Ынталандыру сыйлығының иегері
Шорабек Айдаров
Алматы қаласы.
ШЕбЕРді ШЕбЕР дЕгЕнШЕ,
АллАнЫ ШЕбЕР дЕсЕңШі...
Айналамнан ғажап сыр аңғарамын,
Жаратыпты-ау мүлтіксіз Алла бәрін.
Басқа түгіл бойыма қарап тұрып,
Өзіме-өзім мен кейде таң қаламын.
Отырған ем, орнымнан түрегелдім,
Тұрған едім, адымдап жүре бердім.
Қозғалысқа, қимылға негізделген,
Менің өзім байқасам бір әлеммін.
Мен өзімді жоғалтам бұл әлемсіз,
Менің кеуде соғуым сірә, жөнсіз.
Еншімдегі бұл әлем еркімнен тыс,
Жатыр өзін басқарып мына менсіз.
Төрт мүшемді түгендеп сайлап алдым,
Қол-аяқты мейлінше пайдаландым.
Ал, іш құрлыс өз ісін атқарғанда,
Менің өзім білмеймін қайда қалдым?
Адам шіркін аштыққа шыдамайды,
Асты аңсайды ондайда, сірә, майлы.
Ал, асқазан өз ісін атқарарда,
Ақыл-кеңес менен еш сұрамайды.
65
Таңдаулы діни өлеңдер
Тоқ болса адам кетеді тым мастанып,
Ал, аш болса ас іздеп тынбас халық.
Астың сөлін арқауға айналдырған,
Асқазанды тұр сонда кім басқарып?
Мен мұншама дәрменсіз болар ма едім,
Билігімде болмай тұр алар демім.
Өпкем ауа сорады, шығарады,
Қатысым жоқ титтей де оған менің.
Көңіліме қалса бір пікір келіп,
Шошыса одан жүрегім күпір көріп.
Менің күтпей бұйрығым, жарлығымды,
Тұла бойым кетеді тітіркеніп.
Әрекетсіз әр адам бақ таппайды,
Көңіл содан жүдейді сақтап қайғы.
Мен қаламай тұрсам да кейде бірақ,
Өз-өзінен жүрегім атқақтайды.
Тақуа жан нәпсісін ноқталайды,
Тыныштығын жанының тек қалайды.
Есім білмей ұйқыда жатсам дағы,
Жұмыс істеп жүрегім тоқтамайды.
Білем, білем бірақ та кәміл жайды,
Уағы жетсе жүрек те дамылдайды.
Ол да менің қалауым бойынша емес,
Ол өйткені маған еш бағынбайды.
Қос қолымды Бір Алла, саған жайдым,
Жүрегіме несіне алаңдаймын.
66
Аллаға мадақ
Кеудемнен жан бір күні бұл-бұл ұшса,
Қайтадан мен қайтарып ала алмаймын.
Ұшып кетер шынымен жан шыбын ба?
Тағдыры бар көз жасы – тамшының да.
Маған емес, Аллаға бағынады,
Қыл аяғы құйттай бір талшығым да.
Болса дағы бойымда нелер білім,
Бола алмадым кей істе шебер бүгін.
Билей алмай мен жүрсем өз тәнімді,
Бірдемеге тати ма кемелдігім.
Бақ бұйырмақ Бір Алла қолдаса егер,
Бізге басқа Құдірет бар ма сенер?
Артық жүкті құлына жүктемеген,
Алла шебер екен ғой, Алла шебер!
|