2.5.Педагогикалық зерттеулерді ұйымдастыру Педагогика саласындағы зерттеулер – бұл білім заңдылықтары,
оның құрылымы мен механизмдері, мазмұны, принциптері мен
технологиясы жөніндегі жаңа мəліметтерді алуға бағытталған ғылыми
ізденіс процесі жəне оның нəтижесі. Педагогикалық зерттеулердің
міндеті- деректер мен құбылыстарды түсіндіру жəне оларды алдын ала
болжастыру.
Бағытталу
тұрғысынан
педагогикалық
зерттеулер
іргелі
(фундаменталды), қолданбалы жəне болжам-жобалау (разработки)
деңгейіндегі болып үш топқа бөлінеді. Іргелі зерттеулер нəтижесінде
педагогиканың теориялық жəне практикалық жетістіктерін қорытушы
жалпы тұжырымдамалар алынады немесе болжам жобалаумен
педагогикалық
жүйелерді
дамытудың
моделдері
ұсынылады.
Қолданбалы зерттеулер – бұл педагогикалық процестің кейбір
тараптарын тереңдей тануға, алуан қырлы педагогикалық қызметтің
заңдылықтарын ашуға бағдарланған істер. Болжам жоба – бұрыннан
белгілі теориялық көзқарастарға негізделген нақты ғылыми-
практикалық ұсыныстар дұрыстығын дəлелдеп, оларды практикалық
айналымға қосу бағытында істелетін жұмыс.
Қалаған педагогикалық зерттеу көпшілік қабылдаған əдіснамалық
тиектерге орай жүргізіледі. Педагогикада олардың қатарына –
зерттелуге тиіс проблема, тақырып, нысан жəне оның дені (предмет),
мақсат, міндеттер мен болжамдар, қорғалуы тиіс идеялар – кіреді.
Педагогикалық зерттеулер сапасын танытушы негізгі көрсеткіштер:
зерттеу көкейкестілігі, жаңалығы, теориялық жəне практикалық
маңыздылығы.
Зерттеу бағдарламасы, əдетте, екі бөлімнен тұрады: əдіснамалық
жəне іс-əрекеттік (орындау-процедуралық). Алғы бөлімде тақырып
көкейкестілігі негізделеді, проблема нақтыланады, зерттеу нысаны мен
дені, мақсаты мен міндеттері айқындалады, негізгі ұғымдары
белгіленеді, зерттеу нысаны бастапқы жүйелі талдауға салынып,
қызметтік болжам жасалады. Ал екіншіде – зерттеудің стратегиялық
жоспары түзіледі, сонымен бірге ідер алды деректерді жинақтау мен
оларды іріктеудің реті жəне негізгі шаралары жасалады.