61-бап. Еңбек шартының тоқтатылуын ресімдеу 1. Жұмыс беруші - жеке тұлға қайтыс болған (сот қайтыс болды
деп жариялаған немесе хабарсыз кетті деп таныған) жағдайда еңбек
шартының тоқтатылуын және үй жұмыскерлерімен еңбек шартының
тоқтатылуын қоспағанда, еңбек шартының тоқтатылуы жұмыс
берушінің актісімен ресімделеді.
2. Жұмыс берушінің актісінде осы Кодекске сәйкес еңбек шартын
тоқтатудың негізі көрсетілуге тиіс.
3. Жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің
көшірмесі жұмыс берушінің актісі шығарылған күннен бастап үш
жұмыс күні ішінде жұмыскерге тапсырылады не оған хабарламасы бар
хатпен жіберіледі.
62-бап. Еңбек қызметін растайтын құжаттарды, сондай-ақ еңбек қызметіне байланысты өзге де құжаттарды беру 1. Жұмыс беруші еңбек шарты тоқтатылған күні жұмыскердің
еңбек қызметін растайтын құжатты беруге міндетті.
2. Жұмыс беруші жұмыскердің (оның ішінде бұрынғы
жұмыскердің) талап етуі бойынша, өтінішпен жүгінген кезден бастап
бес жұмыс күні ішінде мамандығы (біліктілігі, лауазымы), жұмыс
істеген уақыты және жалақы мөлшері көрсетілген анықтаманы,
жұмыскердің біліктілігі және оның жұмысқа көзқарасы туралы
мәліметтерді қамтитын мінездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Кодексте
көзделген басқа да құжаттарды беруге міндетті.
3. Жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған, банкроттыққа
ұшыраған, жұмыс беруші - жеке тұлға қызметін тоқтатқан кезде жұмыс
беруші жұмыскердің алдында берешегі болса, жалақы және өзге де
төлемдер бойынша қалыптасқан берешектің мөлшері туралы тиісті
түрде ресімделген анықтаманы беруге міндетті.
5-тарау. ЕҢБЕК ТӘРТІПТЕМЕСІ. ЕҢБЕК ТӘРТІБІ 63-бап. Еңбек тәртіптемесінің қағидалары 1. Еңбек тәртіптемесінің қағидаларын жұмыс беруші бекітеді.
2. Еңбек тәртіптемесінің қағидаларында жұмыскерлердің жұмыс
уақыты мен тынығу уақыты, еңбек тәртібін қамтамасыз ету
жағдайлары, еңбек қатынастарын реттеудің өзге де мәселелері
белгіленеді.