылар әлі шулап тұр. Сәлден кейін алып алма ағаштың арғы жағындағы
қарлы беткейді қиялап әлгіндегі қасқырлар ұмар-жұмар орталарындағы
қараңдаған бірдеңені кезек-кезек созғылап сүйрелеп бара жатты.
− Қарақаншықты әкетті!..
Жанұшыра қаңсылап бара жатқан сол Қарақаншық екен. Әрқайсысына бұл
да ауыз салмақ болып азу тістерін сақылдатып айбат жасайды, бұлқына
арпалысады, көмек сұрап жанұшыра қаңсылайды, бірақ әлуетті күші басым
қасқырлар оны жан-жағынан қақпақылдай қағып, көкпарға салғандай бірінен-бірі
жұлқа тартып кергілеп барады. Әрқайсысы бар екпінімен ағып кеп, қанға боялған
арандай ауыздарын салып өткенде, Қарақаншықтың бір мүшесін жұлып
әкеткендей болды. Аппақ қардың үстінде судай шашылып бара жатқан
Қарақаншықтың қаны, шарылдай қаңсылағаны керемет аянышты еді, тау-тасқа
жаңғырығып аза бойды қаза тұрғызды. Бүкіл ауылға, шуылдаған халыққа
құтқарыңдар дегендей шырқырайды. Ал қасқырлар болса өршелене, құтырына
түсіп жұлқып-жұлқып әкетеді. Біртіндеп Қарақаншықтың қаңсылы басылайын деді,
сәлден кейін мүлдем үні өшіп, қасқырлардың аузында жұлмаланған жансыз затқа
айнала бастады. Тағы бір жұлқыласқан кезде, кеуде жағы әлгіндегі тайыншадай
көкжалдың аузында қалды да, бөксе жағын басқа қасқырлар бөлісіп әкетті,
осылайша Қарақаншықты бүкіл ауылдың алдында пәре-пәресін шығарып
олжалаған қасқырлар жұлқыс-тартыспен қыратты асып көрінбей кетті.
Біз, балалар, зәре-құтымыз ұшып, қалтырап қалш-қалш етіп үніміз шықпай,
бір-бірімізге тығылып есіміз шығып кеткен еді. Енді шапқан отындарымызға
қайырылмастан, бір-бірімізді қаға-маға төмен ауылға қарай біріміз домалап, біріміз
сырғанап безіп жөнелдік.
Келесі күні қорқыныш-үрейіміз басылған соң, Әжібек шанасы бар балаларды
өзі бастап жүріп, кешегі таудан домалатқан үлкен екі арқа тобылғымызды
Ырысбектің үйіне жеткізіп бердік. Егер өгіз шанаға тиер болсақ, мұнымыз дәу бір
шана отын еді. Он шақты бала жан теріміз шыға жүріп әлгінің бәрін Ырысбектің
қорасына кіргізіп, тап-тұйнақтай етіп бір жағына жинап қойдық. Өз үйлерімізде
шыбық басын сындырсақ шыңқылдап тұратын, бір құшақ отын бұтағанның өзінде
үйдегі үлкендерді заржақ қып барып әзер тіл алатын, шіркіндер, Ырысбек пен
Әжібектің алдында өстіп мөнтең қағатынбыз. Біз тобылғыны тегіс кіргізіп болған
кезімізде, Ырысбек үйінен шыққан, бәрімізге жағалай бір қарап өтті де:
− Әй, адъютант Әжібек! — деді.
− Иә, жолдас камандірі — деп Әжібек қарсы алдына жетіп барды.
− Мынау балалар бүгіннен бастап жай әскер емес, ең сенімді, ең батыр,
алдыңғы шепте өзімнің төңірегімде ғана жүретін төлеңгіттерім болады,- деді.
Біз ол сөздің мәніне түсіне қоймай бір-бірімізге, одан Әжібекке қарағанбыз.
− Обшым, төлеңгіт болғаннан ұтылмайсыңдар. Басқа балаларға сендер
камандірсіңдер,-деп түсіндірді Әжібек.
− Дұрыс айтады,- деді Ырысбек оның сөзін қостап.
− Ертең мен мына Әжібекті МТС-қа темекі әкелуге жібергелі отырмын.
Темекі әкелген соң, бәріне шылым тартуды үйретеміз.
Біз төбеміз көкке жеткендей боп қуанып қалдық, бір-бірімізге жымыңдаса
қарап, шылым тартуды үйренетінімізге мәз боп тұрмыз. Шылымды құшырлана
тұрып сорып, оның түтінін мұрыннан, көзден, құлақтан шығару деген керемет қой!
* * *
Бар тілегім, Ырысбек қашан үлкейтіп болғанша, көкем мен апамның суретін
алғанымды Нәзира әпкем білмесе екен деймін, кешкісін жұмыстан келгенде,
сандықтағы альбомын алып қарай кермесе екен деп қыпылдап отырам. Абырой
болғанда, ол қырманнан діңкелеп шаршап келеді де, кешкі тамағын іше сап,
ештеңеге қарауға шамасы келместен мұрттай ұшады. Бар айтатыны:
− Қанатай, қол диірменді өзің айналдырарсың,- дейді.
− Мақұл, әпке, алаң болма,- деп, мен осы үйдің онан кейінгі естияры ретінде
ертеңгі ішім-жем талқанды тас диірменге тартуға кірісем. Тас диірменді айналдыру
ауыр, қолдың қарын талдырады, бірақ амал қанша, әжемнің шамасы жетпейді,
басқа балалар әлі кішкене, сондықтан қолымның қаншама талып, иықтарымның
талмаусырап қарысқанына қарамастан, бар күшімді жинап, әбден әлім құрып
діңкелегенше, күшене отырып айналдырам. Маңдайымнан тер бұршақтап, көзім
қарауытып кетеді, сонда да әжеме, інілерім мен қарындасыма сыр білдірмеймін.
Әжемнің:
− Болды, қарағым, алдыңдағы ауыр тас, иығыңда ауыртып аласың,- дегеніне
қарамастан, ылғи да қос уыс бидайды артық тартам.
Бүгін де сөйтіп күшене отырып ертеңгі күннің талқанын тартып боп қалған
кезімде, тарс-тұрс есік ашылып, үйге Ырысбек пен Әжібек кіріп келді. Есіктің қатты
ашылып, қатты жабылғаны сонша, үйдің ортасындағы дөңгелек үстелдің үстінде
тұрған май шам жалп-жұлп етіп өшіп қала жаздады.
− Кеш жарық, әже,- деді Ырысбек даусы гүр етіп.
− Қарағым, Ырысбекпісің? — деп әжем келгендерге сығырая қараған.
− Ия, мен ғой, әже.
− Қасыңда тағы біреу бар ма?
− Әжібек қой.
− Ә-ә… Мына беймезгіл уақытта жай жүрсіңдер ме?
− Балаңыз бен келініңіздің суретін үлкейтіп едім, соны әкелдім,- деді
Ырысбек даусын көтере сөйлеп.
Сөйтті де өзі қолындағы ораулы қағаздың бір жағын Әжібекке ұстатып
шамның жарығына тосқан; әнеугүнгі өзім берген суреттен айна-қатесі жоқ көкем
мен апамның үлкейтілген суретін көргенде, басы әжем болып, бәріміз есіміз шығып
аңырып қараппыз да қалыппыз, кәдімгі көкем мен апам тіріліп үйге кіріп
келгендей. Әжем өз көзіне өзі сенбегендей жақындаңқырап кеп үңіле қарады да:
− Қарғаларым, қос қарашығым… тіріліп келгендей боп қатар тұра
қалғандарын… О, менің айым мен күнім…- деп, айналып-толғанып, есі шығып
Достарыңызбен бөлісу: |