Ас қорыту жүйесі. Денесінің алдыңғы жағындағы аузы эктодермальды
жұтқыншаққа, ал ол жіңішке өңешке жалғасады. Энтодермальды ортаңғы
ішек өңештен басталып, дененің бүйірімен артқа қарай созылып тұйықталған
екі тармақтан құралады. Ірі трематодтарда, мысалы бауыр сорғыштың
(Fasciola hepatica) ішегі көп тарамдалған. Бұл тарамдар қорытылған асты
паренхималық денесіне таралуын оңайлатады (59,А-сурет).
Зәр шығару жүйесі - протонефридиялы. Денесінің ортасында немесе
екі бүйірінде негізгі түтіктері орналасқан, олардан ұштарында толқындалған
алаулы жұлдыз тәрізді клеткалары бар көптеген тарамдар шығады. Негізгі
түтіктер денесінің артқы жағындағы қуыққа, ал ол зәр шығару тесігімен
сыртқа ашылады.
59-сурет. Бауыр сорғыш (Fasciola hepatica): A - ас қорыту жүйесі; Б - жыныс жүйесі; 1 -
ауыз сорғышы, 2 - жұтқыншақ, 3 - өңеш, 4 - тарамдалған ішек, 5 - құрсақ сорғышы, 6 -
сарыуыз безі, 7 - сарыуыз жолы, 8 - аталық без, 9 - аталық жол, 10 - жатын, 11 - аналық
без, 12 - Мелис денешігі, 13 - шағылыс мүшесі
Тыныс алу және қан айналу жүйелері жоқ.
Нерв жүйесі жұп ми ганглиясынан тұрады. Одан дененің алдыңғы
жағына және ауыз сорғышына қарай нервтер, сонымен қатар артқа қарай үш
жұп ұзына бойы нерв бағаналары тарайды. Әсіресе, ерекше қалыңдаған
құрсақ бағаналары жақсы дамыған. Ұзына бойы бағаналар сақина тәрізді
өсінділермен өзара байланысып, ортогон типіндегі нерв жүйесін түзейді.
Сезім мүшелері құрттардың паразиттік тіршілік етуіне байланысты өте
нашар дамыған. Сорғыштардың личинкаларында турбелляридікіне ұқсас бір
немесе екі жұп кішкене көзшелері болады. Тері рецепторлары көбіне еркін
жүзетін личинкаларында дамыған.
Жыныс жүйесі гермафродитті, жақсы дамыған. Бауыр сорғыштың
(Fasciola hepatica) жыныс жүйесін қарастырайық.
Аталық жыныс жүйесі тарамдалған екі тұқым бездерінен тұрады.
Олардан алға карай бағытталған екі тұқым жолы шығып, кейін олар қосылып
тұқым қапшығына айналады да, тұқым шығарғыш түтікпен шағылыс
мүшесіне жалғасады. Ол өзінің шетімен жыныс клоакасына қарай
бағытталған (59,Б-сурет).
Аналық жыныс безі әрқашан біреу. Одан шығатын қысқа жұмыртқа
жолы кеңейіп кішкене қапшықшаға - оотипке айналады. Кейде оотипті
Мелис денешігі деп те атайды. Оотипке аналық жыныс жүйесінің көптеген
жолдары жалғасады. Дененің екі бүйірінде жұмыртқаларға қоректік затты
беретін сарыуыз бездері орналасқан, сарыуыз бездерінің екі жолы денеден
көлденең өтіп, оотипке жалғасады. Оотиптен әуелі артқа одан кейін алға
бұрылып, жыныс клоакасына ашылатын ұзын ширатылған түтік - жатын
басталады. Жатын ұрықтанған және дамып келе жатқан жұмыртқаларға толы
болады. Оотип тұқым қабылдағышпен және өзінің бір шетімен арқа жағына
ашылатын қысқа "Лаурер" түтігімен өзара байланысқан. Оотип ұсақ
қабыршақты бездермен қоршалған.
Трематодтардың кейбір өкілдерінде жыныс жүйелері айтылған
схемадан бірқатар белгілері бойынша ерекше: жұмыртқа бездері кейде
тарамдалмаған; аталық бездері жұп емес; жыныс клоакасы дененің артқы
бөлімінде орналасқан, т. б.
Жұмыртқа аналық безінен, аналық жолы арқылы оотипке түсіп, онда
ұрықтанады. Ұрыктандыру үшін сперматозоидтар шағылыс мүшесі арқылы
әуелі жатынға, содан тұқым қабылдағышқа, одан оотипке өтеді де,
жұмыртқаларды ұрықтандырады. "Лаурер" түтігі оотипте жиналып қалған
ұрықтардың артық мөлшерін денеден шығару қызметін атқарады. Сарыуыз
бездерінен оотипке баратын жолдар арқылы қоректік затқа толы сарыуыз
клеткалары өтеді. Әрбір ұрықтанған жұмыртқа осындай клеткалардың
тобымен қоршалады. Сонан соң оның сыртына жұмыртқа қабығы түзіледі.
Жұмыртқа қабығы сарыуыз клеткаларында болатын ерекше фанулдар
арқылы түзіледі. Толық түзілген жұмыртқа жатынға түседі де, сол арқылы
сыртқа қарай шығарылады.
Достарыңызбен бөлісу: |