Новелла
Алаулап батып бара жатқан күннің қызғылт сәулесі
бөлме ішінде ойнайды. Шұғылаға малынған шыны атаулы
жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Ол бүгін демалыс күні
екенін пайдаланып, көшеге шығып серуендеп қайтқан.
Содан келіп дем алып жатқан беті. Төсекке қисая кетіп
еді, содан көзі ілініп кетіпті, Жатақхана емес пе, дәліздегі
абыр-дабырдан оянды.
Күннің сәулесі қарсы қабырғаға ілінген төрт бұрышты
жұқа мыс қаңылтырға түсіп тұр. Оған сондай бір нәзік
шеберлікпен шырақ ұстап тұрған қыздың бейнесі
бедерленіпті. Ол осы бейнеден еріксіз көз айыра алмай
қалды.
Шұғылаға малынған қыз бейнесі бұрынғысынан әдемі
көрінді. Ұзын қара шаштары иығын жауып кеткен. Қыз
шыраққа қадала қарап қалыпты.
Ол осы бір бейнені қанша рет көріп жүрсе де мынадай
көрініске бірінші рет тап болды.
– Шырақ ұстаған қыз, – деп қалды ол өз дауысының
қалай шығып кеткенін аңғармай.
Қайта көз салып еді осы бейнеге жан бітіп кеткендей
көрінді. Ол шырақ ұстаған қыздың жүзін біреуге ұқсатты.
Көп ойланған жоқ. Тапты кім екенін. Салыстыра бастады.
Керемет бір ұқсастық бардай.
«Маусым, Маусымға ұқсайды?» – деді іштей.
Сұлулық атаулыны Маусыммен салыстыратын әдеті.
Жанды, жансыздағы сұлулыққа көзі түссе Маусым
сұлулығына теңей бастайды. Бәрібір Маусымды сұлу
56
деп шешеді. Бар сұлулық атаулы тек Маусым жүзіне
жинақталғандай.
Маусыммен қалай танысқанын ой елегінен өткізе
бастады.
Өзімен бірге оқитын Айманның туған күнінде ғой!
Туған күннің аты – туған күн. Әзіл-қалжың, күлкі, ән
дегендей. Оны бір сәтке телефон шылдыры үзіп жіберген.
Айман трубканы көтеріп сөйлесе бастады. Әңгімеге
қарағанда – құрбы қыздарының бірі болды шамасы. Сол
жолы бойына қайдан батылдық біте қойғанын! Ойында
дәнеме жоқ. Қалжындап:
– Айман, мүмкін мені құрбыңмен таныстырасың, –
деген.
Қыздардың әдеті емес пе. Ол:
– Мінезі көркіне сай жақсы қыз, таныссаң өкінбейсің,
бірақ сендей үндеместен не шығар дейсің, – деп сыңғырлай
күлді.
Осы жолы бойына қайдан батырлық біткенін өзі де
байқамады.
Құрбы назына онша назар аудармастан. Телефон
тұтқасын қолына ұстай берді. Сәлемдесті, есімін сұрады.
– Кешіріңіз, бар мәселе онда емес шығар. Тым асығыс
екенсіз, уақытысында біле жатарсыз. Осы жігіттердің қыз
көрсе «Қарындас, есіміңіз кім, есіміңіз кім» деп тықақтай
жөнелетінін ұнатпаймын. Тек көңіліңізге ала көрмеңіз,
бірде болмаса, бірде білісе жатармыз, – деді сыпайы ғана.
Дауысы жұмсақ, әсерлі екен. Бойындағы алғашқы
батылдықтан ештеңе қалмаған, лезде сабасына түскен.
– Қатты кеттім ғой деймін. Жалпы телефон соғып
тұруға болады, – деді қыз дауысын жұмсартып..
Ол телефон нөмірін жазып алған. Бір екі-аптадан кейін
ойланып-толғанып телефон соққан. Онда да жүрегі дүрс-
дүрс соғып телефон тұтқасын қолында көп ұстап тұрды.
Кездесуге шақырсам ба екен деп қатты ойланды. Бір кезде:
57
«Менікі не осы, тонымды шешіп алар деймісің, шақырсам
шақырайын», – деп өзін-өзі қайрап алған.
Қыз алғашқыдағыдай емес, ашық-жарқын. Қарсылық
білдірген жоқ, кездесуге келісе кетті.
– Қорықпасаңыз, кездесейік. Тек кездесер жер мен
уақытты анықтап алайық, – деді.
Ол асып-сасып айтып шыққан. Есінде қалғаны: «Драма
театрының алдындағы аялдама, кешкі сағат алты».
Келісуін келіскенмен соңынан ойланып қалды. Жүзін
көрмеген бейтаныс қыз. Қалай болар деп толқыған.
Тәуірлеу-ау деген киімдерін киіп, уәделескен жерге
келген. Келіскенде қыз қандай киіммен болатынын айтқан
еді. Жадында қалғаны тек биік өкшелі қара туфли ғана.
Толқудың әсері ме, басқадай белгілерін ұмытып қалыпты.
Ал, мынау үлкен қалада қара туфли киген қанша қыз
болатыны қаперіне кіріп шықпаған.
Театр алдындағы аялдамада тұрды тосып. Автобусқа
мініп-түсіп жатқан жұртта да есеп жоқ. Оның үстіне
қара туфли киген қыздар да аз болмай шықты. Сағат тілі
алтыдан едәуір асып кеткен. Күн жаңбырлы. Мүмкін етік
киіп алған болар деген оймен аяғына күздік қара етік
киген аққұба қызға назар аударды. Тілдесіп көруге батылы
жетпеді. Қыздың өзі де алаңсыз, бейғам. Азғанадан кейін
ол қыз тұрған орнында жоқ болып шықты. «Барар жағына
кеткен ғой» деп түйді ішінен. Күн батуға таяу, шыдамы
таусылып барады. «Қой, қалжындаған болар», – деп
кетуге бел байлады. Тек бір алдамашы үміт: «сабыр,
сабыр» дегендей көкейінен кетпей қойды. Сөйтіп тұрғанда
бір автобус тоқтады да, бойжеткен қыз бен келіншек түсті.
Келіншек көп ұзамай басқа автобусқа мініп кетті де, қыз
қалып қойды. Сәкіге келіп отырды.
Аққұба жүзді, мөп-мөлдір қара көздері ұшқын шашады.
Қара шашын иығына төгіп жіберген. Жанына жақындап
келді де, бата алмай тұрып қалды. Алдынан әрлі-бері екі-
58
үш рет өтті.
Ол он-он бес адымдай жерге барып тұрды да сыртынан
бақылай бастады. Қыз да байқамаған болып көз қиығын
салып отыр екен. Сөйтіп бір-бірінің қимылын бағып
тұрғанда жарты сағаттай уақыт өтті. Сол қыз екеніне көз
жеткізсе де, бөгде біреу болып шықпаса екен деген ойдан
арыла алмай қойды. Сәкіде бос орын жоқ, жағалай кісілер
жайғасқан. «Жанындағы орын босағанша күте тұрайын»,
– деп ойлады ол.
Кісілер тұрып, орын босаған соң қыздың жанына
тартыншақтап келіп отырды. Бұл ойынның барысына
шыдамаған қыз күліп жіберді.
– Жоқ іздеп жүрсіз-ау деймін, жоғыңыз табылсын, –
деді күлімсіреп.
Ол:
– Жаңылыспасам іздеген жоғым сіз сияқтысыз, – деді.
– Жарайды, жасырынбақты дағарайық. Мені іздеген
жоғыңызға ұқсатсаңыз, мен сізді іздеушіге ұқсаттым.
Онан да танысайық, – деп қолын ұсынды.
Қыздан мұндай батылдықты күтпеген ол:
– Иә,иә, сол жөн болар, – деді.
– Маусым!
– Арман!
Қол берісіп танысып алғаннан кейін екеуі көшені
бойлай жүріп кетті. Қалай танысқандарына екеуі біраз
күлісіп алды. Алғашқыдағыдай емес бойы үйрене
бастады. Жылы жүзді, мінезі ашық-жарқын екен.Екеуі әрі
қарай еркін әңгімелесіп кетті. Содан бері кездесіп тұрады.
Өмір деген қызық екен-ау. Кеше ғана ауылдан келген,
шала-пұла орысша білетін ұяң бала еді, әйтеуір оқуды
аман-есен бітіріп, ауылға қайтсам болды деп ойлайтын.
Жүрер жолы бұрылыссыз, оқтай түзу сияқты болатын.
Маусыммен танысуы – сол жолдағы үлкен өзгеріс еді.
... Көзі тағы да мыс қаңылтырдағы қыз бейнесіне түсіп
59
кетті. Ай сәулесіне шомылып жалт-жұлт етеді. Бөлме іші
нұрға бөленгендей.
Шырақ ұстаған қызды Маусымға ұқсатты.
Қолына шырақ ұстап келе жатқан маусым. Сол күйі
жан дүниесіне еніп кеткен. Бұрын кеудесін кештің меңіреу
тыныштығы, күңгірт қараңғылығы баурап алғандай
болып тұратын үнемі. Сол қараңғылық сейіліп, кеудесінде
бір шырақ алау шашып тұрғандай. Жанын бір ән сазы
тербегендей.
ЫМЫРТ
Әңгіме
Жетпісбайдың жасы биыл алпысқа толып зейнеткерлікке
шықты. Жай қарапайым қатардағы жұмысшы болса да
абыройсыз емес екен. Кеңшардың ұжымы, басшылары,
бірге істеген дос-жолдастары ат мінгізіп, шапан жауып,
зор құрмет көрсетті. Шынында да, табан ет маңдай теріңді
аямай адал еңбек етсең, еленбей қалмайды екенсің. Оған
осы жолы көзі жетті де әрі қуанды әрі шаттанды. Расында
да, ешуақытта қиындықтан қашып көрген емес. Басшылар
қандай жұмыс тапсырса да тыңғылықты, тиянақты
етіп орындайтын. Еңбегі үшін алған мақтау қағаздары,
алғыс хаттары, заттай сыйлықтары өз алдына бір төбе.
Аудан басшылары үш дөңгелекті «Урал» мотоциклін де,
жеңіл «Жигули» мәшинесін де мінгізді әр кезде. Бұдан
асқан қандай сый-құрмет керек. Шал дейтіндей әзірге
қарайтып тұрған жері жоқ. Әлі тың, бойында бір адамға
күш-қайраты бар. Кемпірі атын атамайтын болған соң:
Отағасы-ау, отағасы – дейді екі сөзінің бірінде. Тумысынан
қол қусырып бос отырғанды жек көретін. Үйдегі шаруа
60
да бастан асады. Ерте көктемнен үй іргесіндегі он соттық
жерді трактормен жыртқызып бақша егеді. Қауын-қарбыз,
картоп, қияр, қызанақ, сәбіз дегендей. Бұрын кеңшарда
арпа, бидай, жүгері өсірумен айналысқан . Енді көкөністі
баптап өсіруді үйренуіне тура келді. Асып бара жатқан
қиындығы жоқ екен. Әйтеуір, қауын-қарбызы елдің
алдымен ерте пісіп жатады. Таң алагеуімнен, кешкі күн
батқанша Жетпісбайдың иығынан кетпені түспейді.
Суғарады, арам шөбін отайды, шабықтан өткізеді.
Қысқасы, ала жаздай тыным жоқ. Бақшамен қоса қорада
жиырма-отыз тұяқ ұсақ мал мен үш-төрт ірі қара тағы
бар. Оның да шаруасы аз емес. Жаз бойы жоңышқа
орып жантақ шабады, сабан жинайды. Ұл-қыздары да
еңбекке жастайынан үйренген. Кемпірі екеуі ештеңелерін
аямай барлығын оқытты. Екі-үшеуі университет, инстөт
бітірді. Қалғандары техникум бітірді. Бәрі үйлі–баранды
қызметте. Бірақ, үйге келсе қызметкермін деп шіреніп
тұрмай қайсысы болса да үй шаруасына айтқызбай-ақ
араласып кетеді. «Осы біздің үйдің шаруасына шындап
келгенде отыз кісі де аздық етеді», – деп күледі кейде
Жетпісбай. «Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» –
демекші, құдайға шүкір тұрмыстары жаман емес. Елдің
алды болмаса да, көштен қалып көрген жайық. Құдай
берген оншақты ұл-қызды осы тынымсыз еңбектің,
қам-қарекеттің арқасында оқытты, тоқытты. Жетпісбай
отыздан аса намазға жығылған. Отыз күн оразасын да
үзген емес. Бес уақыт намазын оқып, осы тіршілігіне
шүкіршілік қылатын. Кемпірімен отасқанына да қырық
жылдың жүзі болып қалыпты. Өтірік айтып не керек, осы
күнге дейін әй-шәй десіп көрмепті. Кемпірі келін жұмсап
отырса да, ене екенмін деп шалқаймай әлі келгенше
тырбаңдап кей-кейде үй ішінің тірлігіне кірісіп те кетеді.
Әй-й, заман-ай! Үйленгендері де қызық, әкесі ертерек
кеткен соң, Жетпісбай шешенің қолына қарап қалған.
61
Жалғыз болған соң анасы қанаттыға қақтырмай тұм-
сықтыға шоқтырмай дегендей аялап, әлпештеді. Өзі
ұяң, бұйығылау болып өсті. Қатарластарымен ашылып
онша араласа бермейтіні – құдай берген мінез шығар.
Ауылдағы той-томалаққа шешесі қоярда-қоймай
сүйрелегендей ғып ертіп барады. «Қашанғы соқа басың
сопиып жалғыз жүре бересің. Қыз-қырқынға көз салатын
жасқа келдің ғой. Ертерек қолымды ұзартпаймысың»,
– деп кеиді. Табиғатынан момын. Қыздарға сөйлемек
түгілі жақындауға батылы бармайды. «Қой, мына
жүрісімен бұ неменің қырыққа дейін жүретін түрі бар
ғой», – деп шешесі қалыңдықты өзі іздеуге кірісті. Көп
ұзамай тапты да. «Сізге ұнаса бопты», – деп Жетпісбай
ойланып толғанбастан ешқандай ырғалу-жырғалусыз
бір-ақ күнде үйленген. Қалындығы денесі шағын келген,
көздері дөңгелектенген қара торы қыз екен. Ұнағандай
болды. Ұнату, күю, сүю сияқты нәрселерді бастан кешпек
түгілі, ойына алып көрмепті. Мұның бәрі ертегі-жыр,
аңыз-әңгімедерде ғана болады ғой деп ұғатын. Балалы-
шағалы болған соң араларында әдемі сыйластық, шынайы
түсіністік, жылы ықылас пайда болған. Бірін-бірі өліп-
өшіп, күйіп-жанып жақсы көрмесе де, тату-тәтті ғұмыр
кешіп келеді. Осы күні кемпірінің бар ықылас-пейілі
балаларына, немерелеріне ауған. Қашан көрсең оны бәрі
ортаға алып қаумалап жатқаны. Осындайда Жетпісбай
олардың сыртынан қарап біртүрлі жалғызсырап қалады.
Мейлі ғой, балалар да, немерелері де бөтен емес, өзінікі.
Бұл көңіл дегенді қойсаңшы! Осындай ықылас-ниетті
өзі де аңсайды пенде болған соң. Кемпірінің бұған құлақ
қоятын шамасы жоқ. Мұның бары-жоғы бәрібір сияқты.
Енді бірдеңе сұрауға оңтала берсе болды: «Қоя тұршы»,
– деп бетінен қаққандай болады. Ондайда жаны құлазып
сала береді, ешкімге керегі жоқ сияқты. Иманды жанның
мұндай ойларға берілуі күпірлік шығар. Әйтсе де бұл
62
да жұмыр басты пенде емес пе. Бірауық жақын деген
адамдармен әңгімелескісі, шүйіркелескісі, ой бөліскісі
келеді. Сақал-шашына ақ кіргенде осындай ойларға
барып қалатынына өзі де аң-таң. Бұл адам дегенді түсіну –
қиынның-қиыны екен ғой. Пенденің көңіл қалтарысында,
жүрек тереңінде не жататын пенденің өзіне ғана аян нәрсе.
Дана Абай да «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір
жұмбақ адаммын оны да ойла», – деп бекер айтпаса керек.
Бұл өмірге неге келдің, не бітірдің, не із қалдырасың,
нені сүйесің, нені қимайсың деген сықылды ойлар
мазаламайтын жан жоқ шығар жер бетінде. Жетпісбай анау
айтқан үлкен оқу оқымаса да, көзі ашық, көкірегі ояу жан.
Жасы келгендіктен бе, көбірек ойға берілетін болып жүр.
Бала кезде онша ойынқұмар болмады. Кішкене кезінен
ертелі-кеш шал-кемпірдің әңгімесін тыңдап дағдыланған.
Қаршадайынан көкірегіне көп нәрсе тоқып өсті. Естігенін
құр тыңдап қана қоймай ар жағына ақыл жүгіртіп өзінше
байлам,түйін жасайтын. Әсіресе, кейінгі кездері ер адам
мен әйел арасындағы сүйіспеншілік, махаббат жайы
көкейінде көп сауал тудырып жүр. Алғаш үйленгенде
жары ыстық ықылас танытып ынтығып тұрушы еді. Бара-
бара сол сезім отының ошағы өшіп қалмаса да баяғы
қызу, баяғы жалын, баяғы жылу жоқ. Кемпірін қалыңдық
кезінде алғаш көргеннен-ақ бірден ұнатып сүйіп қалдым
десе онысы әбестік болар. Қатарынан қалмай үйлену, бала
сүю керек болды. Тұрмыстың баяғыдан қалыптасқан заңы.
Келе-келе үйренісіп бір-біріне көндіккен. Алғашында
жастық жалын, ыстық сезім лап ете түскенмен жылдар
өте келе одан болар-болмас ұшқын ғана қалған. Оның
өзі де әупіріммен сөне жаздап әрең жүр. Қарбалас
тірлік үстінде бала-шаға қамы деп жүргенде бір-бірінің
жан дүниесіне үңіліп сүйіспеншілік, махаббат туралы
ойланып көруге мұршалары да болмапты-ау, енді ойлап
қараса. Жетпісбайдың көзі бір ғана нәрсеге анық жетті.
63
Ер адам мен әйелдің арасындағы жай жұбайлық қарым-
қатынастан да жоғары, биік, ұлы, асқақ құдіретті, күшті
сезімнің бар екендігі. Олай болмаса, Қыз Жібек пен
Төлегенді, Қозы мен Баянды, Ләйлі мен Мәжнүнді қайда
қоясың. Олардың есімдерінің ғасырлардан ғасырларға
аты өшпей, ел аузында сақталып келе жатқандығы жайдан
жай емес қой. «Жас болса келді, ондайды бастан кешіріп
көрмепті. Бәлкім, ол кез-келгеннің басына қона бермейтін
бақыт шығар», – деп Жетпісбай оған аса қинала қоймаған.
Мүмкін, қалған ғұмыры да сол ескі сүрлеумен, ескі
сарынмен өте берген болар ма еді, бәрі аяқ астынан түс
көргендей болды ғой. Құдай-ау, бәрі неден басталып еді?!
– Е,-е, әлгі, Алматыда оқитын ортаншы қыздың
Көкшетау жағына тұрмысқа шыққан кезінен ғой.Алдында
шешесі қаншама рет айтты: «Шықсаң, мынау жақын
жердегі Жамбылға не Шымкентке шық, Павлодар мен
Петрпаулыңды ауызға ала гөрме» деп. Құдай аузына
салды ма екен, сол қыз сүйген жігітімен қолтықтасып
Көкшетаудан бір-ақ шығыпты. Бұйрық қой, оған не
істейсің. «Қыз – жат жұрттық» деген осы.Өткенде
Алматыда үйлену тойын жасаған. Бұлар жасауын, оны-
мұнысын алып барған. Құдалары өздері сияқты ет пен
сүйектен жаралған қарапайым жандар екен. Той үлкен
ресторанда өтті. У-шу, абыр-сабырда естерінде құда мен
құдағи ғана қалыпты. Басқалары.жадында сақталмапты.
Апыр-ай, уақыт неткен жылдам, тез. Араға алты ай салып,
сол қызы күйеу бала екеуі ауылға қыдырып келе жатқан
көрінеді. «Екеуін жалғыздан-жалғыз жібергеніміз ұят
болар» – деп үлкен құдашаны қосып жіберіпті. «Келгенше
қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дегендей, абыр-
сабыр дайындық басталды. Қонақтарды кіші ұл вокзалдан
жеңіл машинасымен барып өзі күтіп алды. Қызы көзінен
жас шығарып: «Көке» – деп мойнына асыла кетті.
Өзінің де көңілі босап қоя берді. Одан күйеу баламен
64
амандасты. Оның ар жағында тұрған күйеу баланың
апайы – құдаша сол болар деп түйген. Отыздарға жетіп
қалған келіншек күлімсіреп: – Аға, амансыз ба», – деп
қол алысып амандасты. Алақаны мамықтай жұмсақ, әрі
нәзік, әрі ыстық екен. Күс-күс алақандарымен осындай
қолды ұстағанына өзі де ұялып кетті. Жүзі ақша қардай
аппақ.Бота көздері қарақаттай мөлдіреп тұр. Құдды бір
ертегі-жырларда айтылатын ай десе аузы бар, күн десе
көзі бар арудың нақ өзі. Бірақ, неге екенін жанарында
мұң бар сияқты. Жетпісбай «Әйелдің де осындай сұлуы
болады екен-ау», – деп ойлады да сол ойынан қысылып
қалды. Құдашаның жүзіне қайта көз салып еді, көзіне
көзі ұшырасып қалғанда тұла бойын алапат бір отты
жалын шарпып өткендей естен тана жаздады.Онысын
ешкімге сездірмейін деген кісідей қызараңдап, қысылып
сасқанынан:
– Үйге кірсеңдерші, үйге... – деп өзі сырт айналып
кетті. Әлден уақытқа дейін жүрегі дүрсілдеп, қаны басына
теуіп өз-өзіне әрең дегенде келді, Ұлына құдалары арнап
қойған қойды сойғызды. Қызы үй-ішін сағынған ба,
қайта-қайта үйге бір кіріп, бір шығып мауқын баса алмай
жүр. Өзі болса мал қора жаққа барып: «Құдай-ау маған не
болды»?!, – деп алақанымен екі бетін ұстап еді, дуылдап
тұр екен. Қызуы көтеріліп кеткен сияқты, бірақ еш жері
ауырмайды. Жаңа ғана жан дүниесін жайпап өткен
алапат дауылдан кейін қатты қиналып қара терге түскен.
«Ел аман, жұрт тынышта маған не болды», – деп өзіне-
өзі аң-таң қалған. Кең ауланың ішін кезіп жүр бірдеңе
іздеген кісідей. Бірақ не іздеп жүргенін өзі де білмейді.
Ойы мүлдем басқа жақта. Ес-түсінен айырылған кісідей
әрлі-берлі сенделумен болды. «Әке, болсаңызшы» – деген
кенже ұлының даусынан селк ете түсті де, ес жиды. Екі
айдан бері байлап отырған қойы семіз шықты. Жетпісбай
сойылған қойдың етін мүше-мүшеге бөліп, осып дайындап
65
берді. Әлі сыртта жүр, үйге кіруге жүрегі дауаламайды.
«Бала-шағаның үстіне кіріп ұялтпай-ақ қояйын, өздері
емін-еркін отырсын», – деп ойлаған. Жуынып-шайынып үй
алдында өскен үлкен қарағаштың түбіндегі сәкіге отырып
ентігін басты. О, тоба-ай! Бағана не болды осы?! Көзіне
не көрінді, соншалықты аласапыран күй кешетіндей. Бір
белгісіз сезім құйындай ұйтқып жан дүниесінің астан-
кестеңін шығарды ғой. Е-е, енді есіне түсті. Құдашаның
көзіне көзі түсіп кеткенде басталған-ды бәрі. Бұл өмірде
соншалықты сұлу жан болады-ау деп ойламапты да.
Сонау бала кезде көп оқыған ертегі, жырдың ішінен
шыға келгендей әдемі, кербез, сұлу, көркем жан екен-ау
құдаша. Ұят-ай, есімін де білмейді тым болмаса. Жөндеп
таныспапты да ғой. Көңілінде қуаныш та бар, қорқыныш
та бар. Қылмыс істеп қойған кісідей өз-өзінен қуыстанып,
өз-өзінен сезіктенді. Қуанатыны – өмірінде құлақ естіп,
көз көрмеген ғаламат, ғажайып, керемет сұлулықты көрді,
көрмеген жақсылығын көргендей, таппай жүрген бақытына
кезіккендей. Жан сарайы Наурыздың аспанындай шайдай
ашылып, шұғылалы шуаққа шомылып нұрланып сала
берді. Ғұмырында мұндай қуанышқа кенеліп көрмеген.
Көңілі асып-тасып қос қолтығына қос қанат біткендей
аяғы жерге бірде тисе, бірде тимейді. Бұл не нәрсе өзі, әлі
толық түсініп, ұғып болар емес. Бірақ, әйтеуір жақсылық,
ізгілік екені даусыз. Ойлана-ойлана: «Бұл не сонда,
махаббат па», – деп өз ойынан өзі шошып кетті. Апыр-
ай, алпыстан асқанда алжасқаным ба бұл. Тым ұят, ерсі
нәрсе ғой. Бала-шаға, ел-жұрт, білсе масқара болғаным»,
– ғой деп өзін-өзі жазғырды. Әрине, жан баласына тіс
жарып ештеңе айтпаса да, мынадай қуаныш жүрекке, тар
кеудеге қалай сыяды. Осылай өрттей қаулаған, қаумалаған
ойлар жан-жақтан андыздап ортаға алғанда жанын
қоярға жер таппайды. Ертең біреу-міреу бірдеңе біліп
сезіп қалса, досқа күлкі, дұшпанға таба болады-ау. «Ата
66
сақалың аузыңа түскенде мұның не, алжыған қақпас», –
деп кемпірі шығар бір жағынан. Бұл сырым өле-өлгенше
өзіммен бірге о дүниеге кететін болады ғой деп шешкен
Жетпісбай. Бұл ауылдың әдеті – бір үйге алыстан біреу
ат басын тіресе болды, шақыру – шақырусыз сол үйге
жинала бастайды. Оны ешкім ерсі көрмейді, соған әбден
еттері үйренген. Кешқұрым көрші-қолаңдар: «Қыздарың,
күйеу балаларың келіп көзайым болып жатыр екенсіздер.
Айтпақшы, құдаша да келген екен», – деп үйге бас сұққан.
Күйеу баланы, құдашаны бір-біріне көрсетіп көрімдік
сұрасып, әзілдесіп, қалжыңдасып жатты. Әзіл-қалжыңның
аяғы танысып-білісуге ұласып қызды-қыздымен ән мен
биге айналып кете барды. Осы ауылдың әншісі атанған
Қаламқас деген келіншек ауылдың алты аузын шырқап
қоя берді. «Ойбай-ау, әнді өзіміз айта береміз бе, құдащаға
да кезек берелік», – десті бір кез көпшілік дуылдасып.
– Е-е, бәсе, бәсе. Сөйтсеңдер сөйтсеңдерші, – деп
үлкендер жағы қостай жөнелді.
– Қане, әнді енді Торғын айтсын. Көкшетау ән мен
күйдің ордасы. Ақан сері мен Біржан салдың елі ғой.
Құдаша да қаражаяу болмаса керек, – деп шуылдасқан көп
әрең басылды. Жетпісбай: «Қап, әттеген-ай, азаннан бері
жүріп құдашаның аты-жөнін дұрыстап сұрап алмаппын
да ғой», – деп іштей ыңғайсызданды.
Торғын десе торғындай, үлбіреген нәзік, періштедей
жан екен. Жұрттың көзі өзіне түскеніне сәл қысылыңқырап
қалды да:
– Асып бара жатқан әншілігім де жоқ еді. Жарайды,
қолқа салған екенсіздер, – деп Сәкеннің атақты
«Көкшетауын» шырқай жөнелді. Даусы әуезді де назды
екен. Жұрт дән риза болды. Жетпісбайдың да ән мен
күйден аз-кем хабары бар еді. Анда-санда көңіл күйі
келгенде қара домбырасын қолына алып бірауық шертіп
қоятыны бар-ды. Қоңыр даусына салып біраз әннің басын
67
қайыратын. Ел соны білмейді дейсің бе, әрине біледі.
Білгеннен соң да жұрттың ән айт деп Торғыннан соң өзіне
жабысқаны. Көрші-қолаң: «Жәке-ау, өзіңнің де әу дейтінің
бар еді ғой. Қызың, күйеу балаң, құдашаң келгенде қарап
қалғаның болмас», – деп кеу-кеулей жөнелді.
– Қойсаңдаршы, біздікі қай әншілік, жәй ауыл арасының
әгугайы да, – деп ат-тонын ала қашқан. Торғын құдаша да:
– Аға, айтсаңызшы, – деп қиылып қоймады.
– Қап, болмадыңдар, ғой, – деп Жетпісбай еріксіз қара
домбырасының құлақ күйін біраз келтіріп отырды да,
«Бір келіншекті» бастап кетті. Басында сәл кібіртіктеп
еді, қайырмасына келгенде даусы ашылып ән өз арнасына
түскендей болды. Ән салып отырып Торғын жаққа көз
қиығы түсіп кетіп еді, ол бар ынта-шынтасымен селт
етпей тыңдап отыр екен. Жанарында сүйсіну, ризашылық
басым. Екінші қайырғанда өзіне-өзі қайран қалды. Онан
сайын тынысы кеңейіп, әнді зор шабытпен, іңкәрлікпен
шырқады. Әнді сирек айтсаң ән сені, сен әнді жатырқап
қаласың. Шіркін, халық әндерінің құдіретін-ай! Тек
қана әннің ғана ғұмыры мәңгілік екен-ау, уақыт та, жел
де, күн де, жаңбыр да оның алдында қауқарсыз. Асыл ән
халықпен бірге мәңгі жасайды. Жетпісбай бұл әнді бұрын
да айтатын. Бірақ, дәл бүгінгідей шырқап көрмеген.
Көпшілік те «Жарайсың Жәке», – десті. – Аға, сізге
рахмет. Әнді жақсы айттыңыз, – деді Торғын сүйсінгенін
жасыра алмай. – Қайдағы әншілік, біздікі жай ермек
қой, – деп қызараңдаған ол орнынан тұрып: – Ал, енді
отырыстарыңды өздерің жалғастыра беріңдер, – деді
Жетпісбай.
Ән айтамын деп қысылғаннан маңдайынан бұршақ-
бұршақ тер шығып, қысылып кетті. Кешкі ауа салқын екен.
Майда самал есіп тұр. Жаны жадырап рахаттанып қалды.
Кемпірі сыртта жүр екен: – Шал-ау, қартайғанда да бала-
шағаның ортасында барқырап ән айтқаныңа жол болсын,
68
ұят емес пе, өзің осы бір-екі күннің ішінде біртүрлі болып
кеттің ғой, – деді сұраулы жүзбен астарлай сөйлеп.
Кемпірінің әйтеуір Жетпісбай бір іс бастаса не бірдеңе
жасаса сөйлеп қалатын әдеті бар. Жаңағы әннен соң да
бірдеңе айтарын өзі де білген.
– Біртүрлі болып кеткенім қайсы?! Екі қолым, екі
аяғым бар, баяғы Жетпісбаймын ғой, әлде өзгердім бе.
Сен өзі ән дегенің не екенін білемісің, – деп ашуланған
күйі қолын бір-ақ сілтеп жүре берді.
– Уа, ақсақал, басыл, басыл. Саған сөйлеуге болмай
ма сонда, қызыңнан келген қонақтардан ұят болар, – деді
кемпірі өзінің артық кеткенін сезгендей.
– Енді өздерің ғой! Қарап жүрген адамға соқтыққан.
Ән айтсам не бопты. Жұрт өздері қолпаштап болмады
ғой, – деп Жетпісбай да ақталған болды.
Бұл әйел баласы деген, сезімтал қырағы ғой. Еркектің
көңіліндегі сәл-пәл өзгерісті тез аңғарады. Өтірік айта
алмайсың. Құдашаға әйел баласы ретінде қарап сүйсініп
еді. Соны сезіп қалғаны ма, әйтеуір кемпірінің сөзі де, көзі
де өзгеріп қалыпты.
– Құдашамыз әрі көрікті, әрі сұлу екен. Тұрмысқа
шыққан келіншек болса да, мына біздің ауылдың
еркектерінің аузының суы құрыды ғой, – деді сөзді
басқадарға арнап айтса да Жетпісбайға сынай қарап.
– ... Әй, сен де не болса соны айтады екенсің. Қойшы
өзің де, сөзің де бар болсын, – деді ол. «Ой, мына кемпірдің
пәлесін-ай. Білмейтіні жер астында мұның. Жанды
жерінен басуын қара өзінің», – деп Жетпісбай аң-таң.
Екі-үш күннен кейін, қыз бен күйеу бала, құдаша
қайтатын болды. Пойыз түнде жүреді екен. Ұлы
машинамен апарып салады.
– Күн қараңғыланып кетті. Серік боп өзің де барсаңшы,
– деп кемпірі қоймаған соң шығарып салуға Жетпісбай да
кетті. Құдашаның мінезі ашық-жарқын екен. «Қолдарыңыз
69
тисе, Көкшетауға қыдырып келіңіздер», – деп жатыр.
Өткен жолы құдашаға сонша сұқтана қарағанынан ұялып
жүр еді, өзі сөзге тартқан соң:
– Құдаша-ау, күйеу баланы да ерте келгенің де дұрыс
болар еді. Енді жалғыз келме, әйтпесе біздің ауылдың
жігіттері өзіңізді ұрлап алып қашып кетер, – деп әзілдеп
қойды.
– Ой, аға, сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Жігіттер
қызығатындай жас бойжеткен емеспін ғой. Күйеу баланың
мінезі қиындау. Бір келетін болды, бір келмейтін болды.
Әйтеуір реті келмеді,– деді сөзін салқындау аяқтап.
Пойыз уақтылы келді. Жетпісбай әуелі қызын сонан
соң күйеу баласын құшағына қысып беттерінен сүйіп
қоштасты.
– Ал, айналайын алтын құдаша аман боп тұр, – деп
құдашаның қолын қос алақанына қысып қоштаспақ
болып еді, ол бетін тоса берді Жетпісбай бетін оның бетіне
амалсыз тигізіп еді, беті мамықтай жұмсақ екен.
– Аға, аман боп тұрыңыз. Бәріңізге сый-кұрметтеріңіз
үшін үлкен рахмет. Әніңізді де, өзіңізді де сағынатын
болдық, – деді ол наздана қоштасып.
– Амандық болса көрісерміз. Жақсы, айналайын,
жолдарың болсын, – деді Жетпісбай қоштасып жатып.
Құдашаға айтары көп еді, бірақ ештеңе айта алмады.
Қалай айтады, ұят қой. Құдаша салған ән құлақтан кіріп,
бойын алып, жүрегіне ұялап қалған. Поезд жүріп барады.
Құдаша маржан тістері жарқырап күлімдеп қол бұлғайды.
Жетпісбайдың жүрек тұсы сыздап қоя берді, осы пойыз
жүрегінің жартысын алып кетіп бара жатқандай. «Қандай
сұлу, көңілің таза жан едің. Қайда жүрсең де аман-есен,
бақытты болшы, айналайын», – деп іштей қайталай берді.
Құдашаның қасын, көзін, жүзін көз алдына елестете берді.
Пойыздың соңғы вагоны көз ұшынан ғайып болғанда,
көздері суланып қоя берді.Торғынды енді көре ме, жоқ
70
көрмей ме. Ғашық болып қалғаныма құдай-ау. Өз ойынан
өзі үркіді. Кеудесін қимастық, сағыныш сезімі кернеді.
Япырай, қазір ғана шығарып салған жоқ па. Ал, мынау не
нәрсе өзі. Өмірінде ешкімді дәл бұлай күйіп-жанып, сүйіп
көрмеген екен. Күю, сүю, махаббат дегенің осы ма еді.
Біресе қуанды, біресе қорықты. Қойшы, бәрін ұмытайын,
басымды несіне босқа қатырам десе де, жүрегі құрғыр
болмайды. Көз алдына Торғынның нұрлы бейнесі келе
береді. Барлық бітім-болмысы, бет-бейнесі, әр сөзі, күлгені
бәрі-бәрі санасында жатталып қалыпты. Жетпісбай
бозбаладай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Сау
басына сақина тілеп алған адамдай қиналды, азаптанды.
Бірақ сол қиналыстың, сол азаптың өзі бақытқа бергісіз
еді еді. Өмірде сүюден асқан қуаныш, ләззат, рахат жоқ
екен ғой.
Кемпірінің ойында дәнеңе жоқ. Тірлігі басынан асады.
Жетпісбайдың басындағы жайдан хабарсыз. Бірақ,
ерте ме, кеш пе бәрібір біледі ғой. Қырық жыл отасқан
қосағының жай-күйін айтпай-ақ сезіп ұғады. Шалының
бас-аяғына көз жүгіртіп: « – Е-е, бәтшағар боларың бопты
ғой», – деп бетін бір-ақ шымшыр. Жетпісбай жерден
кірерге тесік таппай тұрар. Әй, бірақ оған жеткізе қоймас
жанын берсе де.
Арада ек-үш айдай уақыт өтті. Жетпісбайдың жан
дүниесі аласапыран күй кешті. Ештеңеге зауқы жоқ, бойы
дел-сал. Шаруаға да, асқа да ықылассыз. Кемпірі байғұс
бәйек болып жүр:
– Ауырып қалған жоқпысың – деп бір о жағына, бір
бұ жағына шығып әбігерленді де қалды. Обалы, не керек
кемпірінің өзі дегенде шығарға жаны жоқ. Ықылас-ниеті,
қамқор көңілі шексіз. Жетпісбай:
– Еш жерім ауырмайды. Мазалай бермеңдерші, – деп
шыж-быж болады. Кемпірі, ұл-қыздары ештеңе түсінбей
әлек. Оның ұяттан өртене жаздап жүргенін қайдан білсін.
71
Құдайға шүкір, төрт құбыласы түгел, үйлі-баранды,
балалы-шағалы. Біраз дәулеті, қолында күш-құдіреті
бар, ешкімнен кем емес. Сонда да болса көңілі құлазып
бірдеңе жетіспей тұрғандай сияқтанады да тұрады.
Жүрек, көңіл құрғырға дауа бар ма, бір нәрсені іздейді,
аңсайды. Байқап қараса, осыған дейінгі өмірінде ауызға
ала қоярлықтай алабөтен өзгеріс, көңіліне үлкен ой салып
жан дүниесін қопара қозғаған ештеңе болмапты. Дағдылы
күнделікті күйбең тіршілік, бала-шаға, шаруа дегендей
бірінің артынан бірі тізбектеліп өтіп жатқан ешқандай
айырмашылығы жоқ ұқсас күндер. Жанын жегідей жеген
ой да жиі мазалайтын болды осы кейінгі кездері. Бұрын
уайым-қайғының не екенін білмейтін. Аһлап-уһлеп
күрсінеді. Кей-кезде не үшін екенін өзі де түсінбейді.
Дерт дейін десе, алып бара жатқан ештеңе жоқ. Ұйқысы
тыныш, тамағы сау. Сөйтсе де, көңілде бір алаң бар.
Бәрінің неден басталғанын ойлап-ойлап түбіне жеткендей
болды да, бірдеңе түсінгендей күй кешті. Түсінгені –
айтуға болмайтын ұят нәрсе. Масқара болды. Әнеукүні
қызы, күйеу баласы, құдашасы келіп кеткеннен кейін
басталды ғой бәрі. Абайсызда құдашамен көздері түйісіп
қалған. Құдай-ай, өзіне де обал жоқ. Көзіне қарап несі бар
еді, тыныш отырмай. Онымен жарысып ән айтқаны несін
алған. Сонда-ақ қақпанға түсіп, сезім құрығына ілінген
екен. Бәсе-е, Торғын құдаша есіне түсе береді қайта-
қайта. Екі-үш рет түсіне де кірді. «Торғын, Торғын», –
деп дауыстап шошып оянды. Абырой болғанда, жанында
кемпірі болмай қалды. Әйтпесе, таза масқара болатын
еді. Бірдеңе шаруа істейін десе, Торғын есіне түссе болды
ойы сан-саққа бөлінеді, жанын қоярға жер таппай кетеді.
Кейінгі кездері ұмытшақтық деген әдет жабысты. Біресе
айырды, біресе күректі жоқтап «қайдалап» жүргені.
– Не болды саған. Бәрі өзің қойған жерде тұрған жоқ
па, – деп кемпірі зекиді.
72
Кешкісін қолына қара домбырасын алып, бірде
жаяулатып, бірде баяулатып біраз әннің басын қайырады.
Торғындай қимасын, қымбатын аңсап кеудесін сағыныш
кернейді. Тәтті қиялға беріліп үміт жетегіне ерген күйі
төбеге тесіле қарап терең ой құшағына батады. Оның
үстіне жас келген сайын адамның денсаулығы да сыр беріп,
әлдене жабыса береді емес пе. Біресе ана жері, біресе
мына жері ауырып маза бермейді. Сол тән азабына жан
азабы қосылып, қинаған үстіне қинай түседі. Торғынды
кездестірмесе, көрмесе сол баяғы моп-момақан қоңыр
тірліктің жетегінде жүре берген болар еді. Ойламайын
деген сайын ойлай береді, ұмытайын деген сайын есіне түсе
береді. Кеудесінде Торғынға деген махаббат сезімі қайта
күнбе-күн үдеп барады. Апыр-ай, не істесе екен, бойын
билеген ала құйын сезімдермен алыса-алыса шаршады.
Көрмей, жолықпай кетсе ұмытылар ма еді. Қайдан, араға
жыл аралатып олар үш-төрт рет келіп кетті. Оның ойында
ештеңе жоқ қой, Жетпісбайдың жайынан мүлде хабарсыз.
Кінәлап жазғыратын жөні бар ма. Қазақтың қазақ болғалы
барыс-келісі, алыс-берісі біткен бе. Той-томалақ болған
соң құда-құдағиларды шақырасың. Торғынды көрген
сайын көңілі бұзылып сала береді. Әзірге тіл қатып, сыр
білдірген емес. Көрген сайын шексіз бақытқа бөленеді.
Торғынның өзі де әр кездескен сайын: « – Аға, қалайсыз?»
– деп жанын мейірім мен шуағы мол қап-қара көздерінің
сәулесіне шомылдырып, жүрегіндегі аласұрған ыстық
сезімдердің отына май құя түскендей болады.
Анау бір жылы құдалары қоярда қоймай Көкшетауға
қонаққа шақырған. Кемпірі ұзақ жол жүргенді көтере
алмайды. Қанша үгіттесе де, алыссынып бармай қалды.
Бірақ, құдаларға арнап мол сый-сияпат сәлемдеме жасап
дайындап берді. Жетпісбай бір-екі ағайынын ертіп жолға
шыққан. Екі күн дегенде пойызбен әрең жеткен. Қартайған
адамға ұзақ жол оңай тие ме. Жасы да жетпіске таяп қалды.
73
Көзден де қалып барады. Құдалар өкпелейтін болған соң
амалсыз жолға шыққан. Олар құшақ жая қарсы алды.
Әсіресе, қызы қатты қуанды. «Келгендеріңіз өтірік пе, рас
па», – деп есі шығып жүр. Анасының келмегеніне онша
ренжіген жоқ, ұзақ жолды көтере алмайтынын біледі ғой.
Ата-ананы, туған үйді, бірге өскен бауырларды қыздай
жақсы көретін, қыздай сағынатын, қыздай бауырмал,
қыздай мейірбан, қыздай қамқор кім бар бұл өмірде?! Біз,
еркектер ата-ананың, туған үйдің, бауырлардың қадіріне
қыздай жете бермейміз ғой, жасыратын несі бар. Жетпісбай
да қызын онша сағынбаған сияқты еді, бірақ көрген сәтте
көзінен шыққан жасты ірки алмай қалды. Қанша дегенмен
де қыз болса да бауыр еті емес пе. Қаумалап күтіп алған
топтың арасынан көзімен Торғынды да іздеген. Көрді,
жүзі бұл-бұл жайнап, жұмсақ қана жымиып шетте тұр
екен. Ең жақын, ең ыстық, ең қымбат танысын көргендей
қуанып кетті. Өзі де үлкендерге жақындап кеп:
– Аға, қалайсыз. Ат-көлік аман жеттіңіздер ме, – деп
қолын ұсынды.
– Амансыңдар ма, жақсы жеттік, – деп Жетпісбай оның
қолын біраз ұстап тұрды, ол да тартып ала қоймады.
– Сіздер де біз жаққа ат ізін салады екенсіздер ғой,
– деді қуанышын жасыра алмай. Келгендеріңіз жақсы
болды. Атақты Бурабайды, Оқжетпесті, Жұмбақтасты
көресіздер...
Ертеңіне Торғын өзі бастап келген қонақтарына жер
аралатты. Жер шоқтығы, жер жәннаты десе де болғандай
екен Көкшетауды, жер де осындай сұлу, керемет, көрікті
болады екен-ау. Айнала-төңірек сыңсыған орман, басына
бұлт қонақтаған найза шыңдар, айдыншалқар көлдер.
Қарасаң, көз тойғысыз.
– Апыр-ай, бұл жақтың адамдары мен ән-жырлары
неге сұлу болады десем, өзен, көлге, орман, тауға тартып
сұлу болады екен ғой, – деп Жетпісбай Торғынға көз
74
қиығын тастап әзілдеп қойды. Торғынның жүзіне қызыл
жүгіріп, бұ сөздің кімге арналғанын түсінгендей болды.
Бірақ көңілі пәс, жүзі солғын, қабағында бір кірбің бар.
Бір реті келгенде:
– Қарағым, бір жерің ауырып жүрген жоқ па, көңілсізсің
ғой, – деді Жетпісбай шын жанашыр қабақ танытып.
– Дені-басым сау. Еш жерім ауырмайды. Себебін
кейінірек айтайын, – деді мұңайып.
– Торғынжан, кешіре гөр. Орынсыз болды-ау, – деп
Жетпісбай ақталып жатыр.
– Оқасы жоқ. Хал-күйімді сұрағаныңызға рахмет. Біз
бөтен адамдар емеспіз ғой, – деп күлімсіреді.Тағы бірде:
– Аға, мен бәрін көріп біліп, сезіп жүрмін. Бірнәрсені
жоғалтып іздеп жүрген жан сияқтанасыз. Жетпісбай:
«Іздегенім де, жоғым да аңсарым да, аңсағаным да сен»,
– дей жаздап барып өзін-өзі әрең тежеп қалды. Не деген
сезімтал, дәп ойының үстінен түсті.
– Торғынжан, іздеген, жоғалтқан ештеңем жоқ. Оны
қайдан көріп тұрсың, – деді ештеңе білмегенсіп.
– Аға, шыныңызды айтыңыз. Бірнәрсе айтуға
батылыңыз жетпей жүр ғой сіздің, – деп тікесіне көшті.
– Өткенде неге көңілсізсің дегенім бар еді ғой,
ұмытпасаң. Себебін кейін айтам деген болатынсың, – деді
Жетпісбай.
– Е-е, соны айтасыз ба. Өзім де айтқалы жүр едім.
Күйеуіммен біраз жыл отастық. Бірақ тірлігімізде береке
болмады. Күнде ұрыс-керіс, дау-жанжал. Не кінәм барын
білмеймін. Қанша шыдап бақсам да болмады. Сөйтсем,
жас біреуді тауып алған көрінеді. Сыныққа сылтау іздеп
жүрген екен, соған үйленіп кетті, – деп ол көзіне жас алып.
– Қой, қалқам, жылама. Мен бекер сұраған екенмін ғой
кешіре гөр, – деді Жетпісбай ыңғайсызданып.
– Аға, ғафу етіңіз. Мұңымды сізге шаққаным ұят болды-
ау, деді Торғын көзінен шыққан жасын сүртіп жатып.
75
– Күйеу бала ақылсыз екен. Сендей асыл жанның
қадіріне жетпеген.Бұл адам дегенді қойсаңшы, қолына
қонған бақыт құсын қайдағы бір тұрымтайға, күйкелтайға
айырбастай салады да соңынан бармағын шайнайды, –
деді Жетпісбай ашынып.
– Мен оны жанымдай сүйген едім. Тіпті өзімнен де
артық сүйдім. Опасыздық жасап бір күні өзге біреумен
кетіп қалды-ау деген ойыма да кірмепті. Оны өзімдей
көріп өзімдей сеніп жүрсем. Жанымды орны жазылмастай
етіп жаралады...
– Торғын, сен жүрегі кең, басқаларға ылғи жақсылық
тілеп тұратын ақкөңіл адал жансың. Сен бақытты боласың
да, бақытты болуға тиіссің, – деп ол басу айтты. Оны
қалай жұбатқысы келуді білмей әбден састы.
Ертеңіне Жетпісбайлар қайтуға жиналды. Құда-
құдағилар бір-бірін қимай ұзақ қоштасты. Жетпісбай
Торғыннан көзін алмай көп қарады. Енді қайтып көре ме,
көрмей ме – сол ғана жанға бататыны.
– Ал, құда-құдағилар аман болыңыздар. Сый-
құрметтеріңізге, ықылас-пейілдеріңізге үлкен рахмет.
Айналайын қарақтарым, сендер де аман-есен жүріңдер, –
деп әуелі Торғынның, онан соң қызы мен күйеу баланың
маңдайларынан сүйді
– Кім біледі, енді көрісеміз бе, көріспейміз бе. Артық-
ауыс кеткен жеріміз болса айыпқа бұйырмассыздар.
Жетпісбайдың бұл сөзі сол жерде тұрғандардың
көңілін босатты. Бірлі-жарым кісідер көздеріне жас
алысты. Торғын мен күйеу бала қоярда-қоймай вокзалға
бірге келді. Жол-жөнекей:
– Торғын қалқам, не болса соны ойлап босқа өзіңді-өзің
қажай берме. Жассың ғой, бар өмірің алда. Сары уайымға
батқаннан не пайда. Онан да қолдарың тисе ауылға келіп
қайтыңдар. Біруақ сапарға шығып сейіл-серуен құрған да
жақсы, – деді. Дәл осы сәтте тәңірі Жетпісбайға құдірет-
76
күш берсе ол осы бір жүзіктің көзінен өткендей алтын
асықтай келіншекке бар әлемнің бақытын сыйдар еді.
Әттең, қолдан келер қайран жоқ. Торғынның жабыққан
жанын жүректен шыққан жылы сөзбен ғана жұбатуға
жетеді шамасы. Торғын жас болса да ақылды жан екен.
Жетпісбайдың көзінен де, сөзінен де көп сырды айтқызбай-
ақ ұққан. Жүректен туындаған ынтызарлық, іңкәрлік
сезілмей қала ма. Баяғыда Жетпісбайдың ауылында
кездейсоқ абайсызда түйісіп қалған көздер күндер, айлар,
жылдар өте бірте-бірте бір-біріне үйренісіп, бірін-бірі
ұғысып, бірін-бірі іздейтін де болған. Көздер әлдеқашан-
ақ ештеңе айтпай-ақ сөйлесіп тілдесетін күйге жеткен.
Жүрекпен біліп жүрекпен сезген жандарға сөздің қажеті
қанша?!
Қоштасарда Жетпісбай осылардың шет-жағасын
сездірмек болған. Кім біледі, жас емес. Төрінен көрі
жақын. Жан сырын өзімен бірге ала кеткеннен гөрі осы
арада айтып қалса көп жеңілдеп қалатындай. Аһлап-уһлеп
әрлі-берлі қозғалақтай берді ретін таппай.
Торғын мұңая күлімсіреп:
– Аға, мен бәрін білемін ғой. Ештеңе айтпай-ақ қойыңыз.
Жан сырымды, жай-күйімді көзімнен, қас-қабағынан
ұғып, ылғи ниеттес, тілектес болып көңіліме демеу
боласыз. Сізге рахмет. Мені жақсы көріп қалғаныңызды
баяғыда-ақ сезгем. Түсінігі таяз басқа біреулерге бұл ерсі,
сөкет көрінуі мүмкін. Әйтсе де мен олай ойламаймын. Бұл
жақсы көруіңіз еркектің әйелді жай ғана ұнатып қалуынан
биіктеу, жоғарылау, тереңдеу нәрсе сияқты. Соған көзім
анық жетті. Сезімтал, жаны нәзік асыл жансыз ғой. Мен
сізді ешқашан ұмытпаймын. Ауырмай аман-сау жүріңіз, –
деп көзіне жас алып вагоннан тез түсіп кетті. Жетпісбай
ұяттан өртене жаздап отырған орнында отырып қалды.
Ойпырм-ай, әйел жаны не деген сезімтал, сұңғыла еді.
Бұл баяғыдан бері Торғын ештеңе білмейді деп жүрсе.
77
Түп ортасы болған. Поезд жүйткіп келеді. Әлден уақытқа
дейін оның көзі ілінбей қойды. Көкірек тұсы сыздай ма,
мазасыз күй кешті. Ауылға келген соң да сол күй, сол
көңіл жетегінде көп жүрді. Көзі де көруден қалып барады.
Басқа ескі сырқаттары да қозып жанына батады. Өлімнен
қорықпайды, асарын асады жасарын жасады. Қимайтыны
– тек Торғын ғана. Кеш көрді, ымыртта кезіктірді. Әйтсе
де сол азғантай сәттің өзін сыйлаған тағдырына бек риза.
Ауру деген алмай қоя ма. Қыс аяғы төсек тартып жатып
қалды. Алыс-жақындағы туған-туыс, құда-жекжаттары
көңілін сұрап келіп жатты. Жетпісбайды бір ғана тілек, бір
ғана арман – Торғынды тым болмаса бір рет көрсе екен.
Дертті болғаны туралы хабар қызына да жетсе керек. Бұл
оны білмейді. Не дейсің, Көкшетаудағы қызы келе жатқан
көрінеді Торғын құдаша екеуі. Мұны естігенде Жетпісбай
бар дертінен айығып кеткендей болды.
Қыстан шыға көктемге де ілінді-ау. Оған да шүкір.
Даладағы абыр-сабырды, жүріс-тұрысты естіп үйге
біреулердің кіргенін сезді көзі көрмесе де.
Дегбірсізденіп қасында отырған немере інісіне:
– Кім келді, кім? – деді.
– Көкшетаудағы қыздар-ау шамасы, – деді ол.
Жетпісбайдың жүрегі тулап кетті. Торғынды көзі көрмесе
де жақындағанын жүрегімен, көңілімен сезді.
– Аға, қалайсыз. Жақсымысыз, – деді даусы сыңғыр
етіп.
– Жақсымын, өздерің қалайсыңдар, – деп даусы
дірілдеп кетті.
Осы кез жер бетінде Жетпісбайдан бақытты жан жоқ
еді. Торғынды көрмей кететін болдым ғой деп ойлаған.
Енді өлімнен қорықпайды.
«Енді арманым жоқ, армансызбын. Рахмет саған. Сенің
барыңа ризамын», – деп күбірлей берді. Оны Торғыннан
басқа ешкім естімеді де, түсінбеді де.
78
Содан бір айға жетер-жетпесте Жетпісбай көз жұмды.
Жантәсілім етерде: «Торғын, Торғын қайдасың?! Ән
айтшы, ән,ән» – деп жатты. Көз алдында көк көйлек
Торғынның бейнесі. Орамалын бұлғап шақыра берді де
көк сағымға сіңіп жоқ болып кетті.
Байғұс кемпірі: «Мына жазған не деп сандырақтап
кетті өзі» дегендей иығын қиқаңдатты да қойды.
БОЛЫС АТА
Достарыңызбен бөлісу: |