Саясаттану


ІХ тарау  САЯСАТ – АДАМНЫҢ САНАЛЫ ҚЫЗМЕТІ РЕТІНДЕ



Pdf көрінісі
бет13/21
Дата31.01.2017
өлшемі15,5 Mb.
#3091
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21

ІХ тарау 
САЯСАТ – АДАМНЫҢ САНАЛЫ ҚЫЗМЕТІ РЕТІНДЕ
1. Саясат – адамдар үшін және адамдар арқылы 
жүзеге асырылатын үрдіс
Саясаттың  нәтижелі  болуы  оның  адамдар  үшін  қызмет  етуінде  және 
адамдар  арқылы  іске  асуында.  Бұл  қоғамның  жан-жақты  дамуының  заңды 
шарты.  Әлеуметтік  топтар,  қоғамдық  қозғалыстар,  саяси  партиялар  және  т.б. 
қоғам  өмірінде  қанша  көрнекті  роль  атқарғанымен,  саясаттың  ең  басты 
субъектісі  –  адам.  Қандай  қоғамдық,  саяси  ұйымдар  болмасын  барлығы  да 
адамдардан тұрады, бүкіл саяси үрдістің, қоғамның саяси өмірінің мәні, бағыты 
-  негізінен  адамдардың  мақсатымен,  көзқарастарымен,  олардың  ерікті  іс-
әрекетімен анықталады.  Олай болса,  қоғам, мемлекет - адам үшін  қызмет етуі 
шарт. Себебі адам қоғам өміріндегі, саясаттағы шешуші фактор. 
Саяси  ойлар  тарихында  саясаттың  субъектісі  ретіндегі  адамның  қоғам 
өміріндегі  жасампаздық  ролі  туралы  көптеген  ғылыми  құнды  тұжырымдар 
сақталған.  Мысалы,  “Республика”  атты  еңбегінде  Платон  саяси  бағыттың
әртүрлілігі  адамдардың  табиғи  өзгешеліктерімен  тығыз  байланыста  екендігін 
атап  көрсеткен.  Ал  Аристотель  “Саясат”  деген  шығармасында  адам  өзінің 
табиғи жаратылысына байланысты саясаттан тыс бола алмайтындығына басты 
назар  аударған.  Т.Гоббс  және  Дж.Локк  мемлекеттің  шығуы  туралы  өзара  бір-
біріне  ұқсамайтын теорияларда адам  жөніндегі қарама-қайшы концепцияларға 
сүйене  отырып  зерттеген.  Шын  мәнінде,  адамгершілік,  гуманизм  тұрғысынан 
қарағанда,  адам  қоғам  өмірінің,  саясаттың  ең  негізгі  белді  буыны  екендігі 
даусыз. Әрине, бұл үшін әрбір жеке адам саясат субъектісі деңгейіне көтерілуі 
қажет.  Ал  бұл  процесс,  яғни  адамдардың  саясаттың  субъектісі  болып 
қалыптасуы  күрделі,  мағыналы, үлкен  проблема.  Біз  олардың  кейбіреулеріне 
ғана тоқталамыз. 
Адамның саяси  субъектілігі -  оның  саяси  өмірге  белсене  қатысуымен 
сипатталады.  Саясатты  қалыптастыру,  оны  іске  асыру,  оған  дер  кезінде 
өзгерістер  енгізіп  отыру,  әр  адам  өзінің  саяси  қызметінде  халықтың  өмірлік
қажетіне  байланысты  мақсаттарын  іске  асыруға  көмектесуі  және  айтарлықтай
нәтижеге  жетуі, қоғамға  пайдалы  істерге  қатысу  саяси  субъектілікті 
сипаттайтын негізгі белгілер. 
Саясатқа саналы араласуы үшін адамның оған сай қабілеті болуы қажет. 
Бұл  саяси  субъектіліктің  ішкі  терең, мәнді  сипаттамасы.  Қабілеттілік әрбір
адамның  қолы  оңай  жететін  қасиет  емес.  Бұндай  қасиет  саяси  субъектіліктің 
жоғарыда  келтірілген  екіжақты  көріністерінің  өзара  тығыз  байланыста, 
өзгерісте  болуы  арқылы  қалыптасады.  Адам  саясатқа  қаншалықты  белсене 
қатысса, оның саяси қабілеті соншалықты артады. Адам қабілетінің осылайша 
үнемі артып отыруы оның саяси белсенділігін де күшейтеді, бұл шексіз өтетін 
үрдіс, бұның өзі адамның саясат субъектісі болып қалыптасуының ішкі, сыртқы 
қайшылықтары мол күрделі процесс екендігін көрсетеді. 

114
Демократиялық  жағдайда  жеке  адамдар  саясаттың  ерекше,  құнды
субъектісі 
болып 
табылады. 
Олар 
қоғамдық 
оқиғалардың 
нақты 
қатысушылары, бұқаралық қозғалыстарды ұйымдастырушылар, басқарушылар. 
Сайып  келгенде,  көптеген  факторлар  әрбір  адамның  азаматтық  сипат, 
қасиеттерінің  өсіп  дамуының,  саясаттың  объектісінен  субъектісіне  айналу 
процесінің  сапасын,  мәнін  анықтайды.  Бұдан  туындайтын  қорытынды  –
саясаттың  субъектісі  болу  азаматтық  қасиеттердің  жоғары  деңгейде  дамуы.
Аристотельдің  айтқанындай,  бұндай  қасиеттер  жетік  дамыған,  жоғары 
мәдениетті, терең білімді, адамгершілігі мол адамдарға ғана тән. 
Бұл  қасиеттер  жеке  адам  бойында өзінен-өзі  пайда  болмайды.  Саяси 
субъектіліктің  өзі  адамның  әлеуметтік-саяси  дамуының  күрделі  жолдарынан 
өтуін  білдіреді.  Адамның  адам  болып  қалыптасу  жолы  қайшылықтарға  толы 
бірнеше кезеңдерден тұрады, ал саясатқа адам ұзақ тәжірибесінен өте отырып 
біртіндеп  жақындай  бастайды.  Бала  кезінде  саясат  туралы  ең  алғашқы 
мәліметтерді өз  отбасындағы  ата-анасынан  алады.  Жастарға  жалпы  саясат 
жөніндегі  мәліметтер  ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасу  арқылы  жетеді.  Адамдардың 
азаматтық  қасиеттерінің  жоғары  дамуының  кепілі  жеке  адамның  саяси 
санасының артуы, оның ой-өрісінің кеңеюіне де байланысты.
Мемлекет,  қоғам  тарапынан  адамның  саяси  санасының  қалыптасуы 
саясаттануда  «саяси  социализация»  деп  аталады  (яғни,  саяси  әлеуметтендіру). 
Саяси  әлеуметтендіру  деген  түсінік  ғылымға  1950-шы  жылдарының  соңында 
енгізілді.  1959жылы  бұл  ұғымды  “Саяси  әлеуметтендіру”  деп  аталатын 
еңбегінде  ғылыми  деңгейде  зерттеген  саясаттанушы,  ғалым  Герберт  Хаймен 
болатын. 
Шетел саясаттанушылары саяси әлеуметтендірудің негізгі екі жолын атап 
көрсетеді.  Біріншісі  –  дамудың  табиғи  жолы.  Бұл  жолда  әлеуметтендіруге 
қатысушылар  отбасы,  балалар  үшін  ата-аналарының  саяси  көзқарасы, 
жасөспірімдердің  құрбы-құрдастары,  мектеп  қатысады.  Екіншісі  –  білім  беру 
жолы арқылы; жоғарғы сыныптардағы тарих, құқық негіздері пәндері; жоғары 
оқу орындарындағы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер: саясаттану, әлеуметтану, 
отан тарихы және тағы басқалары. 
Саяси  әлеуметтендіру  екі  жақты  процесс.  Әрбір  адам  әлеуметтендірудің 
тек  объектісі  болып  қала  бермейді.  Ол  өз  бетімен  білім  алуы,  бұқаралық 
ақпарат  құралдарын  және қоғамдық  бірлестіктер  жұмысына  қатысуы  арқылы 
саяси  білімін  жоғарылатады.  Нәтижесінде  азамат  саяси  өмірге  қатысуға 
мүмкіндік алады . 
Сонымен,  саяси  әлеуметтендіру  саяси  екі  жақты  процесс:  қоғам  адамды 
саяси әлеуметтендіреді және  адам қоғамды саяси әлеуметтендіреді.
Саяси  субъектіліктің  деңгейі,  әлеуметтік  өрістеуі  –  адам  санасының 
дамуына  тығыз  байланысты.  Бұл  әрбір  адамнан  өте  қажырлы  еңбегін  талап 
етеді. Осы негізде адамда тәртіптілік, жауапкершілік, принциптілік, жігерлілік 
және т.б. көптеген мәдени-әлеуметтік құндылық қасиеттері қалыптасады. 
Саяси  белсенділікті  арттырудың  көптеген  алғышарттары  бар.  Оларға 
материалдық және  құқықтық факторлар жатады. Біріншіден, халықтың, әрбір 
адамның саяси өмірге араласуына олардың азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз 

115
етілуі,  үй-тұрмыс  жағдайлары  ерекше  әсер  етеді.  Халықтың  тұрмыс  жағдайы 
нашар  елде  саяси  белсенділік  күрт  төмендеп,  мемлекеттік  саясатты  толық 
қабылдамай,  оған  қарсы  пікірлер  білдіру  қалыптасады.  Саяси  белсенділікті 
арттырудың екінші маңызды  шарты ол  саяси,  құқықтық факторлар. Мемлекет 
тарапынан  құқықтық  негіздер  толық  жүзеге  асырылған  жағдайда  ғана  халық 
саяси  өмірге  еркін  қатыса  алады,  демократия  ұстаным  нығая  түсіп,  биліктің 
демократиялық  мәні  жоғарыланады,  саяси  процесс  қарқынды  дамиды, 
нәтижесінде  адамдардың  саясатқа,  саяси  өмірге  оң  (позитивті)  көзқарастары 
қалыптасады. 
Жеке  адамның саясатқа деген көзқарасына психологиялық факторлар да 
әсер  етеді.  Бұл  факторлар  жөнінде  шет  елдердегі  саясаттану  әдебиеттерінде 
әртүрлі  пікірлер  айтылуда.  Мысалы,  американың  белгілі  саясаттанушысы 
Лассвелл  Г.  кейбір  адамдардың  саяси  басқарушы  болуға  ұмтылуларының 
себептеріне талдау жасай келіп, «орнын толықтыру» теориясын ұсынады. Оның 
пікірінше,  өзін  басқалардан  кем  санайтын  кейбір  адамдар  билікке  ұмтылады, 
олардың мақсаты – билік арқылы өз кемістігін толықтыру, жұрт алдында өзінің 
бағасын көтеру. (яғни, компенсация жасау).
Адамның саяси өмірге ең қажетті қасиеттерді бойына сіңіруі- әлеуметтік 
дамудың  негізі  болып  табылады.  Сол  қасиеттердің  болашақты  дұрыс  болжай 
білу,  бүгінгі  іс-қимылдың  болашақтағы  нәтижесін  терең  түсіну.Осындай  өте 
қажетті,  өте  бағалы  қасиеттер  барлық  адамдарда  бірдей  жоғары  деңгейде 
дамымаған. Бұл жағдай әр қоғамның саяси режимімен де байланысты. Мысалы, 
саяси белсенділік көрсеткіші бойынша бұрынғы Кеңес Одағы азаматтары дүние 
жүзінде 42-ші орында болды. 
Адамды  саясаттың  субъектісі  деңгейіне  қалыптастырудың  екі  жолы 
белгілі. 
Біріншісі  –  саяси  тәжірибені  толық  игеру.  Яғни,  саяси-мәдениет 
нормаларын  сақтау мен  оны  нығайтып отыру.  Бұл  отбасы,  мектеп,  бұқаралық 
ақпарат құралы арқылы іске асады. Екінші жол - әрбір адамның саяси білімді, 
тәжірибені  үздіксіз  меңгеріп  отыруы. Қоғамда  бұл  екі  жол  біртұтас  сипатта 
қалыптасып бірін-бірі толықтырады және өзара тығыз байланыста болады. 
Адамның  шын  мәнінде  саясаттың  субъектісі  болуы  ол  адам  мен 
саясаттың біртұтастығын нығайту. Қоғам мүшелері саясаттан тыс болмауының 
негізгі,  берік  кепілі  –  саяси  сананың  қалыптасуы.  Бұл  адамның  саясат 
объектісінен  саясаттың  субъектісі  деңгейіне  көтерілуінің  факторы.  Өйткені, 
азаматтардың  қоғамның  саяси  өміріне  қатысуы  олардың  саяси  санасының 
дамуына нақты әсер етеді. Ал саяси сана дамыған сайын олардың қоғам өміріне 
қатысуы  жандана  түседі.  Яғни,  әр  адамның  саяси  санасының,  саяси 
мәдениетінің дамуы қоғамның саяси мәдениет деңгейімен тікелей байланысты. 
Адамның  саяси  дамуында  қоғамның  саяси  мәдениеті  әлеуметтік  әсерлі 
механизм ролін атқарады. Ол әрбір адамға жалпы нормаларды, үлгілерді, саяси 
құндылықтарды  толық  игеруде  жан-жақты  көмек  береді,  оның  саяси 
көзқарасының ұдайы дамып отыруына демеуші болады. 
Адамның  шын  мәніндегі  саяси  субъектіге  айналуы  қоғамдағы 
демократияның  дамуымен  де  тығыз  байланысты.  Демократияның  принципі  -

116
адамның құқы мен бостандығы табиғи екендігін толық мойындап, өмірдегі ең 
қымбат  құндылық  адам  деп  тану  болса,  оны  мемлекет  қадірлеуге  міндетті, 
сонда ғана адам қоғамның саяси ісіне еркін қатыса алады. 
Ал мемлекеттегі саяси тәртіп демократиялық құндылықтардан бас тартса, 
онда  азаматтар  әлеуметтік  қорғаусыздыққа  душар  болады.  Бұл  саяси  дамуды 
әлсіретіп  саяси  тұрақсыздықты  күшейтеді,  адамдардың  ырықсыздығын 
туғызады,  өзін-өзі  кем  санаушылық  көбейеді.  Ақыры  бұның  бәрі  мемлекет 
ішінде көзбояушылыққа, жалғандыққа, жағымпаздыққа әкеліп соғады. 
Қорыта  айтқанда,  адамның  саяси  қалыптасуының  нәтижелі  болуы  -
қоғамда  демократиялық  мәндегі  ең  қажетті  құқық  пен  бостандықтың  берік 
орнығуы,  үкімет  тарапынан  адамның  өмір  сүру  құқығын  толық  мойындауы. 
Адам  ең  алдымен  әлеуметтік-экономикалық,  саяси  және  бас  бостандығы 
құқықтарына ие болмай, ол ешқашан еркін дами алмайды. 
Сонымен,  адамның  саясат  субъектісі  болу  жолы  өте  күрделі.  Бұл 
процестің  шешуші  факторлары  –  демократияның  дамуы,  құқықтық  мемлекет 
пен азаматтық қоғамның қалыптасуы. Демократия дамымаған елде өз құқынан 
айырылған халық  зорлық-зомбылықтан  бас  көтере алмай, саяси  өмірдің  құлы, 
әлеуметтік  әлсіз,  мүсәпірлік  деңгейде  қалып  қояды.  Бұндай  адамдарды 
шенеуніктер,  басқарушы  ұйымдар,  саяси  қылмыскерлер  оңай  алдап,  өз 
айтқандарына оңай сендіре алады. 
Мемлекетте  саясат  субъектісі  болу  шарты  –  саяси  процестерді  жедел 
өрістету.  Оның  айқын  жолы  –азаматтардың  түгелдей  саяси  өмірге  араласуы, 
яғни, адамның саясат объектісінен оның субъектісі деңгейіне көтерілуі.
2. Саяси  субъект  - әлеуметтік топтар 
Әлеуметтік  топтарға  адамдардың  маңызды  мүдделерінің  ортақтығы 
бойынша біріккен ұйымдар жатады. Олар: ұлттар, отбасы, еңбек ұжымы, саяси 
ұйымдар, аумақтық қауымдар және тағы басқалары. 
Жеке  адамдар  саяси  қатынастардың  субъектісі  ретінде  қауымдарға, 
партияларға,  еңбек ұжымдарына бірігіп,  әлеуметтік  құрылымдарды  жақтайды, 
әртүрлі  әлеуметтік-саяси  қозғалыстарға  қатысады,  осының  нәтижесінде 
жалпыадамзаттық даму дәрежесіне көтеріледі. 
Қоғамның саяси өмірі, процестеріндегі өзгерістер, әлеуметтік топтардың 
мүдделерінің  өзара  байланыстары  күрделі  жағдайда  қалыптасады.  Сондықтан 
әлеуметтік топтардың іс-әрекеттерінен тысқары саяси өмірдің болуы да мүмкін 
емес. 
Қоғамның әлеуметтік құрылымына талдау жасау арқылы саяси ғылымға 
елеулі үлес қосқан ұлты орыс, кейін америка азаматы, көрнекті әлеуметтанушы 
Питирим Сорокин (1889-1968 жж.) болды. Ол қоғамдағы әлеуметтік топтардың 
құрамын  анықтау  үшін  әлеуметтік  стратификация  (әлеуметтік  жіктелу)  деген 
термин  енгізді.  (Лат.  stratum  – қабат,  facere  -  жасау).  П.Сорокиннің 
тұжырымдамасы бойынша, қоғамның топтарға жіктелуі әр жақты және тұрақты 
құбылыс.  Қоғамның  дамуы  тек  ғана  саяси  мекемелер  (институттар), 
элиталармен  ғана  байланысты  емес,  қоғамның  дамуында,  демократиялық 

117
жағдайда,  әлеуметтік  топтар  маңызды  роль  атқарады.  Сондықтан  қоғамның 
саяси жүйесінің сапасы әлеуметтік топтардың дамуымен байланысты болады. 
Әлеуметтік  жіктелу  проблемасын  ғылыми  зерттеу  жұмысына  өзінің 
үлесін  қосқан  белгілі  ғалым  М.Вебер  болатын.  Ол  әлеуметтік  топтардың 
көрсеткіштерін  талдай  келіп,  топқа  жіктелуді  анықтайтын  байлықпен  қатар 
адамның қоғамдағы әлеуметтік жағдайының, яғни мансаптың ролін айқындады. 
Оның  пайымдауынша,  адамдардың  әлеуметтік  тапқа  бөлінуі,  К.Маркс 
айтқандай,  олардың  өндіріс  құрал-жабдықтарына,  меншікке  қатысымен 
шектелмейді. Ол сонымен бірге адамдардың әртүрлі болып келетін әлеуметтік 
орынын, мансап дәрежесін, табысын, кәсіптік, мамандық жағдайын да ескереді. 
М.Вебердің  пікірі  бойынша,  адамдардың  қоғамдағы  әлеуметтік  орны 
олардың табысқа жетуінің объективтік көрсеткіші бола алады. Жоғары табысқа 
жету мүмкіндігі тек меншікпен анықталмайды; меншікке қатысы жоқ адвокат, 
дәрігер,  инженер  сияқты  мамандар  меншікпен  тікелей  байланысты 
кәсіпкерлерден табысты әлдеқайда көп табуы мүмкін.
Адамның  қоғамдағы  әртүрлі  орында  болуы  экономикалық  игіліктердің 
жетімсіздігінің  нәтижесі  емес,  М.Вебер құрмет  пен  дәреженің  өзі  де  жетімсіз, 
жеткіліксіз деп санайды. Мысалы, қажетті тауар пайдалану саны өскен сайын, 
адамның  жеке  басының  тұмыстық  жағдайы  жақсарады,  ал  мансап,  мәртебе 
өзгермеуі де мүмкін. 
М.Вебердің  теориялық  қорытындысы  бойынша  мансап  иелерінің 
әлеуметтік  топтарға  жіктелуін  үш  түрге  бөлуге  болады:  1)  Экономика  –
технологиялық  негізде  жіктеу  және  олардың  индустриалдық  кәсіптік  және 
коммерциялық 
ұйымдарының 
бейнеленуі; 
2) 
Адамдар 
арасындағы 
қатынастарға  ықпал  ететін  және  олардың  саяси  әлеуметтендіру  мен  саясатқа 
араласу  процесіндегі  ерекше  роль  атқаратын  жағдайының  айырмашылықтары 
бойынша  жіктеу;  3)  Жеке  адамдардың  және  әртүрлі  саяси,  оның  ішінде 
партиялық,  қоғамдық  топтардың өзара  іс-қимылдарының  тәсілдеріне  әсер 
ететін айырмашылықтар бойынша жіктеу. 
П.Сорокин  мен  М.Вебердің  тұжырымдамалары  бойынша  қандай  да 
болмасын  қоғамның  жетекші  (үстем)  және  тәуелді  таптарға  бөлінуі  заңды 
құбылыс.  Қоғамның  осылай  таптық  тұрғыдан  жіктелуі  құқық  пен  мансаптың, 
билік  пен  ықпалдықтың  әртүрлі  болып  таратылуына,  бөлінуіне  байланысты. 
Стратификация  (немесе  страттар)  сан  алуан  әлеуметтік  топтарды  қамтиды. 
П.Сорокин олардың кейбір ортақ белгілерін негізге алып үш түрге бөледі: 
1) Экономикалық страттар: экономикалық теңсіздік, адамдардың ауқатты және 
жоқшылық шегетіндер, байлар мен кедейлер белгілерімен; 
2)  Саяси  страттар:  адамдардың  басқарушылар  және  бағыныштыларға  бөліну 
белгілерімен; 
3)  Кәсіби  страттар:  қызметтердің  мәртебелі  және  мәртебелі  емес  түрлеріне 
бөліну белгілерімен.
Ал  тағы  бір  саясаттанушы,  америкалық  ғалым  Б.Барбер  страттардың  6 
ортақ  белгілерін  келтіреді:  қызмет  мәртебелілігі,  билік  күші,  табысы  мен 
байлығы,  білімі  мен  білігі,  діни  құрамда  болуы,  туыстық  және  этникалық. 
Әлеуметтендіру проблемасындағы негізгі мәселе – біріншіден, қоғамдағы 

118
әлеуметтік  топтардың  саясатқа  қатысуы  (яғни,  олардың  саясаттың  субъектісі 
болуы), екіншіден, әлеуметтік топтардың өзара қарым-қатынасы. 
Әлеуметтік  топтардың  саясатпен  ара-қатынасын  білу  үшін  ғалымдар 
әлеуметтік  қозғалыс  (мобильность)  деген  ұғымды  енгізді.  Бұл  әлеуметтік 
топтардың  ауыспалылығы  әрбір  қоғамның  ажыратылмайтын  белгісі.  Бірақ 
бұндай  қозғалыстар  әр  қоғамда,  тіпті  бір  қоғамның  әр  кезеңінде  бірдей 
болмайды. 
Осы  қозғалыстар  жөніндегі  саяси  ғылымдағы  негізгі  мәселе  - әртүрлі 
әлеуметтік  топтардың  саясатқа,  әсіресе  саяси  билікке  қатысу  мүмкіндігі, 
олардың  әрқайсысының  қоғамның  билік,  байлық,  мәртебелік  салаларындағы 
өкілдік жағдайы. 
Дәстүрлі  (демократиялық  емес)  қоғамдардағы  әлеуметтік  топтардың 
құрамын  және  олардың  игіліктерін  реттеуші  мемлекеттік  билік  болды. 
Тоталитарлық, авторитарлық мемлекеттерде әлеуметтік топтардың бостандығы 
шектеліп,  олар  өз  құқықтарынан  айырылып,  қоғамның  саяси  жүйесіне  қатыса 
алмайды.  Мысалы,  ХХ  ғасырда  тоталитарлық  мемлекеттерде,  әсіресе  Кеңес 
Одағында, елдің әлеуметтік құрамы билік тарапынан қолдан жасанды құрылды. 
Кеңес  үкіметі  орнатылғаннан  кейін  ауқатты  әлеуметтік  топтар  (дворяндар, 
ақсүйектер,  капиталистер,  помещиктер,  байлар,  зиялылар)  күшпен  жойылды. 
Жұмысшылар  мен  шаруалар  табы  жасанды  түрде  саяси  биліктің  негізі  деп 
жарияланды.  Ірі  кәсіпорындардың,  қару-жарақ  шығаратын  зауыттардың 
жұмысшыларына,  мемлекеттік  чиновниктердің  кейбір  топтарына  еңбек  ақы 
жоғары  мөлшерде  бекітілді,  оларға  басқа  да  біраз  жеңілдіктер  қарастырылды. 
Жалпы  әрбір  еңбекке  қатысушы  адамның  еңбек  ақысы  мемлекет  тарапынан 
бекітілді.  Қоғамдық  меншіктің  иесі  еңбек  адамдары  емес,  негізінде  мемлекет 
болды.  Мемлекеттік  биліктің  құрамы  белгіленген  номенклатурамен 
(адамдардың  тұрақты  тізімімен)  шектелді.  Сонымен,  мемлекетті  басқаратын 
әлеуметтік  топтардың  өкілдері  емес,  тіпті  ресми  түрде  жарияланған 
жұмысшылар  мен  шаруалар  да  емес,  басқарушы  коммунистік  партия  ұйымы 
штатындағы  лауазымды  адамдар  болды. Яғни,  бұл  каста,  ерекше  бюрократия, 
өз  қолына  бүкіл  билікті  жинаған,  қоғамды  халық  атынан    басқарып,  өз 
мүддесіне  пайдаланып,  халықтан  оқшауланған  басқару  аппаратының  бөлігі 
болатын. 
Қорыта  айтқанда,  монархиялық,  тоталитарлық  режим  жағдайында  билік 
әлеуметтік топтарға үстемдік жүргізуші болып табылады. Сондықтан қандай да 
болмасын  әлеуметтік  топтың  байлығы  да,  мәртебесі  де  биліктің  нұсқауымен 
қалыптасты.
 Демократиялық  жағдайда  страттардың,  әлеуметтік  топтардың  саяси  өмірі 
мүлде  басқаша  дамиды.  Стратификациялық  жүйенің  саясатқа  қатысуы  мен 
қоғамды  дамыту  үлесін  көрсету  үшін  П.Сорокин  страттар  арасындағы 
қозғалысты  зерттеп,  оның  негізгі  екі  түрін  атайды.  Біріншісі,  көлденең 
(мысалы, жұмысшылардың бір зауыттан екінші зауытқа ауысуы), екіншісі, тік 
қозғалыс (қызметкердің бір әлеуметтік топтан екінші әлеуметтік топқа ауысуы, 
яғни бір страттан екінші стратқа өтуі). 

119
Демократиялық  емес  қоғамдағы  жетіспейтіні  - әлеуметтік  топтардың 
тіктей  қозғалысы, әсіресе бір  страттан басқа  стратқа жоғары көтерілуі. Себебі 
тікелей  қозғалыстың  жолына  «сүзгі»  ретінде  кедергі  қойылып  бақылау 
орнатылады.  Осының  зардабынан  мемлекеттің  құрамы  жаңа  интеллектуалдық 
күштермен жаңартылмай тоқырауға ұшырайды.                        
Демократиялық  қоғамда  әлеуметтік  топтар    құрамы  мемлекеттен  дербес 
тұрғыда  қалыптасады.  Байлық  пен  мәртебелікті  бөлу  биліктің  қолында 
болмайды.  Әр  салада  бәсекелестікке  берілген  толық  бостандық  арқылы  әрбір 
адамның байлықты иеленуіне толық мүмкіндігі бар. Байлық, мәртебелік, билік 
әртүрлі  әлеуметтік  топтардың  иелігіне  айналып  бөліске  түседі,  яғни  бұл 
салаларда монополияға жол берілмейді. Мысалы, байлық кәсіпкерлердің, билік 
– кәсіби саясаткерлердің, мәртебелік – ғылым мен творчестволық еңбек етуші 
топтардың қолында болуға толық жағдай туады. 
Бұндай  әлеуметтік  топтар  ұйымдасқан  жүйеге  айналып  өз  мүдделерін 
қорғау  мақсатымен  шешім  қабылдайтын  топтардың,  яғни  биліктің  құрамына 
енеді. Әрбір топ әлеуметтік өкілдікке жетіп мемлекетте азаматтық қоғам тәртібі 
қалыптасады. 
Әлеуметтік  өкілдік  жүйе  негізгі  екі  топқа  бөлінеді.  Біріншісі,  саяси 
партиялар.  Екіншісі,  мүдделестік  топтар,  бұған  азаматтардың ортақ  мүдделері 
бойынша  қалыптасқан  еркін  ұйымдары;  бұлардың  құрамына  кәсіби, 
шығармашылық одақтар, әртүрлі қорлар, клубтар кіреді. 
Мүдделес топтар өздеріне қажетті әлеуметтік мәселелерді шешіп отыруы 
үшін мемлекеттік билікке және жұртшылыққа әсер етуі үшін әртүрлі тәсілдерді 
қолданады.  Әсерлік  тәсілдердің  негізгілері:  артикуляция  (мүдделер  туралы 
ойды  тұжырымдау);  агрегация  (азаматтардың  мүдделерін  бір  жүйеге  келтіріп 
маңыздылығы  бойынша  кезеңдерін  белгілеу);  интеграция  (қауымдастыру, 
әлеуметтік  топтардың  мүдделерін  қарапайым  азаматтардың  мүдделеріне 
сәйкестендіріп,  бейімдеу);  ақпараттау  (жариялық,  шешім  шығарушы 
органдардың алдына нақтылы мүдделерді шешу жөнінде мәселе қою).
Қоғамдағы  әртүрлі  әлеуметтік  топтардың  саяси  көзқарастары  әртүрлі 
болып  келеді.  Билікке,  байлыққа,  мәртебелікке  ие  болып  отырған  ауқатты 
топтар  билік  орындарын,  саяси  құрылысты  қолдап  отырады.  Олардың  билік 
орындарына,  жұртшылыққа  әсері  қоғамда  шешуші  роль  атқарады.  Бірақ 
ауқатты топтардың мөлшері нарықтық - демократиялық қоғамда көп жағдайда 
10  проценттен  аспайды,  сол  себептен  олар  сайлау,  референдум  арқылы 
мемлекеттің  саяси  өміріне  өздерінің  мүдделеріне  сай  ықпалдық  көрсете 
алмайды. 
Төменгі  тапқа  кедейлер  жатады,  бұлар  еңбек  ақылары  аз,  жеке 
меншіктері,  басқа  табыс  көзі  жоқ,  көп  жағдайда  жұмысынан  айырылған 
әлеуметтік топ.  Төменгі таптың адамдары қоғамда өзгерістер енгізуге, байлық 
пен билікті қайта бөлуге мүдделі, сондықтан төменгі таптың мөлшері қоғамда 
өте көп болса мемлекеттің тұрақтылығы әлсірейді.
Осы  тұста  стратификация  ережелерін  қолдану  өте  маңызды.  Тікелей 
ықпал арқылы төменгі таптың орта тапқа ауысуы мемлекеттің басты саясатына 
айналуы  қажет.  Қоғамның  әлеуметтік  құрамындағы  орта  таптың  алатын  орны 

120
орасан  зор.  Бұл  таптың  өкілдері  жоғары  маманды  жұмысшылар,  мәртебелі 
лауазымды,  табыстары  қоғам  бойынша  орта  деңгейден  төмен  емес,  білімдері 
жоғары және арнаулы орта дәрежедегі білімі бар адамдар. Бұлар орта және кіші 
кәсіпкерлер,  мемлекеттік  қызметкерлер,  менеджер,  оқытушы,  дәрігер, 
фермерлер.  Олар  өздерінің  осындай  тұрмыстық  жағдайына  байланысты 
қоғамның тұрақтылығын қалайды. Сайлау, референдумдерде орта тап шешуші 
роль  атқарады,  себебі  дамыған  елдердегі  халықтың  үштен-екі мөлшері  орта 
таптан тұрады. 
Әлеуметтік  топтар  арасындағы  тік  қозғалы  принципін  заңды    түрде 
жүзеге асыру өте маңызды екі мәселені шешеді: қоғамдағы кедейшілікті азайту 
және орта таптың құрамын көбейту арқылы қоғамның тұрақтылығын нығайту. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет