АқИҚат пен аңыз роман-диалог бірінші диалог I



Pdf көрінісі
бет6/32
Дата29.09.2022
өлшемі1,61 Mb.
#40875
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32
Байланысты:
(pdf) Әзілхан Нұршайықов — Ақиқат пен аңыз

ТӨРІНШІ ДИАЛОГ
І
Мен ауруханада сексен күн жатып, марттың аяқ жағында үйге қайттым.
Бауыржан жүз жиырма күн жатып, менен кейін шықты. Менің жүрегім,
Баукеңнің аяғы ауырды. Көп уақытқа дейін біз жүздесіп, тілдесе алмай, бір-
бірімізге қасымыздағы сырқат серіктерімізден сəлем айтысумен болдық.
Сөйтіп біздің диалогтарымыз жолдастар арқылы жалғасып жатты. Əсіресе
Баукеңнің əйелі Кəмəш екі этажда серейіп жатқан екеуміздің арамызда
үлкен хабаршылық қызмет атқарды.
Екі айдан кейін Бауыржан екеуміз де бас көтердік. Ілбіп палатада
жүретін, ептеп дəлізге шығатын болдық. Бізді сестра үшінші этаждан тəй-
тəйлап түсіріп, төмендегі спорт залына апарып, гимнастика ойнатып жүрді.
Сол күндердің бірінде төменгі этаждың дəлізінде темекі тартып отырған
Бауыржанға кездестім.
Автор. Сəлеметсіз бе, Бауке?


Бауыржан. Сəлеметтендің бе, қарағым?
Автор. Халіңіз қалай?
Бауыржан. Ептеп тəуір боп келемін. Алғашқы жиырма күнде қайда
жатқанымды білмедім. Қазір сəл басым айналады, ептеп жүруге жарадым.
Бізді қойшы, біз ұзақ сапар шегіп, тоналып қалған жолаушы сияқтымыз
ғой, қарағым. Қазынасыз керуен қарақшыдан қорықпайды. Өзің қалайсың?
Автop. Дəрігерлер екі ай сірестіріп шалқамнан жатқызып тастап еді.
Енді бас көтеріп, ептеп ілби бастадым. Арыстан боп қимылсыз жатқаннан,
тышқан боп жорғалап жүрген артық екен.
Бауыржан. Хабарыңды естіп, жіберген журналдарыңды алып жаттым.
Менің аяғым ғана емес, қолым да шабан екенін білесің ғой. Ауызша сəлем
айтқаным болмаса, арнап записка жаза алмадым.
Баукеңнің бұлай деген себебі мен жоғарыда жатып ол кісіге өзі туралы
материалдарым басылған «Балдырған» (№ 12, 1970), «Жұлдыз» (№ 2, 1971)
журналдарының «Жетісу» жəне басқа облыстық газеттердің номерлерін
жібергенмін.
Автор. Рақмет, Бауке. Сіздің əр сəлеміңізді дəрігерлердің дəрісімен қоса
қабылдап жаттым. Осында біраз үлкен қызметкерлер де бар екен.
Бауыржан. Ауру болсаң əкімдіктен не пайда?
Автор. Оныңыз рас. Сол кісілер өздерінің қызмет бабына қарамастан
маған хал-жайыңызды хабарлап тұрды.
Бауыржан. Адамды үш түрлі жағдай жақындастырады, қарағым. Ол
жағдай: соғыс, түрме, аурухана. Бұл үшеуі лауазым таңдамайды. Адам
қанша көкке көтерілгенімен топ етіп төменнен бір-ақ шығады. Олар соны
да ескеретін болар. Жара жаралыны қинайды. Шыдай шыдай шыдам
таусылғанда, ашу қырып, артық сөйлеп қалатын сəттерің де болады екен.
Артынан райыңнан қайтасың. Ол заңды да ғой. Өйткені əркім жеткен
жеріне дейін барады, жығылған жерінде қалады. Атағыңа ақылың сай келсе
ғана сыйлы боласың.
Осы кезде сырттан келген сестра мені қолтығымнан алып, жоғары


қарай жетектеді.
Біздің ауруханадағы алғашқы əңгімеміз осылай басталды.
II
Бір күні палатада жатыр едім, есік қағып, Бауыржанның əйелі Кəмəш
бас сұқты.
— Жай жатырсыз ба?
— Жай.
— Онда Баукең сізбен əңгімелесемін деп жоғарыға келіп отыр еді.
— Қазір барайын, — дедім мен.
Шықсам, біздің үшінші этаждағы алаңда газет-журнал қоятын
кішкентай үстелдің қасында Бауыржан, үстелден əрірек Кəмəш отыр екен.
Бір орындық бос тұр. Екеуінің үстінде де аурухананың көкала халаты.
Баукеңмен амандасып, бос орынға барып отырдым.
Бауыржан. Мынау Кəмəшқа сүйеніп əрең көтерілдім. Өзің бір таудың
төбесінде жатыр екенсің ғой.
Автор. Бірнеше күн төсекте шалқамнан жатып, одан кейін дəрігерлер
басымды көтеріп төсекке отырғызғанда мен биік таудың төбесіне
шыққандай болғанмын. Алғаш рет тəй-тəй басып барып палатаның
терезесінен қарағанда, басым айналып, құлап қала жаздағанмын. Көп
жатқан адам осындай күйге ұшырайды екен — оған аласаның өзі асқар тау
боп көрінеді екен.
Бауыржан. Маған «Жұлдыздың» екінші номерін оқыдық деп əркімдер
айтып жатыр. Əлішер Бейсенов, Шахмат Хұсайынов тағы басқалар айтты.
— Мен олар не деді деп сұрамадым. Баукең солардың сөзіне разылықпен
«таудың төбесіне шығып» отырғанын түсіндім. — Кеше Əбділда Тəжібаев
келіп, ұзақ əңгімелесіп қайтты. Ол да оқығанын айтып жатыр. Журналдың
редакторы Сырбай Мəуленов келіп еді. Оқушылардан көп хат келді. Бекер
тұтас баспаған екенбіз деп өкініп қалдық деді...


Осы кезде іштен халатын жүре қаусырынып, шүңірек көз бір шал
шықты. Отырған үшеумізге кезек-кезек сүзе қарап алды да:
— Бауыржан, аманбысың? — деп Момышұлына қолын ұсынды.
Бауыржан оның қолын алды да, үнсіз отыра берді.
— Маркстік философияның заңы бойынша, — деді шүңірек көз шал
Бауыржанға үңіліп, — адамдардың ара қатынасы бір-біріне кездесуден
жасалады. Міне бүгін атақты Бауыржанды көріп, қолын алып тұрмын.
— Ақсақал, біз əңгімелесіп отырмыз, — деді Бауыржан түсін суыққа
салып.
— Сөйлесе беріңдер, мен бөгет болмаймын, — деді шүңірек көз шал
бұрылып, баспалдақпен төмен түсе бастап, — Сөйлесу — ол ара
қатынастың бір түрі.
Шал төмен түсіп кетті.
— Мынау кім? — деді Баукең маған.
— Бұл кісіні осындағылардың бəрі Дерпен деп атайды.
— Ол немене, аты ма?
— Аты-жөнінің кім екенін біліңкіремеймін. Өзі дербес пенсионер
көрінеді. Соны жұрт қысқартып Дерпен деп кеткен. Екі сөзінің бірі тарих
пен философиядан басталады. Үйінен алдырып үзбей оқитыны «Үгітші
блокноты»,«Вечерняя Алма-Ата» газеті жəне кейбір саяси кітаптар.
Жанасып кеткен адамға саясаттан сабақ айтып, мазасын алады. Одан басқа
жазығы жоқ.
— Құдай сені көршіге жарытқан екен, — деп күлді Бауыржан.
Автор. Бауке, тойға əзірлік қалай болып жатыр? Құттықтаушы жұрт көп
шығар.
Бауыржан. Жұрттың қалай құттықтап жатқанын жеңгең айтсын.


— Құттықтаудың күші Баукеңді осы жерден əкеп бірақ шығарды ғой, —
деді Кəмəш күліп. — Басы өзінің туған күні жиырма төртінші декабрьден
басталды. Қаладағы жұрт бірден үйге келіп, тек облыс, аудандардан ғана
телефон соғылып жатты. Алғашқы күндері Сəбит аға, Ғабит аға, Дмитрий
Снегин келіп құттықтады. Ол кісілердің келуінің өзі бір мейрам ғой.
Мейрамға қосылып, мерейіміз көтеріліп қалды. Сəбит пен Ғабит аға екеуі
де:
— Əй, Бауыржан, біз сені шаршатып алармыз, — деп үнемі ескертіп
отырды. — Бұл күндері саған кісі көп келеді. Сен оларды режиміңді бұзбай
қабылда.
Осылай деп олар ұзақ отырмай,үйлеріне қайтты. Бірақ жұрттың бəрі ол
кісілердей болмады. Бір келгені бес сағат отырып алысты. Солардың сөзін
тыңдаймын деп Баукең əбден шаршады. Баукең бөлмесіне барып
тынығайын десе кейбіреулер соңынан ілесе кіріп, қақсап қасында отырып
алды. Өстіп Баукең əбден қалжырады. Денсаулығы бұрыннан жұқарып
жүрген Баукең мұндай құттықтауларды көтере алмай, ақыры ауруханадан
бірақ шықты.
Бауыржан. Біз сен зерігіп жатқан шығар. Біраз əңгіме айтып, көңіліңді
көтерейік деп келдік. Бүгінгі əңгіме айту осының үлесіне тиген, — деді
Баукең əйелін иегімен нұсқап. — Айта бер.
— Мен не айтайын? — деді Кəмəш жан-жағына жалтақтай қарап.
— Жұлдызды» оқығаннан кейін, қап, менің бір айтатыным бар еді деп
жүр едің ғой, — деді Баукең əйеліне бұрылмастан теріс қараған күйі. —
Соныңды айт.
— Ол жай, əшейін бір күлкілі жағдай ғана ғой.
— Е, соны айт. Бұған сондайлар да керек.
— Ендеше айтайын, — деп Кəмəш сөзге кірісті.
ІІІ
— Бауыржан екеуіміздің жаңа жұптасқан алғашқы күндеріміз еді, —
деп бастады Кəмəш əңгімесін. — Бір күні біреу үйге телефон соқты. Онда


Дзержинский көшесіндегі үйде едік. Телефон дəлізде болатын. Трубканы
мен барып алдым. Ар жақтан бір жас қыздың даусы келді.
— Кім керек Сізге?
— Маған Бауыржан керек. Мен Жақсыгүлмін. Шақырып жіберіңізші, —
деді қыз.
«Мұның Жақсыгүлі кім?» деп іштей ойлап Бауыржанға бардым.
— Сенің Жақсыгүл дегенің бар ма еді? — дедім оған.
— Жоқ — деді бұл бірден.
— Трубкаға шақырып тұр, бар сөйлес, — дедім мен оның «жоқ»
дегеніне сенбей.
— Мен ондай адамды білмеймін, — деп бақырды бұл. — Барып
трубканы жауып қой.
Сенер-сенбесімді білместен трубканы жаптым. Сонша бақыруы жаман
бір пəлесі бар ғой деп ішімнен күдіктеніп қалдым.
Екінші күні тағы телефон шылдырлады.
— Мен Жақсыгүлмін ғой, Бауыржанды шақырып беріңізші, — деді
кешегі қыз.
— Бауыржан жоқ, — деп сарт еткізіп трубканы жаба салдым.
— О кім, ей, қатын? — деді Баукең кабинетінен.
— Сенің Жақсыгүлін, — дедім булығып. Ішім өртеніп қоя берді.
Осының бір пəлесі болуы керек. Бұрын мен келмей тұрғанда сөйлесіп
жүрген ескі танысы болар. Мен барда сөйлесуден қашып, білмеймін деп
əдейі қасарысып отырған шығар деп ойлап қасына бардым. Бұл бетіме бір
қарады да:
— Ə, Жақсыгүл ме? — деп жұмысын істеп отыра берді.
Бір күні қызуым көтеріліп қатты ауырып, төсектен тұра алмай жатып


қалдым. Түс кезінде дəліздегі телефон шылдырады. «Дəуде болса
Жақсыгүл шығарсың» деп, ауырғанымды ұмытып, басымды төсектен тез
көтеріп алдым. Кабинетінен шығып Баукең трубканы кетерді. Бұлар не
сөйлесер екен деп, бар демімді ішіме тартып тыңдай қалдым.
— Иə, мен Бауыржанмын, — деді Баукең. — Ə, Жақсыгүлмісің?
Жақсымысың? Келейін деп едім дейсің бе? Келсең кел. Əдіріс пе, əдіріс
мынадай, — деп үйдің əдрісін айтты да трубканы жапты.
Осы кезде қаным қайнап кетті. Мына қу пəленің істеп жүргенін қарашы.
Мен ауырып жатқанда ол қызды əдейі шақырды ғой. Мен төсектен тұра
алмай жатқанда оны ана жақта оңаша қабылдамақ қой. Ана жолдары менің
көзімше сөйлеспей қойып еді. Онысы айласы екен ғой, — деп ойлап
төсегімнен атып тұрдым. Өн бойымды қозғалтпай жатқан аурудың да қайда
кетіп қалғанын білмеймін. Жан-дəрмен халатымды киіп, шашымды жиып
«Келсін сол албасты» деп, дайын отырдым. Лезде есік шылдырады. Оны
естігенде өне-бойым қалшылдап кетті.
Кабинетінен шығып Баукең сыртқы есікті ашқан кезде жататын
бөлмеден жай оғындай атылып мен де шықтым дəлізге. Шықсам:
— Сəлеметсіздер ме? — деп үріп ауызға салғандай бір жас қыз
табалдырықтан аттап келе жатыр.
— Сəлемет пе, шырағым, — деді де Баукең өз кабинетіне қарай кетті.
Қызбен бетпе-бет дəлізде жалғыз мен қалдым. Бас-аяғына қарасам, кісі
жаманшылыққа қиятын бала емес. Мен оны бөлмеге алып кірдім.
— Отыр, қалқам. Кімсің?
— Жақсыгүлмін.
— Саған кім керек еді?
— Бауыржан керек еді, апай.
— Бауыржанды көріп пе едің өзің, білесің бе?
— Білемін, көргенім.


«Ə, қулар, бұлар бірін-бірі біледі екен ғой. Бұрын көріскен, кездескен
екен ғой. Түк білмейтін, сезбейтін сияқтанып, мүлəйімсіп кіріп кеткенін
қарашы» деп ойлап тағы да өне бойым безгектей қалтырап кетті. Неше
түрлі ой келді басыма. Дегенмен өзімді өзім ұстап:
— Қайдан келіп едің? Қайда оқисың? — дедім.
— Ешқайда оқымаймын, апай. Былтыр ауылдан оқуға келіп, институтқа
түсе алмадым да, қазір сатушы боп жұмыс істеп жүрмін.
— Ал, Бауыржан керек болса, бар, жаңағы шал Бауыржаның. Бұрын
кездессеңдер, танып тұрған шығарсың, — дедім даусым дірілдеп.
Қыздың көзі бақырайып кетті.
— Ол... емес, апай, — деді дыбысы əрең шығып.
— Алғашында аңғармай қалған шығарсын. Қараңғыда кездесіп пе
едіңдер? — дедім сонда да сенбей.
Жоқ, сонша қараңғы емес болатын... Ол жасырақ болатын... Екеуіміз
танысқаннан кейін, менің ауылдан келгенімді білід де, өзін Бауыржан
Момышұлымын деп айтты. Менің бұрын Бауыржан туралы естігенім
болатын. Сол кісі осы екен ғой деп ойладым... Ол менімен ажырасарда:
əдірісім телефон справочнигінде бар, «М» əрпінен қарасаң табасың деді.
Үйде аға-жеңгем бар. Өзім болмасам, телефонды сол екеуінің біреуі алады
деді де кетіп қалды.
— Қай жерде кездесіп едіңдер?
— Максим Горький паркінде...
— Бойы қандай еді?
— Ол кісі сұңғақ бойлы, арықша келген қара сұр жігіт болатын.
— Басқа қандай белгілерін білесің?
— Ешқандай белгісін білмеймін, апай. Екі көзі жылтырап тұратын
сияқты еді. «Қалқам, айналайын» деп кісінің асты үстіне түсіп өліп кете


жаздайды екен. Парктің аузында таныса сала:
— Жүр, қалқам, ресторанға кіріп сусын ішіп шығайық, айналайын, —
деді... «Айналайын» деген сөзді ылғи созып айтады. Мен содан бері осы
үйге күнде телефон соғып жүрмін.
Қыз қызарып, бұл сөздерді жыларман болып айтты. Қыздың
алданғанын біліп, енді оған жаным аши бастады.
— Қарағым-ау, өзің ойламайсың ба: соғыстағы жас Бауыржан осы күнге
дейін жас қалыбында жүр дейсің бе? Бауыржан бұл күнде сенің əкең
құралпы кісі болған. Жаңағы өзіңе есік ашқан нағыз Бауыржанның өзі.
Көремін десең жүр, ертіп апарайын, — дедім.
— Жоқ, апай. Менің енді ол кісіні көрер бетім жоқ. Менің кетуіме
рұқсат етіңіз, — деп қыз орнынан тұрды.
Мен есікті ашып, қызды қоя бердім.
— Əй, қатын, ол кім екен? — деді Баукен дауыстап.
— Жақсыгүл.
— Жақсыгүл ме! Жаңа барамын деп əдірісті сұрап алып еді, не шаруасы
бар екен?
Мен Жақсыгүлдің жайын айттым. Мынау шала бүлінді де қалды. Неге
қазақтың жас жігіттері ауылдан келген қыздарды алдайды? Ұят, ар, намыс
қайда? — деп маған зірік-зірік етеді.
— Оны жігіттерден сұра, маған несіне күжілдейсің? — дедім.
— Жігіттің аты-жөнін біле ме екен өзі?
— Бауыржан деп тұр ғой.
Бұл маған ала көзімен қарады да, ештеңе демеді.
— Түрі-түсін біле ме екен өзі?
— Ұзын бойлы дейді, — дедім де ар жағын айтпай қоя қойдым. Қыздың


айтқан белгілерімен Баукең бет алды біреулерге тиісіп, ұят болып жүрер
деп ойладым. — Байтақ қалада бетіне қарап кімді танушы едің?
Бұл сөзге Баукең бөгеліп қалды.
— Сұрқиялар алдымен жұртқа қиянат жасайды. Содан кейін сыртыңнан
сенің атыңды сатады. Мұндай сұмдарға бір зауал жасау керек, — деп
Баукең біраз бұрқырап алды да, артынан сабасына түсіп, істеп отырған
жұмысына кірісті. Мен де басымды ұстап, жататын бөлмеге қарай
аяңдадым. Жаңағы кішкентай түрегеп жүргенге басым сынардай боп зырқ-
зырқ етіп. төсегіме əрең жеттім. Жақсыгүлі құрысын, қайдан тұрып едім
деп, қайтадан ыңқылдай бастадым.
Кəмəш күліп, осылай деп əңгімесін бітірді. Баукең тырс етпестен үнсіз
отырды. Мен Кəмəшпен қосыла жымидым да, дереу ол кісі айтқан əңгімеге
ат іздедім. Бұл менің əдетім. Біреудің əңгімесі ұнаса, оған алдымен ат
қойып аламын. Сөйтіп барып ойымда сақтаймын. Бұл əңгімеге «Жақсыгүл»
деген ат қойдым да ішімнен екі рет: «Жақсыгүл», «Жақсыгүл» деп
қайталап шықтым. Содан кейін Кəмəшқа бұрылдым.
— Апырау, Баукеңнің атын сататын да батырлар бар екен ғой.
— Бар-бар, — деді Кəмəш басып тез-тез изеп. — Мен Сізге мына бір
оқиғаны айтып берейін.
IV
— Бір күні Бауыржан екеуіміз қала араламақ боп такси шақырдық.
Шоферіміз ұйғырдың бір жас жігіті екен. Баукең соның қасында, мен артта
отырмын. Бір кезде мен:
— Бауыржан, мына магазинге кіре шығайықшы, — дедім. Мен
Бауыржан дегенде, таксист жігіт Баукеңнің бетіне жалт қарады. Содан
кейін де қайта-қайта қарағыштай берді.
Біз магазиннен шығып, Баукең қасына жайғасқаннан кейін таксист жігіт
машинасын жүргізуден бұрын Баукеңнің бетіне қарады да:
— Аға, Сіз шын Бауыржансыз ба? — деп сұрады. — Момышұлы
Бауыржансыз ба?


— Ол не керек саған? — деді Баукең қатқылдау үнмен. Шофер жігіт
күлді де, осыдан бір жыл бұрын өзінің бір жолаушыны тасып, қаланы күні
бойы аралатқанын айтты.
— Мен одан бір тиын ақша алмадым, — деді жігіт. — Өйткені ол «Мен
Бауыржан Момышұлымын!» деді. Атақты Бауыржаннан ақша алып не
болыпты маған?
— Неге алмайсың? — деп сұрады Баукең.
— Себебім бар.
— Қандай себеп?
— Менің əкем Ұлы Отан соғысында Бауыржан полкының жауынгері
болған. Əкем Бауыржанның батырлығын, солдаттарға деген қамқорлығын
аузынан тастамай айтып отырушы еді.
— Əкең тірі ме? — деді Баукең оған сəл бұрыла түсіп.
— Бертінде қайтыс болды, — деді таксист. — Бірақ мен оның Бауыржан
екеніне бір сөзінен шүбəланып қалып едім. Өйткені микроауданға қарай
бара жатқанда бір «Запорожецті» басып оздық. Сонда ол:
— Мен де осындай бір «Запорожец» алсам деп жүрмін, кезекте тұрмын,
— деп қалды.
— Бауыржанның «Волгасы» бар деп естіп едік қой, — дедім мен оған
жалт қарап.
Ол сəл қолайсызданып қалды да, содан соң күліп:
— «Волгамның» бары бар, оны өзім мінемін, «Запорожецті» балаларға
алып берейін деп едім, — деді.
Мен солай болса солай шығар дедім де қойдым. Сонымен міне бүгін
екінші Бауыржанды алып келе жатқаныма таң қалып отырмын.
— Екінші емес, бұл номер бірінші Бауыржан, — деді Баукең шоферға
даусын көтеріп.


Таксист «қайдан білейін» дегендей, басын шайқады.
— Тоқтат! — деді Баукең қатуланып.
Таксист те, мен де сасып қалдым. Ол дереу машинасын токтатты. Мен
Баукең түсемін деп əлек салып жүрмесе екен деп қылпылдап барамын. Жоқ
өйтпеді. Қалтасына қолын сұғып, паспортын суырып алды да:
— Мə, оқы, — деп шофер жігітке ұсынды.
Ол паспорттан Баукеңнің аты-жөнін оқып шығып, қуана бас изеді.
Содан кейін ол елбелек қағып қос қолын бірдей Баукеңе ұсынды.
— Əкем өлерінде Алматыға барсаң, менің командирім Бауыржанға
сəлем бер деп еді, — деді даусы дірілдеп.
Баукең таксист жігіттің қолын алып:
— Əкең иманды болсын, қарағым, — деді.
Содан кейін қайтадан ілгері қозғалдық. Мен де ішімнен «уһ» дедім.
— Анау Бауыржан қанша ақшаңды бермей кетті? — деп сұрады бір
кезде Баукең таксистен.
— Көп емес, ағай. Он сом ғана.
— Өзіңнің балаларың бар ма?
— Бар, ағай, екі балам бар.
Біз баратын жерімізге жеттік. Таксистің счетчигіне қарап едім, бес сом
екен. Соны төлейін деп сумкамды ашқалы жатыр едім, Баукең:
— Ей, қатын, маған жиырма сом бер,— деді.
Мен оны не қылады деп ойладым да, сумкамнан алып алдымен оның
сұраған ақшасын бердім. Одан кейін таксистке бес сом ұсынғалы
жатқанымда, Баукең:
— Қарағым, мынау былтырғы, жалған Бауыржан алдап, төлемей кеткен


он сомың. Мынаның бес сомы мына счетчигің көрсетіп тұрған біздің жол
ақшамыз. Қалған бес сомына менің атымнан балаларыңа базарлық апарып
бер, — деп жаңағы менен алған жиырма сомды тұтас таксистке ұсынды.
Шофер сасқалақтап, мен Сізден бір тиын да алмаймын деп еді, Баукең:
— Молчать! — деп ақырып қалды да, ақшаны оның алдына тастай
салды, — Бұдан кейін алданушы болма.
Осылай деп Баукең машинадан шықты да, есігін тарс еткізіп жауып
тастады. Біз қолтықтасып, ілгері кеттік. Бір кезде шофер де машинадан
шығып, қалбалақтап артымыздан қуып келді.
— Аға, қайтатын уақыттарыңызды айтыңыз. Мен сол сағатта келіп,
сіздерді үйлеріңізге жеткізіп салайын, — деді ол жалынғандай болып.
— Жоқ, — деді Баукең. — Өз жұмысыңмен жүре бер. Біз осы жақтан
бір машина алармыз.
Осы кезде баспалдақта дабырлай сөйлесіп, төменгі жақта жүрген
аурулар жоғары көтеріліп келе жатты. Солардың ішінен біреудің жігерлене
сөйлеген: «Біз, қарттар, өткен өмірдің ауыртпашылық, қиыншылықтарын
жақсы білеміз. Соның философиялық мəнін жастарға айтсаң «тыңдамайды
ғой, тыңдамайды» деген сөздері айқын естіліп тұрды. Баукең ол сөзге құлақ
салды да, маған қарап:
— Мынау сенің Дерпенің бе? — деді.
— Сол кісі.
— Жүр, Кəмəш, мені төменге түсіріп сал, — деп ол асыға орнынан
тұрды.
Баукең Кəмəшқа сүйеніп төмен қарай беттеді. Мен ілбіп өз палатама
келдім. Келе сала Баукеңмен бүгінгі кездесудің детальдарын қолма-қол сол
тұста жаңа бастап жазып жүрген блокнотыма көшіре бастадым. Ол
əңгімелердің əрқайсысының басына «Жақсыгүл», «Таксист», «Дерпен»
деген тақырыптар қойдым.
V


Аурухананың тəртібіне байланысты біз көбіне кешке қарай сөйлесіп
жүрдік. Бұл күні үшінші қабаттың вестибюлінде адам көп болып, жұрт бір
жағынан қабырғадағы автоматтан үйлеріне телефон соғып жатқандықтан
шырқымыз бұзылып, төменге түстік. Астағы неврология бөлімінің ескі
диванына келіп жайғаса бастадық. Осы кезде аурухананың көк ала халаты
сүйретіліп пұшпағына түскен біреу қалтиып келіп қасымызға тұра қалды.
Сөйтсек өзіміздің ағайынымыз, аудармашы, жазушы, қу тілді кісі
Əбдірашит Ахметов екен.
— Сендердің халдеріңді білу үшін демалыс сайын осында келемін, —
деп бастады ол сөзін, — Келген сайын карантин деп кеудемнен итеріп
кіргізбейді. Содан соң осы екеуіңнің — ол екеуімізді кезек нұсқады, —
халдеріңді білейін деп əдейі ауруханаға түстім.
Бұл əдемі əзілге Баукең екеуміз қосыла күлдік.
— Біздің көңілімізді дəл бүйтіп ешкім сұрап келген емес, — деді
Бауыржан көзінің жасын сүртіп.
— Білесің, білгеннен соң істейсің, — деп Ахметов те күлді. Бұл
қазақтың атақты академиктерінің бірінің аузынан шығып, жұртқа мəтел боп
кеткен «Білесің, білгеннен соң айтасың» дейтін белгілі сөзінің сəл
өзгертілген нұсқасы еді. Оған тағы да езу тарттық.
— Науқас кісіге күлкі де көмек, — деді Ахметов одан соң, — Екеуіңе
берген менің алғашқы жəрдемім осы болсын.
— Рақмет, Əбеке.
— Өзің қашан келдің? — деді Бауыржан.
— Осыдан бір сағат бұрын келіп, хирургия бөлімінің қырық төртінші
палатасына жайғастым.
— Не науқас?
— Баяғы бауыр. Бұл менің екеуіңнің көңіліңді сұрағаным, — деді
Ахметов əңгімені өзге тақырыпқа аударып. — Ал енді екеуіңді де
құттықтаймын.


— Не үшін, тағы да ауырып жатқанымыз үшін бе?
— Жоқ, — деді Ахметов алдымен Бауыржанның қолын алды. —
«Жұлдыз» журналындағы «Ақиқат пен аңыз» үшін, алмас қылышты
ешқашанда тот баспайтыны үшін, Бауке.
— Онда мынаны құттықта, — деді Бауыржан мені иегімен нұсқап.
Ахметов енді менің қолымды алды.
— Қызықтығы, бастасаң бас алдырмайтыны сондай, бір атым
насыбайдай бір-ақ қақтым. Рахмет саған.
— Ауруханада жатқан менің көңілімді көтеру үшін де мақтап жатқан
боларсыз, Əбеке. Оныңызға рахмет.
— Жоқ, шыным, — деді Ахметов саусағын шошайтып.
Автор. «Москва үшін шайқас» фильмінде Бауыржан ролінде өзіңіз неге
шықпадыңыз? Фильм сіздің кітап бойынша жасалғаннан кейін, онда
Бауыржан болып өзіңіз көрінгеніңіз жөн сияқты еді. Келешек ұрпақ
кітаптарыңызды оқып, атыңызды білгеннің үстіне өзіңізді кинодан көрсе
тіпті ғанибет болатын еді ғой.
Бауыржан. Оған шыдамым жетпеді. Алдымен Ілияс Омаров фильмнің
сценарийін көріп бер деп өтінді. Көріп берген емес, мен оны қайта жазып
шықтым. Бірақ киношылар менің жазғанымның жартысын ғана
қабылдады: өйтуге болмайды, бүйтуге келмейді, оны көрсетуге жарамайды
деп есімді шығарды. Ілияс марқұм Бауыржан боп өзің ойнасаң қайтеді,
дегенді де айтып еді. Енді мені артист етейін деп пе едіңдер, аулақ деп,
қолымды бір-ақ сермедім.
Осы кезде кешкі тамаққа шақырып сестралар келді. Біз бет-бетімізге
тарап, əрқайсымыз өз бөлім, палаталарымызға қарай кеттік.
VI
Тағы бір күні кешке Кəмəш палатаға бас сұғып, Баукеңнің вестибюльге
көтеріліп, мені күтіп отырғанын айтты.


Үйреншікті орынға келсем Баукең қолтығына бір қағаз папка қысып,
креслода темекі тартып отыр екен. Оның қасындағы бос орынға келіп мен
жайғастым. Біздің бұл кештегі əңгімеміз алдымен əзіл қалжың түрінде
басталды.
— Біздің бір жақынымыз, атақты артистің əкесі, сері, айтысқыш ақын,
əрі алғашқы совет болыстарының бірі болыпты, — деді Бауыржан əңгіме
бастап. — Олардың руы Алакүшік аталушы еді. Ол кісіні өзім жас кезімде
талай рет көрдім, əңгімесін де естідім. Қыздармен айтысқанда екі рет
жеңілдім деп отырушы еді.
Бір жолы өзіммен айтысқан қызды дөңгелентіп жеңуге аз-ақ қалып едім,
— дейтін жарықтық — Қасымдағы хатшым пұшық мұрын қара жігіт еді.
Жеңілемін-ау деп сасқалақтап отырған қыздың соған көзі түсіп кетіп, бір
кезде былай деп қоя бергені ғой:
Болысы біздің елдің Алакүшік,
Хатшысы қасындағы қара пұшық.
Ауылдық əйелдері, сақтаныңдар,
Кетпесін Ала күшік сүтіңді ішіп.
Осыдан кейін ауыз аша алмай тотидым да қалдым, — дейтін.
— Екінші рет жеңілгенім, — деуші еді ол кісі, — сақал мен мұрттың
əлегінен болды. Ол кезде жас адамдар да сақал мен мұрт қояды. Бір тойда
тағы да бір қызбен айтысып қоя бердім. Мен де соғып жатырмын, қыз да
жағаласып жатыр. Бір кезде қыз былай деді:
Қауғадай сақал-мұртың, кəрімісің? Кəрі болсаң қыздарға дəрімісің?
Мынау түр-сықпытыңа қарағанда, Адам ата жасынан əрімісің?
Оған менің былай деп жауап бермесім бар ма:
Ала қашып сөйлейсің жылқыдай ұрт,
Тебеген биедей боп бересің сырт.


Несіне сақалымды қазбаладың,
Қай жерге шықпайды бұл боқ жеген мұрт?
Осыған қыз шап ете түсіп, «мұртыңыз боқ жесе, аузыңыз не жейді?»
деп өлеңдетіп қоя бергені ғой. «Боқ жеген» деген екі-ақ сөзбен ұсталдым.
Оның орнына «қай жерге шықпайды бұл оңбаған мұрт» десем жетіп жатыр.
Қыз тырп ете алмайтын еді. Міне, бұл екінші жеңілгенім, — деп отырушы
еді ол кісі.
Жас кезде естігенің жадыңда жақсы сақталады. Сонау бозбала күнімде
сол кісінің аузынан қағып алған осы өлеңдер күні бүгінге дейін ойда келеді.
Кəмəш Баукеңе қарап:
— Ойға келеді демекші, көптен сізден жасырып келген бір əңгімем бар
еді.
— Жарайды, оны да айтайын, — деді Кəмəш күліп, — 1964 жылдың
жазында Семейдің Абай атындағы қазақ театры Алматыға гастрольге келді.
Семейліктер менің төркінім ғой. Баукең оларды тегіс қонаққа шақырды.
Үйге жиырма шақты артист жиналды.
Қонақтар ішіп-жеді. Əн салды, əзіл тарқатты. Кетуге ыңғайланды. Сол
кезде Бауыржан орнынан тұрды.
— Ал енді сендердің бəрлерің сонау Семейден келдіңдер, — деді
қонақтарға кезек көз тастап. — Семей — менің қайын жұртым, мына
Кəмəштің төркіні. Семей — Кəмəштің ғана емес, қазақтың театр өнерінің
төркіні. Ең алғаш сонау Шыңғыс тауының етегінде көтерілген қазақ
театрының қара шаңырағын арқалап келіп, алғашқы спектакль «Еңлік-
Кебекті» көрсетіп, астананың көрермен қауымын риза еттіңдер. Халық қол
шапалақтап, министрлер мақтап, газеттер мадақтап жатыр. Қайырлы
болсын!


Біз де разымыз. Разылығымыздың белгісіне... — деп бұл пиджагінің
ішкі қалтасына қолын сұқты. Мына шал не қылғалы тұр деп мен оған
қадалып қалыппын. Бірақ қалтасынан қолын суырмастан, сөзін əрі қарай
жалғады. — Осы отырған біреуің қайнаға, бірнешеуін, балдыз екенсің
маған. Тек Кəмəштің ғана төркіні деп емес, өнеріміздің төркіні,
театрымыздың төркіні деп, мен əрқайсыңның иығыңа шапан жабамын.
Мен өз көзіме өзім сенбедім. Сенбейтінім кеше ғана Бауыржан баспа
берген қаламақы деп, екі буда ақша əкелген. Он сомдықтар будасының
шетін бұзып, қонағасыға жұмсағанмын. Жиырма бес сомдықтар будасы
тұтас тұрған. Сол бүтін буданы қалтасынан суырып алып, белдеме қағазын
жыртты да, карта үлестіргендей етіп, əр қонақтың алдына төрт қағаздан
тастай бастады.
— Əрқайсыңа жүз сомнан. Шапан тіктірсеңдер де, костюм алып
кисеңдер де ерік өздеріңде, — деп шалым қарап тұр.
Ең соңында қолында бес-алты-ақ қағаз қалды. Оны желпуіш етіп жайды
да, маған қарай лақтырып кеп жіберді. Оны жинап алып жатып, ішім удай
ашып кетті...
— Ақша өз өңешіңді тығындау үшін ғана жиналмайды. Елін сыйлаған
ер жұтамайды. Ара-тұра дүниеден тарықпаған адам дүниенің қадірін
білмейді. Понятно тебе? Тат-та, тат-та, тат-тата! — деп Баукең оң жақ
иығына қарай басын бұрып əкетті. Мұнысы оның: «Бұл əңгіме бітті» дегені
еді.
VIII
Автор. Бауке, анада бір сөз арасында шетелден келген əйел жазушыны
қабылдадым деген сияқты едіңіз.
Бауыржан. Осыдан бірер жыл бұрын француздың бір жазушы əйелі
Алматыға келді. Ол əйелдің туған ағасы француз армиясының
подполковнигі екен. Қарындасының Москва арқылы Алматыға соғатынын
естіп, Момышұлына көре кел деп тапсырады. Арнап хат беріп жібереді.
Əйел Алматыға келіп, Жазушылар одағында болады. Одан мені
сұрастырады. Одақтағылар Момышұлы науқастанып үйде жатыр, мұнда


келе алмайды, жолыға алмассыз дейді. Əйел де бір айтқанынан қайтпайтын
жан болса керек. Ағасының аманатын орындау үшін қалайда маған
жолығуға тырысады. Мейманханада жатып телефон анықтамалығынан
менің əдресімді іздейді. Өзі орысша жақсы біледі екен. Кешке трубканы
алады да 2-20-44-ке телефон соғады.
— Айтыңызшы, тілеуіңізді берсін, бұл Момышұлының пəтері ме? —
деп сұрайды.
— Иə.
— Ол кісіні телефонға шақыруға бола ма?
— Болады.
Кəмəш келіп, сені бір шет ел акцентімен сөйлейтін орыс əйелі
телефонға шақырып тұр деді. Бұл кім болды екен деп ойлап, телефонға
бардым. Сөйтсем, сонау Франциядан келген жазушы əйел.
— Мен сізді көрмей Алма-Атадан қайтпаймын деп ағама уəде беріп
едім. Сіз науқастанып жатыр деп естідім. Сауығуыңызға шын жүректен
тілектеспін. Бірақ бірер минутқа болса да үйіңізге кіріп шығуға рұқсат
етуіңізді өтінемін, — дейді жалынып.
— Келіңіз, мадам, — дедім мен. — Бұрын ауырғаным рас еді. Қазір
тəуір болдым. Ертең қай уақытта келсеңіз де менің есігім ашық.
Ертеңінде түс ауа есіктің қоңырауы шылдырлады. Телефон соққан
француз əйелі екен. Қасында біздің Жазушылар одағы басшыларының
біреуі бар. Оларды төрге отырғыздым да, өзім қарсыдағы креслоға
жайғастым. Əйел алдымен қабылдағаным үшін көп-көп рақмет айтты. Мен
басымды изедім. Содан соң ол сумкасынан ағасының хатын алып, маған
ұсынды. Хатқа қарадым да:
— Мен французша білмеймін, мадам, — дедім.
Ол жалма-жан сумкасына қайтадан қолын сұғып, екінші бір қағазды
суырып алды.
— Ғапу етіңіз, полковник мырза, мен орысшасын қоса бермеппін ғой,


Сізге, — деп қағазды маған берді.
Оқысам француз подполковнигі маған жауынгерлік сəлем жолдапты.
Мен туралы кітаптан оқығанын, Совет Армиясы полковнигін өзіне ұстаз
көретінін айтыпты, тағысын тағылар. Хатты оқып болдым да:
— Ағаңызға рақмет. Менен жауынгерлік сəлем айтып барыңыз, —
дедім.
Əйел жымиып бас изеді де:
— Сізге бірнеше сұрау беруіме бола ма? — деді.
Осы кезде оның қасына еріп келген жазушы қазақша:
— Бауке, былай... қиқарланбай... дұрыстап... — дей беріп еді, мен оның
сөзін бөліп жібердім.
— Мадам қазақша білмейді, — дедім өзіміздің жазушыға ежірейе қарап,
орысша сөйлеп. — Мен французша білмеймін. Сондықтан біздің тек қана
орыс тілінде сөйлескеніміз жөн.
— Қазақтар француз əдебиетін оқи ма? — деп əйел бірінші қойды.
— Оқиды, мадам, көп оқиды, — дедім мен, — Француз əдебиетін
қазақтардың көпшілігі орыс жəне қазақ тілінде оқиды. Сонымен бірге
француз тілінде оқитын қазақтар да бар. Олардың саны əлі аз. Бірақ
түбінде
қазақтардың
көпшілігі
француз
əдебиетін
түпнұсқадан
оқитындығына мен Сізді сендіре аламын.
Əйел менің жауабымды қағазына жазып болғаннан кейін:
— Мадам, бəлкім Сіздің менің өзімнің француз əдебиетін оқитын,
оқымайтынымды білгіңіз келетін болар, — дедім.
Əйел үндемеді. Содан кейін мен орнымнан тұрдым да:
— Менің кітаптарымды көріңіз онда, — деп кабинетімнің есігін аштым.
Əйел орнынан ұшып тұрып кабинетке кірді де, бірден шкафтағы


кітаптардың түбіне үңілді. Үңілген сайын:
— О, Золя!
— О, Флобер!
— О, Бомарше!
— О, Анатоль Франс!
— О, Роман Роллан!
— О, Луи Арагон!
— Антуан де Сент-Экзюпери! — деп, əбден есі шығып кетті.
— Бұл сұрағыңызға қанағаттанарлық жауап алдыңыз ба, мадам? —
дедім мен.
Əйел басын изеді.
— Ендеше қайтадан жайғасып отырайық.
— Сіздің Франция президенті Де Голльге көзқарасыңыз қандай? — деді
əйел қайта келіп отырғаннан кейін екінші сұрағын айтып.
— Кубада болғанымда маған əскери адамдар саяси сұрақтар қойды.
Мəселен, АҚШ-қа қалай қарайсыз, ағылшындарды қалай көресіз? — деген
сияқты. Мен ешқандай саяси сұраққа жауап бермеймін дедім оларға. Менің
партиямның, Отанымның оларға көзқарасы қандай болса, менің де
көзқарасым сондай. Осыдан кейін кубалықтар маған саяси сұрақтар
бермейтін болды Ал Сіз əйел адамсыз ғой, сондықтан жауап берейін.
— Де Голль мырзаның саяси бағытына қосылмаймын. Бірақ өзін
Францияның адал ұлдарының бірі деп есептеймін, дедім.
— Қазақ əдебиеті туралы пікіріңіз қалай? — деді əйел бұдан соң.
— Өте жақсы, — дедім мен. — Ең арыдан келе жатқан өрелі, өрісті
əдебиеттің бірі. Мен кейбір əдебиет зерттеушілерінің қазақ əдебиетін
беріден бастап дамыды дегеніне қосылмаймын. Олай дейтінім қазақтың


батырлар жырын алыңыз. Олардың əрқайсысы дүние жүзіндегі ең озық
мұралармен таласа алады. Мəселен, қазақтың «Қобыланды батыр»
жырының жалғыз өзі ғана немістің «Нибелунгтар туралы», француздың
«Роланд туралы» жырларынан немесе карелдер мен финдердің «Калевале»
эпосынан бір де кем емес. Ал қазақтарда мұндай жырлардың жалпы саны
елуге тарта. Олардың көркемдік, күштілік, шешендік жақтарын бірер
аптаның
ішінде
ауызбен
айтып
жеткізу
киын.
Оларды
біздің
профессорларымыз университеттер мен институттарда бүкіл жыл бойына
талдап түсіндіреді. Ал осы ғажайып қаһармандық дастандардың жеке-жеке
авторлары болған. Бірақ бұл дастандар сонау көне заманнан келе
жатқандықтан олардың авторлары ұмытылып, жыр текстері ғасырдан
ғасырға ауызша ауысып отырған. Міне осындай улы шығармалар жазған
ежелгі қазақ ақындарының өз кабинеті болған. Олар осындай асыл
жырларды, тамаша мақал-мəтел, шешендік сөздерді, жұмбақ, жаңылтпаш,
əралуан айтыс өлеңдерін сол ғажайып кабинетте отырып жазған.
Француз əйелі маған қадала қарап бақырайып қалыпты.
— Сенбей отырсыз ба, мадам? — дедім мен оған.
Əйел басын изеді.
— Сіздің ата-бабаларыңыз көшпелі халық болған ғой. Көшпелі
халықтың ақынына кабинет қайдан келеді деп ойлап отырғаным рас.
— Жоқ менің халқымның арғы аталары бір кезде отырықшы ел болған.
Отырар, Тараз тəрізді ірі-ірі қалалары бар мəдениетті, білімді ол ел бүкіл
шығыс жұртының сауда орталығы боп тұрған. Кейін шетелдік
басқыншылар ол қалаларды ойрандап, елдің егіншілік мəдениетін
құрытып, халқын қайтадан көшпенді қауымға айналдырып жіберген.
Əңгіме ол туралы емес, əңгіме біздің ежелгі ақындарымыздың тамаша
шығармалар қалдыруына мүмкіншілік берген ғажайып кабинеті болғаны
жайында. Өзіңіз ойлаңызшы, мадам, кабинетсіз шығарма жазуға болмайды
ғой.
Əйел басын изеді.
— Қазақ ақындарының кабинеті шексіз-шетсіз кең дала, тамаша табиғат
аясы болған. Сол кабинетте отырып олар мөлдір көл, зеңгір тау, жұртқа
жайлы жерұйық мекен, ел қорғаны болған қаһарман батырлар жайлы


мəңгілік шығармалар тудырған. Сол кабинетте отырып олар күндіз самал
желмен сырласқан, түнде жымыңдаған жұлдыздармен тілдескен. Міне,
нағыз ақын үшін осыдан артық кабинет бола ма?
Француз əйелі мен біздің жазушы екеуі қосыла күліп жіберді.
— Мен қазіргі, іші дүние жүзі классиктерінің асыл мұраларына толы
кабинеттерді кемітіп отырғаным жоқ, мадам. Осы заманғы өнерлі елдер
данышпандары
қалдырған
өлмес
мұралармен
пара-пар
түсетін
туындыларды дүниеге келтірген көшпелі ел ақындарының кабинетін айтып
отырмын.
Енді əйел күлместен, ықыластана бас изеді. Содан соң ол жаңа сұрақ
қойды.
— Қазақтың жазуы қашаннан басталды?
— Өте ертеден.
— Тарихшылардың айтуына қарағанда қазақ жазуы арабтар жаулап
алғаннан кейін пайда болған сияқты ғой, — деді француз əйелі.
— Жоқ, одан да арыдан. Ежелгі атам заманнан-ақ қазақтардың жазуы
жəне мынаған ұқсас жазу аспаптары болған. — Мен саусағыммен үстел
үстіндегі екі жағында екі автомат қалам шаншулы тұрған приборды
нұсқадым. Қазақтар сол аспаппен ноталар да жазған. Кəдімгі музыка
нотасын жəне дипломатиялық ноталарды айтамын, мадам.
Қонақтарым тағы да маған таңдана қарады.
— Иланбай отырсыз ба, мадам?
— Иə,— деді əйел.
— Қазақтың жазу құралы міне мынадай болған, — деп мен креслоның
қасында тұрған домбырамды алып, шертіп-шертіп жібердім. — Қазақтың
асқақ ақындары мен əйгілі композиторлары өз өлеңдері мен музыкаларын
халықтың жанына, жүрегіне осы аспаппен жазған. Тілін түсінбейтін
басқыншы армияның алдынан шығып біздің ежелгі дипломаттарымыз бен
парламентерлеріміз осы домбыра үнімен жауап берген, оларға өз.


ультиматумын домбыра күйімен ұқтырған. Күй қазақтың жер қайысқан
қалың қолы бар екенін, олар жер бетінде бір жауынгер қалғанынша өзінің
туған жерін қорғайтынын, оларға туған жердің асқар-асқар таулары мен
күркіреген өзендері көмектесетінін айтқан. Қазақтың кең даласы келген
дұшпанның басына кебін боп кептелетінін білдірген. Есің барда елің тап,
кейін қайт деген. Міне бұл домбырамен осындай ноталар жазылған. Буған
дəлел қазақта «Ақсақ құлан» деген күй бар. Ол күйдің қысқаша тарихы
мынадай. Бір кезде қазақ жерлерін монғолдар басып алғаны белгілі. Сол
тұста Алтын орданың бір бөлігін Жошы хан билеп тұрған. Ол өзіңіз білетін
Шыңғысханның үлкен ұлы, белгілі Батый ханның əкесі. Сол Жошы ханның
бір баласы аң аулап жүргенде оны дала тағысы, хан ұлының оғы жаралаған
ақсақ құлан шайнап өлтіреді. Хан аңға кеткен ұлының кешіккенінен
күдіктеніп, оны іздеуге жер жайын білетін бір топ қазақтарды аттандырады.
— Егер ұлымды таппай қайтсаңдар, бəріңді де өлтіремін. Ал ол өлді
деген хабар əкелсеңдер, сол хабарды айтқан кісінің көмейіне ерітіп бір
бақыр қорғасын құямын! — дейді хан.
Хан жарлығы екі болмайды. Қазақтар іздеп келіп құланнан ажал тапқан
қатыгез хан баласының сүйегіне кездеседі. Олар сүйекті атқа теңдеп хан
ордасының сыртына алып келеді. Бірақ оны ханға кім айтуы керек.
Ешкімнің де көмейінен ыстық қорғасып жұтқысы келмейді. Сонда бір жас
қазақ батыры алға шығып:
— Өлсем көп үшін құрбан болармын. Бұл хабарды ханға мен
жеткізейін, — дейді.
Жас батыр бойындағы барлық қаруын шешіп тастап, (өйткені хан үстіне
қарумен кіруге болмайды), ордаға қарай жаяу аяңдайды. Батырдың
қолында шоқпар орнына осындай ғана, — мен домбыраны қолыма алып
көрсеттім, — қара домбыра кете барады.
Сыртқы жендеттерден өтіп, орданың ішіне кірген жас батыр ханның
алдына барып бас иеді.
— Баламды таптыңдар ма? — деп сұрайды хан.
— Таптық алдияр, — деп жас батыр тағы да бас иеді.
— Тірі ме, өлі ме?


Осы кезде жас батыр лəм деп аузын ашпастан, тізерлеп отыра қалады
да, қара домбыраны безілдете кеп жөнеледі. Жас батыр тартқан жаңа
күйден хан баласының желкілдеп аңға шыққаны, содан соң дүсірлетіп
құлан қуғаны, садақпен атып айғыр құланды аяғынан жаралағаны, ақсақ
құланның шоқақ-шоқақ желіп, қарайлай қашып бара жатқаны ақаусыз
танылып тұрады.Хан баласының ақсақ құланды құртпай қоймаймын деп
екілене шауып, қасындағы нөкерлерінен қара үзіп кеткені аңғарылады.
Домбырада үш аяқпен шоқақ қаққан құланның, оның соңына жеке түскен
төрт тұяқтың дыбысы ғана қалады. Кенет шоқақтаған құланның дүсірі
күшейіп, оның жалт бұрылып соңына түскен қуғыншыға тап бергені
білінеді. Сарт-сұрт тұяқ соғысып, құланның қылыштай тістерінің шақыр-
шұқыр еткені айқын аңғарылады. Сол кезде домбыра ішектерінен: «өлдім,
өлдім!» деген екі сөз адамның үнімен айқын естіледі.
Осы жерге жеткенде қара терге түскен батыр күйді кілт үзеді де,
домбырасын алдына көлденең қойып, ханға қайтадан бас иеді. Мінеки,
мадам, бұл бертінде, он екінші ғасырдың аяғы мен он үшінші ғасырдың бас
жағында болған оқиға. Жаңағы мен айтқан Жошы ханның бір мың екі жүз
жиырма жетінші жылы өлгені тарихтан аян. Ал қазақтың универсалды
аспабы домбыра арабтар басқыншылығынан əлде қайда бұрын болған.
Домбыраның жазу құралы болғанына сендіңіз бе енді?
— Сендім, — деді əйел. — Бірақ жаңағы қазақ батырының тағдыры не
болды, соны айта кетіңізші, тілеуіңізді берсін.
— Ол батыр тірі қалды. Өйткені Жошы баламды өлді деп естірткен
адамның аузына қорғасын құямын деген ғой. Ал батыр оған өз аузымен
ұлың өлді деп айтқан жоқ. Оны домбыраның үнімен, қазақтың өзіне тəн
жазу алфавитінің өрнегімен ұқтырды. Сондықтан хан күлкілдеп еріп тұрған
бір бақыр қорғасынды сол домбыраның шанағына құйғызды. Бірақ ол жас
батыр шапқыншылармен кезекті бір ұрыста қаза тапты.
— Жиаль, жиаль, — деді əйел басын шайқап.
— Алайда ол мəңгі тірі қалды. «Ақсақ құлан» күйі күні бүгінге дейін
тартылады. Ол қазақтың ұлт аспаптары оркестрінің орындауында бүкіл
дүние жүзін аралап шықты.
Қонақ əйелді төргі бөлмеге ертіп барып, бөлменің бір қабырғасын


жауып тұрған өзімнің туған апам тоқыған алаша-кілемді көрсеттім.
— Бұл фабрика тоқып шығарған дүние деп ойламаңыз, мадам. Менің өз
апайым мұны өз қолымен тоқыған.
Əйел алашаның неше алуан оюларына қарап, мүйіз-мүйіз өрнектердің
сызығын саусағымен қуалай сипалап, басын шайқап, біраз отырды.
— Айтқандарыңыздың бəріне де сендім, — деді содан кейін əйел
орнынан қозғалып. — Енді менің Сізге басқа қоятын сұрақтарым жоқ. Тек
бір ғана өтінішім бар: Сіз, маған өзіңіздің атақты кітабыңыз «За нами
Москваның» бір данасын бермес ес екенсіз. Бұл мен үшін, менің семьям
үшін баға жетпес үлкен сыйлық болар еді.
— Əбден болады, мадам.
Мен қол қойып, кітабымды бердім. Француз əйелі көп-көп рақмет
айтып, ризалықпен кетті.
Бірақ мен кешіргісіз бір қате жасаппын. Оны өзім ертеңіне аңғардым.
Ол қатем əйелдің ағасына, маған арнап хат жолдаған француз
подполковнигіне бір нəрсе беріп жібермеппін. Бұл қатемді кейін сезіп,
телефонмен ол əйелді іздестіргенімде, кеше кешкі самолетпен Москваға
аттанып кеткенін бір-ақ білдім.
Бұл əңгімені айтып болғаннан кейін Бауыржан орнынан тұрды.
Қолтығындағы қағаз папкасын алды да, маған ұсынды.
Бауыржан. Сен маған шетелдерден келген хаттардың көшірмелерін
көрсет деп едің ғой. Кеше балаларға айтып жіберсем Болгариядан келген
бір-екі хатты ғана тауып əкепті. Ішінде менің өзіміздің бір əскери
училищенің лейтенантына жолдаған жауап хатым да жүр. Бұларды
палатаңа апарып оқырсың.
Автор. Рақмет, Бауке.
Ертеңінде таңертең ертерек тұрып, кеше кешке Бауыржан берген
папканың бетін аштым. Хаттардың көшірмелерінің бəрі де машинкаға
басылған екен. Бірінші хатта былай деп жазылыпты:


«Қымбатты жолдас Момышұлы!
Осы жаңа ғана Александр Бектің «Волоколам тас жолы» кітабын оқып
шықтым. Кітапта Отан соғысындағы Сіздің алғашқы ұрыстарыңыздың
тарихы суреттеліпті. Егер мен дұрыс ұқсам, Сіз өз басыңыздан кешкен
оқиғаларды əрі шынайы түрде, əрі көркем етіп жазушыға баяндап
бергенсіз.
Міне, кітаптың соңғы бетін жаптым, бірақ Сіз менің көз алдымда
қалдыңыз. Сіздің батылдығыңыз, байсалдылығыңыз, ойшылдығыңыз бəр-
бəрі көкірегімде сайрап тұр...
Менің Сізге деген сүйіспеншілігімді айтып, Сізді шын жүректен
құттықтауыма рұқсат етіңіз.
Сіздің іс-əрекетіңіз, ой-қиялыңыз, қамқорлығыңыз, ұйқысыз өткерген
түндеріңіз жайында оқығанда мен нағыз командирдің қандай болуы
керектігін білдім...
Менің барлық жолдастарымның — болгар армиясы командирлерінің
Сізге деген алғысын қабыл алуыңызды өтінемін.
Біздің қуанышымыз жəне қуатты Совет Одағының даңқы үшін Сіздің
деніңіздің сау, көңіліңіздің сергек болуын тілейміз.
Болгар əуе күштері, Ұшқыш поручик
26 июль 1947 ж. Банкя қаласы». ЛИЛО ИВАНОВ НЕНОВ
Екінші хатты София қаласындағы Христо Ботев атындағы саяси
ротаның курсанттары «Волоколам тасжолы» кітабының авторына
жолдаған. Онда былай делінген:
«Қымбатты біздің жазушымыз Александр Бек!
...Генерал Панфилов пен Бауыржан Момышұлы сияқты ұмытылмас
образдар жасағаныңыз үшін біз Сізге шын жүректен алғыс айтамыз.
Соғыс туралы, жауынгерлік ерліктер жайында талай кітаптар жазылды,
əлі де жазылуға тиіс. Ал Сіздің кітабыңыз тек көркем шығарма ғана емес.


Біз үшін бұл кітап нұсқау, басшылық, біз күнделікті жұмысымызда осы
кітаптан үйренеміз. Егер біз бір іске кірісетін болсақ, онда ең алдымен,
«Біздің орнымызда Бауыржан болса ол қайтер еді?» деп ойлаймыз. Сіздің
кітабыңыз бізді қатал, бірақ əділ командир болуға үйретеді. Сондай болсақ
қана біз жас Болгар Халық Республикасы өзіміздің алдымызға қойған
міндеттерді ойдағыдай орындай аламыз».
Бұл хат 1947 жылы 10 майда жазылған. Оған сексен бір адам қол
қойған.
Мінеки, Баукеңнің белгісіз лейтенантқа жазған жауап хаты. Белгісіз
дейтінім хаттың текстінде лейтенанттың аты-жөні көрсетілмепті. Мүмкін,
бұл кітап орыс тіліне аударылып шықса ол лейтенанттың кім екені де
табылар. Бұл хатта «Волоколам тасжолы» кітабына байланысты жұртқа
мəлімсіз
бірсыпыра
деректер
айтылады,
Баукеңнің
бойындағы
қаталдықтың негізгі себептері көрсетіледі. Сондықтан мұны оқырмандарға
толық күйінде ұсынуды жөн көрдік. Бұл хат мынадай:
«Құрметті жолдас лейтенант!
Хатыңызға рақмет. Сіздің сұрақтарыңызға жауабым мынадай:
1. «Волоколам тасжолы» кітабын талқылау стенограммаларының, оған
берілген
рецензиялардың,
кітапқа
байланысты
келген
хаттардың
көшірмелерін Сізге жіберуге мүмкіндігім жоқ, оған шамам жетпейді.
Өйткені оқырмандардың лебіздері мен хаттары, сыншылардың пікірлері
орасан көп. Мəселен, «Волоколам тасжолын» жариялаған «Знамя»
журналының редакциясына соғыс кезінде тек менің атыма ғана жүздеген
хаттар келді. Повесть 1942-1943 жылдарда Москва қаласындағы
əдебиетшілер үйінде екі рет талқыланды. Ол талқылауларға екі жүз-үш
жүздей адам қатысты. Онда мен повестің біткен бөлімдерінің мазмұны
жəне оның жалғасына байланысты біздің істейтін жұмысымыздың
программасы туралы екі рет баяндама жасадым. Əр баяндамам бір жарым
сағатқа созылды. Ол талқылауларға қатысқан адамдар мыналар: өзіңізге
мəлім «Елу жыл сапта» кітабының авторы генерал А. А. Игнатьев, жазушы
В. Шкловский, жазушы Б. Лавренев, жазушы Николай Тихонов, СССР
Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымының
докторы, профессор А. М. Панкратова, профессор — əдебиет зерттеуші Е.
Н. Михайлов, байырғы революционер Елена Дмитриевна Стасова жəне


басқалар.
Сөйлеушілердің сөздерінің барлығы да стенография арқылы жазылып
алынды. Бірақ стенограмма менің қолымда жоқ. Мен Сізге сөйлеушілердің
көпшілігінің повесть жайында жақсы пікірде болғанын ғана айта аламын.
Бұдан басқа мен дүркін-дүркін кітаптың: ағылшын, француз, итальян,
неміс, қытай, болгар, чех, венгер, серб, румын, грек жəне басқа тілдерге
аударылған даналарын да алып тұрдым. Барлық басылымдарда да жақсы
алғы сөздер берілді. Олардың кейбіреулері Панфиловтың жəне менің
суреттерімізді
басты.
Осы
кітаптарды
оқыған
көптеген
шетел
оқырмандарынан да хаттар келді.
2. Сіз менен генерал Панфилов туралы өз естеліктерімді жазып жіберуді
сұрайсыз — бұл тілегіңізді орындау да оңай емес. Марқұм генерал туралы
менің естеліктерімнің бір бөлігі повестің жариялаған екі бөлімінде
айтылды, қалғаны осы кітаптың жалғасы боп табылатын кейінгі екі
бөлімінде жəне айттады. Ал бүкіл бір кітапта жазылған нəрсені екі-үш ауыз
сөзбен айтып, бір хатқа сыйғызу қисынға келмейді. 1942 жылдан бастап
генерал Панфилов туралы мен газеттерде əр кезде оннан астам мақала
жарияладым. Оларды екі-үш ауыз сөзге сыйғызу тағы да мүмкін емес.
3. Сіз тəрбиелеп жатқан шəкірттеріңіздің ересек адамдар екені, олардың
кітапта жазылған оқиғалар мен суреттелген қаһармандарға сын көзімен
қарайтыны өте жақсы. Ал жазушылардың қағидасы — оқушымен ұрыспау,
оның əрбір айтқаны орынды болса — құлақ асу, сөйтіп өз қатесін (егер
жіберген болса) келесі басылымдарда түзету. Өйткені жазушы оқушының
қызметшісі, ол өз шығармасын оқушы үшін, халық үшін жазады, соларға
қызмет етеді. Ендеше оның оқырмандар бұқарасымен есептеспеуге қақысы
жоқ. Əр шығарманың мақсаты — лұғат айту. Біз де алдымызға осы
мақсатты қойдық. Өз ұрпағымызға қатал соғыс шындығын асырмай,
боямай, сол болған қалпында айтып беруге тырыстық. Бұл үшін өзімізді де
аямадық, ұрыс майданында өз басымыздан өткен осалдықтарды да
жасырмай айттық. Біз өз алдымызға оқушыларға «кедір-бұдырсыз»,
күнəдан пəк тап-таза қаһарман ұсыну мақсатын қойғанымыз жоқ, оларды
өмірдегідей қарапайым, ординарлық қалпында көрсетуге тырыстық.
Біз оқырмандарға болған оқиғаны айтып, өзіміздің басымыздан өткен
жауынгерлік
өмірдің
нағыз
шындығын
баяндап
отырмыз.
Біз


қаһармандарымыздың басынан кешкен қателері оқырмандарға сабақ
аларлық үлгі, жақсылық қасиеттері өнеге болсын деп ойладық. Кітап əлі
аяқталған жоқ, сондықтан оның кемшіліктері мен жетістіктері туралы сөз
қозғау ертерек. Өзіңіз білесіз кітаптың бірінші тарауында мен өзімнің
қорыққанымды, ұрыс кезінде сол қорқынышты жеңу үшін көп күш
жұмсағанымды айтқанмын. Өзімнің бірсыпыра қателер жібергенімді мен
қазір де мойындаудан жасқанбаймын, ол қателерді өзгелер қайталамасын
деген мақсатпен қағазға түсіріп те жүрмін. Мен өзімнің əскери
жазбаларымды жазып жатырмын, оны сырттан бақылаушы болып емес,
ұрыстарға қатысқан куəгер, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып,
барлық ауыртпалықты арқалап өткен солдат ретінде толғаймын. Мен
титтей детальді де одан шығармаймын. Оның ешқандай қажеті де жоқ.
4. Сіз менің неліктен қатал болуымның себептерін сұрайсыз.
Қаталдығым кітаптағыдай екені рас, онда титтей əсірелеу жоқ. Мен сізге
өзімнің қаталдық дегенді қалай түсінетінімді ғана айтайын. Суворовтың:
«Əскер ойынында азапты көп көрсең — ұрыста қиналмайсың» деген сөзін
есіңізге түсіріңіз. Немесе В. И. Лениннің: «Жауды жеңу үшін қаһармандық
күрес керек, темірдей əскери тəртіп керек» дегенін ойлап көріңіз. Ленин
тағы бір сөзінде армияда əскери тəртіпті қолдамайтындарды опасыз жəне
сатқын деп атайды.
Солдатқа деген ең жоғары қамқорлық — оны əскери ойында аямау, оны
жорық
пен
жауынгерлік
өмірдің
барлық
ауыртпалықтары
мен
қиыншылықтарына төзімді етіп үйрету. Сонда ғана солдат ұрыстың
əдістері мен техникасын толық меңгеріп, шайқас даласында өзін суда
жүзген балықтай сезінеді.
Біз, əскери адамдар, көлденең көзге əдемі көрінетін парадқа емес, Отан
үшін өліспей беріспейтін қатал күреске əзірленеміз. Əскери оқу
орындарында біз бишілер əзірлеп, оларға əртүрлі балдарда билейтін би
сабағын бермейміз, жігерлі, өзіне де, өзгеге де талап қойған командирлер
əзірлейміз, оларды ұрыс даласында əрбір жауынгерге кездесетін
қиындықтарға төзе білуге тəрбиелейміз. Ал, бірақ, қаталдық мынадай екі
түрлі болады:
а) Ақылды қаталдық. Мұның мəнісі командирдің өзінен де, өзгеден де
уставта көрсетілген əскери дəстүр мен тəртіпті мүлтіксіз орындауын талап
етуі. Оларды өз борыштары мен қызмет міндеттерін дұрыс орындауға,


Совет елінің офицері мен жауынгері деген ардақты атты, дүние жүзіндегі
ең озат армия — Совет Армиясының офицері мен жауынгері деген жоғары
атақты құрметтей білуге баулу.
Біздің армиямыздағы тəрбиенің негізгі əдісі — сендіре білу. Бұл
бағыныштыны саналы тəртіпке баулып, оны əз міндетін ойланып,
байыппен орындауға үйрету деген сөз. Ал оны түсінбейтін кейбір
кертартпалар болса, онда бұл тəртіпке оларды зорлап көндіруден де бас
тартпаймыз. Біздің əскери заңдарымыз (уставтарымыз) офицерлерден ең
алдымен сендіре білу əдісін қолдануды талап етеді, сонымен бірге егер
қажет болса оларға еріксіз көндіруге де право береді.
ə) Ақылсыз қаталдың. Мұның мəнісі өзінің қызмет бабын жəне
солдаттың берген анты мен қызмет міндетіне байланысты командирдің
еркіне көнуге тиісті екенін пайдаланып қиянат жасау деген сөз. Мұндайлар
біздің армиямызда өте сирек кездеседі. Партия өзінің ұзақ жылдық тəрбие
жұмысының арқасында негізінен жоғары мəдениетті, өзінің қызмет
міндетін
жақсы
түсінетін
жан-жақты
білімді
офицерлер,
жауынгерлеріміздің идеялық жағынан ұстамды тəрбиешілерін даярлап
шығару ісіне жетісті. Атап айтқанда офицерлер кадрларын даярлау
жөніндегі бұл құрметті міндетті сіздің училище де орындап келеді.
Солдат болу да оңай жұмыс емес, командирдің əскерді тəртіптендіруі де
қиын іс. Ал соғысу одан да ауыр. Командир бағыныштыларға ғана емес, ең
алдымен өзіне қатаң, өзіне талап қойғыш болуға тиіс. Əскер тəртібін қатаң
сақтау, оны бағыныштылардың санасына сіңіру, əскери ант пен борышты
орындау, жауынгерлерді жақсы қасиеттерге тəрбиелеп, оларды соғыс ісіне
үйрету — командирдің қасиетті борышы.
Командирдің қаталдығы барынша əділ болып, қызмет бабындағы
қажеттік пен нақты, жағдайдың жалпы мүддесіне иемделуі тиіс. Командир
ешқашанда солдат-жауынгердің адамдық қасиеттерін қорламауы керек.
Өйткені біздің солдат саналы түрде қызмет атқарушы, əскери қызметке
байланысты өзіне кейбір шек қоюшылықтар болатынын түсінетін совет
адамы. Ол шек қоюшылық армиядағы жалпы жөн-жосық пен тəртіпті
нығайтуға қажет екендігін, оның негізгі мақсаты ұрыс даласында Отанды
қорғап қалуға бағытталғандығын совет жауынгері жақсы түсінеді. Біздің
совет адамы — өр адам. Ол жағымпаздануды, жалбақтауды, жəмпеңдеуді,
екі жүзділікті білмейді. Оның мырзасы жоқ. Ол құл емес, азат адам.


Офицер оған ең алдымен — аға жолдас, сондықтан ол совет адамы деген
атына сай бағынышты болуы үшін солдаттарды лайықты басқарып,
тəрбиелей білуі керек. Совет офицерінің міндеті осындай өр, саналы
солдаттарды тəрбиелеу. Командирлердің бұйрығы — бағыныштыға заң.
Бұйрықты ол жан-тəнімен орындауға тиіс. Əрбір бұйрықты командир жан-
жақты ойланып, нақты есепке негіздеп беруі қажет. Ешбір бұйрық қорлау
түрінде берілмеуі керек. Бағыныштылардың ары мен намысын қорлаған
адам тəрбиеші де, бастық та бола алмайды.
Сіздің жəне тəрбиеленушілеріңіздің барша табысқа жетуіне шын
жүректен тілектеспін. Жолдастық сəлеммен гвардия полковнигі 1951
жылдың 26 марты. Калинин қаласы».


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет