Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы



Pdf көрінісі
бет1/17
Дата22.12.2016
өлшемі1,24 Mb.
#56
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

1

2
3
ББК 83.3 Қаз
Қ 87
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі 
Ақпарат жəне мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша 
шығарылып отыр
Редакция алқасы:   Т.Кəкішев, Ө.Əбдиманұлы, 
 
 
 
Қ.Мəдібаева, А.Қыраубаев
Қыраубаева А. 
Ғасырлар мұрасы. 5 томдық шығармалар жинағы. 1-том.
Томды баспаға əзірлеген: Л.Мұсалы
Алматы: “Өнер”, 2008. — 304 бет.
ISBN 978-601-209-043-7
Көрнекті  əдебиеттанушы,  ұлағатты  ұстаз,  ф.ғ.д.,  проф.  Алма  Мүтə-
ліпқызы  Қырау баеваның 5 томдық  шығармалар  жинағының 1-томына 
«Ғасырлар  мұрасы»  атты  ғылыми  зерттеуі  жəне  Шығыс  шайыры  Хорез-
мидің  «Махаббатнама»  дастанының  аудармасы  енгізілді.  Ғалымның  бұл 
іргелі зерттеуінде қазақ əдебиетінің ХІІІ—ХІV ғасырлардағы түркі тілдес 
халықтар  əдебиетімен  жəне  оның  дамуына  түрліше  əсер  еткен  тарихи-
əлеуметтік  жағдайлармен  терең  тамырластығы,  ХІХ—ХХ  ғасырлар 
басында ауызша, жазбаша жəне нəзира əдебиет үлгілерінен өзіндік сипат 
алып,  даралануы  тартымды  тілмен,  тарихи  деректер  негізінде  қызықты 
əңгімеленеді. «Махаббатнама»  дастанының  əдеби  тəржімасынан  зерделі 
ғалымның аудармашылық талантын танимыз.
Кітап жоғары оқу орындарының филология факультетінің студенттері 
мен  магистранттарына,  қазақ  əдебиеті  тарихының  тереңіне  үңіле  білетін 
зейінді көпшілікке арналған.
ББК 83.3 Қаз
© Қыраубаева А., 2008
© “Өнер”, 2008
© Көпіш Ə., (безендіру), 2008
АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА
ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕУЛІ
1968  жылы  Қазақ  КСР  Ғылым  академиясының  М.О.Əуезов  атын дағы 
Əдебиет  жəне  өнер  институтынан  С.М.Киров  атындағы  Қазақ  мемлекеттік 
университетінің  филология  факультетіне  ауыстым.  Ұста зым  Бейсенбай 
Кенжебаевтың «сағат табамыз» дегеніне, факультет деканы Халаби Сайкиев 
ағамыздың  артық  «орнымыз  жоқ»  дегені  жең  ішінен  жалғасып  жатқан 
əрекеттің  белгісі  болса  да  өзімнің  ұшқан  ұяма  қайтадан  қондым-ау.  Үлкен 
күшпен,  айғай-шумен  келген  адамға  күдіктене  қараушылар  көп  болатынын 
өз  басынан  кешіріп  жүрген  профессор  Бейсенбай  Кенжебаев  «еңбегіңмен 
ғана сыйлы боласың» деп қазақ совет əдебиетінің 20-30 жылдары мен қазақ 
əдебиеті сынының тарихының сағаттарын үйіп-төгіп берсін-ау кеп.
Құдайдың  құтты  күні  лекция  оқимын,  түні  бойы  дайындаламын, 
аңдушылар көп деген соң, тезистерімді қағазға түсіріп қоямын (уақыты келсе 
ол  тезистер  қап-қалың  бір  кітап  болуға  молынан  жетеді).  Осындай  қауырт 
жұмыстың  үстіне  студенттердің  ғылыми  үйірмесіне  жетекшілікке  жегілдім. 
Сол  кезде  осы  үйірмеге  қатысқан  студенттердің 20 шақтысы  Əдебиет 
институтының  директоры  азамат  Əди  Шəріповтің  арқасында  Алматыға 
қалдырылды. Олардың он екісі қазір ғылым докторы болып, əдебиеттанудың 
ауыр жүгін арқалап жүр.
Неге  екенін  білмеймін,  Алма  Қыраубаева  менің  осы  қауырт  жұмысым 
тұсында онша көзге түсе қоймады. Университет курсын тамамдау қарсаңында 
жүргендіктен бе, əлде болашақ семьяның толып жатқан жоспарлары мазасын 
кетірді  ме,  əйтеуір  лекция  тыңдаған  студенттердің  тізімінде  болғанмен, 
ғылыми  үйірменің  ісіне  белсене  араласқанын  есіме  түсіре  алмай  отырмын. 
Бұл жұмыстар аз болғандай бірбеткей, Кəкен Аханов декан болғаннан кейін 
факультеттің партия бюросының хатшысы болып сайланып, Х.Сайкиевті қаңқу 
сөзден арашалауға тура келді. Бұл аздай, 1970 жылы Бейсекең творчестволық 
шабыты қысып, кітап жазамын деп кафедра меңгерушісінің міндетін жарты 
жылға менің мойныма арта салды. Құрбыларымның біреуі «Жер астынан жік 
шықты, екі құлағы тік шықты. Тұрсынбек келмегенде қараң қалады екенбіз-
ау»  дегенді  кафедра  отырысында  əзіл-қалжыңсыз  айтқаны  бар.  Осылайша 
жанығып  жүргенде  Алмада  өнер  бар,  болашақтағы  ірі  зерттеуші  болады 
дегенді нығырлап түсіндірген жан болған жоқ.
Алма университетті тамамдаған кезде шабыт құшағында жүрген Бейсекең 
«Жүр, ректорға барайық, мына Алманы кафедрада қалдырайық» деді. «Сағат 
жоқ  қой,  Бейсеке»  деймін  баяғы  өзінің  əніне  салып. «Қарастыруға  болатын 
шығар»  деп  бөлініп  қойған  ұстаздар  міндетін  олай  қағыстырып,  бұлай 
ISBN 978-601-209-043-7 — (Т.1)
          978-601-209-042-0
4603020000
409(05)–08
Қ
Қ 87

4
5
қағыстырып,  жарты  міндетке  жетер-жетпес  сағат  таптық. «Əзірге  осы  да 
болар, əйтеуір іліктіріп жіберу керек, əйтпесе бұл қыз арқылы көне тарихтың 
бір  кезеңі  кетіліп  қалады»  деп  Бейсекең  шыр-пыр  болды.  Сағат  табылмай 
жатқанына мен кінəлі деп ректорға баруға бекідік.
Университет  билігін  қолға  алғанына  онша  көп  болмаса  да  Өмір бек 
Жолдасбековтің  «икемі  келетін  істің  көзін  мықтап  табады,  адамгершілігі 
мол» деген даңқы ептеп шыға бастаған кез болатын. Ректордың қабылдауына 
үшеуіміз бардық. Кафедра жетекшісінің міндетін уақытша атқарушы мен мəн-
жайды  айтып,  Алмамен  бірге  қазақтың  көне  əдебиетінің  шаңырағына  тірек 
болатын бір бақан кетіп қалатынын айттым. Өмірбектің көзі күлімдеп, бетіне 
жылылық дари бастады. 
— Бейсеке, кафедра меңгерушісі болғаныңызға неше жыл болды?
— Біраз ғой, он бес шақты оқу жылын өткіздік-ау тегі.
— Олай болса, бірді екіге бөлуге бола ма?
— Шырағым, есепке шорқақпын. Бірді екіге бөлуге болар ма екен? — деп 
ректордың бетіне ынта-шынтамен қарады.
— Ақын-жазушылар, филологтар осыны да білмейді-ау, — деп Өмірбек 
маған көз жүгірте, Алмаға ұзақтау сынай қарады. — Мына бала ауылға кетсе 
қайтып оралуы қиын болар. Сонымен, Бейсеке, бірді екіге бөле алмай отырсыз 
ба?
— Ия, шырағым.
—  Сіздер  ылғи  лекция  оқисыздар  ма?  Практикалық  сабақтарыңыз  бар 
ма?
— Неге болмасын, бар ғой.
— Ал сонда бір топты екіге бөліп жіберсе, бір мұғалім түгіл екі-үш адамға 
сағат табылмай ма?
— Анау оқу бөлімі бөлдірмейді ғой. 
— Көзін тапсаңыз, бөлдіреді. Сіздердің бір тобыңызда 25 студент, ал ол 
практикалық сабақ үшін өте ауыр. Тіл мен əдебиеттің арасында Қытай қорғаны 
жоқ қой, Бейсеке! — деп бізді тығырықтан шығарып, Алмамен қоса тағы штат 
алып  шыққанымыз  күні  бүгінге  дейін  есімде.  Сөйтіп  Алма  Қыраубаева  өзі 
оқып шыққан университеттің ассистенті болып қызметке алынған еді.
Бейсекеңнің  Алмашыл  болатын  себебі — қазақ  əдебиетінің  тарихын 
сонау Орхон-Енисей жазбаларынан тарту жөнінде ғылыми концепция жасап, 
Қазақ  университетінің  қазақ  əдебиеті  кафедрасының  күшімен 1967 жылы 
«Ежелгі  дəуірдегі  əдебиет»  нұсқалары  деген  хрестоматия  шығарып,  оның 
сүбелі  шығармасы  атақты  Хорезмидің  «Мұхаббат  намасы»  болған  еді.  Оны 
қазақшалауға, яғни қазақтардың түсінуіне ғана емес, Алтын Орда заманында 
жасалған  ортақ  мұраны  зерттеуге  Бейсекең  жастарды  көп  тартқан  уақытта 
Алмаға да сенім артқан екен. Оны 1969 жылы жазған «Мұхаббат нама» деген 
мақаласын  Алма  Қыраубаевамен  бірлесіп  жазғанын  «Əдебиет  белестері» 
деген жинағында айрықша атап көрсеткені айқын дəлелдейді.
Осы «Мұхаббат наманы» Алма кафедраға ұстаз болып алынғаннан кейін 
кандидаттық  диссертацияға  айналдырып,  қорғағаны  бəрімізге  белгілі.  Бұл 
қорғаудың принциптік мəні бар еді. 
Бейсебай  Кенжебаев 1941 жылы  қазақ  əдебиетінің  тарихын  қазақ 
хандығы  құрылған  кезден  бастау  керек  деген  жасаған-ды.  Алайда  ҚазПИ 
профессоры Хажым Жұмалиев өзінің 1948 жылы шыққан мектеп оқулығында 
қазақ əдебиетінің тарихы XVIII ғасырдан, Бұхар жыраудан басталады деген 
тұжырым  жасап,  оны 1959 жылғы  республикалық  ғылыми  конференцияда, 
1960 жылы «Қазақ əдебиеті» газетінде қазақ əдебиеті дəуірлеріне байланысты 
пікірталаста  М.Əуезовтің  конференциядағы  қорытынды  сөзінде  «Бейсенбай 
Хажым зерттеген дəуір турасында онымен дауласуда дұрыс пікір айта алған 
жоқ.  Ол  жөнінде  Хажым  пікірлері  əлдеқайда  орындырақ» («Əдеби  мұра 
жəне оны зерттеу». 1961. 349-бет) дегенді соңғы шешім деп қабылдап, «Қате 
көзқарас қағидаға айналмасын» деген мақаласынан əдебиет тарихын зерттеудің 
өзін  насырға  шаптырып,  дау-дамайға  айналдырып  жіберген  болатын.  Оны 
большевизмнің  қызыл  сөзімен  шовинистік  көзқараста  насихаттағандар 
евроцентристік  түсінікпен  нығырлай  түсті  де,  азаматтық  тарихымызды  да, 
рухани байлығымыздың арнасы болып есептелетін мəдениет пен əдебиеттің 
тарихын, əріден бастауға саналы түрде тосқауыл қойылып жатқанда уыздай 
жас Алма Қыраубаеваның Бейсекеңнің «жауынгер солдаттарының бірі болып» 
қатарға тұруы қазір айтуға ғана оңай.
ХХ  ғасырдың  тоқсаныншы  жылдары  Францияның  Валенсьенн 
университетінің  халықаралық  байланыс  жөніндегі  проректоры  Эдмонд, 
Ночаки  қазақтың  ұлы  сыншысы  Есмағамбет  Ысмайыловтың — қызы 
филология  ғылымдарының  докторы  Фатиманың  үйінде,  содан  кейін  біздің 
университеттің студенттерімен кездескенде «мен қазақ мəдениетінің, əсіресе 
əдебиетінің  құнарлы,  қол  созым  биікте  екенін  көріп,  таң  қалып  жүрмін. 
Сіздердің  əдебиеттеріңізді  насихаттауға  оқу  құралымыз  жоқ.  Егер  өзіңізде 
бар болса, мен ала кетіп, Париждегі қазақтарға аудартып, кітап етіп бастырып 
шығайын»  деп  жік-жапар  болды.  Осы  идея  қазақ  əдебиетінің  тарихы  мен 
сыны  кафедрасына  үлкен  ой  салып, «Қазақ  əдебиетінің  қысқаша  тарихы» 
деген  екі  томдықты 2002 жылы  шығарды.  Қытайдан  келген  ғалымдардың 
білімін  парасатын  пайдаланып  біздің  жыл  санатымыздан  бұрынғы  сақ,  ғұн 
дəуірлеріне  шолу  жасалды.  Алма  Қыраубаеваны  докторлығын  қорғап  алған 
соң,  көне  түрік  заманын,  яғни VI—XV ғасырлардағы  ортақ  мұралардың 
шындығын  ашып  беруге  міндеттедік.  Сол  екі  томдықтың  ең  сүбелі  екінші 
тарауын Алма жазды. Оның негізгі арқауы кейіннен орта мектептің сегізінші 
сыныпқа арналған оқулықтың ұлы жаңалығына айналды. Өзіміздің жəреуке 

6
7
жадымыздағы қатып қалған көзқарасты, яғни қазақ əдебиетінің тарихы XVIII 
ғасырдан басталады дегеннің күл-талқанын шығарып, тұңғыш рет мектепке, 
жас ұрпақтың санасына жеткізді.
«Қазақ  əдебиетінің  қысқаша  тарихына»  арнап  жазылған. «Ежелгі  түрік 
əдебиеті»  деген  екінші  бөлімнің  ішіне  кірмей,  ғылыми  тұжырымдарын 
талдамай сырттай ғана таныстырып өткен оқушы осының өзінен-ақ бірқыдыру 
мағлұмат алатынына кəміл сенемін.
Ең  əуелі  түрік  ескерткіштерін  жалпылап  таныстырып  алғаннан  кейін... 
Түрік  қағанаты  дəуіріндегі  əдебиет. «Орхон  ескерткіштері»  деген  арнайы 
тарауды  «Тастағы  жазудың  тарихын»  таратудан  бастайды.  Онан  кейін 
«Оғыз  дəуіріндегі  əдебиет  (ІХ-Х  ғ.)»  тараушасын  Қорқыт  атаның – жалпы 
жай-жапсарын  түсіндіріп  алған  соң  «Қорқыт  Ата»  кітабының  ішіне  кіріп, 
алдымен данышпаннан кейін қалған нақыл сөздердің мəнін ашады да, «Тоқа 
баласы  ер  жүрек  Темірұлы  (Домрул)»  жырына,  одан  кейін  «Алып  Бамсы» 
қазақтың  Алпамысымен  бауырлас,  туысқандас  екенін  айқындап  алғаннан 
кейін  «Төбекөз  дəуді  өлтірген  Бисат  батырдың»  қиссасын  шертеді.  Одан 
кейін «Қазан Салардың ауылын жау шапқаны туралы жырды» тарқатады да, 
«Қорқыт мифтары мен Авеста» аралығындағы байланысқа тереңдеп тарады. 
«Оғыз қаған жырын» ғылыми талдаудан өткізіп, «Оғыздың жорықтары VIII-
X  ғасырлардағы  қазақ  жеріндегі  ру-тайпалардың  орналасу  жүйесінен  хабар 
береді.  Тарихшы  Н.Мыңжанның  зерттеулері  бойынша, VIII-X ғасырдағы 
оғыздар мемлекеті Корлук мемлекетімен тұстас өмір сүрді, оғыздардың ежелгі 
мекені  Ыстықкөл  болатын.  Түрлі  соғыстардан  кейін  Сыр  бойының  төменгі 
ағысына,  Аралға  ауысты.  Еділ-Жайықты  өзіне  қаратты.  Кейбір  бөлектері 
Кавказға  қарай  кеткен.  Х  ғасырдың  аяғында  Орыс  князьдарымен  бірігіп, 
Еділ  Булгариясын  жеңеді.  Харезмді  жаулап  алады.  Қытай  жеріндегі  таңғұт, 
шүршіт, массар, баракаларды қаратады» деп қазақ жерін оғыздардың отанына 
айналдырып алған соң, Алма Қыраубаева «Ислам дəуіріндегі əдебиет (Х-ХІІ 
ғ.ғ.) тарауын «Сыр бойы əдебиетінен» бастап, əл-Фараби шығармашылығына 
назар  аударады.  Ахмет  Иассауидың  хикметтерін,  Ахмет  Йүгінекидің 
жырларын  талдайды. «Қарахан  əдебиетіне  арнайы  тарауша  арнап,  Жүсіп 
Баласағұни,  Махмұд  Қашқариларға  едəуір  көңіл  бөледі, «Алып  Ер-Тұңға» 
туралы деректерге айрықша мəн береді. 
Онан кейін «Алтын Орда дəуіріндегі əдебиет» тарауында Əлидің «Қисса 
Жүсібі», Рабғұзидің «Қисаси-Рабғұзиі» (Қисас ул Əнбин деген атпен белгілі), 
Хусан Кəтибтің «Жұм-жума», Құтыптың «Хусрау уа Шырын», Сайф Сараидың 
«Гүлстан бит туркиі», Махмуд бин Əлидің «Неһдж ул Фаралисі» («Жұмаққа 
апарар жол») назираларының атақтыларында талдау жасап, ең соңында «Тың 
тума  əдебиет» — «Махаббатнама»  мен  үлкен  дəуірдің  тарихи-эстетикалық 
болмысын ұғынықты да астарлы тілмен бағыдан береді.
Алма  Қыраубаеваның  «Қазақ  əдебиетінің  қысқаша  тари хына»  жазып 
берген «Ежелгі түрік əдебиеті» бөлімінің əрбір тақы рыпшасының өзі арнайы 
зерттеуді  қажет  ететін  жəне  күні  бүгінге  дейін  көбіміздің  тісіміз  батпайтын 
арналар  екенін  мойындауға  тиістіміз.  Осындай  ауыр  да  абыройлы  кезеңге 
Алмадан басқаларымыздың аяқ баспай қоюымыз əдебиеттану ғылымы үшін 
абырой емес.
Алма  бұдан  кейін  тағы  бір  игілікті  ойды  жүзеге  асыра  бастады. 
Балабақшадағы  сəбилерге  арнап  арғы  ата-бабаларының  батырлығын, 
көшелілігін,  ақылдығын  ана  сүтімен  бірге  саналарына  сіңіру  үшін  ертек-
аңыз стилінде 10 шақты қызықты кітапша жазған-ды. «Алла амандық берсе, 
жариялаймын»  деп  құлшынып  жүргенде  тұрмыс  əмірімен  Астанаға  ауысып 
кетті.
Алманың  аналық  парызы  азаматтық  қасиетімен  қастерлене  түсіп  еді. 
Астанаға  барған  соң  ауру-сырқаулы  бола  жүріп,  үлкен  ұлын  үйлендіріп, 
қызығын көріп кетейін деп асықты.
Өзінің  пенделік  қуанышымен  бөлісуге  кафедра  жігіттерінің  бəріне 
шақыру жібергенде Жанғара Дəдебаев, Өмірхан Əбдиманов, Дандай Ысқақов 
— төртеуміз арнайы барғанымызда хал үстінде жатқан Алма «Қайран КазГу, 
бүкіл Алматы көшіп келгендей болды ғой» деп қуанып еді. Тойды дүбірлетіп 
өткізіп,  төре-шенеуніктер  шоғырланған  бұрынғы  Қараөткел – Ақмолаға 
елдіктің  бір  белгісін,  ұлттық  өнегелі  дəстүрін  жарқырата  көрсетіп  едік.  Не 
керек,  біз  Алматыға  оралғанша  алдымыздан  суық  хабар  тосып  тұрған  соң 
қайсыбіріміз  сол  поезға  қайта  мініп,  топырақ  салуға  асыққанымыз  бар.  Ал 
ол  сыйласқан  достықтың,  ержүрек  бауырластықтың  белгісіндей  болып  есте 
сақталуда.  Мұндай  сый-құрмет  азаматтығы  келіскен  адамға  ғана  жасалады. 
Ал Алма Қыраубаева ғылымда ғана емес, өмірде де сыйлы-қадірлі азамат бола 
білді.
Қадір-құрмет,  сый-сияпат  адамның  жынысына  қарай  емес,  атқарған 
еңбегіне, жасаған тірлігіне ғана жасалады. Алмамен бірге оқыған курстастарын, 
бірге қызмет істегендерді былай қойғанда, көршілес болған пенделердің өзіне 
мейірім  шапағатын  аямайтынына  көзіміз  жетеді.  Қызық  көрер,  өмір  мəнін 
тұщынар уақыт алда еді. Өкінішті-ақ, бірақ жасап кеткен ісі, əсіресе ғылыми 
жетістігі Алма Қыраубаеваны əрқашан іздестіріп отыратыны айдан анық.
Тұрсынбек КƏКІШЕВ,
əл-Фараби атындағы Қазақ 
Ұлттық университеті филология 
факультетінің профессоры, 
филология ғылымдарының докторы.

8
9
ҰЛТ РУХЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
Алма  апай!  Өзгені  қайдам,  өзіме  осы  бір  есімде  жаныма  жылулық 
ұялататын, санама сəулелі нұр қуат құятын құдіретті күш бар. Қашан да бір 
нəрсенің қиюын таппай қиналғанда немесе бір шешім қабылдар сəтте бұған 
Алма  апай  қалай  қарар  еді  деген  ой  көкейде  тұрады.  Өйткені,  осы  бір  тұла 
бойы  адамгершілік  пен  ізгілікке  тұнған,  жаны  жайсаң,  əулие  жан  ақ-адал 
пəктігімен талайдың көкірегінде есімі жатталып қалған Ұстаз болатын.
Ұстаз!  Осы  бір  жұмсақ  айтылып,  жылы  естілетін  қарапайым  сөздің 
астарында  мағынасы  терең  қасиетті  ұғым  жатыр.  Оның  бар  мəні – ұстаз 
тұлғасының  ұлылығына  келіп  саяды.  Біз  кейінгі  кезде  осы  ұғымның  қадір-
қасиетін  біршама  арзандатып  алған  секілдіміз.  Осы  жерде  “неге”  деген 
сұрақтың кесе-көлденең шыға келері сөзсіз. Негесі сол, біз ұстаздықты тіпті 
ұсақтатып жібердік. Оны бір қырынан ғана көріп, соған ғана мəн беріп келеміз. 
Дəрісханаға кіріп-шығып, сабақ түсіндіргенді де, мамандыққа баулығанды да, 
тақырып  тауып  беріп,  жетекшілік  еткенді  де  ұстаз  деп  мақтап,  марапаттап 
жатамыз.  Ақиқатында  ұстаз – мұндай  тар  шеңберлі  түсініктің  аясына  сыя 
бермейтін құбылыс. Əлгі айтқанымыздың бірі – оқытушы, екіншісі – тəлімгер, 
үшіншісі – ғылыми  жетекші  ғана.  Шынайы  ұстаз – білімнің  кəусарына 
қандырған  оқытушы,  ақыл-ойыңды  байытқан  ғұлама,  азаматтық  тұлғаңды 
қалыптастырған тəлімгер. Біздіңше, аталған осы үш бірлікті тең ұстаған жан 
ғана нағыз Ұстаз деген ұлы ұғымға лайық бола алмақ. Ол шəкіртіне талғам 
дарытады,  танымын  қалыптастырады,  дүниені  танытады,  өмірлік  жолын 
айқындайды. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз – бар асыл қасиетті бойына дарытқан 
бүтін бітім (З.Қабдолов).
Ұстаз шəкірт жанының шамшырағы іспетті. Өйткені жеткен биігің, мерей-
мəртебең  ұстаз  ұлағатымен  тығыз  байланысты.  Жаныңа  жарық  нұр  құйған 
жанның ұлағаты жадында мəңгі жаңғырып, санаңда өшпестей боп жарқырап 
тұрады. Жаңа бір істі бастар немесе жаңа бір өмір белесіне көтерілер сəтте 
сол  бір  аяулы  адаммен  іштей  кеңесіп,  келісіп  алып,  кесімді  шешімді  содан 
соң  қабылдайсың.  Ұстаз  ұғымының  ұлылығы  да,  ұстаз  тұлғасының  биіктігі 
де осында.
Əрине,  осынша  құрметке,  шəкіртінің  шексіз  сүйіспеншілігіне  бөлену 
–  кез  келген  ұстаздың  маңдайына  жазыла  бермеген  бақыт.  Оның  себеп-
салдары  сан  қилы.  Қадірсіз  ұстаздың  кемшілігінен  де,  қасиетсіз  шəкірттің 
кещелігінен  де  болуы  мүмкін.  Мен  көбіне  алғашқысының  кінəсінен  бе  деп 
ойлаймын.  Өмірде  “өз  уақытын  аямаған,  өзгенің  жанын  аялаған”  ұстаз  өте 
сирек кездеседі. Ілуде біреу десе де болғандай. Тағы да баяғы “неге?” көкейге 
тіреледі. Тақ етер жауабымыз даяр болса да, толықтыра айтқымыз келіп тұр. 
Негесі сол, данышпан Абай айтқан “толық адам” Абай заманында қандай аз 
болса,  болмыс-бітімі,  тəні  мен  жаны,  білімі  мен  біліктілігі,  ілімі  мен  ізгілік 
қасиеті  бірдей  келіп,  біте  қайнасып  жатқан  ұлағатты  ұстаз  мына  заманда 
да  сондай  аз.  Тіпті  жоқтың  қасы  деуге  болады.  Социалистік  заманды  артқа 
тастап, капиталистік келешекті алға ұстап тұрған өліара шақта, бұл – əрине, 
үлкен қасірет.
 Өмірде өзім көрген жандардың арасында қандай жағдайда да ұстаздық 
ақ  жолынан  еш  адаспаған,  шынайы  ұстаз,  шын  ұстаз  бір  жанның  болғанын 
мен  жақсы  білемін.  Ол – қасиетті  қара  шаңырақ  ұлттық  университетте 30 
жыл ұстаздық еткен, менің сүйікті ұстазым Алма Мүтəліпқызы Қыраубаева. 
Менің ұстазым деп, меншіктей айтқанымды қалың шəкірті кешіре жатар. Осы 
күні жақсыны өзіне тəн қып естелік жазып, сөйтіп, “атың шықпаса, жер өрте” 
деген қағиданы ұстанған адамдар көбейді ғой. Бұл да бір “нарықтың” берген 
несібесі  шығар.  Біз  өзімсіне  айтқанымыз  болмаса,  өзгедей  ойдан  аулақпыз. 
Шынын айтқанда, Алма Мүтəліпқызы өзінен оқып, дəріс алған бар шəкіртін 
бөліп-жармайтын, “бес  саусақ  бірдей  еместігін”  біле  тұра,  əр  шəкіртінің 
бойынан  бір  ерекшелік  танып  тұратын,  олардың  мінез-құлқындағы  ала-
құлалықты елемеуге тырысатын үлкен жүректі адам, адал ұстаз еді. Жанына 
жақын  жүздеген  шəкірттері  іштей  өзінің  ғана  ұстазы  санағанмен,  ол  бəріне 
ортақ ұлық ұстаз болатын.
Жалпы  ұстаз  атты  ұлы  ұғымға  сай  болу  үшін  осы  жолды  мұрат  тұтқан 
жанның бойында бірін-бірі толықтырар үш қасиет тоғысуы шарт. Меніңше, 
оның  біріншісі – телегей  теңіз  терең  білім,  екіншісі – өмірімен  өзектес  деп 
біліп, тандаған мамандығын жетік меңгерген біліктілік, үшіншісі – өз ортасына 
сыйлы  бола  білген  кісілік  келбет.  Міне,  осы  үш  қасиет  ұстаз  тұлғасында 
тұтаса  тоғысып,  əрқайсысы  көзге  ұрып,  əрі  бір-бірімен  кіріге  жымдасып 
кеткенде  ғана  нағыз  ұстаз  жаратылысы  ерекшелене  түседі.  Баршаға  “Алма 
апай” атанып кеткен Алма Мүтəліпқызының бүкіл болмыс бітімінен осынау 
үш  қасиет  анық  байқалып  тұратын-ды.  Таныс-біліс  болған  ширек  ғасырдан 
астам уақыт ішінде шəкірті ретінде де, қатар қызмет атқарған əріптесі ретінде 
де бұған көзіміз əбден жеткен.
Алдымен білімділігі туралы. Алма апайдың біліміділігін кейінгі шəкірттері 
түгілі, арысы өзін оқытқан данагөй ұстаздары, берісі бірге оқыған курстастары 
мен  қатар  жүрген  əріптестері  түгел  мойындаған.  Алма  апай  бойындағы 
білімділіктің бұла бұлқынысын алғаш сезген ұстазы, ғұлама ғалым Бейсембай 
Кенжебаев. Талант пен дарынды жазбай танитын көпті көрген көнекөз Алманы 
алғашқы курстарда-ақ байқап, қазақ əдебиеті тарихының зерттелмей жатқан 

10
11
тыңына түрен салдырыпты. Алтын орда – қыпшақ дəуірінің жауһар жəдігерлері 
“Рабғұзи  қиссалары”,  Хорезмидің  “Махаббатнамасы”  оңай  шағылар  жаңғақ 
емес, оған қайтпас қажыр, жасымас жігер, бірегей білім, ересен еңбек керек. 
Алма бойынан осының бəрі де табылды. Табылғаны сол, ол бір орында тұрып 
қалмай,  ғылыми  атаққа  бола  ізденбей,  əдебиет  тарихын  тереңдей  зерттеп, 
қопара қазып, үдете жазып, ежелгі дəуір əдебиетінің Қазақстандағы бірден-
бір  білгірі  атанды.  Кезінде  Бейсекең  үміт  артып,  осынау  кезең  əдебиетінің 
тың  тарихын  зерттеуге  қосқан  алдыңғы  ілектегі  талантты  да,  дарынды 
шəкірттерінің көбі ежелгі дəуір атты «асау тайдың» жалынан ұстап, үйретуін 
үйреткенімен, кейіннен тайқып шығып, қайта қойшы торыға ер салды. Алма 
ұстаз жөн сілтеген бағдаршамнан көз жазбай, орта ғасырдағы шығыс, түрік, 
қазақ əдебиетінің байланыстарын тұңғиықтан тартып, жарыққа шығарды.
Оның бұл саладағы еңбектері санының көптігімен, көлемінің молдығымен 
емес,  жазғанының  жаңашылдығымен,  ғылыми  ізденісінің  тереңдігімен 
бағаланады.  Ғұлама  ғалым  зерттеулеріне  тəн  басты  қасиеттер – ой  биіктігі, 
ізденіс  тереңдігі,  тақырып  кеңдігі.  Ғалым  Алма  қысқа  ғұмырында  аз 
еңбектенген жоқ, бірақ көп дүниесі баспа жүзін көрмей кетті. Жалпы басылып 
шыққан зерттеулері аса көп емес, айналасы бес-алты кітап. Бірақ аз болса да 
саз жазатын зерттеушінің еңбектері аса сапалылығымен айшықталады. Алма 
жазған ғылыми зерттеулердің ішінде “Ғасырлар мұрасы” (1986), “Шығыстық 
қисса-дастандар” (1997) атты екі еңбегін айрықша атауға болады.
“Ғасырлар  мұрасы” – ұзақ  жылдарға  созылған  іргелі  ғылыми-зерттеу 
жұмыстарының жемісі. Мұнда ХІІІ-ХІV ғасырлардағы түркі тектес халықтар 
əдебиеті  қазақ  жазба  əдебиетінің  арғы  бастаулары  ретінде  қарастырылып, 
сол кездегі тарихи əлеуметтік жағдай мен əдеби байланыстың тамырластығы 
жүйелі  ғылыми  негіздемеге  түседі.  Сол  дəуір  əдебиетінің  ХІХ-ХХ  ғасыр 
басындағы  ауызша,  жазбаша  жəне  нəзира  əдебиетте  дəстүрлік  жалғасын 
табуы тарихи-əдеби нақты деректер арқылы дəлелді түрде пайымдалып, терең 
зерттеледі.
ХІІІ-ХІV ғасырлардағы “Рабғузи қиссалары”, “Махаббатнама” атты тарихи 
жəдігерлер – əдебиет тарихында өшпес із қалдырған, мəңгілік мұралар. Міне 
ғалым “Ғасырлар мұрасы” еңбегінде бірін – аударма-нəзира əдебиет, екіншісін 
–  тыңтума  əдебиет  деп  алып,  осы  екі  шығарманың  жанрлық,  тақырыптық 
көркемдік  сипаттарын  ашады.  Сонымен  бірге  осы  шығармалардың  қазақ 
əдебиетіндегі  алар  орны  туралы  өзіндік  тың  тұжырымдар  жасайды. 
Мəселен  “Рабғузи  қиссалары”  жөнінде  ғалым  былай  деп  жазады: “Рабғузи 
қиссалары” сөз болып отырған бір дəуір əдебиетінің жинағы, хрестоматиясы, 
əртүрлі  жанрдағы  шығармалары  қамтылған  өз  дəуірі  əдебиетінің  негізгі 
ерекшеліктерін, аңғартатын құнды мұра”. Ал, Хорезмидің “Махаббатнамасы” 
жайлы  “Түпкі  бастаулары V-VIII ғасырларда  жатқан  ежелгі  əдебиетіміздің 
ХІІІ-ХIV ғасырлардағы елеулі көркем туындысы деп, өз тұсындағы жер жүзі 
мəдениетіндегі озық ағымдармен байланысты, сонымен қатар бергідегі қазақ 
поэзиясының тіл, стиль дəстүріне қатысты деп қараймыз” деген ойға қонымды 
түйін түйеді.
Ғалым осы еңбегінде орта ғасырдағы Алтын Орда дəуіріндегі əдебиеттің 
кейінгі  дəуірлердегі  əдебиеттермен  дəстүрлі  сабақтас тығын  сөз  ете  келіп, 
осы  бағыттағы  ғылыми  зерттеулерді  дамытудың  міндеттерін  алға  қояды. 
Академик – жазушы  С.Мұқановтың  “Қазақ  халқының  рухани  мəдениетінде 
қиссалар  елеулі  орын  алады”  деген  пікіріне  сүйене  отыра, “Қиссалардың 
əдебиетіміздің  бұрынғы – соңғы  тарихымен  дəстүрлі  байланысы,  шығыс 
халықтары  əдебиетімен  сабақтастығы,  əдебиетімізден  алатын  орны,  т.б. 
мəселелер кең зерттеуді керек етеді. Қисса жанрын зерттеп білу əдебиеттегі 
шығыс  дəстүрі  дейтін  үлкен  мəселелердің  де  беттерін  ашпақ”  деп  болашақ 
зерттеушілерге жол көрсетіп, жөн сілтейді.
Алма  Қыраубаева  кейінгі  еңбектерінде  осы  бір  өзі  көтерген  мəселелер 
төңірегінде ауқымды жұмыстар жасады. Оның айғағы – “Шығыстық қисса – 
дастандар” атты терең мазмұнды монографиясы. Бұл – шын мəніндегі күрделі 
ғылыми зерттеу еңбек. Онда ХІХ-ХХ ғасыр басында қазақ жазба əдебиетінде 
елеулі орын алған қисса жанрының түп төркініне барлау жасап, өзіне дейінгі 
осы  тақырыпты  игеруге  біршама  еңбек  сіңірген  ғалымдар  Ө.Күмісбаев, 
Б.Əзібаевалармен  кейде  бір  арнада  табысып,  кейде  өз  сағасының  ағысымен 
адаспас  айдынға  шығып,  əдебиетші  ғалымдарды  жаңалығы  мол  ғылыми 
жетістіктеріне  тəнті  етті.  Мұндағы  зерттеуші  ұстанымының  айқындығы – 
оның қазақ қисса-дастандарының шығу тегіне қарай топтастыруы. Мəселен, 
А.Қыраубаева  кейбір  ғалымдардың  қиссаларды  тақырыптық-идеялық 
тұрғыдан топтастыруымен келіспейтіндігін білдіріп, “Біз қисса-дастандарды 
“Тотынама”  желілері, “Шахнама”  желілері,  жəне  орта  азиялық  желілер  деп 
бөліп қарастырамыз” деген ойды ашық айтады. Сөйтіп қисса-дастандардың 
қазақ  топырағында  пайда  болуының  арғы  негізіне  үңіліп,  өзекті  ғылыми 
мəселелердің өзіндік шешімін табады.
Еңбекте  қазақ  қисса — дастандарының  шығыс  дəстүрімен  желілес-
тігіне  назар  аудара  отырып,  оның  өзіне  тəн  төл  ерекшелігін  айқындайды. 
Олардың XX ғасыр басындағы жазба əдебиетке тигізген игі əсері нақтылана 
түседі. Мысалы ғалымның “Қазақ қисса-дастандары ХІХ-ХХ ғасыр басында 
қалыптаса  келіп,  поэма,  повесть,  роман  жанрының  тууына  негіз  болғанын 
көреміз.  Мағауия  Абайұлының  “Меғдат  Қасымы”,  Мұхаметжан  Сералиннің 

12
13
“Гүлкəшимасы” біздің ойымызша қисса-дастандар дəстүрі бойынша жазылып, 
бірақ қиссалық тұрақты ерекшеліктерден ажырай бастаған дастандар. Тіпті, 
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлуы” да ежелгі қиссалық дəстүрдің 
кей  ерекшеліктерін  сақтаған  шығарма”  деген  орнықты  ойлары  болашақ 
ізденістерге  жол  ашқан,  нақты  ұсыныстар.  Осы  өміршең  ойлардың  талай 
зерттеу еңбектерге негіз болары даусыз.
Жоғарыда  сөз  болған  бір-біріне  сабақтас  егіз  зерттеу  еңбектің  зерттеу 
нысаны бөлек-бөлек болғанымен, мақсаты бір зерттеулер. Ол мақсат – бүкіл 
түркі  тектес  халықтар  əдебиетінің  арғы  бастау  бұлағының  бір  екендігін 
дəлелдеу.  Олардың  əлемдік  руханиятта  алатын  орнын,  оған  қосар  үлесін 
айқындау.  Алма  Мүтəліпқызының  түркі  əлеміне,  түркі  тектес  халықтар 
əдебиетіне  арналған  зерттеу  еңбектері  ірі  түрколог  ғалым  ретінде  есімін 
əлем  жұртшылығына  мəшһүр  етті.  Осының  нақты  көрінісі – ғалым  Алма 
Қыраубаева зерттеу еңбектерінің Түркияда шыққан 30 томдық түркі тарихы 
мен мəдениетіне арналған энциклопедиялық жинаққа енуі.
Иə, Бейсенбайдай ғұлама ұстаз сенімін арқалаған Алма апай «көк аттыға» 
айналған көп ғылым докторының бірі ретінде қалып қоймай, қазақтың білімпаз 
қызы  ретінде  танылды.  Қазақ  əдебиетінің  Орхон-Енисей  ескерткіштерінен 
бастау алатын ежелгі дəуірінен бүгінге дейінгі əдебиет атты алып айдынның 
дəуір-кезеңдерден  тұратын  жал-жал  толқындарын  бөліп-жармай,  бірдей 
игерген, бірегей ғұламаға айналды.
 Алма – өз бойындағы білімді ұстаздық еңбек арқылы шəкірт санасына 
құя білген жан. Ғалымдығы мен ұстаздығы таразы басын тең басып, білмекке 
ынтық  шəкірт  жүрегін  алғаш  көргенде-ақ  баурап  алатын-ды.  Əлі  есімде, 
осыдан отыз бір жыл бұрын бір топ шəкірт Алма апайдың дəрісін алғаш рет 
тыңдаған едік.
Ол  кезде  кеңестік  дəуірдің  бір  жақсылығы  болып  табылатын  дайындық 
бөлімі  деген  бар  болатын.  Өзімізше  оны  “Рабфак”  атаушы  едік.  Бүгінгі 
елге  танылған  айтулы  азаматтардың  көбі  сол  “Рабфактың” “шекпенінен” 
шыққандар. ҚазМУ-дегі сол “Раб фактың” бір топ тындаушысы 1975 жылдың 
желтоқсан айының суық бір күнінде, дəл түскі бірдің кезінде əдебиет пəнінің 
оқытушысын  күтіп  отырдық.  Алдында  бірді-екілі  оқытушылардан  дəріс 
алып,  көзі  ашылып  қалған  кейбір  «тісқаққандар»  ұстазға  сынай  қарайтын 
болғанбыз.  Əзірше  өзіне  айрықша  тартып,  елең  еткізген  ұстазды  кездестіре 
қойған жоқпыз. “Рабфакқа” осы да жетеді дей ме, əйтеуір доцент деген атағы 
дардай болғанымен, көбіне жанының жылуы жоқ жандар сабақ беретін.
Кенет  аудиторияға  үстінде  жағасына  ақ  шілтерден  кестелі  өрнек  салған 
өзіне  сондай  жарасатын  көгілдір  көйлегі  бар,  сəнді  етіп  қидырған  шашын 
елпіл-желпіл етпей, жинақтай тарап, əдемі əсемдеген, түр-сипатынан өзгеше 
бір  жылылық  ескен,  қарақаттай  мөлдіреген  екі  көзіне  сыр  тұнған,  қыр 
мұрынды,  бидай  өңді,  толықша  денелі,  əдеміше  келген  жап-жас  апай  кіріп 
келе жатты. Бір сəтке тынши қалған біздер таңданысқа толы сезімнен арыла 
алмай қалдық. Жарқын жүзді апаймен бірге суық дəрісханаға жан жадыратар 
шуақ еніп, жылылық тарағандай болып еді. Шіркін! Табиғатында туа біткен 
ұстаздықтың  ұлы  құдіреті  бар  жанның  алғашқы  əсері  қандай?!  Қараңғы 
түнде жарық сəуле нұр шашқандай əсер қалдырады. Одан əрі дəріс сайын ол 
əсер  толыса  береді,  толыға  түседі.  Сөйтіп,  ұстаз  бен  шəкірт  арасында  көзге 
көрінбес, бірақ желісі мəңгілік үзілмес, алтын арқау пайда болады.
Бүгінде өзіміз де ұстазбыз. Талай ұстаздың дəрісін тыңдап, ақыл-кеңесін 
алдық. Ішінде  данасы да, шаласы да болды. Шынын айтсам, шəкірт  жанын 
дəл  Алма  апайдай  баурап,  аялай  білген  ұстаз  кездестірген  емеспін.  Бұл 
– асыра мақтау да, өтірік көлгірсу де, артық дəріптеу де емес, ерекше тəнті 
болудан туған, шын көңілден шыққан шынайы ризашылық. Расында да Алма 
апай ақыл-парасаты мол, ұстаздық еңбекке саналы құштарлықпен келген, бар 
шəкіртіне  мейірім  шуағын  тең  бөлген,  айрықша  жаралған  жан  еді.  Жалғыз 
біз ғана емес, саналы ғұмырының тура 30 жылын ұстаздық еңбекке арнаған 
Алманың  əрбір  шəкірті  алғашқы  жүздесуден  əлгіндей  əсер  алғанына  мен 
кəміл сенемін.
Ұстаз  Алма  сабақтың  қай  түрін  болмасын  есте  қалардай  етіп,  қызықты 
өткізетін.  Бұл – білікті  ұстаз  белгісі.  Тəжірибелік  сабақтардың  қайсысы 
да  қызу  пікірталассыз  өтпейтін.  Əр  сабақ  əдебиетті,  оның  сол  күнге  арқау 
болған мəселелерін қорытқан түйін болып шығатын. Əр пікірдің нəрі мен дəні 
алынып, қилы көзқарастар тартысынан шындық туатын. Алма апай жүргізген 
сабақ шəкірт пен ұстаздың бірлескен ізденісінің жемісі еді.
Алма апайдың лекциялық сабақтарында кейбір «ұстаздың» ауа жайылған 
«əлеулайынан»  жалыққан  студенттің  мағынасыз  тірлігі  мен  марғау  мінезі 
көзге түсе бермейтін. Ұстаздың шынайылық шырайын ашқан сүйкімді кейпі, 
жан-жағына  шуақ  шашқан  жеңіл  жымиысы,  əуезді  де,  назды  үні  бəрі-бəрі 
өз  жарасымын  тауып,  шəкірт  назарын  өзіне  аудартып  отыратын.  Тылсым 
тыныштықтағы ұстаз аузынан шыққан əрбір сөз шəкірт кеудесіне қонақтап, 
санасын оятып, білім-біліктің бірлігінен туған ой ағындары тереңіне тартып, 
ұйытып-ақ тастайтын. Əр сабақ осылайша өтетін, əр студент ұстазын асыға 
күтетін.
Лекция сабағында да, тəжірибелік сабақтарда да шəкірт ойының ұшқынын 
маздатуға ұмтылатын асыл ұстаз, сол сабақтарда шəкірт жанарынан сыр ұғуға 
тырысады  екен-ау.  Иə,  солай  екен.  Сол  күндердің  əсерінен  туған  “Жаным 

14
15
садаға”  атты  тəрбиелік  мəндегі  еңбегі  бұған  куə.  Ондағы  үзік  ойлар  былай 
деп  сыр  шертеді: “Алдымда  томпиып-томпиып  отырған  мынау 25 баланың 
əрқайсысының бойында бұққан таланттар жатуы сөзсіз”. Бұл алдына алғаш 
келген  шəкіртті  бөліп-жармай,  бірдей  көретін  ақжарма  адал  көңіл  көрінісі. 
“Өзінің ашық мінезіне қысылмай сөйлей алатынына қарап, “əдебиетші болу 
үшін туғанмын”, – деп есептеп қойған бала бар”. Шəкіртке ұстаз сыншының 
белгісі бұл. Шəкірт жанын аялай білетін ұстаздың мақсаты осы студентінің 
“бойындағы  тамаша  таланты – ойындағысын  жасқанбай  айтушылық” 
қасиетін  өшіріп  алмау.  Ұстаздың  əр  шəкірттің  мінез-құлық  ерекшелігін  тап 
басып тануы таң қалуға тұрарлық. «Тұйық баланың табиғаты тіптен қызық. 
Емтиханда  болмаса,  дауысының  қандай  екенін  ешкім  білмейді.  Бірақ  өзіме 
осы  баланың  көзінде  тұнған  ой  жатқандай  көрінеді”.  Өз  шəкіртінің  көзге 
көрінбес жан дүниесін, ішкі əлемін ашу осы болар. Мұндай ұстазға тап болған 
шəкірт – бақытты шəкірт.
Жоғары  мектеп  ұстазы  тек  сабақ  жүргізуші  ғана  емес,  сол  сабақты 
өткізу тəсілдерін жете меңгерген əдіскер де болуы тиіс. Бұл бағытта да Алма 
апай  біраз  жұмыстар  тындырды.  Жалпы  курстар  мен  арнаулы  курстардың 
типтік  бағдарламаларын,  əдістемелік  нұсқауларын  жасап  шығарды.  Олар 
бірнеше рет қайта басылып, əлі күнге дейін қолданыс тауып келеді. Əсіресе, 
Алма  Мүтəліпқызының  “Ежелгі  дəуір  əдебиеті”  пəніне  арналған  оқу-
əдістемелік еңбектері – өз құнын жоймас, қашан да болса студент сұранысын 
қанағаттандыра  алатын  қажетті  дүниелер.  Бірақ  осылардың  ішіндегі  ең 
көрнектісі 1999 жылы “Қазақ университеті” баспасынан жарық көрген, өлмес 
мұраға айналар “Ежелгі əдебиет” атты оқулық.
Бұл  кітап – қазақ  əдебиеті  тарихының  хандық  дəуіріне  дейінгі 
20  ғасырлық  тарихын  қамтитын,  ұңғысын  тереңге  салған  іргелі  зерт-
теу  нəтижесінде  дүниеге  келген  бағасы  құнды,  мазмұны  құнарлы  ең-
бек. “Заманымыздан  бұрынғы  жазу-сызулар,  аңыз-жырлар” (б.з.д. 
VІІ  ғ. — б.з.  ІV  ғ.), “Түркі  қағанат  дəуіріндегі  əдебиет” (V-VШ  ғ.ғ.), 
“Оғыз  дəуіріндегі  əдебиет” (ІХ-Х  ғ.ғ.), “Ислам  дəуіріндегі  əдебиет” 
(Х-ХІІ  ғ.ғ.), “Алтын  Орда  дəуіріндегі  əдебиет” (ХІІ-ХІV  ғ.ғ.)  деп  аталатын 
үлкен-үлкен  бес  бөлімнен  тұратын  нəрлі  оқулық – небір  кірпияз  студенттің 
талабын  қанағаттандырып  қана  қоймай,  ежелгі  əдебиеттің  түрлі  дəуірін 
зерттеймін  дейтін  ізденімпаз  ғалымдардың  үстелінің  үстінен  табылатын 
құтты жəдігер.
Кітапта  əр  дəуір  əдебиетінің  ерекшеліктері,  бағыттары  бүгінгі  күн 
талабына сай қарастырылып, тұщымды бағамдамалар жасалады. Мұнда қазақ 
əдебиеті зерттеуінде тұңғыш рет мың жылдықтан арыдағы əдеби бастауларға 
зер салынып, сақ, ғұн замандары барланып, “Авеста” т.б. ежелгі кітаптардағы 
ортақ  сарындар  əдебиетіміздің  “əу,  бастағы”  бастау  көздері  ретінде 
қарастырылады. Бұл Алмадай білгір ғалымның əдебиет тарихын жүйелеудегі 
үлкен табысы болатын. Ұстазы Бейсенбай Кенжебаев қазақ əдебиеті тарихын 
13 ғасырға жылжытып тереңдетсе, шəкірті Алма Қыраубаева əдебиет тарихы 
бастауларын  мың  жылдықтан  əрі  асырды.  Бұл  ұстаздан  шəкірт  озғанның 
мысалы емес, мұны рухани үндестіктің олжасы деп бағалаған жөн.
Алма шəкіртін жанына жақын тұта да, арақашықтықты ұстай да білетін 
ұстаз  да  еді.  Ашуы  зілсіз,  реніші  мұңсыз  жан  болатын.  Өз  басым  ұстаздан 
дəріс алған жылдарда ол кісінің біреуге дауыс көтергенін, не жекігенін көрген 
де,  естіген  де  емеспін.  Ренішін  сөзбен  емес,  көзбен  жеткізе  білетін.  Зілсіз 
реніші тез арада ақпейілге айналып жүре беретін. Өйткені ол шəкірт жанын 
қинаған жайды тез сезініп, қолынан келсе, көмегін аямайтын. Алма апай өзі 
айтқандай “үзілісте студенттері қоршап, жібергісі келмей, соңынан еріп жүріп 
сөйлесетін”, өзгелер қызыға да, қызғана да қарайтын білікті ұстаз еді.
Алма Қыраубаева – жоғары оқу орны ғана емес, мектеп ісін өркендетуге 
де өзіндік үлес қосқан тұлға. 90-жылдарда ұлттық мектептің өрісін кеңейту, 
ұлттық  тəрбиені  жетілдіруді  жолға  қоюдың  қажеттігін  алғаш  көтеріп,  ой-
тұжырымдарын республикалық басылымдарда ашық жазған жəне оны нақты 
жүзеге асыруға талпыныс жасаған да осы Алма ұстаз болатын.
Бала бақытын аялай білуді өзіне мұрат тұтқан Алма апай мектептегі білім 
берудің оқу-əдістемелік бастамаларына белсене араласты. 1995 жылы Сорос 
–  Қазақстан  қоры  Қазақстан  Республикасы  Білім  министрлігімен  бірлесе 
отыра  “Гуманитарлық  білімді  жаңарту”  бағдарламасы  бойынша  Қазақстан 
Республикасы  оқу  орындарының  барлық  түрлеріне  арналған  Гуманитарлық 
пəндер бойынша оқулықтар мен оқу құралдарына ашық конкурс жариялады. 
Сол  конкурста  мектепке  арналған  ежелгі  дəуір  əдебиеті  бойынша  оқу 
құралының  жеңімпазы  болып  Алма  Мүтəліпқызы  танылды.  Оның  “Ежелгі 
əдебиет”  атты  оқу  құралы  бұл  саладағы  тұңғыш  бастама  еді.  Ғылыми 
зерттеушілік  ізденістерінің  негізгі  өрісі  ежелгі  дəуір  əдебиеті  болғанымен, 
мектеп балаларының сана сезіміне, қабылдау қабілетіне сай ежелгі дəуірден 
оқулық  жазу,  əрине,  Алмаға  қиын  тиді.  Бірақ  табиғатына  қайсарлық  пен 
табандылық жарасқан “Қазақтың қара қызы” талабын ашқан талантын таныта 
білді. Төл əдебиетіміздің қайнар көзі, тереңде жатқан тылсым дүниесі “Ежелгі 
əдебиет” жайлы ұғынықты өте майда тілмен қызықты да сырлы əдемі кітап 
жазып  шықты.  Тартымды  оқулықтың  ұлттық  мектептегі  оқушылардың  ой 
санасын арбап алғаны шындық. Бұл кітап ұлтжандылыққа тəрбиелейтін нағыз 

16
17
ұлттық  тəлім  өнімі  еді.  Өйткені  “Əр  бала  туған  əдебиетінің  тереңіне  жүзіп, 
тұнығын  сіңіріп  өссе,  оның  жүрегінде  еліне  деген  мақтаныш  қалыптаспақ. 
Елі үшін мақтанатын баланың рухы жоғары болмақ. Ендігі ұрпақты осылайша 
өсіруге  міндеттіміз.  Алдымыздағы  оқулық  осыған  қызмет  етеді”  деген 
автордың  кіріспедегі  ағынан  жарыла  айтқан  тілегі  нақты  мақсатты  меңзеп 
тұр.
Жалпы  бала  болашағы,  келешек  ұрпақ  тəрбиесі – ұстаздық  етуден 
жалықпаған Алманың өмірлік мұраты болатын. Ұстаздың “Бізде қазақ мектебі 
бар,  бірақ  ұлттық  мектеп  жасалған  жоқ.  Ұлттық  мектеп  дегеніміз  –ұлттық 
рухта тəрбие беретін орын. Қазақ мектептеріне осы жетіспейді. Қазақ мектебі 
дегеніміз – қазақ тілінде оқытатын, ұлттық сананы, рухты қалыптастыратын 
мектеп”  деген  орнықты  ойларының  білімді  ұлт  болашағын  меңзеген  ұлы 
мұраттардан туғандығына күмəн болмаса керек-ті.
Қазақ  өзіне  келгенде  қашан  елп  етіп,  ілесе  кетуші  еді.  Айтылған  сөз 
айтылған  жерде  қаларын  сезген,  қолдаушылар  табылмасына  сенген  Алма 
осы іске өзі кірісіп кетті. Ұлттық мектептегі оқыту үлгісі іспетті “Сенім” атты 
бағдарлама  жасады.  Онымен  тоқталып  қалмай,  өз  бастамасына  өзі  демеуші 
болып, теорияны тəжірибеге айналдырып, таза ұлттық негізде тəрбие беретін 
мектеп-лицей  ашты.  Сөйтіп,  зиялы  қауым  мен  өзгедей  жұртшылыққа  үлгі-
өнеге  шашпаққа  талпыныс  жасады.  Сол  кездегі  астанамыз  Алматының 
іргесіндегі  Қарасай  ауданының  Жандосов  ауылынан  ашылған  бұл  мектеп 
–  ұлттық  танымға  ұмтылған  ұлт  жандылықтың  бүршік  жарған  алғашқы 
гүлі еді. Бұл мектепке талай марқасқа қазақ зиялылары арнайы барып көріп, 
қызығушылық танытып, ризашылығын білдірген-ді. Тіпті уақытында осынау 
жас талап, жаңа ізденіс шаңырағына бүлдіршіндер қамын ойлап, Бөбек қорын 
ашқан  Сара  Алпысқызы  Назарбаева  да  арнайы  барып,  аналық  жүректен 
шыққан  “Мынау  бір  жаңа  бағыттағы  қажетті  іс  екен”  деп,  жаңа  бастаманы 
шын көңілден құптаған болатын.
Ғалым-ұстаздың  “Сенім”  бағдарламасы  үш  таған  бірліктен  тұратын-ды. 
Олар: бала тəрбиесіне ұлттық рух дарыту жолдары, білім беруде ұлт жəне əлем 
мəдениетінің байланыстылығын арттыру тəсілдері, ұстаз тұлғасының ұлттық 
құндылықтарын жетілдіру əдістемесі тəрізді бағыттар еді. Осы үш тағаннан 
үш  үзік  үзінді  келтірейік: “Шəкірттің  кемшілігін  көргіш  болсаң,  ықыласын 
өшіресің.  Жеңілісін  емес,  жеңісін  ізде”; “Сабақтың  мақсаты – баланың 
басқаға ұқсамайтын қасиетін аша білу”; “Ұстаз қызметінің мақсаты – өз пəнін 
үйретуден тереңіректе, ол – адамды қалыптастырушы адам”.
Алманың  арманы  өзі  айтқандай: “Қазақ  баласының  ұлттық  болмысын, 
мəдениетін,  менталитетін  қалыптастыратын  жүйелі  білім  беру  тəсілін  іске 
асыру” еді. Адам шіркін арманға жеткен бе?! “Қысқа жіп күрмеуге келмей”, 
оған  қол  жалғап  жіберетін  “мырза  қазақ”  табылмай,  ақыры  “Алманың 
мектебі”  жабылып  қалды, “жауып  тындық”.  Өкінішті  ата-ана,  өксікті  бала 
қалды далада. Кінəлі кім?.. “Кінəлі” – біз, сіз, бəріміз. Ұлттық тəрбие беретін 
төл мектепті жапқан – қазақ ұлтының “ұлтсыздығы”. Түпке жеткен – ұлттық 
енжарлығымыз. Алма өз бағдарламасын басын тауға да, тасқа да ұра жүріп, 
шамасы  келгенше  насихаттай  алды.  Астана  асты,  Семей  барды,  Атырауға 
жетті, Алматыны жаяу аралады, рухани “перзентін” ертеңге жетелегісі келді. 
Бірақ  “жалғыздың  үні  шықпас,  жаяудың  шаңы  шықпастың”  кері  келді.  Өзі 
кеткен  соң,  сол  бір  аяулы  арман,  ұлы  мақсат  бүгінде  ұмыт  болды. “Баяғы 
жартас – сол жартас” – ел үн шығарар емес.
Алма  апай  ұстаз,  ғалым  ғана  емес,  керемет  өнерпаз  да  еді.  Қайран 
ұстаздың тұла бойы тұнған өнер – тұғын. Кəдімгі “сегіз қырлы, бір сырлы” 
кісіңіздің өзі болатын. Өнер демекші, сан қырлы саңлақ талант, асыл ұстаздың 
əншілігі қандай еді десеңізші! Өзіне ғана тəн күмбірі басым əсем даусымен 
домбыраға  қосылып,  сызылтып  əн  салғанда,  əннің  ажарын  ашып,  сөзін 
үлпілдетіп  жіберетін.  Оған  үлкен  сахналарда  да,  кішігірім  отырыстарда  да 
тыңдағандар  куəлік  етері  хақ.  Көп  əншіден  əншілігі  басым  болса  да,  жиын 
– тойларда өзгелердей “бір əн салып жіберейінші” деп, өзін-өзі көрсету үшін 
өзеуреп алға ұмтылмайтын. Ел кеу-кеулегенде ғана əдемі бір жымиып алып, 
домбыраны  қолға  алатын.  Ұзақ  шертіп,  құлақ  күйін  келтіріп  алып  барып, 
көзін бір нүктеге ойлана қадап, кенеттен бастап кететін. Сол сəтте əсем əуен 
жан баурап, жүректің қылын шертетін. “Құлақтан кіріп бойды алар” Алманың 
əншілігі – “есті əншілік” еді. Ол кезінде өлең жазып, ақын да атанған екен. 
Кейіннен белгісіз себептермен қойып кетіпті. Оған мүмкін өзін керемет ақын 
санайтын жанмен бас қосуы да себеп болған шығар... Ал, Алманың талантты 
ақын болғандығына «көз көрген» куəлер əлі де табылады. Əсіресе оның студент 
кезінде  жазып,  халқымыздың  ардақты  ақыны  Əбділда  Тəжібаевпен  ҚазМУ-
де болған кездесуде оқыған «Менің тілім» атты өлеңін атақты ақынның аса 
жоғары бағалағанын тамсана еске алушылар əлі де кездеседі.
Алма  апайдың  кісілік  келбеті – ə,  дегеннен-ақ  көзге  түсетін  айрықша 
адами қасиеті болатын. Кісілігі бар кісінің ортасына сыйлы болары бесенеден 
белгілі. Өйткені, Кісілік – адамдық қасиеттің көрсеткіші. Алма апай ұстаған 
кісілік  кілті – “сыйлы  боламын  десең,  сыйлай  біл”.  Ұстазымның  кісілік 
сапасын  анасының  ақ  сүтімен  беріліп,  ұлтының  ұлы  рухынан  дарыған  деп 
білем  мен.  Ол  өз  ұлтының  дəстүр-салтын,  əдет-ғұрпын  өте  терең  білетін, 
жан-тəнімен  қадір  тұтатын.  Ізеттілік,  ізгілік  атты  асыл  қасиеттер  ол  кісінің 
таным-түйсігімен тұтасып кеткені шындық еді. Ежелгі түркі жұртының ұлы 

18
19
ұстанымдары мен ислам арқылы əдет-ғұрпымызға сіңіп, діліміз бен дініміздің 
алтын діңгегіне айналған əйел бала тəрбиесінің ізгі тəлімдерін Алма апай сөз 
жүзінде  де,  күнделікті  өмірдегі  іс-əрекеті,  өсиет  өнегесі  арқылы  да  үлгі  ете 
білді.
Сондықтан да Алманың кісілігін шəкірттері ғана емес, үлкен ұстаздары да 
бағалай білген-ді. Сонау отызға жетер-жетпес жас кезінің өзінде, ұстазымыз 
туралы  алғашқы  жылы  лебізді  белгілі  тіл  маманы, “Маманиядай”  мектеп 
салып, Жетісу өңіріне білім нұрын шашқан атақты Маманның немересі ғалым 
Ыбырайым  Мамановтан  естіген  едік.  Ол  кісі  Алманың  білімділігін  қатты 
құрметтеп, көп мақтайтын. Ұстазымыз үшін біз мақтанатынбыз.
“Мен”, – дейтін  ол  кісі,  кейде  оқып  тұрған  дəрісін  бөліп  жіберіп,  өзіне 
тəн  тəкаппарлықпен  сұқ  саусағын  төбеге  қадап  қойып, “ана  Алманы  бес 
профессорға  айырбастамаймын”.  Содан  соң,  Алманы  біраз  мақтап  алып, 
сабағын жалғастырып кететін. Алманың кім екенін білетін біз ол кім деп сұрап 
жатпаймыз, ол кісі бізге тəптіштеп жатпайды, іштей ұғысамыз. Иə, тілші ұстаз 
əдебиетші шəкіртін осылайша мақтан тұтатын. Біз ұстаз бен шəкірт арасындағы 
кісілік парықты жақсы түсінетінбіз. Түсінетінбіз де, сүйсінетінбіз.
Алма  апайдың  үлкен  бір  кісілік  белгісі  кейбіреулердей  ұстаздарының 
мінін қазбай, жақсы қасиеттерін тізімдеп, түгендеп отырушы еді. Ол кісінің 
ұстаз туралы сөзінің бісмілласы “Мейірімді жүрегі талантты баланы іздеген 
Бейсембай  ағайдан  (Кенжебаев),  əр  лекциясы  кісілік  сабағындай  Зейнолла 
ағайдан (Қабдолов), айтқанынан “Мен – адалдық” деген азаматтық үн естілетін 
Тұрсынбек  ағайдан  (Кəкішев)”  басталатын.  Ұстаздары  жайлы  айтқанда 
шешіле сөйлеп, өткенге өзі де қызыға көз жіберіп, қызықтыра, еліте, еліктіре 
əңгімелейтін. Сан түрлі ұстаздар бойынан кемшілік термей, кемеңгерлік тану 
– кісілік емей, не?!
Сол ұстаздар да жас Алманы да, кемеліне келген Алманы да аялай білді, 
кісілік  келбетіне  сүйсіне  білді.  Кейде  еркелетіп  өз  шəкіртіне  Тұрсекең  де, 
Зекең де “Алма апай” деп қайырылатын. Мұның бер жағында əзілдің нышаны 
болғанымен,  ар  жағында  Алмадай  шəкірттің  кісілігін  құрметтеудің  астары, 
Алмадай  ұстазды  бағалаудың  əділ  бағасы  жатыр.  Өзін  құдірет  көріп,  қадір 
тұтқан  ұстаздарың  еркелетіп  “Алма  апай”  деп  жатса,  одан  өткен  бақыт  бар 
ма?! Қадірің артып, кісілігіңді ел танығаны да.
Алма  Қыраубаевада  мемлекеттік  атақ-даңқ  болған  жоқ.  Тіпті  екінің 
бірі  алып  жатқан  академияның  Шоқан  Уəлиханов  атындағы  сыйлығы  да, 
мектепте ұзақ жыл сабақ бергеннің көбі қол жеткізген оқу ісінің үздігі атағы 
да бұйырмапты. Бірақ АЛМА – орден-медальсіз-ақ халқы батыр атандырған 
БАУЫРЖАН  атасы  секілді  жылтыраған  темір  тақпай-ақ,  ел-жұрты  нағыз 
ғалым,  ұлағатты  ұстаз  таныған,  ел  үшін,  ұрпақ  үшін  ерінбей  еңбек  еткен 
қарапайым қазақ қызы ретінде бағаланды. Иə, ел құрметі оңай құт боп қонар 
нəрсе емес. Оған қажымас қайрат, талмас талап, ерен еңбекпен жетесің.
Алма  апайдың  өзге  əйел  затынан  бір  артықшылығы – қандай  жағдайда 
болмасын жан тебіренісін сездіре бермейтін өр мінезділігі. Тағдыр соққысы 
ауыр  тиіп,  қанаты  қайрылғандай  болған  анау  бір  тұста  да,  ауыр  науқас 
əлсіретіп, қиналып жатқан соңғы кезде де қайсар қыз боркемік күй танытпай, 
өз еркін өзі билей алды. Соңғы көргенімде, əл үстінде жатқан ол кісінің ерік-
жігерінің соншалық күшті екеніне анық көзім жетті.
Тəнін əлсіретсе де, рухын жеңе алмаған “бейдауаға” берілмей, арпалысып 
жатыр екен. Көзінен өмірге деген құштарлықты көрдім, сөзінен сабырлылықты 
сездім. Соңғы сөзі “Алладан сұрағаным бұл емес еді, шыдаймын да!..” болды. 
Жүзінен  қажығандық  білінгенімен,  жəудіреген  жанары  отты  еді-ау,  отты! 
“Жақсы  Құдайға  да  керек”  деген  жан  жұбату  осындай  адамдарға  арналып 
айтылар болар.
Иə,  Алма  апай  үлкен-кішіге  бірдей  қадірлі,  əмбеге  ортақ  асыл  адам  еді. 
Өкініштісі – Алатаудай арман арқалап, ұлты үшін атқарар ұлы мақсаттарының 
шыңына  шыға  алмай,  дүниеден  ерте  озғаны.  Көңілге  демеу,  жанға  дəру 
болатыны – “шəкірт  аңсаған  Ұстаз”  бейнесінің  барша  шəкірт  жүрегінен 
мəңгілік  орын  тебері.  Ғұмырын  əр  шəкірт  бойындағы  өзіндік  жұмбақты 
шешуге арнаған ұлағатты ұстаздың ұрпаққа аманат тілегі мынау: “Өз халқын 
шексіз  сүйетін,  оны  мақтаныш  тұтып,  салт-дəстүрін  құрметтейтін  өр  рух 
–  Салауаттылық,  Парасаттылық,  Білімділік”.  Ұлы  ұстаз  ұлағаты  шəкірттер 
жадында  мəңгілік  жаңғырып  тұрары  сөзсіз!  Өйткені,  Алма  апай  шəкірт 
жанының шырағданын жаққан шырақшысы.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет