3. Саяси шешімдер және олардың жүзеге асу жолдары
Саяси қызметке негіз болушы - саяси шешім саяси қызметтің бағытын
айқындайды. Шын мәнінде саяси қызмет шешімнен туындайды, сол арқылы
қызметтің әртүрлі жолының бірі таңдалады. Саяси шешім арқылы саяси
қызметтің мақсаты мен міндеттері, әдістері және түрлері белгіленеді. Саяси
шешімдердің оң немесе теріс болуы саяси қызметтің нәтижесіне әсер етеді.
Саяси шешім ресми нұсқау, бағдарлама, мәлімдемелер арқылы жүзеге
асырылады. Мемлекет құжаттары, саяси партиялар, ұйымдар, жеке саяси
басшылар, халықаралық бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар арқылы жүргізіліп,
олардың қызметі саяси сипат алады.
Саяси шешімдердің сан алуан түрлері болады. Олардың негізгілері:
нұсқау, саяси жарлық, бағдарлама.
Нұсқау – жоғарғы мемлекеттік органдардың төменгі органдарға
басшылыққа алуы үшін шешім ретінде берілетін тапсырма. Парламент,
атқарушы билік, сот билігі және басқа да үкіметтің нұсқаулары төменгі
органдар үшін орындалуы міндетті болып табылады.
Саяси жарлық – саяси қызметтің мақсаттары мен бағыттарын айқындау.
Айқын, нақтылы жарлықтарсыз дұрыс саяси шешім де шығарылмайды. Онсыз
мемлекеттің, партиялардың және басшылардың дұрыс саяси қызметі де
болмайды. Мысалы, кейбір мемлекеттердегі кіші бизнестегі қазіргі орын алып
отырған қиындықтары - жүйелі саяси бағыттың болмауымен байланысты,
шешімдердің терең ой елегінен өткізілмей, үстірт қабылдануынан және
олардың орындалуына дұрыс басшылықтың жүргізілмеуі салдарынан болып
отыр.
Бағдарлама – мемлекеттің, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың,
саяси қайраткерлер қызметінің мақсаты мен міндеттерінің жиынтығы.
Мемлекеттің, саяси мекемелердің айқын және жан-жақты қоғам өмірінің
барлық салаларын қамтыған бағдарламасы болмаса экономика, саясат және
әлеуметтік өмір терең дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан мемлекеттің ғылыми
негізделген бағдарламасы болуы қажет.
Саяси шешімнің бастапқы кезеңі - белгілі бір мақсаттың орындалу тұсы.
Бұнда саяси ағымдар мен әлеуметтік топтардың мүдделері көрініс табады. Осы
тұрғыдан саяси шешімдерді өзгертуші процесс деп те қарауға болады. Ол
бірқатар кезеңдерден тұрады: шешім қабылдау, шешімді жүзеге асыру,
шешімнің орындалуын қадағалап отыру, бақылау жасау, ең соңында белгілі
нәтижеге жету. Осыған орай саяси шешімдерді таңдап алу маңызды роль
атқарады. Ол шиеленіс тудыратын, қарама-қарсы, даулы мәселелерді келісіп
алуды қажет етеді.
Саяси шешімдер қабылдау үлкен тәжірибені және зерделікті қажет етеді,
сондықтан жеке адам, ұйымдар, мекемелер саяси шешімдерді жүзеге асыру
жолдарын терең меңгеруі керек. Сонда ғана бұндай шешімдерден жақсы
нәтиже күтуге болады.
Саяси шешім қабылдаушылар алдағыны көре білуі, айқын бағдарлай
алуы үшін болашаққа болжау жасауы, оған процесс ретінде қарауы үшін саяси
130
өмірдің, үрдістердің, оқиғалардың, құбылыстардың өзгеруі, дамуы барысына
арнаулы зерттеу, талдау жүргізілуі қажет, яғни, пайымды саяси шешімдер
қабылдау үшін ғылым мен техниканың барлық жаңалықтарын қолданудың
маңызы зор.
Саяси шешімді сәтті іске асыру үшін нақты болжам қажет. Өйтпесе
мемлекеттің билеуші топтарының азаматтар алдында берген уәдесі орындалмай
қалуы мүмкін. Бұл саяси тоқырауға, саяси қайраткердің беделінің түсуіне,
үкіметтің немесе парламенттің дағдарысқа ұшырауына душар етеді.
Саяси шешімдердің негізіне шындық, нақтылы жайды ескеру жатады.
Саяси процестердің, құбылыстардың мәнін талдау арқылы айқын мәлімет алу,
толық білім - саяси шешімдерді дұрыс қабылдаудың басты шарты.
Дұрыс шешім қабылдау саяси процестер барысындағы оның жайы мен
нәтижесі жөніндегі мәліметтерге, саяси шешім қабылдап, әдістерін белгілеу
тұсында қарама-қарсы саяси күштердің арасалмағын ескеруге, оқиғалардың
барысын бағдарлайтын деректер алуға негізделуі қажет.
Ал саяси зерттеудің, болжам жасаудың, жоспарлаудың бағыт-бағдарын
айқындаудың негізі - саяси деректер жинау. Саяси мәліметтердің толық және
айқын болуы саяси бағдардың дұрыс саяси шешім қабылдауына мүмкіндік
жасайды. Саяси шешімдер негізінде тұтас, жүйелі саяси тұжырым жасалуы
тиіс. Бұнда нақтылы міндеттерді жүзеге асыру, ол үшін қолайлы жағдай жасау
белгіленеді. Саяси тұжырым - саяси қызметтің құрылымын, тетігін жүзеге
асырудағы теориялық көзқарастар жиынтығы, негізгі құралдарды, қағидалар
мен принциптерді көрсетеді. Жоғарыда атап көрсетілгендей, саяси шешімдер
мемлекеттің, қоғамдық-саяси ұйымдардың, қозғалыстардың құжаттарынан
көрініс табады.
Дұрыс саяси шешім қабылдаудың тағы бір негізі - оның өлшемінің айқын
белгіленуі,
яғни,
құралдары,
белгілі
бір
принциптерге
сүйенген
бағдарламаланың болуы тиісті. Осы арқылы саяси өмірдің, саяси процестер
бағыты жүйеге келеді, оқиғаның барысына дұрыс баға беріледі. Ал саяси
танымның жоғарғы өлшемі тәжірибе болып табылады. Себебі қандай да
болмасын теориялық қағидаларға негізделген саяси шешімдер тәжірибеде
сыннан өтеді.
Саяси өлшем туралы түсінік әртүрлі, оның сипаты саяси қатынастардың
күрделілігімен, әртүрлі саяси күштердің ара-қатынасына байланысты жиі
өзгеріп тұрады. Ол әрекет етуші күштердің саяси мүдделері мен
мақсаттарының оқшаулануымен, күнделікті жағдаймен байланысты. Оған саяси
бағыттың өзгеруі де ықпал етеді. Саяси өлшем, баға беру біржақтылыққа,
субъективті түсініктерге негізделмеуі шарт. Саяси бағаның басты талабы -
қалыптасқан жағдайдың тек сыртқы көрінісін ғана емес, ішкі мәніне назар
аударуды, терең талдауды талап етеді. Егер саяси бағалау процестің мәнін
қамтымаса, ол жалған болады және қате саяси шешім қабылдауға соқтырып,
саяси қызметте сәтсіздікке әкеледі.
Саяси билік өкілдерінің, саясаткерлердің жеке басының қасиеттері де
саяси шешімдер қабылдауда маңызды роль атқарады. Мемлекеттік істерді
басқаруда, ұйымдастыруда саяси басшының адалдығы, сөзі мен ісінің
131
арасындағы алшақтықтың болмауы, өз пікірі мен шешімін ашық айта білуі,
табандылығы, батылдығы саяси басшыға, ел басшысына қажетті қасиеттер. Бұл
туралы көне қазақ жерінің ұлы перзенті Әл-Фараби өзінің «Рахымды қала
тұрғындарының көзқарастары туралы» деген еңбегінде атап көрсетеді. Ол
алдымен имандылықты басты шарт деп санайды. Діни көзқарас тұрғысынан
ғана емес, рухани жағынан бай, білімді, іскер, ар-ұяты кіршіксіз таза адам ғана
елді дұрыс басқара алады. Сондықтан да ойшылдың жоғары парасаттылықты
үлгі етіп тартуы кездейсоқ емес. Әл-Фараби адамның табиғатынан туа біткен
жақсы қасиеттерімен бірге, өмірде, тәрбиенің нәтижесінде қалыптасатын теріс
мінез-құлықтарды да көрсетеді, олар: әділетсіздік, өтірік пен өсек-аяңға түсу,
шындыққа төзбеушілік, еңбексүймеушілік қасиеттер.
Саяси қайраткерлердің бойындағы жақсы қасиеттердің болуы қазіргі
жағдайда да маңызды мәселе. Өйткені еліміздің, халқымыздың тағдыры, бүгіні
мен болашағы саяси қайраткерлердің іс-әрекетімен де тығыз байланысты.
Ой-өрісінің кеңдігі, басшылардың мерзімінде дағдарысты жағдайларды
сезе білушілігі, саяси білім жүйесін игере алуы - зор беделге ие болуының
кепілі. Саяси қызметте және саяси шешімдерді қабылдауда азаматтардың
мүдделері, саяси қатынастар жүйесі, саяси топтар мен ұйымдардың іс-әрекеті
мұқият ескерілуі қажет.
Сонымен, саяси қызмет пен саяси шешімдер саяси ғылымдағы маңызды
мәселелер және осы екі мәселенің бір-бірімен тығыз байланысты екені
қоғамның күнделікті саяси өмірінен де айқын көрінеді.
Бақылау сұрақтары
1.Саяси процес құрылымы.
2.Саяси процес кезеңдері.
3.Саяси саладағы қызметтің ерекшеліктері.
4.Саяси қызмет әдістерінің ең тиімдісі.
5.Саяси шешімдердің негізгі түрлері.
6.Саяси шешімдер қабылдаудағы болжамның орны.
7.Саяси процеске қатысу түрлері қандай?
8.Қазіргі Қазақстанның саяси процесіндегі ерекшеліктер қандай?
132
ХІ тарау
САЯСИ ШИЕЛЕНІСТЕР МЕН КЕЛІСІМДЕРДІҢ
ҚОҒАМ ӨМІРІНДЕГІ АЛАТЫН ОРНЫ
1. Саяси шиеленіс туралы түсінік
Саяси ғылымдағы шиеленістердің әртүрлі жағдайларына қатысты
проблемалардың жиынтығын зерттейтін ғылыми және оқу проблемалары
сипатындағы жаңа жеке пән шиеленістану деп аталады.
Жалпы тұрғыдан алғанда шиеленіс қарама-қарсы топтардың бір-біріне
қайшы мүдделерінің, пікірлерінің, көзқарастарының түйісуі, әртүрлі сипаттағы
пайымдаушылық, келіспеушілік, ымырасыздық.
Саясаттану зерттеулерінің нысандары болып саяси билік, саяси мақсат
мәселелерімен тікелей және жанама қатысты, саяси сипаттағы шиеленістер
саналады.
Саяси шиеленістер туралы зерттеулер өзінің терең тамырларын ежелгі
философтардан алады. Бүкіләлемдік тарихта бұл мәселелер біздің дәуірімізге
дейінгі YІІ-YІ ғасырлардағы Қытай философтарының, Ежелгі Грекиядағы
Анаксимандр мен Гераклиттің теориялық пайымдауларынан мәлім. Гераклиттің
күрес жалпыға ортақ және “барлығы күрес арқылы және қажеттіліктер
бойынша өтеді” деп түйіндегені белгілі. Осыған ұқсас ойларды басқа үлгіде
Сократ, Платон, Полибий және басқалары да топшылады.
Қоғамдағы шиеленістерді зерттеуге Н.Макиавелли көп көңіл бөлді. Ол
әртүрлі деңгейдегі шиеленістерді сараптай отырып, олардың қоғамдық
процестердің дамуындағы жағымды сипатын атап көрсетеді. Алайда, ХYІІІ
ғасырдың соңына дейін саяси шиеленісті зерттеуші ойшылдар оны ең алдымен
мемлекеттің реттеуші қызметі санап, үстемдік ету мен бағыну мәселелеріне
жатқызды.
Шиеленісті әлеуметтік құбылыс ретінде алғаш рет Адам Смит “Табиғат
және байлық себептері туралы зерттеулер” (1775 ж.) атты еңбегінде талдады.
«Шиеленістің негізінде, - деп атап көрсетті Смит-- қоғамның таптарға бөлінуі
(капиталистер, жер иелері, жалдамалы жұмысшылар) және қоғам дамуының
маңызды қозғаушы күші ретінде саналатын экономикалық қарсыластық
жатыр». Сол сияқты, Гегельдің қарама-қарсылықтың күресі туралы ілімі
шиеленістерді зерттеу үшін маңызды роль атқарады. Гегель шиеленістің негізгі
себептерінің бірі деп бір жағынан “байлықтың жинақталуы”, екінші жағынан
“таптық еңбекке қатынастағы” әлеуметтік алшақтықты көрсетеді.
Шиеленістер теориясының дамуына, осы ілімнің мазмұнына айтарлықтай
үлес қосқан ХІХ ғасырдың соңымен – ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтану
ғылымы болды. Биология ғылымының ықпалында болған әлеуметтану
шиеленістерді
Ч.Дарвиннің
табиғи
іріктеу
теориясынан
алады,
әлеуметтанудағы
психологиялық
қатынастарды
негіздеу
шиеленіске
әлеуметтік-психологиялық көзқарасты таратуды алып келді. Кейін әлеуметтану
133
шиеленістерге төмен баға беретін функционализмнің күшті ықпалында болып,
шиеленістер мәселесі әлеуметтанудан ығыстырылғандай жағдайға жетті.
Алайда, ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап әлеуметтік шиеленістерді
қоғамның ішкі өміріне ықпалы бар құбылыс ретінде қараған арнаулы еңбектер
пайда бола бастады. Л.Козердің (АҚШ) “Позитивті-функционалды шиеленіс”,
Р.Дарендорфтың (Германия) “Қоғамның шиеленісті моделі”, К.Боулдингтің
(АҚШ) “Шиеленістің жалпы теориясы” концепциялары саяси ғылымда кеңінен
танымал болды.
Жоғарыда аталған ғылыми еңбектермен мұқият танысқанда шетелдік
саясаттанушылардың шиеленісті мәселесін зерттеудегі таным аппаратын және
осы мәселені зерттеудегі символика - логикалық талдауда үлкен жетістіктерге
жеткені аңғарылады. Әлеуметтік шиеленістің шығуы мен оның себептері, даму
бағыты, шешу әдістері осы зерттеушілердің еңбектеріндегі ең басты құндылық.
Жалған бағалардан, деректер мен айғақтарды өз бетінше таңдаудан
сақтандыратын нақты, сызба түріндегі модельдер бейнесінде берілді.
Әлемнің осы заманғы дамыған елдеріндегі әлеуметтік шиеленістер
туралы концепциялардың кеңінен таралуы және ұтымды пайдаланылуы,
сондай-ақ оларды жасаушылардың қоғамдағы жоғары беделі бұл
концепциялардың негізінен әлеуметтік таптардың абстрактылы мүдделеріне
қатыссыз, жалпыадамзат көкейіндегі мүддені және олардың тікелей
қажеттілігін көздейтіндігінен көрсетеді. Мысалы, АҚШ-та саясаттану беделді
қоғамдық ғылымдардың біріне айналып, шиеленістерді реттеу, шиеленіс
жағдайларын меңгеру теориясы ретінде қалыптасты. Оның практикалық
маңызы әлеуметтік құбылыстарды қоғамдық танымды реттеу үшін таным
деңгейі шеңберлерін жоғары алып, саяси шиеленістерді шешудің ғылыми
жолдарын қалыптастыру.
Шиеленістанудың даму эволюциясындағы көрнекті зерттеулер қатарына
Е.Б.Черняктың “Ғасырлық шиеленістер” (Мәскеу, 1988) кітабын жатқызуға
болады. Ғалым бұл еңбегінде саяси шиеленіс мәселесін бүкіләлемдік тарихи
материалдар негізінде зерттеген. Ежелгі Рим мен ерте христиандықтың,
Византия мен Араб халифатының, ортағасырлық папа мен империяның
қақтығыстарына, сондай-ақ түрік анычарлары мен герман ландскнехтері,
британ пираттары мен испан инквизиторларымен болған соғыстарға, ал жаңа
дәуірде – реакцияшыл күштер мен әртүрлі әлеуметтік қақтығыстарға кең
көлемде талдау жасайды.
2. Әлеуметтік шиеленістердің негізгі себептері мен түрлері
Әлеуметтік шиеленістердің себептері қандай? Бұл сұраққа «әлеуметтану
және саясаттану ғылымдарында әлеуметтік шиеленістердің негізгі көзі
материалдық игіліктердің, құндылықтардың жетіспеуі және билік үшін күрес»
деген жауап беріледі. Әлеуметтік шиеленістің жалпы себебі - адамдардың бірі
басқарып, тәртіп беретін, ал екіншілері бағынуға және нұсқауды орындауға
мәжбүр болатын “императивтік үйлестірілген ассоциациялардағы” теңсіздік
жағдайы болып есептеледі. Басқаша айтқанда, шиеленістер билік мәселелеріне
134
байланысты туындайды. Аталған ассоциациядағы үстемдік қылатын
“әлеуметтік тап” осы өкіметке бағыныштылар тарапынан кедергілерге
ұшырайды. Ал қатынастар тәртібін реттестіретін басқару мен ұйымдастыру
қызметі, Дарендорфтың пікірінше, адамдардың бірі билік құратын, басқаратын,
ал екіншісі бағынышты болатын, орындайтын “әлеуметтік таптарға” бөлінетін
адамдардың әлеуметтік теңсіздік шиеленістің түпкі себебі. Осыған байланысты
ол коммунистік-маркстік ілімді адамдар арасындағы антагонизмді білмеу
“әлеуметтік ойсыздық” немесе “утопия” деп жариялады.
Мойындау керек, адам жаратылысының, қоғамдық топтар мен
ұжымдардың “жоғарыға” және “төменге” бөлінуі, олардың арасындағы
жойылмайтын араздықтың, шиеленістердің қайнар көзі болуын дәлелдеу қоғам
дамуы тарихында ашылған жаңалық болып табылмайды.
Батыстық саяси ғылым авторларының көпшілігі «нәтижесінде
шиеленістер адамдардың түсінігімен анықталады» деген пікірге келіп тіреледі.
Шиеленістерді туғызатын себептер ретінде: жеке және қоғамдық
құндылықтардың үйлеспеуі, адамдардың өз мақсаттары мен әрекеттерінен
күткен нәтижелер арасындағы айырмашылықтар, адамдардың іс-қимылдары
тұрғысында бірімен бірі тіл табыспауы, түсінбестіктер, коммуникация
процесіндегі логикалық қателіктер мен семантикалық қиындықтар, ақпараттар
тапшылығы мен сапасыздығы саналады. Бұл тұрғыда әлеуметтік-саяси
қақтығыстар “шиеленісуші пікірлердің” түйісуі ретінде тұжырымдалады, ал
оның негізгі себебі болып адам психикасының жетілмеуі, нақты іс-әрекет пен
ол туралы деректер арасындағы сәйкессіздік саналады. Шиеленістер
себептерінің өзара қатынасын сипаттайтын “сезімдер мен көңіл-күйлерде”,
яғни осы өзара қатынастардың табиғатында ғана емес.
Шиеленістің әмбебаб көзі келіспеушілік талаптарды қанағаттандыру
мүмкіндіктерінің шектелуі. Бұл ешқандай шиеленістерсіз қажеттіліктердің бәрі
толық қанағаттандырылатын қоғам құру мүмкін еместігін көрсетеді. Мысалы,
барлық экономикалық шиеленістер өмірге қажетті материалдық, қаржылық
қорлардың тапшылығына байланысты пайда болады.
Қазіргі қоғамдағы шиеленістердің түрлерін анықтау теориялық және
практикалық қажеттілікті білдіреді. Шиеленісті түрлерге бөлудің әртүрлі
негіздері бар. Субъективтілігі бойынша шиеленіс мемлекеттер аралығында
болуы мүмкін (мемлекетаралық), ұлттар арасында (ұлтаралық, этникалық),
таптар арасында (тапаралық), конфессиялар арасында (діни), нәсілдер
арасында (нәсілшілдік), шиеленісуші жақтар арасындағы қатынастар саласы
бойынша (саяси, әскери, экономикалық, сауда, қаржы, кеден және басқалары),
көлемі бойынша (халықаралық, аймақтық, жергілікті) және т.б. болып бөлінеді.
Шиеленіс түрін көп жағдайда оның құралдары, амалдары, қалыптасу
және шешу жолдары айқындайды. Айта кету керек, барлық қоғамға бірдей
шиеленістер мәселелерін зерттейтін саяси институттардың қалыптасқан жүйесі
жоқ. Әлеуметтану және саясаттану ғылымдары жоғары дәрежеде дамыған деп
саналатын елдердегі саяси институттар шиеленістердің әрқилы түрлерін дер
кезінде шешіп қана қоймайды, сонымен бірге оларға алдын-ала болжам
жасайды.
135
Өкінішке орай, әлемнің көптеген елдерінде осындай ғылыми орталықтар
жоқ, соның салдарынан саяси шиеленістер бақылаудан шығып кетіп, асқынуға
дейін барса, кейбір жағдайда қантөгістік сипат алуы да мүмкін.
Саяси шиеленістер өзінің дамуы барысында әртүрлі кезеңдерден өтуі
мүмкін, осыған сәйкес олардың алдын алу үшін әртүрлі іс-шаралар қолданылуы
тиіс. Бірінші кезең –шиеленіс негіздерінің орын алуы, шиеленіс әлі болмаса да
оның себептерінің жинақталуы. Мысалы, ұлтаралық қатынастарда тұрғылықты
жерде құқықтық қолдау алмаған стихиялық демографиялық процестер немесе
белгілі бір этностардың өзіндік санасының өсуі. Екінші кезең – біліну кезеңі.
Шиеленіс жоқ, алайда әрқилы топтардың талаптары, қарсылықтары айтыла
бастайды. Үшінші кезең – көріну кезеңі. Алғашқы дүмпулер, алғашқы
қақтығыстардың басталуы.
Осыдан кейінгі басқа кезеңдер, мысалы, ашық қарсылық білдіру,
қақтығыс кезеңінің болуы да мүмкін. Ал шиеленістің ең соңғы кезеңі – бұл
ушығу кезеңі. Соңғысы қарсылық көрсетуге адамдардың үлкен шоғырын
жұмылдырумен,
шиеленіс
аймағының
ұлғайтуымен
ерекшеленеді,
“өркениеттілік” түрінен қарулы күреске көшіп, қарсыласқан екі жақтың да
өмір-тіршілігіне нұқсан келуі мүмкін. Адамдардың үлкен шоғыры тартылып,
ушығу сипатындағы шиеленістерге бұрынғы Югославия провинцияларындағы
соғыс, Ауғанстандағы әскери қақтығыстар, грузин-абхаз-осетин, СУАР
шиеленістері және т.б. соғыстар жатады.
Саяси ушығу кезеңіндегі шиеленістер көбінесе бір қоғамның ішінде кең
орын алады. Мысалы, қылмыскерліктің ұйымдасқан түрі өсуі, сыбайлас
жемқорлық, армиядағы әлімжеттік жасау. Шиеленістің мұндай түрлерінің
жеңіл және тез шешілуі қиын, себебі олар ұзақ жылдар бойына қордаланған.
Олар алғашқы кезде байқалмайды, іштен асқына береді. ТМД мемлекеттерінің
кейбіреуінде бұл аяқ астынан пайда болғандай көрінуі мүмкін, алайда олардың
түбірі ондаған жылдар бұрын тамырланған болатын.
Саяси шиеленістердің негізгі себептері – материалдық игіліктердің,
құндылықтардың, биліктің жеткіліксіздігі кез-келген, тіпті дамыған қоғамның
өзіне де тән құбылыс. Сондықтан әлеуметтік шиеленістерге әдеттегіден тыс
жағдайға (аномалияға) қарағандай қарауға болмайды. Керісінше, әлеуметтік
шиеленіс ақыр соңында саяси қарым-қатынастарды жетілдіреді. Адамзат
тарихының ең ерте кезеңінде тіпті мемлекет сияқты саяси институттарды
туындатып, дамытуға ықпал жасаған әлеуметтік шиеленістер болды.
Шиеленістердің ұдайы шешіліп отыруы қоғамдағы қарама-қайшылықтарды
жою үшін мекемелердің қарқынды дамуына жол ашады.
Егер қоғам ішіндегі шиеленісті факторлар болмаса және әлеуметтік
қатынастар орнықты, ешбір мінсіз үндесіп тұрса, ол кезде шиеленістерді
ауыздықтау мен реттестіру функцияларын атқаратын саяси институттардың
пайда болуын және олардың қызметтерінің қажеттілігін немен түсіндіруге
болады? Бұның ең қысқа жауабы: шиеленісуші әлеуметтік топтар мен таптар
арасындағы билік айтушы, араша болушылар (арбитр) ретінде мемлекет , саяси
билік, саяси жүйе пайда болды. Сондықтан әлеуметтік шиеленіс – қоғамның
саяси дамуының негізі болып табылады.
136
3. Ұлтаралық шиеленістер және оны шешу жолдары
Шиеленістердің көптеген түрлерінің ішінде әлемде неғұрлым кеңінен
таралғаны және неғұрлым өткірі болып ұлтаралық қатынастардағы шиеленістер
саналады. Әлемдік көлемде олар әрқилы аймақтарда орын алуда. Дүние
жүзіндегі адамдардың көпшілігі көп ұлтты мемлекеттерде өмір сүреді. Бүгінде
әлемде 2 мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар, этникалық топтар, 200-ден астам
тәуелсіз мемлекеттер бар. Олар диалектілерімен қоса үш мың тілде сөйлейді.
Бірқатар елдерде (әзірге көп те емес) ұлтаралық шиеленістерге болжам
жасайтын арнаулы институттар жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өзінше
мамандандырылса да нақты қоғамдық себептерге негізделген қызметтерінің ең
жалпы бағыттарын атауға болады, олар:
1) Ұлттық сана-сезімнің өсуін есепке алу. Ұлттық өзіндік танымның дамуы
халықтың саяси және мәдени деңгейінен туындайды. Көптеген халықтардағы
интеллигенцияның, студенттердің, ұлттық кадрлардың үлес салмағының жедел
өсуі олардың ұлттық өзіндік танымының жоғарылауын “бағдарлайды”. Осы
аталған әлеуметтік этникалық топтардың мүддесіне құқықтық қолдаудың қағыс
қалуы шиеленісті жағдайға соқтыруы мүмкін.
2) Демографиялық процестер мөлшері. Оған өндіргіш күштерді ұтымды
орналастыру, бәрінен бұрын өндірісті барлық ұлттық аймақтарда тепе-тең
қалыпта дамыту мәселесі. Байқалып жүргендей халықтың онсыз да еңбек
ресурстарының аса азшылығы қалыптасқан аймақтарға басқа жақтардан жұмыс
қолдарының ағылуы шиеленістік жағдайларға әкеліп соқтырады.
3) Федерация шеңберінде автономиялар құқығының әртүрлілігі. Мысалы,
КСРО жағдайында автономияның 4 түрі болды: одақтас республикаға – 15,
автономиялық республика – 20, автономиялық облыс – 8 және автономиялық
округ – 10. Тәуелсіздік идеясы тұсында автономиялардың осындай әрқилы
мәртебесі дискриминация ретінде қабылданды. Одақтас республикалар мен
автономиялардың құқығы бірдей болмай алшақ тұрды, ал автономиялық
облыстар мен округтердің Конституциясы болған жоқ. Оларда тұратын
халықтардың ұлттық мүдделері мен құндылықтарын қорғау мүмкіндіктері
әрқилы болды.
4) Халықтың ұлттық мәдениеті мен ұлттық психологиясын мемлекет
деңгейінде талдау. Ұлттық мәдениет және психология саласы дербес құбылыс.
Мемлекет бір саяси режимнен екіншісіне өтуі мүмкін. Сөйтсе де бұдан
халықтың психологиясы өзгермейді. Ф.Энгельс айтқандай, “ұлттың ұлттық
тегі” өзгерістерге бәрінен аз тартылған. Осы заңдылықты еске алмайынша
мемлекеттің нәтижелі ұлттық саясатының болуы мүмкін емес.
Ұлттық фактордың тарихи тұрақтылығы, қоғамның әлеуметтік-экономикалық
дамуы және этнос өмірі арасындағы қатынастардың қайшылыққа соқтыру қаупі
бар. Яғни, ұлттық қатынастар саласында жалпы және жеке танылған даму
тенденциялары, заңдары қызмет етеді. Сондықтан оларды танып-білу өте
күрделі, сол себепті күтпеген жерден кездейсоқ туындаған шиеленіс болып
көрінеді.
137
5)
Экономикалық факторлар, бастапқыда біз айтып өткеніміздей,
шиеленістердің негізгі себептерінің бірі, ол материалдық игіліктердің
жеткіліксіздігінен туындайды. Кейбір қағидадағыдай “таза ұлтшылдық”
болмайды, ұлтаралық шиеленістердің себептері экономикалық мәселелерге
тіреледі. Мысалы, елді орталыққа және провинцияларға бөліп, шет
аймақтардың экономикасының артта қалуына жол берілсе, әсіресе осы шет
аймақтар ұлттық азшылық сипатында болатын болса бұл ұлтаралық шиеленіс
тудыруы мүмкін.
Ұлттық қатынастарды үндестікпен дамытудың жолдарын талдағандағы
ең басты мәселе - ұлттар ынтымақтастығының негізі, ол қоғамды
демократияландыру болып табылады. Ұтымды ұлттық саясат жүргізудің
барлық басқа да жолдары қоғам өмірін демократияландырумен байланысты.
Себебі, әлемдік тәжірибе бойынша демократиялық принциптер жеке тұлғаның
ұлттық-этникалық жағынан қиянат көрмеуіне кепілдеме береді.
Ынтымақты ұлтаралық қатынастардың жоғарыда айтылған жолдары
айқын бағдарланған ұзақ мерзімді және тұрақты сипат алуы тиіс. Алайда, біздің
өмірімізге ақиқатпен қарағанда, әлемдегі әртүрлі мемлекеттерде ұлтаралық
шиеленістер орын алған фактілер көп кездесіп отыр. Сондықтан бұндай
жағдайларға саяси болжам жасайтын мекемелердің ұсыныстарын сарапқа
салып, ұлтаралық шиеленістерді шешудің төмендегі әдістері ұсынылады:
1. Біріккен
экономикалық
орталықтандырылмаған
инфрақұрылым
ынтымақтастығын құру (келісім).
2. Мәдени инфрақұрылым келісімін құру (консенсус): қостілділік, ұлттық
мәдениет қоғамдары, халық шығармашылығы фестивалдары. Қазақстан
жағдайында – бұл Қазақстан халықтарының форумы, халықтар бірлігі
мен келісімінің Ассамблеясы. (Қазақстан халқы Ассамблеясы),
Қазақстанда
өткізілген
әлемдік
және
дәстүрлі
діндер
мен
конфессияларының жетекшілерінің съездері.
3. Аймақ ашықтығын ұлғайту: ішкі байланыстарды кеңейту, экономикалық,
мәдени және өзге де байланыстарды (туризм, спорт, ғылыми) дамыту,
яғни, “біздер - олар” принципіне өзіндік үлгіде қарсы тұру. Мысалы,
Қазақстанда басқа мемлекеттің қалаларымен ашық көлік қатынасын ашу
т.с.с.
4. Шиеленісті шешуде үшінші жақтың қатысуы. Шиеленіс асқынып,
қарсыластар бірімен-бірі татуласпаған жағдайда “үшінші соттың” қатысу
қажеттілігі туады. БҰҰ, ЮНЕСКО, ел басшыларының аумақтық,
мемлекетаралық шиеленістерді реттеуге қатысуы.
5. Ұлтаралық қатынастарды ізгілендіру. Шиеленісушілер арасындағы
келіссөздерге жұртшылықты, жазушыларды, ғылым мен өнер
қайраткерлерін, әйелдерді, ақсақалдарды, дін қызметшілерін қатыстыру.
Әсіресе, олардың бірлескен майдан құрып, нәсілшілдікке, құқық пен адам
бостандығын бұзушылыққа қарсы күресуі оңды нәтиже береді.
6. Саяси-әкімшілік әдістері. Ол федерализм мен аймақтық автономияны
құруды жақтайды. Мемлекет территориясында заң актілері аз ұлттық
халықты кемсіту тұрғысынан қабылданса, пайда болған шиеленісті
138
аймақтық әкімшілік құрылымына өзгеріс енгізуі арқылы реттеуге
болады. Мысалы, Ресей жағдайындағы автономиялардың жаңа
деңгейлерінің пайда болуы. Татарстан, Башқортстан, Бурят, Якут (Саха),
Қалмақ және басқалары.
7. Төтенше шара қолдану әдісі. Яғни, шиеленіс асқынған жағдайда
қолданылатын шаралар жүйесі: заңсыз әскери құрылымдардың
таратылуы, күштеуге кінәлілер есебінен немесе оған жол берген мемлекет
бюджетінен шығынды өндіру, шұғыл түрде қылмыстық іс қозғау.
Кінәлілерге қарсы ашық және табанды шараларды қолдамайтындар болса
да, осындай қадамға баруға болады, өйтпесе демократияны сылтауратып,
жағдайды ушықтырған элементтерді жазаламау, олардың бетімен
кетушілігі ақырында өкіметті әлсіретеді.
Ұлтаралық шиеленіс дағдарысынан шығудың неғұрлым тиімді және
негізгі әдістері осындай. Тұтастай алғанда бұл күрделі теориялық және
практикалық мәселе. Медицинадағы сияқты, оны емдеуге қарағанда , алдын алу
әлдеқайда нәтижелі. Ол үшін, ең алдымен шиеленістерді зерттеу және болжау
ғылыми орталықтары қажет. Сонымен бірге ұлтаралық қатынастар ахуалы көп
ретте, түгелдей болмаса да, саяси, демократиялық мәдениет деңгейіне
байланысты. Әлемнің әрқилы аймақтарында белгілі бір топтардың мүддесі
үшін қызмет ететін жалдамалы элементтер, лаңкестер, экстремистер ішінара
кездесіп отырады. Саяси мәдениеті мен білімі жоғары адам бұған жол бермесе
керек. Олай болса, қоғамда неғұрлым келісімді іс-қимыл болуы және
шиеленістер қиратушы сипат алмауы үшін қоғамның тұтастай дайындықта
болуы, әрбір азаматтың білімі, мәдениеті және гуманитарлық саяси деңгейінің
жоғары болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |