3. Демократиялық саяси мәдениеттің қалыптасу мәселелері
Дүниежүзілік қауымдастықтың саяси мәдениет саласында ғасырлар бойы
қалыптасқан мол тәжірибе жинақталды. Олар: демократия, саяси билікті
қалыптастыру жолдары, қоғам мен мемлекетті басқару түрлері мен тәсілдері,
көппартиялық, заңды оппозиция, баламалы сайлаулар және тәуелсіз бұқаралық
ақпарат құралдарының қызметі. Осы тәжірибедегі ең маңыздысы - экономика
саласындағы бүкіл адамзат мойындаған нарықтық қарым-қатынастар. Ал
әлемдік саяси тәжірибенің нәтижесі- демократиялық саяси мәдениет болып
саналады.
Бірақ көптеген елдерде орнаған саяси режим мен идеологияға
байланысты осы демократиялық саяси мәдениетті өз қоғамдарының қажетіне
пайдалануға қолдары жеткен жоқ. Осы күнге дейін дүниежүзілік саяси
мәдениетте қалыптасқан озық тәжірибені қолдамайтын тоталитарлық,
авторитарлық режимдер, діни- дәстүрлі мемлекеттер әлі де аз емес. Ал бұрынғы
93
Кеңес Одағын және басқа да социалистік елдер де қатал саяси идеологиясының
қалыптасуына байланысты демократиядан, нарықтық экономикалық қарым-
қатынастан тыс қалған болатын.
Сондықтан қазіргі кезеңдегі саяси мәдениет саласындағы негізгі мақсат -
демократиялық саяси мәдениет құндылықтарын игеру. Ал демократиялық саяси
мәдениет төмендегі негізгі шарттар орындалғанда ғана тұрақты қалыптасады :
1. Экономикалық және әлеуметтік өмірдегі пікірталастықтың болуы. Саяси
пікірталастықты қалыптастыратын нарықтық экономикалық қатынастарды
дамыту, меншіктің әртүрлі болуы, экономикалық іс-қимылдың,
шаруашылық жүргізу мен дербес субъектілерінің әртүрлі үлгілерінің
жүзеге асуы.
2. Елдің саяси дамудағы мақсаты - азаматтық қоғам орнатуға бағытталуы.
Демократиялық саяси институттарды қалыптастыру, азаматтық қоғамның
ықпалынан туындайтын мемлекет өкілеттілігінің көлемін айқындау.
Мемлекеттік биліктің барлық органдары халықтық, заңды сайлаулар
арқылы қалыптасуы.
3. Қоғам дамуының басты құндылықтарын, идеялары мен мақсаттарын
айқындайтын, негізгі әлеуметтік топтар мен жіктердің мүдделерін
қолдайтын партиялардың арасындағы саяси әдептіліктің болуы.
4. Адам бостандығы, қоғамдық өмірдің барлық саласында азамат құқығының
сақталуы.
Демократиялық саяси мәдениеттің таңдаулы салалары ретінде қоғамдық
өмірдің демократиялық принциптері мен нормалары, жеке адам бостандығы
мен тұлғаның өзін-өзі бағалай білуі саналады. Мәдениеттің бұл үлгісі
азаматтардың өздігінен саяси ой білдірудің (идеологиялық пікірталас) ғана
емес, саяси ұстаным таңдауда (саяси пікірталас) дербестік, өзгеше ойлауға
төзімділік құқықтарын мойындауды қамтиды. Әртүрлі әлеуметтік топтардың
мүдделерін ескеру мен жүзеге асыруға бағытталған, әрбір жеке адам құқықтары
мен бостандықтарын қорғауға және нығайтуға бейімделген демократия
механизмдері саяси-пікірталас негізі болып табылады.
Демократиялық саяси мәдениеттің тағы бір көрінісі – адамдарды саяси
біріктіру, яғни демократиялық процестерге қоғамның жаңа топтарын қосу,
әрбір адамның саяси дамуына кең мүмкіндіктер беру. Бұдан демократиялық
саяси мәдениеттің ізгілікті бағыты көрінеді. Бостандық пен белсенділік
құндылықтары “адами бейнеге” айналады, мемлекеттік саясатқа сенімділіктің
өсуіне ықпал етеді, демократияландыру салаларын ұлғайту үшін қолайлы
әлеуметтік-психологиялық жағдай туады. Қоғамда демократиялық мақсаттарға
қажет демократиялық құралдар, механизмдер мен ықпалдасулар арқылы
жететін саяси түсінік қалыптасады. Бұл түсінік әлеуметтік қысымшылықты,
қайшылықты, әртүрлі арандатушылықты азайтуға мүмкіндік береді. Қоғамдағы
әлеуметтік топтар мен жіктердің саяси ынтымақтастығының тәртібі
қалыптасады.
Түптеп келгенде, демократиялық саяси мәдениет – тек ұлттық, діни және
басқа да дәстүрлерді сақтау ғана емес, қоғамдық өмір үлгілерінің
көпқырлылығын жаңартуға бейімдейтін мәдениет саласы.
94
Қазіргі кезеңде дүниежүзілік қауымдастық арасында жан-жақты және
тығыз байланыстың болуы жағдайында әрбір мемлекеттің сәтті даму шарты -
демократиялық саяси мәдениетке ұмтылыс жасап, қоғамның, әрбір азаматтың
саяси мәдениетін жоғарылату.
Қорыта айтқанда, саяси ғылымдар тұжырымдары бойынша, қоғамның
прогреске бағыт алуы – нәтижелі саяси мәдениеттің деңгейімен байланысты
болады.
Бақылау сұрақтары
1. Саяси мәдениет туралы ұғым, оның мәні мен қызметтері.
2. Саяси мәдениетті қалыптастыратын қоғамдық күштер.
3. Саяси мәдениеттің жіктелуі.
4. Саяси мәдениеттің рухани мәдениеттен және ұлттық мәдениеттерден
айырмашылығы.
5. Субмәдениет туралы түсінік.
6. Саяси мәдениет туралы ұғымды ғылымға енгізген ғалымдар?
7. Саяси мәдениеттің типтері.
8. Саяси әлеуметтенудің мақсаты неде?
9. Әр елдің адамы бір саяси оқиғаға әртүрлі көзқарасты білдіреді.
Бұл неліктен?
10.Саяси мәдениеттің қандай екі деңгейін білесіз?
95
YІІ тарау
САЯСИ ЖҮЙЕ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ.
1. Саяси жүйе теориясының қалыптасуы
Саяси ғылымда “саясат”, “саяси өмір”, “саяси құрылыс” деген
ұғымдармен қатар “қоғамның саяси жүйесі” деген түсінік те кең орын алды.
Бұл саланың бүкіл әлемде жан-жақты және терең зерттелуінің нәтижесінде ол
теориялық деңгейге жетті. “Қоғамның саяси жүйесі” теориясының пайда
болғанына да көп уақыт болған жоқ. Оны ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында
АҚШ және Канада ғалымдары Габриель Алмонд және Дэвид Истон саясаттану
ғылымына енгізді.
Г.Алмонд жөнінде жоғарыда мәлімет келтірілген болса, ал Дэвид Истон
-
Канада ғалымы, 1917 жылы туылған. Калифорния университетіндегі саяси
ғылым профессоры, 1968-1969жылдары саяси ғылымның Американдық
ассоциациясының президенті болған. Саяси саланы зерттеуде бірінші болып
жүйелік тәсіл енгізді. Қоғамның саяси жүйесі мәселелеріне арналған “Саяси
жүйе”, “Саяси жүйелерді зерттеу әдістері”, “Саяси өмірді зерттеу жолдары”
деген еңбектер жазған.
Габриель Алмонд пен Давид Истонның қағидалары бойынша, қоғамның
саяси жүйелері төмендегідей негізгі элементтерден тұрады:
1. Саяси билік (мемлекет және оның барлық құрылымдары)
2. Заңдар, жарғылар, дәстүрлер, әдет-ғұрыптар (құқықтық, моралдық тәртіп пен
принциптер, өнеге-салт)
3. Азаматтардың өзіндік бірлестіктері (саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен
қозғалыстар)
4. Қоғамның саяси мәдениеті (саяси білім, құқықтық мәдениет, саяси
идеология, саяси сана, азаматтардың саяси іс-қимылдары)
Бұл аталғандар саяси жүйенің негізгі элементтері, саяси жүйенің өзі
емес; саяси жүйе құрайтын осы элементтердің ара-қатынасы.
Жоғарыда аталған ғалымдардың тұжырымдамалары бойынша, әрбір
қоғамда адамдардың, ұйымдардың өзара қарым-қатынасы бірінен бірі
туындайтын мынадай буындардан тұрады:
- ұсынушылар (ұсыныстар, өтініштер);
- шешімдер (қолдау, қолдамау, заңдар);
- қорытындысы (іс-қимылдар, іске асырылуы).
Г.Алмонд пен Д.Истон осындай жүйені, буындарды (звенья) қоғамның
жалпы өмірі бойынша емес, тек саяси тұрғыдан ғана зерттейді. Ал саяси салада
мұндай жүйе қалай өзгерсе де саяси билікті қалыптастыруға, оны дамытуға
және пайдалануға жеткізеді, себебі саясаттың негізгі мәселесі – билік, ал
мазмұны – билік үшін күрес және билік жүргізу.
Жоғарыда келтірілген жүйені саяси тұрғыдан талдау үшін әрбір буын
ретіндегі саяси институттарды қарастырамыз. Мысалы, ұсынушылар ретінде –
96
саяси партиялар, шешімдер ретінде – сайлаушылар, ал қорытындысы ретінде –
парламент қалыптасады.
Саяси өмірдегі бұл жүйенің іс-қимылы:
- саяси партиялар өз бағдарламаларын ұсынады, ол бағдарламаларды қолдап,
немесе қолдамай шешім шығаратын сайлаушылар;
- сайлаушылардың қолдауымен ұсынылған үміткерлер депутаттар құрамына
жолдау алып парламент (Мәжіліс) құрылады. Бұл жүйелік іс-қимылдың
қорытындысы.
Енді әрі қарай осы жүйені бастаушы болып, яғни ұсынушылардың
орнына парламент шығады. Яғни, бұл жүйе өрістеуші шеңбер сияқты
сипатында жүреді (спираль). Парламенттен кейінгі шешімдер орнына шығатын
- заңдар, одан кейінгі буын – қорытынды, яғни заңдарды орындаушылар. Міне,
бұл жүйе шеңбер тәрізді айналым жағдайында үздіксіз жалғаса береді.
Қоғамның саяси өміріндегі осындай айналым жоғарыда аталған
элементтердің ара қатынасы қалыптасқан ба, жүйелі ме, немесе – ретсіздік,
стихиялық жағдайда ма? Міне, қоғамның саяси өмірінің сапалылығы осылар
арқылы сипатталады.
Қоғамның саяси жүйесі қаншалықты қалыптастырылған, тұрақты болса,
қоғамдағы саяси жағдай соншалықты нәтижелі болады. Демократиялық
елдерде қоғамның саяси жүйесі мемлекеттік билікті қалыптастырады,
әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар арасындағы өзара қатынастарды реттейді,
қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз етеді. Тұрақтылық жағдайдағы
саяси жүйеде тәжірибе жинақталады. Осы көрсетілген мағынасы бойынша
қоғамның саяси жүйесі төмендегі қызметтер атқарады:
1. Қоғамдағы саяси билікті қалыптастыратын жүйені дамыту.
2. Қоғамдағы саяси қатынастарды реттеу, әлеуметтік топтардың мақсат-
мүдделерін іске асыру үшін саяси жобалар дайындау.
3. Қоғамды, оның мүшелерін ішкі және сыртқы тұрақтылыққа қарсы зиянды іс-
әрекеттерден қорғау.
4. Мемлекеттің саяси құрылысын қалыптастыру.
Саяси өмірде қоғамның саяси жүйесін саяси құрылыс деп те түсінушілік
бар. Бірақ саяси жүйе ол саяси құрылыс емес, себебі саяси құрылыс ол ресми
бекітілген мемлекетті басқару түрі. Мысалы, республика, конституциялық
монархия т.с.с., ал саяси жүйе саяси құрылысты қалыптастыратын әдістер.
Саяси құрылыс – ол мақсат, ал саяси жүйе – сол мақсатты іске асыру
жолдары.
Саяси жүйенің қызметтеріндегі, әрбір өзгерістердегі негізгі роль
атқарушы -саяси мәдениет (саяси жүйенің 4-ші элементі). Себебі басқарудың,
ұйымдастырудың сапасы осы жүйенің әрбір буынындағы адамдардың саяси
мәдениетіне байланысты. Мысалы, парламентке депутат болуға кандидаттарды
ұсынатын саяси партиялар, әртүрлі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар. Ал
ұсынушылардың саяси мәдениетінің деңгейі қандай, ұсынған адамдары депутат
болуға лайық па, жоқ па?
97
Кандидаттарды билікке сайлайтын сайлаушылар, ал бұлардың саяси
мәдениетінің деңгейі қандай, парламенттің құрамына таңдаулы, қабілетті
азаматтарды келтіре ме, немесе сайлау немқұрайлы өте ме?
Мемлекеттік билік қалай қалыптасты? Бұл қалыптастырылған биліктің
сапасы қандай, қолдағы билікті нәтижелі атқаруға саяси мәдениет деңгейі
сәйкес пе? Қалыптасқан билік қоғамның саяси жүйесін дамыта ала ма?
Міне, осындай көптеген сұрақтардың жауабы саяси жүйенің мәнін, саяси
өмірдегі орнын және саяси жүйенің мазмұнын анықтайды.
Қоғамның саяси жүйесі элементтері үздіксіз дамып отырады және олар
бір-бірімен тығыз байланыста болады. Саяси жүйе қоғамдық өмірдің барлық
салаларының дамуына бағыт беріп, оларға ықпал етеді, қоғам алдындағы
мақсаттарды айқындайды.
Қоғамның саяси жүйесіндегі мұндай айналымның көрінісі тек ғана қоғам,
мемлекет, парламент көлемінде емес, бұл айналым әрбір мекеме, ұжымның
дағдылы өміріне тән, себебі әрбір ұжымның күнделікті өмірі де ұсыныстардан,
шешімдерден және олардың іске асырылуынан, яғни, өтініштер мен қолдау-
қолдамаудан тұрады.
Саяси айналымға жоғарыда келтірілген қоғам жүйесінің барлық
элементтері қатысады. Ал саяси мәдениет бұл буындардың өзара байланысына
ықпал етіп, сапасы мен даму деңгейін айқындап отырады. Сол себепті бір
қоғамның саяси жүйесі екінші қоғамның саяси жүйесіне ұқсас болмайды, әр
қоғамның саяси жүйесі өз даму деңгейіне сәйкес қалыптасады.
Сонымен, саяси жүйе дегеніміз - билік пен басқару құрамын
қалыптастыру арқылы өз мүдделерін іске асыру қызметін атқаратын қоғамның
саяси субъектілері арасындағы біртұтас, тұрақты қарым-қатынастар жиынтығы.
2. Қазіргі шетелдік саясаттанудағы саяси жүйе
теориясының өзекті мәселелері
Қоғамның саяси жүйесі туралы теорияның тағы бір маңызды мәселесі –
саяси жүйелердің жіктелуі. Дүние жүзінде саяси жүйелер әртүрлі болып
кездеседі, жоғарыда айтылғандай, әрбір қоғамның саяси жүйесі өзіне ғана тән.
Сол себептен саяси жүйелердің белгілерін топтастырып, жіктеп қарау оңай
емес. Дегенмен, олардың өзара айырмашылықтарына қарамастан саяси
ғылымда қоғамның саяси жүйелерін жіктеу әдістері қалыптаса бастады.
Саясаттану саласындағы ғалымдардың көпшілігі саяси жүйені жіктеуді
мемлекеттік билікті қалыптастыруға қатысушылардың санымен анықтайды.
Билікті қалыптастыруға халықтың 50 процентінен көбі қатысса, онда
саяси жүйе демократиялық құндылықтарға негізделген, егер 50 проценттен азы
билікті қалыптастырар болса, онда саяси жүйе демократиялық құндылықтарға
негізделмеген болып саналады.
Сонымен, сайып келгенде, қоғамның саяси жүйелері негізінен екі топқа
бөлінеді: демократиялық құндылықтарға негізделген және демократиялық
құндылықтарға негізделмеген болып.
98
Ал, Г.Алмонд саяси жүйелерді бұдан басқа да бірнеше түрлерге бөледі.
Түрлерге жіктеуде ол саяси жүйенің әрбір элементінің дербестігін, тәуелсіздігін
негізге алады. Ал саяси жүйенің әрбір элементінің тәуелсіздігі осы жүйедегі
әрбір элементтің саяси мәдениетіне байланысты. Осы тұрғыда Г.Алмонд
қоғамның саяси жүйесін төрт түрге бөледі, олар: ағылшын – американдық,
континенталды – европалық, жетілмеген индустриалдық және тоталитарлық.
Ағылшын-американдық саяси жүйе түріне АҚШ, Ұлыбритания, Канада,
Австралия, Бельгия, Дания, Норвегия, Швейцарияны жатқызады.
Саяси жүйенің бұл түрі өзінің бірыңғайлығымен, біртектілігімен
(гомогендігімен) ерекшеленеді. Яғни, бұл саяси жүйенің әрбір элементтері
белгіленген мақсатқа жетуі үшін, оны іске асыратын тәсілдерге жалпы
қолдаушылық көрсетеді. Олардың мақсаттары тұрақты болып келеді.
Саяси жүйенің бұл түрінде халықтың көпшілігі азаматтардың бас
бостандығы мен ауқатты тұрмысын, қауіпсіздікті басты мақсат етеді. Және осы
мақсатқа сай мемлекеттік билік қалыптастыруыды қалайды.
Бұл саяси жүйенің әрбір элементінің орны (ролі) мұқиятты түрде
дербестелінген (яғни, бірі - бірінен тәуелсіз). Әрбір элемент өзінің мақсаттары
мен міндеттерін нақтылы анықтап бұлжытпай орындауы тиіс. Ал элементтердің
ара-қатынасы тәртіппен реттелген және айқын ережемен қамтамасыз етілген.
Мысалы, саяси жүйенің бір элементі басқа бір бағытқа ауысып бара жатса
да, басқа элементтері өзгермейді. Сол себептен бұл саяси жүйе өзінің негізгі
бағытынан ешбір ауытқымайды. Яғни, олардың өзара іс-қимылы саяси биліктің
үш тармағының ара-қатынасы сияқты тежемелік әрі тепе-теңдік жүйе
сақталады.
Осыған орай АҚШ-тың саяси саласында белгілі бір жаңалықты енгізу
немесе көнерген бір ережені бұзу қиын.
Сонымен, ағылшын-американдық саяси жүйе жоғары дәрежедегі
тұрақтылығымен, биліктің бөлінуімен және оның ықпалдылығымен
ерекшелінеді.
Г.Алмондтың ұсынысы бойынша, континенталды-европалық саяси
жүйеге Франция, Германия, Италия, Испания және т.б. мемлекеттер жатады.
Бұл саяси жүйенің элементтері оқшауланбаған. Әсіресе, саяси мәдениеттің
қызметі заңдастырылмаған. Сол себептен саяси жүйенің басқа элементтерінің
іс-қимылына саяси мәдениеттің әсері тұрақты болмайды.
Мысалы, Францияда билік көбіне дәстүрлі сайлау арқылы, яғни,
демократияның негізгі жолымен құрылады. Бірақ сонымен қатар, шешімді
плебисцитарлық түрде қабылдау да жиі кездеседі.
Плебисцитарлық деп халыққа тікелей үндеу арқылы шешім қабылдауды
айтады. Францияның тарихында Наполеонның да, Шарль де Гольдің де
плебисцитарлық демократияны пайдаланғаны белгілі.
І Наполеон 1799 жылы плебисцитарлық үндеу арқылы республиканың
орнына монархияны қайтарып әкелді. Шарль де Голль осындай әрекет арқылы
1958 жылы парламенттік республиканың орнына президенттік республика
орнатты. Бұл оқиғаларда үстемдік алған саяси жүйенің тек бір ғана элементі –
саяси билік болды.
99
Италияда, Испанияда, Германияда ХХ ғасырдың бірінші жартысында
халықтың саяси мәдениеті фашистік режимнің келуіне тойтарыс бере алмады.
Бұл елдердің саяси өмірінде популистікке (яғни, бұқараға жағымпаздану)
бейімделу кездеседі.
Континенталды-европалық саяси жүйеде әртүрлі идеология ұстанады.
Егер ағылшын-американдық саяси жүйеде көбіне консерватизмді, либерализмді
ұстаным ететін болса, континенталды-европалық жүйеде неолиберализм,
неоконсерватизм, кейде тіпті маркстік, социалистік идеология да орын алады.
Бұл саяси жүйедегі саяси партиялардың мемлекеттегі ролінде де
ерекшеліктер бар. Егер ағылшын-американдық жүйеде міндеті белгіленген,
заңдастырылған екі партия болатын болса, континенталды-европалық саяси
жүйе тарихи қалыптасқан дәстүрлі көппартиялықпен ерекшелінеді.
Жетілмеген индустриялдық саяси жүйеге көптеген Азия, Африка,
Латын Америка елдері жатады. Бұл саяси жүйенің саяси мәдениеті аралас
келеді, яғни батыс саяси мәдениетінің араласуымен қатар, этникалық, діни
дәстүрлердің сақталуы. Бұл саяси жүйенің эклектикасы (бірліктің осалдығы)
батыс елдеріндегі әртүрлілікке мүлде ұқсамайды, себебі әртүрлі дәстүрлердің
бір-біріне қарама-қарсы болып келуі жиі кездеседі. Бұл саяси жүйедегі билік
тармақтары ажыратылмаған, атқарушы билік пен әскер заң шығаруға кедергі
келтіріп, заң шығарушы органдар сот істеріне әміршілдік жүргізеді.
Жетілмеген индустриалдық саяси жүйеге авторитаризм (жеке адамның
билігіне негізделу) тән, көбіне билікте бір партияның үстемдігі орнатылады,
қоғамда күшпен мәжбүр ету орын алады, көпшіліктің саясатқа қатысуы өте
төмен деңгейде болады.
Тоталитарлық саяси жүйенің үлгілері: бұрынғы фашистік Германия,
Италия, бұрынғы дүниежүзілік социалистік мемлекеттер. Қазіргі кезде бұл
елдердің көбінде демократияландыру процесі жүріп жатыр. Дегенмен, осындай
саяси жүйе дүние жүзінде әлі де біраз мемлекеттерде сақталуда.
Тоталитарлық саяси жүйеде азаматтардың биліктен тәуелсіз ұйымдарға
қатысуына жол берілмейді. Бұқараның саяси өмірге қатысуы алдамшы
(декорация) түрінде ғана болады.
Г.Алмондтың ескертуі бойынша, тек күшпен мәжбүр етуге негізделген
саяси жүйе ол ескірген, қисынсыз (абсурд), осы себептен тоталитарлық саяси
жүйеде екі жағдай қалыптасады: 1) күшпен мәжбүр ету тәртібінің орнатылуы;
2) саяси биліктің тұрақсыз болып, мемлекет, мекемелер, құқық қорғау
орындары қоғамның әлеуметтік мүддесін шешіп отырудың орнына барлық
күштерін саяси-әлеуметтік шиеленістерге қарсы күресу үшін қолдануы.
Қоғамда саяси жүйелердің жоғарыда аталғандарынан басқа да түрлері
кездеседі. Ал Истон мен Алмондтың саяси жүйе туралы идеялары қазіргі таңда
Еуропа,
Америка
елдеріне
кеңінен
тарап,
кейін
К.Дойтчтың
тұжырымдамаларымен толықтырылған. Дойтч өзінің “Ұлтшылдық және
әлеуметтік байланыс” және “Басқару жүйелері” атты еңбектерінде саяси жүйе
туралы қағиданың негізгі ережелерін саяси өмірге енгізу жолдарын көрсетеді.
Шет елдердің саясаттануында саяси жүйе теориясының аталған
нұсқаларынан басқалары да қарастырылады. Мысалы, Д.Трумэннің
100
“Америкалық саяси жүйенің дағдарысы” және “Басқару процесі” еңбектерінде
баяндалған және саяси жүйе мен оның құрылымдарының кеңіне танымал
“қысым топтары” теориясы мен әлеуметтік пікірталастығының негізгі
ережелерінен туындайтын саяси жүйе теориясы; Д.Истон концепциясының
негізгі ережелерін осы немесе өзге елдің ішкі саяси өмірінен ішкі қатынастар
саласына ауыстыруды ұсынатын Г.Пауэлл мен М.Капланның саяси жүйе
теориясы; Т.Парсонстың әлеуметтік жүйесінің негізгі қағидаларына сүйенетін
«функциялық саяси жүйе»; «мамандандырылған, белсенді құрылым саяси
жүйесі» теориясы және басқалары.
Саяси жүйе теориясындағы осындай әртүрлі ағымдардың болуы белгілі
мөлшерде шетелдік әдебиетте сипатталған саяси жүйе бағыттарының көптігін
және өзара қарама-қайшылығын, сондай-ақ қалыптасу деңгейін айқындайды.
Бұл тұрғыда саяси жүйе туралы сан алуан тұжырымдар мен ұсыныстарды
таңдап алудың өзі қиын. Себебі, бір жағынан, саяси жүйені анықтау «қоғамда
қамқоршы үкімет болып мәдени құндылық кеңінен қолданылып,
субъектілердің
өзара
іс-қимылының
жиынтығы
тәрізді»
сипатында
қарастырылса, ал, екінші жағынан, саяси жүйе бір шама идеалистік жоспарда
ұсынылуына сәйкес «ортақ тұтастықта құрылған және өзі айқындаған
философия, дін, басқару үлгілерімен толықтырылған идеялар, принциптер,
заңдар, доктриналар және басқаларының кешені тәрізді» сипатта болады.
Еуропа, Америка елдері саясаттанушыларының жоғарыда көрсетілген сан
алуан зерттеу бағыттар мен әдістер тізбесін М.Каплан ұсынған тағы бір саяси
жүйе анықтамасымен толықтыруға болады; бұнда жүйе “өздерінің арасында бір
немесе әлденеше функциялармен байланысты ауыспалы шамалар жиынтығы
тәрізді”
қарастырылады.
Бұл
идеяны
жалғастырушы
С.Колманның
пайымдауына сәйкес “жүйе олардың арасында нақты жүзеге асып отырған
қатынастармен бірге алынған объектілер мен элементтердің (шынайы немесе
абстрактылы) жиынтығы сипатында айқындалуы мүмкін”; ал Т.Мадронның
пайымдауынша, қоғамның саяси жүйесі “қатынастар желісімен бекітілген
объектілер мен олардың белгілерінің жиынтығы” сипатында анықталады.
Шетелдік авторлар атап көрсеткендей, саяси жүйенің сан алуан
түрлерінің кейде бір-біріне қарама-қарсы бағытта болуы өзге факторлармен
бірге осы концепциялардың мән-мағынасын анықтауда қиындық туғызып және
оның әлеуметтік тиімділігін кемітеді. Осыған байланысты И.Хус “Жүйелік
талдауға қатысы бар кейбір зерттеушілерді жалпы ереже бойынша ғылыми
әдістің негізгі принциптеріне қайшы реттегі әдістемелік ойлар тапқырлыққа
итермелейді, өкінішті жағдайларға да жиі соқтырады” деп көрсетеді.
Алайда, саясаттануды дамыту үшін саяси жүйе туралы анықтамалар мен
ұсыныстардағы әртүрлі қайшылықтар күңгірт көріністерін және саяси жүйе
теориясының әртүрлі варианттарының іс жүзіндегі айырмашылықтарын
ескермеуге болмайды. Өйткені, шетелдік саясаттануда саяси жүйе туралы
нақты варианттар мен ұсыныстардың көптігіне қарамастан олардың барлығы да
экономикалық, саяси және идеологиялық негіздерінің жалпылығымен,
жалпыұлттық және таптық мақсаттар бірлігімен, өздері білдіретін және
қорғайтын мүдделер ортақтығымен, бірыңғай саяси және идеологиялық
101
бағыттарымен, құрылу мен қалыптасудың жалпы принциптерімен, ережелер
жинағымен біріккен. Осындай ретпен саяси жүйе теориясының әртүрлі
варианттарының қалыптасуы немесе іс жүзіндегі айырмашылықтарының болуы
негізінде бір және “оған қаланған” функцияны орындайды, жалпы және
тұтастай алғанда бір ғана фундаментальдық (методологиялық) немесе
қолданбалы рольді жүзеге асырады.
Бұл қандай жағдайда нақты көрінеді және осы роль қалай жүзеге асады?
Ең алдымен саяси жүйе теориясының методологиялық мәніне үңілеміз. Бұл
жөнінде шетелдік авторлар көп айтып та, жазып та жүр.
Саяси жүйе теориясын өзге теориялар арасынан бөліп алып және оның
маңыздылығын атап көрсете отырып, шетел саясаттанушылары мен
әлеуметтанушылары оны “әлеуметтік және саяси талдаудың өте бағалы
аспабы” (Т.Мадрон, К.Шелф), “саяси ғылым саласында ғылыми зерттеулердің
жалпы шеңберін” айқындайтын перспективалық концепциясы (Р.Голдмэн,
Т.Яниг), “құрылым мен процестердің кез-келген талдауын жүргізу барысында
қорытынды көзқарас санатында танылатын және орталық теория мәртебесін”
меңгерген маңызды доктрина (Д.Валтмен) деп атауға болады.
Саяси жүйе теориясын, онымен қоса жүйелік талдауды “қуатты
әлеуметтік маңыздылықты меңгерген айрықша әлеуметтік құдірет” және
методологиялық жағынан “танымның” техникалық амалдарының, құралдары
мен әдістерінің қарапайым жиынтығынан әлдеқайда жоғары” деп те
анықтайды. Оны шетелдік саясаттану шеңберінде дамып келе жатқан
“методологиялық идеология” қатарына қосады.
Саяси жүйе концепциясының методологиялық мәні және оның
әлеуметтік маңыздылығы қай тұрғыда қарастырылады? Шетелдік авторлардың
көзқарастары бойынша методологиялық тұрғыда қарастырылатын саяси жүйе
теориясының құндылығы қалай тұжырымдалады? Осы және осыған ұқсас
сұрақтарға жауап іздеген шетелдік саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар
біржақты шешімге әзір келе алған жоқ. Олардың ізденуші көзқарастарына,
сондай-ақ осы және өзге бағыттарға икемделуіне байланысты, олардың бірі –
«саяси жүйе теориясының методологиялық маңыздылығын, функциянализмнің
барлық қуатты мүмкіндіктерін анықтау және кеңінен қолдану үшін әмбебаптық
модель болып саналады» - десе, екіншілері - оның методологиялық
құндылығын “қысым тобы” концепциясы мен саяси пікірталастық доктринасын
онан әрі нығайту құралы мен өзіндік бейнесі бар тірегі санатынан көреді.
Үшіншілері саяси жүйе теориясынан методологиялық құбылысты бөліп алып,
әмбебап концепция жасау арқылы басқа да теориялық модельдер арқылы
концепцияларды жасау мен дамытуға негіз болады деп есептейді.
Саяси жүйе теориясының методологиялық мәнін зерттеу барысында
шетел авторлары оның көрінуінің өзге де жолдары мен әдістеріне назар
аударады. Жеке алғанда, саяси жүйе теориясының методологиялық астары
мынадай ретте көрінеді: аталмыш теория әрбір қоғамның саяси өмірінің әртүрлі
қырларын терең зерттеуге және елдің даму перспективаларын алдын-ала
болжауға жәрдемдеседі; ол теоретиктердің көзқарасынан бұрын тыс қалған
“макроскопиялық” (яғни бәрін қамтитын, әмбебаптық) сияқты саясат
102
құбылысына назар аудартады және терең зерттеуге итермелейді; ол “құрылым
мен функциялар, статика мен динамика арасында туындайтын қатынастар мен
байланыстар жүйесін зерттеуге, жаңғыртуға” бейімдейді және тағы басқалары.
Саяси жүйе теориясының методологиялық маңыздылығын шетелдік
саясаттанушылар басқа қатынастармен де талдайды. Оның методологиялық
мүмкіндіктері мен қырларын ашатын (және бұл ретте асырып айту да сирек
емес) көптеген еңбектер бар. Алайда, соңғы жылдары батыс әдебиетінде саяси
жүйе теориясына және оның методологиялық мүмкіндіктеріне күмән келтіретін
сыни материалдар да жиі жарық көруде. Осы жағдайда М.Ванштейннің
“ғалымдар қарулануға алған жүйе концепциясы қандай да болмасын теориялық
проблемаларды шешуді білдірмейді. Ол саяси өмір туралы пікірталасты
жүргізуге мүмкін болатын, шартты түрде ғана белгіленген шеңберді білдіреді”
деген топшылауы да кеңінен тараған.
Осы саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар тобы (әсіресе, саяси жүйе
теориясы туралы қағидаларға жаппай және методологиялық әмбебап
концепциясы тұрғысында қарсы шығып жүргендер) саяси жүйе теориясының
әртүрлі варианттарын қолдану туралы ескертулерін саяси өмірдегі белгілі бір
“олар ең көп деңгейде пайдалы бола алатыны” айқындалған салаларымен және
өздігінен жетістіктер игілігіне қызмет ететін мақсаттармен шектеуі қажет” деп
көрсетеді. Америкалық саясаттанушы П.Нэтлл «саяси жүйе теориясының
методологиялық мүмкіндіктері - жүйе концепциясы тіпті оның тар
мағынасында оның жақтастары мен қарсыластары арасында ажыратқыш болу
қаупімен орналасты” және тек оның қарсы мағыналы таным мен түсінігі
көрінісінде пайдасы өте аз концепция болып көрінді» деп жазды.
Методологиялық тұрғыдан қарастырылатын саяси жүйе теориясына
шетел авторлары тарапынан өзге де сыни пікірлер көп айтылуда. Алайда олар
бұдан қандай да тиімді мәні мен мазмұны бар методологиялық құралдан қалыс
қалуға куә болмайды.
Саяси жүйе теориясының методологиялық және басқа да қырларынан
басқа оның мағынасында және әлеуметтік мәнінде, сипатында “қолданбалы” іс
жүзіндегі құбылыс орын алады. Оның мағынасын жалпы әлем теоретиктері
саяси жүйе концепциясын жасау мен дамытуда тек ғана методологиялық
функцияларын асыра бағалау тұрғысы бойынша анықтамайды, сонымен бірге
саяси практика саласында пісіп жетілген іс жүзіндегі проблемаларды шешудің
маңызды теориялық құралдарының бірі ретінде зерттейді.
Әлемдік саяси ғылымда саяси жүйе теориясының тәжірибелік сипаты мен
қызметтік ролінің аталған көрсеткіштерінен өзге оның басқа үлгілері де бар.
Олардың бәрінің өзара айырмашылықтарына қарамастан сараланған
концепцияның ғылыми, саяси-тәжірибелік маңызы өте жоғары.
103
Бақылау сұрақтары
1. Саяси жүйенің негізгі элементтері
2. “Қоғамның саяси жүйесі” деген түсініктің “саяси құрылыс” түсінігінен
айырмашылығы
3. “Қоғамның саяси жүйесі” туралы теорияны ғылымға енгізген ғалымдар.
4. Саяси жүйенің қызметтері.
5. Саяси жүйелердің жіктелуі.
6. Д.Истон мен Г.Алмонд саяси жүйенің қандай мүмкіндіктерін көрсетті?
7. Қоғамның саяси жүйесінің демократиялық деңгейі қалай анықталады?
8. Қазақстанның қазіргі саяси жүйесі қандай түрге жатады?
104
Достарыңызбен бөлісу: |