Трематодтардың физиологиясы. Трематодтардың тіршілік циклінде
тіршілік ету ортасы мен паразиттік және еркін жүзетін сатыларының
алмасып отыруы байқалады. Мысалы, мирацидиялар және церкариялар суда
жүзіп жүрсе, сонымен қатар спороциста, редия, мариталар паразиттік
тіршілік етеді. Бұл ерекшеліктері олардың физиологиясына да әсер еткен.
Трематодтардың әр түрлі ұрпақтарының қоректенуі де әр түрлі. Омыртқалы
жануарлардың паразиттері - мариталар өз иесінің ішегіндегі заттарымен
немесе иесінің қанымен қоректенеді. Қоректі қорыту процесінде
турбелляридікі тәрізді ішкі клеткалық қорыту маңызды орын алады.
Моллюска бауырының паразиті - редиялар, олар бауыр тканімен қоректенеді.
Моллюска бауырында тіршілік ететін спороцисталардың қоректену әдісі
ерекше. Бұл паразиттердің ішегі болмағандықтан, иесінің бауыр тканьдерін
ерітетін ас қорыту ферменттерін дене жамылғысы арқылы бөліп шығарады.
Қорытылған асты құрт бүкіл денесі арқылы сорып алады. Copy процесін
ұлғайтатын тегументтің көптеген цитоплазма өсінділері /микроворсинкалар/.
Еркін /мирацидия мен церкариялар/ тіршілік ететін личинкалар
эмбриональдық даму кезінде жиналған қор затымен қоректенеді. Қор
затының молдығы қанша болса, личинкалардың тіршілік ету ұзақтығы да
сонша. Мысалы, бауыр сорғыштың (Fasciola hepatica) личинкасы - мирацидия
48-60 сағат қана өмір сүреді. Осы уақытта ол өз аралық иесін - ұлуды тауып,
оның денесіне енуі тиіс.
Трематодтардың тіршілік циклінің әр түрлі сатыларында зат алмасу да
сан алуан. Еркін тіршілік ететін личинкалар суда еріген оттегіні бүкіл денесі
арқылы қабылдап, тыныс алады. Трематодтардың паразиттік ұрпақтары және
ересек особьтары иесінің ішкі мүшелерінде тіршілік етуіне байланысты олар
анаэробты тыныс алу жолына көшеді. Энергия қызметін гликоген атқарады.
Гликогеннің анаэробты ыдырауына байланысты күрделі биохимиялы
айналымдар жүріп жатады.
Бұл алмасу әдісі энергетикалық жағынан гликогенді көп қажет етеді.
Соған қарамастан, паразиттер анаэробты процестер арқылы өмір сүре алады,
себебі олар үшін иесінің организмі - гликогеннің таусылмас қоры.