§ 26. моңғол шапқыншылығы
сабақтың мақсаты: моңғолдардың өмірі мен тұрмысы, Шыңғысханның
шапқыншылық жорықтары мен зардаптары туралы түсіндіру. Отырар
қаласын қорғаушылардың ерлігін ашып көрсету. Оқушылардың патриотизм,
елжандылық сезімдерін тәрбиелеуге септігін тигізу. Тарихи оқиғаларды
оқушылардың дұрыс бағалай білу біліктерін дамыту жұмысын жалғастыру.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, электронды оқулықтан
үзінділер.
оқып-үйренген материалды қайталау оқулықтағы сұрақ-тапсырмалар
бойынша өткізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Моңғол шапқыншылығы қарсаңындағы қазақ ұлыстары.
2. Моңғол тайпаларының өмірі мен тұрмысы.
3. Шыңғысхан.
4. Шапқыншылық.
5. Отырарды қаһармандықпен қорғау.
Жаңа материалды оқып-үйрену мұғалімнің түсіндірмесі не карта
бойынша жұмыспен ұштастырылады.
Қосымша материал:
Мұғалім моңғол тайпаларының өмірі мен тұрмысы туралы баяндайды.
І. Есенберлиннің «Көшпенділер» еңбегінен мынадай үзіндіні оқушыларға
оқып береді: «Шыңғыстан… әкесінен өсиет естігісі келген үлкен ұлы Жошы:
«Ұлы мәртебелі Әлем әміршісі, хан қандай болуы керек?» – деп сұрапты.
60
Шыңғыс: «Хан халқының көңілін табу үшін тақымды болуы керек», – деп
жауап беріпті.
Шыңғыстың екінші баласы Жағатай: «Ханды қайткенде халқы
сыйлайды?» – деп сұрапты. Шыңғысхан: «Халқың сыйласын десең, тағың-
нан түспе», – деп жауап беріпті.
Шыңғыстың үшінші баласы Үгедей: «Хан қайткенде тағынан түспей-
ді?» – деп сұрапты. Шыңғысхан: «Маңына өзінен ақылы төмен, бірақ құлқы
өзіндей адамдарды жинай білсе, сол хан тағында ұзақ отырады», – деп жауап
беріпті.
Шыңғыстың төртінші баласы Төле: «Қандай хан абыройлы болады?» –
деп сұрапты. Шыңғысхан: «Ойынан шықпаған туған баласын да бауыздай
алар хан әрқашанда абыройлы болады», – деп жауап беріпті.
Мұғалім бір ғана емес, бірнеше деректерден үзінділер пайдалана
алады. Мұндай жағдайда біреуін өзі дауыстап оқып берсе, қалғандарымен
оқушылармен топ болып жұмыс ұйымдастырады.
Оқулық мәтініндегі сұрақтар мен тапсырмалар бойынша талдау
жасалады.
Рөлдік ойын өткізіледі. Оқушылар төрт топқа бөлініп, тапсырма алады.
Бірінші топ оқушылары «Шыңғысхан» мәтінімен танысып, жоғарыда
пайдаланылған жаднама негізінде тарихи қайраткерге сипаттама береді.
Бұл топтың оқушыларының бір-екеуі Шыңғысхан туралы әңгімелейді.
Шыңғысхан болып, оның қандай болғаны, қандай тарихи оқиғаларға
қатысқаны туралы суреттейді. Бұл топтың оқушыларына басқа оқушылар
төмендегідей сұрақтар қоюы мүмкін:
1. Шыңғысхан қандай адам?
2. Шыңғысхан жорықтарының мақсаты қандай болды?
3. Ол неліктен жорықтарда жеңіске жететініне сенімді болды?
4. Шыңғысхан жаулап алған елдерге, адамдарға қандай ауыртпашы-
лықтар пен зардаптар әкелді?
Екінші топ оқушылары «Отырарды қаһармандықпен қорғау» мәтінімен
танысады. Бір оқушы Қайырхан, екіншісі Қараша, үшіншісі Шыңғысхан
болып рөлге бөлініп, сөйлейді. Әрқайсысы тақтаға шығып, өз рөлдерін
орындайды. Ал қалған осы топтағы балалар қала тұрғындары рөлдерін
орындайды, сөз сөйлейді.
Басқа топ оқушыларының Қайырханға қойған сұрақтары:
1. Отырар қаласы қандай бекіністі қамал болып салынған?
2. Отырарды қорғау үшін қандай дайындық жұмыстары жүргізілді?
3. Қала тұрғындары қандай ерліктің үлгісін көрсетті?
Қарашаға сұрақ:
1. Қараша неліктен Отырарға опасыздық жасады?
2. Отанын, елін, жерін сатқан опаcыздың өмірі немен аяқталды?
61
Үшінші топ оқушылары Шыңғысханның, оның балалары мен неме-
релерінің (ұрпақтарының) жорықтары, шапқыншылық зардаптары мен
ықпалы туралы материалдармен танысады. Құжаттар мен қосымша мате-
риалға берілген тапсырмалар көлемінде жауап беруге дайындалады.
Үшінші топ оқушыларына басқа топ балаларының сауалдары:
1. Шыңғысханның шапқыншылық жорықтарына сипаттама беріңдер.
2. Шыңғысхан шапқыншылығына қатысушы (ноян, нөкер, сұлтан)
атынан жорық жайлы әңгімелеп беріңдер.
3. Шыңғысханның замандастары осы кезең туралы не айтуы мүмкін?
Оқушылар назары тақтаға аударылады. Оқушыларға өздігінше картаны,
оқулықты пайдаланып, кесте толтыру тапсырылады.
Кесте: XIII ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан мен моңғолдар
сипатты белгілер
Қазақстан
моңғолдар
1. Орналасқан жері
2. Негізгі тарихи оқиғалар
3. Баспанасы, киімі, тамағы
4. Негізгі шаруашылығы
5. Ішкі саясаты
6. Сыртқы саясаты
7. Қорытынды
Оқушыларға екі елді салыстыру арқылы олардың ұқсастықтары
мен айырмашылықтарын табу біліктерін дамытуға мүмкіндік беріледі.
Оқушылардың (өз қалауы бойынша) дұрыс жауаптары тақтаға жазылады.
Оқушылар кестені дәптерлеріне толтырады.
Сабақ соңында оқушылармен тарихи даталар бойынша диктант өткіз-
ген маңызды.
Тарихи даталар бойынша диктант:
1. Шыңғысханның билік құрған уақыты.
2. Шыңғысханның Жетісуды басып алуы.
3. Моңғолдардың Отырарды қиратуы.
4. Моңғолдардың Қазақстан мен Орта Азияны басып алуы.
Сабақты пысықтау барысында жұмыс дәптерімен жұмыс жүргізіледі.
Үйге тапсырма: «Моңғол шапқыншылығы» атты әңгімемен танысу,
сұрақтар мен тапсырмаларға жауап дайындау. Оқушыларға «Менің
отбасымның тарихы – халқымның тарихы», «Менің жеті ата-бабамның
тарихы» деген тақырыпта өздігінше жазба жұмысын жазып келу, сонымен
қатар §26-ты оқып келу тапсырылады.
62
§27. Қазақ халқының қалыптасуы
сабақтың мақсаты: қазақ халқының қалыптасуы туралы мәселені
оқушылардың көңіліне қонымды түрде ашып көрсету. Оқушылардың
оқулық және қосымша материалдарды түсіну негізінде тарихи оқиғаларға
сипаттама беру біліктерін дамыту. Отбасын, халқын құрметтеу сезімін
тәрбиелеуге септігін тигізу.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, кестелер.
оқып-үйренген материалдарды қайталау оқулықтағы сұрақ-тап-
сырмаларға негізделіп өткізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Менің отбасымның тарихы – халқымның тарихы.
2. Қазақ халқының қалыптасуы.
3. «Қазақ» атауының шығуы.
4. Қазақ жүздері.
Жаңа материалды оқып-үйрену оқушылардың «Менің жеті атамның
тарихы» деген тақырыпта жазып келген жазба жұмыстарын тыңдаудан
басталады. Сабақта барлық оқушылардың жазба жұмыстарын тыңдау
мүмкін болмағандықтан, қалғандарының дәптерлерін сабақ соңында жинап
алып, тексеріп, келесі сабақта баға қою қажет.
Тақтаға: «Жеті ата – менің әулетім» деген кесте ілінеді не кадаскоп
арқылы көрсетіледі. Оқушылар жауаптарында осы кестедегі мәліметтерді
пайдаланып әңгімелейді. Оқушылар өз әулеттері жайлы әртүрлі жаңа
әрі қызықты мәліметтер айтады. Сондықтан мұғалім оқушылардың осы
сезімдерін одан әрі дамыта түсуге көңіл аударып, оларға дұрыс бағыт-бағдар
беріп отырғаны жөн.
«Қазақ халқының қалыптасуы» тақырыбы оқушылардың меңгеруіне
қиындық келтіретін тақырып әрі күрделі проблемалардың бірі болғандық-
тан, мұғалімнің түсіндірмесі оқушылардың оқулық мәтінінен қажеттісін
іріктеп оқуға, талдауға негізделеді. Жаңа сөздер: халық, этнос, ру,
тайпа, тайпа одақтары сияқты терминдердің анықтамасы түсіндіріліп,
дәптерлеріне мәні жазылады.
Оқулықта берілген сұрақтарды оқушылар оқып, оған жауапты оқулық
мәтінінен өздігінше тауып оқып береді. Мұғалім әр жаңа сөзді түсіндіреді,
сөйлемдерді көңілге қонымды түрде баяндап, оқушылар жауаптарын
толықтырып отырады.
Пікірсайыс өткізіледі. Әр топқа 5 минут уақыт беріледі.
Оқушылар төрт топқа бөлініп, оқулық мәтінімен, «Білімпаздар үшін»
материалымен танысып, ондағы сұрақтар мен тапсырмаларға жауап
дайындайды.
63
Бірінші топ «Қазақ» атауының шығуы, екінші топ «Қазақ жүздері»,
үшінші топ «Қазақ» терминінің шығуына байланысты ғалымдардың пікірі,
төртінші топ «Қазақ жүздері» туралы түрлі пікірлермен танысып, пікірсайыс
өткізеді.
Пікірсайыс тиімді өту үшін, оны өткізу ережесімен оқушыларды
таныстыру қажет.
«Бізге қажетті әрі маңызды ережелер»:
1. Ережелерді оқып шығыңдар.
2. Жұмыс жақсы жүру үшін ережелерді естен шығармай, орындап
отыру қажет. Белгіленген уақыт ішінде сөйлеп үлгеру керек.
3. Әр оқушы кезекпен сөйлеуі қажет.
4. Әркім өз пікірін, ойын еркін айтуға, нақты, дәлелді, қызықты
баяндауға тырысуы қажет.
5. Біреу сөйлеп тұрғанда, оның жауабын мұқият тыңдау қажет.
6. Басқа оқушының сөзін бөлмей тыңда.
7. Ол пікірмен келіссең, келісетініңді білдір, ал келіспесең, неліктен
келіспейтініңді тиянақты және түсінікті, асықпай түсіндіріп дәлелде (2–3
дәлел келтіріңдер).
Бұл тақырып күрделі болғандықтан, әр топтағы оқушылардың пікірлері
жеке-жеке сұралады. Жауап алынғаннан кейін басқа пікірлер бар ма деген
сауал қойған орынды. Қысқа әрі қарапайым сұрақтардан гөрі оқушыларға
«ал егер», «неге», «қалай», «ойлан» деген сұрақтар қойған орынды. Жекелеген
топтар жауаптарын айтқанда, мәселен, бірінші топ оқушылары толыққанды
жауап дайындап, ойын жеткізе білсе, онда қалғандары айтылмаған, ерекше
мәнді ойларды не пікірлерді ғана айтуы тиіс. Айтылғанды қайталамауы
қажет. Әр түрлі пікірлерді тыңдап үйренуі тиіс. Мұғалім жақсы және тез
жазатын оқушының бір-екеуіне оқушылар айтқан тың пікірлерді тақтаға
жазып отыруды тапсырады. Оқушылар жауаптарын тақтаға жазу олардың
әрқайсысының көзқарасын білуге (ерекшелігін, ортақтығын), нәтиже
жасауға, қорытындыға келуге, қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді. Ол
үшін әр сабақта ақпарат жазып отыруға бір оқушыны хатшы етіп сайлаған
дұрыс. Ол сізге көмекші болады. Өзіңіз қорытынды жасамай, оның орнына
«Неге?», «Неге олай ойлайсың?» деген сұрақтар беру арқылы оқушылардың
күрделі материалды түсінуіне көмектесесіз. Осындай сауалдар бойынша
оқушыларға бір мәселе бойынша әртүрлі пікір бар екендігін көрсетіп,
ойларын өзара талқылауға мүмкіндік беріңіз. Әрқашан тақтадағы
«ережелерді» естен шығармау қажеттігін ескертіңіз. Сөйтіп, пікірсайыс
барысында оқушылар өз пікірін айтады, оның себептерін түсіндіреді, мысал
келтіреді (өз өмір тәжірибесінен), оны дәлелдейді, қорытындылайды.
64
Күрделі тақырыпты жақсы меңгеру үшін тарихи дата, терминологиялық
сөздік бойынша тарихи жаттығулар өткізген тиімді. Оқушылар өз еркінше
тапсырма бойынша үш топқа бөлініп, партаға отырады.
Бірінші топ оқушылары блиц-сұраққа (тарихи жаттығу) ауызша жауап
беруге дайындалады.
1. Жеті ата дегеніміз не?
2. Қазақ жерін мекендеген ертедегі тайпаларды ата.
3. Түркі тілдес тайпаларға кімдер жатады?
4. Ұлыс дегеніміз не?
5. Қаған деген кім?
Екінші топ оқушылары тарихи даталар бойынша диктантқа ауызша
жауап береді:
1. Түрік қағанатының құрылған уақыты?
2. Шыңғысханның әскери мемлекеті құрылған уақыты?
3. Қазақ халқының қалыптасқан уақыты?
Үшінші топ оқушылары терминологиялық диктантқа ауызша жауап
қайтарады:
1. Ру дегеніміз ...
2. Тайпа дегеніміз ...
3. Жүз дегеніміз ...
4. Халық дегеніміз ...
Үйге тапсырма: §27. «Қазақ халқының қалыптасуы» әңгімесімен таны-
су және оған берілген сұрақтар мен тапсырмаларға дайындалып келу.
§28. Қазақ хандығының құрылуы
сабақтың мақсаты: Қазақ хандығының құрылуы, қазақ хандары,
хандықтағы әлеуметтік топтар туралы оқушыларда бейнелі түсінік
қалыптастыру. Оқушылардың тарихи фактілерді, оқиғаларды талқылауға
белсенді қатысуы, өз ойын түсінікті жеткізе білу біліктерін дамыту. Елін,
жерін қорғаған, Қазақ хандығын құруға, оның гүлденіп дамуына үлес қосқан
хандарға, тарихи қайраткерлерге деген құрмет сезімін тәрбиелеу.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, электронды оқулықтар,
бейнефильмнен үзінді.
оқып-үйренген материалды қайталау оқулықтағы сұрақтар мен
тапсырмалар көлемінде жүргізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Қазақ хандығының құрылуы.
2. Қазақ хандары.
3. Қазақ хандығындағы әлеуметтік топтар.
65
Жаңа материалды оқып-үйрену мұғалімнің Қазақ хандығының құры-
луы туралы түсіндірмелі әңгімесі мен оқушылардың карта бойынша жұ-
мысына негізделіп жүргізіледі.
Сабақта электронды оқулық пайдаланылады және бейнефильмнен
«Қазақ хандығы» туралы үзінді келтіріледі. Мұғалім оқушыларды алдын
ала рөлмен таныстырып, түсінік нұсқау береді. Дайындалуға 5–7 минут
уақыт беріледі.
Оқушылар «Қазақ хандары» туралы рөлдік ойын жүргізеді.
Ол үшін тақтаға «Тарихи қайраткерге сипаттама» деп аталатын (алдыңғы
сабақтарда қолданылған) жаднама ілінеді.
Оқушылар Керей, Жәнібек, Қасым, Есім хандар болып рөлдерге
бөлінеді.
Жаднама бойынша жауап беру үшін оқулықтағы мәтінмен және
«Білімпаздар үшін» материалындағы қосымшалар бойынша дайындалады.
Мұнда оқушылардың сол тарихи қайраткердің бейнесін жан-жақты ашып
көрсетуіне назар аударылады. Оның осы кейіпкерге деген жеке көзқарасын
нақты, дәлелді, логикалық жағынан дұрыс, әсерлі орындауы бағаланады.
Рөлдік ойыннан кейін оқушылар өздігінен оқулық пен ондағы қосымша
материалдарды пайдаланып, төмендегідей кестені толтырады.
Кесте: тарихи қайраткерлер
№
тарихи қайраткердің
аты-жөні
өмір сүрген
жылдары
Қандай тарихи
оқиғаға қатысты?
«Қазақ хандығындағы әлеуметтік топтар» тақырыпшасын оқып-үйрену:
хан, батыр, баһадүр, бай, төлеңгіт, қарапайым адамдар туралы жазылған
мәтіндегі әр абзацты әрбір оқушы дауыстап оқиды. Осы абзац мәтініндегі
негізгі ойды тауып, талдау жасалады. Содан кейін тақырып бойынша ауызша
терминологиялық диктант өткізіледі:
1. Хан дегеніміз кім?
2. Батыр деп кімді айтқан?
3. Бай адам деп кімді айтқан?
66
4. Қарапайым адамдарға кімдер жатады?
Сабақты пысықтау мақсатында оқушылар оқулық бойынша өздігінше
кесте толтырады.
Кесте: Қазақ хандығына сипаттама
№
сұрақтар
мазмұны, сипаты
1
Аумағы
2
Хандықтың жағдайы
3
Қазақ хандары
4
Қорытынды
Уақыт қалса «Білімпаздар үшін» материалы оқылады, не үйге беріледі.
Үйге тапсырма: §28. «Қазақ хандығының құрылуы» әңгімесін түсініп
оқу және оған берілген сұрақтар мен тапсырмаларға жауап дайындап келу.
§29. Қазақ билері
сабақтың мақсаты: оқушыларды билермен, олардың қызметімен та-
ныстыру, қазақ билерінің халықтың бірлігі мен ынтымағы, тәуелсіздігі
жолындағы еңбегін үлгі ретінде ашып көрсету.
Қазақ халқы билерінің өмірі мен қызметін ашып көрсету арқылы оларға
деген үлкен құрмет сезімін тәрбиелеу. Тарихи қайраткерлерге сипаттама
беру біліктерін одан әрі дамыту жұмысын жалғастыру.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, электронды оқулық және
бейнефильмнен үзінді, оқулықтағы суреттер.
оқып-үйренген материалды қайталау оқулықтағы сұрақ-тапсырма-
лар бойынша талдауға негізделіп жүргізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Билер туралы түсінік.
2. Төле би.
3. Әйтеке би.
4. Қазыбек би.
Жаңа материалды оқып-үйрену мұғалімнің түсіндірмелі әңгімесіне,
оқушылардың бастауыш сыныпта және сабақтан тыс түрлі ақпараттардан
алған білімдерін пайдалануға негізделеді.
Мұғалім: «Би дегеніміз кім? Осы сөзді қалай түсінесіңдер?» – деген
сұрақ қойып, оған жауап алған соң, билер туралы оқушыларға алғашқы
түсінік беріледі.
67
Содан кейін оқушылардың әрқайсысы электронды оқулықпен
(3–5 минут) жұмыс жасайды.
Билер туралы бейнефильмнен үзінді келтіріледі.
Үш бидің асқан көрегендігі мен азаматтығы әр жағынан жарқырап
көрінді. Олардың тәуелсіз ел болу жолында жұмсаған қажыр-қайраты жас
ұрпаққа үлгі.
Тақтаға жаднама ілінеді. Тарихи қайраткердің өмірі мен қызметін
сипаттауға арналған жоспар:
1. Тарихи қайраткер өмір сүрген кезең.
2. Тарихи қайраткердің қызметі.
3. Тарихи қайраткердің ерекше қасиеттері, өзіндік мінез-құлықтары.
4. Тарихи қайраткердің үлгілі өмірі мен қызметі.
Оқушылар төрт топқа бөлініп, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би және
«Білімпаздар үшін» материалындағы қосымша бойынша оқулық мәтінімен
өздігінше оқып танысады. Содан кейін жаднама негізінде әр топ кезектесіп
жауап дайындап, сұрақ-тапсырмаларды талдап, тарихи қайраткерге сипат-
тама береді. Мұғалім мен бірнеше оқушылардан құрылған сарапшылар тобы
тарихи қайраткерлерге берілген сипаттаманы бағалап, қорытынды жасайды.
«Тарихи тұлға» сайысын өткізген де пайдалы. Ол үшін алдымен
сарапшы топ (не әділқазылар алқасын) құрамыз. Бұл топ мұғалім мен тарих
пәніне деген қызығушылығы жоғары балалардан жиналады. Олар сайыстың
соңында әр оқушының жауаптарына жан-жақты сипаттама беріп, қате пікірі
болса жөндеп, жұмысқа баға беріп, қорытынды жасайды.
Сыныптағы оқушылар бірнеше (3–4) топқа бөлінеді. Әр топқа алдын
ала бір тарихи тұлғаның мінездемесі, не өмірінен алынған үзінді, не оның
туындыларынан үзінді беріледі. Әр топтың оқушылары мінездемемен
танысады не оның өмір жолынан, не жазған еңбегінен үзіндіні тыңдап,
мінездеме кімге берілгенін, орындалған үзінді кімге арналғанын анықтау
үшін арнайы уақыт (3–5 минут) бөлінеді. Осы уақыт ішінде әр топтың
оқушылары өз тапсырмаларын дайындап, сайысқа түседі.
Сарапшы топ оқушылардың жұмысына баға беріп, қорытындылайды.
Сабақ соңында жұмыс дәптерімен жұмыс жүргізіледі.
Үйге тапсырма: §29. «Қазақ билері» әңгімесімен танысу, сұрақтар мен
тапсырмаларға дайындалып келу.
§30. Жеті жарғы
сабақтың мақсаты: «Жеті жарғы» – елді басқарудағы құқықтық
ережелер туралы, Тәуке хан туралы мәселелерді оқушылардың жасына сай
түсіндіру. Әдептілік, тәрбиелілік сияқты түсініктерді ашып көрсету арқылы
68
құқықты сыйлаушы азамат тәрбиелеуге септігін тигізу. Тарихи фактілерді
салыстыра білу біліктерін дамыту.
пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, бар болса, электронды
оқулық.
оқып-үйренген материалды қайталау §29 сұрақтары мен тапсырмала-
ры көлемінде жүргізіледі.
Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:
1. Тәуке хан.
2. Жеті жарғы.
Жаңа материалды оқып-үйрену электронды оқулық пен оқушылардың
өздігінше жасайтын жұмыстарына негізделеді. Мұғалім оқушыларға
Тәуке хан, «Жеті жарғы» туралы әсерлі баяндайды. Мұғалімнің әңгімесін
тереңдетуге арналған материал:
Қосымша материал:
«тәуке хан (1626 – 1718) – Қазақ хандығының ханы. Жәңгір ханның ұлы.
Оны халық «әз-Тәуке», «адамзаттың данасы» деп атаған. Тәуке хан тұсында
Қазақ хандығының бірлік-берекесі күшейе түседі. Тәуке хан уақытша болса
да жүздер арасындағы тартыстарды тоқтатып, елде тыныштық орната
білді. Тәуке өз заманында даналығымен, әділдігімен барша жұртты өзіне
бағындыра білген әмірші болды. Оның билігі қазақтың үш жүзіне тарады.
Ол табанды және білімді, елдің тыныс-тіршілігін жақсы білетін, өмір
тәжірибесі мол, көреген адам болған. Ол әр түрлі қазақ руларымен байланыс
жасауды, дала құқығын жақсы білетін. Тәуке билігі тұсында Қазақ хандығы
бір орталыққа бағынған мемлекет болатын.
Тәуке хан қазақ-жоңғар қатынастарын жақсы білген дипломат болған.
Батырлармен жақсы қарым-қатынаста болған, билерді кеңесші ретінде
қасынан шығармаған. Ол жоңғарларға қарсы соғыс қимылының ортасында
болып, көзімен көріп, шайқастың қиын жақтарын бәрінен де жақсы білген.
Тәуке хан тұсында жоңғарлардың қазақ жерлеріне шапқыншылығы
1711-1712, 1714, 1717-жылдары үздіксіз болып тұрды. Тәуке хан жоңғарларға
қарсы күресті ұйымдастырды. Осы кез жоңғарлардың қуаты артып, соғыста
басымдылығы анық байқалып жүрген. Сондықтан Тәуке хан қазақ жасақтары
мен көптеген руларды құрылымдық жағынан қайта ұйымдастырудың
жоспарын ұсынды. Тәуке хан Орта Азия елдерімен қарым-қатынасын
жақсартып, сауда келісімін жасауға ұмтылды. Ол Бұхар ханымен тиімді
келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар орыс-қазақ қатынастарын жақсартуға,
екі ел арасындағы бейбіт қатынасты сақтауға мүдделі болды. Ресей мен Қазақ
хандығы арасында елшіліктер алмасып, сауда байланыстары нығайды. Ол
көрші мемлекеттермен одақтасып, тыныштық және бейбіт қарым-қатынас
69
орнатуға тырысты. Сұлтандар билігін шектеп, үш жүзді сол жүздер үшін
жауапты билер арқылы басқару жолымен орталықтандыруға тырысты.
Тәуке хан – елдің беделін арттыру және мемлекеттігін нығайту үшін
қажетті шаралар жасады. Кіші жүз бен орта жүздің бірқатар руларының
бірлестіктерін құрып, қазақ жауынгерлерінің қорғаныс қабілеттерін
күшейтуге тырысты.
Тәуке хан тұсында Хан кеңесі, Билер кеңесі құрылды. Ол басқарып
тұрған кезде жыл сайын Түркістан қаласына жақын жерде және Ташкент
маңындағы Күлтөбеде үш жүздің басты билері бас қосып, жиын өткізіп
тұрған. Үш жүздің атақты билері: Төле, Қазыбек, Әйтекенің қатысуымен
жүздер мен рулар арасындағы даулы мәселелер шешілетін. Билер кеңесіне
қатардағы билер, батырлар және әскербасылар да жиі шақырылатын. Билер
тобы хандықты басқару, заң шығару, сот ісіне араласып, біртіндеп билікке
тартылды. Билер кеңесінің шешімі міндетті түрде орындалатын болды».
Сабақта «тарихи оқиға» сайысы өткізіледі.
Оқушылар оқулықпен топ болып жұмыс жасайды. Оқулық мәтінін
соңына дейін оқып танысады. Осы мәтін туралы мәлімет даярлау
тапсырылады. Осы тақырып туралы білетін мәліметті бір топтың балалары
бастайды, содан кейін мұғалім өз қалауымен қай топты көрсетсе, сол топтың
оқушылары осы мәселе жайлы мәліметті (не әңгімені) жалғастырады.
Оқушылардың зеректігін дамыту үшін мұғалім оқиға туралы айтып тұрған
оқушының сөзін кез келген жерінен үзіп, басқа топқа одан әрі жалғастыруды
тапсырады. Бұл сайыста оқушылардың жауаптары төмендегідей сапа
бойынша бағаланады. Оқушылардың назарында болуы үшін қағазға
мынандай мәселелер жазылып көрсетіледі.
Оқушылар жауабының сапасы бағаланады:
а) мазмұндылығы;
ә) жүйелілігі;
б) тарихи нақты фактілерді пайдалануы;
в) қосымша материал қолдануы;
г) ойдың жалғасын табуы;
д) өмірмен байланыстылығы.
Одан кейін оқулықта берілген тапсырманы дауыстап оқиды, ол бойынша
жауап дайындайды, талдау өткізіледі. «Білімпаздар үшін» материалындағы
«Жеті жарғыдан» үзіндіні оқушылар әр абзацты дауыстап оқып танысады,
ондағы негізгі ойды тауып, талдайды. Сабақ соңында §29 әңгімелерінің
сұрақтары мен тапсырмаларына талдау жасалады.
Үйге тапсырма: §29. «Жеті жарғы» әңгімесін оқып танысу және сұрақтар
мен тапсырмаларға дайындалып келу.
|