Дәріс микробиология ғылымының тарихы және даму кезеңдері



Pdf көрінісі
бет1/75
Дата15.04.2022
өлшемі1,17 Mb.
#31164
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   75
Байланысты:
ЛЕКЦИЯ МИКРОБ КАЗ (1)



Дәріс -1. МИКРОБИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ДАМУ 

КЕЗЕҢДЕРІ 

 

Микробиология  –  арнайы  аспапсыз  көзге  көрінбейтін,  микроорганизмдер  немесе 

микробтар  деп  аталатын  өте  ұсақ  тіршілік  иелерінің  систематикасын,  биологиялық 

қасиеттерін,  экологиясын,  жер  бетін  мекендейтін  басқа  да  организмдермен  қарым-

қатынасын  және  табиғаттағы  зат  айналымындағы  маңызын  зерттейтін  ғылым.  Аталмыш 

ғылымның аты үш грек сөзінен құрастырылған: «micros» - кішкене немесе майда, «bios» - 

өмір  және  «logos»  -  ілім.  Микроорганизмдер  –  жиынтық  ұғым.  Олардың  қатарына  жай 

көзге  көрінбейтін,  яғни  мөлшері  0,07-0,08  мм-ден  (70-80  мкм-ден)  аспайтын  тіршілік 

иелері,  атап  айтсақ,  микроскопиялық  саңырауқұлақтар,  балдырлар,  актиномицеттер, 

бактериялар, микоплазмалар, риккетсиялар, вирустар және басқа да организмдер жатады. 

Міне, сондықтан да оларды тек арнайы үлкейткіш құралдардың (жарық немесе электрон 

микроскоптарының) көмегімен ғана көруге болады. 

Микроорганизмдер  табиғатта  өте  кең  тараған.  Олар  Арктиканың  мәңгі  тоңынан, 

Сахара  құмдарынан,  жер  астынан  шығып  жатқан  ыстық  су  көздерінен,  жер  бетінен  10 

шақырымдай  биіктіктен  алынған  ауа  үлгілерінен,  атом  реакторларынан  алынған  су 

сынамаларынан  табылған.  Кейбір  ғалымдардың  есебі  бойынша  (I.  Alcamo  and  L.Elson, 

1996) жер бетіндегі микробтардың жалпы салмағы барлық өсімдіктер мен жануарлардың 

массасынан  басым  түседі  екен.  Тіршілігіміздің  тірегі  жер  анамыздың  топырағында 

микроорганизмдер органикалық заттарды толассыз шірітіп, өсімдіктер пайдалана алатын 

химиялық  қосылыстарға  айналдырып  отырады.  Кейбір  микробтар  атмосферадан  азотты 

сіңіріп,  топырақтың  құнарлығын  арттырады.  Микроорганизмдер  болмаса  жер  бетінде 

тіршілік  те  болмас  еді,  өйткені  планетамызды  өсімдіктердің  қалдықтары  мен  жан-

жануарлардың өлекселері басып кетер еді. Малдың азық қорыту үрдісі де микробтардың 

қатысуынсыз  өтпейді.  Айталық,  күйіс  қайырушы  жануарлардың  қарнында  клетчатка 

целлюлоза ыдыратушы бактериялардың көмегімен өзгеріске ұшырайды. Орташа есеппен 

алғанда,  сиырдың  мес  қарнындағы  микробтардың  салмағы  3  кг-ға  дейін  барады  екен. 

Жануарлар  бұл  микроорганизмдердің  тіршілік  өнімдерін,  ал  кейіннен  өздеріне  қоректік 

материал ретінде қолданады. Қысқаша қайырғанда, микробтардың тіршілік әрекеттерінің 

арқасында  табиғатта  зат  айналымы  іске  асып,  жануарлар  мен  өсімдіктердің  өміріне 

қолайлы жағдайлар туындап отырады. Жер қойнауындағы шымтезек, көмір, мұнай сияқты 

қазба  байлықтардың  түзілуі  де  микробтардың  тіршілік  әрекеттерімен  тікелей  баланысты 

екендігі ғылыми түрде дәлелденгенін айта кеткеніміз де артық болмас. 

Адамзат  микроорганизмдердің  ашылуына  дейін  олардың  биохимиялық  әрекеттерін 

нан пісіруде, шарап ашытуда, сыра қайнатуда, сонымен қатар сүт қышқылды тағамдарды 

даярлауда  қолданып  келді.  Қазіргі  кезде  микроорганизмдер  спирт,  ацетон,  глицерин, 

лимон  қышқылын,  амин  қышқылдарын,  әртүрлі  антибиотиктер  мен  вакциналарды  және 

тағы  басқа  пайдалы  заттарды  алуда,  сонымен  қатар,  мал  азығының  құнарлығын 

арттыруда, ағынды суды және ластанған топырақты тазартуда, биогаз алуда және басқа да 

бағыттарда  баға  жетпес  көмекшілер  ретінде  танылып  отыр.  Одан  қалды,  микробтар 

протеиндерді өндіру бойынша ешбір тіршілік иесіне дес бермейді. Мысалы, салмағы 500 

кг  сиыр  тәулігіне  небәрі  0,5  кг  протеин  түзсе,  осы  салмақтағы  ашытқы  жасушалары  сол 

уақыт ішінде 50 тоннадай, яғни 100 мың есе көп өнім түзеді (Н.Р. Асонов, 1989). 

Соңғы  20  жылда  микроорганизмдер  гендік  инженерия  деп  аталатын  молекулярлық 

биологияның  жаңа  бағытында  кеңінен  қолданыс  тауып  келеді.  Қазіргі  кезде  медицинаға 

қажет инсулин, интерферон, өсу гормоны және тағы басқа биологиялық белсенді заттарды 

өндіре алатын бактериялардың штамдары алынды. Олар мұндай қасиетке өздерінің ДНҚ 

молекуласына  «тігілген»  адам  гендерінің  «жұмыс  істеуі»  (экспрессиясы)    арқасында  ие 

болып  отыр.  Сонымен  қатар,  микробтар  мен  өсімдіктердің  геномына  бактериялардың 

азотты сіңіруге жауапты генін орналастыру бағытында ізденістер жүргізіліп жатыр. 



Микроорганизмдер  арасында,  сонымен  қатар,  адам  мен  жануарларға  және 

өсімдіктерге  зиянды  түрлері  де  кездеседі.  Айталық,  олар  әртүрлі  жұқпалы  ауруларды 

қоздырады  және  тағам  өнімдерінің  бүлінуін  тудырады.  Міне,  сондықтан  да  ауыл 

шаруашылығы  саласының  болашақ  мамандары  үшін  микроорганизмдердің  пайдалы 

қасиеттерін  мал  шаруашылығынан  алынатын  тағам  өнімдері  мен  шикізаттарды  өңдеуде, 

мал азығын даярлауда, жұқпалы аурулардың алдын алуда қолдана білу өте маңызды. 

 

Табиғатта  тіршілік  иелерінің  мейлінше  сан  алуан  түрлері  кездеседі.  Олардың 



арасында  өсімдіктер  мен  жануарлар  дүниесінен  басқа,  жәй  көзге  көрінбейтін  тірі 

организмдер  микроорганизмдер  ерекше  орын  алады.  Микроорганизмдер  болмаса,  жер 

бетінде тіршілік орнамас еді. Өйткені олар өсімдіктердің қалдықтары мен жануарлардың 

өлекселерін  шіріте  отыра,  топырақтың  құнарлығын  арттырып,  зат  айналымына  белсене 

қатысады. Сонымен қатар, олар жануарлардың, әсіресе күйіс қайырушылардың ас қорыту 

процесінде  аса  маңызды  рөл  атқарады.  Микроорганизмдер  белгілі  болғанына  дейін 

адамзат  олардың  әсерінен  туындайтын  құбылыстарды  өз  пайдасына  қолданып  келді. 

Айталық,  микробтардың  биохимиялық  белсенділігін  адамдар  шарап,  қымыз,  айран 

даярлауда, нан пісіруде және т.б. өнімдерді шығаруда пайдалана білді. 

Микробтардың  пайдалы  әрекеттерін  тұрмыста  қолданып  қана  қоймай,  адам  баласы 

олардың  зиянды  әрекеттеріне  қарсы  күресе  де  білген.  Айталық,  қытайлықтар,  үнділер 

және  біздің  ата-бабаларымыз  шешек  ауруына  қарсы  екпе  қолданып,  адам  өміріне  араша 

түсе  білген.  Жұқпалы  аурулармен  сырқаттанған  адамдарды  оқшаулап,  жеке  күткен. 

Микробтар  туралы  түсініктері  болмаса  да,  олардың  зардаптарынан  тағамдарды  сақтай 

білген. Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, адамзат тағам өнімдерін сақтауды (қайнату, 

тоңазыту, қақтау, тұздау, кептіру) сонау неолитика кезінен бастап игерген көрінеді. 

Орта  ғасыр  тарихында  Еуропа  мен  Азия  елдерінде  шешек,  оба,  бөртпе,  сүзек  және 

т.б.  жұқпалы  аурулар  кең  қанат  жайып,  халықты  үлкен  қайғы-қасіретке  ұшыратып 

отырды.  Бұл  аурулардың  себептері  мен  күресу  шаралары  жөнінде    жалған  түсініктер 

орнықты. Алайда, қоғамның озық ойлы адамдарының ізденістерінің нәтижесінде дәйектер 

мен тәжірибелер жинақталып, жұқпалы аурулар туралы ілім қалыптаса бастады. 

Орта Азиялық ғалым, философ және дәрігер Әбу Әлі ибн Сина (Авиценна) (980-1037 

жж)  өзінің  бірнеше  ғасырлар  бойы  Азияда  ғана  емес,  сонымен  қатар  Еуропада  міндетті 

нұсқау  түрінде  қолданыста  болған  «Медицина  канондары»  атты  бес  томдық  танымал 

еңбегінде  оба,  шешек  және  басқа  аурулардың  су  және  ауа  арқылы  көзге  көрінбес 

қоздырғыштары  арқылы  таралатынын  жазған  еді.  Италияндық  ғалым  Джироламо 

Фракастро  1546  жылы  жарық  көрген  «Жұқпа  туралы»  кітабында  аурулардың  адамнан 

адамға  өте  ұсақ  тіршілік  иелері  –  contagium  vivum  арқылы  жұғатындығына  негіздеме 

келтірген. Жұқпалы аурулардың тірі табиғаты туралы гипотезаны біздің жыл санауымызға 

дейін өмір  сүрген грек дәрігері Гиппократ (б.ғ.д 460-377 жж.), рим  жазушылары  Варрон 

(б.ғ.д  116-27  жж.)  мен  Плиний  (б.ғ.д  23-75  жж.)  де  болжаған  болатын.  Рим  ақыны  және 

философы Лукреций өзінің б.ғ.д. 75 жылы жариялаған  «De rerum natura» атты еңбегінде 

оба белгісіз бір «тұқымдардың» әсерінен туындайды деген тұжырымға келген.  

Микробиология  ғылымының  дамуындағы  айтулы  кезең  көзге  көрінбейтін  тіршілік 

иелерін  зерттеуге  арналған  құралдың  құрастырылуынан  басталды.  1590  жылы  шыны 

ажарлаушы  Ганс  және  Захарий  Янсендер  майда  заттарды  үлкейтіп  көрсететін  аспап 

құрастырды.  1609-1610  жылдары  Г.  Галилей  (1564-1642)  ең  алғашқы  қарапайым 

микроскоп  жасады.  1617-1619  жылдары  физик-өнертапқыш  К.  Дреббель  қос  линзалы 

микроскоп жасады. Рим ғалымы Афанасий Кирхер осы микроскоп көмегімен сасыған етті, 

шарап  сіркесін,  сүтті  зерттеп,  олардың  ішінде  «құрттардың»  болатындығын  байқайды. 

Сонымен қатар, зерттеуші қанның әртүрлі жасушалардан тұратындығына көзін жеткізеді. 

Оба ауруына шалдыққан адамдар қанынан Кирхер ерекше «құртты» көрдім деп мәлімдеді. 

Әрине, қарапайым аспаппен микробтарды анық көру мүмкін емес еді. Дегенмен, аталмыш 

аурудың  қанда  жүрген  майда  организмдер  арқылы  таралатыны  жөніндегі  оның  пікірі  өз 




кезіндегі  ілгерішіл  батыл  көзқарас  болды.  Егер  микробиологияның  бастауы  ретінде 

адамның  ең  бірінші  рет  микроорганизмдерді  көрген  уақытын  алатын  болсақ,  онда  біз 

аталмыш  ғылымның  туған  жылын  ғана  емес,  сонымен  қатар  туған  күнін  де  және 

зерттеушінің  атын  да  дәл  басып  айта  аламыз:  1676  жылы  24  сәуір,  голландия  азаматы 

Антони  ван  Левенгук  (1632-1723).  Ол  арнайы  білімі  жоқ,  саудагер  ғана  болатын.  Бос 

уақыттарында  А.  Левенгук  үлкейткіш  линзалар  жасап,  олардың  көмегімен  өсімдіктердің 

жапырақтарын,  сілекейді,  тіс  өңезін,  су  тамшыларын,  бұрыш  тұнбасын  және  т.б. 

зерттеумен әуестенген. 1683 жылы ол қоршаған ортада көзге көрінбейтін animalculae деп 

өзі  белгілеген  ұсақ  жәндіктердің  болатындығын  «Левенгук  ашқан  табиғат  құпиялары» 

атты  кітабында  жария  етеді.  Бұл  еңбегінде  ол  ауыз  қуысында,  су  үлгілерінде  және  т.б. 

субстраттарда  өте  көп  мөлшерде  кездесетін  дөңгелек  пішінді,  таяқша  іспеттес,  сонымен 

қатар  иректелген  анималькульдердің  суреттерін  келтіреді,  олардың  кейбіреулерінің 

белсенді түрде жылжи алатындығын жазады. Алайда ол организмдердің табиғатта алатын 

орны,  әрекеттері  жөнінде  мағұлмат  бере  алмады.  Левенгуктің  еңбегі  көптеген 

ғалымдардың қызығушылығын тудырғанмен, жаңа зерттеулерге жол аша алмады, өйткені 

ол кезде биология ғылымы аталмыш жаңалықты игеріп кететіндей деңгейге әлі жетпеген 

еді.  

Швед  ғалымы  Карл  Линей  «Табиғат  жүйесін»  жасаған  кезінде  микроорганизмдерді 



бұл  жүйеге енгізбей хаос яғни адам түсінбейтін, көзге көрінбейтін, құпия сыры бар бей-

берекет жәндіктер тобына жатқызды. Дегенмен, микробтар туралы деректер жинала беріп, 

микробиологияның морфологиялық кезеңінің дамуына жол ашты. 

Анималькульдерді  алғаш  зерттегендердің  бірі  орыс  дәрігері  М.М.  Тереховский 

(1740-1796)  болды.  Ол  1775  жылы  Страсбург  университетінде  өзінің  микроорганизмдер 

жөніндегі  «De  chao  infusorio  Linnaei»  атты  еңбегін  қорғап,  тіршіліктің  өздігінен  пайда 

болуы  туралы  теорияны  теріске  шығарды.  XVIII  ғасырдың  екінші  жартысында  ғылымда 

мұндай жалған ұғым үстем болатын. 

Микробтардың  әртүрлі  орталарда  кездесетіндігін  байқаған  зерттеушілер  олардың 

өсіп-өнуінде  ешқандай  заңдылық  жоқ  және  бұл  жәндіктер  кез-келген  жерде  өздігінен 

пайда  бола  береді  деген  жорамалдар  айтты.  М.М.  Тереховский  және  италяндық  ғалым 

Спаланцани  мұндай  жалған  қағиданы  жоққа  шығарды.  Олар  тірі  жәндіктері  бар  тұрып 

қалған суларды немесе басқа да сұйықтықтарды қайнатып, ыдысты ауа енбейтіндей етіп 

жапса,  онда  тірішілік  иелерінің  пайда  болмайтындығын  дәлелдеп  береді.  Яғни  бұл 

тәжірибе  микробтардың  сұйықтыққа  қоршаған  ортадағы  ауа  арқылы  еніп,  барлық  жан 

иелеріне  тән  заңдылық  негізінде  көбейе  алатындығын  көрсетті.  Алайда,  бұл  тәжірибе 

ғалымдар  қауымына  жете  таныс  болмағандықтан,  назардан  тыс  қалды.  Сөйтіп 

микробиология өзінің морфологиялық кезеңінің шеңберінде қала берді. 

XIX  ғасырдың  бірінші  жартысында  жұқпалы  ауруларды  қоздыратын  кейбір 

микроорганизмдер  белгілі  бола  бастады.  Айталық,  1839  жылы  И.  Шенлейн  тазқотыр 

зардапты  саңырауқылақтың  әсерінен  пайда  болатынын  дәлелдесе,  1843  жылы  Д.  Груби 

бұзаутаздың, сәл кейінірек  А. Полендер, К. Давен және Ф. Брауэлл  1849-1854 жылдарда 

топалаңың  қоздырғыштарын  ашады.  Алайда,  аталмыш  ғалымдардың  және  сол  кездегі 

басқа  да  зерттеушілердің  еңбектері  табылған  микроорганизмдердің  сыртқы  пішінін 

жазумен ғана шектеліп отырды. Міне, сондықтан да, бұл уақыт микробиологияның ғылым 

ретінде қалыптасуындағы морфологиялық кезеңі деп аталып жүр.  

Микробиологияның  келесі  даму  сатысының  –  физиологиялық  кезеңнің  негізін 

қалаушы  әйгілі  француз  ғалымы  Луи  Пастер  (1822-1895)  болды.  Францияның  Лилль 

қаласында  химия  профессоры  лауазымында  қызмет  етіп  жүрген  Л.  Пастер  спирт  

зауыттарының  иегерлерінің  өтініші    бойынша  шарап  пен  сыралардың  бұзылу  себебін 

анықтау  мақсатында  зерттеулер  жүргізген.  Ізденістерінің  нәтижесінде  1857  жылы  ол 

спиртті,  сүт  қышқылды,  май  қышқылды  ашулар,  сонымен  қатар  сыра  даярлау  кезіндегі 

ашу  белгілі  бір  микроорганизмдердің  әсерінен  туындайтындығы  туралы  қорытындыға 

келеді.  Осылайша  ол  ғылыми  түрде  ашудың  химиялық  емес,  биологиялық  құбылыс 




екендігін,  ал  ашу  процесінің  негізін  әртүрлі  ферменттерді  бөліп  шығаратын 

микроорганизмдердің әрекеттері құрайтындығын дәлелдеп береді. Май қышқылды ашуды 

зерттей  отыра,  Л.  Пастер  жалпыбиологиялық  маңызы  бар  жаңалық,  атап  айтсақ 

анаэробиоз  құбылысын  ашады.  Оған  дейін  ғылымда  оттегісіз  өмір  мүмкін  емес  деген 

Лавуазье  айтқан  қағида  мызғымас  заң  ретінде  қабылданып  келген  болатын.  Сонымен 

қатар, Л. Пастер шірудің де белгілі бір микроорганизмдердің әрекеттерінен болатындығын 

анықтайды.  Ашудың  микробтық  табиғатын  таныған  ғалым  1865  жылы  тауар 

өндірушілерге  практикалық  маңызы  өте  зор  ұсыныс  береді.  Бұл  жаңалық  қазіргі  кезде 

бізге пастерлеу деген терминімен белгілі. Осы жылы Француз Үкіметі Л. Пастерден жібек 

құрттарының  пебрина атты  ауруының  салдарынан  орасан  зор  шығынға  ұшырап  отырған 

кәсіпкерлерге көмек көрсетуін өтінеді. Бұл жұмыспен бес жыл шұғылданған ғалым 1868 

жылы  аурудың  белгілі  бір  микроорганизммен  қоздырылатынын  анықтап,  онымен  күрес 

шараларын айқындап береді. Міне осы оқиғадан кейін, Л. Пастер микробтардың адамдар 

мен  жануарлардың  жұқпалы  ауруларын  тудыру  мүмкіндігін  зерттеуді  қолға  алады. 

Пастерге  дейін  ауру  қан  мен  шырынның  өздігінен  өзгеріске  ұшырауы  ретінде 

қарастырылып келген еді. Ғалым топалаңның, тауық тырысқағының, құтырықтың, шошқа 

тілмесінің және басқа жұқпалы аурулардың негізгі себебі – белгілі бір микроорганизмдер 

екендігін  дәлелдейді.  Жұқпалы  аурулардың  табиғатын  зерттей  отыра,  ол  зардапты 

микробтардың  уыттылығы  белгілі  бір  жағдайлардың  әсерінен  әлсірейтіндігін  байқайды. 

Тәжірибелерін  негізге  ала  отыра,  ғалым  микробтарды  аттенуациялау,  яғни  уыттылығын 

төмендету  жолдарын  анықтап,  әлсіреген  ауру  қоздырғыштарын  жұқпалы  аурулардың, 

атап айтсақ тауық тырысқағының (1880), сібір жарасының (1881) және құтырықтың (1885) 

алдын-алу  мақсатында  екпе  ретінде  қолдануды  ұсынады.  Өзінің  ғылыми  жұмыстарына 

сүйене  отыра,  ол  жұқпалы  аурулардың  микробтық  теориясын  жасап  шығарды.  Пастерге 

дейін  де  ауруға  қарсы  екпелер  қолданған  болатын.  Дегенмен,  микроорганизмдердің 

уыттылығын  әлсіретудің  ғылымға  негізделген  тәсілдерін  әзірлеген  Пастер  болды.  Осы 

жерде  мына  бір  тарихи  шындыққа  тоқтала  кеткеніміз  жөн  болар.  Ғылыми  еңбектерде, 

оқулықтарда шешекке қарсы вакцинаны 1796 жылы Э. Дженнер ең алғаш рет қолданған 

деген мәлімет орныққан. Алайда, ағылшын дәрігеріне дейін 350 жылдай бұрын аталмыш 

аурудың  алдын  алудың  тәсілін  Керей  хан  мен  Жәнібек  хандардың  тұсында  Өтейбойдақ 

Тілеуқабыл  деген  бабамыз  қолданып,  өз  тәжірибелерін  «Шипагерлік  баян»  кітабында  

жазған    екен.    Бұл    сәйкессіздікті    білім    мен  ғылым  саласындағы  қалыптасып  қалған 

еуроцентристік  көзқарастың  бірден  бір  көрінісі  ретінде  қабылағанымыз  жөн  болар. 

Өтейбойдақ  Тілеуқабылұлы  1397  жылы  Жетісу  өңірінде  дүниеге  келген.  Мол  тәжірибе 

жинаған  ғалым  ретінде  Жәнібек  ханның  тапсырмасы  бойынша  1467-1475  жылдары 

аралығында  «Шипагерлік  баян»  атты  энциклопедиялық  медициналық  еңбегін  жазып 

шығады.  Бұл  кітап  бірнеше  рет  көшіріліп  жазылып,  қолдан  қолға  ауысып,  ұрпақтан 

ұрпаққа  тапсырылып,  біздің  қолымызға  да  тиіп  отыр.  Ғалымның  кітабы  медицинаның, 

гигиена  мен  терапияның  жалпы  заңдылықтарына,  сол  кездегі  белгілі  болған  ауруларды 

балау  тәсілдеріне  арналған  ірі  7  бөлімнен  тұрады.  Аталмыш  еңбекте  5  мыңға  жуық 

рецептер,  1384  дәрі-дәрмектік  препараттар  (олардың  ішінде  859  өсімдік,  ал  455  жануар 

тектес),  70  металлдар  мен  металлоидтар  келтірілген.  Жоғарыда  айтып  кеткендей, 

Өтейбойдақ  Тілеуқабылұлының  сол  кездегі  медицина  саласында  жасаған  теңдесі  жоқ 

ғылыми жаңалығының бірі ретінде ғалымның 1446 жылдан бастап шешек ауруына қарсы 

адамдарға өз әдісімен екпе жасай бастауын айтуға болады. Бұл әдіс бойынша ол шешекке 

шалдыққан  адамның  материалымен  сиырды  жұқтырып,  пайда  болған  күлдіреуіктердің 

сұйықтығын  балаларға  еккен.  Сиыр  да  шешекпен  ауырады,  алайда  ол  адам  шешегінің 

вирусына  төзімді  болып  келеді,  сондықтан  да  оның  денесінде  орын  тепкен  қоздырғыш 

әлсіреп, қазіргі қолданып жүрген вакциналардың қасиеттеріне ие болады. 

Микробиология  тарихында  Л.  Пастермен  қатар  ғылымының  негізін  қалаған  тұлға 

ретінде  неміс  ғалымы  Роберт  Кохтың  есімі  (1843-1910)  заңды  түрде  аталып  жүр.  Өз 

тәжірибелерін  ол  ауыл  дәрігері  болып  жүріп,  сібір  жарасын  зерттеуден  бастаған  еді. 




Кейіннен  оның  назары  сол  кезде  кең  тараған,  емі  табылмаған  аурулардың  біріне  – 

туберкулезге  ауады.  1882  жылы  ол  аталмыш  аурудың  қоздырғышын  тапқаны  туралы 

еңбегін  жариялайды.  Көп  ұзамай  бұл  микроорганизмдерге  зерттеушінің  құрметіне  «Кох 

таяқшалары» деген атау беріледі.  

Тырысқақ  вибриондарының  ашылуын,  сонымен  қатар  тығыз  қоректік  ортада 

микробтар  өсінділерін  бір-бірінен  ажырату,  микроорганизмдерді  анилин  бояуларымен 

бояу,  микробтарды  микроскоптың  иммерсиялық  жүйесімен  зерттеу,  заттарды  жоғары 

қысымды  бумен    зарарсыздандыру  тәсілдерін  және  дезинфекция  ұғымы  мен 

туберкулиннің  қолданысқа  алынуын  Р.Кохтың  микробиология  ғылымының  дамуына 

қосқан сүбелі үлестерінің қатарына жатқызуға болады. 

Жұқпалы  аурулар  этиологиясы  саласындағы  микробиологияның  жетістіктері 

организмнің  қорғаныс  механизмдерін  зерттеу  ізденістеріне  жол  ашты.  Бұл  мәселе 

шеңберінде  орыстың  зоолог  ғалымы  И.И.  Мечников  (1845-1916)  теориялық  және 

практикалық маңызы зор жаңалықтар ашты.  

1883  жылы  орыс  жаратылыстанушылары  мен  дәрігерлерінің  7-ші  съезіндегі 

«Организмнің қорғаныш күштері» атты баяндамасында ғалым жұқпалы ауруларға қарсы 

төзімділіктің ғылыми негіздемесін жасап, ғылымға «Иммунитеттің жасушалық теориясы» 

деп  аталатын  ұғымды  енгізді.  Ғалым  микроорганизмдердің  тіршілік  ету  барысында  бір-

бірімен  күресі,  яғни  антогонизм  туралы  ілімнің  де  негізін  қалады,  сүт  қышқылды 

бактериялардың  ерекше  топтарын  тауып,  оларды  өндіріске  сүттен  әртүрлі  тағамдарды 

даярлауда  қолдануды  ұсынды.  Кейінірек  ол  сүт  қышқылды  өнімдердің  адам  өмірін 

ұзартуда қолдануының ғылыми негіздемесін жасады. 

Жұқпалы  ауруларға  төзімділіктің  табиғатын  И.И.  Мечниковпен  қатар  немістің  ірі 

ғалымы  П.  Эрлих  те  (1854-1915)  жан  жақты  зерттеп,  «Иммунитеттің  гуморальдық 

теориясын»  ұсынады.  Бұл  теорияны  жақтаушылар  Р.  Пфейфер  мен  Ж.  Борде  өз 

еңбектерінде  организм  жұқпалы  аурулардан  микробтар  мен  олардың  уларына  қарсы 

ерекше бір заттарды (антиденелерді) синтездеу арқылы қорғана алатындығын жариялады. 

1888  жылы  француз  ғалымдары  Э.  Ру  мен  А.  Йерсен  күл  ауруының  (дифтерия)  негізгі 

себебі микроорганизм өндіретін улы зат екендігін дәлелдейді. 1890 жылы неміс ғалымы Э. 

Беринг  және  жапон  зерттеушісі  С.  Китазато  сіреспе  және  күл  аурулары 

қоздырғыштарының улы заттарына қарсы иммунды қан сарысуларын даярлап шығарады. 

1908  жылы  П.  Эрлих  пен  И.И.  Мечников  иммунитеттің  жасушалық  және  гуморальдық 

факторларын зерттеуге арналған еңбектері үшін Нобель сыйлығымен мараппаталды. 

Ауыл  шаруашылығы  саласында  микробиологияның  дамуына  С.Н.  Виноградский, 

М.С.  Воронин,  М.  Бейеринк  және  т.б.  зерттеушілер  зор  үлес  қосты.  С.Н.  Виноградский 

(1856-1953)  –  топырақ  микробиологиясының  негізін  қалаушылардың  бірі.  Ол  күкірт 

бактерияларының  күкірт  сутегін  күкірт  қышқылына  дейін  тотықтыра  алатындығын 

дәлелдеді. Ал, осы реакция кезінде бөлінетін энергия ауадағы көмір қышқыл газын күкірт 

бактерияларының сіңіруіне жұмсалатын болып шықты. Сондықтан да мұндай бактериялар 

органикалық  қалдықтары  жоқ  ортада  да  тіршілік  ете  береді.  Бұл  құбылыс  ғылымға 

хемосинтез  деген  атаумен  енді.  Хемосинтез темір  бактерияларына да  тән  болып  шықты. 

Сонымен  қатар  ол  нитрлендіру  процесін  тудыратын  бактериялардың  әсерінен 

органикалық  заттардың  азотты  қышқылдың,  ал  кейіннен  азот  қышқылының  тұздарына 

айналатынын дәделдеп берді.  

М.С.  Воронин  бұршақ  тұқымдас  өсімдіктер  тамырында  тіршілік  етіп,  ауадағы 

атмосфералық  азотты  өз  бойына  сіңіре  алатын  микроорганизмдердің  ерекше  тобын  – 

түйнек бактерияларын тауып,  оларды  жете  зерттеді.  М.  Бейеринк  түйнек  бактерияларын 

жеке  күйінде  бөліп  алып,  оларды  өсіру  үшін  арнайы  қоректік  орта  әзірледі.  1901  жылы 

голландия  ғалымы  топырақтың  құнарлығын  біршама  арттыратын  және  топырақта  еркін 

тіршілік жасайтын азот бактерияларын тапты. Бұл бактериялардың ауадағы азотты қалай 

және  қандай  жағдайда  сіңіре  алатындығын  С.П.  Костычев  терең  зерттеді.  Ол  В.С. 

Буткевичпен бірге микроскоптық саңырауқұлақтардың түрлі органикалық қышқылдарды, 




соның ішінде лимон қышқылын түзетіндігін дәлелдеді. С.А. Королев (1876-1932) пен А.Ф. 

Войткевичтің (1876-1950) сүт қышқылды бактериялардың тіршілігін зерттеу кезінде алған 

нәтижелері  сүт  тағамдарын  даярлау  технологияларына  тиісті  өзгерістер  енгізді.  В.Н. 

Шапошников  және  басқа  ғалымдар  өндірістік  жағдайда  сүт  қышқылын,  ацетонды  және 

бутил  спиртін  алудың  әдісін  әзірледі.  Спирт  өндірісінде  ашытқыларды  қолдануда  және 

сірке қышқылы ашу процесінің мәселелерін шешуде даниялық  ғалым Э.Х. Гансен үлкен 

еңбек сіңірді. 

Микробиология  ғылымы  дами  келе  көптеген  жаңалықтармен,  теориялық  және 

практикалық маңызы бар жетістіктермен толықтырылып тұрды. Қазіргі кезде адамзаттың 

түрлі қажеттері мен мақсатттарына сәйкес ғылым бірнеше салаларға бөлініп отыр. 





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   75




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет