Бактериялардың көбеюі
Қоректік заттардың микробтық жасушаға енуі және олардан күрделі
органикалық заттардың синтезделуі нәтижесінде жасушаның массасы
артады. Өсіп-өнудің белгілі бір сатысына жеткеннен кейін жасуша көбейе
бастайды – особтардың саны артады. Көптеген бактериялар жасушаның тең
бөлінуі (вегетативтік көбею) арқылы қарпайым (бинарлық) жолмен көбейеді.
Бүршіктену арқылы көбею сирек кездеседі. Саңырауқұлақтар спора
көмегімен, жыныстық жолмен және бүршіктену (ашытқылар) арқылы көбейе
алады.
Микробтық жасушаның көбею жылдамдығы микробтың түріне,
өсіндінің жасына, қоректік ортаның құрамына, температураға, ауа оттегінің
болуына немесе болмауына және басқада факторларға тәуелді.
Жасушалардың көпшілігі 20-30 минуттан кейін бөлініп отырады.. Мысалы,
жаңа жасуша ішек таяқшасынан 15-30 минут, нитрификациялаушы
бактериялардан 5-10 сағат, туберкулез қоздырғышынан 18-24 сағаттан кейін
пайда болады. Ортадағы жағдай қолайлы болса микроб жасушасы тез
көбейеді. Мысалы, ішек таяқшасы пептонды суда 33 минуттан кейін бөлінсе,
ал ет-пептонды сорпада бұл процесс 10 минутқа жылдам өтеді. Бөліну
жылдамдығына температура да әсер етеді. Жануар және адам организміне
бейімделген патогендік микробтар бөлме температурасымен салыстырғанда
37-39°С -де бірнеше есе тезірек көбейеді.
Микробтардың дөңгелек пішінді түрлерінің бөлінуі әртүрлі кеңістікте
өтуінің нәтижесінде дара, жұп немесе жүзімнің жемісі және тең тәріздес
түрде орналасады. Таяқша тәріздес бактериялар көлденеңінен бөлінеді, бұл
жағдайда бастапқы кезеңде тартылыңқы жер пайда болады, кейіннен ол
үзіледі де түзілген ұрпақтық жасушалар бөлініп кетеді. Микробтың бөлінуі
изоморфтық (жаңа жасушалардың өлшемдері бірдей) және гетероморфтық
(бір жасуша екіншісінен үлкен) болуы мүмкін.
Цитоплазмамен бірге жаңа жасушаға қос спиральді құрылымды ДНҚ
нуклеоид те өтеді. Сутектік байланыс үзілген соң ДНҚ-ның екі жіпшесі
пайда болып, олардың әрқайсысы жаңа жасушаның құрамына енеді де,
кейіннен екі еселенеді (репликация). Нуклеин қышқылымен бірге тұқым
қуалау белгілері де беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |