ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛДІГІ
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ
БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИМАМДАР ФОРУМЫНДА
БЕКІТІЛДІ
ҚАЗАҚСТАН
МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ
ТҰҒЫРНАМАСЫ
Шымкент 2015 ж
2
КІРІСПЕ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (әрі қарай –
ҚМДБ) өз Жарғысы негізінде мемлекетіміздің зайырлы даму
жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен,
дін жолын ұстанбайтындармен ынтымақтастықта тіршілік
етіп, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты
сақтаудағы отандық тәжірибені қолдайды. Сондай-ақ,
бұл үрдісті одан әрі нығайтуға негіз болып саналатын осы
Тұғырнаманы қабылдайды және күнделікті қызметінде
басшылыққа алады.
Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары,
білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам
тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан
тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды
қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортаға және ел
аумағындағы халықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін
сыйлауға қатысты көзқарастары айқын көрсетіледі.
І. Негізгі діни ұстанымдар
1.1 Ислам негіздері
Ислам
«Ислам» сөзі «Құдайға толық мойынсұну», «бейбіт адам
болу» деген мағыналарды білдіреді. Ислам дінінің негіздері
бесеу. Олар: иман, намаз, ораза, зекет және қажылық. Ислам
діні құлшылықтардың көркем түрде орындалуын талап етеді.
ҚМДБ Ислам дінінің сүнниттік бағытын, оның ішінде
имам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Мұсылман үмбетінің
басым көпшілігіне ортақ сенім ұстанымдары мен шариғат
шарттарын уағыздайды. Сенім, иман мәселелерінде имам
Матуриди ақидалық мектебінің жолын ұстанады.
Иман негіздері (ақида)
Иман дегеніміз – жүрекпен сеніп, тілмен айту. Иманның
жеті шарты бар:
3
1.Алла Тағаланың бар әрі бір екендігіне сену;
2.Періштелерге сену;
3.Кітаптарына сену;
4.Пайғамбарларына сену;
5.Ақырет күніне сену;
6.Тағдырға (жақсылық пен жамандық тек Алладан
екеніне) сену;
7.Өлгеннен соң қайта тірілу бар екендігіне сену.
Ақида – мұсылманның сенім мәселелерін қарастыратын
ілім. Мұсылман ақидасының түп негізі – Құран мен Сүннет.
Әрбір мұсылман: «Аллаға, Оның Өзіне тән есімдері
мен сипаттарына кәміл иман келтірдім әрі Оның барлық
әмірлеріне толық бойұсынып, қабыл алдым», – деп илануы
қажет.
Алла Тағалаға тән сипаттар «Зати» және «Субути»
болып екіге бөлінеді. А) «Зати» сипаттар алтау:
1. әл-Ужуд (бар болу);
2. әл-Қидам (әуелі жоқ әзәли);
3. әл-Бәқа (мәңгі);
4. Мухалафатун лил-хауадис (ешбір жаратылысқа
ұқсамау);
5. Қиям бинафсиһи (өздігінен бар, ешнәрсеге мұқтаж
емес);
6. әл-Уахданият (жалғыз). Ә) «Субути» сипаттар сегіз:
7. әл-Илм (білу);
8. әл-Кәләм (сөйлеу);
9. әс-Сәмғ (есту);
10. әл-Басар (көру);
11. әл-Хаят (тірі);
12. әл-Ирада (қалау);
13. әл-Қудра (құдірет);
14. әт-Тәкуин (жарату).
Имам Матуриди ақидасы төмендегі мәселелерді
қамтиды: Аллаға сену
1. Алла Тағала бар. Ол – «Уәжибул-ужуд». Яғни, бар
болуы міндетті. Одан басқаның бәрі – «Мумкинул-ужуд».
Яғни, бар болуы Аллаға тәуелді.
2. Алла Тағала – жалғыз. Оның еш серігі жоқ. Сондай-ақ,
4
Хақ Тағала затында, сипаттарында, істерінде – жалғыз. Яғни
Алланың затына ұқсайтын ешнәрсе жоқ. Оның сипаттарына
ұқсайтын сипат жоқ. Әрі Оның істеріне ешкім ортақ бола
алмайды. Жаратушы да, басқарушы да – бір Өзі.
3. Алла Тағала әуелден бар. Бар болуы бастаусыз. Есім-
сипаттарының бәрі әзәли, яғни бастауы да, соңы да жоқ.
4. Алла Тағала еш нәрсеге мұқтаж емес, өздігінен бар.
Әлем жаратылмай тұрып Алла бар еді. Әлем жаратылғаннан
кейін де Алла еш өзгермеді. Алла ешбір нәрсеге, мекен мен
мезгілге тәуелді емес.
5. Алла Тағала – мәңгі. Одан басқаның бәрі пәни (соңы
бар). Алланың мәңгі болуы – өздігінен. Ал, Одан басқаның
мәңгі болуы – өздігінен емес, Алланың ғана қалауымен.
6. Алла Тағала еш нәрсеге ұқсамайды. Оның ұқсасы,
теңдесі, серігі жоқ. Ол еш жаратылысқа ұқсамайды.
Жаратылған нәрселер Оған ұқсамайды.
7. Алла жауһар (дененің бөлінбес бөлшегі) емес, жисм
де (физикалық дене) емес, ғариз де (физикалық денеде
болатын кездейсоқ форма) емес. Өйткені, осы аталған
нәрселер – жаратылған денелердің сипаттамасы. Сол себепті,
жаратылысқа тән болған нәрсені Алла Тағалаға телуге
болмайды.
8. Алла Тағаланың зати, субути сипаттары хақ. Алла
Тағала – тірі, Ол – құдіретті. Алла Тағаланың қалау, білу,
сөйлеу, көру, есту, жарату секілді және басқа да сипаттары
бар. Алланың сипаттары Оның нақ өзі емес. Сондай-ақ,
өзінен тыс та емес.
9. Алла Тағала кемшіліктерден ада. Оған жаратылысқа
тән бала, әйел т.б. болмыстарды таңуға болмайды. Сондай-ақ,
Алла Тағала өзі жаратқан нәрселерге ену, бірге болу, олардан
ажырау немесе жабысу секілді ұғымдардан да ада.
10. Алла Тағала бізге мәлім тілдік ұғымдағы келу, кету,
қимылдау, тұрақтау,
орналасу, сондай-ақ, жүз, көз, қол, аяқ,
балтыр т.б. секілді жаратылысқа тән дене ұғымдарынан да
ада. Ал, осы мағынада келген сөздер бізге мәлім тілдік ұғымда
емес. Бұл сөздерде ерекше мағына бар. Бірақ, «Алланың өзі
біледі» деп Аллаға тапсырамыз (тафуид жасаймыз). Қажетті
жағдайда араб тілі қолданысында бар, Алланың ұлықтығына
лайық астарлы мағынада жорамал (тәуил) жасалады.
5
11. Алла Тағалаға кейіп, сурет, көлем, пішін, шек, тарап
беруге болмайды. Алла Тағала жаратылыстарға тән осы
сипаттардан ада.
12. Алла Тағала сөйлейді. Оның кәләм сипаты бар.
Бірақ Оның сөйлеуі біздің сөйлеуіміз секілді дауыс, дыбыс,
әріптерден құралмайды.
13. Алла Тағала мен оның пайғамбары Мұхаммед
(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білдірген иләһи
есім-сипаттардың барлығы хақ және олардың ешбірін жоққа
шығаруға болмайды.
14. Хақ Тағала сипаттарының барлығы бастаусыз
қадим әрі мәңгі. Алла Тағаланың сипаттары бұдан кейін
де пайда болмайды. Өйткені, Ол еш өзгермейді. Алла әлем
жаратылмай тұрып кемел болған. Әлемнің пайда болуымен
немесе аяқталуымен Оның кемелдігі толықпайды әрі
кемімейді.
15. Жәннат иелері Алла Тағаланы ақыретте көреді. Бірақ
Оның көрінуі еш кейіпсіз, тарапсыз, арақашықтықсыз жүзеге
асады. Оның ақыретте көрінуін жоққа шығаруға болмайды.
Періштелерге сену
1. Періштелерге иман келтіру парыз және олардың
өздеріне тән әртүрлі қызметтері бар. Олар жоққа
шығарылмайды, ер-әйел деп жынысқа бөлінбейді.
1. Періштелер нұрдан жаратылған. Алланың қалауымен
әртүрлі кейіпте және адам бейнесінде де көріне алады. Бірақ
жағымсыз бейнеде көрінбейді.
1. Періштелер ішпейді, жемейді, көбеймейді. Олардың
нақты саны Аллаға ғана аян.
1. Төрт үлкен періште бар. Олар: Жәбірейіл, Микәйіл,
Исрафил, Әзірейіл.
Кітаптарға сену
1. Елшілерге түскен төрт қасиетті кітап – Тәурат, Забур,
Інжіл, Құран Кәрім ақиқат. Олардың ешбірін жоққа шығаруға
болмайды. Тәурат, Забур, Інжіл кітаптарының түпнұсқасына
иман келтіреміз.
2. Құран Кәрім пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жиырма үш жылда
6
толық түскен. Құран Кәрім еш өзгеріске ұшырамаған әрі
ұшырамайды. Оның сақталуын Алла Тағала Өз кепілдігіне
алған.
3. Құран Кәрімде 114 сүре бар. Пайғамбарымыздың
(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде
Құран Кәрімнің сүрелері, аяттары толық реттеліп, сүрелердің
орны белгіленіп көрсетілген.
4. Алла Тағаланың сөзі – Құран Кәрім жаратылмаған.
Ал, жаратылған нәрселер – қолымыздағы Құран кітабының
қағаздары, бояулары, әріптері және оқығанда шығатын
дыбыстары.
5. Құран Кәрімде насих-мансух (үкімін жоюшы, үкімі
жойылған), мухкәм-муташабиһ (анық-астарлы) аяттар
бар. Құран Кәрім хақиқи-мәжази (тура-ауыспалы),
ғамм-
хас (жалпы-жалқы), мутлақ-муқаййад (шексіз-шектеулі),
мужмал-муфассал (ықшамды-кең көлемді) секілді үкімдерді
қамтыған.
Пайғамбарларға сену
1. Пайғамбарларға сену – парыз. Олар – адам нәсілінен
шығады. Ішеді, жейді, үйленеді, бала-шағалы болады.
Адамзатқа тән асыл қасиеттердің барлығы пайғамбарлардың
бойында табылуы хақ.
2. Олар күнә жасамайды, өтірік айтпайды, ақиқатты
жасырмайды, Алланың бұйырықтарын толық орындайды.
Ақылы кеміс болмайды, жын соқпайды. Жұқпалы, адам
жиіркенерлік аурулармен ауырмайды. Пайғамбарлар
ғұмырында ақылынан алжаспайды.
3. Пайғамбарлар – халыққа шариғатты жеткізушілер.
Олар шыншыл, аманатқа берік, айрықша зейінді, сондай-ақ,
бейкүнә деген міндетті сипаттарға ие. Пайғамбарлардың ер
кісіден болуы шарт.
4. Пайғамбарлардың алғашқысы – Адам (Оған Алланың
сәлемі болсын), соңғысы – Мұхаммед (оған Алланың салауаты
мен сәлемі болсын). Одан кейін пайғамбар келмейді.
5. Пайғамбарлардың саны мұнша деп кесіп айтылмайды.
Құран-Кәрімде жиырма бес пайғамбардың аттары аталған.
Олар: Адам, Ыдырыс, Нұх, Салих, Һуд, Ибраһим, Лұт,
Исмаил, Ысқақ, Жақып, Жүсіп, Айюб, Зүл-Кифіл, Шұғайып,
7
Мұса, Һарун, Дәуіт, Сүлеймен, Ілияс, әл-Йасағ, Жүніс,
Зәкария, Жақия, Иса, Мұхаммед (оларға Алланың сәлемі
болсын).
6. Олардың бесеуіне «улул-азм» (ұлы пайғамбарлар)
деген атау берілген. Олар: Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса,
Мұхаммед (оларға Алланың сәлемі болсын).
7. Пайғамбар екендігін растау үшін оларға мұғжиза
беріледі. Мұғжиза пайғамбарларда ғана болады.
8. Расул мен нәбидің айырмашылығы бар. Расулдарға
кітап түседі, шариғат беріледі. Ал нәбиге кітап түспейді,
шариғат берілмейді. Керісінше, өзінің заманындағы немесе
өздерінен бұрын өткен расулдардың шариғатымен жүреді.
9. Пайғамбарларды Алла Тағала өз қалауымен жіберген.
Сондықтан, пайғамбарларды жіберу Алла Тағаланың міндеті
болып есептелмейді.
10. Мұхаммед пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен
сәлемі болсын) кейін өзін пайғамбар деп жариялау – күпірлік.
Тағдырға сену
11. Тағдырға сену – парыз. Сондай-ақ, оның жақсылығы
да, жамандығы да Алладан деп сену – міндет.
12. Тағдыр – Алла Тағаланың жаратылыстан жасырған
сыры. Оны Алланың Өзінен басқа ешкім білмейді. Тіпті,
пайғамбарларға да, періштелерге де беймәлім.
13. Тағдырды болжауға тыйым салынған. Оның сырын
ашуға талпыну – адасушылық.
14. Тағдыр Алланың қалауымен болады. Алланың
қалауынсыз ештеңе болмайды.
15. Пендеде жеке жүзи ирада (өлшеулі, шектеулі, қалау
мен таңдау еркіндігі)
бар. Адам осы таңдау еркі арқылы
қандай да бір істі қалауға құқылы. Айталық, белгілі бір күнәлі
іс жасау немесе мұқтажға көмек беру сияқты жақсылық
жасау пенденің қалауы және таңдауы арқылы жүзеге асады.
Осы амалды жасау барысында оны ешкім мәжбүрлеп,
міндеттемейді. Сондықтан, пенде осы қалауы үшін ақыретте
жауап береді. Алла Тағала пендеге бұл істі мәжбүрлеп
істетіп тұрған жоқ, пенде өз қалауымен амалды таңдап, жүзи
ирадасы (қалау еркіндігін) арқылы жасауда. Пенде Алланың
өзіне берген қалау еркіндігі арқылы қандай да бір істі жасауға
8
әрекет етсе, Алла оған сол істі жасайтын күш (иститағат)
беріп, амал-әрекетін іске асырады. Бұл туралы Құранда:
«Алла сендерді де, сендердің іс-әрекеттеріңді де жаратты»
(«Саффат» сүресі, 96-аят), – деп анық айтылған. Алайда,
пенденің қалауы Алланың кулли ирадасынан (Алланың
шексіз қалауынан) тыс болмайды. Бұл жөнінде Құранда:
«Әлемдердің Билеушісі Алла Өзі қалап бұйырмайынша,
сендер өз беттеріңмен ешнәрсе қалай алмайсыңдар» («әт-
Тәкуир» сүресі, 29-аят), – делінеді.
Ақырет күніне сену
1. Ақыретке сену және қияметте болатын істердің
барлығын мойындау – парыз.
2. Қабірде екі періштенің сұрақ алатындығы, сондай-
ақ, онда азап пен рахаттың болатыны хақ. Оны жоққа шығару
– күпірлікке апаратын адасушылық.
3. Қияметте қайта тірілу, махшар, есеп-қисап, таразы,
амал дәптерінің берілуі, сират көпірі, жәннат пен тозақ – хақ.
Мойындамаған адам діннен шығады.
4. Жәннат пен тозақ – мәңгі. Жаннаттықтар онда мәңгі
рахат өмір сүреді. Кәпірлер тозаққа түскеннен соң оның
отында мәңгі азап шегеді. Ал, күнәларының себебінен тозаққа
түскен иманды жандар күнәларына сай жазасын алғаннан
кейін тозақтан шығарылып, жұмаққа кіргізіледі.
5. Ақырет күні Ислам заңдарымен өмір сүрген және
де өзінің ізгі істері үшін молынан сауап жинаған адам амал
дәптерін оң жағынан алады. Ал кімнің күнәлары көп болса
амал дәптерін сол жығынан немесе артынан алады.
Ақидаға қатысты қосымша мәселелер
1. Үлкен күнә жасаушы адам діннен шықпайды. Алайда
күнәһар мұсылман саналады. Оны Алла өз қалауынша
жарылқайды немесе азаптайды.
2. Пенденің іс-әрекеттері әуелі Алланың жаратуымен,
сосын өзінің (яки пенденің өзінің) еңбегімен жүзеге асады.
3. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен
сәлемі болсын) шапағаты
хақ.
4. Лаухул-махфуз бен қаламның бар екеніне иман
келтіру – міндет.
9
5. Аршы мен Күрсінің бар екендігі – хақ. Аршы –
жаратылыстың ең үлкені.
6. Сахабалардың ешбірін бөліп-жарып, алалауға
болмайды. Жаннатқа кіреді
деп сүйіншіленген он сахабаның
жұмақтық екені хақ.
7. Тақуа көрінген адамды жаннаттық, ал күнәһар
адамды тозақтық деп кесіп айтуға болмайды.
8. Алла Тағала шынайы тәубе еткен пенденің күнәсінің
бәрін кешіреді.
9.
Әулиелер пайғамбарлардан абзал болып есептелмейді.
10. Пайғамбарлардан (оларға Алланың сәлемі болсын)
кейінгі адамдардың ұлығы – Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли
(оларға Алла разы болсын).
11. Сахабаларға тіл тигізу – адасушылық.
12. Әулиелердің кереметі – хақ.
1.2 Шариғат негізі (фиқһ)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат
мәселелерінде Әбу Ханифа мәзһабын басшылыққа алады.
Шариғатты зерттейтін ілім «Фиқһ» деп аталады.
Ханафи мәзһабының негізін қалаушы – Нұғман ибн
Сәбит Имам Ағзам Әбу Ханифа (80-150/699-767). Ханафи
мәзһабын әлем мұсылмандарының шамамен 50 пайыздан
астамы ұстанады. Бұл мәзһаб – Қазақстан мұсылмандарының
сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы.
Ханафи фиқһы аят-хадистер негізінде төмендегі
мәселелерді қамтиды:
1. Ахкамул-ибадат (құлшылық үкімдері) – намаз,
ораза, қажылық, зекет, құрбандық секілді Жаратушы мен
пенде арасындағы қатынастарды реттейтін құлшылыққа
қатысты үкімдер;
2. Ахкамул-муамалат (қарым-қатынастар үкімдері)
– келісімшарттар (сауда-саттық, неке т.б.), қылмыстар
мен оларға берілетін жазалар секілді адамдар арасындағы
қатынастарды реттейтін үкімдер.
Ханафи мәзһабы бұдан басқа да көптеген қоғамдық
қатынастарды реттейді. Ханафи мәзһабы – жүйелі ойлаудың
үлгісі, азаматтардың арасында тепе-теңдікті негізге алған,
уақыт өте келе бір жүйеге түсіп үлкен мектепке айналған,
10
әлемнің түкпір-түкпіріне тараған, төзімділікті насихаттайтын
фиқһтық әдістемелердің жиынтығы.
Ханафи фиқһындағы жауапкершіліктің түрлері:
1. Парыз – жасалуы нақты әрі анық дәлелдермен
бұйырылған амалдар мен міндеттер. Парыздар екіге
бөлінеді: а) Парыз-айн: Әрбір мұсылман үшін орындауы
тиісті парыздар. ә) Парыз-кифая: Әр мұсылманға жеке-
жеке міндеттелмеген, мұсылмандардың кейбіреуі атқарған
жағдайда басқа мұсылмандардың мойынынан жауапкершілігі
түсетін міндеттер.
Парыздың үкімі: Орындалуы міндетті болғандықтан,
парызды себепсіз өтемегендер күнәға батады.
2. Уәжіп. Ханафи ғалымдары парыз бен уәжіпті бөлек
қарастырады. Уәжіптің орындалуына қатысты келтірілген
дәлелдер парыз үкімі сияқты күшті әрі айқын емес.
Уәжіптің үкімі: Орындалуы міндет. Орындалса
сауап, орындалмаса күнә ретінде есептеледі. Уәжіптің
парыздан айырмашылығы уәжіпті мойындамаған кісі діннен
шықпайды.
3. Сүннет. Ислам құқығы бойынша, сүннет –
пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен
сәлемі болсын) парыз бен уәжіптен бөлек істеген әрі істеуге
ынталандырған іс-амалдары. Сүннет өз ішінде үшке бөлінеді:
а) Бекітілген сүннет (сүннә муәккәдә); ә) Бекітілмеген
сүннет (сүннә ғайру
муәккәдә); б) Қосымша сүннет (сүннә
зәуәид).
Сүннеттің үкімі: Бекітілген сүннеттерді орындау
мол сауапқа кенелтеді. Немқұрайлы қарап немесе әдейі
орындамаған кісі ақыретте жазаланбаса да, Мұхаммед
пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
шапағатынан мақұрым қалуы мүмкін. Мұндай сүннетті біле
тұра істемеу – танзиһи мәкруһ (жағымсыз іс). Сүннеттерді
өзгерту – бидғат һәм адасу.
Бекітілмеген сүннетті орындау – сауап, ал орындамау
– мәкруһ емес. Бұл санаттағы сүннеттерді орындамау күнә
болып саналмайды әрі ақыретте жауапқа тартылмайды.
4. Мұстахап және оның үкімі. Бұл – Пайғамбарымыздың
(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейде ғана
11
жасаған амал-құлшылықтары. Мұстахап амалдар құлшылық
ғибадаттың салмағын арттырып, адамдар арасындағы өзара
қатынастардың ізгіленуіне арқау болатын адами құндылықтар
саналады. Мұстахапты орындау – сауапты іс, ал орындамау
оның сауабынан құралақан қалдырады.
5. Мүбах. Мүбах – рұқсат етілген, оны орындағанда да,
орындамағанда да сауап немесе күнә жазылмайтын амалдар.
6. Харам. Шариғат бойынша тыйым салынған іс-
әрекеттер мен нәрселер. Харамның үкімі: Харамды тәрк ету
– парыз. Оны жасаған адам күнә арқалайды.
7. Мәкрүһ және оның түрлері. Мәкрүһ – жасалуы
құпталмаған, ұнамсыз іс-әрекеттер мен нәрселер. Ол өз
ішінде екіге бөлінеді: а) Тахрими мәкрүһ – харамға жақын
мәкрүһ. Алла мен Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын) құптамаған іс-амалдар. Бұл санатқа харамға жақын
мәкрүһ нәрселер жатады. ә) Тәнзиһи мәкрүһ – халалға жақын
мәкрүһ. Алла мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен
сәлемі болсын) нақты тыйым салмаған іс-әрекеттер мен
нәрселер.
Мәкрүһтің үкімі: Тахрими мәкрүһті жасамау – сауап.
Ал, оны жасау ақыретте азапқа душар етуі мүмкін.
Тәнзиһи мәкрүһ істерді жасау ақыретте азапқа душар
етпейді. Бірақ, оны тәрк ету – сауап.
Имам Әбу Ханифа және ханафи ғалымдарының
фиқһ әдіснамасында сүйенген дәлелдері:
1. Құран Кәрім. Құран Кәрім – Ислам шариғатының
негізі. Исламның жалпы қағидалары Құраннан алынады.
2. Сүннет. Сүннет – Алла Елшісінің шариғат үкімдерін
қамтыған сөздері, іс-әрекеттері мен мақұлдаған істері.
3. Ижмағ. Ижмағтың фиқһ әдіснамасындағы мағынасы –
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
дүние салғаннан кейін мұсылман мүжтәһид ғалымдарының
бір дәуірде белгілі бір діни үкімге бірауыздан келісуі. Ижмағ
нақты дәлел санатына жататындықтан, оған күмәнмен қарап,
қарсы шығу – адасу.
4. Қияс. Құран аяттары мен хадистерінде және ижмағта
ашық үкімі жоқ қандай да бір қалыптасқан ахуалды Құран
мен хадисте сөз болған қандай да бір жағдаймен салыстыра
12
отырып, ұқсастығына қарай шешім шығару. Қияс нақты бір
негізге сүйенгенде ғана дұрыс саналады. Қияс арқылы Құран
мен сүннетте негізі бар бір үкім шығарылады.
5. Сахаба сөзі. Хазіреті Пайғамбармен (оған Алланың
салауаты мен сәлемі болсын) кездесіп, оған иман келтірген
және мұсылман күйінде қайтыс болған кісіні
«сахаба»
дейді. Көптеген Фиқһ ғалымдарының көзқарасы бойынша,
ижтиһадпен шешілмейтін бір мәселеде сахабаның сөзі дәлел
бола алады.
6. Истихсан. Мүжтәһидтің қандай да бір мәселеге
қатысты қияспен екі түрлі үкім беруі мүмкін болған жағдайда
қолайлы үкім шығару. Истихсан әдісі «қиындықты тастап,
жеңілін таңдау» принципі негізінде жүзеге асады.
7. «Әдет-ғұрып». Қандай да бір елде көпшіліктің
қолданысына енген белгілі бір қимыл-әрекеттен тұратын
және сол халықтың өмір сүру салтына айналған әдеттер
жиынтығы. Шариғат негіздеріне қайшы келмей, арамды адал,
адалды арам қылмайтын, адамдар арасында әдетке айналған
салт дұрыс (сахих) ғұрып болып саналып, негізге алынады.
Фиқһ әдіснамасындағы қосымша дәлелдер:
1. Истислах. Истислах – масалиху мурсәләмен үкім
шығару. Масалиху мурсәлә – қоғам игілігі үшін көзделген
істер. Исламда қолданылған игі істер мына бес нәрсені қорғау
мақсатына бағытталған. Олар: дін, мал-мүлік, жан, ақыл
және ұрпақ. Аят-хадиспен белгіленбеген игі істер «масалиху
мурсәлә» (ижтиһад алаңына қалдырылған игі істер) деп
аталады.
2. Истисхаб. Бұл – бірге болу және бір нәрсеге ие болу
дегенді білдіреді. Ислам құқығының бір термині ретінде
истисхаб бір нәрсенің сол күйінде қалуы болып есептеледі.
Яғни, бұрын бекітілген үкімнің жаңа дәлел табылғанша
өзгеріссіз жалғасуы.
3. Сәддуз-зәраиғ. Күнәға себепкер болатын жолдардың
алдын алу мақсатында берілген үкім «сәддуз-зәраиғ» деп
аталады.
4. Бұрынғы шариғаттар. Хазіреті Мұхаммед
пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
бұрынғы шариғаттардың үкімдері Ислам шариғатына қайшы
13
келмеген жағдайда негізге алынады. Алайда бұрынғы
шариғаттардың үкімдері Құран мен сүннеттен ғана алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |