«Бірде бәсең, бірде қатаң»
(Қ.Жұбановтың фонетика саласындағы еңбектері жайында)
Профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов туралы тілші-ғалым
Ә.Жүнісбеков: «Қазақ тілінің дыбыс жүйесін түгел қамтып, оның жан-жақты
ғылыми сипаттамасын берген ғалым қазақ тілінің фонетикасын пән ретінде
қалыптастырған санаулы қайраткерлердің бірі болды», – (28, 193) деп жазуы
тұңғыш профессордың қазақ фонетикасындағы орнын айқындап тұр. Ғалым
жазған «Қазақ тілі грамматикасының» арнаулы фонетика бөлімі – осыған
айқын дәлел. Бұл еңбекте дыбыс, дыбыстың саны мен сапасы, дауысты-
дауыссыздар, олардың артикуляциясы мен акустикасы, дыбыстау
61
аппараты, буын, сингармонизм, екпін түгел сөз болады. Сөйтіп, еңбектің
фонетика бөлімі бас-аяғы бүтін жүйелі тарауға айналған.
Зерттеуші Н.Сәдуақас профессор Қ.Жұбановтың қазақ фонетикасы мен
оның терминологиясына қатысты ғылыми мұраларына жан-жақты талдау
жасап, ғалымның қазақ тілі дыбыстарының саны мен сапасы, олардың
жіктелуі, буын, сингармонизм, фонетика терминдері жөнінде тұжырымдары
мен пайымдауларын қарастырды. Зерттеуші ғалымның ғылыми мұрасына
баға бере отырып, «Қ.Жұбановтан бұрынғы тілші ғалымдар фонетиканы
дыбыс жайындағы ғылым деп түсінетінін, бірақ табиғаттағы (күн күркіреуі,
арба сылдыры т.б.) адамнан тысқары, қоғамдық қажеттіліктен тумаған
(түшкіру, қырылдау т.б.), қоғамдық (музыка т.б.) және бір тілде
сөйлеушілерге түсінікті (малды шақыру, жел шақырғандағы ысқыру т.б.)
дыбыстарды фонетика тексермейтінін айтып, адамның пікір алысып,
сөйлеуге қызмет ететін тіл дыбыстарын ғана өзінің зерттеу объектісі ететінін
ескертеді дейді. Ол ғалым: «Фонетика – дыбыс тілі дыбыстарының тілдік
қасиеттерін тексеретін ғылым», – деп, проф. Қ.Жұбановтың қазақ
лингвистикасында алғаш рет фонетиканың зерттеу объектісін көрсетіп
бергендігін айтады (29).
Қазақ фонетикасын зерттеуші А.Байтұрсынұлы, Ж.Досмұхамедов,
Қ.Жұбанов ана тілінің дыбыс жүйесін көкірек көзімен түйсіну әдісін қолдана
отырып, қазақы фонетика ғылымының негізін салды. Бұл жолда үшеуі де
аянбай күресті. Мысалы, Қ.Жұбановша: «Үндестік заңы ...дыбыстардың
...ымыраласуы». Ол қазақ тілінің іргелі үндесім заңдылығын сақтауға
атсалысты: «...объявляние войны против сингармонизма, как часто
поступают ученые мужи из ВЦКНА (Всесозный Центральный комитет
нового (латинизированного) алфавита – Б.Хасанұлы), равносильно
объявлению войны против агглютинативного строя так называемых урало-
алтайских языков», – деді.
Қазақ тілі дыбыстарының буын ішінде үндесіп барып сөз құрайтынын
аңғарған Қ.Жұбанов «қазақ тілі – буыншыл тіл» деп соны жаңалық айтқан
болатын. Ғалымның «Ауыл мұғалімі» журналының 1934 жылғы 2-нөмірінде
жарық көрген «Буын жігін қалай табуға болады?» деген мақаласында буын
жайындағы айтқан пікірлерінің маңызы артып, бүгінгі күні тілшілер
ұстанатын қағидаға айналды деуге болады: «Қазақ тілінің табиғатын дұрыс
тану үшін буын жүйесін жете білу керек. Буынды жақсы білмесең, емленіде
білмейсің: сөз тудыру, сөз түрлендіру сияқты морфология негізін де ұға
алмайсың, буынды білмейінше, сөз екпіні (ударение), сөз сазы (интонация)
секілді сөйлем жүйесіне қатысты тіл құбылыстарының да сырына қана
алмайсың, буынды аңғармасаң, ажарлап сөйлеу, әсерлеп оқусияқты
сабақтарды да дұрыс алып бара алмайсың; буын жайына қанық болмасаң,
өлең құрылысының негізімендұрыс таныс бола алмайсың... Буын жүйесі
қай тілде де белгілі орын ұстамақ. Әсіресе, қазақ тілінде оның маңызы
өзгеше, артықша».
62
Проф. Қ.Жұбанов буынды тілдің көп қырлы, күрделі құрылымдық
жүйесі деп таниды да оған мынадай сипаттама береді: 1) буын мен емленің
байланысы; 2) буын мен сөз тудыру; 3) буын мен сөз түрлендіру; 4) буын мен
сөз екпіні; 5) буын мен сөз сазы (интонация); 6) буын және сөз мәнері
(«ажарлап» сөйлеу, «әсерлеп» оқу); 7) буын және өлең құрылысы.
Міне, ғалымның буынды орталық ұғым ретінде ала отырып, оны тілдің
өзге жүйелерімен байланыстыруын тіл (язык) және сөз (речь) тұрғысынан екі
топқа бөліп қарауға болады. Біріншісі – буын тілдік (языковой) құрылым:
(структура) буын мен сөз тудыру, сөз түрлендіру, сөз екпіні, сөз сазы
(интонациясы). Екінші – буын сөз (речь) жүйесімен тығыз байланысты
құбылыс: буын мен емле (жазба сөз элементі); буын және сөз мәнері
(ауызша сөз элементі), буын және әсерлеп оқу, яғни жазба мәтінді (тексті)
(письменная речь) ауызша мәтінге (текске) салу.
Қ.Жұбанов дыбыс, буын, сөз, сөйлем дегендердің тіл тарихында
дүниеге келіп, шығуын бұлайша танып келудің себебі не деген мәселеге
жауап береді:
Бірінші себеп – дыбыстар бір кездері, қазіргідей басы ашық,
бөлектенген емес, бұлардың да жігі ашылмаған кезі болған шығар-ау деп
ойға алмау;
Екінші себеп – еңбек техникасы өркендеп, кірпіштерден үлкен-үлкен
үй салып жатқанымыз сияқты, айналаға технология көзімен қарауға
үйрендік, сөйтіп дыбыс та қаланып, кірпіш сияқты, сөз жасайтындай
көрінеді;
Үшінші себеп ретінде жазу үйренгенде әуелі дыбыстан бастап, сосын
барып сөз жазу, бізді дыбыстар тілдің кірпіштері деп түсінуге итермелейтінін
айтады (29).
Тіл білімінің фонология саласы ең күрделі де қызықты
проблемалардың бірі саналады. Кез келген ғалым бұл салаға бара алмайды,
себебі фонология – бір жағынан, нақты (математика сияқты), екінші
жағынан, абстрактылы ілім. Қазіргі кездің өзінде де фонология саласын тілші
ғалымдардың бәрі түгел игерді деп айта алмаймыз. Себебі қазақ
фонологиясы әлі пән ретінде қалыптаспаған және жоғары оқу орындарына
енгізілмеген. Қазақ фонологиясының алғашқы зерттеулері профессор
Құдайберген Жұбановтың есімімен тығыз байланысты. Қ.Жұбановтың қазақ
фонетикасына арналған тұжырымдамалары (дыбыстардың жіктелуі, олардың
акустика-артикуляциялық сипаттамасы, буын мәселесі, үндестің заңы) тілші-
мамандарға етене таныс.
Қ.Жұбановтың қазақ фонологиясының негіздерін салып, кейінгі
ұрпақтарға өз пайымдауларын танытып кеткендігі – тілші-фонологтар үшін
үлкен медеу. Қазақ фонетикасы мен фонологиясын зерттеуде ғалым бағалы
үлес қосты деп толық сеніммен айта аламыз. Түркі тіл білімінде де фонема
туралы түсініктерді алғаш енгізген Қ.Жұбанов болды. Ғалым фонеманы
дыбысқа қарағанда өзінің әртүрлі фонетикалық ортада байқалатын әртүрлі
реңктерімен және қасиеттерімен ерекшеленетінін, яғни сөздер мен
63
тұлғаларды ажырата алатын дыбыстық тип бірлігі ретінде танып, ал
фонеманың реңкін сол фонема өзі іске асатын жеке бір дербес бөлік болып
табылатын шынайы айтылатын дыбыс ретінде түсінген. Қ.Жұбанов
фонеманың сырын, оның дыбыстан айырмашылығын дұрыс байқағандығын
баса айтуымыз керек.
Қазақ тілінің дыбыс құрамын, дыбыстау мүшелерін, дыбыстардың
саны мен сапасын жете зерттеп, ғалым фонологиялық заңдылықтарын да
ескерген. Фонемаға түсінік бере отырып, ғалым қазақ тілінің дыбыс жүйесін
фонология тұрғысынан қарастырған. Бір сөздің екінші сөзден өзгеше болуы
үшін оның бір-ақ фонемасы басқа болуы керек, фонеманың ең негізгі
ерекшелігі – оның мағына айқындау қасиеті деп білген. «Сөз ішіндегі
дыбыстардың бәрін өзгерту шарт емес, біреуі өзгерсе де өзге сөз болады.
Мысалы, мал, шал деген екі сөздің ұйқастығы м, ш дыбыстардан
басқаларының бірдей болғандығынан, м, ш бөлек дыбыс дейміз. Олар сөздің
мағынасын өзгертті, басқа дыбыстарды өзгерткен жоқ. Сөз бөлшектерінің
дыбыстары бірдей болса, мағынасы да бірдей болмақ», – дейді ғалым.
Ғалымның дыбыстардың мағына ажыратушылық қасиеті туралы бұл ойлары
қазақ фонетикасы үшін маңызын жоймақ емес.
Профессор Қ.Жұбановтың бұл тұжырымдамалары еуропалық тілші-
фонологтардың пікірлерімен сабақтасып жатыр. Фонема мен дыбыс өзара
функционалды жағынан ажыратылады: дыбыс бір мағыналы материалдық
тұрғыдан ерекшеленсе, фонема көп мағыналы материалдық қасиетімен
белгіленеді. Фонеманың дискредитациясы лингвистикалық бірлік ретінде
парадигматика деңгейінде жүзеге асады, ал дыбысты бөлшектеу, оның сөз
ағымынан бөлініп алынуы синтагматикалық деңгейде қарастырылады.
Фонологияның негізгі заңдылықтары, дыбыс пен фонеманың байланысы
және олардың арақатынасы жайындағы жалпы мәселелері Қ.Жұбанов
еңбектерінен көрінеді. «Әр сөзде бірнеше дыбыстан болғасын, сөйлеген
сайын бірнеше дыбыстан шығара беру керек болғасын, дыбыстың жалпы
санының ұшы-қиыры болмайды. Бірақ, сөзде кездесетін дыбыстың бәрінің
бірдей сапасы әр түрлі бола бермейді. Бір дыбыстың өзі әлденеше рет
оралып соғып отырады. Кім сөйлесе де, не сөйлесе де, қанша сөйлесе де, бір
сөйленген сөз болса, ондағы сапасы әр түрлі дыбыстар белгілі мөлшерден
аспайды», – дейді ғалым. Сондай-ақ ғалым фонологиялық бірліктің
ерекшелігін дұрыс түсініп, оның тоналды тілдерінде тонема (ән)
атқаратынын айтады: «Ән Қытайда фонема орнына жүреді. Ма қытайша –
ағаш, шиша, жылқы деген үш сөзді білдіреді. Ол мағыналарды ма сөзінің
үш түрлі әнмен айтылуына қарап айырамыз. Олардың айтылулары:
коңыр+ашшы; қоңыр+қоңыр; ашшы+қоңыр; ашшы+ашшы болып келеді.
Біз ал деген сөзді сыбырлап айтсақ та, дауыстап айтсақ та бәрібір бір
мағынада қолданамыз. Африкада Боспен (Бушмен) деген халықта составы
(құрамы), дыбыстарының тәртібі де бірдей бір лебізді сыбырлап айтса бір
мағынаны білдіреді; дауыстап айтса, екінші мағына береді. Демек, біз бұдан
әр тілдің әнді пайдалануы да түрліше болатынын аңғарамыз». Ғалымның
64
еңбегінен келтірген бұл сөздер оның дыбыс табиғатын терең түйсік арқылы
тани білген биік эрудициясын көрсетеді.
Фонетиканың ең басты мәселесі – тілдің фонемалар жүйесін,
фонемалар құрамын айқындау және оларға қатысты заңдылықтарды жүйеге
түсіру. Осы талаптар Қ.Жұбанов зерттеулерінде де негізгі нысанаға
алынғанын көреміз. Ол қазақ тілі дыбыстарын акустика-артикуляциялық
ерекшеліктеріне қарай топтап, дыбыстың саны мен фонологиялық қызметін
анықтауға көп көңіл бөлген.
Белгілі бір тілдегі дыбыстың фонемалық қасиеті екінші бір тілде
өзгеше түрде, басқаша айтқанда, фонема бола алмайтын дәрежеде кездесуі
мүмкін. Дауыссыз дыбыстар қазақ және орыс тілінде жуан-жіңішке болып екі
топқа бөлінеді. Бірақ олардың жуан-жіңішкелігі функционалды жағынан
бірдей емес. Орыс тілінде жуан дауыссыз – бір фонема, жіңішке дауыссыз –
екінші фонема. Мысалы: мел – мель; мол – моль сөздерінде
[л]дыбыстарының жуан-жіңішкелігі сөздердің мағынасын ажыратып тұр.
Қазақ тілінде дауыссыздың жуан-жіңішкелігі сөздердің мағынасын
ажырата алмайды, себебі бұл дыбыстардың фонематикалық қасиеті жоқ,
олар орайласып бір дыбыс типін құрайды да басқа фонемаларға қарама-
қарсы қойылады. Мысалы, [bol – b'öl']; [tol –t'öl'] деген сөздер
дауыссыздардың жуан-жіңішке айтылуы арқылы ажыратыла алмайды, олар
сөз ыңғайына қарай, бірде жуан, бірде жіңішке болып, қасында тұрған
дауысты дыбыстар әсерімен ажыратылады, сонымен дауыссызының екі
вариацияда көрініс табуы көршілес дауыстыларға байланысты. Бұл
дауыссыздардың жуан-жіңішкелігінің фонологиялық мәні жоқ. Орыс тілінде
дауыссыздардың жуан-жіңішкелігі сөздердің мағынасын ажыратып, айырым
белгі болып саналады, мысалы: [кон] (бір жол ойын), [кон'] (жылқы); және
[тест], [тест'] деген сөздің де мағыналары жуан және жіңішке дауыссыздар
арқылы ажыратылады.
Дауыссыздардың аталған қасиеттері Қ.Жұбановтың назарынан тыс
қалмаған, осыған байланысты ғалымның пікірін келтірейік: «Жуан-
жіңішкелікті пайдалану да түрлі-түрлі болады. Мысалы, бірде жуан, бірде
жіңішке болып келетін дыбыстар орыста да, бізде де, шуашта да бар,
бірақ солардың өзі әр түрлі: орыстың жуан л дыбысынан біздің жуан л-мыз
жуанырақ, орыстың жіңішке л дыбысынан біздің жіңішке л-мыз
жіңішкерек. Біз жуан-жіңішкелікті былай белгілеп отырмыз: жуан
естілетін л, жіңішке естілетін л».
Қырғыз, якут, түрікмен тілдерін алсақ, мұнда дауыстылардың
созылыңқылығы мен қысқалығы сөздердің мағынасын ажырататыны белгілі.
Мысалы қырғыз тілінде: [mal] сөзі «мал» мағынасында айтылса, [ma:l]
«мезгіл», «уақыт» мағынасында қолданылады. Сондай-ақ, якут тілінде: [ta:s]
«тас» деген мағынаны білдірсе, [tas] – «сырт», «тыс» деген мағынаны
көрсетеді. Қазақ тілінде созылыңқы мен қысқалықтың фонологиялық мәні
жоқ. Қ.Жұбановтың бұл жөнінде де өз пікірі бар және ұзын-қысқа деген
фонологиялық оппозиция жоқ екенін, оның фонеманы ажырата алмайтынын
65
да ғалым баса айтқан: «Біз дауыстының да, дауыссыздың да ұзындығын
фонема ретінде пайдаланбаймыз. Бір дыбыстың бір жерде ұзын, екінші
жерде қысқа айтылуы кездесе берсе, екі сөзді бір-бірінен айырса фонема дер
едік».
Жан-жақты ғалым ретінде Құдайберген Жұбанов фонема теориясын,
оның негізгі мәселелерін жақсы білген, себебі ол Санкт-Петербург
университетінде оқып, Ленинград фонологиялық мектебінің принциптері мен
қағидаларын ұстанған. Оны біз ғалымның келесі келтірілген мысалдарынан
және теориялық тұжырымдарынан көреміз: «Сөйлегенде дыбыстаймыз.
Сөзді естігенде сол дыбыстарды есітеміз. Сөз көп. Бірақ, әр сөздің
дыбысталуы әр түрлі. Сондықтан, сөз қаншама көп бола тұрса да, бірін-
бірінен айыру қиын болмайды. Бір сөзді екінші сөзден айырғанда, екеуінің
дыбысталуында бір айырмашылық болғаннан айырамыз.
Быж-тыж қып бай-жуанды осы маңда,
Кенеледі-ау кедей біткен бүгін таңда!–
дегендегі маңда деген мен таңда деген бір емес, екеуі екі басқа сөз. Үйткені,
екеуінің дыбысталуы екі басқа, сондықтан, естілуі де екі басқа болып тұр»,
– дейді ғалым.
Құдайберген Жұбанов фонеманың функциональды қасиетін, оның
айырым белгілерінің қызметін, дыбыстан айырмашылығы мен таңбалануын
терең түсініп, фонеманың сипаттамасы, оның атқаратын қызметі жөнінде
ғалым өз пікірін былайша білдіреді: «Фонема бір сөз бен екінші сөзді
айыруға жарайды. Бір сөз екінші сөзден өзге болу үшін біреуінің бір-ақ
бөлшегінің өзгеше дыбысталуы жеткілікті, түгелімен өзгеше дыбысталуы
шарт емес. Жоғарғы таңда деген сөз бен маңда деген сөздің бір-бірінен
өзгешелігі бір-ақ бөлшегінде: біреуінің басқы бөлшегі – -т, біреуінікі – -м.
Қалған жағынан дыбысталуы екеуінде де бірдей (бұл екі сөздің біріне-бірі
ұйқасып тұрғаны да ішіндегі бөлшектерінің көбінің дыбысталуы бірдей
болғаннан)», – дейді ғалым.
Қазақ тілінде фонема тек мағына ажыратушы қасиеттерімен
ерекшеленетіндіктен, Құдайберген Жұбанов фонема дыбыстың жоғары
сатысы екенін және әр дыбысты фонема деңгейінде қарастыруға
болмайтынын дұрыс түсіндіреді. Сөз ағымындағы кездесетін дыбыстардың
көбісі фонологиялық мәні жоқ қасиеттерімен ерекшеленеді және фонема
бола алмайды, солардың ішінде тек мағына ажыратушы дыбыстар дербес
фонема бола алады. Фонеманың негізгі ерекшелігін ғалым баса білдіріп
кеткен және фонеманың варианттары, вариациялары жайында да жазып
кеткен: «Бабасөзіндегі соңғы б басқаша естіледі, сонда да бұндағы б – бір
фонема. Сондай-ақ қайыр-хайыр дегендегі қ мен х – екі дыбыс болғанымен,
бір фонема. Файзолла мен Пайзолла да солай. П мен Ф бір сөзді екінші
сөзден айыру үшін тұрмағандықтан, оларды дербес фонема демейміз».
Ғалымның келтірген мысалдарында фонеманың вариациялары жөнінде сөз
болып тұр. Көршілес дыбыстардың ықпалына бағынатын фонемалар
перцептивтік әлсіз позицияда тұрып, өзінің дыбысталуын өзгертіп, вариация
66
түрінде көрініс табады. Олар фонологиялық айырым қызметін атқармай,
акустика-артикуляциялық жағынан ажыратылады. Сөз легінде естілетін
нақты дыбыстар фонемалардың материалдық символы ретінде көрінеді.
Тілдің фонологиялық қатарын үздіксіз сөз ағымында кездесетін дыбыстар
құрайды. Үздіксіз сөз ағымының кейбір орнында фонологиялық мәнге ие
болатын дыбыстар ұшырасады. Олар фонологиялық қатарлардың жеке
фонемаларына сәйкес келеді.
Дегенмен сөйлеу тілінде мағына түрлендіру қызметтерімен бірге
фонологиялық мәні жоқ дыбыстарды да табуға болады. Сондай-ақ сөз
ағымының әр дыбысы фонологиялық және фонологиялық емес қасиеттердің
жиынтығы ретінде көрінеді. Демек, әрбір дыбыс фонологиялық
қасиеттерімен ерекшеленіп, бір фонемаға сәйкес келеді, ал бір фонема
бірнеше дыбыстарда көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, профессор
Қ.Жұбановтың фонема туралы тұжырымдамалары тіл біліміндегі фонема
теориясымен сабақтасып жатыр деуге толық негіз бар.
Профессор Қ.Жұбанов – қандай мәселені сөз етсе де, табиғатта бар
нәрселермен шендестіре түсіндірудің шебері. Фонемалардың сырын дұрыс
түсіндіру үшін ғалым оларды атоммен салыстырады және грек
оқымыстыларының пікірлерін келтіреді. Олардың көзқарасы бойынша,
«дүниедегі барлық нәрселер бөлшектене алады, бөліне-бөліне келіп,
ақырында, ең кішкене кесегі атомға келіп тіреледі». ХІХ ғасырдың басында
әлемдегі техникалық және жаратылыстану ғылымдары қарқынды дамығаны
белгілі. Ғалымның айтуынша, «оларды зерттеуге түрлі метод қолданылады.
Объектив әдісімен іс істеу тілшілерге де жұқты». Зерттеу барысында
ғалымдар өз пәндерінде ең кіші бірліктерді іздеп, әрекет жасағаны мәлім.
Құдайберген Жұбанов – өз заманындағы өзгерістерді сезіп, сол уақыттың
сұранысына сәйкес тілдің ең кішкене бөлігін танытып, сипаттап берген
ғалым. «Дыбыс тілдің атомы болып саналады, атом – заттың бөлінбейтін,
өзгермейтін, ең кішкене бөлшегі», – дейді ғалым.
Сондай-ақ Құдайберген Жұбанов сөйленімнің мүшелену теориясына да
үлес қосқан. Сөйленімнің мүшелену нәтижесінде оның сегментті бірліктері
анықталады. Сегменттерге мүшелеуде оның қандай бірліктерге бөлінетінін,
олардың өзара қалай байланысатынын, сөз құрамында орналасу ретін, дыбыс
бірліктерінің қайсысы айрықша қызмет атқаратынын байқауға болады.
Дыбыс бірліктерінің (фонемалардың) бір-бірімен тіркесуі сөз бен
морфемалардың құрамында қарастырылады. Фонема дистрибуциясын
зерттеу барысында, оның қай позицияда кездесетінін, қандай фонемалар бір-
бірімен үйлесетінін және олардың өзара орын тәртібі мен санына
байланыстылығы анықталады. Фонеманың іске асуына байланысты басым
қызмет ететін дистрибуциясы мен әлсіз дистрибуциялар айқындалады.
Шағын бірліктердің сөз мағынасын түрлендіру, сөз өзгерту қызметі тіл
білімінің функциональды бағытын әрі қарай дамытуға үлес қосты.
Фонемалардың үйлесуі мен реттелуі (дистрибуциясы) буынның құрылымдық
ерекшеліктерімен, сөздің басы мен аяғының дыбысталу қасиеттерімен және
67
басқа да әр тілдің өзіндік факторларымен байланысты болады.
Фонемалардың дистрибуциясы мен сөздің мүшеленуіне ғалым тарихи
аспектіде қарайды «дыбыс, буын, сөз, сөйлем дегендер тіл тарихында
дүниеге келген»... және оны бейнелеп сипаттайды: « Кірпіштерден құрап үй
саламыз, талдардан құрап шетен тоқимыз... осыған қарай әр нәрсені тек
құрастырудан, ұластырудан барып жарыққа шыққандай көреміз.
Дыбыстар да қаланып барып, сөз жарын (қабырғасын) қаңқитқандай
көрінеді». Келтірілген сілтемеден ғалымның ғылыми тұжырымды қарапайым
түсінікті тілмен түсіндірудің қас шебері екендігін аңғарамыз.
Фонеманы үш аспекті бойынша қарастыруға болады: физикалық
аспекті, физиологиялық аспекті және лингвистикалық аспекті. Фонеманың
физиологиялық және физикалық аспектілері оның акустика-артикуляторлық
сипатын қамтиды, ал лингвистикалық аспекті оның функционалды жағын
қарастырады. Қ.Жұбановтың фонемаларды сипаттауында осы үш аспекті
қамтылған. «Қазақ тілінің қазіргі физиологиясын сөз қылмастан бұрын,
физика жағынан қарағанда, дыбыстың қозғалудан, толқыннан болатынын
еске алу керек және толқын мен қозғалудың да белгілі бір шекте болуының,
белгілі бір мөлшерде болуының шарты екендігін ұмытпау керек. Қозғалу
үшін қозғау керектігін, ол қозғаушы күштің де түрлі дәрежеде
болатындығын ескеру керек», – дейді ғалым. Бұл пікірден қазақ тілінің
фонемалық жүйесін сипаттау барысында, ғалым фонемалардың дыбыстау
мүшелерінің физикалық және физиологиялық ерекшеліктері мен жасалу
жолдарын анықтап бергендігі айқын көрінеді. Артикуляциялық-акустикалық
сипаттаулармен қатар фонеманың функционалды ерекшеліктері де
көрсетілген. Демек, бұндай ғылыми тұжырымдар қазақ фонологиясын
зерттеуде Қ.Жұбановтың елеулі жетістіктерге жеткендігінің бұлтартпас
дәлелі деп есептейміз.
Қ.Жұбанов дыбыстау аппараттары өкпе, ауыз, мұрын және кедергі
мүшелер деп, «өкпе, сырнайдың көрігінше, ісініп-басылып, ауаны біресе
сыртқа теуіп, біресе ішке тартып тұратынын», ал ауыз, мұрын қуыстары
дыбысты зорайтып тұрса, ауа ағыны бірде еріннен, бірде тіс түбі, не таңдай,
не көмейден бөгеліп, кедергіленеді де, дыбыс та кедергісіне байланысты
әртүрлі шығатынын айтады. Дауысты дыбыстарды шығаруда дыбыстау
мүшелеріне, ал дауыссыздарды шығарған кезде ауыз ішіндегі кедергі
мүшелерге күш түсетінін дұрыс көрсетіп, олардың қызметін де дәл тани
білген. Қ.Жұбанов дауыстыларда үн басым, дауыссыздарда салдыр басым,
бірақ екеуіне де үн мен салдырдың қатысты екендігін айтып қана қоймай,
осы ерекшеліктеріне қарай екі топқа жіктесе, бұлардан басқа, «үні мен
салдыры тең» дыбыстарды сонорлар деп, олардың «дауыстылардай
өнделмейтінін, дауыссыздардай егізделмейтінін» айтып, топтастыруында
осы басты ерекшеліктерін көрсетеді. Қ.Жұбанов «дыбыстау түріне қарай»
дауыстыларды толық дауыстылар а, э, е, о, ө, келте дауыстылар ы, і, у, у
және қосынды дауыстылар ұу/үу, ый/ій деп үш топқа бөлген. Қазақ тіліндегі
дауыстылар жуан-жіңішкелігінің фонологиялық кезеңі болатынын дұрыс
68
аңғарған ғалым жазуда олардың әрбіреуі бір-бір таңбамен белгіленетінін
айтып, ал қосынды дауыстыларда мұндай қасиет жоқ деп есептеп, ұу/үу – бір
ғана у, ый/ій қосындылары й әріптерімен таңбалануын ұсынған. Жасалу
түріне қарай ерін дауыстылары о, ө, ұ, ү және езу дауыстылары а, ә, е, ы, і
деп топтастырған. Қазақ тілі дауысты дыбыстарын алғаш рет үш
оппозициялық топқа бөліп жіктеген В.Радлов болса, оның ісі Қ.Жұбановтың
ана тіліміздегі зерттеу еңбегінде жалғасын тапты. Қазақ тілі дыбыстарының
жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң болып қарама-қарсы қойылуының
фонематикалық мәні зор (29). «Дауысты дыбыстардың түріне қарай, жіктелуі
мен жасалу түріне қарай жіктелуінің екеуін қосып, таблицаға салсақ,
мынадай болады» деп, Қ.Жұбанов төмендегі кестені ұсынады:
Ашық дауыстылар
Келте дауыстылар
Қосынды
дауыстылар
ерін
езу
ерін
езу
ерін
езу
Жуаны
Жіңішкесі
Барлығы
о
ө
2
а
ә, е
3
ұ
ү
2
ы
і
2
ұу
үу
2
ый
ій
2
Қ.Жұбанов салдыр болып, я салдыры басым болып шығатын
дыбыстарды дауыссыз дыбыстар деп, оларға п, б, с, з, ш, ж, т, д, к, қ, ғ, г
дыбыстарын жатқызады да, оларды үнді, үнсіз, үздіксіз, көмей, тіс, ерін
дауыссыздары, жабысыңқы-жуысыңқы, сыбыр-сыбыс дауыссыздар деп
бөледі. «Жабысыңқы дыбыстардың салдыры есікті жауып қалғандағы, я
ашып қалғандағы секілді болады да, бір жауып, бір ашып тұрмасаң, дыбыс
шықпайды. Бір жауып, бір ашып тұрғаннан шыққан дыбыс болғасын үздік-
үздік болып шығады. Жуысыңқы дыбыстардың салдыры үздіксіз болатыны
– мұнда сыбызғының түтігінен өткендей, ауа тар қуыстан сүзіліп өтеді де,
жолы бекітілмейді. Сондықтан соза беруге келеді», – дейді ғалым.
Дауыссыз дыбыстардың жалпы кестесі төмендегідей болды:
Жасалу түріне қарай
Жабысыңқы
Жуысыңқы
Созымдылығына қарай
Үздікті
Үздіксіз
Дауысталуына қарай
Сыбыр
Сыбыс
Үн түріне
қарай
Үнсіз Үнді
қ к п
ғ г б
т с
д з
ш
ж
Шығатын орнына қарай
Көмей Ерін
Тіс
Сол сияқты сонор дауыссыздарда да тура жолды: у, й, айналма жолды:
Достарыңызбен бөлісу: |