L-пішінді бактериялар – пептидогликанды түзу қабілетін жартылай немесе
толығымен жоғалтқан мутантты жасушалар (ең алғаш Ұлыбританиядағы Листер
институтында зерттелгендіктен осындай атау берілген). Олар жасуша қабырғасының
синтезделуін бұзатын заттардың – ингибиторлардың (антибиотиктер, лизоцим, т.б.)
әсерінен пайда болады. L-пішінді микроорганизмдер полиморфты, жылқылардың қан
сарысуы қосылған күрделі қоректік орталарда өсіп-өне алады.
Актиномицеттер (actis – сәуле, mykes – саңырауқұлақ) немесе сәулелі
саңырауқұлақтар – сырт пішіні жағынан төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарға ұқсас, бір
жасушалы, анилин бояуларымен жақсы боялатын грам-оң, бұтақталып өсетін
микроорганизм. Олардың денесі (мицелия) 0,05-2,0 мкм болатын жіңішке және ұзын
жіпше тәрізді түзу немесе иректелген гифтерден тұрады (10-сурет). Актиномицеттер агар
қосылған қоректік орталарда субстратты (агарға ене өсетін) және әуелік (агар беткейінде
өсетін) мицелияларды түзеді. Олардың мицелиялық түрінен басқа таяқша және кокка
тәрізді пішіндері де кездеседі. Тығыз қоректік орталарда актиномицеттер дөңгеленген,
субстратпен берік байланысқан, ортасы тығыз болып келген колонияларды түзеді (11-
сурет). Олардың кейбір түрлері қызғылт, сары, жасыл, көк, қоңыр түсті пигменттерді
түзеді. Актиномицеттер көбінесе топырақта, суда, өсімдіктерде, жануарлар терісі мен
кілегейлі қабықтарында кездесіп, органикалық субстраттарды ыдыратады. Кейбір
сапрофитті актиномицеттер энергия мен зат алмасуында, әсіресе топырақтың
құнарлануында маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар олар биологиялық белсенді заттарды (антибиотиктерді) түзеді.
Патогенді актиномицеттер жануарлар мен адамдардың созылмалы жұқпалы ауруларын
(актиномикоз, т.б.) қоздырады.
Актиномицеттердің құрылысы грам-оң бактериялардың құрылымына ұқсас
болғандықтан,
олардың
жасуша
қабырғасында
пептидогликан
болады,
ал
саңырауқұлақтарға тән хитин мен целлюлоза болмайды. Олар жетілген гифтің
мицелияларының ұшында фрагментациялану нәтижесінде пайда болған споралары
(конидиялары) арқылы көбейеді.
Достарыңызбен бөлісу: |