Ұлы дала тұЛҒалары қҰдайберген



Pdf көрінісі
бет1/43
Дата15.02.2017
өлшемі3,08 Mb.
#4165
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43

 

 



 

 

 

 

 

 

 

 

ҰЛЫ ДАЛА ТҰЛҒАЛАРЫ 

 

 

 

 

 

 

 

ҚҰДАЙБЕРГЕН 

ЖҰБАНОВ 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

АЛМАТЫ, 2013 

 

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті 



А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті 

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ғалымдар кеңесі баспаға ұсынған 

 

«Ұлы дала тұлғалары» сериясының редакция алқасы 

 

Филол.ғ.д., профессор М.Малбақов 



ҚР ҰҒА академигі Ә.Қайдар 

ҚР ҰҒА академигі Р.Сыздық 

ҚР ҰҒА академигі Ө.Айтбай 

Филол.ғ.д., профессор Т.Жанұзақ 

Филол.ғ.д., профессор Б.Әбілқасымов 

Филол.ғ.д., профессор Н.Уәли 

Филол.ғ.д., профессор А.Қ.Жұбанов 

ҚР ҰҒА корр.-мүшесі, филол.ғ.д., профессор З.Базарбаева 

Филол.ғ.д., профессор Ж.Манкеева 

Филол.ғ.д., профессор Қ.Рысберген 



 

Жауапты редакторлар: 

Филол.ғ.д., профессор А.Қ.Жұбанов 

Филол.ғ.к., доцент С.Құлманов 

 

Пікір жазғандар: 

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор – Т.Жанұзақ 

Филология ғылымдарының докторы, профессор – Ж.Манкеева 

Филология ғылымдарының докторы –  О.Жұбаева 

Филология ғылымдарының докторы – А.Жаңабекова 

Филология ғылымдарының кандидаты – С.Ш.Мадиев 



 

Құдайберген  Жұбанов  /  Жалпы  редакциясын  басқарған  филол.ғ.д.,  профессор 

М.Малбақов. –Алматы: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2013. – 448 бет. 



 

 

«Ұлы  дала  тұлғалары»  сериясымен  жарық  көріп  отырған  бұл  ғылыми-танымдық 

еңбекте  қазақ  тіл  білімінің  ғылыми-теориялық  негізін  салушы,  қазақ  филологиясының 

тұңғыш  профессоры,  ағартушы-ғалым,  қоғам  қайраткері  Құдайберген  Қуанұлы 

Жұбановтың  өмір  жолы,  қоғамдық  қызметі  баяндалады.  Қ.Жұбановтың  тіл  білімі 

саласындағы  еңбектері,  ғылымға  қосқан  жаңалықтары  мен  соны  тұжырымдары,  қазіргі 

ғылыми  парадигмамен  сабақтастығы,  теориялық  маңыздылығы  талданып,  ғалымның 

ғылыми  тілдік  тұлғасы  жан-жақты  ашылады.  Сонымен  қатар  ғалымның  көркем  әдебиет, 

публицистика,  әдістеме  салаларындағы  зерттеулері,  аудармашылық,  драматургтік, 

ақындық,  суретшілік  өнері  туралы  мәлімет  беріледі.  Ғалым  еңбектері  туралы  қорғалған 

диссертацияларға  шолу  жасалып,  жұбановтану  ілімінің  жалғастығы  баяндалады. 

Жұбановтар  әулеті  туралы  деректер  келтіріліп,  абзал  азамат,  ұлтын  сүйген  ұлағатты  ұл  

Қ.Жұбановтың азаматтық тұлғасын ашу мақсатында жарының, жақын туыстарының және 

көзкөргендердің естеліктері беріледі. 

Кітап тіл мамандарымен қатар, көпшілік оқырман қауымға арналған. 

 

 


 

СӨЗ БАСЫ 

 

Қарт тарихтың қай бетін ашсақ та, ұрпақ санасына ұлағат ұялатар сара 



жолдарға  ұласқан  соқпақтар  сайрап  жатыр.  Елі  мен  жерін,  діні  мен  тілін 

сақтап  қалу  үшін  жан  аямай  еңбек  етіп,  жанқиярлық  ерлік  көрсеткен 

тұлғалардың маңдай тері мен төгілген қанының табы айғызданған сүрлеулер. 

УАҚЫТ. АДАМ. ҚОҒАМ. 

ХХ ғасырдың басы... Қазақ елі... Тарих пен халық... Ұлан-байтақ жерде 

мамыражай өмір сүрген ұлы елдің ұлан-асыр өзгерістермен бетпе-бет келген 

кезі...  

Тарих  қазаққа  рухани  әлемімізді  асқақтатып,  дүниеге  танытқан 

таланттар беруден тарынбаған. Қараңыз, XX ғасырдың алғашқы ширегіне көз 

салсақ,  Әлихан  Бөкейханов,  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Смағұл  Сәдуақасұлы, 

Шәкәрім  Құдайбердіұлы,  Жақып  Ақбаев,  Халел  Ғаббасов,  Мұстафа  Шоқай, 

Әлімхан  Ермеков,  Құдайберген  Жұбанов,  Әміржан  Сытдықов,  Халел 

Досмұхамедов,  Жаһанша  Досмұхамедов,  Қошке  Кемеңгерұлы,  Елдес 

Омаров,  Телжан  Шонанов,  Нәзір  Төреқұлұлы,  Міржақып  Дулатов,  Сәкен 

Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ілияс Жансүгіров, Мағжан 

Жұмабаев,  Жүсіпбек  Аймауытов,  Бейімбет  Майлин,  Санжар  Аспандияров, 

Темірбек  Жүргенов,  Ахмет  Бірімжанов,  Бақтыгерей  Құлманов,  Әли 

Көтібаров,  Серәлі  Лапин,  Дінмұхамед  Сұлтанғазин,  Бақытжан  Қаратаев, 

Мәннан  Тұрғанбаев,  Ғұмар  Қарашев,  Мұхаметжан  Сералин,  Абдолла 

Байтасов,  Ұзақбай  Құлымбетов,  Ораз  Исаев,  Сүлеймен  Есқараев,  Жанайдар 

Сәдуақасов,  Мұхамеджан  Тынышбаев,  Қоңырқожа  Қожықов,  Сейітқали 

Меңдешев, Қабылбек Сарымолдаев, Қайсар Тәштитов, Жұмат Шанин, Рақым 

Сүгіров, Зарап Темірбеков, Тел Жаманмұрынов, Қажым Қасымұлы және т.б. 

сынды  алыптар  шоғырын  түйдек-түйдегімен  сыйлағаны  –  бір  бақыт 

қазағыма.  Ғылым  мен  өнерге,  мәдениет  пен  білімнің  өркендеп  өсуіне 

өлшеусіз зор үлес қосқан бұдан басқа да тұлғалардың еңбегі мен мирас еткен 

мұрасы ұшан-теңіз. 

Әттең!...  Қазақ  халқына  өзгерістер  әкелген  жаңалықтарға  жанталаса 

ұмтылған  ұлт  көсемдері  мен  сұңғыла  саңлақтары  құйтұрқы  саясаттың 

құрбаны болды... 

Бір  ғажабы  –  алаш  зиялыларының  қай-қайсысы  да  халқына  қалтқысыз 

қызмет  ете  жүріп,  ұлт  мерейін  асқақтатуға  ұмтылған  рухы  биік  жандар 

болатын.  Сондағы  сүйенері  де,  тірегі  де  –  қазақтың  тілі  мен  тарихы, 

мәдениеті мен өнері-тін. 

Бұл  турасында  бүгінгі  егемендік  тұсында  тарихи  да,  саяси  да  баға 

беріліп  жатыр,  ақиқаттың  ашылмаған, аршылмаған  қабаттары  әлі  де қазыла 

бермек. Ал біздің әңгімемізге тұздық болар мәселе – халқымыздың заманалар 

дүрбелеңіне төтеп берер бірден-бір қаруы – тілі деп жанұшырған ғалымдар, 

олардың мәңгілік мұралары. 

...1937  жылдың  күзінен  1957  жылдың  күзіне  дейін  жиырма  жыл  бойы 

нақақтан-нақақ  қараланып,  аталмай  келген,  қазақ  аспанында  «құйрықты 


 

жұлдыздай  жарқ  етіп  жоғалған»  ұлт  марқасқаларының  ішінен  қазақ  тіл 



білімінің  ғылыми-теориялық  негізін  қалаушы,  қазақ  филологиясының 

тұңғыш  профессоры  Құдайберген  Қуанұлы  Жұбановты  қайта  тану  60-70 

жылдардың  тұсында  көзкөргендердің  естеліктерін  жинаудан,  өмірбаянын 

тереңдей  зерттеуден  басталды.  Бұрын  жарияланған  еңбектері  әуелі  жеке 

мақалалар  түрінде,  60-жылдардың  соңында  академиялық  жинақ  болып 

жарыққа  шықты.  Ғалымның  жоғын  іздеуге,  халқына  қайта  табыстыруға 

мұрындық  болған  елеулі  бір  үндеу  академиктер  –  М.Әуезов  пен 

І.Кеңесбаевтың  «Қазақстан  мұғалімі  –  Учитель  Казахстана»  атты 

республикалық  газетте  1957  жылы  5  желтоқсанында  орыс-қазақ  тілдерінде 

жарияланған «Қазақ лингвистикасының негізгі салушы» – «Основоположник 

казахской лингвистики» (1) атты мақаласы болды. 

Ұлтымыздың данышпан жазушысы, адамзаттық гуманистік идеяны паш 

еткен  өкілдерінің    бірегейі  –  ұлы  Мұхтар  Омарханұлы  Әуезов  профессор 

Қ.Жұбановқа  арнаған  «Ірі  оқымысты»  атты  мақаласында:  «...Құдайберген 

Қуанұлы  Жұбанов  –  туған  жер,  өскен  еліне  шынайы  ой-арманымен, 

қалтқысыз  көңілі,  ақаусыз  білімімен  танылған  адал  азамат,  ардақты  ғалым 

еді...»,  –  деген  болатын  (2,  358).  Кемеңгер  ойшылдың  бұл  сөздері 

Қ.Жұбановтың  көзін  көрген  үзеңгілестері  мен  шәкірттері  ғана  емес,  ғалым 

бейнесімен оның еңбектері арқылы ғана танысқан кейінгі ұрпақ өкілдерін де 

бей-жай  қалдырмасы  хақ.  Ғалымның  атына  жағылған  ақтаңдақ  аршылып, 

қалдырған  қазынасы  халқына  қауышқанда  ұлт  зиялылары,  замандастары, 

шәкірттері еңбектерін екшелей отырып, баға беріп жатты.  

Солардың  бірі  –  академик  Әбдуәли  Қайдардың:  «Профессор 

Құдайберген  Жұбанов  –  өзінің  қысқа  ғұмырында  бір  өзі  бір  академиялық 

институттың атқаратын жүгін көтерген майталман ғалым» (3, 6), –  деген ойы 

ғалымның биік мәртебесін айғақтап тұр. Шынында да, Қ.Жұбановтың сонау 

өткен  ғасырдың  20-жылдардың  ортасынан  бастап,  30-жылдардың  соңғы 

ширегіне  дейін  тындырып  кеткен  істері  бұл  күнде  терең  де  өрісті  ғылыми 

ойларға өзек болып отыр.  

Құдайберген  Жұбановтың  өмірбаянын  сөз  еткенде  өткен  ғасырдың 

алғашқы  онжылдықтарындағы  қазақ  зиялыларының  қоғам  өміріне  белсене 

араласып,  әлеуметтік  жүктерді  қоса  арқалағанын  айтпай  кетуге  болмас, 

әрине.  Өйткені  ар-ұжданы  биік,  көкірек  көзі  ашық  алдыңғы  саптағы 

зиялылар  тобы  әрдайым  әлеуметтік  істердің  басынан  табылуды,  қоғамның 

мәдениеті  мен  рухани  өмірінің  барлық  саласына  аянбай  қызмет  етуді 

өздерінің азаматтық борышы санады. 

Қ.Жұбанов  ағартушы,  мәдениет  және  қоғам  қайраткері,  қазақ 

баспасөзінің  алғашқы  қарлығаштарының  бірі  атанып,  ғылым  кенін  еңсерді, 

қазақ  филологиясының  тұңғыш  профессоры  атанды.  Ғалымның  ҚазПИ-де 

лекция  оқып,  кафедра  меңгерушісі,  кейін  декан  қызметтерін  атқара  жүріп, 

КСРО  Ғылым  академиясы  Қазақ  филиалының  лингвистика  секторының 

меңгерушісі  (қазіргі  Тіл  білімі  институты),  «Қазақ  тілінің  академиялық 

сөздігінің»  бас  редакторы,  Қазақ  КСР  Халық  ағарту  комиссариаты 


 

жанындағы  Методика,  программа,  оқу  құралдары  секторының  меңгерушісі, 



Мемлекеттік  термин  комиссиясының  төрағасы,  термин  комиссиясы 

бюллетенінің  редакторы,  «Ауыл  мұғалімі»  журналының  бас  редакторы, 

Халық  ағарту  комиссариаты  коллегиясының  мүшесі,  Ұлттар  мәдениеті 

институты  Ғылыми  кеңесінің  мүшесі  болып,  бірнеше  жұмысты  бірдей 

атқарғаны  ет  пен  сүйектен  жаралған  адам  баласының  қолынан  келер  іс 

дегенге  қайран  қалмасқа  шара жоқ.  Бірнеше  ғылыми-зерттеу  институтының 

басшылары атқаратын міндетті Қ.Жұбановтың бір өзінің арқалауы ғалымның 

өз  халқы  үшін  жанын  аямай  еңбек  етуі  болса,  екінші  жағынан,  ол  кезде 

Қ.Жұбановтай оқыған әрі тума таланттардың тапшылығынан деуге болар. 

1930 жылдардың бас кезінде жергілікті түркі тілдес республикаларда тіл 

білімін  көтеру,  ұлт  кадрларын  даярлау  мақсатында  сол  республикаларға 

жұмыс  істеуге  орталықтан  (Мәскеуден)  түркітанушы  ғалымдарды  жіберу 

дәстүрі  болған.  Мысалы,  Өзбекстанға  В.В.Решетов  пен  И.А.Батмановты, 

Қырғызстанға 

К.К.Юдахинді, 

Қарақалпақстанға 

Н.А.Баскаковты, 

Түрікменстанға 

А.П.Поцелуевскийді 

жіберген. 

Бірде 

профессор 



Н.А.Баскаковтан  жас  зерттеушілердің  бірі:  «Сіз  өзіңіздің  ғылыми 

жолыңыздың  басында  неге  қазақ,  қырғыз  тілдерінен  гөрі  қарақалпақ  тіліне 

көбірек  көңіл  бөлдіңіз?  Былай  қарағанда,  тілдер  өзара  өте  жақын  ғой, 

бәлендей  қиындық  тудырмайтын  еді  ғой»,  –  деп  сұрағанда,  ол  кісі: 

«…Сіздерде А.Байтұрсынов, Н.Төреқұлов, Қ.Жұбанов сияқты алыптары бар 

бүкіл әлем мойындаған керемет лингвистикалық мектеп тұрды ғой…», – деп 

жауап  беріпті.  Атақты  түркітанушының  Қ.Жұбановты  «әлем  мойындаған 

лингвистикалық  мектептің»    маңдайында  тұрған  алыптардың  қатарында 

атауы  сол  кездегі  түркологияда  ғалымның  қандай  рөл  атқарғанын,  оны 

түркология әлемінің қаншалықты мойындағанын көрсетсе керек. 

Қ.Жұбановты  қайта  тану  ісін  туған  інісі,  академик  Ахмет  Жұбанов, 

академик  М.Қаратаев,  А.Ысқақов,  Ғ.Мұсабаев,  М.Балақаев,  Р.Сыздық, 

Ә.Қайдар  т.б.  бастап,  ғылымдағы  жас  буын  одан  әрі  жалғастырды. 

Алғашында  «қазақ  тіл  білімінің  негізін  қалаушылардың  бірі»  деп  аталған 

Қ.Жұбановтың  кейіннен  сол  ғылымның  теориялық  негізін  салған  бірегей 

оқымысты  екені  анықталды.  Одан  әрі  Қ.Жұбановтың  қазақ  тілінің  аясымен 

ғана шектелмей, ана тіліміздің тарихын зерделеу арқылы түркология әлеміне 

қалам  сілтеген  ғалым  екені  де  мойындалды.  Зерттеу  жұмыстары  одан  әрі 

тереңдей түскенде Қ.Жұбановтың тек түркология аясында ғана қалып қойған 

зерттеуші  емес,  әлемдік  тіл  біліміне  де  құлаш  жайып,  үндіеуропа  тіл  білімі 

мен шығыстануды, яғни ориенталистиканы ұштастыра білген ғалым екендігі 

дәлелденді. «Қ.Жұбанов ғылым айдынының қай бағытын ұстанды?» дегенде, 

оның  дәстүрлі  лингвистиканың  барлық  салаларын  қамти  зерттегені,  көне 

мәдениет  көздерін  этнолингвистикалық  таным  тұрғысынан  зерделегені, 

сандық  ұғымдарды  мол  пайдаланатын  математикалық  лингвистиканың 

алғышарттарын  белгілеп  кеткені,  тіл  тарихын  халық  тарихының  терең 

қойнауларынан  іздестіру  үшін  ескі  орхон,  араб,  латын  жазуларын  қамти 

отырып,  жапон  тілінің  иероглиф  жазуын  игеру  арқылы  қытай  иероглифін 



 

зерттеуге,  сөйтіп,  тарихтың  өне  бойында  жатқан  деректерге  жол  салуға 



ұмтылған майталман екендігі де мәлім болды. 

Қазақстан 

Республикасы 

Білім 


және 

ғылым 


министрлігінің 

бастамасымен және мақсаттық қаржыландыруымен қолға алынған «Ғылыми 

қазына»  пәнаралық  бағдарламасының  «Ұлы  дала  тұлғалары»  сериясы 

аясында  А.Байтұрсынұлы  атындағы  Тіл  білімі  институтының  ғалымдар 

ұжымы  дайындаған  бұл  еңбекте  қазақ  тіл  білімінің  дүниеге  келуі  мен 

теориялық тұрғыда қалыптасуы жолында адал еңбек еткен абзал жандардың 

бірегейі – Қ.Жұбановтың өмір жолы мен қызметі турасында «Тұғырлы тұлға 

тағдыры»  атты  тарауда  жан-жақты  ақпарат  беріліп,  қайраткер  қызметі 

құжаттар  тілімен  баяндалды.  Аталған  тарауды  жазу  барысында  алғашқы 

жұбановтанушы,  академик  Р.Сыздықтың  «Ғалым-азамат»  (4)  және 

К.Кенжебаев  пен  Ә.Оралбайдың  «Құдайберген  Жұбанов»  (5)  еңбектері 

пайдаланылды.  Тарауды  құрастырғандар  –  Қ.Жұбановтың  әке  жолын  қуып, 

тіл  ғылымын  таңдаған  кенже  ұлы,  филол.ғ.д.,  проф.  Асқар  Құдайбергенұлы 

Жұбанов,  жұбановтанушы,  филол.ғ.к.  Ж.Сұлтан,  филол.ғ.к.,  доцент 

С.Құлманов. 

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген тараудың «Қ.Жұбанов 

–  ғылым  көгінің  жарық  жұлдызы»  атты бөлімінде қазақ  тіл  білімінің  ғалым 

негізін қалаған салаларға (филол.ғ.к., доцент С.Құлманов), фонетика («Бірде 

бәсең,  бірде  қатаң»,  филол.ғ.д.,  проф.  З.М.Базарбаева),  морфология  («Сөз 

материалының  түр  сипаты»,  филол.ғ.д.,  проф.  Ж.Манкеева,  филол.ғ.д. 

А.Ә.Жаңабекова,  филол.ғ.д.  О.Жұбаева),  синтаксис  («Қиынын  тауып 

қаламасаң...»,  филол.ғ.к.,  доцент  С.Құлманов),  жалпы  тіл  теориясы 

(«Тілтаным  теориясы  туралы  тұжырымдар»,  филол.ғ.д.,  проф.  Б.Хасанұлы), 

терминология («Толғауы тоқсан термин сөз», академик Ө.Айтбай, филол.ғ.д., 

проф.  Т.Жанұзақ,  филол.ғ.д.  Қ.Айдарбек,  филол.ғ.к.  Б.Жонкешов), 

орфография  және  әліпби  («Әліпби  деп  алаңдап,  емле  деп  елеңдеген», 

филол.ғ.д., 

проф. 


Н.Уәли, 

филол.ғ.д. 

Қ.Күдеринова, 

филол.ғ.к. 

Н.Әміржанова),  ономастика  («Атаулардың  астары»,  филол.ғ.д.,  проф. 

Т.Жанұзақ,  филол.ғ.д.,  проф.  Қ.Рысберген)  салаларына  қатысты  еңбектеріне 

ғылыми талдаулар жасалады. 

Профессор  Қ.Жұбановтың  қазақ  тіл  біліміне  қатысты  зерттеулері  көп 

уақыт бойы құрылымдық лингвистика тұрғысынан қарастырылып келгендігі 

белгілі. Алайда ғалымның қамшының сабындай қысқа ғұмырында қалдырып 

кеткен  мұраларына  тереңірек  үңіле  қарап,  қазіргі  тіл  білімінің  даму  бағыт-

бағдары,  ұстанып  отырған  концепциялары  тұрғысынан  көз  тастасақ,  бүгінгі 

ғылыми  ой-тұжырымдардың  «мен  мұндалап»  жатқандығын  аңғарамыз.  Осы 

орайда  «Соны  сүрлеу»  тарауы  (филол.ғ.д.,  проф.  А.Жұбанов,  филол.ғ.д., 

проф. Ж.Манкеева, филол.ғ.д., проф. Қ.Рысберген, филол.ғ.д. А.Жаңабекова, 

филол.ғ.к.  С.Құлманов,  филол.ғ.к.  Ж.Сұлтан,  филол.ғ.к.  Ғ.Ермекбай) 

Құдайберген  Қуанұлының  ғылыми  мұрасының  қазіргі  ғылымдағы  маңызы 

мен жалғастығына, сабақтастық сарынына арналды. 



 

Қ.Жұбановтың  көрнекті  лингвист-ғалым  бола  отырып,  көркем  әдебиет 



мұхитына сүңгіп («Көркемдікті көздеген көреген көз», академик  Ө.Айтбаев, 

филол.ғ.д.,  проф.  Т.Жанұзақ,  филол.ғ.д.,  проф.  Ж.Манкеева),  публицистика 

айдынында  жүзгені  («Қараңғыға  «Ай»  туғызған  қаламгер»,  Ә.Оралбайдың 

«Құдайберген 

Жұбановтың 

публицистикасы» 

атты 

кандидаттық 



диссертациясы  негізінде  дайындаған  –  кіші  ғылыми  қызметкер 

А.Барменқұлова),  оқыту  әлемінде  шарықтағандығы  («Ұстаз-ғалымның 

ұшқыр  тағылымы»,  педагогика  ғ.д.,  проф.  Ф.Оразбаева),  аудармашылық 

өнері  («Тәлімгер  тілмаш»,  академик  Ө.Айтбай,  филол.ғ.д.  Қ.Айдарбек, 

филол.ғ.к.  Б.Жонкешов,  кіші  ғылыми  қызметкер  Е.Бесіров),  драматургтік, 

ақындық,  суретшілік,  оюшылық  қабілеті  туралы  («Құдай  берсе,  құлай 

береді», Р.Сыздықтың «Ғалым азамат» және К.Кенжебав пен Ә.Оралбайдың 

«Құдайберген  Жұбанов»  атты  еңбектерінің  негізінде  дайындаған  – 

филол.ғ.к., доцент С.Құлманов) «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты тарау кеңінен 

сыр  шертеді.  (Тарауларға  тағылған  атаулар  Құдайберген  Қуанұлының  өз 

сөздерінен  және  Құдайберген  Қуанұлына  қатысты  айтқан  ғалымдар 

сөздерінен алынғандығын айта кеткен жөн). 

Әрине,  Қ.Жұбановтың  ғалымдық,  әдіскерлік,  көсемсөздік  және  т.б. 

қырларын осы еңбек толық ашып береді деуден аулақпыз. Өйткені ғалымның 

ғылымдағы  ғұмыры  әрі  қарай  зерттеле  бермек,  жұбановтану  ісі  жалғаса 

бермек.  Осы  тұста  «Өшпес  мұра»  тарауында  ғалымның  еңбектері  туралы 

қорғалған  диссертацияларға  шолу  жасалып  (филол.ғ.к.  Ж.Сұлтан), 

Қ.Жұбанов  атындағы  Ақтөбе  мемлекеттік  университеті  жанындағы 

«Жұбановтану» 

зертханасының 

(зертхана 

меңгерушісі, 

филол.ғ.к. 

А.Е.Жұбанова),  Ағайынды  Жұбановтардың  мемориалдық  мұражайының 

қызметі  (Мұғаджар  аудандық  Ағайынды  Жұбановтардың  мемориалдық 

мұражайының директоры Ұ.К.Мұхамбетова) баяндалды. 

Кітаптың  «Жұбановтар  жұлдызы»  тарауы,  атынан  көрініп  тұрғандай, 

профессор  Құдайберген  Жұбановтың  дарыны  дарып,  қазақ  халқының 

ғылымы  мен  мәдениетінің  төрінде  есімдері  шоқжұлдыздай  жарқыраған 

Жұбановтар  әулетіне  арналды  (филол.ғ.д.,  проф.  Т.Жанұзақ).  Ал  соңғы 

«Есімі  ел  есінде»  тарауында  абзал  азамат,  ұлтын  сүйген  ұлағатты  ұл  –

Қ.Жұбановтың  азаматтық  тұлғасын  жарының,  жақын  туыстарының  және 

көзкөргендердің естеліктері арқылы келер ұрпаққа таныту мақсаты көзделді. 

Еңбекті  даярлау  барысында  осы  шығармашылық  топтың  жетекшісі  – 

филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қ.Жұбанов пен жұмыстың 

жалпы  корпусын  даярлап,  стильдік  өңдеуден  өткізген,  жиналған 

материалдарды  «Ұлы  дала  тұлғалары»  сериясына  бейімдеген  филология 

ғылымдарының  кандидаты,  доцент  С.Құлмановтың  ерекше  еңбек 

сіңіргендігін айту керек. Тіл білімі институты аталмыш еңбек материалдарын 

жинауға,  жазуға,  өңдеуге  және  баспаға  ұсынуға  қолғабысын  тигізген  барша 

шығармашылық ұжым мүшелеріне зор ризашылығын білдіреді.  

 

 



 

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі 



институтының директоры, филология  

ғылымдарының докторы, профессор 

М.Малбақов 

 

ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА ТАҒДЫРЫ



1

 

 

Тамыры терең тектілік 

 

Қ.Жұбановтың  әкесі  Қуан  Жұбанұлы  Кіші  жүз  ішіндегі  Әлім 



тайпасының Бұжыр аталығынан өрбіген Шекті деген белгілі рудан тарайды. 

Оның  өз  жұрты  «Назар»  деп  аталады.  Туып  өскен  жері  –  Мұғалжар  тауы, 

Жем-Темір  өзендерінің  бойы,  Ақтөбе  өңірі.  Дүниеге  келген  мезгілі  1873  не 

1874 жыл болуы керек.  

Қазақтың  тарихын  таразылай  қарасақ,  қай  кезеңде  де  көсіліп  жатқан 

шұрайлы  далаға  көз  алартушылар  аз  болмаған  деуге  болады.  Әсіресе, 

Қазақстанның  Батыс  аймағында  жаугершілік  көп  болған.  Сондықтан 

қазақтың ат жалын тартып мінген ұл баласы шетінен қолына қару алып, елін 

қорғауға дайын тұрғандығы ақиқат. Ел арасына тарап кеткен «Шекті шетінен 

батыр»  деген  сөз  –  осының  айғағы.  «Ақтабан  шұбырынды,  алқакөл 

сұламаны»  қазақ  қалай  ұмытсын?!  Қалмағың,  шүршітің,  түрікпенің, 

башқұртың, орысың, ноғайың – бәрі де – ол заманда жерімізге көз алартқан 

«ері  етігімен  су  кешіп,  аты  ауыздықпен  су  ішкен»  заманда  Шектілердің 

шетінен  батыр  болмасқа  амалы  бар  ма?  Қуан  да  сол  батыр  –  Шектінің  бір 

ұрпағы.  

Әріректен бастасақ ... Әуезден Жәнібек атты жалғыз ұл туады. Жәнібек 

біреу  болса  да,  бірегей  болыпты.  Сөзге  шешен,  зерделі,  елін  аузына  қарата 

білген. Халық оны бірде – би, енді бірде – батыр деп атайды екен. Ол да тегін 

емес.  Өйткені  Жәнібектің  бәйбішесінен  Атан,  Тайлақ,  Қожа,  Қойлақ, 

Шалабай  деген бес ұл  туса,  Мыңқой  атты  екінші  әйелінен де  бес  ұл  туады. 

Олар  өз  руының  атына  шешесі  Мыңқойдың  атын  қосып  атап,  «Мыңқой 

Әуез»  дейтін  ел  болып  таралады.  Осындай  көп  ауылдың  қожасы  болған 

Жәнібек  билік  те  жүргізген,  жалпақ  елді  өз  уысында  да  ұстай  білген 

саясаткер әрі көреген қолбасшы болған. 

Кіші  жүздің  ханы  Әбілқайыр  қаза  болғаннан  кейін,  орнына  баласы 

Нұралыны  хан  сайлатпақ  болып  Бопай  ханым  ордаға  әр  елдің  басшыларын 

жинағанда,  сол  жиынға  Жәнібек  те  барған  екен  дейді  елдің  көнекөздері. 

Халықтың  қолдауы  қажет  болғанда,  елін  соңына  ерте  алатын  Жәнібектей 

адамды  ханымның  шақырғаны  рас  та  болар.  Жәнібектің  ұлы  Тайлақ  та 

батырлығымен  есімі  ел  аузында  қалған  адам.  Ол  талай  жаумен  айқасып 

жүріп,  түрікпендермен  болған  бір  қақтығыста  қаза  болады.  Сол  ұрыста  ол 

                                                           

1

Қ.Жұбановтың  өмірі  мен  қызметіне  қатысты  алғашқы  жұбановтанушы,  академик  Р.Сыздықтың  «Ғалым-



азамат»  (2004)  және  К.Кенжебаев  пен  Ә.Оралбайдың  «Құдайберген  Жұбанов»  атты  (2000)  еңбектері 

пайдаланылды. 



 

күшіне қоса, айласын да қолданып, аз әскермен көп қолды жеңген екен дейді 



айтушылар.  Ұрыс  теңіз  жағасына  жуық  Мұғалжардың  етегі  жазыққа 

айналған  жерде  болса  керек.  Қасында  шамалы  ғана  жігіті  бар  Тайлақ  қаша 

ұрысып,  жауды  судың  жиегіне  әкеледі.  Осы  кезде  тығылып  тұрған  қолға 

кездесіп,  жау  жеңіледі.  Амал  не,  есіл  ер  елге  оралмайды.  Сол  жазыққа 

жерленіпті.  Тайлақтың  артында  Батырбай,  Ерубай,  Қондыбай  деген  үш  ұл 

қалады.  Батырбай  жасынан  әкесіндей  батыр  болуды  армандайды. 

Найзаласып,  қылыштасып  үйренеді.  Ат  үстінен  түспейді,  қасына  қайратты 

жігіт-желең  жинайды.  Есет,  Дәрібайлармен  де  бірге  талай  жорыққа 

қатынасады.  

Батырбайдың  ақсауыты,  құрал-сайманы  Жұбанның  кіші  баласының 

үйінде  кеңес  заманына  дейін  сақталып  келген  екен.  Тек,  1929  жылы  түн 

ішінде  Ақжардың  суы  көтеріліп  кетіп,  ауыл  адамдары  бала-шағасын  аман 

алып  шығады  да,  көптен  бері  ақ  сандықта  жатқан  сауыт-саймандар  қалып 

қояды. Ақжар суы оны қай жағаға ағызып апарғанын кім білсін?! Бұл деректі 

Тәпеннің бәйбішесі Балбөпе әжей айтыпты...  

Батырбайдың  заманы  патшалық  Ресейдің  қазақ  даласын  жаулап  алуға 

шындап  кірісе  бастаған  кезі  болатын.  Және  көршілес  башқұрттар  мен  Еділ 

бойының қалмақтарын да үнемі қазақ еліне айтақтап отырған-ды. Ақ патша 

сол саясаты нәтижесінде қазақ жерін өзіне қаратып, Жем мен Елек бойына әр 

жерден  бекіністер  тұрғыза  бастаған.  Батырбайға  ерген  қайратты  ел 

азаматтары  үнемі  аттан  түспей,  жортуда  күн  кешіпті.  Қора-қора  қой,  үйір-

үйір жылқы мен сиырларды ауылдан алыс, сай-салада жасырып бағады екен. 

Ауыл сыртына күзет қояды, қыр басынан қарауыл қарайды... 

Зеңбірекпен  келген  патша  жендеттеріне  найзамен,  қылышпен 

жарақтанған  қазақ  қолдары  қашанғы  төтеп  берсін?!  Нәтижесінде  патша 

әскерлері  жеңіп  тынады.  Ресейдің,  Украинаның  аш-жалаңаш  шаруаларын 

отаршылар  жалаң  аяқ  айдап,  қазақ  жеріне  толтырып  жібереді.  Босып  келіп, 

атақоныстың 

шұрайлы 

жерлеріне 

қоныстанушыларды 

қазақтар 

«қарашекпен»  деп  атапты.  Осының  барлығы,  бір  жағынан,  қазақ  елінің 

шырқын  бұзса,  екінші  жағынан,  тың  көрініс  әкеледі.  Қазақ  даласында 

бекіністер  көбейеді,  теміржол  салынады.  Елдің  жайлауы  мен  қыстауы 

шектеледі.  Дәл  осы  кезде  өмір  сүрген  Батырбай  баласы  Жұбан  өзінше 

шешімге  келеді.  Жұбан  жасында  мұсылманша  оқыған,  аздап  орыс  тілін  де 

үйреніп,  орысша  өз  бетімен  сауаттанған  екен.  Ол  «Шұрайлы  жеріміз  бен 

суымыздан айырылып қалмау үшін біз де бір жерге тұрақтайық, үй салайық, 

егін  егейік»,  –  дейді.  «Қаракөл»  деген  жерге  поселке  салған  орыстармен 

танысып,  Терентий  атты  жігітпен  достасып,  «тамыр»  болады.  Жұбанның 

заманында  жергілікті  қазақ  ауылдары  мен  орыс  переселендерінің  арасында 

жерге,  суға  таласқан  ұсақ-түйек  қақтығыстар  болып  тұрған,  бірақ  олар  сол 

жергілікті жердің көлемімен ғана шектелген. 

Жұбанның екі ұл баласы болады. Үлкені – Қуан, кішісі – Тәңірберген (ел 

арасында Тәпен атанып кеткен). Жұбанның бұл екі ұлы да – мұсылманша да, 

орысша да сауатын ашқан адамдар. Тәпен Темір-Орқаш өңірінде 1918 жылға 


10 

 

дейін  болыс  болған.  Ол  1919  жылдың  жазында  қайтыс  болады.  Тәпеннен 



Нұрша (Нұрадин) атты жалғыз ұл, Батима, Рақима атты екі қыз туады.  Қуан 

ел  ағасы,  ақылгөй  адам  болған.  Қуаннан  Құдайберген,  Ахмет  және 

Мұхаммеди атты үш ұл, Аққат, Дәмет, Ақиба атты үш қыз туады.  

Ал қазіргі Мұғаджар ауданының Ақжар атты өлкесінде орта шаруа Қуан 

Жұбанұлының  шаңырағында  1899  жылдың  желтоқсаны  ішінде  дүниеге 

келген Құдайберген кейін келе, бүкіл қазақ халқының даңқты перзенттерінің 

біріне  айналып,  аты  алашқа  таралды.  Ел  ішінде  оның  замандастарының, 

үлкен-кіші  ауылдастарының  аңыз  боп  есінде  қалған  бір  ерекшелігі  бала 

жасынан білімге құштарлығы болған. Жасы 90-нан асып дүние салған туған 

анасы Бибішынар  Тағыбергенқызының және басқа да ауыл ақсақалдарының 

естелігі  бойынша,  дарынды  Құдайберген  есейе  бастағаннан-ақ  жазу-сызуға 

ұмтылған. Бұның үлкен қоғамдық-әлеуметтік сыры да болатын. Өйткені ХІХ-

ХХ  ғасырдың  өларасында  дүниеге  келген  жас  заман  дүмпуін  ерте  сезінген. 

Ол өзіне дейінгі қазақ қоғамының идеалы болған бозбалалық, сауықшылдық, 

әнші-күйшілік,  серілік  салттарды  қызықтамай,  жаңа  ХХ  ғасырдың  аяқ 

алысына  ілесіп,  өнер-білім  қуған.  Бұған  жаңа  заманның  беталысынан  мол 

хабары  бар  әкесі  мен  ағалары  да  себепші  болғанға  ұқсайды.  Өйткені  ол 

кезеңнің өнерлі, іскер адамдары орыс-ноғай қалаларын аралап, кейбіреулері 

шетелдерге    шығып,  өнер-білім  іздеп,  кәсіпкерлікпен  айналысуды  дәстүрге 

енгізе бастаған. 

Қ.Жұбановтың туған інісі, белгілі композитор академик Ахмет Жұбанов 

өз  естеліктерінде  Жұбан  балалары  Қуан,  Тәңірбергеннің  үлкен  үй,  кіші  үй 

болып отырған екі шаңырағы сол екі ғасырдың арасындағы өтпелі кезеңде өз 

балаларын  тек  мұсылманша  емес,  жәдит  үлгісіндегі  жаңа  білімді  игеруді, 

сонымен  бірге  орыс-татар  тілдерінде  шығып  тұратын  баспасөз  хабарларын 

оқып-біліп  отыруды  күнделікті  өмір  салтына  айналдырғанын  айтады. 

Сондықтан Жұбан ауылының жастары сол маңайдағы өңге аймақтардан гөрі 

оқу-білімге  ықыласты  болғанға  ұқсайды.  Қуан  шаңырағында  14  бала 

болыпты.  Байтақ  қазақ  сахарасында  туып,  өсіп-өнген  өз  замандастарының 

басындағы жағдай жас бала Құдайбергеннің де басында болғаны сөзсіз. 

 



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет